Қарлаг (Қарағанды еңбекпен түзету лагері) - жаппай саяси қуғын-сүргін кезінде ұйымдастырылған ГУЛАГ лагерьлерінің бірі болған. Кейін 2004 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен «Долинка кентінің саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау музейі» болып ашылды.
Мұражай 1933-1935 жылдары мыңдаған тұтқындардың қолымен тұрғызылған Қарлаг Басқармасының тарихи маңызы бар ғимаратында орналасқан.
Музей ауласы
Музейдің қабырғасына ілінген ескерткіш-тақта.
Келушілердің назарларына мұражайдың 3 қабатында орналасқан 17 экспозициялық залдар ұсынылған. Олар «Қазақстандағы ашаршылық», «Қарлагтың қалыптасу тарихы», «Қарлагтың шаруашылық жұмыстары», «Әйелдер мен балалар», «Халықтар депортациясы» және т.б. залдар.
Экспозицияда саяси қуғын-сүргін тарихының мұрағаттық құжаттары, хаттар, фотосуреттер, Қарлаг тұтқындарының жеке істері және экспедициялар кезінде табылған Қарлаг тұтқындарының еңбек және тұрмыс құралдары қойылған.
Карлаг аумағы солтүстіктен оңтүстікке дейінгі 300 шақырым, шығыстан батысқа дейінгі 200 шақырым жерді алып жатты.
1921-1922 және 1932-1933 жылдардағы ашаршылыққа арналған зал
1921 жылы бірқатар аймақтарда шаруалар арасынан мемлекеттік тапсырыс бойынша жиналған астықты рұқсатсыз бөліп алған фактілері атап көрсетілді. Мәселен, Дмитриев селосының екі жүзге жуық әйелі көршілес кенттерден қосылған әйелдермен бірге жиналған астықты Орынбор астық қоймасына тапсыруға ашық қарсылық білдірді, «егер сіздер жиналған астықты әкететін болсаңыздар біз аштан қырыламыз» деген ұранмен шықты.
1932 жылы Сталиндік-сібірлік тәсілді негізге алған Голощекин астық пен ет дайындау науқаны барысындағы қателіктерін кулактар мен байларға қарсы күрес желеуімен бүркемеледі. Азық-түлік дайындау науқаны шаруалардың шаруашылығына ғана емес, өз өмірлеріне де қауіп туғызды.
Тұтқындарды жұмыс күші ретінде шахталарда, кірпіш зауыттарында, жөндеу-механика зауыттарында, құрылыс ұйымдарында пайдаланды.
Жазаланушылар жұмыс істеген заттар
Түрмеде ғылыми-зерттеумен айналысуға арналған лабораториялар болды.
Лагерьде тұтқындарды сауықтыру, өлімнен құтқарып қалу шаралары ұйымдастырылмады. Барактардың санитарлық жағдайы адам төзгісіз болды. Кей жағдайда лагерь бөлімшелерінде тұтқындарының жаппай уланып қалу оқиғалары кездесті.
Мұнда 10 дәрігер, 8 медбике, 4 фельдшер және 11 санитарка жұмыс істеді. Олар лагерьдегі бүкіл ауруларға қызмет көрсетіп үлгере алмайтын. Себебі, арнаулы госпитальда бір мыңнан үш мыңға дейін науқас тұтқындар жататын.
Тұтқындарды азаптау тәсілдерінің бірі - суық суға ұзақ уақыт отырғызу. Бұл әдіс жазаланушылардың кінәсін мойындату үшін қолданылған.
Соғыс тұтқындарының лагерьден қашу оқиғалары да кездесіп тұрды. 1944 жылы 5 адам қашып, 3 адам қашуға әрекет жасаған. Ал 1946 жылы лагерьден 41 адам қашқан.
Қарағанды еңбекпен түзету лагерінде «халық жауларының» балалары жаза мерзімін өтеді. Олардың көбісі қатал қамауда ұстау жағдайларынан аман қалған жоқ.
Өліктерді таситын зембіл
1937 жылғы Қазақстандағы репрессия ең алдымен Қарағандыдан басталды. Осы жылы маусымайында Қарқаралы округтік партия комитетінің хатшысы М.Ғатаулин ұсталды. Өйткені ол 1932 жылдың өзінде-ақ Ғ.Мүсірепов, М.Дәулетқалиев ,Қ.Куанышев , Е.Алтынбековтермен бірге Қазақстан өлкелік партия комитетінін сол кездегі 1-хатшысы Ф.И.Голощекиннің үстінен БК(б) ПОК-не хат жазған болатын. Бұл хат Қазақстан Компартиясы тарихында «Бесеудің хаты» деген атпен белгілі.
Сол жылдың күзінде осы іс бойынша А.Асылбеков, Н.Нұрмақов , С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов т.б. ұсталып, ату жазасына кесілді.
Тұтқындардың тізімі
Суреттер "Әдебиет порталы" интернет-жобасының меншігі
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.