(Күнделік. Жалғасы)
2013 жылдың 8 ақпаны
Біраз уақыт күнделік жазбай кеттім. Қаңтар айында жазушы Дулат Исабековтың жеті томдығын, Несіпбек Дәутайұлының «Аты жоқ әңгіме», «Айғыркісі» кітаптарын оқып тауыстым. Енді сол кітаптардан алған әсерімді қағазға түсіріп тастайын.
Дулат ағамыздың жеті томдығына жазылған Бадиковтың талдау мақаласы жалаң мақтау емес, жазушының шығармашылық әлемін жан-жақты зерттеген, жанын түсінген, ой салатын жақсы дүние екен. Бірақ тым ұзақтау, ой қайталаулары бар, басы артық дүниелер көп. Өте көп.
Шығармалар жинағының бірінші томына «Қарғын» романы мен «Өкпек жолаушы» повесі еніпті. «Қарғын» ой өрнегі өзгеше тоқылған туынды. Жаңа стиль, жаңа формамен жазылған бұл романда мінез-құлқы ашылмай қалған бірде-бір кейіпкер жоқ. Жұрттың бәрі романның бас кейіпкері Жасын Мәдиевтің бейнесінен талантты жазушы Асқар Сүлейменовтың образын көргендей болады. Менің ойымша бұл пікір ақиқатқа бір табан жақын тұрғанымен, дәл сол қалпында қабылдауға болмайтын шындық. Ақиқатында Жасын Мәдиев – жұрттың бәрі секілді өмір сүруге мойынсынбаған, рухани азаттығын бәрінен биік қойған, сол замандағы бүлікшіл тұлғаның - жиынтық бейнесі. Оның өмірді тануы мен дүниені бағалауы ешкімге ұқсамайды. Жасынның азат ойы пендешілік, һәм тірліктің қазығына байланып қалған құлдық санадан жоғары тұр. Басқасын былай қойғанда, ол тіпті өзіне өлердей ғашық болған Бағиланы да өтірік мақтай салуға бармайды. Роман өте қарапайым, әрі жеңіл жазылған.
«Өкпек жолаушы» повесі маған ұнамады. Бұл повесте «Қарғын» романына тән Дулаттың стиль шеберлігін байқай алмадық. «Қарғын»-ды ой қуалап отырып қызығып оқып шықсаң, «Өкпек жолаушы»-дағы не айтқысы келгені белгісіз бұлыңғыр ойлар оқырманды шаршатып жібереді. Бұл повесте «Қарғын» романындағыдай оқырманның көңіліне қайта-қайта шоқ тастап отыратын оттың жалыны мен қайта-қайта көңіліңді аласұртып жіберетін сананың ағысы жоқ. «Қарғын» - әр өрнегі өзінің орнын тапқан таңғажайып кілем болса, «Өкпек жолаушы»- олақ қатынның қолынан шыққан алашаға көбірек ұқсайды. Дулаттың екінші томына енген «Мазасыз күндер» мен «Пері мен періште» повесі туралы да мен осындай пікірдемін.
Жазушының «Гауһар тас», «Сүйекші», «Дермене», «Тіршілік» пен «Біз соғысты көрген жоқпыз» повестері туралы әрине әңгіме басқа. Бұл бес повесть бұрын-соңды қазақ әдебиетінің тарихында болмаған, шығармасының бояуы ешкімді қайталамайтын ұлы дастандар. Дулаттың бұл шығармаларындағыдай бояудың көркемдігі басқаларды айтпағанда Әбіш пен Мұхтарда да жоқ. Бес повесттің әр қайсысына жеке-жеке тоқтала бастасам әңгімеміз тым ұзаққа созылып кетуі ықтимал. Ол енді - болашақтың шаруасы.
Төртінші томдағы әңгімелердің ішінде ұнағаны «Шойынқұлақ» пен «Қабылан». Ал, бесінші, алтыншы және жетінші томдағы драмалық шығармаларының көбісі көңілімнен шықпады. Тақырып таппағандай төртінші томдағы біраз әңгімелерді драмалық шығармаға айналдырудың қажеті қанша еді...
2013 жылдың 16 ақпаны
Несіпбек Дәутайұлының шығармаларын оқып шыққанда жерден саф алтынның сынығын тапқандай қуандым. Қалайша мен бұрын-соңды осындай талантты жазушының сөз өнеріндегі өрнегін, өзіне ғана тән қолтаңбасын байқамай келгенмін, шығармаларына көңілімнің назарын салмағанмын. Биыл Рахымжан Отарбаев пен Несіпбек Дәутайұлының жазған дүниелерімен танысып шығып, өзім үшін Америка ашқандай болдым.
Несіпбек Дәутайұлы – табиғи талант екен. Проза тілінің табиғатын жақсы меңгергендіктен көсіліп, еркін жазады. Реалистік өмірді шебер суреттейді. Тарих қойнауының топырағына көміліп қалған ескі аңызды («Батыр» әңгімесі) аршып алып, оны жаңа формада түрлендіріп, оқырман санасында қайта тірілтеді.
«Аты жоқ әңгіме» атты кітабындағы «Ақ күшік» повесі бүгінгі өмірдің шындығын шынайы суреттей білгенімен маған қатты ұнады. Шығармадағы ақ күшік реалистік өмірдің қатыгездігін көрсету үшін таңдап алынған символдық белгі. Өмір тауқыметінің астында жаншылып қалған адам мен иттің өмірі қалай егіз қозыдай ұқсас еді, десеңізші.
«Құдірет пен қасірет» романы да шебер жазылған туынды. Сталиндік дәуірдің зұлматы мен заманның бейнесі - адам тағдыры мен оның психологиясының өзгеруі арқылы ашылады.
Дегенмен, жазушы ағамызға бір ескертетін жайт, шығармаларының кейбір тұстарында өмірді тым табиғи бейнелеймін деп ойлап, дөрекілікке бой алдырып алады. Менің ойымша өнерде барлық нәрсені мәдениеттің тілімен жеткізуге болады. Әйел мен ер азаматтың арасында болатын интимдік дүниелерді жазғанда, оны тым шектен асырып суреттеудің қажеті жоқ. Әдебиет - өмірдің жалаңаш шындығын емес, өмірден де терең шындықты қазады.
Несіпбек ағамыздың тағы бір үлкен кемшілігі, кейде тым қатты шабыттанып, көпсөзділікке ұрынып қалады. Ойды сығымдап бере алмай кететін жерлері бар. Шығармашылық адамына, әсіресе, жазушыға шабыттың желігінде кетуге болмайды. Орыс ақыны М.Ю.Лермонтовтың бұл туралы мынандай бір жақсы өлең жолдары бар:
Не верь, не верь себе, мечтатель молодой,
Как язвы, бойся вдохновенья...
Оно — тяжелый бред души твоей больной
Иль пленной мысли раздраженье.
В нем признака небес напрасно не ищи:
То кровь кипит, то сил избыток!
Скорее жизнь свою в заботах истощи,
Разлей отравленный напиток!
Шындығында да шабыттың құшағына құлап, сезімнің құлына айналып кету ақын, әсіресе жазушы үшін өте қауіпті. Жазушыға талантты болу аз. Нағыз шығармашылық қайта-қайта ізденуді, бір жазғаныңды мың рет өңдеп стильмен жұмыс жасауды, ойыңды сығымдап беру үшін талай мәрте азаптануды талап ететін - бейнеті ауыр еңбек. Қазақ әдебиетіндегі шын мағынасындағы талантты жазушы Несіпбек Дәутайұлы осыған қатты назар аударса зор табысқа жететініне сенімім кәміл.
2013 жылдың 23 ақпаны
Гончаров
Қандай себебі бар екенін білмеймін, орыстың ұлы жазушылары туралы әңгіме болғанда Гончаровтың есімі ұмытылып кете береді. Тіпті оның 200 жылдығын Ресей өз дәрежесінде атап өтпеді.
Шындығын айтсақ, Гончаров әдебиетте ойып тұрып алатын орны бар – өте талантты жазушы. Роман техникасын дәл ол сияқты бүге-шігесіне дейін меңгерген, адамның мінезін ашқанда ұсақ-түйек детальдың өзін қалт жібермейтін басқа суреткерді мен білмеймін. Көтерген тақырыбының өзектілігі мен ойының өзгешелігі тұрғысынан да ол ешкімге ұқсамайды және ұлы жазушылардың бірде-біреуін қайталамайды. Гончаровтың қаламынан бар-жоғы үш-ақ роман шықты. (Бәрі де О әрпінен басталады. «Обыкновенные историй», «Обломов», «Обрыв»). Бірақ солардың бәрі - шедевр. Көздің жауын алатын жауһар шығармалар. Әсіресе «Обломов» пен «Обрыв» - теңдессіз туынды, роман жазудың қайталанбас үлгісі. Олардың әр қайсысын жазуға жазушының 20 жылдай уақыты кетіпті.
Гончаровтың шығармашылық мінезінде байсалдылық пен дүниедегі кез-келген құбылысқа сабырмен қарайтын биік парасат бар. Міне осы тұрғыдан алғанда оның өнердегі мінезі Пушкинге жақын.
Орыстың ұлы ақынының шығармалары суреткердің дүниетанымына ғана емес, оның шығармашылығына, керек десеңіз тіпті жазу стильінің қалыптасуына да зор ықпалын тигізді. Пушкинді оқығанда ол ғажайып бір әлемді ашқандай қуанып, «Құдайым-ау! Мына ұлы бастаудан қандай құдайлық сәуленің шуағы жарқырайды, барлығына да түсінікті қандай ұлы шындық пен бар бояуымен құлпырған сиқырлы кеңістіктің қақпасы ашылды десеңізші» деп толқыған екен.
Д.С.Мережковский Гончаров туралы жазған эссесінде мынандай бір оқиғаны мысалға келтіреді. Бір күні жазушы сапар шегіп келе жатып Үнді мұхитының үстінде дүлей дауылға тап болады. Жұрттың бәрі дәл осындай бір жағынан айдың сәулесі жарқырап, екінші жағынан жынды толқындар аласұрған табиғаттың алапат көрінісін қызықтап, мәре-сәре болып жатады. Каютада жалғыз қалған Гончаровты достары табиғаттың тосын мінез танытқан қайталанбас көрінісін тамашалауға бірнеше мәрте шақырады. Қайта-қайта шақырып қоймаған соң ақыр соңында Гончаровқа сыртқа шығуына тура келеді. Таң қалудың орнына жазушы бұл құбылысты біраз уақыт бақылап тұрып, «масқара, бейбастақтық» деп каютасына кіріп кетеді.
Міне осы бір оқиға Гончаровтың дүниетанымы мен өмірлік ұстанымынан ғана емес, шығармашылық табиғатынан да хабар бергендей. Ол ұлы романтиктер Байрон мен Лермонтовтай дүлей дауылды шақыратын аспанның ақыны емес, бар жан-тәнімен тыныштық пен бейбіт тіршілікті сүйетін – жердің ұлы жырауы. Адамдар сирек болатын табиғаттың тосын мінезінен ләззат алып, таң қалып, оған табынуды әдетке айналдырған. Ал, шындығында тіршіліктің тыныштығынан артық қандай ғажайып құбылыс болуы мүмкін, мына дүниеде. Сондықтан да Гончаров басқа жазушыларға қарағанда сол ұлы сырдың құпиясына тереңірек үңіледі. Қайта оқып көріңізші, жазушының романындағы Обломовтың сөздері қаламгердің өз ойынан хабар бергендей әсер қалдырады. «Жабайы және ғаламат дүниенің не керегі бар. Мысалы - теңіз. Ол адамды тек мұңға батырады, оған қарасаң жылағың келеді».
Гончаровтың шығармалары сәбилік ұйқысынан әлі ояна алмай жатқан - жердің музыкасы. Барлық ұлы жазушылардың шығармашылығынан адамды үрейлендіретін бір қараңғы тұсты табуға болады. Гончаровта ондай мүлде атымен жоқ. Тіпті ол өлімнің өзін Құдайдың берген асыл сыйындай қабыл алады. Толстойдың Иван Ильичіне өлім құбыжық болып көрінеді, Чеховтың кейіпкерлеріне өлімнен кейінгі өмір де қорқынышты. Гончаровтың Адуевы, Обломовы мен Райскийі үшін өлім де дәл өмір сияқты таңғажайып құбылыс. Ұлы жазушының шығармаларындағы ойдың ағысы Толстой мен Достоевскийдің туындыларындағыдай жаныңның тыныштығын бұзбайды, бала күніңде тыңдаған ертегідей жүрегіңді жылытады. Оның үш романы да өмірді сүйген парасаттың бесігіне құндақталған – ұлы шығармалар.
2013 жылдың 6 наурызы
Еңбек демалысымды алып Алматыға келдім. Ешқайда барғым, ешкімді көргім келмей үйде жатырмын, кітап оқып. Орхан Памуктың жазғандарын қарауға уақыт таба алмай жүр едім. Енді міне ол дүниелерді оқудың да қуанышты сәті түсті
Жазушының «Стамбул. Естелік қала» атты қалың романы алғашқы бетін оқығаннан-ақ тілмен жеткізіп бере алмайтын сиқырымен менің жанымды баурап алды. Қаламгер балалық шағын еске түсіре отырып, Осман империясы құлағаннан кейінгі дүбәра халге түскен түріктердің рухын суреттейді. Жалған ұлтшылдық, Батыстың алдында құлдық ұруға дайын тұрған намыссыздық, ештеңенің байыбына бармай жатып байбалам салуға құмартатын надандық сияқты көріністерді сипаттайтын жерлерді оқығаныңда қазақтың бүгінгі таңдағы басынан кешіп жатқан ахуалын көргендей әсер аласың.
Бұл кітапты оқып шыққаннан кейін Орхан Памукка байланысты бұрынғы көзқарасым өзгеріп, оның оңай жаңғақ емес екеніне көзім жетті. Ең бастысы ол шындықтың бетіне тура қараудан қорықпайтын қаламгер. Памук өте көп ізденген, көп оқыған, Шығыс пен Батыстың мәдениетін тел еміп, бойына сіңіріп қана қоймай, бір-біріне қарама-қайшы келетін екі ұлы әлемнің өнерін ұштастара білген - интеллектуал жазушы. Орханның дүниетанымы ұлы жазушылардың барлығымен үндесіп жатқанымен, ойларының оюлары ешкімді қайталамайды және ешкімге ұқсамайды. Стильін дамыту үшін көп тер төккені көрініп тұр.
Батысшыл жазушы болғанымен, шындықты айту үшін Батысты да мақтамен бауыздайды. Стамбул туралы кітабында Францияның ұлы жазушысы Флобердің Шығысқа келгенде басынан кешкен мынандай бір оқиғасы сипатталады. Ұлы жазушы Бейрутта болғанда жезөкшелер үйіне барып, мерез (сифиллис) жұқтырып алады. Бейруттан соң Стамбулға соғып онда да ол жезөкшелер үйіне бас сұғады. Бірақ ол жердегі түрлері ұсқынсыз жеңіл жүрісті әйелдерінің ешқайсысы да жазушының көңілінен шықпай қояды. Сол уақытта бір түріктің әйелі өзінің әдемі қызы бар екенін айтып, соны алуын сұрайды. Таныстырған қыз Флоберге ұнағанымен, ол қыз жазушымен төсек қатынасын жасауға бірден көнбей қояды. Дегенмен түрік әйелі бар өнерін салып ақыр соңында қызын көндіреді. Алайда жас қыз бірдеңеден секем алып төсек қатынасын жасамас бұрын Флоберді тексеріп, әуретін көзімен көргісі келеді. Ал, мерез ұстап қалған Флобердің әуретінде жара бар болатын. Мұндай сынақтан өтуге тура келетінін түсінген Флобер сол мезетте жезөкшелер үйінен тайып тұрады. Флобер еліне, яғни Франциясына жүдеп-жадап оралады. Жаман аурудан шашы түсіп қалған жазушыны басқа түгіл, туған шешесі де танымай қалады.
Бала күнінде Орхан суретші болуды армандайды. Бірақ отбасындағылардың барлығы оның суретші болуына қарсы болады. Сурет өнерінің қыры мен сырын жақсы білетіндіктен Босфор бұғазын салған Батыс суретшісі Меллинг туралы жазған әңгімесі өте әсерлі шыққан. Стамбул туралы кітабын жаза отырып Памук оның мұңлы тұманға оранған сырын оқырманға ашады. Кітапты оқи отырып, Стамбул туралы бір ғажайып музейді аралап шыққандай, түркі әлемінің қайғысын сездіретін мұңлы музыканы тыңдағандай күйді басымнан кештім.
2013 жылдың 12 наурызы
Орхан Памуктің «Өзгеше бояулар» атты кітабына жазушының таңдаулы очерктер мен эсселері еніпті. Бұл кітаптан алған әсерім де ұшан-теңіз. «Өмір мен күйбелең» атты бірінші бөліміндегі дүниелерінің барлығы - автобиографиялық шығармалар.
Памук әкесінің жүрегінде иненің сынығындай да өшпенділігі болмаған мейірімді адам болғанын жазады. Ол да жас кезінде көп оқыған, ақын болуды армандаған, Поль Вальеридің өлеңдерін түрікшеге аударумен айналысқан. Баласының бойындағы әдебиетке деген құштарлық сезімді оятқан да әкесі еді. Түрік отбасындағы басқа әкелер секілді діни немесе әскери қайраткерлер туралы емес, ол ұлына ұлы жазушылар Камю мен Сартрлармен қалай кездесіп, қыдырғаны туралы әңгіме шертіп отырған.
Памуктың жазушылық дүниетанымының қалыптасуына ерекше ықпал еткен ұлы жазушылар - Стендаль, Толстой мен Достоевский, Томас Манн мен Альбер Камю, Фолькнер, Набоков пен Льоса.
Әсіресе Орханның орыстың ұлы қаламгері Достоевский туралы жазған үш эссесі маған қатты ұнады. Достоевскийдің «Запиский из подполья» туындысының Сартрға «Тошната» романын жазуына ықпал еткенін Орханды оқыған соң барып білдім. Шынында да жазушының бұл повесі адамтанудағы ұлы жаңалық болды. Достоевский шығармашылығының ұлы күші оның сомдаған кейіпкерлері, дәлірек айтсақ олардың жан күйзелісі сенің санаңда мәңгі жатталып қалып, өміріңнің соңына дейін сенімен бірге өмір сүреді. «Албастылар» романын жаза отырып ұлы жазушы орыс нигилизмі мен батысшылдарының рухани әлеміне терең үңілді, «жаңа өмір», «төңкеріс» немесе «утопиялық қоғам» туралы армандарының шын мәнісінде олардың билікке деген құмарлығы екенін көрсетті. Достоевский туралы Борхес «Достоевскийді тұңғыш рет оқу – өміріңдегі алғашқы махаббат немесе бірінші рет теңізді көру секілді - ұлы оқиға» деген болатын. Міне осы ерекшелікті Орхан өте терең зерделеген.
«Тне Paris Review» журналына берген сұхбатында жазушы тоқсаныншы жылдардың ортасында кітаптарының тиражы Түркиядағы рекордттық көрсеткіштердің бәрінен асып түскен уақыттан бері түрік баспасөзі мен интеллектуалдарымен болған жылы қарым-қатынастың күрт суығанын айтады. Сол уақыттан бастап жазушыны сынаушылардың қатары көбейген үстіне көбейе түскен. Памук кітаптан кітапқа өсіп отыратын жазушы. Жазушының өзі де «Әр жазылған кітап – автор өмірінің бір белесі, оның рухани қалыптасуы мен дамуының бір кезеңі болып табылуға тиіс» деген екен ағынан ақтарылып.
2013 жылдың 25 наурызы
Тынымбай ағамнан (Нұрмағамбетов) Шыңғыс Айтматовтың сұхбаттары мен мақалалары, естеліктері топтастырылған екі кітапты сұрап алып едім. (Қалың екі том. БТА Банк шығарған. Шыңғыс Айтматовтың 8 томдық толық шығармалар жинағының - 7 мен 8 томы). Сүйсініп оқып, Айтматов суреткерлігінің қыры-мен сырына бұрынғыдан бетер тереңдей түскендеймін.
Мен бұл екі кітапты қотарып шыққан соң Айтматовқа байланысты жанымды мазалап жүрген біраз сұрақтың жауабын тапқандай болдым. Жазушы шығармашылығының тамырын қазып, құпиясын тану үшін оның сұхбаттарына, естеліктеріне, күнделіктері мен жазған хаттарына айрықша көңіл бөлген абзал. Шығармаларына қарағанда сол дүниелерде қаламгер құпиясының талай сыры тығылып жатады.
Шыңғыс Айтматов түркі әлемінде бұрын-соңды болмаған төңкеріс жасаған, әлем әдебиетінің биігіне көтерілген таңғажайып тұлға. Мен оның барлық шығармасын қалдырмай, кейбір дүниелерін тіпті екі-үш реттен оқып шыққан адаммын. Біздің кейбір сыншыларымыз тым асыра мақтап жүргендей жазушының шығармашылығы тек өрлеуден тұрмайды. Көптеген ұлы суреткерлердің басында болатындай Айтматовтың шығармашылығы да самғау мен құлдырау атты екі дәуірден тұрады. Ұлы қаламгердің шығармашылық самғауы – «Жәмила», «Қош бол, Гүлсары», «Алғашқы ұстаз», «Ақ кеме», «Ерте кеткен тырналар», «Шынарым менің, шырайлым менің», «Ана Жер Ана», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» повесі мен «Ғасырдан да ұзақ күн» романы, шығармашылық құлдырауы – «Жанпида», «Кассандра таңбасы», «Таулар да құлайды» романдары мен қазақ жазушысы Қалтай Мұхамеджанов екеуі бірігіп жазған «Көктөбедегі кездесу» драмасы. Ең керемет туындысы –««Ақ кеме», ең нашар дүниесі пьеса дәрежесіне де көтеріле алмаған –«Көктөбедегі кездесу». Мұны орыс сыншылары да жақсы байқапты.
Суреткер Айтматовтың сұхбаттарын оқи отырып, өмірінің соңында жазған дүниелерінің тек маған ғана емес, талай орыс сыншыларының көңілінен шықпағанын аңғардым. Неліктен жазушы бұрынғы көтерілген биігінен төмендеп кетті. Ой қуаты жетпеді ме? Жоқ. Мұның себебі –мүлде басқада. Ол өзгергісі, өзгеше жазғызысы келді. Булгаков пен Маркеске еліктеп, жазушылық табиғатында жоқ дүниеге қолын созды.
Есіңізге түсіріп көріңізші, «Ақ кеме» повесіндегі суреттелетін өмір мен Момын шалдың аңызы әсем гүл мен оны арайландырған күннің алтын шуағындай қалай әдемі үйлесімділік тапқан. Повестегі аңыз шығарманың тұңғиығында жатқан терең ойды өмірдің жағалауына алып шығады. Аңызда тұнық көлдегі бейнедей автордың айтпақ ойы анық көрінген. Бәрі қарапайым, бәрі түсінікті. Кішкентай баланың көзімен өмірдің бүкіл трагедиясы соншалықты шынайы суреттелген.
«Жанпида» романындағы Понтий Пилат туралы Інжілден алынған аңыз шығарманың рухымен үйлесімділік таппаған. Және ұмытпасам дәл осындай эпизод Леонид Андреевтің «Ииуда Иссакриот» әңгімесінде де бар. Авдий мен Бостонның тағдыры суреттелетін екі оқиғаны бір-бірімен байланыстырып тұрған рухани өзек жоқ.
Сегізінші томдағы Айтматовтың естеліктері өте тамаша жазылған. Әсіресе, соғыс уақытында қарақшылардың бір әулетті асырап отырған үйлеріндегі жалғыз сиырын ұрлап әкететін оқиғасы маған ерекше әсер етті. Кейін Айтматов басынан кешкен бұл оқиғаны алғашқы жазған «Бетпе-бет» повесінде пайдаланған болатын.
Айтматов өз естеліктерінде Әуезовтің есімін ерекше құрметпен атап отырады. Ұлы жазушының қырғыз халқының «Манас» эпосын кеңестік цензуарының айбалтасынан қалай қорғап қалғанына сүйсінеді. Бала Айтматовтың әлемге танылған дана Айтматов болуына көрсеткен қамқорлығын үлкен махаббатпен есіне алады. Орыстың талантты ақыны Твардовский мен әйгілі композиторы Шостокович туралы жазылған естеліктері де көп дүниеден мені хабардар етті. «Жәмила» және «Ақ кеме» повесінің атын қойып берген Твардовский екен. Ол Шыңғыс Айтматовтың жазғандарын «Новый мир» журналында жариялап қана қоймай, шығармашылық жолда кездесетін талай қиыншылықтардан аман алып қалу үшін ақыл кеңесін беріп отырған.
2013 жылдың 6 сәуірі
Орхан Памуктің тырнақалды туындысы «Джевдет бей және оның ұлдары» романында бір әулеттегі үш ұрпақтың өмірі баяндалады. Бұл шығармасын жазу барысында оның Томас Маннға қатты еліктегені анық байқалады. Саудагер әке, үлкен ұлы оның кәсіпкерлік ісін әрі қарай жалғастырады, кенже баласы да біраз уақыт осы жолмен жүріп келе жатып, кенеттен өмірдің мағынасын іздей бастайды. Ештеңе таба алмай әйелімен ажырасып, ашына тауып алып, бүкіл ақшасын шашып, жаман аурудан дүние салады. Оның ұлы суретшілік жолды таңдап ол да осындай сергелдеңді басынан кешеді. Бұл көлемді романдағы (730 бет) кейіпкерлердің мінезіне тереңдік жетіспейді. Шығармадағы кейіпкерлердің ешқайсысы да есіңде қалмайды. Өте ауыр оқылады. Оқырманды еліктіріп әкететін ситуация жоқ. Сөз жоқ, Памук өте талантты жазушы. Бірақ адамның ішін пыстыратын дәйексіз оқиғаларды баяндай бергеннен не пайда? Роман шебер жазылғанымен, автордың не айтқысы келгенін түсіне алмай басым қатты. Шығарма авторы роман кейіпкерлері арқылы ойын жинақтай алмай, қатты адасушылыққа ұрынған. Өте сәтсіз жазылған роман. Еліктеу-солықтаудан арыла алмаған ортақол туынды. Алайда осы романды ең алғаш рет оқып шыққан жазушының әкесі ұлына қатты риза болып, күндердің-күнінде баласының Нобель сыйлығын алатынына сенімді болған екен...
13 сәуір 2013 жыл
Әбең (Нұрпейісов) келіп кетті Астанаға. Бір апта Кардиологиялық орталықта емделіп жатты. Амандық-саулығын сұрап, палатасына кіріп шықтым. Екеуміз әдебиет туралы сыр шертісіп, ұзақ әңгімелестік. Шерімізді тарқатып төрт сағаттай сөйлестік. Шал «Қан мен тер» және «Соңғы парыз» романын өңдеп, қайта жазып шығыпты. Көп жерін аямай қысқартқан екен.
Уақыт қандай зымыран еді! Әбеңмен алғаш танысқаннан бері он бес жылдан астам уақыт заулап өте шығыпты..
Ойламаған жерден мен Әбеңмен 1998 жылдың күзінде таныстым. Бір күні аяқ астынан «Таңшолпан» журналында жұмыс істеп жүрген ақын Мырзан Кенжебай хабарласты. Амандық-саулық сұрасқан соң бір жақсы дүнием болса журналға беруімді өтінді. Ағамның бір айтқан өтінішін жерде қалдырғым келмей, екі күннен соң Жұмекен ақынның шығармашылығы жөнінде жазылған мақаламды апарып бердім. Бір аптадан кейін ол маған қайта хабарласып, мақаламның Нұрпейісовке ұнағанын айтып, қолым тисе үйіне соғып кетуін өтінгенін жеткізді.
Шалды ұзақ күткізбей сол күні-ақ хабарласып, үйіне жетіп бардым. Қазақ әдебиетінің классигі Нұрпейісовтың менімен кездесуге ниет танытуы, мен үшін үлкен бақыт емес пе. Әбең әдемі күлкісін езуіне қыстырып, жылы қарсы алды. Бір сағат өтпей-ақ екеуміз ежелгі таныстардай, ұзақ жылдардан бері бір-бірін жақсы танитын сыралғы достардай қауқылдасып кеттік. Көбінесе сөйлеп жатқан –мен, ол –тыңдаушы. Неге екенін білмеймін, сол жолы мен ол кісіге көкейімде жүрген әдебиет туралы білетін әңгімемнің біразын айтып, ағымнан ақтарылдым. Әңгімелесіп болған соң ол тартпасының суырмасын ашып, сау тамтығын қалдырмай өңдеген Жұмекен туралы жазған мақаламды маған қайтарып берді. Үйге келген соң өзімнің жазған мақаламды танымай қалдым. Аты менікі болғанымен, мынау заты мүлде бөлек, сөйлем түгіл, әр нүктесіне дейін орнына қойылған, шын шебердің қолынан өңделіп шыққан басқа дүние ғой. Сол уақыттан бері мен стильді дамытып, сөзбен жұмыс жасауға қатты мән бере бастадым. «Таңшолпан» журналында жарияланған сол мақалама 50 мың теңгедей қаламақы алдым. Бұл сол уақыт үшін өте қомақты қаржы еді. Қазақ радиосы журналистерінің айлығы ол жылдары шамаман 15-20 мың теңге болатын.
«Азаттық» радиосына барған соң жұмыстың қауырттығына байланысты шығармашылықпен айналысудың мүмкіндігі болмай кетті. «Азаттықтан» кетіп «Қазақ радиосына» келгеннен кейін шығармашылығымды қайта қолға алдым. «Гогольдің өлімі», «Кафканың үйі», «Қазақты сүю», «Нобель сыйлығы кімге керек?» т.б. біраз дүниелерім сол жылдары жазылды. «Гогольдің өлімі» Әбеңе қатты ұнады. Ауруханада жатып, келіп кетуімді өтініп, маған телефон шалды. Кейін ол эссемді «Таңшолпан» журналына бастыртты. Жазған шығармам Әбеңнің көңілінен шыққаннан кейін ғана мен өзімді шын мағынасындағы сыншы сезіне бастадым. Ауруханадан үйге келе жатқанымда көңілімді бір қуаныш сезімі балқытты....
2013 жылдың 4 мамыры
Айтматовтың қаламынан туған шығармаларының бәрін басынан бастап, түк қалдырмай қайта оқып жатырмын. Жақында Астанадағы Абай дүкеніне бас сұғып «Атамұра» баспасы шығарған Шықаңның бес кітабын сатып алдым - «Қызыл алма», «Жәмилә», «Ақ кеме», «Ғасырдан да ұзақ күн», «Жанпида».
«Қызыл алма» жинағына топтастырылған әңгіме-повестердің барлығы да көңілімнен шықты деп айта алмаймын. «Ерте қайтқан тырналар» повесі ғана шебер жазылған. Әдебиетке енді ғана қадам басқан шағында жазған «Қызыл алма» әңгімесінен Айтматовтың суреткерлік талантына тән шеберлік пен тереңдік көзге шалына қоймайды. «Байдамтал өзеніндегі оқиға» хикаясына да тақырыптық тереңдік жетіспейді. Айтматов повесть жанрының хас шебері болғанымен, әңгіме мен роман жазуда өзін суда жүзген балықтай еркін сезіне алмайды. Әңгімелерінде ойын жұп-жұмыр етіп жеткізе алмай, романдарында бір нәрсені тым созып алып, жасандылыққа ұрынады.
«Жәмилә» жинағына ұлы қаламгердің «Бетпе-бет», «Жәмилә», «Алғашқы ұстаз», «Қызыл орамалды шынарым менің», «Ана-Жер-Ана» повесі еніпті.
Зады Шыңғыс Айтматовтың жазушылық атағын әлемге әйгілі еткен туындысы –«Жәмилә» повесі. Дегенмен жұрт аса көп ауызға ала бермейтін «Бетпе-бет» те осал хикая емес. Тек тым жас кезінде жазғандықтан ол бұл тақырыпқа орыс жазушысы Валентин Распутин сияқты аса терең үңіле алмаған. «Живи и помни» повесінде Распутин бұл тақырыптың бояуын құлпыртып, оқиғаның шешімін мүлде басқаша түрлендіріп ойнатып жіберді. Повесте бір басы артық деталь түгіл, бір ауыз артық сөйлем жоқ. Кейіпкерлердің іс-әрекеті соншалықты шынайы және нанымды суреттелген. Дей тұрсақ та қанша мықты жазылса да совет әдебиетінде қашқын тақырыбы ең алғаш Айтматовтың қаламына іліккенін ұмытпауға тиіспіз. Бірақ жазушы әдемі тақырыпты тапқанымен, құлақкүйін келістіре алмай соңына дейін оны әдемі ойнатып шыға алмады. Кейіпкерлердің мінез-құлқына табиғилық пен тереңдік жетеспеді. Айталық повестің соңында Саиданың қан майданнан қашып келген күйеуін ұстап беретін оқиға адамды аса сендірмейді.
«Жәмилә» повесі – ғажайып туынды. Ақиқатын айтуымыз керек, Шыңғыстың бұл шығармасының қазақ әдебиетіне тигізген ықпалы көл-көсір болды. Бұл туындыны француз тіліне аударған Луи Арагон оны «махаббат туралы ең ғажайып повесть» деп ыстық ықыласпен атап өткен болатын. Қырғыз қаламгерінің «Алғашқы ұстаз», «Қызыл орамалды шынарым менің», «Ана-Жер-Ана» повестері туралы да менің пікірім жоғары. Дей тұрсақ та «Жәмилә», «Алғашқы ұстаз» повесі мен «Қызыл алма» әңгімесінде сюжет қайталаулары кездеседі. Үш туындыда да барлық оқиға бір суретшінің салған картинасына қарап, ойға батуынан басталады.
Мен кейбір қазақ жазушыларының Айтматовтың шығармашылығын менсінбей, мұрындарын шүйіріп қарайтынына қайран қаламын. Егер соншама мықты болса неге олар сол Айтматов сияқты, басқа халыққа, әсіресе біз секілді Азия елдерінің әдебиетін менсіне қоймайтын орыс халқына өздерін мойындатқыза алмайды? Неге? Айтматов болса орыстарға өзін төрт рет мойындатқызып бір рет Лениндік сыйлықты, қатарынан үш рет КСРО Мемлекеттік сыйлығын иеленді.
2013 жылдың 18 мамыры
Айтматов шығармашылығын сөз қылғанда оның үш туындысын – «Қош бол, Гүлсары», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн» романын айрықша атап өткен ләзім. Бұл екі повесть пен бір роман Айтматов шығармашылығының шыңы.
«Қош бол, Гүлсары» повесі үшін жазушы КСРО Мемлекеттік сыйлығын алды. Ойларының оюы өзгеше өрнектелген бұл туынды Айтматовты ХХ ғасырдың ұлы суреткерлері Томас Манн, Уильям Фолкнер, Эрнест Хемингуэй мен Хулио Кортасарлардың қатарына апарып тастады, әдебиетке шығармашылық шеберлігі ешкімге ұқсамайтын ғажайып қаламгердің келгенін әлем мойындады.
Мойындамасқа лажы да қалмаған еді. Өйткені заманның шындығына мүлде басқаша көзбен үңілген, социалистік реализмнің тар аясына сыймайтын «Қош бол, Гүлсары» қалың оқырманның назарын өзіне бұрып әкеткен соң мүйізі қарағайдай жазушылардың Айтматовпен санаспасқа амалы қалмады. Басқа түгіл ұлы композитор Шостокович оның талантының алдында басын иді. Француз жазушысы Луи Арагонның таңданысында шек болмады. Орыстың ұлы ақыны Твардовскийдің қырғыз қаламгеріне көңілі ауғаны соншама, оның жазған дүниелерінің бәрін де сиясы кеппей жатып «Новый мир» журналына тоқтаусыз жариялады.
«Қош бол, Гүлсары» адам мен аттың достығы туралы ғана емес, шын мәнісінде Советтік заманның құлына айналған адамның тұлпары мен аттың тұлпарының трагедиясы туралы ащы шындық. Тұңғыш рет бұл шығармадан Айтматовтың тек Камю мен Сартр сынды модернист жазушыларға ғана тән өмірдің тереңдігін символдар арқылы бере білетін шығармашылық шеберлігі байқалды.
Міне, осы теңдессіз шеберліктің шымқай бояуы «Ақ кеме» повесінде одан сайын құлпырып, жазушының ойы бұрынғыдан да тереңдей түсті. Зұлымдық пен ізгіліктің мәңгілік күресі Айтматов шығармашылығында аңыз бен шынайы өмірді шендестіре отырып зерттеледі. Қоғамның шындығын жалаңаштап тастамай, символдар арқылы асқан шеберлікпен суреттей біледі.
«Ғасырдан да ұзақ күн» романы туралы сөзімізді тереңнен қозғайтын болсақ, әңгімеміз тым ұзаққа созылып кетуі ықтимал. Сондықтан да біз Айтматовтың бұл шығармасы жөнінде әдебиетімізде жиі айтылып жүрген бір әңгімеге байланысты ғана пікірімізді білдіре кеткенді жөн санадық. Соңғы жылдары кейбір сыншылар тарапынан «Ғасырдан да ұзақ күн» романындағы мәңгүрттік тақырыбына байланысты алғашқы әңгімені қазақ жазушысы Әбіш Кекілбайдың қозғағаны туралы жаңсақ пікір айтылып жүр. Рас, Әбіш ағамыздың «Күйші» повесінде осыған ұқсас бір деталь бар. Бірақ бұл шығармадағы мәңгүрттікке қатысты бір болмашы детальдың этнографиялық элемент ретінде ғана көрініс тапқанын ұмытпайықшы. Бірақ мәңгүрт символын үлкен тақырыпқа айналдырып, оны тұңғыш рет әлем әдебиетінің ұлы кеңістігіне алып шыққан жазушының Шыңғыс Айтматов екенін мойындайықшы... (Жалғасы бар)
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.