Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
"Шатырдағы әйел" кітабының тұсаукесері өтті...

14.12.2023 1904

"Шатырдағы әйел" кітабының тұсаукесері өтті 14+

"Шатырдағы әйел" кітабының тұсаукесері өтті - adebiportal.kz

Желтоқсанның он үші күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында жазушы Қанат Тілеуханның «Шатырдағы әйел» кітабының тұсаукесері өтті. Кітап ақын, Аслан Тілегеннің жекеменшік «Ziyat» кітап баспасынан жарық көрген. Кездесу кешінің тізгінін жазушы Өміржан Әбдіхалық ұстады.  Жекеменшік баспа осы кітаптың авторлық құқығын сатып алып, қаламақы төлеп, елімізде жаңа қалыптасып келе жатқан кітап саудасының көрігін қыздырмақшы.

Қазақ әдебиеті мен әйел ұғымы егіз. Мұхтар Әуезовтің ең алғашқы мақаласы әйелдерге арналыпты. Және әлемдік классика қатарына енген шығармаларының дені қазақ әйелі туралы.  Бейімбет Майлиннің де ең ғажап шығармалары әйелдерге арналыпты. Әйел тағдырын қазақ жазушылары әр ғасырда көтерген. Қазақ қоғамы әйелдерді әрқашан құрметтеп, әрқашан басына көтеріп отырған екен. Қанат Тілеуханның өз шығармашылығында жасап келе жатқан әйелдер галереясы шынайылығымен құнды. Қазіргі қазақ әйелінің болмысын, қазіргі қазақ тұрмысын суреттейді. 

Алғашқы құттықтау сөзін: «Қанаттың жазушы, досым ретінде табиғатын жақсы көретін, бағалайтын бір тұсым – Қанат өзіне сын, кейіпкерлеріне сын көзімен қарай алуы. Қанат Тілеухан және біздің замандастарымыз қазақ әдебиеті өрлеу тарихының жаңа кезеңіне аяқ басқалы тұрмыз», - деп бастады Өміржан Әбдіхалық. 

Кітаптың тұсауын ҚР Парламент Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты ақын, Жанарбек Әшімжан, халықаралық «Turkistan» басылымының бас редакторы, ақын Бауыржан Бабажанұлы, ақын Қалқаман Сарин сынды ел алдында жүрген азаматтар кесті. ҚР Парламент Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі: 

«Лентасы шешіліп жатқан, тұсауы кесіліп, әдебиетімізге олжа салып жатқан кітабымыз құтты болсын. Расында, біз Қанат бауырымызды журналист ретінде танимыз. Кей журналистердің баталы жете бермейтін тұлғалармен әңгімелесіп, сұхбат алып отырған тұлғаның жанын шебер аша алады. Қанат бауырымыз өз шығармаларында қазіргі қоғамның әлеуметтік астарын шебер сипаттайды.  Жып-жинақы. Артық сөз таппайсың. Шебердің қолынан шыққан мүлтіксіз мүсіндей әңгімелер. Қайшылығы мол дүниені, күрделі кезеңнің картинасын әсерлі жазады екен. Қанат Тілеухан бауырымыздың қазақ әдебиетіне үлкен олжамен келгені құтты болсын!», - деді. 

Қанат Тілеухан 1982 жылы Алматы облысы Ақсу ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде филология факультетін тәмамдаған. «Қараштың әңгімелері» атты прозалық кітаптың авторы. «Алтын тобылғы» әдеби байқауының проза номинациясы бойынша арнайы жүлдеге ие болған.

«Әдебиет – классикалық өнер. Сондықтан, оның оқырманы аз болғанымен, саз болады. Жалпы осы жазу деген нәрсеге келгенде, мені бір ағаларым қатал реалист дейді, енді бір режиссер ағамыз сенде натурализм бар дейді. Прозада адам өзіне әсер еткен, өзі білетін материалды ғана жаза алады. Кей сәтте жазуға болмайтын нәрселер болады. Амалсыз жазасың. Ең алғашқы әңгімем «Кім жазықты?» деп аталатын. 1998 жылы. Ол кезде оныншы сыныпта оқимын. Әңгімем аудандық газетке шықты. 


Әкем ескіліктің адамы еді. Семейде тұратын. Алғашқы әңгімемнің тақырыбын ұнатпады. Сол оқиға маған қатты әсер етті. Алматыға алғаш келгенде Бейбіт Сарыбай досымыз «Арман» атты әңгімемді «Атамекен» журналына жариялады. Ол бір сәтсіз жазылған шығарма еді. Содан соң біраз уақыт әдебиеттен алыстап қалдым. Әкем дүниеден өткенше менің мектеп жасында жазған әңгімелерімді бір чемоданға салып, жинап жүріпті. Әкем Шолоховты, Толстойды, Әуезовті жақсы көріп оқитын. Алпысыншы жылдары әскерде болған жылдары жазба қалдырыпты. Жазбада «КСРО шекарасын бір ұшақ қиып өтті. Оның ішінде Нобель сыйлығын алған жазушы Шолохов бар еді. Біз тұрып чест бердік» делінген. 

Мен өзім прозада «бірінші жазу – жазу емес, екінші жазу – негізгі жазу» деп есептеймін. Алматыға келгенімізде «Қазақ Радиосының» басшысы Жұмабай Шаштайұлының қолына түстік. Мақсат деген бірге оқыған  бауырым мені Жұмағаңа мақтап «Мынау Қанат есімді жігіт. КазГуу-ді бітірген. Айтысқа қатысқан», - дей беріп еді, Жұмағаң: «Сен не үшін айтысқа қатысасың? Жалпы адамдар не үшін айтысады? Қазақ неге айтыса береді. Түсінбеймін. Сен филолог болсаң, айтшы,  қазақ әдебиетінде кім мықты?» - деп сұрақ қойды. 

Мен «Тынымбай Нұрмағамбетов, Оралхан Бөкей, Дулат Исабековтер мықты ғой», - деп едім. Сөйтсем Жұмағаң: «Әй сволоч, сен неге Әуезов мықты деп айтпайсың? Бәрібір Мұхтар Әуезов мықты ғой», - деді. Әдебиет жайлы жиындарда Жұмабай аға өмірге жақын болу керегін ылғи айтып жүретін. Міне осылай жазу тарихым басталған еді. «Менің шығармашылығымдағы кейіпкерлердің бәрі – бақытсыз» деп айтып жатады. Меніңше, менің кейіпкерлерім бақытсыз емес. Адам тумысынан оптимист. Жақсы киім кигісі, жақсы ас ішкісі, жақсы көлік мінгісі келеді. Менің кейіпкерлерім бақытты болғысы келетін адамдар шығар», - деді жазушы Қанат Тілеухан өз сөзінде. 

Қанат Тілеуханның прозасына тән сипат – шынайылық. Біреулер мұны «қатал реализм» деп те бағалайды. Қалай болғанда да бүгінгі тұрмыс тауқіметі, адамдар арасындағы күрделі қарым-қатынас, өмір соқпағында түрлі жолға түсіп, тіршіліктің ауыр жүгін көтере алмай қиналған инсандардың көңіл-күйі қаламгердің туындысында айқын көрініс табады. 

Кейіпкердің психологиялық күйінің әр алуандығы оқырманын бірден баурап алады. Жазушының айтқандарына илана отырып, сіз де өмір шындығымен бетпе-бет келесіз. Күрсінесіз, мұңаясыз, күлесіз. Кітап жалпы әдебиетсүйер қауымға арналған. 

Шараға бұдан да бөлек зиялы қауым өкілдері, әдебиет жанашырлары, ақын-жазушылар қатысты. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар