Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Кісіліктің әңгімесін айтушы...

26.02.2024 1188

Кісіліктің әңгімесін айтушы

Кісіліктің әңгімесін айтушы - adebiportal.kz

Қайыр Бектұрғанов деген жазушы өмір бойы жоғары оқу орнында жоғары математикадан сабақ берген, дүниеден өткенше қолынан қаламы түспей, оқырман зердесіне азық болып, көкірегіне сәуле саларлық дүниелер жазып кеткен адам. 

Қайыр ағамыз өмірінің соңғы жылдары ататегін Құрақұлан деп жазып жүрді, осы жерде оқырманға түсінікті болу үшін айтып өтейік, Қайыр Бектұрғановтың әкесі Құрақ ақсақалдың есімі тарихта Махамбеттің қабірін көрсеткен адам ретінде қалды. 1958 жылы академик Қажым Жұмалиев пен ақын Тайыр Жароков елге келіп, облыстық газет арқылы Махамбеттің бейітін білетіндерге сұрау салған кезде Құрақ атамыз сол жерді білетінін айтады. Атадан балаға жалғасқан (Бектұрған деген кісі өзінің ұлы Тәшенге, Тәшен өз ұлы Дінмұхаммедке, ол өзінің ұлы Құраққа бейіттің орнын көрсетіп, шірімейтін тобылғы қамшыны белгі қылып,  аманаттап кеткен) аманат-құпия ашылмағанда біз бүгінде Махамбет атамыздың сүйегі жатқан орынды білмес едік, құр далаға ескерткіш қойған күннің өзінде бір өкініш іште кетер еді. Кезінде ауыл ақсақалдары ақынның бас сүйегі антрополог Ноэль Шаяхметовтің жертөлесінде жатып қалды деп өкпелескенде, қария да өзін батыр рухының алдында айыпты сезінген екен деген әңгімелерді естігеніміз бар, бірақ, түптің түбінде атамыздың ойында бір ғана мұрат  – келешек жас өскін өзі ақын, өзі батыр Махамбеттің бейнесін танып өссін, рухына тағзым етсін деген ниет болғаны анық. 

Тектілік атадан балаға жалғасады деген рас, әйтпесе, «түк көрмеген, тұтам қазы жемеген жарымағанның сарқытын ішпе»  деп бұрынғылар неге айтты дейсіз... Тектіліктің бір белгісі – хал-қадерінше  елге  адал қызмет ету. Қайыр Бектұрғанов кете-кеткенше қазақ тілінің жағдайына жаны ауырды, көшеде қате аударылған сөз  көрсе соны түзеткенше көңілі жайланбайтын. Жазушы ретінде қоғамға үн қосып отырды,  сөйлеп кетсе биік өресімен, пайым-парасатымен ерекшеленіп, жазса таным-талғамымен төбедей болған, атасы арзан сөзден бойын аулақ салып, атақ қумаған азаматтардың бірі еді. 

«Бабаназар терегі» туралы алғаш рет филология факультетінде әдебиеттен сабақ берген ұстазымыз, профессор Серікқали Шарабасовтан естіген едік. Кейін жазушының кітабын оқыдық. Жазушының тілі әсіреқызылдықтан ада, сөзді әрі-бері ойнатып, қалағанынша қақпақылдап кетпей, әр нәрсенің шама-шарқын байқап жазады.  Жазушының шағын жанр табиғатын тап басатынын, мысалы, әңгіме жазса басы артық линия, детальдар пайдаланбай, шебер түйетінін байқайсың. Жазушының өзі де пікірінде «белең алып кеткен кемшілік – көпсөзділік, яғни көсілтіп, еркін жазамын деп маңып кету, жанрдың тазалығын, ерекшелігін сақтамау» екенін еске салады. Рас, бұл кемшілік бар. Және мұны жаңалық деп түсіндіруге, солай деп қабылдауға бейімбіз. «Көркем сөйлеу тәтті сөйлеу емес» дегенді ұстанатын жазушы сөзге аса мұқият қарап, дүниеден өткенше сөз қолданудағы салдыр-салақтыққа қарсы болып, соған қатысты мақалалар жазып, жүрген жерінде айтып, ескертумен кетті. Облыстық газеттен талай мақаласын оқыдық. Сонымен бірге әңгімелерін оқи отырып байқағанымыз – жергілікті сөздерден қашпай, орайына, ретіне қарай қолданған. Мұны айтып отырғанымыз, соңғы жылдары әдебиеттің айналасында жүрген адамдармен пікірлесе жүріп, көбінің көркем шығарма ішінде жүрген бірді-екілі жергілікті сөздерді көргенде кәдімгідей тыжырынып, ескерту айтып жататынын, мүлдем қабылдамайтынын байқадық. Әркім өз өңірінде, ауылында қолданатын сөзді әдебиетке әкеліп салса одан әдеби тілдің көркемдігіне нұқсан келеді деген ой басым. Бірақ, бір жағынан, мұны кемшілік демес едік, әдеби тілге енбей қалған бірлі-жарым сөзді тапсақ, ол да айналып келгенде өз сөзіміз емес пе? Қай жақта, қай өңірде қолданса да осы ұлттың, қазақтың сөзі ғой, сөздік қорды түгел пайдалансақ айып емес деген ой келеді.

Автор шығармаларында негізінен сөз болатыны ауыл мен ауыл адамдары. Жазушы жас кезінен қалаға ұзап, Алматыда тұрса да ауыл өмірін жақсы біледі. «Ақталмаған үміт» көп жайды, ағайын арасының сыйластығын, парызды, мал жайын қозғайды. Тұрдалы қарттың немере інісі Рақымбек о баста шаруаға қыры жоқ, берекесіздеу адам екен, әскерден келген соң мал алып, шопан болады, өзінің шаруаға араласқанын көрсін деп ағасын қонаққа шақырады. Бірақ інісіне қонаққа келген Тұрдалы қарияның көңілі су сепкендей басылады. Өмір бойы мал баққан қарияға Рақымбектің малды қалай бағатыны мәлім болды, алғашқы күні байқағаны – Рақымбек қойды толық үш сағат та жаймай қызыліңір болмай айдап әкеліп, өзі араққа бөгіп алып, көмекшілерін жұмсаумен ғана болады екен, малды тал түске дейін қораға қамап, үй маңынан ұзатпай тақырға жайғанына қария қатты ашуланады. Малға обал. Күйеуі әлгіндей болғанда оның әйелі Жұмабике де елден өткен салақ, көрпе-жастығы кірден көрінбейтін, нанның өзін жөндеп пісірмейтін олақ екенін де осы жолы байқайды. Бәрінен бұрын қарияның көңілін қалдырғаны – інісінің қонақтың көзінше «қойды жинақта» деп баласын жұлқылап, шапалақ ұрғаны. «Жөргектен сүтпен сіңбеген қалып пендеге құтаймайды» деп түйген қария үйіне қайтпақшы болады. Кетерінде інісіне: «Менің ренішім сенің мені сыйламағыныңа байланысты емес, Рақымбек. Менің ренішім сенің малды сыйламағаныңа байланысты. Малдың обалы адамның обалынан салмақтырақ, одан әлдеқайда ауыр. Себебі оның көрген жәбірін жария етіп айтатын, мұңын шағатын, шер тарқатып шағынатын тілі жоқ, отқа салсаң ойбай, күйдім демейді, суға салсаң баттым демейді, бір жерін тірілей кесіп алсаң оныңа бейіл, сондықтан да малдың обалына шаш жетпек емес. Азаматтың азаматтығы бүлдірушілігімен, аздырушылығымен емес, бүтіндеушілігімен, қамқор көңілімен, екіні төрт етем деген тынымсыз тындырушылығымен танылады, сонымен бағаланады. Ал сенің мына істеп жүргенің не көзбояушылық, не азғындық? Осы ма бата алғандығың, үмітті ақтағаның? – деп ұрсады. Таусыла сөйлеп үйіне аттанып кетеді. Осы күні ауылда ақысына мал бағатын адам таппай жататыны, сиыр ұстап отырып, дүкеннен қораптағы сүтті сатып алатын келіндер туралы айтылып жүр. Бұл бақуатты болып, алға дамушылықтың көрінісі болмаса керек. Ата кәсіпке енжар қарап, басқа шаруаның қисынын келтіре алмай жүргенге кедейшілік қана дос болады. Жазушы малға қырсыздықтың, еңбекке мойны жар бермеушіліктің адамды аздыруға әкелетінін айта түсуге бейіл. Мал жайы, мал бағудың үлкен еңбек, төзім екені «Шаруаның қисыны» деген әңгімесінде де айтылады. 

 

Қайыр Бектұрғанов прозасының идеялық-философиялық мәні – алдымен кісілікті, ізгілікті насихаттауында жатыр. «Өкпек желдің өтінде» деген повесі бар, осындағы Құрман бейнесі кісілік, парыз ұғымдарын асқақтатады. Керісінше Қитар арқылы қиянаттың сипатын береді. Екі жігіт те қазақтың баласы, кеңес үкіметіне қызмет етіп жүр. Бұл байлар мен олардың тұқымын құртуға кіріскен аласапыран шақ. Өздері ат мініп, байдың бәйбішесі мен қызын жаяу алып келе жатқанда Қитардың жас қызға көзі түсіп, арам ойға беріледі. Күні кешеге дейін босағадан ұзамай келген қаратаяқ Қитар солайша тексіздікке бармақ болады. Осы шешуші сәтте қыздың арын сақтау үшін өзінің қасындағы жолдас жігіт, «қызылжағалыны» жағасынан алған Құрман образы айрықша. Құрманнан таяқ жеген Қитар: «Тұра тұр, біздің шын кедейлердің өкіметі түбінде сендейлердің көзін құртады» деп долданғанда Құрманның әкесінің ауқатты екенін меңзегені еді. Ақыры Құрман «қызыл жағалылар» сапынан қуылады. Арада біраз жыл өткенде Құрманның арқасында арамниеттінің қорлығынан аман қалған осы қыз тағдыр жазуымен оған құдағай болып шығады.

Бүгінде әдебиеттің міндеті адам тәрбиелеу емес деген пікірлер де бар, бұған қатысты пікірталас жасағалы отырған жоқпыз, бірақ, көркем әдебиеттің ізгілікті ролін бәрібір жоққа шығара алмаймыз. Қайыр ағамыз кейіпкерлері арасындағы дүниеқоңыздарды, тоғышарларды, жалқаулар мен тоңмойындарды көрмеге қояйын деп суреттемейді. жақсыны үлгі ету арқылы жаманнан жирендіре түседі. «Төбеге шығып сынасаң» деген әңгімесінде сарказм бар. Қыңыр Ноқайдың шөп басын сындырмай жүріп өзін-өзі қымбат бағалап бұлдайтыны, оңашада басшыларды сынап, ұрсудан жалықпайтыны бір жағынан күлкіңді келтіреді. Бастықтарды бұрын жерде отырып сынайтын Ноқай енді жерді қойып, төбеге шығып сынайтын болған. Шынтағын мұржаға таяп, екінші қолын сілтелеп сөйлеп жатқан Ноқайды елестетіңіз: «жасырмай бетіңе айтайын, жолдас деректір, сенің айналаң былық және шылық! – деп бастайды да директордың іскер адамдарды жұмыстан босатып, өз тамыр-таныстарын жинағанын, совхоздың мал-мүлкін талан-таражға салғанын, шаруаға қырсыз екен, бәрін, бәрін айтып... ұрса бастайды. Осы кезде әйелі төменде тұрып шаңқ етеді:

– Әй, көксоққан! Жын ұрып тұр ма, әлде айдың-күннің аманында тамағын асырай алмай аштан өлген әкеңнің әруағын шақырып тұрсың ба? Екі туып, бір қалғаның ба еді ол мұржа, құшақтап айрылмайтындай! Онсыз да түтін тартпайтын өртеңгірді құлатып тын, ендеше. Бүгін де ала таңнан жұтып алып па ең, шұнақ құдай!

Қапелімде шошып кеткен Ноқай әйелін бөркімен атып ұрады да сынауын қайта жалғайды: «Сапқоз орталығында, сосын ещо фермаларда тұратын өзге атқамінерлер, сендердің істеп жүргендерің де іс емес...» деп жатқан кезде құнжыңдап баспамен тез-тез төменге түседі. 

– Кемпір! Тез! Тез кебеженің түбін қақ, дайында барыңды, деректір келіп қалды! Ебін тауып асқа отырғызып, оны-мұныға рұқсат қағаз алып қалайық!

Одан бері совхоздар тарап, директорлар кетті десең де, екіжүзділер мен жағымпаздар қалды. Олар қандай қоғамда да шын бет-бейнесін көрсетпей, билігі барды жұрт ортасында жамандап алып, кездессе көзінше мақтап, көңілін тауып, өз шаруасын шешіп, «екі жеп, биге шығып» жүреді.

«Күн астындағы Күнікей» арқылы  сыртқы түріне, пошымына қарап бейтаныс адам туралы пікір айтудың асығыстық екенін, сырты қонымсыз болса да ішкі дүниесі сұлу адамдар аз емесін тағы бір рет еске салады Ал,  «Әжмұқан» әңгімесінде кейіпкер күтпеген шешім жасайды, адам психологиясының қатпарларына үңіліп, дүниеқоңыздықтың арты адамның жаны қасаң тартып, көзін шел басуына әкелетінін сыналап жеткізеді. «Алғашқы сонар» деген әңгімесін де күліп отырып оқисың. Нағыз қазақы юмор. Бұл Әйдашап деген баланың әкесіне еріп алғаш рет аңға шыққаны туралы. Осы әңгіме арқылы автордың адам мінезін берудегі шебер суреткерлігі туралы айтпай кетуге болмас. Мысалы, Әйдашаптың әкесі аңға көршінің итін ала шығады. Осы жерде автор иттің иесін былай суреттейді: «Тазының иесі Нұрғали өзін жақсы аңшымын деп есептейтін желікті кісі еді. Әңгіме қызығына түскенде алды-артын байқамай қалатыны да бар-ды. «Шіркін, ана Жалтырдың көлінде зулап келе жатқан үш үйрекке қос ауызды төсеп жібергенімде... төртеуі де топ етті» деп айтылатын әңгіме де соның әңгімесі дейді. Міне, осы бір ауыз сөзден Нұрғалидың қосып сөйлемесе асы бойына сіңбейтін бөспелеу, мақтаншақтау бейнесі шықты. «Аспан да, жер де аппақ – Әйдашаптың жақын маңға «тыраш жеңеше» атанған шешесінің жуып, аулаға жаятын кірінен аумайды». Бұл жерде де бір ауыз сөз арқылы оның шешесінің қандай адам екенін тануға болатындай. Алдарынан түлкі шығып, ол ұстатпай, әкелі-балалы әуреге түседі. Осы кезде әкесі аңшылықтың өзі білетін қыр-сыры туралы айта бастайды. Бұл автордың аңшылық туралы көрген-білгені көп екенін аңғартады.  Інге кірген түлкіні аңдыған әкесі ұлын ауылдан сүймен, күрек алып кел деп жұмсайды. Әйдашап барған бойда «әкем түлкінің інін торып отыр, терісінен маған бөрік тігетін болды» деп балалықпен даурығып, бәріне айтып шығам дегенше бірқыдыру уақыт өтіп, қайтып келе жатқанда әкесі екеуі орта жолда кездеседі, түлкі қашып құтылып кетіпті. Осылайша автор кішігірім оқиғаны өте шынайы береді.  «Түбі бір туыстар» деген әңгімесі де сырға толы. Түсінбестіктің кесірінен қаншама шаңырақ шайқалып жатыр? Басты себеп – адамдар бір-біріне құлақ қоймайды, түсінуге, сыңары сезінгенді сезінуге тырыспайды.  

«Бабаназар терегін» классикалық әңгіме десек ешкім дауласа алмас. Жас кезімізде осы әңгімені оқып алып, Аманайды аяп,  біраз уақыт ойланып жүргенбіз. Іші-бауыры қызып, күмән мен күдікке билеткен, өз жанын өзі жеген Аманай жетім өскен, әкесін соғыс жалмаған. Томаға тұйық, ішімдегіні біліп ал деп іштен тынған Аманайдың әкесін көрмесек те шамасы әкесіне аумай тартқан шығар дейсің. Керісінше Аманайдың бейнетке жегіліп, тауқымет тартқан шешесі тілді, отты адам секілді көрінеді. Шешесі отты, тілді болмаса «Әкең де бір босарқау болды ғой біздің сорымызға. Жау жазым етер кәпінде жоқ, түйеше маңқиған оны атпағанда Гитлер сұм кімді атсын!» дейтін сөзді айтатын ба еді. 

Әкесіз ұлдың мұңы бөлек. Десе де Аманай еңбекпен жетілді. Механизаторлар курсын тауысып, темір ұстап, Нарөлгеннің жағасына түрен сала жүріп, еңбектен қашқан кезі жоқ. Сөйткен Аманайдың еңсесі неге түсіңкі, жас жігіттің жанарының оты қайтқаны несі? деп ойлай түсесің. Аманайдың мұңы, бар қайғысы оның әйелі Талшынға қатысты екенін білгенде шығарманы оқи түсесің. Ресейде туып, сауда техникумын бітірген қызды жар еткен жігіт басында махаббатқа мас еді, мәз еді, араларындағы кішкентай сәбилері шетінегелі сезімдеріне де селкеу түскен, екі  араға «оқуын ел қатарлы тауыспаған, денесі арам терден арылмаған» Орынғали түсіп, ерлі-зайыптының арасын алшақтата берген. Бір сәтте ашуға беріліп, бір сәтте Орынғалиды білектей темірмен ұрып, ашуымды басам деген ойынан айныған Аманай трактормен жардан ұшып өлмек болады. Бірақ, құданың құдіреті, трактор құламаға ұмсынып барып тоқтап қалады. Әлдебір тылсым күштің әсерімен аман қалғандай. Осы кезде автор әңгіме ішінде әңгіме тудырып, Бабаназар терегі туралы аңызды келтіреді. 

Осы жерде оқырман осы елде өткен өзі батыр, өзі би Бабаназар жайлы, оның бір перзентке зар бола жүріп, қартайғанда ұлды болғанын туралы біле түседі. «Менің ғана емес, көп болып сұрап алған елдің баласы, бір кездері қорғандарың болады» деп атын Нар қойған бұл бала шынымен ерекше өседі, жастайынан көзге түседі. Бір күні қалмақ әмірінің қызы Қыпша сұлуға ғашық болып қалған Нар осы қызды жар етпесе өмірді тұл деп есептейтінін жеткізеді. Әкесі ұлдың өзін қыз әкесінің алдынан өтіп қайтуға  жібереді. Қыз әкесі бір ғана шарт қояды, онысы «Құлақұм деген аралда құланның үлкен үйірі бар, сол үйірдің айғырын ұстап, үйретіп бересің» деген шарт еді. Бабаназар ұлының өмірі үшін қауіп еткенімен қарсы болмайды. «Құлан мақұлық біткеннің ашулысы еді, мерт қылып жүрмесін» деп қана ескертеді. Нар болса құланды ұстап әкеледі, бірақ үйретіп жүрген кезде осы көлге құлап қаза болады. Қайғыға батқан Бабаназар қырық күн көл басында жатыпты да, елмен қоштасып басы ауған жағына кетіпті. Тек біраз уақыт өткенде қасында бір жас бала бар, жағаға жалғыз шыбық тігіпті, бүгінде көл маңындағы алып бәйтерекке айналған сол терек Бабаназар терегі екен де, әлгі жас бала Нар мен Қыпша арудан туған бала екен. Ол да өсіп, батыр жігіт атаныпты дейді. Осы жерде кейіпкер Аманай өзінше ой түйеді, қайыра есіне түсірген Нар хикаясы оның кешелі бергі қинаған жан азабының алауын басып, жеңілдеткендей. Ол енді сабырға жеңдірген. Талшын екеуінің арасындағы салқындықтың себебін байыптап, екеуара қатынасты басқаша ойлап көрмек болады. Аманай енді сүйген жарының ең бір сәулелі, ғажайып шақтарын үзік-үзік естелік қылып қайыра есіне түсіре бастады. Талшынның ән салғандағы өңіне арай жүгірген сұлу сәтін, өмірге құштар кездерін есіне алады, осы кезде әйелінің жанына үңіле алмаған, қиналған сәтінде жебеушісі бола алмаған өзінің де кінәсі барын түсінеді, түсінгенде өмірмен қош айтысу жайлы ойынан айниды. Өзінің қандай ақымақтыққа бармақ болғанын аңдайды. Жар басында әрең тіреліп тұрған тракторды кері шығарып алмақ болғанда оқыс қимылға барады. Екпінмен қозғалған трактор кері шегінгенде түренге тіреледі де, одан бұра бергенде қос орнындай жер сөгіле береді. Оқиғаның немен аяқталғанын автор ашып айтқан жоқ, екіұшты қалдырды. Егер Аманайдың көз алдына Талшынның елесі пайда болып, оған  «тек сен көз алдымнен кетпей, сол арада тұр, әлі-ақ бәрі жөнделіп кетеді» деген сөзін еске алсаң, жас шаңырақтың көп ұзамай түтіні түзу ұшарына күмәнданбауға болатындай. Немесе керісінше «Жігіт мана өзі тілеген, енді жирене жек көретін қатермен шешуші айқасқа, мүмкін, ең соңғы айқасқа түсуге белін бекем буған болатын» деген сөйлем де әртүрлі ойға жетелер еді. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар