Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Жолтай Жұмат-Әлмашұлы: Он түрлі ой...

10.08.2017 3266

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы: Он түрлі ой

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы: Он түрлі ой - adebiportal.kz

«...ЖАЛҒЫЗБЫН! ЖАЛҒЫЗСЫҢ? ЖАЛҒЫЗДЫҚ...»

Кімнің басында жоқ дейсің осы пәлекет! Тағдыр басқа салса, не шара! Біреу сүйген жарынан айрылып, соқа басы сопайып қалып, жалғыздықтың ащы уын тартып жатады, ол басқа әңгіме! Біреуге әу бастан жалғыздық деген жалмауыз жабысып алады да, қыр соңынан қалмай, қаншама жыл әуре-сарсаңға салады, бұл да басқа әңгіме! Ал, біздің айтпағымыз мүлде басқа жалғыздық! Өз жайымызға ауысайын. Біздікі не осы? Қолға қалам ұстаған қаламгер бауырларды айтам да. Әу баста дос көп сияқты болып көрінеді, бір-бірімізге барғышпыз, жазғандарызды талдап-таразылап, бағасын әп-сәтте беріп, одан бетер қанаттандырып жататынбыз, алайда келе-келе сирейміз, арамыз алшақтай түседі, ал соңғы жағында жападан жалғыз қалғанымызды да аңғармайды екенбіз! Бір ақын бір ақынды менсінбейді – онысы несі? Бір жазушы бір жазушыны өлердей жек көріп тұрады – не болып қалды екен? Бір драматург екінші драматургті мадақтауға сараң, керісінше тілі мен жағына сүйеніп тұрып, сөз өрбітеді – түсініп көр! Осының себебін өз жүрегімізден іздеп көрдік пе? Жоқ, іздеуге аса ықыласты емес екенбіз, өз атақ-даңқымызға өзіміз масаттанып жүргенде, ондай «түкке тұрмасқа» кімнің бас қатырғысы келеді а? Міне, бар түйткіл мен түйін осы арадан бастау алатын секілді. Қызғаншақтық па? Ау, әркімнің таланты әр деңгейде, сосын да әр қаламгер өз биігімен көрінеді – қызғаныш қылар не бар? Көре алмаушылық па? Ау, сен бағаладың не, бағаламадың не, жазылар дүние жазылған, енді оның әділ төрешісі уақыт – оған бола несіне жанталастың? Көкірек керу ме? Апырмау, мына бес күндік жалғанда адамнан адамның артылары не, асып кетер несі бар, бәрі де өлшеулі тірлік – кекіреюдің қандай пайдасын көрмексің? Қолымызды кеудемізге қойып тұрып-ақ айталықшы, біз, қаламгерлер, достық пен татулықты, бауырмалдық пен туыстықты, сезімталдық пен сыйластықты барша адамдардан бетер нәзік сезініп, жан жылытардай етіп жырлаймыз, жырлап та келеміз! Бірақ, өзді-өзімізге келгенде сол асыл сезімдер дереу салқын тартып, барынша көмескіленіп, пенделік деген пәлекетке бас шұлғи табынып, соның ығына жығылып кетеріміз неліктен? Міне, сосын да жалғызбыз! Жалғызсың! Жалғыздық...

«...КІЖІНІП ПІКІР АЙТУ – КЕМШІЛІК!»

Пікір! Пікір! Тағы да пікір... Осы күні қандай да бір сайтты ашып қалсаңыз, телегей-теңіз ойлардан көз сүрінеді, толып жатқан пікірлер! Тереңі бар, орташасы бар, бетін қалқығаны бар – әйтеуір пікір айтқыш-ақ екенбіз! Ғалым емес кісіңіз өзінше білгішсініп, қайсыбір данышпанды алға тартып, бір ғалымның жағасынан алып жатады. Жазушы емес жазушымен тәжікелесіп, оған ақыл айтып, қалай жазуды үйретіп, өз пәлсапасын тарқатады. Ақын емес ақынға жол сілтеп, жоба көрсетпек болып ышқынады! Дұрыс-ақ шығар! Біздің елде ой-пікір еркіндігі бар, кім не айтқысы келсе де, есік ашық! Ащы айтасың ба, сипалап сөз тарқатасың ба – өз еркіңде. Тап осы арада бұған ешкім де, тіпті біз де төреші емеспіз. Алайда, ел емеспіз бе, ұлт емеспіз бе? Намыс ортақ болмас па? «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» деген қисық аксиоманың заманы өткелі қаш-шан! Біз әлемге қараймыз, ал әлем бізге қарайды. Олар неге озып бара жатыр, біз неге жете алар емеспіз? Алға түсудің алғышарты қандай болмақшы екен? Асылы, осы тұста мықтап ойланар кезіміз келген-ақ шығар! Қазақты мақтап, аспандатып, көкке көтеріп те байқадық- ештеңе өнбеді! Қазақты өлтіре сынап, қан-жоса етіп масқаралап, түп-тұқиянына «тікен» қадап та байқадық - асып кеткеніміз шамалы! Не етпек керек? Осы күнгі жан-жақтан жапа-тармағай жабыла, аузымызға не түссе соны айтып, көки бергеннен ұтарымыз бар ма екен? Ойланарлық сауал! Енді, шамасы, не айтсақ та санада салмақтап, оймен өлшеп, парасатпен пайымдап барып тілге тиек етпек керек болар! Пікір айтпай қойғаннан, не де болса ойыңды жасырмай, пікір білдіріп отырған әлдеқайда пайдалырақ! Бірақ, пікір айтудың да өз мәдениеті, жақсылар салып берген жолы бар емес пе? Ойсыз сөз – өзіңе де, ұлтыңа да олжа емес! Кек сақтап сөз сабақтау – қанша әспеттегенмен емі табыла бермес сабақты «кесел»! Кіжініп пікір айту – қалай десек те кемшілік! Ашу мен ыза өз ойыңның асылдығы мен кемеңгерлігіне нұқсан келтіріп қана қоймайды, оның бағасын түсіріп, құнын кетіреді, назарды мүлде басқа жаққа аударып әкетіп отырады. Пікір айтайық, ағайын! Жаратқан ием ой-пікірсіз қалғаннан сақтасын! Тек біздің пікіріміз мән-мағынасы жоқ тұйық жолға бастап кетпегені мақұл ғой...

«...АДАМ БОП ҚАЛА АЛМАСАҢ...»

Сөз мырза бүгін мені жаналқымнан алғандай боп, құлқын сәріден құлағымды сарсытып бара жатқан. Айтып жатқандары, әрине, екіұштылау, дауласуға да болатындай. Бірақ, «әй, қойшы» деп қол сілтей салуға тағы да жөні жоқ! Былай деген: «Сендер жазушысыңдар, қалам ұстаған ой адамдарысыңдар, оған сөз жоқ, алайда қаламгер болу да белгілі бір мамандықты меңгергендей нәрсе, сосын да өз атымен атап қойса артық болмас. Бұны айтып жатқан себебім- осы күндері ақын-жазушы болдым деп, кеуде қағып, өзгелерді өңмендеп, басып-жаншып, тек маған құрмет жасаңдар деген емеуірін сездіре, өздерін тым асқақ ұстау үрдісі әдетке айналып бара жатыр. Ау, бұл қалай? Жарайды, жақсы қаламгер екен, оны қалың ел-жұрт тиісінше бағалаған екен, олай болса тым аспандап кету деген немене? Сонда, айталық, кез-келген мамандық иелері де, егер жақсы маман болса, дереу кеуде қағып шыға келсе бола бере ме? Олай болса, инженер де, теміржолшы да, құрылысшы да, шаштараз да, етікші де, т.б. толып жатқан өз саласының «озық майталмандары» да болғанға марқайып, кеуде кере сөйлеп, асқақтап тіл қата бастаса, өмір не болмақ? Осы жайынан ойланып, бас қатырып көрдіңдер ме, қаламгер мырзалар?..» Аяғына дейін тыңдадым, бөлгем жоқ! Бірақ, бас изеп, қостау белгісін де байқатпағам. Соны сезді ме, маған бажырая қарап алып, «саған айтып жатқан мен ақымақ» дегендей, жалт бұрылып, өз жөнімен кете барған. Ойға салып саралап байқасам, әрине, ақын-жазушылардың, жасыратыны жоқ, кейбір көпшілік орталарда көкейге қонымсыздау, сөкеттеу қылықтары байқалып қалып жатады екен! Аспандап сөйлеу, арындап сөйлеу, өзін-өзі көтермелеп, тіпті мақтап-мадақтап әңгіме тиегін ағыту секілді артық мінездерден ада дей алмаспыз! Талант қандай мадаққа да ылайық, әрине! Бірақ, неге керемет талант мына менмін дегендей болып, өзімізді өзіміз мадақтап, керіле кеуде ұрып жатамыз, а? Бар кемшілігіміз – ел аузымен айтылуға тиістіні көбіне өзіміз айтып қоя береді екенбіз-ау, шамасы! Таланттың екінші аты – сабыр болса керек-ті! Шыдам мен сабыр бәрін де жеңе алатын болар! Осы екі шарт – кісіні қай кезде де, қандай жағдайда да адамдық асыл жолдан адастырмас! Ең алдымен Адам боп қала алмасаң, бәрі де бекер! Бұл ойыма қалай қарайсың, Сөз мырза?..

«...ЖАС ЖАЗУШЫЛАРДЫ ҚАЛАЙ ҮЙРЕТПЕК КЕРЕК?..»

Тағы да бір тосын ой көңіл терезесінен сығалап тұр! Айтпасыма, тілге тиек етпесіме қоятын түрі жоқ! Ол не? Әлбетте, бүгін менің мамандық жағынан әріптес дос-жарандарымның төл мерекесі! Сосын да үнсіз қала алмай, оларға да сөз арнап, құттықтау лебізімізді жолдап та қойғанбыз. Айтпағымыз – тап осы кездері журналист ағайындар өте бақытты, өйткені көптеген жоғарғы оқу орындарында журналистиканың қыр-сыры мен жазу әлемінің әліппесін оқытатын, санасына сәуле құятын арнайы факультеттер бар! Бұл-үлкен жетістік! Бұл – үлкен бақыт! «Жанам деген жүрекке от беретін» жақсы да жарасымды ұя! Ал, енді... жазушылыққа талап жасап, аяғын әлтек-тәлтек басып келе жатқан жас жазушылар мен драматургтерге кім жол-жоба сызып, керекті ақыл- кеңес береді? Рас, драма жанрына әп деп қадам басқандарға Өнер оқу орындарында аз-кем дәріс оқытылады екен, оны да білеміз. Бірақ, біздің шамалауымызша, қара сөздің қаймағын қалқитын сөз зергері – жазушыға кеңес сөзін айтатын орта жоқтың қасы-ау! Мәскеудегідей бізде әлі «әдебиет институты» ашылған жоқ! Сонда менің жас қаламгер іні-қарындастарым кімнен, қайдан, қалай үлгі алмақшы? Нені жазбақшы? Жазған екен, енді оның бағасын кімнен естімекші? (Әдеби сынның әбден «ақсаған» тұсы тағы да!) Жалпы, жазушы болудың «азапты сапары» хақында қолға қалам ұстап, көркем дүние жаза бастағандар кейін емес, ә дегеннен біліп өскені де жөн болар-ақ! Жазушылық – жолбике мамандық емес! Оны жеңіл-желпі сезініп, шимай-шатпақпен күн өткеріп, «ойыншыққа» айналдырып жүргендер мықтап қателеседі, әруағынан қорықпағандары... Әркімнің өз ойы бар шығар, оған еш таласымыз жоқ, ал бірақ біз мынадай ұсыныс айтпақшымыз. Қазіргі кезде жоғарғы оқу орындарындағы филология және журналистика факультеттерінде оқып жатқан студент жастарға белгілі қаламгер ағалары, атағы жер жаратын жазушы аға-апалары жиі-жиі келіп, өзінің қаламгерлік тәжірибесімен бөлісіп, әңгіме-повесть жазудың құпия қырларын әңгімелесе, бетпе-бет отырып ой бөліссе, жас таланттардың сиясы кеппеген дүниелерін дереу оқып-талқыласа, нұр үстіне нұр болмас па! Осыған оқу орнының басшылығы да аса ынталылық байқатып жатса, қандай ғанибет! (Тіпті оқу орнының сабақ кестесіне енгізіп, ақылы түрде жүргізуге мұрындық болғаны аса қажет!) Бұл, әрбірден соң, практикалық сабақ, нақты мысалдармен үйрету, одан да тереңдетіп айтар болсақ, жас адамға жазу өнерінің жол-жобасын сызып бергендей әсер бермес пе! Оған қоса өзінің де жеткен деңгей-дәрежесін сол уақытта бағалап-салмақтап, кемшілігі болса, енді олай жазбауға бекініп, өз бойын өзі жинап ала қояр еді дейсің! Кім біледі, олардың арасында болашақ Толстойлар мен Әуезовтер, Чеховтар мен Майлиндер өсіп келе жатқан шығар?! «Бұлақ көрсең, көзін аш» деуші ме еді! Міне, арнаулы әдеби оқу орны болмаған соң, әзірге осыны «әдебиет мектебі» деп атасақ, әсте артық болмас еді-ау! Айтпағымыз осы еді...

«...ҚЫРСЫҚТАН ҚҰТЫЛУДЫҢ ЖОЛЫ...»

Әдеттегіше, ақылдасар ешкімді таба алмай, өз-өзімнен қинала қалған сәтте қайталап, тағы да Сөз мырзаға иек артқам. Дәлірек айтқанда, Сөзден ақыл сұрағам. Былай деп сұрағам: « Мына өмірде қисықтар мен қыңырлар қаптап кеткен тәрізді, қайда бұрылсаң да, алдыңнан ақылды емес, ылғи бір кертартпа кісілер кес-кестей береді. Не істесем екен?!» Сөз саспады. Баяғы қалпымен сабырлы мінезіне басып, жауап қатуға да асықпастан, самарқау кейіп байқатып, маған былай деген: «Есіңде болсын, адам бәрін де жеңе алады, оның жеңбейтіні жер бетінде жоқ десе де болар, бірақ жер үстіндегі өз қиялымен өмір сүретін, өзінікін ғана дұрыс санайтын, сөзі де, ісі де қисықтарды жеңген пендені көрсем, көзім шықсын! Олар жеңілмейді, өйткені оларда ар мен ұят жоқ, адамгершілік пен намыс жоқ, тек өзінікін жөн санайтын менмендігі ғана бар! Оларды жеңе алмайсың, олардан ең абзалы тезірек құтылу қажет!» Алар жауабымды алдым да, аз-кем ойланып тұрып қалғам. Ар мен ұят деді ме? Апырмай, осы пендеге қажет екі ұлы қасиет қай кісінің де бойында әу баста бар болса, ол қисық та, қыңыр да атанбас еді-ау! Тіпті оны айтасыз, ондай адамдар ең алдымен өзін емес, өзгенің бақытын ойлар ма еді! Арсызда өзімшілдік, қызғаншақтық, екіжүзділік... секілді жегіқұрт мінез әрине молшылық! Ұятсызда өз басын ойлау, өзгенің алдын кес-кестеу, жақсылыққа жол ашпау... іспетті кертік те кер мінез баршылық-ақ шығар! Сонда... қырсық адамнан не күтуге болады? Өзінде ұят болмаса, ар деген асыл ұғымды аяққа таптап отырса, нені армандап, не күте аламыз? Сөз тыңдар ма? Көшелі әңгімеге қонақ бере ме ол?.. Жақсының қадіріне жетер ме? Бағалар ма сөзі де, өзі де көшелі кісіні?.. Жоқ! Мүлде жоқ! Қырсық пен қыңырлық та өз ретінде байқатпай бойға біткен, енді ешқашан ажырамас, мәңгі серік боп алған, сол адамның өзіне оңайлықпен білінбес сабақты «кесел!» Мінездің кеселі... Олай болса, қырсықтардан құтылудың ең төте жолы – оған сөз қатпау деседі! Сөз мырза да маған соны айтты! Олардың дегеніне дауласып, айтқанына таласып әуре болмау дегенді ұқтырғандай! Жә, егер бәріміз солай ете берсек, жер бетіндегі қырсық пенн қыңыр атаулы «мен жеңдім» деп, аузына келгенін айтып, ойына келгенді істеп, жағасы жайлауға жетіп, қай жерде де «сөз менікі» деп бөсіп ала жөнелмес пе? Күресу керек қой олармен! Ымырасыз күрес керек емес пе? Бірақ, қалай? Қандай жолмен? Кім біледі? Кім айта алады жауабын, а?..

...ҮЙРЕК ПЕН БҮЙРЕК!..»

(мысал орнына)

Екі көзтаныс базар маңында кездесе қалған. Бір-бірін жыға танымаса да, әркез осы араларда жолығысып қалып, бас изеп болса да амандасып жүретін. «Жүзі жылы адам» деп ойлайтын біріншісі. Ал, екіншісі «өзі иманды кісі болар, сәлемі түзу» деп іштей ризалық байқататын. Қысқасы, осы жолғы кездесуде олар тілге келісті, бір-бірімен сөз алмасты. Алғашқысы айтты: «Мен бұл базарға текке келіп жүргем жоқ, Үйрек сатам», - деді. Екіншісі де жұлып алғандай болып, «сен қандай бақытты жан едің?» дегендей, оған қостау сөзін айта түсіп, өз жайынан да хабардар етіп, әлсіз дауыспен жылдам жауап қайырған: «Менің де іздеген адамым бар, соған жолыға алмай келем, осы маңда кездеспекші ек, күнде бой көрсету себебім де сол, мен... Бүйрек сатам» деді. Алдыңғысы сөзге аса мән бермеді ме, дереу сауал берген: «Қаншадан сатасың?». Танысы бұған сұраулы жүзбен қарап қалған, шын сұрап тұр ма дегендей таңданысы бұл. Ал, анау ентелеп-өңмендеп қояр емес. « Бағасы қанша деймін?». Тіпті болмай, тығырыққа таяп бара жатқан соң, аздап арзандатыңқырап: «Бес жүз мың..» деген. Бұны ести сала ана танысы естен танып, құлай жаздаған. «Қандай қымбат! Әзілің болар?..» Бүйрек сататын кісі күле түсіп, «еш әзіл емес, қайта кішкене бағасын түсіріп айтқаным бұл...», - деген. Сол-ақ екен, әлгі танысы отыра қап, зар сөзін айтсын. «Мен бейбақ үйдегі мама Үйректерді оң мыңнан әзер өткізем, онда да алушы табылса...» деп, күйзеле тілге келіп еді, танысы енді ғана мән-жайды ұға қойып, оған қолма-қол жауабын да беріп жатты. «Бауырым-ау, сенің айтып отырғаның Үйрек қой, ал мен Бүйрек сатам, амалсыз сатуға шықтым, ақша керек болған соң... Енді, міне, сол алушыны аңдып, сауданың сәті түсе ме, түспей ме деп, ит күнді өткізіп жүрген заман...», - деп, өзі де күңірене-қамыға түскен. Үйрек сатқыш танысы енді ғана қымбат бағаның құпия сырын бағамдағандай болып, көзтаныс адамға барынша мүсіркей, жаны ашығандай кейіппен, ұзақ қарап тұрып қалған...

«...ӨЗІҢДІ-ӨЗІҢ ҰНАТПАЙСЫҢ...»

(аударма ахуалы)

Менің бір түсінгенім – қанша жерден алғыр, алымды, еңбекқор, талантты болса да, оған қоса басқа тілді барынша жетік білсе де, ешбір тәржімашы- аудармашы сенің жазған көркем дүниеңді сол қалпында мөлдіретіп, өзге тілде бере алмайды екен. Осының қолға түспес құпия-қатпарын күні кешеге дейін түсінбей келіп ем, енді байқасам, оның да өзіндік себебі бар болды. Ең басты себеп – әр қаламгердің өзіне тән жазу машығы бар, оны екінші бір кісі қанша талпынса да сол күйінде бар бітім-болмысымен өз бойына толығынан сіңіре ала ма? Бұл үлкен сұрақ! Өмірлік сұрақ! Қаламгердің жазу стилі – дара бітімді, былайша айтқанда екінші рет қайталанбайтын құпия әлем! Сосын да әрбір талантты қаламгер қайталанбас құбылыс! Рас, бір кездері қазақтың аса талантты жазушысы Мұхтар Әуезов «өзге ел жазушысының стилін өзгертпестен, сол қалпында сақтап аудару» мәселесін күн тәртібіне қойып, өзі бастап, Тургеневтің «Дворянское гнездо» романын аударып байқаған. Оның арты түрлі талас-тартыс пен дау-дамайға жол ашқан, әркім бұл «бастамаға» өзінше баға беріп, әр тілдің өз ерекшелігі болатынын қайта-қайта айтып, бірі жақтап, екіншісі даттап, у-шу болған заман да өткен. (Біз бұл жайынан 1979 жылы диплом жұмысын жазып, «үздік» деген баға алғанымызды айта кетсек те артық емес шығар!) Айтайын дегеніміз – осы соңғы жылдары менің азды-көпті жазған көркем туындыларыма қызығушылық байқалып, қайта-қайта өтініш айтып, олардың кейбірін орысшаға, тіпті ағылшыншаға да аударуға талпыныс жасалуда. Әуелде қарсылық жасамасақ та, алғашқы аударма жұмыстарын оқи келе, көңіліміз қоңылтақсып қалғанын да жасырмаймыз. Ашығын айтар болсақ – сол аударманы оқып болып, кеудеңді әлдене сыздатқандай, жүрегің жиірек соғып, басың айналып кетіп, әл-дірмәнің құрып бара жатқандай ма – әйтеуір, қарадан–қарап өзіңді-өзің ұнатпай тұрасың! «Пәлі, мына шығарманы расымен мен жаздым ба!» деп, кеудеге кептелген кермек ойға ерік бересің!

Аударма – өнер! Оған сөз бар ма! Ол талай заманнан сынақтан өткен, алыс күндерде сыналып-қалыптасып үлгерген қағида! Теориялық тұжырым! Алайда, аударма жұмысына өз еркімен саналы түрде «жегілген» кісілер өзі тәуекел еткен қаламгердің ең алдымен жазу машығын, басқаға ұқсамайтын стилін түптеп зерттеп, жан-жақты зерделеп алса ғой дейсің! Тек соны түсініп, бойына сіңіре алған кезде ғана аударма жұмысына отырса нұр үстіне нұр!!! Көкейді тескен, қайтсем де айтуым керек деген оқшау ойдың түйіні – осы еді! («Роман-өмір»).

«...ҚАЗАҚҚА ҚАДІРСІЗ ҚАЗАҚ!..»

Сөз мырза өз әңгімесін сұрақпен бастаған: «Мына қазақ ең алдымен кімге қадірсіз, а?» Жауап айтпақшы болып, ойымды жинақтап алып, енді ыңғай таныта бастап ем, тағы да алдымды бөгеді. Былай деді: «Қазақты осы күні кім қадірлеп жүр? Әй, айтарсың! Табарсың, қазақты аспандата мақтайтын өзге ел азаматы мен өзге жұрт өкілдерін! Тек қазақтың өзі емес...» Жүрегім дір-р ете түскен. Қазақтың өзі емесі қалай? Сонда бұл қазақ... Жә, несіне көлгірсиміз, расында да қазақты алдымен қадірлей алмайтын өзге емес, тап осы қазақтың өзі-ақ! Екі ғалымның басы қосыла қалса, үшінші ғалымды жамандайды, жамандап қана қоймайды, бар еңбегін түкке алғысыз етеді. Соны айтып тұрғанда екеуінің де беті бүлк етсе кәні! Бір жазушы екіншісін оп-оңай «соғымға сойып» жібере салады, оның обалы кімге деп ойлап жатпайды. Бір әнші екінші әншінің жап-жақсы даусы бар екенін біле тұрса да, ешқашан «талантты» деп жақ ашуға жоқ, айтса тек сын пікірге ерік береді. Ел аузында жүрген қайраткер азаматты екінші бір қайраткерсымақ әр жерінен мін іздеп, өлтіре сынап, түкке алғысыз етуге барын салады, содан рахат табатын секілді, шамасы! Қысқасы, қазақ ең алдымен қазаққа қадірсіз болып келе жатқаны айдай ақиқат! Оның себебі неден? Бір білгіштер мұның басты себебін сол баяғы көре алмайтын ұлы қызғаныштан көреді, екіншілері өз халқына тиер пайда мен зиянды салмақтап-саралай алмайтын түксезбес топастыққа балайды, ал үшіншілері ел болып еңсе көтеріп, ұлт болып ұйыса алмағандығымыздан деп пәлсапа соғады! Біз де білгішсініп, «былай ғой енді» деп, оған анықтама беріп жатпай-ақ қоялық! Бір білетініміз – қазақ осылай кете берсе, өз қадіріне өзі жете алмаса, өз аяулыларын өздері көкке көтере алмаса... маңдайының соры бес елі болып тұралап қала бермекші! Көсегесі көгерер елдің ер-азаматтары өсек сөз термейді, кесек сөз терер болар!.. Сөз мырза, солай ма?..

«...КІМДІ КӨБІРЕК ТЫҢДАУ КЕРЕК?..»

Сөз маған «осыған да көп ақыл керек пе?» деді. Сосын тағы да айтты: «Бәрі де өз қолдарыңда емес пе? Неменеге бүйректен сирақ шығара бересіңдер!» Содан соң былай дамытқан: «Кімдер туралы көбірек айтып-жазу керектігін осы күнге дейін біліп-ажырата алмай келе жатсаңдар, өз обалдарың өзіңе!» Түсіндім! Оның арғы ойы да менің санамда сайран салған. Түсінбейтін не бар! Әй, шамасы, мен секілді мына көп қазақтың бәрі де мұны түсініп жүрген болар! Бірақ, неге ол жайынан көп айтып, дабыл қақпайды екен? Ойлап қараңызшы, осы күні теледидарды қай кезде қосып қалсаң да, бір тележүргізуші мен аты аз-кем «таныс» не әнші, не биші, не сықақшы (жастары отыздың ар жақ-бер жағында болар) қарама-қарсы отырып алады да, телеэкранға көзін сатып, өнегелі сөз күткен жасы бар, жасамысы бар – бүкіл қазақ еліне «ақыл» үйретеді. Сайттарды ашып қалсаң, әлдебір әншінің, не бишінің кімге нешінші рет тұрмысқа шығып жатқаны, қайсыбір әртіс жігіттің нешінші тоқал алғаны турасында, әйтпесе қаланың қай бөлігінен нешінші коттедж салып алып жатқаны жөнінен көпірте жазады!

Жә, жастар түгелімен жалаң ойлы, парықсыз да парасатсыз, олар мүлде ақыл айтып, білгішсініп сөйлемеуі керек дегелі отырғамыз жоқ, мәселе не туралы және не жайында айтуда! Өнер адамдарының жеке бас өмірі мен жеке «махаббат ерліктері» кейбір жас көрерменге не оқырманға қызығырақ та болар, алайда бар қазаққа қызық дегенге сену қиын! Оның бергі жағында тап осылай сөйлетіп-жазғаннан қазақ жұртына қандай өнеге үйретпекпіз? Айтпағымыз – қазақтың мүйізі қарағайдай, өмір көрген, көргені мен түйгені мол аға жазушылары, сақа жазушылары қайда? Философтары қайда? Суретші-архитекторлары неге өте аз көрінеді? Тәжірибелі заңгерлер мен білікті ғалымдарымыздың ел-жұртына айтары барынша түгесіліп болып па? Тіпті болмаса, тек әншілерді қалаған жағдайда, ән әлемінің жұлдыздарына айналған аға –апаларымыз да бар ғой ел сағына күткен, соларды неге көбірек көрсетіп-сөйлетпеске! Егер өнегелі-өрісті ел боламыз десек, ең алдымен сондай көшелі кісілерімізге алдымен жол бермес пе едік! Газеттер мен журналдарды айтып отырғам жоқ, ең болмаса барша жұрт ертелі-кеш көп телміретін теледидар мен қолы босаса сырт еткізіп, оп-оңай аша қоятын сайттарда өнегелі де текті әңгімеге кең өріс ашпайынша, бұл қазақтың көсегесі көгере қоюы екіталай! Осыны ұғатын уақыт келген жоқ па? Сөз мырза, бұған тағы не қосар едің, а?..

«...КӨРКЕМ ДҮНИЕ БІР КҮНДІК ЕМЕС...»

Сөз мырзаның осы жолғы айтқаны көкейіме қона кеткен. Дәл айтты. Дөп айтты. Былай деген: «Сенің барша қаламдас достарың бар ғой, тым асығыс, әлденеден қалып қоятындай көп қойпаңдайды! Жазыпты! Жақсы жазған да шығар! Алайда, неге мақтау сөз аңдып, әркімге сөзін де, өзін де сатып, қарағыштай береді? Көркем дүние бір күндік пе екен?!.» О-о, осыны шынымен де бетке басқандай етіп, мықтап тұрып айтатын уақыт әлдеқашан жеткен!

Рас-ау, көркем дүние бір күндік ғұмырмен жазыла ма? Бір күнді айтасыз, бір жылға, тіпті жүз жылға арналып жазыла ма? Жоқ, жақсы шығарманың ғұмыры ұзақ! Ұзақ қана емес, тіпті мәңгілік десе де жарасар! Мәселе, бірақ, жақсы жазуда, талантты туынды туғыза білуде! Осы тұсқа келгенде, әрине, көбіміз «бұлғаңдап-ақ» кетеміз. Ең басты нәрсе – жақсы, талантты, ойлы дүние туғызу жолында тынымсыз ізденіп, мейлінше көп еңбектенуде! Олай ете алмайды екенсің, онда өзгенің басын қатырма, жоқты-барды бірнемені шимайлай салып, дереу айналаңа жалтақтап, «менің жазғанымды мақтасаңшы» деп көк езуленбе! Бос мақтан сені де, әдебиетті де биікке, шырқау шыңға шығарған емес, шығармайды да! Бір нәрсенің басы ашық: қай заман, қай дәуірде де талантты көркем шығарманы оқырман өзі-ақ іздеп тауып, өзі-ақ шын бағасын бере алған. Ол оқырман сенімен замандас болуы да мүмкін, тіпті сенен жүз жыл кейін өмірге келуі де ғажап емес! Ендеше, ғасырлармен құрдас бола алатын ғажайып туынды - жаса мәңгілік көркем дүние! Сені әсем тілмен құйқылжыта жазып, келістіре кестелей алған, оқырманының ішкі жан сарайын әп-сәтте астаң-кестең ете білген, сөйтіп артына өлмес көркем мұра қалдыра алған қаламгерден асыл, одан өткен құдіретті жан болар ма? Солай емес пе, Сөз мырза?..


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар