Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Жанболат Аупбаев. Димаш ағаның дәрігері

24.06.2019 909

Жанболат Аупбаев. Димаш ағаның дәрігері

Қапал – патшалық. Ресей кезінде де, одан кейін де Жетісу өлкесіндегі ірі әрі іргелі елді мекен болған жер. Онда әр кездері П.Семенов Тянь-Шанский мен Ш.Уәлиханов сияқты ұлы ғалымдар болып, атақты Алаш қайраткерлері М.Тынышбаев пен Б.Сүлеев осында жұмыс істеген. Меценат Е.Маманов іскерлік жұмыстарын өрбітсе, ақын І.Жансүгіров іздері де сайрап жатыр мұнда. Аталмыш қаладағы осындай саяхатшылар ғалымдар, көзі ашық зиялылар қатарына сол кездегі оқыған-тоқығаны мол ақсүйек – Мүліковтер әулетін де қосуға болады. Олардың патша заманында қарағайдан қиын салған оны екі бөлмелі еңселі ағаш үйі қала ортасында қазірге дейін тұр. Сонда туып-өскен. Екі ұлдың бірі Ғафур Әминұлы Мүліковтың 90-жылдардың басына дейін Қапал арасан курортында дәрігер болып жұмыс істегенін айтады журналист ағамыз Жанат Елшібек. Ал осы текті әулеттің одан кейінгі екінші перзенті ше? Ол Димекең – Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың ұзақ жылдар бойы жеке дәрігері болған Ахат Әминұлы Мүліков болатын.

– Ахат Әминұлы, сіз Димекеңнің жеке дәрігері болғанға дейін қайда жұмыс істеген едіңіз?

- Алматы медицина институтын бітірген соң мен Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігіне қарайтын клиникалық және экспериментальді хирургия институтының анестезиология-реаниматология бөлімінде жұмыс істей бастадым. Кейіннен бұл қадамыма еш өкінген емеспін. Өйткені, нақ сонда мен хирургия институтына есімі берілген Александр Николаевич Сызганов, Владислав Сергеевич Сергеевский, өзімнің тікелей тәлімгерім әрі жетекшім болған Владлен Константинович Чернов сынды талантты дәрігер-хирургтарды танып-біліп, солармен қоян-қолтық араласып, жұмыс істеу бақытына ие болдым. Анестезиология-реаниматологияның алғашқы әліппесін мен жоғары кәсіби шебер әрі аса талантты анестезиолог-реаниматолог дәрігер, доцент Владимир Алексеевич Чи-буновскийден оқып үйрендім.

Институттағы жұмыс – қым-қуыт, жауапкершілігі мол, сонымен қатар күнбе-күн пациенттердің өмір мен өлім арасындағы арпалысын шешуге тура келетін жан беріп, жан алысқан аса ауыр да қиын жұмыс болатын. Біздің біліктілігімізге, бір демде шешім қабылдау қабілетімізге, көбінесе тосын шешім қабылдау мүмкіндігімізге, оның ішінде пациенттің одан арғы денсаулығы ғана емес, басым жағдайда тағдыры да байланысты еді.

Институттағы жұмысым менің болашақтағы қызметіме көп көмегін тигізген жақсы мектеп те болды. 13 күн бойы жасанды жолмен дем алдырылып, өте ауыр халде жатқан: “Бұл адам болмайды”, – деген диагноз қойылып, болжам жасалған бір сырқатты біздің өмірге қайта оралтуымыз маған назар аударылудың басты себебі болды ғой деп ойлаймын. Әрине, бүгінде қажет деп табылса, өкпені жасанды жолмен жұмыс істету әдісі қатарынан бірнеше ай бойы үзіліссіз қолданылады, бірақ ол уақытта бұл тәжірибе республика медицинасында тұңғыш рет іс жүзіне асырылған-тұғын.

Осы оқиғаның соңын ала бере А.Н.Сызғанов сырқаттанып, біздің бөлімшеге түскен кезде маған оның емдеуші дәрігері болуым сеніп тапсырылды. Хирургия институтында жұмыс істеген жылдарымды мен ет жүрегім елжірей отырып еске аламын. Егер Д.А.Қонаевтың емдеуші дәрігері болып ауыстырылмағанымда мен мүмкін осы уақытқа дейін сол институтта жұмыс істеген болар едім.

– Өкімет басшысы Д.А. Қонаевқа қызмет етуге қай жылдан бастап бекітілдіңіз? Таңдаудың сізге түсуі неге байланысты болды деп ойлайсыз?

– 1974 жылдың тамызында мені институт директоры А.Н.Сызғанов шақырып алып, кандидатурам республиканың бірінші басшысы Д.А. Қонаевтың жеке дәрігерлігіне ұсынылғанын айтты. А.Н. Сызғановты институт жетекшісі ғана емес, білгір маман ретінде және қарапайым адами қасиеттері үшін үлкен құрмет тұтатындықтан көрсетілген бұл сенім мені қатты толқытты. Сондықтан кейінгі кездергі жұмысымда оның өтініштерін – хирургия институтының кәсіби арына дақ түсірмеу жөніндегі ақыл-кеңестерін екі етпей орындауға тырыстым. Әрине, бұдан соңғы әңгімелесулерде маған емдеу сеніп тапсырылған адамның қаншалықты ерекшелігі барлығы, оның қаншалықты жауапкершілікті талап ететіндігі талай мәрте атап көрсетілді.

– Димаш Ахметұлының өзіңізге алғаш қабылдауға келген сәті есіңізде ме? Қашан? Қай уақытта? Ол жай медициналық-профилактикалық тексерілу ме еді, жоқ әлде...

– Болашақ пациентім Д.А.Қонаевпен алғашқы кездесуім 1974 жылдың 23 тамызында болған еді. Мен сырқатқа мүлдем ұқсамайтын, салмақты, өзіне сенімді, данагөй әрі өте сезімтал адамды көрдім. Сырқат сырымен (история болезни) танысып шыққаннан соң барып қана шұғыл түрде ем-дом белгілеудің қажеттігі туындағанын ұқтым.

- Мемлекет басшысына дәрігерлік бақылау жасаудың Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігіндегі Төртінші Бас басқарма бекіткен сол кездегі тәртібі қандай еді? Енді, міне, осыны айтып түсіндірсеңіз.

– Бұрынғы КСРО-ның бұрынғы барлық республикаларындағыдай, Қазақстанда да Үкімет мүшелерін және елдің еңбек сіңірген адамдарын емдеу үшін ұсталатын жеке басқарма – Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Төртінші Бас басқарма бар болатын. Бір жағынан бұл мекеме озық үлгідегі диагностикалық құралдармен және дәрі-дәрмекпен жақсы жабдықталатын, қуатты материалдық-техникалық базаға да ие еді, ал екінші жағынан біздердің біліктілігіміз бен тәжірибемізге аса жоғары талап қойылатын. Қателесуге құқымыз жоқ еді. Тәртіп те өте-мөте қатаң болатын.

– Кәдімгі адам, пенде ретінде Димекеңде бұрыннан келе жатқан сырқат (ревматизм, бас сақинасы) түрлері болды ма?

– Бәрінен бұрын ол “жұлдыздар ауруынан” ада еді. Адамгершілігі мол, демократияшыл, тұрпайылығы мен менмендігі жоқ болатын. Ал сырқатына келсек... кез келген ет пен сүйектен жаратылған пенде сияқты оның да басы ауырып, балтыры сыздайтын. Бір ғана айырмашылығы – Димекеңнің босаңсуға ешбір мүмкіндігі жоқ еді. Өйткені, ол әр кез назарда, жұрттың көз алдында болатын. Бұл ерекшелік маған да аса жоғары талап жүктейтін. Бірақ менің негізгі міндетім – оның әрқашанда өзін жақсы сезініп, қалыпты жүруіне көмектесуім болатын.

– Ал, қызмет бабында кейін пайда болған аурулары (миокард, гипертония) туралы не айта аласыз?

– Жұмысым жеңіл болды деуге аузым бармайды. Жеке дәрігер болып тағайындалуымның өзі Димекеңнің ауқымды миокард инфарктісін басынан өткеріп, денсаулығы енді-енді түзеліп келе жатқан кезеңмен тұспа-тұс келді. Бірақ Димаш Ахметұлының күн сайынғы таусылмайтын әрі қым-қуыт жұмысы жағдайды одан әрі күрделендіре түсті. Егер күнделікті өмірде миокард инфарктісін басынан өткерген адамға қатаң шектеулер қойылып, арнайы ем-дом белгіленсе, Димаш Ахметұлы үшін бұл еш келмейтін жағдай еді. Жиі кездесулер, сөз сөйлеулер мен іссапарлар бұған мүмкіндік бермеді. Тіпті қарапайым ем-дом қабылдаудың өзін түскі үзіліс кезінде қызмет бөлмесінде, немесе ұшақта, тіпті болмаса еліміз бен шетелге сапарлары кезінде, мәшине ішінде іс жүзіне асыруға тура келді. Уақыт өте келе Димаш Ахметұлымен жақынырақ танысқаннан соң мен тамырының соғысын есептемей-ақ, жүрегін тыңдамай-ақ бет-әлпетінен, сөйлеу мәнерінен, жүріс -тұрысынан оның өзін сол сәтте қалай сезінетінін айтып бере алатын дәрежеге жеттім.

– Өзіңіз бақылаған 20 жылға жуық уақыт ішінде Дінмұхаммед Ахметұлының қатты ауырып жазылған кездері қай уақытта болды деп ойлайсыз? Және ол қандай оқиға, жағдайларға байланысты еді?

– Дәрі-дәрмекпен, хирургиялық жолмен емделетін аурулар бар. Бірақ мұның барлығының күші жетпейтін жағдайлар да кездеседі. Димаш Ахметұлымен 19 жылдай бірге болғанымда әр түрлі жағдаяттардың куәсі болдым. Ауыр да, соншалықты ауыр емес те кезеңдер бастан өтті. Зейнеткерлікке кетірілгеннен кейінгі кезеңде ол кісінің сырқатын дәрімен емдеп жазу мүмкін емес еді. Сондықтан да Димаш Ахметұлынан барлық жеңілдіктерді, оның ішінде жеке күзеті мен дәрігерін де алып тастап, біздерді басқа жұмысқа ауыстырғаннан соң да мен бұрынғы әдетімше Димаш Ахметұлына “қызметіме” келіп тұрдым. Димекең үшін адал көңілді, шын жүректі алғаусыз адами қарым-қатынас дәл сол шақтарда емдеуші-дәрігердің қарапайым ем-дом белгілеуінен анағұрлым маңызды еді.

– Дәрігер ретіндегі сіздің медициналық талабыңызға (диета сақтау, гимнастика жасау) Димекең қалай қарап, қалай қабылдап жүрді деп айта алар едіңіз?

– Жоғарыда айтып кеткенімдей, Димаш Ахметұлы үшін кейбір ем-дом қабылдаулардың, сондай-ақ, қалыпты өмір сүрудің, көңіл-күйін бұзбаудың, ештеңені уайымдамаудың, жыл сайын толыққанды демалыс алудың, белгіленген жұмыс уақытын енгізудің барлығы еш мүмкін емес еді. Алайда, ол жеке өз басына қатысты мәселеде кім-кімге де үлгі бола алатын. Мәселен, белгіленген диетаны мүмкіндігінше сақтауға тырысты, гимнастика жасап тұрды. Диетаға байланысты айтсам бұл әрине, оңай емес шаруа болатын. Нағыз қазақ сияқты Димаш Ахметұлы зайыбы Зухра Шәріпқызы дайындайтын етті, мантыны, палау мен басқа да тағамдарды сүйсініп жейтін. Оның үстіне, Зухра Шәріпқызы ас-суды өте дәмді әзірлейтін. Осы себепті менің Димекеңді диета сақтауға үндеуімнің оңайға түспегенін айтпай-ақ аңғаруға болады.

– Өзінің “Өтті дәурен осылай” атты естелік кітабынан біз ол кісінің 70-ші жылдардың басына дейін темекі тартқанын оқып, білеміз. Дінмұхаммед Ахметұлы бұл әдетін нендей жағдайға байланысты тастады деп ойлайсыз? Оған дәрігер ретінде сіздің ықпалыңыз болды ма?

– Бұл мәселеге байланысты қосарым – өмірде Димаш Ахметұлы өте тәртіпті және ұқыпты адам еді. Мен оның бір жаққа кешіккенін еш көрген емеспін. 1984 жылғы Жапонияға ресми сапары кезінде Димекеңнің жапон жағын осы қасиетімен таң қалдырғаны бар. Ол өзінің жұмыс күнін қатаң сақтайтын. Темекіні тастау туралы мәселе көтерілген кезде Димаш Ахметұлы бұл мәселені бірден шешті.

Шынын айтқанда, осы мәселеге қатысты мынадай бір қызық оқиға болды. Бірде әдеттегідей ертеңгісін Димаш Ахметұлының үйіне келдім. Ол салған беттен: “Ахат, мен темекіні қайта тарта бастадым!”, – деді. Мен: “Жақсы”, – дедім де бұрылып, кетуге ыңғайландым. Димаш Ахметұлы күтпеген болуы керек: “Қайда барасың?” деді аң-таң қалып. Мен бұл сұраққа темекіні тастамайтын адамға ем-дом жасаудың қажеті жоқ деп жауап қайтардым. Димаш Ахметұлы даусын қатты шығарып күліп алды да былай деді: “Саған мынаны айтуды ұмытып кетіппін, мен темекіні түсімде шегіппін!”.

Өмірде Димаш Ахметұлы қалжыңды жақсы көретін және бәрімізді әзіл-қалжыңның ортасында қалдыратын.

– Димекеңнен басқа сізге сол жылдары Үкімет басшыларынан тағы кімдер қаралды? Оларға (Лящен-о, Әшімов, т.б.) қандай дәрігерлік көмек бергеніңіз есіңізде ме?

– Барлық сапарларда мен жалғыз дәрігер болатынмын. Сондықтан қажеттілік туындаған шақта әсіресе, шетелге сапар кезінде барлығы маған қаралатын.

– 1987 жыл. 14 наурыз. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ҮІІІ Пленумы. Д.А. Қонаевты жаппай сынау... Сағат 17.00-де ол кісі үйіне қайтты. Қалай ойлайсыз, сол күн Димекеңе өте ауыр тиген жоқ па?

– Ауыр тигені айтпаса да түсінікті. Сынды кім-кімнің де ауыр қабылдайтыны белгілі жәйт қой. Ал, сын негізсіз болса, ол екі еселенеді емес пе? Әсіресе, жарты ғасыр өміріңді Қазақстанның өсіп-өркендеуі мен дамуына сарп етсең ше?

– 1994 жылғы 23 тамызда сіз Қазақ теледидарының ұйымдастырған хабарына қатыстыңыз. Дінмұхаммед Ахметұлының қайтыс болғанының бір жылдығына байланысты сөйлеген сондағы сөзіңізде ол кісінің екі арманын айтқан едіңіз. Ахат аға, айтыңызшы, Дінмұхамед Ахметұлының бұлардан басқа тағы қандай арман-тілегі болды деп ойлайсыз?

– Иә, біріншісі, Димекеңнің: “Жаңа реформаның аяғы не болар екен? Соның нәтижесін көріп кетсем”, – деген ізгі тілегі де, екіншісі: “ХХІ ғасырға жете аламын ба? 2000 жылмен жүздесуге тағдыр жазса, шіркін...”, – деген үкілі үміті еді.

Димаш Ахметұлы қарапайым адамдармен кездесуге өте үлкен мән беретін. Жыл сайынғы егін орағы кезінде Қазақстанды аралаған сәтінде ол егіс даласына тоқтап, комбайншылармен, диқан, шоферлермен әңгімелесетін. Оның есінде сақтау қабілеті де айналасындағыларды таң-тамаша қалдыратын. Димекең бір, екі жыл бұрын әңгімелескен адамдарымен қайта кездескенде олармен аттарын атап сөйлесетін.

Оның атына әділетсіз сын мен қаралау толқыны қарша бораған кезеңде Димекең мұның барлығын өте ауыр қабылдады. Өзіне байланысты деген теріс көзқарасқа кезігіп қаламын ба деген күдіктен де болар, тіпті белгілі бір уақытқа дейін үйінен мүлдем шықпай қойды. Бірақ қарапайым еңбек адамдарымен кездесулер оның өмірге деген бұрынғы қызығушылығын қайта жаңғыртып, өзінің ісінің дұрыстығына сенімін арттыратын.

Бірде мынадай оқиға болған еді. 1987 жыл. Басына түскен небір қиын жағдайлар мен уайым-қайғыдан Зухра Шәріпқызының сырқаты асқына түсті. Димаш Ахметұлы оның қасынан ешқайда да кетпеді. Сырқатының беті аздап бері қарап, Зухра Шәріпқызы өзін жақсы сезіне бастаған кез. Ол кісі Димаш Ахметұлы екеумізге қаланың сыртына шығып, сергіп қайту туралы ұсыныс жасады. Біз жүргізуші үшеуміз жолға жиналдық.

Бұл оның қызметінен кеткеннен кейінгі сыртқа тұңғыш сапары болатын. Қалай екенін қайдам, күтпеген жерден біз Бақанас жағын – Димаш Ахметұлының туған жерін бетке алыппыз.

110-шы шақырымдағы будкадан, кәдімгі қойшылар дүкенінің жанынан өтіп бара жаттық. Кенеттен Димаш Ахметұлы сонда кіргісі келетінін айтты. Зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі Н.С. Хрущевтің жағдайын еске алған мен тосылыңқырап қалдым. Бірақ қарсылық та білдірмедім. Күмілжіңкіреп болса да ол кісіні бастап дүкенге кірдім. Сөре жақтауында орта жастағы сатушы қазақ әйелі ғана тұр екен. Оның жылы қабақ танытқанын көріп, сабама түстім. Ізімнен Димаш Ахметұлының сұлбасы да көрінді. Амандық-саулық сұрасқан соң өмір туралы әдеттегі әңгіме жалғасын тапты.

Кетуге ыңғайлана бере Димаш Ахметұлы кенеттен: “Сіздер мені ендігі ұмытып та үлгерген боларсыздар?” – деп сұрады. Бұған әйел: “Димеке, мұныңыз қалай! Қазақстан үшін көп іс тындырған адамды ұмытуға бола ма екен? Республиканы көтердіңіз, Қазақтың атын шығардыңыз! Мына жолды салдыңыз. Сізді ұмытсақ бетіңізге қалай қараймыз?” – деді. Солай деді де үйіне шақырды. Жақын тұрады екен. Димаш Ахметұлы мұндайды күтпегендіктен, көңіл толқынысын аңғартты. Ол шақырғаны үшін әйелге алғысын білдіріп, қайтар жолда соғып қалуы мүмкін екенін айтты.

Қайтып келе жатқанда мен Димаш Ахметұлының уәдесін есіне салдым. Ол ойланыңқырап қалды. Аздан соң келісімін берді. Келсек, үй иесі бізді көптен күтіп отыр екен.

Димаш Ахметұлы табалдырықтан аттасымен манағы әйел құрметті жерде тұрған жастықты алып, оның аяғының астына қойды. Димекең аз-маз ыңғайсызданып қалды. Бірақ үй иесі әйел жастықты екі аяғымен басып өтуін өтініп, айтқанынан қайтпайтын сыңай байқатты. Димаш Ахметұлы үй иесін әзер дегенде райынан қайтарды.

Олар бізді өте жақсы қабылдап, көптеген жылы-жылы сөздер айтты. Көп отырғанды ыңғайсыз көріп, үй иесі әйелге алғысымызды айтқаннан кейін жолға жиналдық. Димаш Ахметұлы өзі танымайтын қарапайым қазақ отбасының соншалықты ықылас танытқанына қатты риза болды. Әйелдің аты-жөні – Ақжолтай Қоқайқызы Бұралқиева еді. Мәшинеге отырып жатып мен Димаш Ахметұлының жанарындағы жасты байқап қалдым. Ол ақырын ғана былай деді: “Халық мені ұмытпапты...”.

Үйге оралған соң Димаш Ахметұлы Зухра Шәріпқызына сапар туралы лепті көңілмен айтып берді. Ал, кешкісін өзін жақсы сезініп тұрғанын көлденең тартып, күнделікті қабылдап жүрген дәрісінен бас тартты.

Меніңше, осы оқиға – Димаш Ахметұлының ең үлкен арман-тілегін жақсы көрсетеді. Ол – оның ісі мен есімінің қарапайым адамдардың жүрегінде сақталуы еді.

2000 жыл.

Авторлық анықтама. Ахат Әминұлы Мүліков Алматы қаласында аман-есен тұрып жатыр. Өзі 40 жылға жуық жұмыс істеген , былайғы жұрт «Совмин» деп атап кеткен бұрынғы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің орталық ауруханасында кеңесші болып жұмыс істейді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар