Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Абай-175
Жол-жөнекей жолығатын жан емес...

10.08.2020 7144

Жол-жөнекей жолығатын жан емес 12+

Жол-жөнекей жолығатын жан емес - adebiportal.kz

Аз еді, мүлде аз... Сол бір қилы кезеңде, Абайдың өз тұсында, «ми жоқ, құлақ бар» заманда ұлы ақынды ықыласпен тыңдап, оның түпкі ойын түйсінеді дейтін төңірегі тым таяз еді. «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла...», - бірақ шындап ниет қылсаңыз «жүрегіңнің түбіне терең бойла» - дейді хәкім (Абай, шығармаларының екі томдық толық жинағы, «Жазушы», «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?», 2013 ж., 2-том, 22-б, бұдан әрі: 2/22 деп көрсетеміз). «Бұл бес күндік» өмірге адам баласының көкірек көзін ашуға келген Алла тағала аманаты, ақиқат ұшқыны – Абайды тануға, Абай Құнанбайұлының өмірі мен ақындық өнерін зерделеуге талпынған жанға «...Абайды тудырған дәуірі, тарихи ортасы, осы кезеңдегі қоғамдық қарым-қатынас туралы біраз кіріспе сөз айту қажет» - деп, ой салады ғұлама Мұхтар Әуезов (М. Әуезов «Абай Құнанбаев, монографиялық зерттеу», «Санат", 1995 ж., 5- б). Демек, Абай мұрасына зейін қойып, оның «нені сүйіп, неден күйгенін» түсінгісі келген жан иесі ақынның заманын барлап қана барып «Іші толған у мен өрт, сырты дүрдей» кемеңгердің мұң-шері мен арман-мақсатын сезіне алады.

Аз емес, Абайды танып, білуге тырысқандар қазір аз емес. Бірақ, бұл – сандық көрсеткіш. Ал, оның сапалық жағынан әлі де мәз де емесін айтуға тура келеді. Асыл мұраға жантәнімен көңілі ауып, сырласқанша асығып, мөлдір қайнардан шөлін басқысы келетіндерге зәрулік әлі де байқалады. Өзіңіз қараңызшы, жыл сайын бір мәрте, тым құрыса ақынның туған күніне орай Абай «бұлағының» басына тізе бүгіп, замандаспен әңгіме-дүкен құрып, жаназығамен неге бөліспеске? Алланың алаш жұртына назары түскен сәулелі шақта біздің жүздеген ақын-жазушы, мыңдаған қаламгерлеріміздің аз ғана бөлігінен басқасының бір селт еткенін көре алмаған соң қайранбыз. Өзіміз таңдай қағып, пір тұтқан ұлы ақын ұлағатына жас ұрпақты бейімдеп, бағдарлау қай-қайсымыз үшін де парыз емес пе?! Абайдың «мыңмен жалғыз алысқан» өмірі мен сол мыңның көзін ғана емес, көкірегін ашуға жаралған «іші алтын, сырты күміс сөз жақсысы» туралы жылына бір толғана алмасақ, бұл қаламгердің өзіне де «қамшы» боп тимес пе!?

Аз дейтініміз де содан. Өзі түйсінген, өзін қуантқан Абай сөзінің құдіретін, Абай сәулесін өзгеге де түсіріп, замандасқа жеткізгенше асығар, елді елең еткізер әріптес аздау. Керісінше, ақын өлеңдерін тек мақтан үшін ғана жаттап алып, өздерін ұлы ақынды ұққан, Абай жұмбағын шешкен оқымыстыдай көрсеткісі келетіндер аз емес. Тіпті, Сіз бен біз ойлағаннан да көбірек.

Аз болмас, әзірге осы айтқанымыз да жетеді. Бірақ, шынтуайтына келсек, Абай – бұл іздеген кезде керегіңді тауып ала салатын, сөйтіп кәдеге жаратуың оңай, қақпағы ашық жатқан асыл сандық емес. Ол қазынаның кілтін ұстағысы келген пендең, алдымен, Әуезовтің «Абай жолының» соқтықпалы-соқпақсыз астарына үңіліп, ғұламаның «Абай Құнанбаев» монографиясының қатпар-қатпар ой-тұжырымдарын санасына тоқып, тағы да сол Әуезов өзі дайындап, «Қазақ әдебиетінің классиктері» айдарымен «Қазақстан» баспасынан латын қарпімен шыққан 1933 жылғы «Абай Құнанбайұлы. Толық жинақ» кітабына жанарын біршама суарған болуы шарт. Олай болса, ендігісін Абайдың өнер шыңы мен ой теңізіне сапарға жиналған ізденушінің өзіне қалдырайық.

Ұлы Абайды біздің көпшілігіміз, негізінен, Мұхтар Әуезовтің атақты романы мен ақын жайындағы естеліктер арқылы білеміз. Сонымен қатар хәкімнің мұңы-шері мен арман-мақсатын оның өз өлеңдері мен қарсөздерінен табамыз. Өмірін өлеңмен өрген... бірақ, асыл мұраға құр тамсанып қана қоймай, оның ішкі сырын байыппен зерделеуге, өлең тілі мен түпкі ойын түсінуге шындап ұмтылсақ ғанибет. Бұл оңай шаруа емес: әрбір жанның ой-өресі мен білім дәрежесі де, тіпті қызығушылығы – ақиқатқа деген махаббаты да ала-құла. Оның үстіне, жалғанның иықтан басқан тауқыметі мен сананы тұманытқан тұрмыс күйбеңі де көзді алдап, көңілді алаңдата береді. Қалың жұртшылық үшін Абай, өкінішке қарай, әлі де «жұмбақ» күйінде қалуда.

Сондықтан біздің бұл әңгімеміз: жас Абайдың оқу мен білімге ерекше ықыласы, өз сөзімен айтқанда, «білмекке құмарлығы»; талаптыға арнаған «білімдіден шыққан сөзі»; ұғымсыз тыңдаушысына көңілі қалғандағы «өз сөзім өзімдесі» және өлмейтұғын, мәңгілік мұрасы хақында өрбиді. Осы арналарды ақтарып, тапқанымызды таразыға тарта келгенде ақынды суына шомылдырған Сырт Қасқабұлақ жайын, зерделі Зере әже мен ұлағатты Ұлжан ана шапағатын, ұлы дала данышпаны Құнанбайдай әке тағылымын да айту парызымыз. Ақын дүниеге келген жарық шаңырақтың сәулесі – тәлім-тәрбие қуатының жасампаз әсері оның өлеңдерінен көзге оттай басылады. Олай болса, сөзіміздің сабақталар көзі, ойымыздың ашылар түңлігі – Абайды суына шомылдырған кәусар бұлақ басы, киелі мекен – Сырт Қасқабұлақ екен.

Ақын дүниеге келген Сырт Қасқабұлақ сыры

Қолда бар басылымдардың көпшілігі ақынның туған жерін нақты көрсетуді қажет етпейтіндей: «қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында, Шыңғыстауда туған» - деумен шектеледі. Ал, туған күні туралы айтуды, тіпті «ұмытып» кетіп те жатады. Шындығында адамзат өркениеті маңдайына басқан Абай секілді ұлы тұлғалар өз алдына, қатардағы біздің әрқайсымыздың туған жеріміз бен туған күніміз тура жазылады емес пе? Ұлы ақын жайындағы сөзімізді, оның туған жерінен, туған күнінен бастауымыз да содан: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы «1845 жылдың тамызының ескіше 10-шы, жаңаша 23-ші жұлдызында Шығыс Қазақстан (бұрынғы Семей) облысы Абай ауданы Қасқабұлақ аулына қарасты Сырт Қасқабұлақ жерінде күзеу қоныста дүниеге келген. Бұл жер: Семей қаласынан - 103, Әуезов дүниеге келген Бөріліден - 22, Жидебайдан - 97, Ақшоқыдан - 18, Қарауылдан - 98, Астанадан - 903, Алматыдан Семей арқылы - 1193, Аякөзден - 248, Қасқабұлақ орталығынан 3 шақырымда» (Т. Ибрагимов "Жер әңгімеші...", "Интеллект", 2003, 78-б).

Абай туралы әңгімеміздің, әлбетте арқатірегі – Әуезов Мұхтар Омарханұлының жауһар мұрасы. Соған орай жаңа өзіміз арқа тұтып, сүйенген абайтанушы, жазушы-драматург Ибрагимов Төкен Смайылұлы былайша толғанады: «Жер әңгімеші болған соң, ел әңгімеші» - дейді Мұхтар Омарханұлы, - ...сол Абайдың шыр еткен даусына куә Сырт Қасқабұлақ: Шолпан тауының үстіртіндегі жазықты жоталардың бірі, аласалау дөңше төмпешігі, жары бауырынан тесіп аққан көзден – көз қайнардан бас алады да оңтүстікке қарай жүлге қуалап қарсысындағы Ералы қорық жазығына қарай қасқая құлап ағады... ылғалы мол жылдары бұлақ аяғы қалың шалғынды жарып барып Ащысу өзені арнасына сарқатын жылдары аз болмапты» (Т. Ибрагимов, сонда, 77-79-бб.)

Ұлы ақын шаңырағына 34 бас шырақшы болған марқұм Төкен ағамыз айтқандай, Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжан екінші ұлын дүниеге әкелген еді. Оның азан шақырып қойған аты – Ибраһим болатын, кейін әжесі Зере еркелетіп Абай атанып кетеді. Ал, енді Ғұлама Әуезов жазған "Абайдың өмірбаянын" оқып көрелік: "Абайдың өз әкесі Құнанбай, атасы – Өскембай, арғы атаcы – Ырғызбай. Аталарының барлығы да ру ішінде үстемдік жүргізген адамдар. Ақынның бұлардан арғы аталары Айдос, Олжай болады. Олжайдың үш ұлы: Айдос, Қайдос, Жігітек. Тобықтының атақты биі Кеңгірбай – осы Жігітектің баласы. Қайдостан Бөкенші, Борсақ тарайды... Ырғызбайдың бірнеше баласы болған. Олары: Үркер, Мырзатай, Жортар, Өскембай. Ырғызбайдың өзге балаларының ішіндегі ең артығы Өскембай болады... Құнанбай екі жылдай аға сұлтан болады... Абай Құнанбайдың 41 жасында туған... Екінші әйелі Ұлжан... Бұдан туған балалары: Тәңірберді, Ыбырай (Абай), Ысқақ, Оспан" (М.Әуезов, сонда, «Абай Құнанбаев», 24,25,30-бб).

Абайдың дүниеге келуі жайында ақынның шөбере інісі Ысқақов Әрхам Кәкітайұлы да өз естелігінде «Құнанбай ауылдары бір қоныста ұзақ отырмайды, он-он бес күнде жұрт аударып көшіп отырады. Қалың жылқы ауыл маңын шұбырынды дабыл қылып, тез тоздырып тастайды. Бұл жайлаудан июль айының бас кезінде қайта көшіп, жоннан асып Барлыбай, Тоңаша өзендеріне аз күн аялдап, қозы қырқып, күзем алады да, Шыңғыс тауынан бауырға аса көшеді... Бұл бауырда бос су, аққан бұлақ жоққа есеп. Малды ауылдар қонған жерінде бір жылдан бері құлап, құмдап қалған құдықтарын аршып, астау, қауғамен малын суғарып, қандыра алмай сарсаңға түседі. Сондықтан үдере көшуге салады. Үдере көшу деген жүгін ерте салқында артып, қонған жеріне итарқа, жаппа тігіп малын сулатып, сарықтатып, адамы шай қайнатып ішіп дамылдайды да, түстен кейін тағы көшеді. Сондай қалыппен көшкен Құнанбай ауылдары Қасқабұлақ деген бос сулы қонысқа келіп қонады. Таудың төскейінен күнбатыс жағындағы ойқұдық даласына қарай ағып, көлемі мың қойдың қотанындай жеті жерінен атқылап шығып жатқан көзі бар даңғайыр мөлдір сулы бұлақ – Құнанбай, Өскенбайдың күзеуі. Үдере көшіп, шаршап-шалдығып ел бұлақтың екі жағындағы қалың шалғынға үлкен үйлерін тігіп орнығып, жайланып қалады. Сол қалыпты әдеті бойынша Құнанбай ауылы Қасқабұлаққа келіп қонғаннан кейін 1845 жылы ескіше 10 август күні Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжан толғатып, бір ұл дүниеге келеді» - деп ақынның туған күнін нақты көрсетеді (Ә. Ысқақов. «Абайдың өмір жолы», «Абай туралы естеліктер», «Қаламгер», 31-б.).

Қазақстан Үкіметінің 4 тамыздағы қаулысымен Абай күні - 10 тамыз деп бекітілді. Сонымен ұлы ақынның туған күнін елімізде жаппай бір күні мерекелейтін болдық. Көптен күткен шешім: Абай – ол жол-жөнекей жолығатын жан емес. Ұлы ақын өмірі мен шығармашылығы жайлы ойланғанда өз басым хәкімнің жап-жарық, сәулелі, бірақ «соқтықпалы, соқпақсыз», тауқыметті сапарының төрт кезеңін айқын ажыратамын. Бұл арада, мәңгілік айналыста болып, ұрпақтан ұрпаққа ауысар жыл мезгілдеріндей төрт кезең – жай ғана уақыт өлшемі емес. Бұл – туған халқын дүние жүзіне мойындатқан даралық пен даналықтың төрт кезеңі. Бірін - бірі толықтырап тұратын, біреуі болмаса, ақын сыры солғын тартатын, терең мән-маңызын түсінуің екіталай, өзегі өзара тамырлас төрт кезең. Олар бала Абайдың дара Абайға айналған мәңгілікке сапарының сабақтас буындары. Осы орайда «ұлылықтың аталған төрт кезеңінің ара-жігін қалай ажыратамыз?» деген сауалға Абай сәулесінің өзі-ақ жол сілтейді. Ақын өмірінің біз таныған төрт кезеңі, өмір мен өнер сапарының төрт тарауы: оның біріншісі ұлы ақынның мына бір жұмбағымен қоса шешіледі: «Сыналар, ей, жігіттер, келді жерің, Сәулең болса, бермен кел талапты ерің. Жан құмары дүниеде немене екен? Соны білсең - әрнені білгендерің... Мұның шешуі – Білмекке құмарлық (ақынның осы және басқа да жұмбақтары тұңғыш рет М. Әуезов «Қазақстан» баспасынан шығарған 1933 жылғы толық жинақта жарияланған). Олай болса...

«Жан құмары дүниеде немене екен?»

Білмекке құмарлық... Сонымен білмекке құмарлық көкірегін ашқан Абайдың бір ақиқаты – жан мен рух мәселесі. Бұл алғыр жастың инемен құдық қазғандай табанды ізденісінің, талмай оқуы мен тоқуының арқасында тапқан олжасы, ақиқатқа жақындауы еді. Ес білгенінен бастап өмір сүру өнеріне ден қойған ол заман тасқыны қақпақылға салатын, толқын тұтқынындағы ескексіз қайық емес еді. Абай тірлік тынысын кәнігі тамыршыдай аңдап, адам баласының бүгінгі жағдайымен қатар ертеңгі болашағын барлап, оның бақыты үшін күрескен қайраткер. Ақынның ең алдымен жырлағаны да Адам бақыты болатын. Алланың алты алашқа тартуы - Абайды өзіне қонған Ақиқат ұшқынына жақындатып, ел-жұртын жарыққа бастаушы біртуар тұлға ретінде танитынымыз да содан.

Хәкім адам бақытына қарама - қайшы нәрсенің бәріне қарсы шыға отырып, айналасын түзетіп, тура жолға салуға тырысты. Бұл үшін ол, ең әуелі, жан мен тәнді жаңылыстырып, адаспауға шақырады: "Өлсе өлер табиғат, адам өлмес, Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес. "Мені" мен "менікінің" айрылғанын/ "Өлді" деп ат қойыпты өңкей білмес". Білмекке құмар ақын өзі таныған тылсым табиғат сыры туралы көзқарасын одан әрі былайша дамытады: "Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі, "Мені" мен "менікінің" мағынасы – екі. "Мен" өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан, "Менікі" өлсе өлсін, оған бекі... Адам ғапыл дүниені дер менікі, Менікі деп жүргенінің бәрі оныкі. Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде, Сонда, ойла, болады не сенікі?" (сонда, Абай, 1/161, 2/12).

Расында да, сонда біздікі не осы? Ойшыл жетінші және қырық үшінші қара сөздерінде жан туралы ойларын одан әрі тереңдете түсіп, енді оны "жанның тамағы" және "жан қуаты" деген тұжырымдарымен былайша байытады: "... өрістетіп, өрісімізді ұзартып, құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді. Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік" (сонда, 2/96). Ендеше, бір уақ көзбен де, көңілмен де зер салайықшы: «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады» (2/96), «Адам ұғылы екі нәрседен: бірі – тән, бірі – жан... жан қуаты басында кішкене болады, ескермесе жоғалып та кетеді, ескерсе, күтіп айналдырса, зораяды деп. Жан қуатымен адам хасил қылған өнерлері де күнде тексерсең, күнде асады. Көп заман тексермесең, тауып алған өнеріңнің жоғалғандығын және өзіңнің ол мезгілдегіден бір басқа адам болып кеткеніңді білмей қаласың. Қай жоғалған өнер: «ал мен жоғалдым" деп хабар беріп жоғалады. Енді қусаң, бағанағы әуелгі табуыңнан қиынырақ тиеді» (сонда, 2/150,151).

Суретте: Абай ұлдары Ақылбай және Турағұлмен ( оң жақта). (1896ж.)

Демек, жан қуаты тұрақты "күтім" мен қамқорлыққа зәру екен. Оны бір жоғалтқан соң, қанша қусаң да жетуің қиын-ақ. Абай шыр етіп, дүние есігін ашқан орта - Жарық, сәулелі шаңырақ болатын. Кез-келген сәбиге жаратылысынан "кішкене болса" да жан қуаты дариды. Бірақ, оны «үлкейтудің» тікелей өзіңнің ынта-ықыласыңа байланысты екенін ескермейтіндер қаншама! Ал, ақын әуелден сәулелі, мақсаткер ұрпақ болатын, әйтпесе өзге көптеген қарындастары секілді қоршаған қараңғылық ұйығына жұтылып кете берер еді. Хәкім «ақылды кісі мен ақылсыз кісінің... парқын» таразыға тарта келе мынадай өсиет айтады: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды күніңде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?»(2/103).Өкінішке қарай, күн мен жұма түгілі, бүкіл өміріміздің қалай өткенін білмей қалатындарымыз қаншама!?

Хәкімге надан жұртты тәрбиелеу аса ауыр тиді, тіпті осы талабының өміріне қауіп төндірген кезі де аз емес. Мәселен, 1898 жылғы маусымда Мұқыр болысындағы сайлау кезінде болған одағай оқиғаға байланысты «Үкімет билігіндегі сенатқа шағым пікірін» қараңыз (сонда, 159-171). Орыс патшасының отарлық бұғауы алқымнан сығымдап, қазақ қоғамын әбден тұншықтырып тұрған. "Сексеуіл" саясатының бір ғана сойқаны – болыс сайлауы алауыздық отын өршітті. «Осы күні қазақ ішінде «ісі білмес, кісі білер» деген мақал шықты. Оның мәнісі «ісіңнің түзулігінен жетпессің, кісіңнің амалшы, айлалығынан жетерсің» деген сөз. Үш жылға болыс сайланады. Әуелгі жылы «Сені біз сайламадық па?» деп елдің бұлданғанымен күні өтеді. Екінші жылы кандидатпен аңдысып күні өтеді. Үшінші жылы сайлауға жақындап қалып, «тағы болыс болып қалуға болар ма» екен деп күні өтеді. Енді несі қалды?» (сонда, 2/92). Ойшылды одан әрі тыңдап көрейікші: «Болыс пен биді құрметтейін десең, құдайдың өзі берген болыстық пен билік елде жоқ. Сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстық пен биліктің ешбір қасиеті жоқ» (сонда, 2/107): «Болыс болдым мінеки, Бар малымды шығындап. Түйеде қом, атта май/ Қалмады елге тығындап» немесе «Мәз болады болысың, Арқаға ұлық қаққанға. Шелтірейтіп орысың, Шенді шекпен жапқанға» (1/81, 85). Ақын сөзінің, өкінішке қарай, әлі де өзекті екенінің куәсіміз.

Ұлтымыздың ұлық мінезін құлдық құрты осылайша іріте берген. Басқыншылардың толып жатқан алым-салықтары шаруа адамын иығынан жаншып, қазақ жермен-жексен күй кешті. Жемқорлық пен жағымпаздық, парақорлық пен арызқойлық асқындап, тіпті ел бастар тұлғалар да жеке ел болудан күдерлерін үзіп, бөтен жұрттың табанына түскен ит тірліктен жүректері шаншиды:«Алдыңғы ұрпақ бізден бақыттырақ екен» деп Құнанбай дертті, «Өздеріңді түзелер дей алмаймын, Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың... Көк тұман – алдыңдағы келер заман» деп Абайдың жүрегі қарс айрылатын күн әлі алда. Ресей құлдығынан құтылудың соңғы бір мүмкіндігі қазақтың соңғы ханы Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің қанға боялуымен бірге келмеске кеткендей болатын. Ел жақсысы етігінің тұмсығымен жер шұқып, қазақ құлдық қамытын мықтап киді.

Бала Абайдың, әзірге қоғам ахуалы мен адам райынан секем алатындай, ертеңіне алаңдайтындай жайы жоқ. Білім мен өнерге зерек жас әжесі Зере мен анасы Ұлжанның сырттағы дүрдараз дүниеден аулақтау, ерекше әлемінде ержетіп келе жатты. Ол «өзге баладан гөрі басқа бір ермек, бөлек бір дос тапты. Онысы, әсіресе әжесі. Одан қала берсе – шешесі. Абай биыл ғана анық байқады. Бұның әжесі бір түрлі шебер әнгімеші екен. Қызық сөйлейді. Әңгімесінің барлық жерін дәмді ғып, қызықтырып айтады... Әжесі әуелде көп-көп ертектер айтқан. «Еділ-Жайық», «Жұпар қорығы», «Құла мерген» - бәрі де айтылды... жалықпай ылғи ғана ынтыға тыңдайтын. Кейде әжесі шаршап, айтпай қойса, өз шешесіне жабысатын. Ұлжан да көп әңгіме білуші еді. Және ол көбінесе өлеңді сөзді жиі айтады. Оқымаған шешесінің әлі күнге ұмытпай, білдірмей, сақтап жүрген зейініне таң қалады. Нелер ескі заман жырларын, айтыс, өсиет, әзілдерін де көп айтып береді. Екі анасын көңілдендіріп тағы айтқызу үшін кейде өзі де қаладан әкелген кітаптарының ішінен "Жүсіп - Зылиқа" сияқты қиссаларды оқып береді" ((М. Әуезов "Абай жолы", "Жазушы", 2013ж., 1/51-52 бб). Ақын білімдіден шыққан осындай әңгімелердің айтылған жерінде қалмай, талапты жасқа кезігуін тілейді.

«Нұрын, сырын көруге/ Көкірегінде болсын көз»

Қасиетті бабалар өсиеті, зар заман ақындарының жырлары алғыр жасты өздеріне әбден баурап, санасына сіңіре береді. «Кішкентай күнінен ертек-әңгімені көп сүйетін бала осы жазда, тіпті көп есітіп, көп біліп алған сияқты. Сондай шеше әңгімелеріне бар бейілін беріп жүрген күндердің бірінде бұл үйге екі бөгде қонақ келіп қонды. Бірі – қартаң, бірі – жас қонақ. Жасын Абай біледі. Таныған жерде қуанып кетті. Ол былтыр жайлауға келіп, осы үйде үш күндей жатып, «Қозы Көрпеш – Баянды» жырлап берген Байкөкше деген жыршы. Қасындағы қартаң кісіні Абай өзі білмегенімен шешесі әбден таниды екен... Барлас «Қобыланды батыр» жырын жырлады. Абайдың қазақ аузынан да, кітап ішінен де өмірі естіп білмеген ең бір сұлу, ең бір әсерлі, күшті жыры осы еді... Абай бұрын тағылым, үлгі – кітапта, білім, өнер – медреседе ғана деп түсінетін. Оған дастан шебері – Низами, Науаи, Физулиде, мұң нәзігі – Шайх-Сағди, Хожа-Хафизде, батыр жыры – Фердоусиде көрінетін...» (М. Әуезов «Абай жолы», 52,53-бб).

Енді, міне туған қазағының киелі салт-дәстүрі мен өнері де жас дарынның ақылына нәрлі азық болып, қазақ сахарасының түпкір-түпкірінен жеткен асыл қазынадан жаны мол қуат алады. Үй ішінде қос анасы бастап айтатын аңыз әңгімелер мен батырлық жырлары, қиял-ғажайып ертегілер Абайдың жүрегіне Алланы қондырып, адамға деген сүйіспеншілігін арттыра берді. Бұдан соң ол адалдық пен әділеттен басқаны, тіпті есту мен көруден қалғандай: «Алла деген сөз жеңіл, Аллаға ауыз қол емес. Ынталы жүрек, шын көңіл, Өзгесі хаққа жол емес», демек мынаны есте ұста: «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті, Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және сүй хақ жолы осы деп әділетті» (2/13,57). Абай үлкендердің айтқан нақыл сөздерін, жұмбақтары мен жаңылтпаштарын пайымдай отырып, айналасындағы көрген-білгенін ақыл таразысына тартады. Әрбір сөздің түп-тамырына үңіліп, оның айтылуының себеп-салдарын салмақтауға, әрбір ойдың нысанасын тап басуға тырысады.

Сәулелі шаңырақта небір ақын-жыраулардың айтқандарын зерделей келе Абай туған елінің саф өнерінің қайнарына құныға бас қояды: «Қазақта нелер "Баян-Көрпеш", талай "Ақбала-Боздақтар" барын анық білмеуші еді. Тілі ұғымды, өмірі таныс болғаннан ба немесе Барлас пен Байкөкшенің кезектеп айтқан жырларының кейде шырқаған, кейде қалқып баяулаған, кейде лекітіп соқтырып, ескектете желген әнінен бе? Бебеу қақан қоңыр, майда баяу домбырадан ба? Қалайда болса, Абай бұл күнге шейін өмірінде дәл осы Барлас, Байкөкше баян еткен дастан, жырларға барабар еш нәрсе есітпеген сияқты болды... Барлас өз жырларына Асанқайғы, Бұқар жырау, Марабай мен Жанақ, Шортанбай, Шөже, Сыбанбай, Балта, Алпыс ақынды – бәрін қоса, өзі құрбы өзге ақындар айтқан жырларды термелеп кетеді. Бұлардың ішінен заман зарын, көп мұңын шертетін сөздерді, әсіресе бөліп айтады. Барлас біреуді мақтап, біреуден сұрап жырлайтын ақын емес... "Ел ұйтқысы шайқалды" дейді. Бұрын Абай естімеген зар-шері сияқты" («Абай жолы», 53-55-бб).

Бала Абайдың сыртқы дүниенің құбылмалы екіжүзділігіне таңырқап, себеп-салдарына үңіліп, қарсы күрес ашу үшін, оның алдында "махаббат ғадауатпен майдандасқан" мехнаты мол жол жатты. Иә, ертерек болатын... әзірге оған төңірегіндегінің бәрі таңсық. Көкейіндегі сансыз сауалдың жауабын демде білгісі-ақ келеді. Алайда, өзінің "неге бұлайына" алған жауабынан гөрі сауалы көбейіп кетеді. Ересектер шаруаға асыға ма, әлде білмегеніне ұяла ма, кейіс мінез көрсетіп құтылады. Жеткіншектің айналасын тануы мен адам мінезін аңғаруы үшін үлкендер сәл мезірет білдірсе, соның өзі-ақ жетіп жатар еді. Көргені мен естігені, білгені мен түйгені үйренуге тойымсыз талапкердің санасында қаттала беріп, өмірлік жаназығына айналарын олар қайдан ұқсын.

Бірақ, ауылдағы көзі ашықтардың көрген-білгенінің Абайға аздық ететін күнге дейін де көп қалмаған. Ақынның шығармаларынан отбасынан алған тәлім-тәрбиесі мен Ғабитхан молдадан ашқан сауатын Семейдегі Ахмет-Риза медресесінде одан әрі дамытып, өздігінен ізденуге мейлінше ден қоятынын аңғарамыз. Алайда, айтқан насихатының «көңілсіз құлаққа» ұрынып, жаңағы «жартастың қаңқ етіп, түкті байқамасын» көргенде ол айналасынан күдерін үзуге шақ қалады. Жансырын өлең сөзбен бөлісіп, өмірінің соңына қарай жазатын қара сөздеріне сарқады: "Жас бала анадан туғанда екі түрлі мәнезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйқтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды, һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, "ол немене?", "бұл немене?" деп, "ол неге үйтеді?", "бұл неге бүйтеді?" деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді..." (сонда, 2/95-96).

Жас Абай алғашқыда, тіпті адамдар арасындағы доғал әрекеттерге таң қалады: «Төркініңнің бергені жауыр айғыр, Бауырыңды ұрайын бірге туған». Мұны және басқа да тырнақалды өлеңдерін суырып салып айтқанда ақын он жаста еді. Білмекке құмар жанды мазалаған сұрақтары басынан асады. Бірақ, маңайындағының бәрі де ақыл айтуға жорға болғанымен, күнделікті тірлікте соның көпшілігінің сүрініп жататыны қалай екен? «Сөзіне қарай кісіні ал, Кісіге қарап сөз алма» (1/62). Замандастарының аумалы-төкпелі қарым-қатынасы, бел алған әділетсіздік, беттен басқан надандық зардабын тартқан халқының мүшкіл хәлінен жаралы жүрегін жырмен жазады, «Ақылмен қара қылды қырыққа бөлмекке, Әр нәрсеге өзіндей баға бермекке»(1/46), яғни таразы да, қазы да өзі болмаққа дайындалады.

Қоршаған дүниеге, адам баласының мінезіне байланысты қылаң берген алғашқы ой ұшқындары жалындай келе Абай жолына жарық түсіреді: «Әзелде құдай тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқаны... бір нәрсені сұрап білсем екен дегенде, ұйқы, тамақ та есімізден шығып кететұғын құмарымызды, ержеткен соң, ақыл кіргенде, орнын тауып ізденіп, кісісін тауып сұранып, ғылым тапқандардың жолына неге салмайды екеміз?.." (жетінші сөзден, сонда, 2/96). Осылайша тірліктің сансыз сауалына жастайынан жауап іздеген ақын замандастарынан әлдеқайда ерте оянды: «Ой кіргелі тимеді ерік өзіме... Өзі ермей, ерік бермей, жұрт қор етті», «Ақылға сәуле қонбаса, Хайуанша жүріп күнелтпек» - дей келіп, ол өз тыңдаушысына «Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім, Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!» деген өтініш айтады. Абайдың бұл ақиқатқа жетуі де көп кейін, әрине. Ал, оған дейін, жастық шақтың жалыны мойын бұрғызбағанын өзі де мойындайды: «Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ, Айлаға, ашуға да жақтым шырақ». Хәкім өзіне жазылған ерекше тағдыр барын – ұйқыдағы елін оятуы, тыңнан жол салып, қарындастарын өркениет төріне бастауы керек екенін ерте түйсінді. «Түгел сөзді тыңдауға жоқ» қазағының тағдырына алаңдаулы ақын: «Ақылға сәуле қонбаса, Хайуанша жүріп күнелтпек...» - деп, надандық пен талапсыздыққа төзбек емес: «...Атымды адам қойған соң, Қайтіп надан болайын», «...білсек екен деген адамның баласы екенбіз» – деп, замандастарына көңілі қалса да келешегінен үміт күтеді. Зере мен Ұлжан аналарының көмегімен халық ауыз әдебиетінің мәйегінен ауыздануы өз алдына, ауылға келетін ақындар мен әншілер, көшелі ақсақалдар Абай атты «мөлдір бұлақтың» көзін ашып, кең арнаға салып жібергендей болатын. Олар, әлбетте Құнанбайды іздеп келеді: бала Абай да ел жақсысының әкесіне жақын жүруге, ақылынан азық алуға тырысатынын сезеді: «Ары бар, ұяты бар үлкенге сен, Өзі зордың болады ығы да зор» (сонда, 1/57).

"Басында әке айтпаса, ақыл жарлық»

Абай қос анасының жүрегінен мейірім жиып, ел ісіне араласқан шағында Құнанбайдай данышпан әкенің, замана қайраткерінің турашыл, қайтпас мінезінен ақыл мен қайратты үлгі етеді: "Басында әке айтпаса, ақыл жарлық,/ Ағайын табылмаса, ой саларлық". Ол "көзінің нұрындай" көретін Әбдірахман ұлының айықпас қазасы үстінде де өзін сабырға шақыра отырып «мінезге бай... жасынан түсін билеп, сыр бермеген» әкесін ерекше ардақ тұтады. "Арғы атасы қажы еді/ Бейіштен татқан шәрбәтты. Жарықтықтың өнері/ Айтуға тілді тербетті" – дей келіп, қажының асыл қасиеттерін атап-атап көрсетеді: "мал түгіл жанға мырза", "мұңды, шерлі алдын кернепті", "әділ, мырза ер", "тентекті тыйып, жерлепті", "Қазақтың ұлы қамалып, Іздеген жүзін көрмек-ті. Ақылынан ап қайтқан/ Өлгенше болар ермекті", "Ол сыпатты қазақтан/ Дүниеге ешкім келмепті» (2/161-162).

Данышпан әке жайында дана перзентінің ағынан жарылған мадақ сөзіне Құнанбай қажы әбден лайық еді. Себебі, бұл – шынайы лебіз үміт артқан ұлының ғана емес, оны білетін барша жұрттың аузындағы сөз болатын: «Барды ішіне жиып, буылып, құрсауланып қалды. Мұның бетіне екі рет көлденеңнен қарап өткен Алшынбай, таңдана түсіп, сүйсініп қалды. «Берік, берік! Бүйрегі без емес, тас болар!..» деп ойлады... Құнанбайды өзі көріп жүрген атқамінер ішінде бөлекше бағалайтын бір себебі: осындай жердегі ерекше ұстамдылығынан, бойын бермес тұйықтығынан болатын» (сонда, «Абай жолы», 1/103, 104). Жауһар романдағы Қодар мен Қамқа оқиғасына әке мінезіне деген перзентінің таңданысы, оның тәрбие мектебінің бір ғана дәрісі: «Абай әкесінің сөз желісін, түп мәнісін түсінген жоқ. Кейбір мақалдарын ғана таңдана шешіп отыр. Осы бар үлкеннің мұндай жердегі салты бойынша әкесі де тұспалдап, орағытып, ұқтырмай сөйлейді. Бір сөзімен бір сөзін жалғастыруға Абай үлгірмей, адасып қап отыр... Кейбір өзі білмейтін, жаңа сөздерін ұстап қалады. Әлдекімге қаптап, зіркілдеп сөйлеп отырған әке сөзі кейде бұған бір жортуыл, шабуыл үстіндегі шұбырынды, ұзақ сарын сияқтанады... Құнанбайдың жалғыз сау көзі, оның көтеріңкі жал-тұмсығының сол иығына шығып алып, қалғымай, сақшыдай бағып, осы өңірді қалт етпей күзетіп отырған сияқтанады. Қоя берсін, салғырттығы жоқ, сергек, қатал күзетші» (сонда, «Абай жолы», 17-18- бб).

Білмекке құштар, үйренуге тоймаған жас үшін Қарқаралыда естіген Шөже мен Балта ақындар жырының да жарыққа бастар, тура жолға салар терең тағылым екені анық: "Сөз мәнісін білерлік кейбіреу бар, Абайлар әрбір сөзді өз халынша" (1/54, 61). Абай Шөже ақын айтқан «Өз басыңды зор етіп, Теңдес қайдан табарсың? Ағайынды жат біліп, Жақынды қайдан табарсың?..» (сонда, «Абай жолы»,122-б.)» деген нақыл сөзді кейін өз тұсынан былайша зерделейді: «Менсінбеуші ем наданды, Ақылсыз деп қор тұтып. Түзетпек едім заманды, Өзімді тым-ақ зор тұтып» (сонда, "Абай жолы", 1/132). Әсіресе, әкесінің Абайды таңырқатқан табиғи болмысы, оның жан-тәніне сіңіп, азамат ретінде қалыптасуының арқатірегіне айналады. Тағы да «Абай жолына» жүгінелік: "Құнанбай аға сұлтан болды да, өзгелерінің қатарынан озғындап кетті. Онда әкімдік бар. Сыртқа да, ұлыққа да жақындық бедел бар. Әрі қолы ұзын, малды. Сөзге жүйрік, мінез бенен іске де алғыр. Осының бәрі, өз ортасын бойымен басып, жыға беруге себеп болатын (сонда, «Абай жолы», 1/22-б). «...Жүрісте, отырыста Құнанбай әлі тіп-тік. Қазіргі бет ажарында қобалжу да жоқ. Өз ойын қинап, алаң еткен кісі емес... Бір Тобықты емес, бір ғана қала адамдары емес, тіпті барлық өр мен ылди дейтін сыбайлас елдердің бәрінің де басты адамдары кеп, бір жұмадан бері Құнанбаймен қоштасып, оң сапар тілеп, қамалып жүрген. Шендес, сырлас жақындардың, қарт замандас достардың бір алуаны «жарықтығым, асылым, құт берекем» деп кеп арыздасып, қоштаса да сөйлеген-ді... Құнанбай өмір бойы сараңдықтың құлы болған кісі емес. Бірақ ашылып-шашылғыш та емес. Парықсыз болмайын дейтін. Қарқаралыда қазақ салмаған мешіт салғызу сияқты іс болса, оған ақтарылып түсетін. Мына сапарда да сондай бір нәрсеге бекінген сияқты. Бірақ не істемегін, тіпті қатын-балаға да айтқан жоқ. Барып орындап қайтса, сонда білдіреді (сонда, «Абай жолы», 2/8).

Суретте: Абай отбасымен, 1903 ж., Бірінші қатарда: Пәкизат Ақылбайқызы, Турағұл Абайұлы, Әубәкір Ақылбайұлы. Отырған – Абай Құнанбайұлы. Үшінші қатарда: Мағауия Абайұлы, Еркежан, Кәмәлия. Фотосуретті 1959 жылы Абай музейіне М.Әуезов сыйға тартқан. Абай музейінің қоры, КП-161.

Мұхтар Әуезовтің «Абай жолында», тіпті бақталас ел жақсыларының Құнанбайдың қасиеттерін мойындауға мәжбүр болатыны да ше: «Жаңағы ашумен күйген Байдалы енді майда қоңыр үнге түсіп: - ... Тақауда, әнебір күндерде Қаратай, Бөжей, Байсал бар – барлығымыз Қаумен үйінде түстеніп отыр едік. Жиын бір сөзден бір сөзге түсіп, шалқып отырып, ақыр аяғы: «Жә, өзіміз көргенде мырза кім?» дегенге келді. Жұрт ойланып қалды. Байсал күншуақта жатқан тағыдай көзін бір ашып, бір жұмып, бүк түсіп сырт қарап жатқан. Жаңағы сөзге ол қатысқан жоқ-ты. «Мырза кім?» дегенге Қаратай жауап беріп, «Мырза – Құнанбай» - деді. Тағы біраздан соң ол жиын: «Шешен кім?» деді. Тағы Қаратай жауап беріп, «Шешен – Құнанбай» - деді. Екі бел асты. Аздан соң және бір оралып кеп: «Жақсы кім?» десті. Әлгі Қаратай және жауап беріп: «Жақсы – Құнанбай» - деді. Сол кезде Байсал басын жерден жұлып алып, саңқ етіп: - «Уай, Көкше, не оттап отырсың өзі?» - деп, Қаратайға қадала түсіп, - Мырза Құнанбай екен, шешен Құнанбай екен, жақсы Құнанбай екен! Ендеше, не көкіп алысып жүрміз онымен?» - деді (сонда, «Абай жолы», 1/158,159).

Абай үлгі-өнеге алатын Құнанбай әкесі дала дәстүрін берік ұстанып, өз қоластындағы ел қамын «қалт етпей күзеткен» қайраткер. Сондықтан қажыны білетіндердің оған деген құрметі де ерекше: «...Мұның бәрі қиялап айтқан Құнанбайдың қошеметі. Үндемей түйіліп, сұп-сұр боп отырған Құнанбай ол сөздерге көп шіміркенген жоқ. Қайта, теріс көргендей мойын бұрып, Абайға қарап: - Одан да, не күтсеңдер де осы жаман қарадан күтсеңдерші! – деді...» (сонда, «Абай жолы», 1/15-б). Немесе «Осы шақта бір үлкен жұбаныш тапқандай боп бара жатыр. Бұны Ұлжанға айтқан бір сөзінде: - Артымда кім қалды дер болсам, тиянақ-сүйенішім жоқ емес. Жолы менің жолымнан басқа болса да, сенің балаң тірегім! Алдынан жарылғасын. Енді өз дегенін етіп-ақ көрсін. Тарпаң ақыл айтып, шаужайламаңдар! – деген болатын», «Абай мен Құнанбай ең соңғы сәтте үнсіз қоштасты. Әкесі ұзақ құшып, әлі аса қайратты қолымен қысып тұрып, Абайдың бетінен иіскеп, демін ұзақ тартып алғандай болды...» (сонда, "Абай жолы", 10,11, 26-бб).

Көзкөрген замандастары Құнанбайға деген ілтипатын білдіргісі кеп тұратын: «... Қала ішіндегі молда, қалпе атаулы, ел ішіндегі атқамінер қарт-қария атаулы мешіт салғызғаны үшін Құнанбайды шынымен дәріптейтін... Абай өз әкесінің өзге атқамінер атаулыдан мықты, қайратты екенін сезеді. Қазір көп-көп ойлап, көп бағып, танып көргісі келетіні дәл осы өз қасындағы өз әкесі. Жақын жерден, қасынан қарағалы әкесі бұған үлкен жұмбақ боп тұр...» (сонда, «Абай жолы», 1/98, 99-бб). «Абай әкесінің жауабын ғана білмек еді. Ойландыратын жауап естіді. Құнанбай аздан соң барып, әлгіден де жуасыңқырай түсіп: - Адам пенде ғой! Пенденің жоқ-жітігі толған ба?- деді. Қияласа да өз мойнына кінә алып отыр. Бұл кезде Абайға әкесі жадағай көрінбеді. Кінәға, дауға жүйрік Байдалы сияқты емес. Ол шешендіктен гөрі басқарақ түкпірі бар жан сияқты. Оңай жан емес. Қабат-қабат шың сияқты... (сонда, "Абай жолы", 1/159, 160, 161).

Семейлік абайтанушы ақсақал, талай жыл республикалық "Абай" қоғамдық қорын басқарған, ұлы ақынның жиені Ерсәлімов Балташ аға "Құнанбайдың қуғын-сүргін көрген ұрпақтары" кітабында Қазақстанның халық жазушысы, марқұм Қалтай Мұхаметжановтың төртінші атасы Күдері қожаның Құнанбай жайындағы айтқан сөздерін өз еңбегінде "Құнанбай Орта жүздің тұзы емес пе?! Келеден арнасы бір із емес пе? Қарадан хан болса да реті бар, Салмаңдар қу кеңірдек, қыл өңешке... Кімің бар Құнанбайдан озып туған, Айырма елді нағыз иесінен"- деп келтіре отырып, одан әрі былайша тарқатады: "Ең алғаш 1824 жылы бекініс болып іргетасы қаланған Қарқаралыда Құнекең аға сұлтандыққа кіріскен алғашқы кезеңнің өзінде орыс шіркеуі тұрғызыла бастайды. Уәли, Бөкей хан иеліктері Көкшетау, Қарқаралы өңірлерінде патша өкіметінің бекініс, округтерінің ашылуы Құнекеңді қатты ойландырады. Ұлт дәстүрін, рухын бөтен пиғылдан сақтау мақсатын көздеп және өзі тікелей мұрындық болып салғызған мешіттің тарихы Сібір қырғыздарының шекара бастығы поковник Клейст мырзаға арнайы хат жазуынан басталады екен (Б. Ерсәлімов «Құнанбайдың қуғын-сүргін көрген ұрпақтары», Семей, 2005, 14-б). Соған орай Абайдың "Әбдірахман өлгенде" перзентіне арнап айтатын сөздерінің, асылы, хәкімнің өмірлік ұстанымы екені айдан-анық: "Тұла бойың ұят-ар едің, Ескеріп істеп, ойлаған. Тәуекелге нар едің, Талаппен терең бойлаған. Ерлікке де бар едің, Үйренуге тоймаған. Жасқа жас, ойға кәрі едің, Атаңның атын жоймаған".

«Тәуекелге нар едің... үйренуге тоймаған»

Абай әкесі ашқан Ескітамдағы мектепте, шөбере інісі Әрхам Кәкітайұлы өз естелігінде жазатынындай, Ғабитхан молладан үш жыл дәріс алады... «тез ұғып, тез жаттап, бір естігенін ұмытпайтын, бір ұққанын қайта сұрамайтын ұғымтал ұстамды шәкірт бола бастайды. Ғабитқан молла да оны өте жақсы көріп, басқа шәкірттерінен өзгеше қарайды. Құнанбайға: «Мырза, мына Абай деген ұлыңыз дана жігіт. Бұларға керек, шаһардағы зор медреседе жоғары ғалым хазіреттерден дәріс оқытарға керек», - деп Абайдың болашағы өзге екенін баяндап отыратын болады. Құнанбайдың ендігі мақсаты өз балаларынан дін жолына жетік, қазақ ортасына ораза, намаз, зекет, фарыз-уәжіп дейтұғын тағат-ғибадат үйретерлік адам даярлап шығару болады. Ол ойына мына Ғабитқан молланың да сөзі қозғау салады. Ежелден адамға сыншы Құнанбай балаларын да сынап, байқап жүріп жас Абайдан зор үміт күтеді екен... Енді жоғары оқуға өзі үміт еткен он бір жастағы Абайды Семей қаласына өзі әкеліп, Ахмет Риза хазіреттің медресесіне кіргізіп, оқуға беріп қайтады... Ғабитқан молладан оқып, дін сабағын ұғынып қалған Абайға бұл қиынға түспейді. Тез арада арада алдыңғы шәкірттерінің қатарына қосылып, мәжілістеріне қатыса бастайды... жаңа жылдың аз күнгі демалысынан кейін Семейдегі «городская приходская» дейтұғын школға түсіп оқи бастайды... май айының ортасында өте жақсы деген бағалау қағазын алып шығады» (сонда, Ә. Ысқақов, «Абай туралы естеліктер», 34-36-бб).

Оқуға кірген соң-ақ Абай тез есейіп, өз бетінше көп ізденеді. Оқыған кітаптың көбіне сынмен қарай білетін, сезімді оқушыға айналады. Таңдап оқитын ірі ақындарының талай ғазелдерін жаттап алады: «Фзули, Шәмси, Сәйхали,/ Науаи, Cағди, Фирдауси, Хожа Хафиз – бу һәммәси/ Мәдәт бер я шағири фәрияд», - деп шығыстың атақты шайырларын өзіне ұстаз санайды (1/36).Алғашқы өлеңдері «Әлифби», «Шәріпке», «Абыралыға», «Жақсылыққа» жыр әлеміне қанат қағады. Медреседе жүріп татар тіліне қоса араб, парсы, шағатай, түрік тілдерін үйренеді, шығыс ақын-жазушылары мен ғалымдарының еңбектерін үзбей оқиды. Оқу әрине ескіше, бәрі дін сабақтары. Соның көбін араб, фарсы тілдерінде оқиды... Абай осы медреседе де үш жыл оқиды. Өзі тұстас үлкен-кіші балалардың барлығынан анағұрлым зейінді, ұғымтал және ерекше ықыласты болған. Дәрісте арабша кітапты молласының бір оқып, бір-ақ рет түрікшеге аударып берген сөздерін кітапқа қарамай жатқа айтып шыға алатындай зерек болады.

Абайдың 1909 жылғы тырнақалды кітабынан басқа жинақтарындағы шығармалары хронологиялық тәртіппен жүйеленген. Дегенмен, олардың тақырыбы мен ой жемісінің «пісуін» нақты бір уақытқа, яғни жазылған жылына ғана таңып, шектеуге болмайды. Себебі, Хәкімнің өлеңдері мен қара сөздері, біріншіден, бүкіл өмір жолындағы байқампаздық пен өзіндік ой түюдің және жалпы тірлік тәжірибесінің сыбағасы болып табылады. Семейдегі Ахмет Риза медресесіндегі оқудан артылған уақытты Абай өз бетімен өзі сүйген кітаптарын оқуға жұмсап, көп ізденеді. Өз бетімен оқитыны – шығыс ақындары, одан соң – араб, иран, шағатай (ескі өзбек) тілінде жазылған ертегі, дастан, қисса сияқты әдеби мұралар. Бұларды Абай бала шағында білуге деген ерекше құмарлықпен барын салып, көп оқыған. Алла тағаланың құдіретіне бас иеді, Табиғатқа тамсанады, сұлулыққа сүйсінеді: «Иузи – раушан, көзі – гауһар, Лағилдек бет үші әхмәр…» (сонда, 1/35). Осылайша, жас ақынның талғамы өсіп, кейінгі өлең жолдарына негіз болады: «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы, Аласы аз қара көзі нұр жайнайды. Жіңішке қара қасы сызып қойған, бір жаңа ұқсатамын туған айды», «Білектей арқасында өрген бұрым... Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты...Аласы аз қара көзі айнадайын... Үлбіреген ақ етті, ашық жүзді... Бұраң бел, бойы сұлу, кішкене аяқ» (сонда, 1/44).

Сол секілді тылсым табиғат суреттері, жыл маусымдарының ерекшелігі де оның ойында қаттала береді: «Жазғытұры қалмайды қыстың сызы, Масатыдай құлпырар жердің жүзі. Жан-жануар, адамзат анталаса, Ата-анадай елжірер күннің көзі», «Жаздыгүн шілде болғанда, Көкорай шалғын, бәйшешек/ Ұзарып өсіп толғанда; Күркіреп жатқан өзенге/ Көшіп ауыл қонғанда» немесе «Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан, Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан... Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай, Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай», «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай – Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай. Ерте барсам, жерімді жеп қоям деп, Ықтырмамен күзеуде отырар бай», «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды. Үсті - басы ақ қырау, түсі суық, Басқан жері сықырлап, келіп қалды».

Ақын көктем мен жазды, күз бен қысты суреттей отырып, жылдың төрт маусымының адам өміріне әсерін салыстыра жырлайды.Адамның мінез-құлқы табиғаттың жайсаң немесе жүдеу, қызықты немесе қытымыр кезеңдерімен үйлесімді көрініс табады. «Қансонарда бүркітші шығады аңға» атты өлеңінде «өз басынан кешкен, өзі көріп, терең сезінген уақиғаны жыр етіп, толғана суреттеп, шыншыл шеберлікті танытады... Ат, құс, аңшылыққа соншама құштарлық мінездері Абайдың ақындық қуатын онан сайын рухтандырып, шабытын шарықтатып: «... әрі идеялық мазмұны, әрі көркемдік түрі түгел қабысып тұрған, қазақ халқының тұрмыс-салтына тән, ерекше бір көрінісін көз алдыңа әкелетін тамаша өлеңін тудырған» (Қ. Мұхамедханұлы, сонда, 1/187- б).

Абай, тегінде «ет жүрексіз, еріннің сөзін айтпайды»: «Жүрегім менің қырық жамау/ Қиянатшыл дүниеден. Қайтып аман қалсын сау, Қайтқаннан соң әрнеден» (2/45), «Тіл үйренген нәпсінің қу мінезін», «Жүректе көп қазына бар, бәрі жақсы, Теңіздің түбіндей-ақ қарап бақшы. Сол жүректен жылылық, достық пенен/ Бұлақша ағып ғаламға тарамақшы» (сонда, 2/49), «Жүрегім, нені сезесің, Сенен басқа жан жоқ па? Дүниені, көңілім, кезесің, Тиянақ жоқ па, қой тоқта!.. Күйесің, жүрек, күйесің, Күйгеніңнен не пайда? Дүниеде нені сүйесің, Өмір қайда, дос қайда?» (сонда, 2/50), «Нені тапсаң, оны тап, Жарамайды керекке. Өңкей уды жиып ап, Себеді уды жүрекке», «Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі – асыл тас, Сол қызықсыз өмірде жүрек қалмас. Жүректен қызу-қызба кете қалса, Өзге тәннен еш қызық іс табылмас».

Өзіміз көріп отырғандай, Абайдың өмірі мен шығармашылығының өзегі жүрек: «Жалпы ғадетінде: ақылынан гөрі махаббатын ардақтап, ақылдың суық сынынан қашып, көңіліне билетіңкіреп отыратын еді» - деп жазады ақынның дарынды перзенті Турағұл "Әкем Абай туралы" естелігінде (сонда, «Абай туралы естеліктер», 2018 ж.) Ал, он төртінші қара сөзінде ақын «Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені – батыр кісі дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап біле алмайды. Рақымдылық, мейірбандылық, әр түрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі. Асықтық та – жүрек ісі. Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады...» - деген тағылым қалдырады. Ұлы ойшыл өзінің осы тұжырымын он жетінші сөзінде өзара айтысқан ақыл, қайрат пен жүрекке ғылымның аузымен мынадай төрелік айтқыза отырып түйіндейді: «... Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды».

Семейдегі үш жарым жылда талапты жастың аз уақыт болса да орыстың приходской школынан өз бетінше білім алуы орыс және еуропа поэзиясы мен ғылымына бет бұруының басы болатын. Бұдан былайғы оқу мен білімдегі барлық табысын, Әуезов айтпақшы, жекелеген сыйлас жандар себепкер болғанымен, Абай өзінің еңбегімен табады. Оқығандарын әрқашан ой елегінен өткізеді, ақыл таразысына тартып, көңілінен шықса ғана аудара бастайды. Тағы бір ерекшелігі сонда, ол өзі сенген нәрсені ғана ақиқат демейді және өзгеден, тіпті шәкірттерінен де оны тап сол қалпында ұстануды талап етпейді. «Ақыл сенбей сенбеңіз, Бір іске кез келсеңіз... Сөз мәнісін білсеңіз, Ақыл – мизан өлшеу қыл» (сонда,1/61), себебі «Ақылсыз сөзге ынтасыз, жұрт шабандап, ...Кісімсінген жеп кетер білімсіз көп» (сонда,1/74). Ұстаз әрі аға тағылымын кемеңгер Шәкәрім былайша жырғы қосады: «Көп сөз айтқан бұрынғы білімділер/ Пайдалансын, ұқсын деп кейінгілер. Сынға салып талғамай талапты жас, Соның бәрін қатесіз жөн деп білер... У берді ме сусын деп, су берді ме, Көзің жұм да жұта бер деген кім бар?.. «Талас, тап» деп айтатын Абай өзі, Танамыз ба жоқ қой деп бүгін көзі? Айтқанымды сынама деген емес, «Күндеме де қарғама» - деген сөзі» (Шәкәрім, шығармалары, «Жазушы», 1998 ж, 65, 66-бб).

Сонымен орыс әдебиетін, сол арқылы Еуропа ақын-жазушыларын оқуы Семейдегі "приходской школда" басталғанымен, бұл ізденісі үш айдан аспайды, мұсылманша оқудың да есігі жабылады. Абайдың өзге балаларынан артық екенін ерте байқаған әкесі оны енді өз жанына алып, ел билеуде серік етеді. Бірақ, ақын, жаңа айтқанымыздай, оқу мен тоқуын енді өз тұсынан жалғастырады. Семейге арнайы адам жіберіп кітап алғызуды әдетке айналдырады немесе өзі сапарлап барып, жата-жастана ізденеді. Ал, мұның болыс болып ел басқаруына немесе даулы мәселеде төрелік айтуына пайдасы көп тигенін атақты романнан да білеміз. Ұлы ақынның қайраткерлік пен ағартушылық қызметтері бірін-бірі толықтыра түсіп, тереңге тамыр салса, бұл да сәулелі ақылдың арқасы еді.

"Ақылға сәуле қонбаса, тереңге бармас үстірттер"

Бала шәкірт жыл сайын майдың ортасында демалысқа оралады. Елге қайтқанында кітаптарын тастамай, ауылға өзімен бірге ала келу әдетіне айналған. Биыл да сол дағдысынан танбады. Романнан Абайдың әжесі Зере бастатқан туғандарымен қауышып, екі-үш күн мауқын басатынын білеміз. Бұдан соң, оның Құнанбайдың шақыртуымен әкесінің алдына барып жүгінетіні естеріңізде болар: " ...Балам, сені оқуға бергенде құдай жолын танысын, әдеп тәрбие үйренсін, - деп берген едім. Хазіреттің сәлем сөзіне қарағанда жақсы өткерген көрінесің, жарайды, - деп бір қойып... - Басқадай көмектесер адам көрінбеді. Ең аяғы біреуге айт деп жіберген сөзімді түгел айтып, толық жауап алып келетін адам табылмады. Сондықтан енді сен бұдан былай оқуды тоқтатып, мынау қалаша киіміңді киіп менің жұмсаған жұмысыма барып, тапсырғанымды орындап қайтып тұратын боласың", - деді. Қатал да, қайтпас әке шешімін естігендегі көңіл-күйі қандай болды екен? «Жас Абайдың бойы қалтырап, жүрегі мұздап, ақылы шатасып, өзін-өзі билей алмай кеткені түсінікті. Бірақ туысында біткен зор қайрат, толғаулы ақыл бойын тез билетіп, ой таразысына тез салды», - деген Әрхам Ысқақовтың болжамымен келіспеу қиын. Ол өзін-өзі ұстап, енді тым болмаса, інілерінің бірін оқытып, өзі жетпеген арманына осы арқылы қол созады.Алғашқыда ол әкесінің "барып кел, жеткізіп айт" деген тапсырмасында жүреді. Бірақ, зерек те, алғыр жас өзінің білімге құмарлығы мен үйренуге тоймаған табиғатына адал боп қалады. Әке тапсырмасынан бос уақытында сүйікті ісі кітап оқып, білім жиюдан қолын үзбейді. Керісінше, оқығаны мен тоқығанын күнделікті көрген-білгенімен салыстырып, кітап сөзін тірлік тынысымен таразылайды. Бұған дейін жазған және алда қағазға түсірмек ойларының іргесін бекітіп, өлең өлкесіне самғатады: "Орынды іске жүріп, ой таппаған, Не болмаса жұмыс қып, мал бақпаған. Қасиетті болмайды ондай жігіт, Әншейін құр бекерге бұлғақтаған" (сонда,1/45).

Олай болса, «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық, Қартаймастай көрмелік, ойланалық... Әуелі өнер ізделік, қолдан келсе, Ең болмаса еңбекпен мал табалық...» Өйткені, «Бұл бес күндік бір майдан ер сынарлық... Қалжыңдасып өткізген қайран дәурен, Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық» (сонда, 1/53,54), ендеше «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» (1/59), «Ғылым таппай мақтанба, Орын таппай баптанба, Құмарланып шаттанба, Ойнап босқа күлуге» (2/60), өйткені, «Оқыған білер әр сөзді, Надандай болмас ақ көзді» (1/84). Сондықтан «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек» (1/95). Алайда, айналасы қараңғылық пен надандықтан әбден үйелеп қалғандай: «Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық» (1/46), «Біреу ұқпас бұл сөзді, біреу ұғар... Сөзді ұғар осы күнде кісі бар ма?» (1/58), «Айтушы мен тыңдаушы көбі надан, Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы» (1/72). Өкінішке қарай, айналысы сол меңіреу қалыпта: «...ғылым сөзін сөйлесер адам жоқ» (2/89), не үміт мұндайлардан «Көзінен басқа ойы жоқ, Адамның надан әуресі... Наданның көңілін басып тұр/ Қараңғылық пердесі». Ақын «Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі, Іштегі кірді қашырса, Адамның хикмет кеудесі» (сонда, 1/26) деген үмітпен және әке әмірімен ел ісіне араласады. Осылайша өзі де үйрене және өзгені де үйрете жүріп, қарындастарының көзін ашу мен ағартушылыққа білек сыбана кіріседі.

Әкесінің жұмсаған шаруаларын атқарып, аз ғана уақытта жер дауымен Құлыншақ пен Сүйіндіктің және Байдалының ауылдарына баратыны мәлім. Ендеше, «үлкен кісідей орамды жатыр», «қалай болса да тең сөйлеседі», «бала көргені – бала емес тәрізді» деп, жаңағы кездесулердің куәгерлері Абайға беретін баға да ойымызда сайрап тұр. Сол сияқты «Құнанбай баласының бұл жолғы үнінен өзгешелік көрді» деген немесе Абайдың Бөжейдің асына байданысты әкесімен тілдесуі және оған дайындық барысындағы «мынау өзі ер жетіп, пісіп қапты-ау», «қолынан келгенде, мықтап келеді» деген сөздердің де тегін айтылмасы түсінікті. Ал, астың соңында Байсалдың Абайды қасына шақырып алып, маңдайынан иіскеп «мынау күндерде Бөжікеңе адал іні боп, бетіңді аштың. Жақсы ағаның зор дәмесін әмсе өстіп ақтағайсың! Ақтарсың деп білемін! Ақтар-ақсың , шырағым!.. Өрісің алда! Бетің дұрыс! Дәл осы бетіңнен жарылғасын» деп бата бергені, әжесі Зеренің "Сенің кешегі күнгі еңбегіңе ағайын-анжы ырзалық айтыпты. Ұйқы басып, не білдім дейсің екеуің! Жұрт мақтап жатыр! адам бопты дейді. Соның ақысы!» - деп, дастархан жайып, мейірімін жеткізуі де Абайдың ерте есейгенінің айғақтары еді.

Қарқаралыдан ол шын мәнінде есейіп қайтқандай еді «...атқа мініп, ел аралаған жоқ. Көбінесе Жидебайдағы ауылда шешелерінің қасында болды. Көктемге шейін күндіз-түні кітап оқуға салынды. Медреседен қайтқалы кітапқа анықтап оқталғаны осы еді... қолына түскен әрбір қалың кітап соншалық бір қатты сағынып жолыққан ыстық, қымбат досы тәрізді болды. Ғабитқан да кітап оқығыш болатын. Соның кітаптарының ішінен өзін қызықтырған көп-көп асыл бұйымдар тапты. Мұнда Абұлқасым Туси-Фирдоуси, Низами,Физули, Науаи, Бабырлар бар. «Жәмшид», «Сеидбаттал Ғазі», «Табары жазған тарих», «Жүсіп-Зылиқалар», «Ләйлі-Мәжнүндер», «Көрұғлы» сияқты хикая дастандар да бар. Абайдың бас алмай оқығандары да осылар. Аздан соң, кешкі шайдан асқа шейінгі мезгілде Абай кейбір оқып шыққан кітаптарын үй ішіне әдемі әңгіме қып, айтып беріп отыратын әдет тапты. Бұған әжесі себеп болды. Зере Абайдың кітапқа берген ықыласын байқап бір күні кешке: - Қарағым, осының ақыл. Ішкен менен жегенге мәз боп, мойны-басы былқылдап, ақылдан да, өнерден де кенде боп жүрген бай баласы аз ба? Осы ала қағазыңнан айрылма! Ұқсама аналарға!.. - деген. Әжесі кітап қадірін жақсы айтқанға Абай ырза болып, жаңағы сөзден соң күн сайын бір тамаша әңгіме айтатын болды... бір түрлі шешен, шебер боп барады. Ғабитқан, тіпті өзі оқып шыққан кітаптарды Абай хикая қып айтқанда, бар бейілмен, жақсы ілтипатпен тыңдайтын" (М. Әуезов, "Абай жолы", 1/134).

Хәкім айналасындағы адамдардың одағай әрекеттерімен қатар тұрмыс-салттың ескірген жақтарын да алдымен өткір сөзімен, ал билік қолына тигенде нақты ісімен өзгертуді қолға алады. Өз мақсатын, насихаттық сөздерін біртіндеп жүзеге асыра да бастайды. Бұл үшін, яғни "қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі нәрсе керек. Әуелі – бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек" көрінеді (2/148). Осы мақсатта Абайдың төрт мәрте болыс, екі рет би болғаны тарихтан мәлім. Хәкім Шар өзенінің бойында 1885 жылы өткен «Шербешнай сиязда» жазған «Қарамола ережесі» секілді ағартушылық іс-әрекетімен ұлттық салт-дәстүрдің ескірген, адамға – азап, қоғамға зиянды түрлерінен халқын арашалап алудан үмітті. Мәселен, ол жетпіс төрт баптан тұратын Ережеге күйеуі өлген жесірді әмеңгері болмаса, екінші рет сатуға тыйым салатын, барымташы ұсталса, оның туыстары емес, ат беріп «жең ұшынан жалғасқан» сыбайласы жазаланатын өзгеріс енгізеді.

Ел ісіне араласқан кезеңде де, жұмысбастылығына қарамастан, ақынның өлең жазуы көбеймесе, азаймағаны, яғни өзінің сөз өнерін ширата түскені даусыз. Бұл жөнінде, жоғарыда айтқанымыздай, ғұлама Әуезовтің мына пікіріне тоқтаған жөн: «Абай ақындығы оның жас кезінен көп мұра қалдырмаса, "ол кезде Абай ақын емес еді" деу қате болады. Абай сол уақытта да ақын. Ақындығын және мол қолданған, күнде сынға салып, өз өнерін күнде безеп отырған ақын. Онысы және өмір құрылысына күнбе-күн, қолма-қол ұштасып отырған ақындық. Бір жағынан, жүйрік, шешен, әсем, ұшқыр сөздің ақындығы. Көбінесе қара сөзбен айтылған тапқырлық, алғырлық. Өлеңді, суырып салма айтысты Абай ойында да, шында да көп қолданып жүрген. Бірақ сонда да ол шақта өзін ақынмын деп санамаған. Өлеңді де ойын, қалжың, мысал түрінде көбірек айтып тастап жүрген. Әсіресе жігіттікке жеткен шағында қыз-келіншекке арналған сәлем хат, қалжыңды көбінесе өлеңмен айта беретін болған. Бірақ ол кездегі өлеңінің көбін өзі де ескермей, өзге де көп елемей, барлығы ұмытылып қалған... Өз өлеңдерін 1896 жылға шейін жиғысы келмегені Абайдың өлең сөзге үлкен сынмен қарап, үлкен шарттар қойғандығынан болған... Бұл екі өлеңнің («Сап, сап, көңілім», «Тайға міндік»-Б.Ж.) мазмұны мен стиль үлгісі Абайдың сол жастық шақтың өзінде де көркем шебер жырлар туғызуға жетіп қалғанын байқатады. Дәл осы өлеңнің («Тайға міндік») өзіне қарап-ақ Абайдың жігіттік шағында жазған шығармалары бір бұлар ғана емес, әлденеше өлеңдер болған деп нық сенуге сыяды. Тек өз өнерін әр кезеңде әр өлеңмен сынап, барлап жүрген ақын ол кездің шығармаларына өз басы толық мейірлене алмай, ұқыптап сақтамаған сияқты. Сол себепті осы алуандас әлденеше шығармалары жоғалып, ұмытылып, кейінгі шаққа жетпей қалған болу керек" (сонда, М. Әуезов «Абай Құнанбаев», 37, 75, 97- беттер).

Көріп отырсыздар, Абайды қырыққа толғанынша өлең жазбаған деу ағаттық көрінеді. Өмірде ерте есейген ол өлең өлкесіне де ерте ат қойып, өзінің бұл бәйгенің алдын бермесіне кәміл сенімді: «Өзім де басқа шауып, төске өрледім, Қазаққа қара сөзде дес бермедім» (1/45), «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын/ Қазақтың келістірер қай баласы» (1/73), «Қызыл тілім буынсыз, Сөзімде жаз бар шыбынсыз» (1/117). Ол өз өнерінің бағасын жақсы біледі және өлмейтұғын сөз қалдырарына сенімді. «Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым, Етекбасты көп көрдім елден бірақ» (2/22). Абай барша адам баласы үшін Алла тағала жаққан Ақиқат ұшқыны болатын. Ақынның қуаты бүткіл бір қоғамда қозғалыс туғызып, оның беталысын жаңа арнаға бұруға жетерліктей-ақ еді. Амал қайсы, айналасын қалың ұйқыдан ояту аса ауырға соқты: «Адасқан күшік секілді, Ұлып жұртқа қайтқан ой» (сонда, 2/51). Ол заманда да, қазір де бұ өмірге не үшін келгенін де ойламай, жалғаннан ұйқылы-ояу өте шығатындар аз ба!?

"Өз сөзім өзімдікі... ақыры осыған байладым»"

Зейін қойсаңыз, Абай өз шығармаларында , мұны жоғарыда да айтттық, ең бастысы, адам бақытын жырлайды. Ал, еңбек пен елжандылықты, өнер мен білімді, адалдық пен әділдікті, махаббат пен мейірімді сол ізгі мақсатқа жетудің баспалдақтары деп біледі. Алайда, замандастары «Түзу бол деген кісіге, Түзу келмес ырықтаптың» кебін киді. Сонда бұған қандай дауа бар, хәкім қандастарына тірлік мәнін түйсінте алмай, уланғандай хәлде: «Қиналма бекер, тіл мен жақ, Көңілсіз құлақ – ойға олақ» немесе «Біреуі олай, біреуі былай қарап, Түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ» (сонда, 1/88). Енді қайтпек керек, әркім өз басымен өзі әлек. Ақын қазынасы сан қырынан қанша сараланып келе жатса да «жұмбақ жанның жүрегінің түбіне терең бойлау», оның жұмбағын сырт көзден жасырған сырсандықтың «ішін түгел көру» екінің бірінің маңдайына жазылмаған: «Ұқпассың үстірт қарап бұлғақтасаң, Суретін көре алмассың көп бақпасаң» (1/43).

Ал, тыңдар құлақ болса, баяғысынша «қараңғылық пен қазақты» егіз ұғымдай түсіндіріп, "көзімізді ашқан" кеңеске қарыздар болумен қалайша келісеміз. Ақынның барша адам баласының қараңғылығы мен надандығына найза кезеген ащы сыны әлі күнге дейін тап бір қазаққа ғана арналғандай түсіндіріліп келеді. «Мақсұтым наданның көзін қойып, көңілін ашпақ», - дейді хәкім. Ал, көңілі сергек жанға ақынның асыл арманы да, алдымен жырлағаны да Адам бақыты екенін аңғару қиын емес. Айналасын басқан қалың қараңғылық пен нойыс надандыққа орыс патшасының құлдығы келіп қосылып, одан әрі діңкесін құрытады: «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың. Жақсы менен жаманды айырмадың, Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың... Өздеріңді түзелер дей алмаймын, Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың» (1/49).

Елдің бас көтерер деген адамдары да ұғымсыз: «Мәз болады болысың, Арқаға ұлық қаққанға. Шелтірейтіп орысың, шенді шекпен жапқанға... Жайы мәлім шошқаның, Түрткенінен жасқанба. Бір ғылымнан басқаның/ Кеселі көп асқанға» (1/85,86), «Құтырды көпті қойып аз ғанасы, Арызшы орыс – олардың олжаласы. Бірде оны жарылқап, бірде мұны, Қуды ұнатты-ау Семейдің бұл қаласы» (1/103). Сосын, әрине «Барымта мен партия – Бәрі мастық, жұрт құмар...» (1/133), ал бұл да аз десеңіз орыстың тентек суы да тентіретпекке келген, алайда «Сыпыра елірме, сұрқия, Көп пияншік нені ұғар», «Барып келсе Ертістің суын татып, Беріп келсе бір арыз бұтып-шатып, Елді алып, Еділді алып есіреді, Ісіп-кеуіп, қабарып келе жатып» (1/50). Сондықтан «Біріңді, қазақ, бірің дос/ Көрмесең, істің бәрі бос» (1/89), «Ұрысса орыс, Елге болыс, Үйден үрген итке ұсап» (1/115).

Олай болса, жан-жағынан жалаңдаған өрттің ортасына қамалған Абай қырық жасында қалайша қартаймаған? «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» (1/46) немесе «Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман» (1/47)... Енді осы екі өлеңін де одан әрі оқып көрелік: «...Ашуың – ашыған у, ойың – кермек. Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық, Кім көңілді көтеріп, болады ермек? - деп, өз тұстастарынан көңілі қалғаны анық. Ал, екінші өлеңінің жалғасы ақынның келешекке деген үмітінің де үзіліп бара жатқанын көрсетеді: "...Шошимын кейінгі жас балалардан. Терін сатпай, телміріп, көзін сатып, Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман». Рас, осы өлеңдерін жазғанда Абайдың күнтізбелік жасы қырыққа енді ғана ілінген. Елінің мұң-мұқтажы жолындағы жанкешті күресте ерте есейген оның қырық жасында қарындастарына ел ағасы тұрғысынан сөз айтуы да түсінікті. Бірақ, жас жағынан оған қартаюға әлі ерте дей тұрсақ та, шын мәнінде Абай өз жасынан әлдеқайда ересек болатын. Туған халқының өзге жұрттан кенжелеп қалып бара жатқаны жанын отша күйдіріп, мұзша қариды. Ал, ауыр ойдың адамды жеп жіберері бар... Перзенті Әбдірахман өлгендегі жоқтауында «Жасқа жас, ойға кәрі едің» деуі де ақынның өз басындағы ащы шындық. Әкесі Құнанбайдың да перзенті Абайға «көп талқысы ерте қартайтты» деп мойындайтынын жоғарыда айттық. Оның үстіне «Мұңдасып шер тарқатысар кісі болмаған соң, ғылым өзі – бір тез қартайтатұғын күйік» (2/89) және хәкімнің өзін тыңдасақ , оның күйетін де жөні бар: «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да, Алдамаған кім қалды тірі жанда?» (1/50), «Бір кісі мыңға, Жөн кісі сұмға, Әлі жетер заман жоқ. Қадірлі басым, Қайратты жасым/Айғаймен кетті, амал жоқ» (1/90), «Моласындай бақсының, Жалғыз қалдым – тап шыным» (1/92).

Абай бұ дүниеге әбден көңілі қалып, бетін бақиға ертерек бұрып алғандай: «Қайғы шығар ілімнен, Ыза шығар білімнен. Қайғы мен ыза қысқан соң, Зар шығады тілімнен... Қайғылы, қартаң біздей шал, Қарай берсең, қайда жоқ? Есер, есірік болмасаң; Тіршіліктен пайда жоқ» (1/135, 136). Хәкім алпысқа таяған шағында, көбінесе іштен тынады: «Мен өзім тірі болсам да, анық тірі емеспін. Әншейін осылардың ызасынан ба, өзіме ыза болғанымнан ба, яки бөтен бір себептен бе? – еш білмеймін. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты... бұ да жақсы, өлер кезде «әттеген-ай, сондай-сондай қызықтарым қалды-ау!» деп қайғылы болмай, алдыңғы тілеу болмаса, артқа алаң болмай өлуге» (2/97,98). Тегінде, ұлы адамдарға байланысты «заманынан ерте туған» деген қолпаш сөз бар. Біздіңше, олар керісінше дер шағында туғандар, тіпті уақытынан кешіккендер деген дұрыс. Мұнсыз, дұрысы оларсыз заман ұстанымымен келісе алмай, қарам-қайшылыққа түсу, қоғамда соны серпіліс туғызып, оны алға жетелеу екіталай. Өздеріне дейінгі салт-дәстүрдің озығына үкі тағып, жасығын тарих жарына итеріп, теріске шығаратындар да сол біртуарлар. Терістеуді терістеу, бұл – дамудың заңы, ескінің, кертартпа салттың орнын жаңасы, жасампаз озығы басуы тиіс. Мұнсыз өзгеріс те, даму да болмайды: «Жаралыс басы – қозғалыс, Қозғауға керек қолғабыс» (Шәкәрім Құдайбердиев, Шығармалары, «Жазушы», 1988 ж.,230-б.)

Біз, өкінішке қарай, кеңестер заманында туған тарихымызды беталды бұрмалау мен жосықсыз жоққа шығаруды бастан кештік. Тіпті, Абайдың өз тұсындағы барша адам баласына тән қараңғылық пен надандыққа қарсы сынын жалғыз қазаққа айтылғандай түсіндіріп, қазақты елдің қорындай көрсетпекке жанталасуды көзіміз көрді: "замандасы аз болды сөзді ұғарлық" (Шәкірім, сонда, 33- бет). Соның салқынындай күні бүгінге шейін Абай "қазақты оңдырмай сынайды" дейтіндер әлі де баршылық. Абайдың өз руын, замандастарын атап айтқан өлеңдері де тек соларға ғана арналды, солардың ғана басындағы кемшіліктерді көрсетеді деуіміз де қателік болады. Хәкімнің өзі де осыны алдын-ала білгендей: "Біреу ұқпас бұл сөзді, біреу ұғар, Бағасын пайым қылмай, аң-таң қалар... Бір кісі емес жазғаным, жалпақ жұрт қой, Шамданбай-ақ, шырақтар, ұқсаң жарар" (1/58) - деп ескертеді.

Өкінішке қарай, Абайдың айналасында «Мұңдасарарға кісі жоқ сөзді ұғарлық» (1/46), «Ойшылдың мен де санды бірімін деп, Талап, ойсыз, мақтанды қалдым күтіп... Үлгісіз жұртты үйретіп, қалдық кейін, Көп надандар өзіне тартар бейім» (1/65) немесе «Ендігі жұрттың сөзі – ұрлық-қарлық, Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық» (1/51), «Сырын түзер біреу жоқ, сыртын түзеп, Бар өнері – қу борбай, сымпыс шолақ» (1/52). Демек, «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел, Сендерге де келейін енді аяңдап". Бірақ амал қайсы, "Батырды айтсам ел шауып алған талап, Қызды айтсам, қызықты айтсам қыздырмалап, Әншейін күн өткізбек әңгімеге/ Тыңдар едің әр сөзін мыңға балап... Ақыл сөзге ынтасыз жұрт шабандап, Көнгенім-ақ соған деп жүр табандап" (1/74). Ақын көп наданмен алысып, көмек таппай қиналады: "Әбілет басқан елер ме/ Сөзге жуық келер ме? Түзу сөзге сенер ме/ Түзелмесін білген ез?"(1/87), немесе "Қара басқан, қаңғыған/ Хас надан нені ұға алсын" (1/119), "Көнбеді ешкім сөзіме, Әдетіне қарысып" (1/132). Абайдың өз өмірінің соңына қарай бұ жалғанға әбден көңілі қалып, бетін бақиға қарай бұрғаны анық еді: "Тұла бойды улатты, Бәрі алдағыш сұм жалған" (1/144), "Қайтты ма көңіл бетімнен, Яки бір қапыл қалдым ба? Өткен күнге өкінбен, Әм үміт жоқ алдымда. Іздегенім тәтті ұйқы, Дүниені ұмытып. Өлімнің суық тым сиқы, Тұрсын өмір жылытып" (1/139). Алайда, хәкімнің өзі айтпақшы, «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес... өлмейтұғын артына сөз қалдырған» (Абай, сонда, 1/161).

"Қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер"

Қазақстан Республикасының Президенті Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің алғашқы сапарын өткен жылы халқымыздың қасиетті тұлғалары Бекет-ата, Қожа-Ахмет Яссауи және Абай Құнанбайұлының рухтарына тағзым етуден бастады. Президент ұлы ақынның мәңгілік мекені – киелі Жидебайға келгенінде жергілікті ақсақалдарға Хәкім Абайдың 175 жылдық мерейтойының Мемлекеттік деңгейде атап өтілетінін атап айтқанының да куәсіміз. Осыдан көп ұзамай-ақ Президент арнайы Жарлыққа қол қойып, ұлы Абайды ұлықтаудың елімізде және халықаралық деңгейде сан-алуан шаралары басталып кеткен болатын. Әсіресе, Мемлекет басшысы қатысқан Абай өлеңдерін оқу акциясы жұрт көңілінен шығып, одан әрі үкілей жалғасуда. Әсіресе, Семейдегі ұлы Абайдың өміріне қатысты тарихи орындарды жаңғырту жұмыстарының барысы ақын елінің шетелдіктер де қызыға келетін тарихи-танымдық туризм орталығына айналатынына сендіре түседі.

Ұлы Абайдың бақиға озғанына да биыл 116 жыл болады: «Осы көктемде Абайдың өмірсерік екі арысындай, екі үлкен досы Ербол мен Базаралы да қаза болған... Бұл жайлар дәл Мағаштың қысылып жатқан шағында болған еді. Абайдың қайғысы онсыз да жетіп жатқандықтан Кәкітай мен Дәрмен өздері де Абайға білдірмей, өзгеге де айтқызбай ірке тұрған-ды. Тек Мағаштың өлімінен он екі күн өткен соң ғана ауыр қаза хабарын екі іні дос – Дәрмен мен Кәкітай амалсыз отырып, оңаша жерде ғана Абайға айтқан еді. Абай сонда егіліп тұрып еңіреп жіберген. Ұзақ уақыт бойын жия алмай, бар еңсесімен бір тұңғиыққа қарай ұмтылып, құлай бергендей күрт кеткен екен. Осыған шейін бірталай шақ өз ішінде үнсіз буынып, улы дертпен түйіліп қалған болса, дәл сол бір сәтте «соңғы рет айтып қалайын» дегендей өзгеше бір зар щеккен-ді. - Құп-қу болып жапа-жалғыз қалыппын! Бақсының моласындай жапа-жалғыз қалыппын. Кімім қалды, нем қалды?! - деп өзімен-өзі сыбырлай күбірлеп сөйлеп кетеді. - ...Ей сорлы заман, менен аяған қай қастығың қалды... Мен ішпеген у бар ма!.. Жүрегімді көрші міне, жарадан сау жер қалды ма? Мұнша ғазап шеккендей не жазық, не айыбым бар? Көп көргенің шер кеуденің әлсіреген тынысы ма?! - деп біраз отырып барып, тағы да бір ауық уланған оймен оянғандай болады...»

Әуезовтің романынан білетін осы бір қайғылы жай одан әрі былайша баяндалады: «Абай осылайша бар асыл жандарынан айрылғанын көріп күңіреніп болды да, ұғымсыз бір дертке түсті... қазір дүние жыртылып, бұзылып, құлап, тозып бара жатқандай. Бұл білген жақын дүние дәл солай. Халық ашығып, жүдеп, жұтап, қырылып барады. Сахара жұрты шұбырды. Бұл қадірлейтін «халық» дейтін қалың шоғыр ыдырап, таусылып барады. Абай өзі болса, бұның да тірегі сынды, Мағашы кетті. Енді бұл өзі де ортасынан опырылып, құлап, сынып қалған. Бұның да өзінің барлығы, болмысы бытырап, ыдырап тозып бара жатқандай. Өзінің де бір сипатынан соң бірі сипаты күн санап тарап бітіп барады... Ол сөйлемейді, ой да солған. Күлмейді. Қуаныш пен жұбаныш, жақсылық пен жаманшылық, күн мен түн айырмасы жоқ боп тұтасып, мұнарға айналып барады... Мағаштың қырқын беріп болған күннің ертеңінде Абай және қаза тапты. Ұлы кеуденің ыстық демі тоқталды. Шөл даланы жарып аққан дариядай, игілік өмір үзілді. Сонау бір шақта тасты тақыр, жалтыр биік басына жалғыз шыққан зәулім өскен алып шынар құлады. Өмірден Абай кетті...»

Бұдан әрі ел-жұрттың ардагер ақынымен қиыспас қоштасуын Мұхтар Омарханұлы былайша суреттейді: «Осыдан бір жарым ай өткен соң, күз тақап жайлаудың елі Шыңғыстан қайта асып, бауырға қарай үздік-создық көштер созылды... Бүгін осы биіктің басына өте көп елдің көштері соғып өтті. Көшпен келе жатқан ата-аналар, тай-құнанға мінген балалар, әсіресе қой, сиыр айдаған малшы, жалшы, жалпы жұрт. Таң атқалы көп ел келіп өтті. Түс ауа бергенде зиратқа Абайдың өз ауылының барлық еркек-әйел, кәрі-жас, ес білген жандары шұбырды. Ұзақ салқар арбалы, атты, жаяулы халық селі шұбатыла созылып келген-ді. Үлкен төрт құлақты бейіттің іші кең, сырты көлеңкелі тақыры бар, мол болатын, осы орындардың бәрін толтыра кернеген жұрт тағы да тегіс егіліп, еңіреп жылауда... Әйгерім үшін осы жоқтауды Дәрмен жазған-ды. Ал шерлі, күйлі көркем сазды Әйгерім өз жүрегінен тудырған... Әйгерім айтқан сөз бұл өңірде, бұл шаққа шейін Абай жөнінде әлі күнге қазақ баласы айтпаған сөз. Асыл жардың аузымен халық ұлы Дәрмен Абайға халық атынан үн қатады. Несімен қымбат! Қандай қадірлісі еді халықтың Абайы! Оның тілімен зарлы, шерлі аналар жылап еді. Саналы ата, ойлы азамат ой таратып еді. Оның үнімен өрісі бар, үміті бар жас буын жамандықтан жиренгенін, жақсы күнді көксегенін таратып айтып еді. Сол үшін Абай өлген жоқ бүгін. «Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған!" - деген өзіңсің Абай аға!.. Абайдың жаңа бір туысын қабыл алып отырған халық-ата, халық-ана осы еді» (сонда, "Абай жолы", 392-399 бб).

Абай – ұлы даланың рухы мәңгілік ұлы перзенті. Немере ағасы әрі ұстазын кемеңгер Шәкәрім ерекше жоқтап, ардақ тұтады: «Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық, Арам айла, зорлықсыз мал табалық... Жүз айтқанмен, өзгенің бәрі надан, Жалыналық Абайға, жүр баралық!.. Бұл Абай саудагер ғой ақыл сатқан, Әртүрлі асылы көп өтпей жатқан... Қой, ойлалық шатылып, шатаспастан, Оңамыз ба Абайдан бата алмастан?.. Абай кетсе, осы елде кім қалады, Не табамыз наданнан сұранбақтан?... Мынау Абай – бір ғалым жол шығарлық, Замандасы болмады сөзді ұғарлық... Өз Абайын өздері ұнатпайды, Шын надан осылар ғой біз қашарлық... (Шәкәрім, шығармалары, «Жазушы», 1988 ж., «Жастарға», 31-33 бб.) немесе «Жолама қулар маңайға, Не қылмадың талайға? Кім жағады сендерге/ Тартқызған азап Абайға?.. Ақылы дария Абайдан/ Таусылмас қоры кен қалар... (сонда, "Жолама қулар маңайға", 176-б).

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында ұлы ақын тұлғасын бұрынғыдан да асқақтата түседі: «Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал, ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады... Ол әділетті қоғам құру идеясын көтерген. Демек, Абайдың көзқарастары ХХІ ғасырдағы Қазақстан қоғамы және оның береке-бірлігі үшін аса құнды. Хакім Абайдың ұстанымдары өркениетті мемлекет қағидаларымен үндеседі...» Бұдан әрі республика Президенті өз ойын былайша түйіндейді: «Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады... Абай өзінің қара сөздерінде адамзат баласына ортақ мұраларды дәріптей отырып, рухани биікке құлаш сермеп, алысқа қанат қаққанын көрсетеді. Оның қара сөздерінің арқауы – кісілік, мәдениет, ізгілік. Қазақ елі барда Абай есімі асқақтай береді. Оның асыл сөздерін рухани байлығымыз ретінде жоғары ұстасақ, туған еліміздің әлем алдындағы абыройы арта берері сөзсіз... Бұл тойдың тұсындағы басты мақсатымыз – бүкіл халықтың ұлт ұстазы алдындағы өзіндік бір есеп беруі іспеттес болуға тиіс деп білемін. Абай сыны – ауыр сын, сындарлы сын.Озық отыздыққа қосылуды межеледік. Ол межеге де жетеміз. Сол межеге жетуге де бізге Абай мұрасы көмек бере алады. Ендігі мәселе – біз сол Абайдың көмегін түсіне алдық па, зерделей аламыз ба?»

Зерделей аламыз ба? Шынында да Абай «шыңына» көз түгілі, көңілдің жетуі екіталай және бұл екінің бірінің маңдайына жазылмаған тағдыр. Абайдың «жүрегінің түбіне терең бойлау үшін» әуелгіде, тым құрыса, ақынның «сырты күміс, іші алтын» сөзіне шын көңілден құлақ қою керек. Жаттап алып, басқаның алдында жарқырай көріну, «сырын емес, сыртын түзеу» үшін емес. Адам болып келген соң адам болып өту үшін. Жүрегіңді тазарту, «өзіңнен өзің есеп алу үшін». Себебі, Абайдың бар мақсаты туған халқына «жақсы менен жаманды айыруды» үйретіп, өркениет өріне жетелеу болды. Сондықтан «Мұны жазған кісінің/ Атын білме, сөзін біл» (1/61) деген терең тағылым иесі – Құнанбайдың перзенті, қазақтың Абайы болатын. Ақын өсиеті – ұрпаққа мәңгі аманат!

Болат Жүнісбеков,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, абайтанушы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар