Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Мұхтар Кәрібай. М.Әуезовтің Ашық хаты

06.04.2018 933

Мұхтар Кәрібай. М.Әуезовтің Ашық хаты

(шындық пен шытырман)

Әуезовтың Ашық хаты - ХХ ғасырдағы қазақ интеллигенциясының, тұтас халықтың қайшылықтарға толы қиын-қыстау өмірінің шытырманын ажыратып, шындығын ұғынуға мүмкіндік беретін өте күрделі тарихи құжат. Белгілі дипломат Мұхтар Кәрібай осы хаттың тереңіне үңіле отырып, оқырманға Алаш зиялыларының жан түкпірінде жасырылған ақиқатын жеткізуге ұмтылған.

Жер бетін мекендеген халықтардың арғы-бергі тарихына барлап қарағанда, бүкіл бір ұлттың бет-бейнесі, ажырамас рәмізіндей танылып мойындалатын жеке адамдардың бар екендігіне көз жеткіземіз. Бұл жерде әңгіме жаһанды жаулаушы жаугер немесе халқына қасірет әкелген қатыгез «көсемдердің» төңірегінде емес, өз ұлтының мұратына қызмет ету арқылы жалпы адамзат өркениетінің өрлеуіне үлес қосқан ұлы тұлғалар турасында болып отыр.

Қазақ халқының ХХ ғасырдағы әдеби, рухани, қоғамдық, әлеуметтік, және саяси өмірінде Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің алар орнын дәл осы тұрғыдан бағалауға толық негіз бар.

М.Әуезов жиырманың үстіне енді шыққан жасында-ақ, қазақ әдебиетінің асыл маржандары «Еңлік-Кебек», «Қаракөз», «Қараш-қараш оқиғасы», «Қорғансыздың күні», «Ескілік көлеңкесінде», «Барымта», «Қаралы сұлу», «Көксерек», «Қилы заман» сынды классикалық туындыларын дүниеге әкелді. Сондай-ақ, танымдық тұрғыдан тағлымы мол ғылыми, публистикалық мақалаларын жариялады.

1918 жылы небәрі 21 жасында жазған «Япония» деген мақаласында сонау қиыр шығыстағы жұмбақ елдің 200 жылдық тарихына терең бойлап, ақтара зерттейді. Қазақ жұртының сол кездегі даму жолына Жапония тәжірибесінің тиімді жақтарын ұсынған. «Ел болам десең, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең, әйелдің халін түзе” деген күні бүгінге дейін мәнін жоғалтпаған мәуелі сөзін айтып, болашаққа бағытталған бағдарламалық сипаты бар, терең мағыналы ойларын ортаға салды.

Алғашқы қалам тартысынан-ақ, оның қазақтың көркем тілі мен ұлттық ой-арманын келешекке жеткізер кемел сөз шебері болатындығы зиялылар ортасында тез танылды. Осылайша, тырнақалды туындыларымен-ақ жарқ етіп көрінген құдіретті қалам иесінің шығармашылық “соқтықпалы, соқпақсыз” сапары әлемдік әдебиеттің күретамырлы туындылары қатарынан ойып тұрып орын алатын “Абай жолындай” ұлы эпопеяға ұласып, өз халқына көркем сөзбен мәңгілік ескерткіш орнатты.

Жазушы, драматург, аудармашы, ғалым, ұстаз, академик, философ, саясаткер, қоғам қайраткері М. Әуезовтің артына қалдырған елу томдық еңбегі - қазақ халқының сарқылмас ұлттық қазынасы, баға жетпес рухани байлығы. Ендігі міндет - осы байлықты қадір тұтып, қастерлеп, ұлт игілігі үшін игере білуде. Сондықтан Мұхтар Әуезов шығармашылығын талдап зерттеген жүздеген мақалалар мен диссертациялардың, қалың-қалың монографиялардың жазылуы қаншалықты заңды болса, болашақта да том-том еңбектердің дүниеге келетіндігі соншалық күмәнсыз ақиқат. Кемеңгер жазушының кемел туындыларынан ғылымның әр саласы өзіне қажетті мағлұматтарды молынан таба алатындығын кезінде академик Қаныш Сәтбаев көрегендікпен айтқан болатын.

Хәкім Абайдың “Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін” дегеніндей, ХХ ғасырдың басындағы қазақ қаламгерлері шығармаларының дені “қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып, күн болуды ”, “ұйқыдағы жұртты маса болып ызыңдап оятып”, санасын сілкуді көздегені” әдебиеттану ғылымында жан-жақты талданды, әлі де тоқтаусыз зерттеле бермек. Сондықтан, әдеби, көркемдік, тарихи және өзге де сан-саланы қамтитын құндылықтары әлдеқашан мойындалған М. Әуезов шығармаларының тағы бір қырынан, яки олардың әлеуметтік, қоғамдық, саяси астарына тереңдеп үңілу – еліміздің тәуелсіздік алып, өткен тарихы мен даму жолын ешқандай идеологиялық, саяси бұрмалаусыз, ақиқат жолымен қайта таразылауға мүмкіндік туған бүгінгі уақыт талабына сай міндет екендігі даусыз.

М. Әуезовтың қоғам қайраткері және саясаткер ретіндегі алар орнын анықтап, ғылыми тұрғыдан тиісті бағасын беру де алдағы күндердің үлесінде. Әуезов қана емес, жалпы Алаш қайраткерлерінің өмірі мен қызметі, шығармашылығы, негізінен, әдебиетші, лингвист ғалымдар мен тарихшылардың және жекелеген заңгерлердің зерттеу объектісіне айналумен шектеліп келген еді. Бұл айтылғандарға Елбасы Н.Назарбаевтың “Тарих толқынында” кітабындағы “Ұлттық саяси ұйымның жасақталуының өзі отандық тарихымызда жеріне жете зерделенбей келеді. “Алаш” партиясының жетекшілері ұсынған көптеген қағидалар күні бүгінге дейін өз маңызын сақтап отыр”, - деген ой-тұжырымы толық дәлел бола алады. Мемлекет басшысының осы тұжырымдарын болашақ ғалымдарға берілген бағыт-бағдар, тіпті, арнайы тапсырма деп түсінген ләзім.

Кеңес империясының үстемдігі жылдары - бұл тыйым салынған жабық тақырып болып келді. Өкінішке орай, әсіресе М.Әуезовтің ХХ ғасырдың басында қазақ жеріндегі саяси күреске белсене қатысушылардың қатарында болғандығы - ұлттық тарихтың және Қазақстан саясаттану ғылымның толыққанды ашылмаған беттері болып қалуда.

Мұхтар Омарханұлының азаматтық позициясының айқындалуы мен саяси көзқарасының қалыптасуын оның өмір сүрген ортасы ерекшеліктері мен сол кезеңдегі қазақ даласында болып жатқан әлеуметтік-қоғамдық һәм саяси оқиғалардың мазмұнымен біртұтас алып қарағанда ғана тереңірек түсінуге болады.

Тарихшы, ғалым Л.Әуезова өзінің «История Казахстана в творчестве М.Ауэзова» деген еңбегінде: «М.Әуезовтің шығармашылық жолының бастауы оның өзі тікелей қатысушысы болған ірі тарихи өзгерістер, әлеуметтік қозғалыстар уақытымен сәйкес келді. Бұл жағдай, сөзсіз, оның шығармашылығында бейнеленді, жазушының ерте еңбектерінің идеялық-шығармашылық алғышарттарын анықтады. М.Әуезовтың 20-шы жылдардағы шығармаларын дәуір тұрғысынан қарастыру оның шығармашылығын барынша терең және жан-жақты зерделеуге жаңа мүмкіндіктер ашады», - деген құнды ой айтқан еді. (Л.Ауэзова «История Казахстана в творчестве М.Ауэзова» Алматы, «Санат» 1997 ж., 276 б.).

Белгілі ғалым, әуезовтанушы Т.Жұртбай М.Әуезовтің ғұмырнамасына мынадай қысқа әрі нақты сипаттама береді: «Тағдыр оған адам ретінде де тосын сый ұсынды. Феодалдық қоғамда дүниеге келіп, капитализмде ер жетіп, социализмде өмір сүрді. Бір-біріне қарама-қайшы, үш формацияның өкілі іспетті күй кешті. Адамзат тарихы ондаған мың жыл бойы жүріп өткен жолды Мұхтар жиырма жасында аттап үлгерді». Әуезовтың жеке басындағы осы халді сол кезеңдегі көптеген қазақ зиялыларының, жалпы ұлттың басындағы ахуал деуге әбден болады. Әрине, мұндай «секірістің салдары қалай аяқталғаны тарихтан жақсы мәлім. Сансыз қасірет әкелген зорлықшыл жүйенің қазақ даласында күшпен орнатылуы, сырт қарағанда қысқа уақытта жүзеге асқанымен, оның түпкі себептері ғасырларға созылған отарлау саясатының үздіксіз жалғасуында болатын. Бұны, ең алдымен, қазақтың оқыған зиялылары барынша терең түсінді.

Олай болатын болса, аталған кезеңдегі қоғам бейнесін Алаш партиясынсыз, Алашорда үкіметінсіз, Алаш мемлекеттік құрылымынсыз (тарихшы, ғылым докторы К.Нұрпейісовтің анықтамасы) көзге елестеу қиын. Ғасырлар бойы отарлық езгіден жаншылып, өз жерінде отырып биліктің барлық деңгейінен (ауылдық дәрежедегі болыстықтан басқа) айырылған, тағдырын генерал-губернаторлар бастаған әскери полицейлер шешетін болған қақысыз, қорғансыз халықты бұғаудан босатуды азаматтық борышы санаған зиялы қауым Алаш туының астына бірікті. Сөз болып отырған кезеңде 5 млн. қазақтың ең шұрайлы жерлері ішкі ресейден көшірілген крестьяндарға беріліп, оның үстіне жан-жақтан қамап, желкеден төніп тұрған қамалдардан қылыштарын жалаңдатып отырған 1 млн. казак әскерлері қоршап тұрғанына қарағанда, қазақ даласы бір алып түрмені көз алдыңа елестетеді. Ақын Мағжанның:

Жүрегім, мен зарлымын, жаралыға

Сұм өмір абақты ғой саналыға, -

деген күңіренісінің мәнісіне сонда ғана анық көз жеткендей.

Орасан қайшылықтарға қарамастан, бұл мерзім - жүз жылда бір келетін жалғыз мүмкіндік әрі тарих-ананың өзі толғата келіп, ұлтын өрге сүйрер ұлдарын дүниеге әкелген айрықша ояну, сілкініс кезеңі болатын.

Бүкіл Ресей аумағындағы сияқты Қазақ даласында да отарлықтың бірден-бір белгісіндей танылған ақ патшаның тақтан құлатылуы - азаттық таңы атқандай сезілді. Сондықтан 1917 жылғы ақпан төңкерісін интеллигенция өкілдері ғана емес, бүкіл халық айрықша зор қуанышпен қабылдады. Бұл жөнінде Ахмет Байтұрсынұлы «Революция и киргизы» деген мақаласында былай деп жазды: «Насколько была понятна киргизам февральская революция, настолько непонятней показалась им октябрьская (социалистическая революция ).

С какой радостью встретили они первую революцию, с таким же ужасом пришлось им встретить вторую. Такое отношение киргизов к той и другой революции весьма естественно и понятна тем, кто знаком с киргизским народом. Первая революция понятно и с радостью встречена киргизами потому что, во-первых, она освободила их от гнета и насилий царского правительства и, во-вторых, подкрепила их надежду осуществить свою заветную мечту - управляться самостоятельно. Та, что вторая революция показалась киргизам непонятной, объясняется просто: у киргиз нет ни капитализма, ни классовой дифференциации; даже собственность у них не так резко разграничена, как у других народов: многие предметы потребления считаются у них общественным достоянием. Наводила же на киргизов ужас октябрьская революция своими внешними проявлениями. Как происходило большевистское движение в центральных частях России, - киргизам было неизвестно. На окраинах же оно сопровождалось повсюду насилиями, грабежом, злоупотреблением и своеобразной диктаторской властью».

Айналасы бір-ақ жылдың ішінде қос төңкерісті басынан өткеріп жатқан қоғамдағы қайшылыққа толы оқиғалардың қайнаған ортасының бірі Семей қаласы болатын. Осы қаладағы семинарияда білім алып жатқан Әуезовтей санасы сергек, көкірегі ояу, көзі ашық, отты жанның ұлтының тағдыры шешіліп жатқан шешуші кезеңде қол қусырып қарап отыруы мүмкін емес еді. Әуезовтың «Алаш» партиясының жастар ісі жөніндегі жауапты адамның бірі болғандығын белгілі себептермен өзі де, зерттеушілер де жасырып келді. Алашорда үкіметінің құрамына сайланбағанымен де, партияның идеология саласындағы үгіт-насихат жұмысын, өзі айтқандай, жанын салып істеді. 1918 жылы Омбы қаласында өткен қазақ жастарының құрылтайында батыл пікірлерге толы баяндама жасайды. Осы жолы құрылтайға жетекшілік еткен Смағұл Сәдуақасовпен танысады. Екеуінің де 21-24 жастағы жанартаудай жалындап тұрған кезі. Арадағы таныстық ажырмас достыққа, шынайы сыйластық пен өзара құрметке ұласты. (Смағұл Садуақасов көрнекті экономист, Голощекиннің «кіші октябріне» батыл қарсы шыққан ҚАССР Үкімет мүшесі, аты шулы «сәдуақасовщина» аталған қудалау науқанының құрбаны, 1934 жылы Москвада уланып өлтірілді. Мұхтардың репрессия жылдарында жоғалтқан ең жақын жолдастарының ішінен екінші құрбандық, алғашқысы - Жүсіпбек Аймауытов 1931 жылы атылып кетті. Басқаларынан 1938 жылға дейін түгелінен жуық мәңгіге айрылды. Кейін өз ажалына себепкер болған жүрек сырқаты да сол бір ауыр айрылулардың айықпас зардабы болғаны анық.

1919 жылы Лениннің тікелей нұсқауымен Кеңес өкіметі кешірім бергеніне қарамастан, Сталин мен оның жендеті, Қужақ-Голощекин 20 -жылдардың ортасынан бастап қазақ интеллигенциясын қуғындауға білек сыбана кірісті. Әсіресе қазақтың дербес мемлекетін құруды жүзеге асыра бастаған Алаш қайраткерлеріне өшпенділіктері айрықша болды. Бұл жолда оларды ешнәрсе тоқтата алмады: жесір қалған аналар мен жетім қалған сәбилердің көз жасы да, тіпті бүтіндей бір халықтың алдағы болашақ тағдыры да селт еткізбеді. Керісінше, сол болшаққа халқын бастап апарар ұлт жетекшілерінің көзін тезірек жойып, бар билікті тек өз қолдарына алуға жанталаса ұмтылды. Сондықтан адам баласының ақылына кіріп шықпайтын орынсыз жалаларды үйіп-төгіп, ірі мемлекет және қоғам қайраткерлерін бірінен соң бірін түрмеге қамап, жер аударып, ақырында ажал оғына байлай бастады.

Бас көтерер қазақ интеллигенциясының көзін жойып біткенше толастамаған репрессияның тағы бір толқыны 1927-29 жылдары басталды. Алғашқылардың қатарында НКВД-ның қанды тырнағына Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, А.Байтұрсынұлы ілініп, қамауға алынысымен іле-шала Әлімхан Ермеков, Мұхамеджан Тынышбаев, Халел, Жаһанша Досмұхамедовтар, Жақып Ақбаевпен бірге Мұхтар Әуезов те Ташкентте қызметте жүрген жерінен тұтқынға алынды. Ең басты тағылған айып та Мұхтардың Алаш қозғалысына қатысуына байланысты еді. Ал, «Алаш» партиясының алдыға қойған мақсаттары, Кеңес үкіметінің алдындағы бар «кінәлары» мыналар болатын: ұлттық, демократиялық, тәуелсіз мемлекет орнату; мемлекеттің құрылымын және басқарылу - атқару, заң, сот және діни жүйесін айқындау; «бөліп ал да билей бер» ұранының салдарынан шашырап кеткен қазақ облыстарын бір шаңырақтың астына жинап, аумақтық (территориялық) тұтастықты бекіту; сыртқы саясатты, соның ішінде, ең алдымен, Ресеймен қарым-қатынасты (Федерация мәселесі) анықтап алу; жер мәселесі; қорғаныс туралы; әйелдер жайы; халықтың сауатын көтеріп, мәдениетін жетілдіру, тарихын таныту; осы жолда ғылымның әр саласынан: тіл, әдебиет, философия, тарих, медицина, математика, психология, ауыл шаруашылығы т.б. оқыту және оқулықтар жасау (жаңа буын оқулықтары); ең кереметі - осы ғылымдарды қазақ тілінде сөйлету; газет, журналдар ашып ұлттық баспасөзді қалыптастыру; шаруашылықты дамытудың тиімді жолдарын белгілеу; 1921-22 жылдары Орталық Қазақстанда болған орасан аштықтан елден жылу жинап, өздері атқа қонып, мыңдаған адамдарды аман алып қалуы, т.б.

Алматыға жеткізілген Әуезов 1930-32 жылдары, екі жылын Тастақтағы түрмеде өткізді. Өлім мен өмірдің арпалысып, Сталиндік жазалау машинасының іске қосылып кеткен уақытында одан аман қалу екіталай еді. Ұлт басына үйріліп келе жатқан нәубетті алдымен сезген А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхандар Алаш қайраткерлерінің болашақ ұрпақтарға аманатын жеткізетін ұлтжанды жас буынның аман қалуының аса қажеттігін ойлағандықтан, «күйсек біз күйейік, сендер өздеріңді сақтаңдар. Елге екі сөз айта алмаймыз. Ал сендер келешек үшін керексіңдер” деп, Мұхтар Әуезов, Әлімхан Ермеков сынды жас інілеріне «қателерін мойындауға кеңестерін берген. Бәлкім, кезінде Алаштың соңынан ерген екі бірдей талантты, танымал жастың республикалық баспасөз арқылы «өз кінәларын мойындауына» рұқсат ете отырып, Голощекиндік жандайшаптар, ең алдымен, Алаш қозғалысына алдын-ала қара күйе жағып, халықтың сеніміне күмән енгізуге немесе кейінгі жас ұрпақты алаштық-азаттық идеялардан ажыратуға септігі тиеді, - деген арам үмітті көздегендіктері де ғажап емес. Cонымен 1932 жылдың 10 маусымында Мұхтар Әуезов әйгілі Ашық («саяси» деп бағалауға толық негіз бар) хатын жазды.

Жазылғанына сексен жылдан асқан осы хаттың мазмұнына бүгінгі күн тұрғысынан қайта қарап, талдау - талай шындыққа көз жеткізуге мүмкіндік береді.

Ашық хат былай басталады: «Менің әдебиет пен саясат жолында бұрын қандай адам болғандығым туралы Қазақстан партиялық кеңестік жұртшылығы өзінің қоғамдық сынын айтқан болатын. Ол сын ашық, нық айтылған дұрыс сын еді. Ондағы берілген баға бойынша мен «байшыл, алашордашы одағындағылардың салт-санасын әдебиет жүзінде іске асырушы кісі” болғам. Бұл сияқты дәл сынды жазушылар - Қаз АПП тобының төңкерісшіл, марксшіл сыншылары, - деп тағылған айып сөздерді тырнақшаға алып жазуынан-ақ оларды Әуезовтың өзі мойындамайтындығы анық көрінеді. Содан бері 80 жыл өткен бүгінгі уақыт тұрғысынан қарағанда «байшыл» немесе «алашордашыл» деген ұғымдардың түпкі мәнін тарихтың өзі бар шынымен, әділдігімен түсіндіріп берді.

«Маркс-Лениннің даусыз ақиқат есебінде айырып айтқан дұрыс жолы бойынша әдебиет барлық мемлекет құрылысы мен соның саясатына ежелден бағынатын нәрсе екенін ескермедім, қабылдамадым…, - осындағы «қабылдамадым», «ескермедім» сөздерінің астарына, яки жол арасына үңілер болсақ, жазушының ішкі пікірінде солай болуы тиіс деген нық сенімінің жатқандығын аңғару қиын емес. Большевиктік мемлекет құрылысы әдебиетті де өз саясатының сойыл соғары ретінде пайдалануды көздеді. Ахаңның жоғарыда аталған мақаласында көрсетілгендей, «жаңа құрылыс» қазақ даласына қандай нәубет әкеле жатқандығын көріп-біліп отырған Әуезовтей зор саналы азаматтың оны қабылдамауы табиғи заңдылық екендігі түсінікті.

«…жаңа түсінік, жаңа бағыт тұрғысынан енді менің жүріп өткен әдеби және зерттеушілік қызметімді шолып өткенде айтатыным: ол қызметтерім Қазақстандағы мәдени төңкерістің жол бағытымен үйлескен жоқ. Қайта соған қайшы келіп отыр. …артқы күнімді осылайша нық тексеріп, қайта бағалап келгендегі ендігі байламым: сол ескілігінен өз арамды бұдан былай біржола үзіп жарып алу, және сол ескілікпен мені байланыстырып, жақындастырған жайлардың барлығынан үзілді-кесілді арылып шығу», - бұл «мәдени төңкеріс» - ұзақ ғасырлар бойында уақыт талқысының сүзгісінен өте келіп сомдалған біртұтас ұлттық мәдениет пен әдебиеттің тамырына балта шауып, қолдан жасалған таптық үлгіні зорлықпен таңдаған талайсыз төңкеріс болатын. Алты жасында Абайдың барлық өлеңін жатқа біліп, халық ауыз әдебиеті, шығыс әдебиеті және орыс, батыс әдебиеттерінің кәусар бұлақтарынан сусындап өскен Әуезовтің бір сәтте олардың «барлығынан үзілді-кесілді арылып шығып» жасанды, жалаң, құнарсыз «төңкеріс мәдениетінің» бағытын ешқашан жақтамасы айдан анық.

«…Менің өткендегі жазушылық қызметімнің айқын белгілері «Еңлік-Кебек», «Қаракөз» сияқтылары еді. Бұлар бүгінгі төңкеріс дәуірінен алыстағы қазақ салтын көрсетумен қатар, өздерінің екшеліп алынған тақырыптары бойынша төңкеріс тематикасынан әдейі аулаққа жайылып кеткендікті және ұлтшыл жазушылардың тобына кеткендікті білдіретін нәрселер. …менің шығармамның көпшілігі сарнамашылдық бетімен болуымен бірге, өткен дәуірді төңкерісшіл сарыншылдық жолымен сипаттаудан қашық болды. Қайта ескіліктің кейбір залалды салттарын жарыққа шығарып өсумен, ол салтты жақтаушыларды аз-аздап пікірі жолындағы құралсыздандырумен қатар, бәрібір мен өз шығармаларымның көпшілігімен анығында беті ашық ұлтшылдық күйіндегі жазушы боп шықтым». Мінеки, Мұхаңның өзі атап тұрған шығармалары қазақ әдебиетінің ғана емес, бүкіл әлем әдебиетінің інжу-маржандары қатарына қосылып, классика ретінде талассыз мойындалды. Бұл шығармаларда заман келбеті, өмірдің мәні, адамның ішкі жан дүниесінің тебіреніс-толғанысы, сезім сырлары, терең иірімдері көркем кестеленеді, қоғамның тарихи-әлеуметтік шынайы келбеті боямасыз бейнеленді, сондай-ақ қоғамдағы саяси шындықтың шымылдығын ашуға бетбұрыс жасалды.

«…Қазақстанда партия мен үкіметтің жүргізіп жатқан ірі төңкерістік шараларына көбіне көзқарасым теріс болды. Ол шаралар өткен заманда езгіде болған Қазақстан еңбекшілерінің пайдасы, игілігі үшін ең қажет шаралар екенін түсінбедім”, - дәл осы уақытта бұндай «еңбекшілердің пайдасы, игілігі үшін ең қажет шаралардың», яғни коллектвизация тәрізді сойқанды әрекеттердің салдарынан миллиондаған адамдар аштан қырылып, үкімет үйлерінің есігі ашылғанда, бөлмелерге өлік иісі келіп жатқан. Бұның бәрін толық сезіп, анық біліп отырған гуманист жазушының жоғарыдағы жолдарды жазып отырғанда жан дүниесінің қаншалықты азап шегіп жатқаны бір өзіне ғана мәлім.

«…біздің аймақтың барлық қоғамдық шаруашылық қалпын капиталшылдық жолынан социализм жолына аударып, бұрып салу үшін ол шаралар қажет екенін есептемедім. Жекелеп айтқанда байлар мен ру басыларын конфискелеудің қажеттілігін іштей қабылдамадым». Смағұл Сәдуақасовтай терең білімді экономистпен сырлас, дос болған Әуезов одан шаруашылық жөнінен көп үйренгендігі сөзсіз. С.Сәдуақасов Қазақстандағы конфискелеудің орнына кооперациялауды, яғни мал басын, оны бағу әдістерін сақтай отырып, тек қана ірі байларды конфискелеп, олардың өзін кооператив басшысы ретінде қалдыруды жақтаған болатын.

Байларды конфискелеп, жер аудару дегеніміз - ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылық жүргізу әдісін тас-талқан етіп, мал атаулыны қырып салып, алапат аштық әкелу, сүттей ұйып отырған мыңдаған отбасының (бұлардың ішінде Абайдың ұрпақтары тегіс кетіпті) тоз-тозы шығып, Қытай, Ауған, Индия, Иран, Түркия, Пәкістан асып, сүйектері далада шашылып, ол жақтарды ұзақ жылдар бойы жерсінбегендіктен, ұрпақ тұрмай, жаңа туған балаларының өле бергендігі, (жолай көрген қорлық пен мазақ өз алдына) т.б. толып жатқан алапат трагедияға әкеп соққанын қазіргі ұрпақ енді ғана білгенде, адамның өкініштен өзегі өртенеді. Сол қасіреттің тірі куәлары - бүгінгі «оралмандар» деп айдар тағылып отырған, кешегі Алаштың арыстары араша түскен қалың қазақтың бір үзігі.

«Мойындаған қателерінің» бір де бірі, шынтуайтына келгенде, ешқандай қателікке жатпайтындығын бар болмысымен, сергек санасымен, мойымас рухымен, нық сенімімен сезіп, біле отыра «…қазір мен өзімнің сол бұрын басып өткен ізімнен қайтып, соны қатты айыптайтынымды білдіремін», - деген жолдарды жазып беруіне тура келеді. Ең ащы шындық сол - осы қадамы Әуезовтың тірі қалу-қалмауының шешімі еді. Сол бір тарихи шешімнің арқасында қазақ әдебиетінің бір тауы жығылмай қалды, кең арналы алып дариясы суалмады, қайта толықсып-толды, өсіп-өркендеді, әлемдік дәрежеге көтерілді. Әуезов арқылы халық Абайын таныды, көзден бұл-бұл ұшқан көшпелі өркениетін, тым болмаса, санасында сақтап қалды. Ғұлама ғалымның артында негізін өзі қалаған үлкен ғылыми мектеп қалыптасты, қазақ драматургиясы қанат жайды. Әуезовтен өнеге алушы, көзін Әуезовпен ашқан, көкірегі ояу ұрпақ дүниеге келді. Өз тіліндегі ұлттық әдебиеті бар ел өміршеңдігін жоғалтпайтын болды.

Тұжырымдай келгенде, Әуезовтың Ашық хаты - ұлы тұлғаның ұлағатты өмірін тануға апарар тарау-тарау жолдардың бір тармағы; Әуезовтың, ол арқылы ХХ ғасырдағы қазақ интеллигенциясының, тұтас халықтың қайшылықтарға толы қиын-қыстау өмірінің шытырманын ажыратып, шындығын ұғынуға мүмкіндік беретін өте күрделі тарихи құжат; кеңестік қасаң идеология тұсында біржақты бағаланып, ұлты үшін күрескен рухы мықты жандардың «біржола жеңілгендігінің», кеңес үкіметінің жасампаздығына бас игендігінің айғағындай насихатталды. Десе де, шығармалары, өмір жолы көрсеткендей, жазушы өзінің бастапқы мұратынан, алғашқы сара жолынан, алдына қойған мақсатынан айнымай, тар мағынадағы таптық көзқарастың көбесін сөгіп, адамзаттық ақыл-ойдың шырқау биігіне көтерілді.

Бақытына орай қазақ халқы «Абай жолында» ғасыр басындағы және бұрынғысынан да кемелденген, мұхиттай терең, сахарадай кең, асқар таудай алып, аспандай биік нағыз Әуезовымен қайта қауышты.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар