Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Жүрегің Самарқанның тасынан да қатты ма еді......

21.03.2023 2088

Жүрегің Самарқанның тасынан да қатты ма еді... 14+

Жүрегің Самарқанның тасынан да қатты ма еді... - adebiportal.kz

Қазақтың күй өнерінің тым көне тарихына байланысты айтылатын ежелгі деректерде, киіз туырлықты, ағаш уықты көшпенді жұртының жыл басын қалай қарсы алатыны туралы там-тұмдаған деректер бүгінгі біздің заманымызға жетіп, әз-наурыз туралы алғашқы жазба дерек көзіне айналып отыр. 

Ғалымдар наурыздың пайда болғанына кемі 4 мың жыл болғанын, ал жазба деректер бұл мерекенің шығыс халықтарының өмірінен ойып тұрып орын алғанына 3 мың жыл болғанын тілге тиек етеді. Біздің жыл санауымызға дейінгі І ғасырда өмір сүрген грек тарихшысы Квинт Куртен Груфтың «Ескендір жорығы» еңбегінде, біздің ата-бабаларымыз ежелгі сақтардың, қаңлылардың ұлыстың ұлы күнін қалай қарсы алғаны туралы анық жазылған. Таң рауандап атып, күн ұясынан енді көтерілер тұста, күн бейнелі жалау желбіреген хан ордасының алдындағы мерекеге арналған алаңға, бірінен бірі өткен күйші, бірінен бірі өткен дәулескер, бірінен бірі өткен өнерпаз 365 бозбала сайдың тасындай іріктеліп шығатын болған. Әр өнерпаз жеке дара отырып бір-бір күй тартқан. Әрине, мұндағы 365 бозбала тұтас бір жылдың бір күніне барабар балама ретінде алынған құбылыс екені түсінікті. Бір жыл ішіндегі бір тәулікке уәкілдік еткен осы 365 бозбала сол күгінгі тойдың көркі, елдің мерейі болған. 365 бозбала бір жылдағы 365 күннің куәсындай 365 күй шерткен. Осыншама ұлан асыр күй тартыртылып болған соң, ортаға данагөй ақсақал, ой иесі абыз, Тәңірімен тілдесуші, тылсым күш пірі бақсы сақынаға шығып, аса таяғын қолына алып, жаратушы иеден тіл алып, мұнан ары ұлық Қағанның арман тілегі мен үмітін, жақсылығы мен шапағатын, болашақ жоспарын елге машһұр етер телегейдей теңселтіп тоғыз күй тартатын болған. Бұл тоғыз күйде бақсының бас аспабы қобызбен тартылған. Мұнан ары ұлыстың ұлы күнін тойлау, жалпы халықтық сән-салтанатқа, ойын-сауыққа, мереке-мейрамға ұласқан. Бұл деректерден біз ежелгі сақ заманының, одан ілгерідегі көшпелі өркениеттің жыл басын қарсы алуы айрықша салтанатқа, айрықша ықылас пен мәні терең пайымға толы екенін аңдаймыз. Демек наурыз жай ғана мерекелік кәде емес, құпияға толы сакральды ұғымдарды бойына жиған, тәңіри күшке ие алапаты асқан әпсаналы күш, келер күнге деген ұлы рухтың буырқануы мен арпалысуы болып саналмақ. Бұл деректер мен пайымдар бізге наурыз мерекесінің тарихы бұдан да алыс, мәні бұдан да терең екенін аңдатады. «Қытай тарихындағы қазаққа қатысты деректер» кітабының «Ғұн баяны» атты бөлімінде, қытайлармен іргелес, қоңсылас отырған ғұндардың жыл басын қарсы алуы туралы деректер хатқа түскен. Онда алдымен Ғұнның барлық игі-жақсылары мен ақсақалдары жаңа жылдың туар айында, Тәңірқұт ордасында шағын мәжіліс құратын болған. Сосын Тәңірі мен аруақтарға арнап құрбан шалып, мінәжат қылған. Мамыр айына қарай Ұлубалықта бас қосып, ата-бабаларының аруағына, жер мен көкке, ие мен киеге арнап үлкен ас (шек) берген. Күзге салым жылқы қоңданып, мал тойынған тұста, тасаттық орманында өтетін үлкен жиынға бағыштап мал мен ажының санағын және соған орай берілетін алым-салықтың мөлшері белгіленетін болған деседі. Ал Тәңірқұт әр таң сайын шығар күнге, әр түн сайын туған айға тәу етіп, ел мен жұрттың есендігін тілейтін болған деп жазады Ғұндарға қатысты ертедегі хан жылнамалары. Бұл деректер бізге Ғұн дәуірінің жыл басына, жаңа күнге деген құрметінің айрықша болғанын көрсетеді. Ғұн мәдениетінің жылдың басынан бастап, әр мезетте Тәңіриемен мызғымас байланыста болғанын, әр мерекенің өзіндік сипаты болғанын анық аңғартады. Жалпы көшпенді халықтың наурыз айын қарсы алу танымының бір-бірінен соншалық алыс болмағанын, қайта өзара сабақтасып, үндесіп, бір-бірін толықтырып жатқанын анық аңдауға болады. Әрине, одан бері де сан ғасырлар өтті, уақыттың жойқын дауылы санамызды сілкіледі, жаңа ескірді, ескі жаңарды, ұғымдар ауысты. Адамзат баласының басынан аласапыранға толы толағай дәуірлер өтті. Ұлы жүлге үзілмесе де, таным мен пайым өзгерді, салт пен сана, дәстүр мен жоралғы заманына сай «бөркін» киді. Бірақ ұлық мереке наурызға деген ілтипат пен құрмет бәзбаяғы асқақ биігінде қалды.

Қазақ халық ауыз әдебиетін кемеңгері, дала данышпаны Мәшһүр Жүсіп Көпей өз еңбектерінде наурыздың түп-төркінін Нұх пайғамбардың заманынан іздейді. Ол кісінің айтуынша Нұхтың Сам есімді баласының Ғарып атты ұрпағынан тараған зәузаттары ай есебін ұстап, жыл басын амал ретінде ұстанып, наурызды алғаш өздеріне мереке етіп белгілеп алған делінеді. Мәшекеңнің сұңғыла пайымынша жыл дегенің дирменнің бел ағашындай айналып тұратын дүние. Әр бел ағашта он екі шабақ болатыны сияқты, әр жылда он екі ай болады немесе он екі жыл бір мүшел болады. Әр бірінің үстінде бірден хайуан отырады, ол сол жылдың атына уәкіл болады. 22-ші жылдың 22-ші мартында жүріс қылып жүрген жорықшы Хамал болады деп баян етеді. Одан ары 28 жасында Бұхара шәрінде наурыз тойында сегіз күн болғанын, қазақтың наурыз тойлауы Бұхара мен Самарқаннан әлде қайда дүбірлі, думанды, салтанаты мен салихалығы асып түсетінін айта келе, ертедегі қазақ өміріндегі наурыз тойынан бір үзік мысал ретінде, би Едігенің жүз адамымен Сәті мырзаның ауылында наурыз тойлаған ертегіге бергісіз хикаясын әңгімелеп береді. Одан ары Мәшһүр Жүсіпт қазақ қазақ болғалы, өзіне арналып, сыбағасына тиген жалғыз мереке осы нааурызнама мерекесі деп түйеді. Ол күні наурызға арнап қожаларға оқытатын арнаулы кітап болған көрінеді. Ол кітаптың аты «Салдама» екен. Қожалар осы кітапты күркіретіп, күңірентіп оқығанда, жиналған батагөй жұрт тілек айтып, дұға қайырып, қалың қауым іштей «әумин» десіп ортақ ниетте, бір тілектің үстінде тұратын болған. Айтқанындай осыншама көптің тілеуінен кейін, ел мен жұрттың малы да, басы да өсіп мәртебесі асып, өрісі кеңейеді екен. Бұл күні мал союуға шамасы жетпеген кедей-кепшіктің өзі бір қазан көжесін асып, ел жұртпен бөлісетін болған. Ал бәйбішелер кебежесінің түбіне жент сақтаған екен. «Бәйбіше, жентіңді қашан ашасың», - дегендерге, «Самарқанның көк тасы жібігенде ашам», - деп жауап қайыратын көрінеді әжелер. Наурыз күн мен түн де, хан мен қара да теңелетін бейбітшілік нышанды, тыныштық кейіпті, әділет бастауы болып саналған. Жүз шайысып, ренжіскендер бір-бірімен бет көрісіп, артық-кемін кешірісіп, татуласып табысады екен. Ал көңілі осыншама ыстық пейілге жібімеген жұртқа: «Жүрегің Самарқанның тасынан да қатты ма едеі», - деп налиды екен.

Ұлыс күні қазан толса,

Сол жылы ақ мол болар.

Ұлы кісіден бата алса,

Жортқанда жолың оң болар.

Қадірлі «Әдебиет порталының» оқырмандары, әз-наурыз құтты болсын! Ұлыс оң болсын! Жылдан жылға, айдан айға аман-есен жете берейік!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар