Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
МО ЯНЬ. ТҮНГІ ОЛЖА

11.05.2018 568

МО ЯНЬ. ТҮНГІ ОЛЖА

Жазушы-аудармашы Қуандық Шамахайұлының кезекті бір тәржімасын ұсынып отырмыз. Ол бұл жолы Қытайдың Шандунь провинциясының тумасы, әдебиет аталымы бойынша Альфрейд Нобель атындағы сыйлықтың 2012 жылғы жеңімпазы Мо Янның әңгімесін қазақшалап отыр.

ТҮНГІ ОЛЖА

(әңгіме)

Қайта-қайта жалынып-жалпайып өтінген соң ғана Тоғызыншы немере ағам зорға дегенде түн ортасында шаян аулауға мені ертіп апаратын болды. Бұл алпысыншы жылдардың ортасы болатын. Жыл сайын көшкін түседі де, елді мекенімізден бір шақырымға жетер жетпес айналасын су басып қалады.

Кешкі астан кейін екеуіміз ауылдан шықтық. Кетердің алдында шешем маған тыныш жүруді, немере ағамның сөзін бұлжытпауымды ескертумен қатар мені қатты қадағалауын оған да тапсырды.

Тоғызыншы немере ағам «Жеңгей, қам жемеңіз! Мен тұрғанда ол еш қайда жоғалмайды» деп сабырға шақырып әлек.

Шешем бізге қарындарың ашқанда жеңдер деп пияз қосылған екі құймақ берді. Біз жаңбыр өтпейтін, бамбуктан тоқылған сулық жамылып, басымызға үлкен қалпақ киіп алдық. Мен кендірден тоқылған ірі қап көтеріп, ағам бір қолына шам, келесі қолымен күректі мықтап ұстап, иығына салып алған. Ауылдан шыққан соң ұзап жарытпадық. Жол сілемдері өшіп жоғалып кеткен, айнала толған ми батпақ, жаңбырға ұрылып, бастары салбыраған бидай алаңы алдымыздан шықты. Жалаң аяқ жүргендіктен біз су, батпақ дегендерді пысқырмай-ақ өте шығамыз.

Сол түнгі айдың ерекше ірі көрінгеніне қарағанда, тамыздың онтөрті, онбесі күндерінің бірі болған шығар. Күздің орта шені жақындағанының белгісіндей кешкі желдің ызғары сезіледі. Айдың тұнық жарығы егін ортасындағы су бетімен шағылысқанда бір уыс күміс сәуле шашылғандай. Ала жаздай бақылдаумен айыздары қанып болған бақалар інге кірмекке мұршалары жоқ шығар, айнала тым-тырыс. Біздің шалпылдатып су кешуіміз ғана мүлгіген тыныштықты бұзады. Біршама ұзақ жүрген соң ғана егістік алқабынан шықтық.

Су бөгеніне өрмелегенімізде ағам «Әлгі өзен иірімі осы ғой. Осы жерден шаян сүземіз» деді. Ағам үстіндегі жамылғысы мен қалпағын шешіп, тіпті, бұтындағы ішкиіме шейін сыпырып тастады. Тыр жалаңаш денесінде темір күректен өзге ештеңесі жоқ ол жалпақтығы ондаған құлаш иірімге секіріп түсіп, өзен суын екі жаққа бөлмекке тас пен батпақты үйе бастады. Мұндағы иірімнің тереңдігі шамамен бір құлаш, ағысы баяу.

Әне-міне дегенше, білмейтіні жоқ, Тоғызыншы немере ағам батпақтан шағын ғана бөген тұрғызып тастады. Оның бір жағын айналдыра бір құлаштай ашық қалдырып, егіннің сабандарын тобымен нығап қойды. Әкелген май шамды бума сабанның үстіне қойып, маған жарықты қалқаламай отыруға нұсқау берді. Осылайша біз үшін енді, олжамызды күтіп отыру ғана қалды.

– Шаян аулау оңай ма? – деп, мен ағамнан сұрадым.

– Сен жай ғана қарап отыр. Бүгін түнде жел шығыстан соғып, қояр емес. Аяқтары қышыған шаяндар жиналыстарына қатысу үшін асығып жетері анық. Міндетті түрде осы иірім арқылы өтеді. Таң атқанда екеуіміз қабымызды көтере алмай қомақты олжамен қайтатын шығармыз.

Бөгеннің түбі дымқыл әрі салқын, ағам жамылғысын төсеп мені отырғызып қойды. Ағамның жалаңаш денесінде ай сәулесінің ойнауы өте бір ерлік нышаны іспетті. Оның орнынан тұрып, маңғаздана қол-аяғын қозғап, мойны мен арқасын сықырлатуы алып денелі есерсоқ бала секілді.

Тоғызыншы немере ағам сол жылы онсегізге енді ғана толған, үйленбеген де болатын. Ол балық аулау, құс ұстау, жеміс-жидек теру дегендей барлығымен де ойнағанды тәуір көреді, жақсы ойнайды да. Біз де онымен ойнауға құмармыз.

Біраздан соң немере ағам ішкиімін киіп, жамылғының үстіне келіп отырды да:

– Беталды сыбдыр шығаруға болмайды. Шаян өте ақылды жәндік. Болмашы, бірдемені сезіп қойса қозғалмайды, – деді.

Егіннің сабанына ілінген май шамның жарығына бір қарап, шаянға құрған бөгенге бір көз тастап, біраз уақыт үнсіз отырдық. Өзен суы жарқырап, ағып жатқаны білінер-білінбестей тек су бетіндегі сабанға тірелген гүлдің қозғалуынан ғана оның ағыны бар екенін аңғарылатындай. Шаянның қарасы көрінбегеніне мен аздап мазасыздана бастадым. Шыдамай немере ағамнан сұрап та алдым.

– Сен несіне асығасың? Ыстық сорпа ауыз күйдереді деген сөз бар, – деп ол маған ескертіп қойды.

Кешікпей дымқыл тұман айналаны басқанда айдың өзі жоғары көтеріліп, кішірейіп қалғандай көрінгенімен оның тұнық сәулесі жерді бозартып, тұманның қою түскен жерлері қарауытып, кей тұстары сұйылып, тамаша бір көрік беріп тұрды. Өзен жиегіндегі қамыстан түрлі құстың үні сазды оркестр ойнағандай дыбыс шығарады. Құстар үні түнгі мамыражай тыныштықты одан ары айқындап тұрғандай. Егістік алаңы жақтан шалпылдатып су кешкен дыбыстың шығуы әлде кімнің асығыс адымдап келе жатқанындай білінді. Өзен бойына тұрақтап қалған тұман қоюы мен сұйықтығымен алмасып, түрлі бейнеге құбылады, судың күміс сәулесі бірде тұманның тасасына еніп кеткені де анда-санда аңғарылады.

Шаяндардың әлі де көрінбеуі мені абыржыта бастады. Тоғызыншы немере ағам да тілін жұтып қойғандай үнсіз, бөгенді әлсін-әлсін қарап қояды. Маған бұрылып қарап:

– Неткен қызық жағдай бұл, өзі! Бүгін түнде міндетті түрде шаяндар тобы осы арамен өтуге тиіс еді. Тағы да шығыстан жел шықса, шаяндардың аяқтары қышиды деген бар. Егер олар шығып келмесе, қара басты дей бер.

Немере ағам өзен жағасындағы қамыс арасынан сары түсті жапырақ тауып әкелді де ерніне қыстырып алып, ысқырық секілді бір жағымсыз дыбыс шығарды. Мен қатты жаурап отырсам да оған:

– Тоғызыншы немере аға! Ысқырмаңызшы! Шешем айтқан, түнде ысқырса сайтан келеді деп.

Ағам жапырақпен ысқыра тұра маған бұрылып қарағанда көзі көкшіл түске еніп, біртүрлі қорқынышты көрінді. Жүрегім атша тулап, немере ағам бейтаныс жандай көрініп кетті. Жамылғыға одан ары сүңги түскен мен қатты тоңғанымнан қалшылдап отырдым.

Әлгі жапыраққа бар назарын аударып, үрлеп отырған немере ағамның алып денесі ай сәулесіне шомылып, мұздан жасалған мүсін секілді көрінді. Мен іштей таңданып «Мына немере ағам маған әлгінде ғана тыныш отыр, шаян үркітесің деп алып, енді, несіне жапырақпен ысқыра бастады? Шаяндарды осылай шақырып, қолға түсіре ме екен?» деп ойладым.

Сонымен ақырын ғана сыбырлап «Тоғызыншы немере аға!» деп шақырдым. Ол тым құрығанда қозғалмады. Сол күйі жапырақпен ысқыра берді, оның дыбысы барған сайын үрейлі естіледі. Тезірек саусағымды қаттырақ тістеп көрдім. Қатты ауырғанына қарағанда түсім емес, өңім екені анық. Немере ағамның арқасына қолымды тигізгенімде сұп-суық денесі сай сүйегіме шейін сезілгендей болды. Осы сәтте мен шынымен қатты қорқа бастадым. Тезірек қашып шығайын десем, тастай қараңғы түнде шеті көрінбейтін егін алқабында, мидай батпақты кешіп қалай үйге аман-есен жете аламын?

Немере ағаммен бірге шаян аулауға шыққаныма шынымен де қатты өкіндім. Жапырақ үрлеп отырған мына бір мүсін секілді сұп-суық адам баяғыда менің Тоғызыншы немере ағам болудан қалған, аңызда айтылатын балық басты құбыжыққа айналған жын-пері ме кім білсін. Осылай ойлағанда төбе құйқам шымырлап, бас терім сыпырылғандай болды. Бұл жерде бүгін түннен аман шықпаспын деп ойладым.

Қашан шыға келгенін білмеймін, бір бумадай сарғыш түсті оғаш бұлт аспанда көріне қалғаны сол еді, айдың өзі соған мініп алып шауып кеткендей жоқ болды. Неткен қызық, осыншама кең аспанда кішкентай ғана бұлтқа сіңіп кететіні қалай деп іштей таңданып қойдым. Ай сәулесінен осылайша көз жаздым. Ортада тұрған әлгі май шам ғана айналаны басқан қараңғылықты бұрынғыдан да жарық ете түскендей. Дәл осы сәтте ерекше бір ғажайып иіс білінді. Өзен жақтан сезілген сол жұпар иіс мені еріксіз солай жетелеп, су бетінде қалқып жүрген аппақ лотос гүлін көрсетті. Шамның жарығында анық көрінген осы бір лотос гүлі соншалықты тәкәппар әрі тартымды. Үйіміздің ауласындағы су бұрқақтың жанында лотос гүлдері көп өскенімен дәл көз алдымдағы мына әсемдікті онымен салыстыруға келмейтін еді.

Әсем лотос гүлі менің қорқынышымды басып, бұрын кездеспеген биік мәртебелі әсем аураға батырды. Мен орнымнан еріксіз атып тұрдым да бар киімімді шешіп, лотосқа қарай беттедім. Аяғым жып-жылы суға тигенде, сүңгіп кеттім, баяу ғана ағатын өзеннің ағысы санымды сипағандай болғанда сөзбен айтқысыз тамаша сезім туды. Қатты сүйсінгенім соншалық, өліп бара жатқандай күйге ендім. Көзге көрінгенде санаулы қадам қалғандай болғанымен жақындаған сайын ары кете беретін секілді. Лотос гүлі екеуіміздің аралық қашықтық мүлде өзгермеді. Алға бірнеше рет қадам ілгерілесем, ол ары қарай кетіп қалады. Менің жүрегім толқып, маужырағандай болсам да рақатанатын секілдімін. Шын мәнінде, әлгі гүлге баруға да ықыласым болмай ол су бетінде қалқып, мен соңынан еріп дегендей мұншалықты көркем әрі армандауға тұратын сәтте жылы судың денемді сипалауы көзімнің тірісінде ұмытылмастай-ақ тым тамаша сезім тудырды.

Кешікпей ай сәулесі жарқ етіп шығып, айналаны толтырғанда мен екінші мәрте дір-дір еттім. Жебемен атқылағандай аппақ сәуле ортасында гүл жапырақтары төгіле бастағандай болды. Қурап түскен гүл жапырақтары су бетінде ай сәулесін жылтылдата жүзіп, биікте ұмтылып тұрған гүлдің сабы сол сәтте бүгіліп, қараңғыға сіңіп жоқ болды.

Еріксіз өксіп жылап жібергенімде жүрегім мен көкірегім мұңға толып қалыпты. Оны қасірет деуге де келмейді, жағымды мұң дерліктей. Көз алдымда болып өткен осы көріністің бәрі қас қағым сәттегі түс секілді сезіледі. Алайда, мен өзенде тұра бердім, денемді, жүрегімді су еркелете жұбатып оның ағысы жүрек лүпілімен бірге кетіп жатты. Лотос гүлі тарап жоғалса да жұпар иісі өзен бойында әлі тұр, айдың жарық сәулесі, қамыс арасындағы ойнап тұрған оркестрдей бірлесіп үн қосады.

Алып қол келді де мені желкемнен бас салып судан суырып алды. Су тамшылары шағын ғана меруерттер іспетті мойын, жауырыннан бастап, қарын, белден төменгі мүшеде құлдилап, сырғып түсіп жатты. Өзен жақтан ауыр жүрісті біреудің аяғының сыбдыры шықты. Денемді жинақтап жамылғысының ішіне сүңги түстім. Мені немере ағам судан шығарды ма десем, ол сол баяғы орнында жапырағын үрлеп отыр, оны сол жерден қозғалды дейтіндей еш белгі жоқ.

Бар даусыммен «Тоғызыншы немере аға!» деп айғай салдым. Ағам жапырақ тістеген күйі бейтаныс адамның жат көзімен қарауынан оның өзіне кедергі келтіргенімді жақтырмағаны аңғарылды. Өзенге түсіп шыққаннан кейін қорқып қалтырауды қойған мен үшін оны немере ағам ба, әлде, аруақтың елесі ме деп күмәнданудың мәні қалмаған еді. Ол мені сиқырлы әлемге бастап келіп, мақсатына жеткен соң бейтарап адамға айналғандай көрінді. Осылай ойлаған сәтте ол жапырақпен ысқырып емес, әуен ойнағандай сезіліп, көңілді тербегендей естілді.

Май шамның сары жарығы маған «Сен екеуің мұнда шаян аулауға келген едіңдер ғой» деп ескерткендей көрінді. Бір тобы басын көтеріп, келесі тобы салбыратып, бүкіл бір шаяндар табыны бөгенге келіп алған жоғарыға өрмелеп барады. Құжынаған әлгі шаяндардың бәрі ат тұяғындай ірі жасыл сауыты ішінен үлкен көздері жылтылдап, аяқтарын жапқан жүндері оларды одан бетер қорқынышты көрсетеді. Мен туғаннан бері мұндай шаян көрмеген едім, оның үстіне осыншама топтасқан көп шаянның бір жерде тұрғанын.

Жүрегім тулап қатты қуансам да, неге екенін білмеймін, батылым бармайды. Тоғызыншы немере ағамды қанша шақырсам да ол мүлде жауап қататын түрі жоқ. Мен ашуланып «шаян жоқта жапырақ үрлеумен болдың, енді ол келіп еді, әлі ысқырып тұрсың, бұлай болса, түн ортасында несіне келдік?» деп айғай салдым. Ағам баяғыда мен білетін немереге ұқсамай қалғанын енді ғана сездім.

Кенет бір жұмсақ қол тым ептілікпен маңдайыма тигенде бұрылып қарасам, бір жап-жас қыз тұрды, алдымда. Ұзыннан ұзын шашы бар, құлағының жоғары жағына тауықтың жұмырқасындай үлкен ақ гүл таққан, дәл қандай гүл екенін білмедім, иісі мұрын жарады. Жүзі күлімсіреген оның маңдайының ортасында бір қара мең көрінеді. Ол ақ түсті кең көйлек киіп, ай жарығымен сәуле тартып, аңыз ертекте шығатын сұлу арулар секілді көз тартады. Ол баяу бола тұра мейрімді үнмен:

– Кішкентай балақай, сен мұнда неғып жүрсің? – деді.

– Шаян аулауға келген едім.

– Осындай кіп-кішкентай бола тұра шаян аулауды білесің бе? – деп, сықылықтап күліп табалағандай болды.

– Немере ағаммен бірге келгенмін.

– Мһм, сенің немере ағаң осы дүниедегі ең ақымақ адам – деп әлі күліп тұр.

– Өзің ақымақсың!

– Кішкентай балақай, мен өзімнің ақымақ емес екендігімді саған көрсетейін – деді де, ол егістік алқаптан біршама жуандау сабанды суырып алды да әлгі бөгенге сұғып салғанда жасыл сауытты ірі шаяндар ұшып келгендей-ақ қона бастады. Сабанның келесі бір ұшын қаптың ішіне сұғып қойды. Боп-бос жатқан қап дереу томпая бастағанда шаяндардың тырмалаған дыбысы естілді. Бір қап әп-сәтте толғанда қыз жерден шөп алып қаптың аузын байлап тастады. Келесі қап та тым ұзамай осылай томпайып толды.

– Ал, қалай екен? – деп, ол өктемси сұрады.

– Сен су перісі шығарсың?

– Мен су перісі емеспін – деп, ол басын шайқады.

– Онда, сен түлкісің!

– Тіпті түлкі де емеспін. Түлкі деген қандай жаман аң екенін білесің бе? Кішкентай ғана беті, ұзын құйрығы, денесі толған лас жүні, сасық иісі бар. Қане, өзің иіскеп көрші, менде сасық иіс бар ма? – деп, қатты күлді.

Мен бетімді оның денесінде хош иіске жапсырып, омырауына жеткенімде басым айналып кетті. Киім-кешегінің өзі бетімді салқындата сипайтыны ғажап.

– Түлкі сұлу қыздың кейпіне ене алады, бірақ, құйыршығы қалып қояды деп үлкендер айтқан әңгімені есіме түсірдім. Сонымен әлгі қызға айттым:

– Сен батылың келсе, маған құйрығыңды сипат, егер құйыршығың жоқ болса, сенің адам баласы екендігіңе сенейін!

– Пәле бала, мені мықтамақсың ғой? – деп, қыз дауыс көтерді.

– Сипатудан қорықсаң, онда сен түлкісің! – деп, мен турасын айттым.

– Жарайды, мен саған сипатайын. Ақырын сипайсың ғой. Егер ауыртсаң мен сені өзенге лақтыра саламын, біліп қой!

Ол көйлегін түріп, менің қолымды енгізді. Оның терісі майда жұп-жұмсақ әрі домалана артқа қарай шошайған үлкен бөгсесінде құйыршық болмады. Қыз маған қарай бұрылып:

– Құйыршық бар ма екен, жоқ па екен? – деп, сұрады.

– Жоқ.

– Онда мені тағы да түлкі дейсің бе?

– Жоқ, – дегенімде ол қыз саусағымен басымды ақырып нұқып:

– Кішкентай бола тұра ақылды, тағы қулығын қарашы! – деді.

– Сен түлкі де, су перісі де емессің, сонда кімсің?

– Адаммын.

– Сен секілді осындай мінсіз таза, хош иісті өте сұлу ару қалай адам бола алады?

– Кішкентай тентегім, қазір сен ұқпайсың. Жиырма бес жылдан кейін шығыс өлкенің бір аралында мен сенімен тағы да ұшырасамын, сол кезде түсінерсің.

Қыз құлағының жоғары жағындағы гүлді суырып алып, маған үрлетті, қолын маңдайыма тигізді.

– Сен сезімтал, жүрегің таза, көкірегің ояу баласың. Менің сөзімді есіңде сақта! Мүмкіндік дер кезінде келеді, оған үлгерсең таңғажайыпқа тап боласың! – дегенінде менің екі көзім жұмылып, ұйқы мен түс әлеміне қалықтап жүре бердім.

Оянғанымда күн шығып, өзен иіріміндегі қамыс қызыл түспен жарқырап, шеті мен шегі көрінбейтін егістік алқабы қанды мұхит іспетті толқып жатты. Осы сәтте сонау алыста бір топ адам менің атымды атап шақырып жатқаны құлаққа шалынды. Мен айғай салып, жауап қатқанымда тым кешікпей әкем, шешем, жеңгем, немере ағам егістіктің келесі жағынан шыға келді. Олардың арасында Тоғызыншы немере ағам да көрінді. Ол қос қолдап тұрып мені алқымнан алды:

– Сен сонымен қайда жоқ болып кеттің? – деп, ашулана сұрады.

Немере ағамның айтуына қарағанда, мен біз ауылдан шыққан соң егістік алқабына жетіппіз. Сонда, ол тайып жығылып қайта тұрғанда мен де, шам да жоқ болып кетіппіз. Абыржып, асығыс-үсігіс үйге барса, әрине, онда да жоқпын. Үйдегілердің бәрі асып-сасып түні бойы мені іздесе керек.

– Мен сізбен бірге болдым ғой – десем, ол:

– Қайдағы жоқты тантыма! – деп, бұлқан-талқан болды.

– Мына қаптағы не нәрсе?

– Шаян.

Тоғызыншы немере ағам қаптың аузын буған шөпті жұлып алып, ашқанда әлгі алып денелі шаяндар еңбектеп шыға келді.

– Сен ұстадың ба? – деп, таңдана сұрағанда мен ештеңе демедім.

Осы жазда, Сингапурдағы бір сауда орталығында досыммен бірге қызыма киім алмақ болып, оңды-солды кезіп жүргенімде кенет керемет бір жұпар иіс мұрнымды жарып жібере жаздады. Иістің бағытымен байқап қарасам, киім ауыстыратын бөлмеден түрі күзде туған айдай, қасы қарлығаштың құйыршығындай, қос жанары жұлдыздай сәуле шашқан бір ару билеуден бетер қалқып шыға келді. Ол маған ерекше ыстық сезіммен күлімсірей көз тастады да, баяу ғана бұрылып, құжынаған қалың адамдар мұхитының ортасына кіріп, толқындай құлаштап жоқ болды.

Оның күлімсіреген кейпі өткір жебедей атылып келіп көкірегіме қадалды да жарақаттап кетті. Жүрек соғысым жиілеп, басым айналып маужырап кеттім де қабырғаға сүйеніп ұзақ тұрған соң ғана зорға дегенде қалпыма келдім.

«Не болды?» деген досымның сұрағына көңілім алабұртып кетті де ешқандай жауап қата алмадым. Мейманханаға келген соң мен әлгі маған шаян аулап берген қызды есіме алдым. Қолымды созып тұрып, саусағымды бүгіп санасам, дәл жиырма бес жыл өтіпті. Барлығы соның айтқандай болды, Сингапур дегеніміз де шығыстың бір аралы ғой.

Аударған: Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: МО ЯНЬ, Нобель, қУАНДЫҚ ШАМАХАЙҰЛЫ, әңгіме, #Проза
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар