Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Аягүл Мантай: Тағдырын поэзияға айналдырған ақын

15.05.2017 1604

Аягүл Мантай: Тағдырын поэзияға айналдырған ақын

Әдебиет үшін күйіп-жанып кетуге бола ма? Өзіңді құрбандыққа шалуға бола ма? Өздеріне үлкен талап қоятын, «өзім армандаған, өзім мақсат еткен әдебиет жасай алмадым, талантымды көрсете алмадым» деп өзін құрбандыққа шалып жіберген ақын-жазушылар бар. Бәлкім, сіздің ақыл-ойыңыз, санаңыз, болмысыңыз ақын-жазушылардың «ақымақтығын» қабылдай алмас, бірақ шындық сол: қоғамы бағаламаған олардың бірі құсадан өлді, бірі өзіне қолжұмсады.

Әр ақын-жазушының шығармашылық тағдыры әртүрлі. Талантты, білімді, шығармашылық потенциалы мықты болса да, өлерменденіп, көзге түспейтін, (бәлкім, жолы ауыр) қоғамы да елеп, іздемейтін ақын-жазушылар бар. Орта деңгейлі ақын-жазушылар бар, өздеріне қалай пиар жасауды біледі, айналасы да қолшапалақтаудан жалықпайды. Олардың қасында «жекеменшік журналистері» бар, кітабы шықса, болмаса, кеші өтсе, (олар кешін жиі өткізеді) газет-журналдың бетін бермейді. Меніңше, олар әдебиеттегі шоумендер. Олардың мақсаты: әдебиет жасау емес, әйтеуір көзге түсіп, танымал болу. Өз таланты мен шығармашылық потенциалына сай бағаланатын таланттар қай қоғамда да аз. Тобырлық мәдениет тобықтан тепкенді қойып, бастап теуіп жатқан уақытта да олар әдеби ізденіс жасап, өз әлемінде өмір сүріп жатыр.

Үлкен әдеби ортаны мойындатып, танымал, атақты болу, биікке шығу оңай емес. Оған талант, білім, шығармашылық потенциалды айтпағанда, қаншама күш-қайрат, энергия, жүйке, уақыт қажет. Шын мәнінде, биікке шығу емес, биіктен құлау ауыр. «Мынау талантты еді, танылмады» дегеннен «мынау талант еді, әдебиетте өзіне тиісті бағасын да алып еді, атақты, даңқты көтере алмады, омақаса құлады, оңбай құлады» деген табалауды есту ауыр. Әсіресе, жаратылысынан тым сезімтал адамдар бәрін де жүрегіне жақын қабылдайды.

...Оны «ғарыштан келген талант», «бала Пушкин», «поэзияның Моцарты» деп бағалады, әспеттеді, мақтады, мадақтады. Ол әдебиетте салмағы бар, танымал ақындар өмірінде естімеген мақтауды естіді. Әйгілі Евтушенконың өзі оған өлең арнап, маңдайынан сипап, қамқорлық танытты. Әдеби ортада танылып қалған талай жас Евтушенкодан тек қана жылы сөз естігісі келсе, әйгілі ақын сегіз жасар Ника Турбинаны мақтап қана қойған жоқ, өзімен бірге Америка, Италияға апарып, әдеби кештерде өлең оқытты.

«Ника – ақын, сирек кездесетін талант. Әдебиеттегі құбылыс, таңғажайып құбылыс» деп сегіз жасар қыздың өлеңдеріне таңғалып, басын шайқады.

Кішкетай ақын «Мен өлеңді жазбаймын. Құлағыма Құдай сыбырлайды» деді. Оның өлеңдері баланың шығармашылығына ұқсамайтын. Оның өлеңдерін алғаш оқыған кезде Евтушенко да, басқа ақындар да «Терең мағыналы, философиялық өлеңдерді бала қалай жазады? Мұндай шумақтарды жазу кейбір танымал ақындардың өзіне арман ғой» деп таңғалды. Тоғыз жасар ақын «Жизнь моя – черновик» деді. Таңғаласыз ба? Жұлдызы жарқыраған ақын өз өмірінің – шимай-шатпақ тағдырдың картинасы екенін түйсігімен сезді.

Жизнь моя - черновик,

На котором все буквы - созвездия...

Сочтены наперёд все ненастные дни.

Жизнь моя - черновик.

Все удачи мои, невезения

Остаются на нём

Как надорванный выстрелом крик.

Тоғыз жасар ақынның өлеңдері «Черновик» деген атпен Евтушенконың алғысөзімен жарық көріп, отыз мың тиражбен шықты. Он екі тілге аударылды. Өз даусымен оқыған өлеңдерінің пластинкасы шықты. Оның өлеңіне жазылған әндерді жер-жерде белгілі әншілер орындап жатты. «Міне, гений!» деп әдеби орта қолшапалақтады. Әдебиеттегі құбылыс туралы Ресейдің белгілі басылымдары жарысып жазып жатты. Бүкіл ССР «Ника Турбина! Жарыз жұлдыз! Ғарыштан келген ақын!» деп шулап жатты. Оның өлеңі шимай-шатпақ емес еді. Өлең еді, анығы, оның өзі Поэзия еді. Бала Никаның жазған өлеңдері танылып қалған жас ақындардың біразының қызғанышын оятты. Оның ақындық талантына, ерекше болмысына, алғырлығына, ересектердің «қатесін» түзеген сауаттылығына таңғалған режиссерлер оны бірінен соң бірі киноға шақырып жатты, оған арнап фильм түсірді. Қысқасы, кішкентай ақын қыз көзі тірісінде-ақ аңызға айналды. Шын мәнінде, Ника Турбина – болмыс-бітімі ешкімге ұқсамайтын ерекше дарын еді. Ол өз талант деңгейінен артық бағаланды демеймін, бірақ оның тоғыз жасында жеткен жетістігін көтеріп жүру кез келген шығармашылық иесіне ауыр еді. Он екі жасында Венецияда өткен поэзия фестивалінде «Алтын арыстан» сыйлығын алды. Бұл – өте беделді сыйлық. Ресейде бұл сыйлықты Анна Ахматовадан кейін кішкентай Ника алды. Әйгілі ақын Анна Ахматова алпыс жасында алған сыйлық Никаға он екі жасында берілді. Бәлкім, бұл сыйлық Никаға керек те болмаған шығар... Ешкім де «жас ақынды атақпен алдамайық, атақпен ауыртпайық» деген жоқ.

Әлі атақпен ауырмаған, былғанбаған кішкентай ақын сыйлыққа берілген арыстанның мүсінін «шынымен алтын ба?» деп тексеріп көргісі келді. Балтамен ұрып, талай ақынға арман болған «алтын арыстанды» сындырады. Гипстен жасалғанын көріп, «алтын емес екен ғой, мені алдапты» деп көңілі құлазып қалады. Оның жаны өтірік пен жалғандыққа қас еді. Өлеңдері, сөйлеген сөзі ересек адамдардай көрінсе де, ол бала еді. Оның балалығын қоғам, ересектер ұрлап, өз мүдделеріне пайдаланып жатты. Олардың бәрі де «Никаны қолдап жатырмыз, талантқа көмектесіп жатырмыз» деп ойлады, олар Ника арқылы өздерінің рухани аштығын қанағаттандырғанын мойындағысы келмеді.

Бұрын жиі іздейтін, кештерге жиі шақыратын «Женя ағай» (Евгений Евтушенко) мүлдем телефон шалмай, хабарласпай кеткенде он үш жастағы Ника қатты жабырқады. «Женя ағай неге мені ұмытты?» деп мұңайды. Тез танылған Ника уақыт өте келе өзін әлем, Ресей ұмытатынын, оны әйгілі Евтушенко түгілі, ешкім іздемейтінін, әрине, білген жоқ. Ол Женя ағайын «келіп қалады, екеуміз тағы да кештерге қатысып, өлең оқимыз» деп күн сайын күтті. Жоқ, Женя ағайы келмеді, мүлдем хабарласпады. Бұл – Никаға үлкен психологиялық соққы болды.

Анасы тұрмыс құрып, өмірге кішкентай сіңлісі келді. Сол уақыттарда ол өзін тастанды, ешкімге керек еместей сезінді. Шын таланттар эгоист болады, Ника да өзімшіл еді. Әлі жазу-сызуды білмейтін кішкентай кезінде түнде анасын оятып: «Мама, менің басыма өлең келді. Қағазға жазып алшы» дейтін. «Енді мені анам баяғыдай еркелетпейді, себебі, еркелететін Маша (мамасының екінші күйеуінен туған қызы) бар» деп ойлады Ника. Кішкентай танымал ақынның бала екенін, оның да еркелігісі келетінін, тым сезімтал, жүрегі нәзік екенін ешкім де ескерген жоқ.

Ол өзінің туған әкесі кім екенін білген жоқ. Оны анасы «Әкең Андрей Вознесенский» деп сендірген болатын. Бала Ника әкесімен кездесуді қиялында елестетті.

Бала Ника түнімен ұйықтай алмай, оймен таңды атыратын. Ұйқысыздықтан арылу үшін дәрігерге де барды. «Бұл – талант! Басына құйылып келген өлең ұйықтатпайды. Сол себепті, біз оны ұйқысыздықтан емдей алмаймыз. Никаның дені сау, тек асмасы бар» деді дәрігерлер.

Не спиться мне, и времени не спится,

И тяжесть дня не даст сомкнуть ресницы...

Но непослушен, как он непослушен,

Мой проводник по сказкам и мечтам...

Не спорь, устала ты - я слышу тихий шёпот, -

Не бойся ничего, иди за мной,

Там дивные сады, и вечный день,

И дождь совсем не колкий,

Там целый год у новогодней ёлки

Подарки дарит детям Дед Мороз,

И ты сплетёшь себе венок из грёз,

И не уколется душа твоя о лица злые,

Увидишь бал цветов - он будет для тебя...

Я это счастье не дарю другому,

Пусть будет вечен сон. Так лучше для тебя...

Не спится мне.

Пусть лучше мне не спится!

Он алты жасында жүйке ауруынан қатты азап шеккен Ника Швейцарияға кетті. «Сіз мені жүйке ауруынан, миымды құрттай жейтін азаптан емдей аласыз ба? Егер сіз мені тозақ отындай азаптан құтқарсаңыз, сізге тұрмысқа шығар едім» деп жас талант әйгілі профессор, жасы жетпіс алтыдағы профессорға шарт қойды. Шын таланттардың жүйке ауруынан азап шеккенін Ника жақсы білді, бірақ ол жас қой, өзін арашалау үшін, өмір сүру үшін жанталасты. Жүйкесінде сәл «реттілік» сезген кезде өзінен алпыс жас үлкен профессорға тұрмысқа шықты. Он жеті жасында күйеуімен ажырасып, Ресейге қайтып оралды. Ішімдікке салынды, наша шекті, басын тауға да, тасқа да ұрды. Көп уақыт өлең жазбай кетті... Өлең жазбау Ника үшін трагедия еді. Кейіннен шабыт келгенде ерін бояйтын далаппен, кірпік бояйтын тушпен әр жерге өлең жазып, тастап кете берді. Ника емтихансыз түскен институтты тастап кетті, бірақ институттағы ұстазы Алёна Галич әр кез оның қасынан табылды. Қанша үгіттесе де, Никаны институтқа оралта алмады. Ұстазы Никаның далаппен, тушпен жазылған өлеңдерін әр жерден жинап, теріп, қолынан келгенше оған көмектесті.

Бір кезде ССР, Америка, Еуропада өткен үлкен әдеби кештерге қонақ боп қатысып, өлең оқыған сәттері сағымға айналды, оны оқырмандары да ұмыта бастады. «Бір кезде көшелермен Ника Турбинаны пілдер алып жүрген» деп өзін-өзі мазақтап, мысқылдайтын.

Рейтингін көтергісі келген бір телеарна хабарды түсірмес бұрын Ника Турбинаны ішкізіп, мас күйінде сұхбат алып, көрсетеді. «Өлең оқып беріңізші» деп қолқа салады телеарна журналистері. Масаң Ника бірде-бір өлеңін есіне түсіре алмайды. Таланттың тағдырымен ойнаған журналистерге де керегі осы еді. Олар жаңалық ашқандай әлемге алқаш, нашақор Никаны көрсетіп жар салады. Онсыз да жаны нәзік, бәрін жүрегіне жақын қабылдайтын, жүйкесі ауыратын Никаға бұл ауыр соққы болды. Журналистер Никаның жүйкесі ауыратынын білмеді емес, білді, тіпті олар «Ника өзіне қолжұмсап қояды-ау» деп те қорыққан жоқ.

Өмірінің соңғы жылдары ол бәрінен көңілі қалып, қоғамнан бөлініп, оқшау өмір сүрді. Жиырма жеті жасында терезен құлап, өмірден өтті. Оның өліміне қатысты істі тергеген орган қызметкерлері «өзіне қолжұмсаған» дейді, бірақ бұған Никаның ұстазы, екінші анасындай болған Алёна Галич сенбейді.

«Ника өмірден өтетін күні құрбысының үйінде Саша, Инна және оның көршісі бәрі отырып, ішеді. Никамен болған адамдар «ішімдік таусылып, біз дүкенге кеткенбіз. Ал Ника жалғыз өзі іште қалған» дейді. Көршілері Никаның бесінші қабатта терезеден аяғын төмен салбыратып отырғанын көрген. Ол бұрыла беріп, терезенің жақтауынан ұстап қалыпты. «Саша, құтқаршы. Саша, мен қазір құлаймын» деп айқайлапты. Ол іштегі адамды көріп тұрғандай көмекке шақырған» деп оның өзіне қолжұмсағанына ұстазы күмәнмен қарайды.

Бұған дейін де Ресей басылымдары «Ника Турбина өзіне қолжұмсамақ болып, аман қалды» деп шулаған болатын. Ол кезде жігітімен ұрсып қалған ақын бесінші қабаттан секіріп, ағашқа ілініп аман қалған. Тіпті бірде тамырын кескені бар. Бұл «қадамдарын» ұстазы талантқа тән еркелігі, өзін ұмытқан қоғамға өзінің бар екенін, тірі екенін көрсеткісі келгені болатын дейді.

Ресей журналистері әлі күнге дейін «Ника өзіне қолжұмсады ма, әлде оны өлтірді ме?» деген сұрақты көтеріп қояды. Бірақ ақын өлімінің құпиясы ашылған жоқ. Ақынның ішкенін, наша шеккенін, бұған дейін де өзіне қолжұмсап, өлгісі келгенін білетін жұрттың көбі «Никаны өлтіруі мүмкін...» деген әңгімеге сенбейді.

Никаны ұстазы Алёна Галич төрт күннен кейін моргтан тауып алады. Бір кезде бүкіл ССРды таңғалдырған ақынның ешкімге керек болмай, елеусіз қалатынын, ешкім де іздемейтінін, трагедиялы тағдырына ешкім де селк етпейтінін кім білген? Морг жақты жағалап, бір кезде болашағынан үлкен үміт күттірген актер, кейіннен ішкілікке салынған Саша (Никаның жігіті), оның масаң досы жүрді... Никаның анасы қызының өлімін естісе де, «билет алуға ақшам жоқ» деп келе алмайды. Никаны жерлеуге жігіті Ялтаға (ақын Ялтада туған) әкетпек болады. Никаға енді бәрібір еді, өзін қайда жерлейді, кім жерлейді, ол үшін енді маңызы жоқ еді. Көзі тірісінде Ника Мәскеуді жақсы көрді, шетелде өмір сүруге мүмкіндігі болған кезде Мәскеуден кете алмады. Ұстазы Никаны Мәскеуде жерлегісі келіп, ізденеді, жоғары жаққа хат жазады. Студенттер, Никаның шығармашылығын бағалайтын адамдар зираттан жер сатып алуға ақша жинайды.

Егер менен біреу «Кіммен сұхбаттасып, сырласқыңыз келеді» деп сұраса, Толстой не Ганди демей, ойланбастан «Ника Турбинамен сырласқым келеді» деп жауап берер едім.

«Ника, сенде өз буыныңда, алдыңғы, сенен кейінгі буынның ешқайсысында болмаған мүмкіндік болды ғой. Сеніңкі мастанғандық, тым ерте келген танымалдылықты көтере алмау» деп онымен жиі ұрсамын. Ол болса, «Мен сау кезімде, шабыттанып, өлең жазып жүрген кезімде ғана қоғамға керек болдым. Ал жүйке ауруынан азап шеккенімде қоғамға керек болмадым, мені қоқысқа лақтыра салды» деп ақталады...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар