(Лирикалық тұлға мәселесін байыптау)
I. ӨЛЕҢДЕГІ «МЕННІҢ» ТҰРПАТЫ
Қазіргі қазақ әдебиеттануы мен сынында «лирикалық кейіпкер» ұғымының байырғы атаудай етене, сіңісті болып кеткені сонша — бұл терминнің қолданылар өріс – ауқымы қанша, қандай тарихы бар екені ескеріле де бермейді. Лирикалық шығармаларды талдау, жалпы поэзиядағы даму процесі мен әрқилы көркемдік құбылыстарды зерттеп, танып-білуде әдебиетшіге өріс, тыныс, елгезек құрал есепті осынау қарымды теориялық түсініктің қалыптасу, даму жолы, қазіргі қалпы және оның кешегі-бүгінгі қазақ поэзиясына қатысы туралы аз-кем әңгіме өрбітпекпіз.
Лирикалық, кейіпкер (лирический герой) ұғымын алғаш негіздеп, оған атау берген — Ю. Тынянов. Орыстың ұлы ақыны А. Блок қайтыс болғаннан кейін, көп кешікпей жазылған «Блок туралы» деген мақаласында (1921 ж.) ол ақынның бүкіл поэзиясын тұтас көрініс, бірегей құбылыс ретінде кейіптеп тұрған нақты адам бейнесі бар екеніне тоқтала келіп, әдебиеттану ғылымына теориялық құны өте манызды лирикалық кейіпкер категориясын енгізді. Содан бергі уақыттың ішінде жаппай қолданылып, үйреншікті терминге айналған бұл атау жөнінде әдебиетші ғалымдар арасында ауық-ауық пікір таласы көтеріліп, лирикалық кейіпкер ұғымының ауқымын, теориялық мән-мағынасын айқындай түскен, тереңдей зерттеген еңбектер жарыққа шықты
Терминнің шек-шекарасы, ол қамтитын құбылыстар мен белгі, нышандар ауқымы әлі де болса талассыз емес. Әйтсе де, осы ұғым, осы атау пайда болғалы бері жарық керген еңбектер мен зерттеулер бұл мәселеге әрқилы көзқарастар, бірін-бірі толықтыратын, немесе, тіпті қайшы келетін пікірлер ұсына отырып, лирикалық кейіпкер категориясына мынадай жалпы сипаттама береді: лирикалық кейіпкер — лирикадағы ақын образы, нақты авторлық «меннің» лирикалық шығармашылықта объективтенуі. Жеке өлең ғана емес, тұтас өлеңдер циклынан, өлеңдер кітабынан, лирикалық поэмадан, белгілі бір ақынның лирикалық туындыларының бүкіл жиынтығынан көрініс табатын, өзінше ерек тағдыры, жеке адамдық болмыс-бітімі, ішкі әлемі, психологиясы айқын дараланған, нақтылы мінез ерекшеліктерімен кейіп алған толыққанды бейне болып табылады.
Лирикалық кейіпкер — ең алдымен, көркем бейне. Шындықты көркемдік тұрғыда тану мен өрнектеу процесі, творчестволық субъектінің (яғни, ақынның) осы процестегі рухани қызметінің қажыр-қозғалысы лирикалық кейіпкер бейнесінен айқын көрінеді. Сондықтан жеке өлеңде бедерленген сезім-күй, ой-толғаныс ақынның бүкіл шығармашылығы контексінде қаралып, автордың поэтикалық жүйесіне логикалық-психологиялық тұрғыдан табиғи кірігіп жатқан, тиянақ-тұтастығы, жалғасар өрісі бар бірегей көрініс, әрі бүтіннің бөлшегі ретінде танылуы заңды болмақ. Яғни, сол жеке бір өлеңдегі ой-сезім — кездейсоқ айтылған сыр емес, ақынның бүкіл лирикасында сомдалған әдеби тұлғаның, демек, лирикалық кейіпкер көңіл-күйінің бір сәті, жан-дүниесінін бір бұлқынысы; азаматтық тұрғысы, рухани өресі, мінез болмысы айқындалған сол тұлғаға ғана тән құбылыс, соның бойына ғана шақ сөз.
Лирикадағы ең таласты мәселенің бірі — лирикалық бейненің ақынның өз тұлғасымен дәлме-дәл түсуі немесе айырмашылығы қай дәрежеде деген сұрақ. Гегель: «лирикалық туындының орталық «персонажы»— оны жаратушының өзі, ең алдымен, оның ішкі әлемі» —дейді. Әйтсе де, бүгінгі өреде, лирикалық кейіпкер мен оны «жаратушы» ақынның арасына абсолютті теңдік белгісін қоюға әсте болмайды. Лирика туралы пікір айтқан философ, әдебиетшілердің қай-қайсысы да ақынның сол жеке сырларының жалпы адамдық сипатының талассыздығына қол қояды. Лириканы «таза лирика», «қолданбалы (прикладная) лирика» деп бөліп тастап (бұл жерде «қолданбалы» деп некрасовтық мағынадағы лириканы айтып отыр), «идеалды» лириканың моделін сипаттаған орыс философы, ақын, әдебиет сыншысы В. Соловьевтың өзі де лирикада адам жанының ішкі сұлулығы дүниенің объективті мазмұнымен үндесетінін, сол жалпыға тән мағына-мазмұнның «жеке сана арқылы көркем қорытылатынын» жазады. Лирикадағы «меңді» автордың нақ өзі деп түсінетін дәстүрді сынай келіп, сыртқы өмірбаяндық фактілерді мүлде жоққа шығаруға болмайтынын, көркем шығармадағы субъект — творчестволық тұлғаның «өзге, әдеби болмысы» екенін Г. О. Винокур , ал «жеке тұлғаның лирикалық мазмұндағы өзгеше болмысы ақынның өз өмірбаянына жана ғұмыр дарытатынын» Д. Мотольская, К. Соколова дәлелдеді. Атақты неміс философы Ф. Ницше: «лириктің образдары — ақынның өзінен басқа ешкім де емес, тек бұл оның әр қилы формада объективтенген тұрпаты, сондықтан осынау ұланғайыр әлемнің кіндік-тұтқасы ретінде ол «Мен» деп сөйлеуге әбден хақылы; бірақ бұл «Мен» эмприкалық реальды Меннің өзіне ұқсамайды, ол—жалпы әр нәрсенің тегінде, негізінде жатқан бірден-бір мәңгілік қасиет, ақиқат — мән ретінде көрінеді» —дей келіп, осы арқылы лирикті жалаң субъективті ақын деген түсінікті жоққа шығара отырып, тіпті ақынның өзін бүкіл ой-сезім әлемімен, түптеп келгенде, сол өзі жаратқан лирикалық генийдің (Ницшенін атауы) танымы деп біледі. Мәселен, философ өзі алғашқы грек лиригі деп білетін Архилох өз туындысында енді кәдімгі, құмарлықтан өртеніп күйіп-жанған, сүйген, жек көрген Архилох емес, керісінше лирикалық, яки әлемдік гений түп-төркін (изначальный) қасірет-қайғыны адам – Архилохтың кейпінде символдық мәнде бейнелейді деп түсінеді. Біздің көзқарасымызда, бұл ойлардың да ақын мен лирикалық кейіпкердің ара қатынасын парықтауда үлкен маңызы бар.
Лирикалық кейіпкер — ақынның «өз болмысының өзге сапаға көшуі» екенінің (Гегель: «переход в свое другое») иллюстративтік айқын бір мысалы испан ақыны Фернандо Пессао творчествосы. Оның алты өлеңдер кітабының әрқайсысы бір-бірінен мүлде өзгеше қолтаңба танытып, алтауы алты талантты ақынның жеке творчествосындай әсер қалдырады екен. Әр кітаптың өз лирикалық кейіпкерлері бар және олардың жан-дүниесі бір-біріне ұқсамайтын бөлек-бөлек әлем. Бұл — ақын қиялының шексіз кеңістігін, оның басқа болмысқа түрлену (перевоплощение) қабілетінің ерекше мүмкіндігін көрсететін мысал. Бірақ, мұнан ақын жаны — қай қалыпқа құйылса, соның мүсінін алып шығатын, өзіндік порым-бітімі жоқ әлдебір «сұйық» материя сияқты деген ұғым тумасқа тиіс. Нендей түрге түсіп, қандай пішінмен құбылса да, негізгі «материал»—ақын жаны, творчостволық тұлғаның өз болмысының сәулесі екені айқын болса керек. Латын Америкасы әдебиетінің классигі, XX ғасырдың үлкен ойшылдарының бірі X, Л. Гюрхсе. «Уитмен туралы жазбаларында» Уитменнің кейіпкері оның өзі дейтін түсініктерді сынай отырып, Уитмен әдебиетшіні құдай тектес — кейіпкер – Уитменмен шатастыруға болмайды» ,— дейді. «Өмірдегі Уитмен — көп сөзі жоқ, ұстамды, байыпты адам, кейіпкер-Уитмен — өртше лапылдаған қызғын темперамент иесі. «Шөп шашағындағы» бақытты кезбе бұл өлеңдерді жаза алмайтынын түсінген абзал». Борхес Уитменнін өмірдегі «барлық адамдарға ұқсауға», солардың әрқайсысына «сіңіп» кетуге тырысқанын, сол арқылы бүгінгі күні «бәріміздің» сырласымызға, (..) өзімізге, бақытымызға» айналғанын жазады.
Сонымен, лирикалық «мен»— ақынның өз болмысынан тұлғаланатын құбылыс. Ол, ең алдымен, ақын парасаты мен жан дүниесінің айнасы. Лирикалық тұлғаны сомдауда творчестволық субъектінің дүниетанымы, эстетикалық көзқарас, пайымы басты роль атқармақ. Бұған қоса, лирикалық, кейіпкерге танылған өмірбаяндық сипаттар мен шынайы өмірлік детальдар, басқа да субъективтік жайлар — ақындық «меңді» ақынның жеке басына жақындата түсетіні рас. «Лириканың бас қаһарманы — ақынның өзі» – деп З. Қабдолов, оның осы қырына меңзейді. Солай бола тұра, бұл ақынның нақ өзі емес, «оқшау образ» екенін де айқындай кетеді. Осынын, бәріне оқырманның ең субъективті әдеби бейне— лирикалық кейіпкерді қабылдау психологиясының ерекшеліктерін қосыңыз. Дәл осы себептен де, Байронның бүкіл шығармаларындағы кейіпкерлерді өз тұсындағы оқырман талассыз Байронның өзі деп түсінген. Лермонтов пен Блок, Маяковский, Есенин де осындай кепті бастап кешті. Мұқағали Мақатаев поэзиясын қадір тұтатын негізгі көпшілік, оқырман қауым ақынның өзін көрген жоқ, өмірде қандай күй кешті, кімдермен қандай қарым-қатынаста болды, мінезі қандай, өзі қандай еді — білген жоқ. Бірақ соған қарамастан, әркім-ақ өзін оны ақын ретінде ғана емес, жеке адам (личность) ретінде білетін, түсінетін сияқты сезінеді. Мұның сыры, оның өз поэзиясында жан-жақты сомдап кеткен жарқын бейнесінің яғни, біз Мұқағалидың өзі деп білетін айқын түлғалы лирикалық, кейіпкердің болуында. Толыққанды лирикалық тұлға жасау — тек ірі таланттардың үлесіндегі шаруа екендігі де осыдан көрінеді. Бірақ қалай дегенде де, лирикалық. кейіпкер — ақынның өзі емес, творчестволық тұлғаның шығармадағы көркемдік проекциясы, әдеби бейне. Лирикалық кейіпкерден ақын тұлғасын бүкіл қыр-сырымен тануға болатындығы — ол өз алдына мәселе. Шын мәніндегі лирикалық тұлға — ақынның шындыққа қарым-қатынасын бейнелей отырып, оның өзіндік поэтикалық әлемін түзетін және оны тұтастықта ұстайтын өзек-арқау, кіндік-тұтқа.
Творчестволық тұлғаның, ақындық сақаның айғақты көркем куәлігінің бірі — сол лирикалық, «мен». Бұл орайда, лирика туралы түбегейлі еңбектер жазған Л. Гинзбургтың лирикалық кейіпкерді «дербестік сипаттарымен бедерленген авторлық сана тұтастығы» деп анықтаған тұжырымын да ғылыми тұрғыдан негізді деп таныдық.
Жоғарыдағы теориялық экскурс барысында біз «лирикалық кейіпкер», «лирикалық тұлға» атауларын қатар қолдандық. Бұлар шынында да бір-ақ ұғымды білдіретін терминдер. Практикада осылай қолданылып та жүр. Біз осы екі атаудың лексикалық-семантикалық реңктерін ескере отырып, лирикалық кейіпкер бейнесінің нақты контекстегі мазмұнына орай, масштабы жөнінен айырмалап қарауды ұсынамыз. Өйткені, бұл тарапта да «догматизмге жол берілмеуге тиіс, өзге кез-келген ғылымдағы сияқты әдебиеттануда да мәңгі орныққан, өзгермейтін термин болуы мүмкін емес» .
Осы мәселеге толығырақ тоқталайық.
Тұлға —«личность» ұғымына орайлас сөз. Ал дара тұлға (личнорть) дегеніміз — өмірдің жеке бір үзігімен, немесе мінез болмыстың оқшау бір қырымен ғана танылмайды, ол — мағыналы рухани тәжірибесімен, белгілі бір адамдық тағдырымен нақты тарихи-әлеуметтік аяда қалыптасатын құбылыс. Сондықтан лирикадағы тұлғалы бейне, дара кісілік кейіп те жеке-жарым өлеңдегі нышандармен емес, бүкіл бір шығармашылық ғұмыр ауқымында дамып толысқан, өзіндік қайшылықтарымен көркемдік сана қозғалыстарымен жанды тұтастыққа айналған бірегей сапалармен сипатталмақ. Сондықтан өзіміз кездейсоқ оқып қалған қайсыбір өлеңдердегі, немесе, белгілі бір ақынның жеке туындыларындағы лирикалық бейнені — лирикалық тұлға емес, лирикалық кейіпкер деп тануымыз орынды деп ойлаймын. Лириканың ең басты белгілерінің бірі — характердің жеке бір қырын нақты бір көңіл-күй, сезім қозғалысы арқылы бейнелеу. Ақынның сан алуан лирикалық ситуацияларға құрылған шығармаларының жиынтық сапасын, ортақ қасиеттерін жеке өлеңде өрнектелген оқшау көңіл-күй, ақынның рухани өмірінен жалғыз үзік сыр шерткен лирикалық кейіпкердің бір сәттік сезім толқыны ғана айқындай қоймасы тағы белгілі. Ал, оның барлық лирикалық туындыларын ішкі бірлікте ұстап тұрған, нақты әлеуметтік, тарихи ортаның жемісі болып табылатын, кісілік дара мінез ерекшеліктерімен, рухани, дүние-танымдық өресімен сомдалған, біртұтас адам бейнесі — біздің ұғымымызда лирикалық тұлға. Лирикалық кейіпкер категориясын теориялық ұғым ретінде қалыптастырған және оған атау берген орыс әдебиеттануында айтылмыш мәселе дәл осы тұрғыда пайымдалғанмен, «лирический герой» термині барлық жағдайда бірдей ортақ қолданылады. Мәселен, «лирический герой стихотворения «Я помню чудное мгновение», яки «лирический герой Лермонтова» деген сияқты. Ал, осындағы «лирикалық геройлар» масштабы жөнінен әр қилы. Алдыңғысы жеке сәт, жеке ситуациядағы оқшау сезім мен көңіл-күйдін иесі. Соңғысы — өз алдына лирикалық «тағдыры», адамдық бет-бейнесі, қоғамдық позициясы толық айқындалған дара бейне, тұтас тұлға. Біз өз тарапымыздан төл тіліміздің мағыналық реңктерді бейнелеуге икемділігін пайдаланып, бүтін терминді сәл жіктеп қолдануды ұсынсақ, одан дәстүрлі түсініктің сынына сызат түсе қоймас дейміз. Айталық, Абайдың жеке өлеңіндегі лирикалық кейіпкерді, ұлы ақынның бүкіл лирикасына қатысты алғанда «Абай поэзиясындағы лирикалық тұлға» десек, нақтылық жөнінен ұтпасақ, ұтылмаймыз. («Өлсем орным қара жер, сыз болмай ма» сияқты ақынның бүкіл ғұмырының мазмұны сиып жатқан өлеңдердің жөні басқа). Ал жалпы таласты мәселелері көп болғанмен, зерттеушілер кейінгі кезде «лирикалық кейіпкер» («лирический герой») ұғымын ақынның бүкіл творчествосына қатысты қолданудың негізді екеніне ден қоя бастады .
Сонымен, біз лирикалық тұлға – ақын творчествосындағы оқырман қауымға жақсы таныс, адамдық тағдыры, кісілік келбетінің рухани мазмұнымен дараланған оқшау бейне деп түсінеміз.
Мына бір өлеңге назар аударып көрейік:
Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін,
Алынбаған ақым бар сенде менің.
Бұйрат құмдар — бұйығып шөлдегенім.
Бура бұлттар — бусанып терлегенім.
Байтақ ел, балауса тау, бозаң далам,
Секілді бәрі менен көз алмаған.
Кең дүние кенде етсең сыбағамнан,
Шырылдаған сәбидей мазаңды алам.
М. Мақатаевтың осы өлеңін оқырман ертеректе мерзімді басылым бетінен оқып еді. Белгісіз фамилия, кездейсоқ өлең. Көңіл-күйдің бір сәті, азғантай ғана ақындық толғаныс. Өлеңдегі лирикалық, кейіпкерді осы көңіл-күйдің сипаты, ой-аңсарының айқындығы арқылы түстеп танығанмен, дәл сол кезде оның бүкіл адамдық (әдеби тұрғыдағы) болмысы, дүниетаным өзгешелігі, тағдыр-талайы, өткені мен ертеңі туралы не айтуға болар еді? Әрине, ештеңе. Ал кейіннен бұл кейіпкеріміз «Ильич» (1964 ж.), «Армысыңдар достар» (1966 ж.), «Қарлығашым келдің бе?» (1968 ж.), «Мавр (1970 ж.), «Аққулар ұйықтағанда» (1973 ж.), «Шуағым менің» (1975 ж.), «Дариға — жүрек» (1978 ж.) өлең кітаптары арқылы оқырман санасында бейне-бедері таңбаланған, басқа ешбір ақынның лирикалық субъектісімен шатастыруға болмайтын кісілік дидары, азаматтық ұжданымен ғана емес, тіпті «өмірбаяндық» детальдарының нақтылығымен көз алдымызда тұратын лирикалық тұлғаға айналды.
Көріп отырғанымыздай, бір-бірінен принципті өзгешелігі жоқ осы екі атауды лирикалық туындыларға талдау жасағанда жоғарыдағыдай мағынада ажыратып қарау лирикалық поэзияға арналған зерттеулерге тек айқындылық үстейді деп түсінеміз.
Бірді-екілі мысалдармен, осы мәселенің кейбір қырларын нақтылай түссек. Айталық, Ф. Оңғарсыновада «Мен өмірді сен деуші ем» аталатын лирикалық поэма бар. Туынды махаббатта жолы болмай сезім азабын шеккен, бірақ туған елі алдында өтелмес борыш, биік парызы бар ер-азаматтың күйрек сезімге бой алдырып, басын «жоғалтуы»— әлсіздік екенін сезініп, еңсесін қайта тіктеген бозбала жігіттің күнделігі түрінде жазылған. Мұнда өзінің талайсыз тағдырын, сезім сарсаңын, жан азабын алдыңызға жайып сап, бірінші жақтан («мен») сыр ағытқан кейіпкер (жігіт) бар. Өмірлік, ғұмырбаяндық, тіпті физиологиялық тұрғыдан болсын, әйел жынысты ақынымызға, сырттай қарағанда, еш жанасымы жоқ бейне. Оны анық лирикалық тұлға немесе ақындық «мен» деп түстеп, ныспылап жатудың да реті келмейді. Бұл жерде, әңгіме тек лирикалық кейіпкер туралы ғана болуы мүмкін. Ал осы лирикалық кейіпкердің махаббат ләззаты мен трагедиясын түйсіну ерекшелігі, көңіл-күй толқынының қозғалыстары мен мінез-темпераментінің көрініс-айғақтары ақынның өзге барлық шығармаларымен бірлікте біртұтас сезім диалектикасын құрайтындығы — оны Ф. Оңғарсынова лирикасындағы ортақ лирикалық тұлғамен туыстастырып тұр. Бөлініп-жарылмас бүтіндікке өз бояу, өз бедерімен сіңісіп, көркем образдағы жалқы мен жалпының диалектикасын өрнектейді.
Немесе, осы ақынның «Жантолынын монологы» өлеңін алайық. Жантолы — атақты Мұрат ақынның тұсындағы әнші, домбырашы, ақын қыз. Ақындар жыр көрігін қыздырып, гуілдеп, думандатып отырғанда: «Жантолы келді» деген сез шығады. Сонда біреуі: «Е, қайтеміз, байталға бәйге берер біз бе екен!»—депті. Өлең Жантолы қыздың соларға жауабы түрінде бірінші жақтан («мен» арқылы) өріледі.
Ей, мақтаулы Мұрат!
«Байтал» деп сонша неменеге мастандың.
Тәңірінің өзі тәлкегіне салар асқанды
Қыз болып тусам, кінәлі ме екем бұған да?
Алтынды сірә көлеміне қарап сынар ма!
Мұндағы лирикалық кейіпкердің нақты аты-жөні, адресі бар — Жантолы. Бірақ, өлеңде айтылған уәж, айғақты көзқарас, айқын позицияның да алтын қазығы, қайнар көзі бар, ол — авторлық дүниетаным. Сол дүниетаным тұрғысынан, өлеңге арқау болған ситуацияның поэтикалық, мәні ашылады, ақынның назары ауған құбылысқа баға беріледі. Сондықтан, осы сипаттағы лирикалық кейіпкерлерді де ақынның тұтас бітімді лирикалық тұлғасынан бөліп қарауға болмайды.
Бұл — ақынның кейіпкер кейпін «киіп», сопың атынан сөйлеген «Үшінші даусы» (Т. С. Элиот)
Осы тұста, арасына ешқандай айырым белгісі қойылмай қолданыла беретін лирикалық «мен», ақындық «мен» тәрізді терминдерге де өз көзқарасымызды білдіре кетейік. Бұл атаулардың төркіні бір, негізі ортақ, бірақ оларды барлық жағдайда бірдей синоним ретінде қолдана беру жансақтық демегенмен, ұғымдық нақтылыққа селкеу түсіретін сәттері де бар екеніне назар aудара кеткіміз келеді. Өлеңдегі лирикалық субъект ортақ дүниетаным, авторлық дербес сана көрінісі бола отырып, әрқилы адамдық кейіп, мінез-қалып, әлеуметтік-психологиялық түрлі сапалар арқылы ашылатын жайлары бар. Мәселен, ол өлең мазмұнында құрылысшы, қойшы, ғашық, жігіт, мұңды қыз, я қария, немесе жас бала т. с. с. кейпінде көрініп, әрқайсысы өз өресі мен парасат-пайымы дәрежесінде ой толғап, сыр шертуі мүмкін. Олардың бәрін ақынның лирикалық тұлғасымен тұтастықтағы жеке лирикалық кейіпкерлер деп қарауымыз әбден заңды. Ал, енді ақын оқырман алдында ешқандай лирикалық «маскасыз» шығып, нақты ақындық, адамдық болмысымен көрініп, бүркемесіз өз атынан сөз алса ше? Ақындық «мен» атауын, біздіңше, дәл осы жағдайда қолдану орынды.
Айталық ақын:
Келеді өлең еселеп,
Үлгіре жазып жатамын.
Бір әндетіп, бір сөйлеп,
Мол рахатқа батамын —
десе; мұндағы «меңді»— ақындық «мен» деу қай тұрғыдан да келісімді болмақ. Жыр жазу үстіндегі көңіл-күй толқынын суреттеп отырған кейіпкер — ақынның өз бейнесі болып табылады. («Поэтическое «я» деген жалпы атаумен шатастырмаңыз): Т. Молдағалиевтың «Тынық Мұхит дәптері» лирика кітабын алайық («Жазушы», 1985 ж). Оның лирикалық кейіпкерін тұтасымен ақындық «мен» деп тану дұрыс. Өйткені, біріншіден, ол – ақын, яғни лирикалық бейнедегі Тұманбай Молдағалиев; екіншіден, өмірлік, ғұмырбаяндық детальдар нақты: ақынның Тынық Мұхитқа сапар шегіп қайтқаны да рас, кітапқа енген өлеңдерде, арнау жырларда кездесетін мол адам есімдері де абстракты аттар емес, өмірде шын бар кісілердің дерегі т. т. Яғни, лирикалық кейіпкер бейнесін құрайтын кейбір «сыртқы» компонент — белгілер ақынның жеке өмірбаяндық детальдарымен толық сәйкеседі. Лирикалық «меннің» ақынның өз тұлғасымен осылай барынша тығыз, жақын байланыста болуын «ақындық «мен» тіркесі толығырақ та, айқын білдіреді. Ал, енді осыған керісінше, К. Ахметованың «Домыбырадағы жазу» деген лирикалық, өлеңін алайық.
Жарқын жазда жамылғанда тау сағым,
Шырқау шыңның, аршын төсін аңсадым.
Жұпар иісті жар бұрымын сипаған.
Сал жігіттің сан талдырдым саусағын.
Арулардың қара шашы орман боп,
Сағағына саусақтары қонған көп.
Бірақ менің бар мұратым жанған жоқ,
Барлық, күйім тартылып та болған жоқ .
Лирикалық субъект («мен») домбыра болып тіл қатады, күй тілінде сыр шертеді. Осы өлең жеке талданғанда, домбыра – «кейіпкерді» ақындық «мен» деуіміз, әрине сиымсыз. Бірақ, ол — өлеңнің лирикалық кейіпкері атануға толық хақылы бейне. Авторлық «мен» домбыра кейпіндегі лирикалық кейіпкер арқылы объективтенген. («Үшінші дауыс» арқылы).
Айналып келгенде, бәрі — түп-негізі ортақ, бір-ақ құбылыстың атауы болып табылатын, біздің қазақ әдебиеттануында да тең дәрежеде, талғаусыз қатар қолданыла беретін осы терминдерді бұлай айырмалап (дифференциялап) қарау — тек формальдық (шартты) тұрғыда ғана мүмкін екенін жақсы түсінеміз. Бірақ, олардың арасындағы, поэтикалық шығармаларды талдау барысында айқын аңғарылатын нәзік мағыналық ньюанстарды ескермеуге тағы болмайды. Тұтас ұғымды білдіретін бұл әрқилы атаулардың жігі нақты поэтикалық контекст мазмұнына қарай ажыратылады. Мысалы, лирикалық тұлға — ақынның бүкіл шығармашылығы контексінде айқындалатын бейне болса, лирикалық кейіпкер жеке фрагментарлық тексте, кез-келген жеке лирикалық өлеңде көрініс тапқан авторлық дербес сананың көркемдік бір тұрпаты. Біздің көзқарасымызша, ақындық «мен» атауын да жоғарыда көрсетілген; жағдайлардан басқа реттерде лирикалық, тұлға терминімен шендестіре қарауға негіз бар. Өйткені, белгілі бір ақынның шығармашылығына қатысты қолданғанда, «ақындық» деген атаудың өзінде жинақтаушылық, ортақтық мән бар екені көрінеді.
Осы ретте әдебиетші қауым жиі қолданатын «лирикалық қаһарман» атауына да тоқтала кетудің орайы келіп тұр. Бұл өзі орыс әдебиетінде қалыптасқан «лирический герой» терминінің тура аудармасы (калька). Кез келген көркем шығарма кейіпкеріне қатысты айтылатын дәстүрлі «герой» сөзін негіз етіп жасалған термин. Лирический персонаж, лирический характер, лирическое «я», поэтическое «я», лирический субъект т. б. атаулармен тең құқыққа ие. Орыс әдебиеті мен әдебиеттануында, әдеби сынында салыстырмалы түрде ұзақ тарихы, орнықты дәстүрі бар атаулар. Ал біздің тел әдебиетімізде өзге тілден көшірме қалпында аударылған «лирикалық қаһарман» атауы мағыналық, дәлдігі жөнінен ұғымды нақты бейнелей алмайтыны байқалады. «Қаһарман» сөзінің лексикалық мәні —«жүрек жұтқан ер», «айбынды батыр» дегенге шамалас. Бәлкім, қайсыбір романтикалық шығармалардағы асқақ та сырлы бейнелерді, қоғамдық сілкініс, дүмпу, немесе тоталитарлық жүйе идеологиясы туындатқан ұраншыл, желқабыз, пафосшыл поэзияның әсіреқызыл оптимизмі, «жасампаз» рухы мүсіндеген жасанды «өршіл» кейіпкерлерді осылай атау дұрыс та болған шығар. Бірақ, лирикалық поэзияның өз болмысы, спецификалық ерекшеліктері тұрғысынан, қарағанда аталмыш терминді лирикалық кейіпкер категориясына атау ретінде пайдалануға негіз аз екенін көреміз. Әрине, аяқтап келгенде атау, термин дегеніміз белгілі бір құбылысты белгілейтін шартты сөз, символика ғана. Оны қалай түрлендірсеңіз де ұғымның мәні өзгермейді. Мәселен, жылқыны «ат» дегеннен ештеңе бүлінбеуі мүмкін. Әйткенмен, осы екі сөздің бір-бірінің орнын алмастыра алмайтын реттері де бар емес пе? Сол сияқты терминге де (оған қанша шартты деп қарасақ та) нақтылық, жүйелілік керек. Атау мағынасының дәлдігі, ұтымдылығы, түптеп келгенде, ұғымдық нақтылыққа айқындық, түсініктілік дарытатынын ешкім жоққа шығармаса керек.
Белгілі бір поэтикалық контекст аумағында айқындалған лирикалық «меннің» әрқилы образдық-мағыналық реңіктері туралы, лирикалық кейіпкер ұғымын бедерлейтін синоним атаулардың солардың қайсысына барынша сәйкес келуі мүмкін екендігі, сондай-ақ аталмыш терминдерді практика жүзінде қолданудың реті қандай деген мәселелер — әлі көңіл бөлініп, назар аударыла қоймаған жайттар. Бұл тарапта жоғарыда айтылған өз пікірлеріміз — әсте үзілді-кесілді тұжырым емес, жеке көзқарас қана. Ғылымда «мұндай синонимдес терминдердің болуы — пайдалы,— деп жазады В. В. Медушевский.— Оның эвристикалық функциялы бар: атауларды бұлай өзгертіп қолдану — идеяны айқынырақ байыптауға, терминнің ар жағында тұрған әртүрлі өмірлік, мәдени, ғылыми аналогияларға барлап, түстеуге көмектеседі» .
Осы арада, және бір мәселенің басын ашып алуға тура келеді. Әдетте, біз ақын шығармашылығы, немесе жалпы поэзия туралы сөз қозғағанда, қалыптасқан дәстүрмен «ақын былай деп тебіренеді», «...дейді ақын», «деп толғанады ақын» т. б. деген сияқты тіркестерді еркін жұмсап, қалауымызша қолданамыз. Және бұл кезкелген әдебиетте солай. Дәстүрдің аты — дәстүр, оның заңдылығында, қолдану аясынын тұрақтылығында ешкімнің таласы жоқ. Ал, енді өлеңді осы сипатта талдау теориялық түсінік тұрғысынан негізді ме дегенге келейік. Өйткені, жоғарыдағы қолданыста «ақын» сөзі лирикалық кейіпкер (немесе, тұлға) мағынасын арқалап тұрғаны айдан анық қой. Ендеше, оны тікелей ақынның өз атына телу қаншалық орынды болады деген сұрақ, туады. Біздіңше, дәл осы арада дәстүр мен теория тым қайшы келе қоймайды. Себебі, лирика — субъективтік сипаты басым бірден бір жанр. Автордың өз тұлғасы мен шығармашылығының, өлеңі мен өмірінің, дербес сананың (индивидуальное сознание) көркем бейнемен тікелей байланыста біте қайнасқан бірлікте болуы, бәрінен бұрын, лирикаға тән қасиет, құбылыс. Лирикада өрнектелген ой мен сезім, көңіл-күйдің түп иесі, «жаратушысы»— әрине Ақын. Бірақ, ақын жанының бұл құбылыстары ендігі жерде жеке адамның шындығы емес, лирикалық бейне призмасының сүзгісінен сәулеленіп, сараланып шыққан ақиқат болып танылады. Бар айырмашылық осында. Бірақ, бұл — теориялық тұрғыдан принципті айырмашылық.
Лирикалық кейіпкер — ақынның өз тұлғасымен – (личность мағынасында) ажырамас байланыстағы құбылыс. Дау жоқ, лирикада ақын тікелей өз сезімін, өз ой-сырын өрнектейді, ал жан әлемі бай, рухани дүниесі мәнді болған жағдайда, оның өз келбеті лирикалық кейіпкер бейнесімен тұтасып, көркемдік нақтылыққа айналады. Сондықтан лирикалық өлеңді талдауда қолданылатын «ақын» сөзі, шартты түрде лирикалық кейіпкер (тұлға) ұғымымен толық үйлеседі деп есептейміз.
Лирикалық поэзиядағы бұл феноменді лирикалық «мен», субъект, характер, лицо, личность, гений, двойник, герой, персонаж, ақын, ақындық «мен», ақын образы — мейлі, қалай атаса да, осылардың әрқайсысы лирикалық тұлға ұғымын жан-жақты толықтырып, ай қындап тұрған терминдер. Бұлардың қай-қайсы да нақты талдауда қолданылуға хақылы, тек нақты лирикалық контексте, мүмкіндігінше, әрқайсысының мағыналық реңін есте ұстау тиімді болмақ.
Енді осы тұрғыдағы лирикалық кейіпкердің қалыптасу жолындағы буынды тұстарға әлем және қазақ әдебиетіндегі мысалдар арқылы қысқаша барлау жасап көрейік.
2. ЛИРИКАЛЫҚ «МЕННІҢ» ҚЫСҚАША ҒҰМЫР ТАРИХЫ
Лирикаға қатысты алғанда, бүгінгі түсініктегі лирикалық кейіпкер эволюциясы — жалпы көркем творчество тарихында авторлық «меннің», дербес сана көрінісінің пайда болуынан басталады. «Жыршының дербес сана-сезімі (самосознание певца) — қауымдық ықпал мен тұйықтықтан ірге ажырата бастаған жеке тұлғаның сана-сезімі». «Өзін өнер туындысын жаратушы қабілет, құдірет иесі ретінде сезіну — творчествоның жаңа сатыға көтерілуін айғақтайтын құбылыс екенінде дау жоқ: алдыңғы планға енді авторлық «мен» шығады». Біз үшін бұл факт жеке творчестволық тұлғаның, өз басына қатысты жайларды арқау ете отырып, адамға, әлемге көзқарасын индивидуальдық сезім күйі арқылы бейнелеу нышандарымен құнды. Авторлық тұлғаның («мен») көркем творчествода алғаш бой көрсетуін зерттеушілер, көне грек поэзиясының Гомерден кейінгі кезеңіне, Геснодтың (б. з. д. VII ғ.) дидактикалық эпосына апарып тірейді. Алайда, жалпы «мендік» сананың түптегі сонау адам — адам бола бастаған есте жоқ ерте заманда жатса керек. «Алғашқы адамда ойлау формасы, оны жеткізу тәсілі біреу-ақ: жеке бастық. Мифте «Сеннің» ашылуы мәңгілік таңбаланып қалды, сол арқылы «Мен» де өшпес көрініс тапты» . Міне, осы сипатты жеке саналық «меннің» «сенге» тіл қатуы ежелгі Египет дәуірінен (б. з. д. III мың жылдықтың соңы) сақталып қалған мына бір жолдарда поэтикалық өрнек алды (өлең де адамның өз жаны — ка-мен айтысы бейнеленеді) .
Кімге ашармын сырымды енді?
Аға-ініде адалдық жоқ,
Достарым да қырын келді.
Кімге айтармын сырымды мен?
Зорлықшылдың мерейі үстем.
Жақсы адам жоқ бүгінгіде.
Кімге ашармын сырымды енді?
Жақсылығыңа – жақсылық, жоқ
Өткеннен жұрт түңілген-ді.
Лирикалық бастаудың тым көпеде жатқаны осы өлеңнен айқын көрініп тұр.
Гесиодтан бастап көне грек лирикасында Архилох, Сапфо, Алкей, Феогнид, Гиппонакт (б. з. д. VII-VI ғ.ғ) тәрізді өзінің дүниені дербес түйсіну ерекшелігін тікелей, ашық өрнектей бастаған ақындар тізбегі сараланды. Бірақ, көне грек лирикасындағы авторлық «мен» табиғатын егжей-тегжейлі зерттеген В. Ярхо бұл «мендердің» дәстүрлі «лирикалық кейіпкер» ұғымынан әлі тым алыс жатқанын жазады. Архилох, Сапфо, Алкей, Феогнид поэзиясы бір жағдайда ашық өмірбаяндық, сипатымен, автордың құр өз басына қатысты жанлар мен ой, сезімдерді бейнелеумен шектелсе, екінші бір ретте жеке адамның (ақынның өзінің) неғұрлым жинақты образын бере отырып, ақынның тек өз ортасы — азғантай әлеуметтік топтың, шағын тыңдаушылар аудиториясының көзқарасы мен мінез-құлқын ғана әлпеттеумен тынады. Яғни мұндағы «мен» қайталанбас даралықтың бейнесі емес, оқшау топтың (коллективтің) ортақ «меңі». Гиппонакт типіндегі ақындар автордың қоғамдық тегі мен шын көзқарасын жасырып, жалған (фиктивный) кейіптер мүсіндеді. «Осы варианттардың бәрін әлдебір «лирикалық кейіпкер» формуласына жанастыра беру қаншалық жемісті бола қояр екен» — деген пікір түйеді зерттеуші. Әрине, ғалым бұл жерде «көне грек лирикасындағы жеке адамның көркемдік зерде объектісі ретінде де, өзіндік дербес құндылық (самостоятельная ценность) ретінде де тұлғалана бастауын» жоққа шығармайды. Сондай-ақ, жоғарыдағы «жалған» кейіпкерді автордан барынша алыс тұрғандықтан қазіргі мағынасындағы «лирикалық кейіпкерге» жақын бейне деп қарайды. Мұнда, біздіңше, құбылысты тұтастықта алып қарамау, соған байланысты бұл проблеманы сәл өзгеше реңде түсіну бар. Егер, лирикалық кейіпкер категориясы туралы бүгінгі түсінік тұрғысынан қарасақ, жоғарыдағы белгілердің оған мүлде жат элементтер емес, қайта кейінгі даму барысында біртіндеп кеңейе, толыға келе, лирикалық бейне жасауға негіз бола алатын кейбір сапалардың шашыранды нышандары екенін көреміз.
Ақын творчествосына оның жеке өмірбаяндық фактілерінің әсері болатыны сөзсіз, бірақ бүкіл поэзиясының мазмұнын соған әкеліп телуге болмайды деген түсінікті көне грек дәуірінен беріректегі, Рим поэзиясының гүлденген кезеңіне (б. з. д. I ғ.) қатысты қолдануға болады. Яғни, Тибулл мен Овидийдің «лирикалық кейіпкерін» (біз бұл жерде аталмыш терминді поэзияның сол кезеңдегі даму деңгейіне сәйкес шартты түрде алып отырмыз) автордың нақ өз басымен шатастыруға болмайды. Римдік элегиялық поэзия өкілдері (Тибулл, Проперций т. б.) жекеше көңіл-күй, адамның жан-дүниесін байытар құдіретті сезім – махаббат сырларын шерте отырып, «поэзия әлеміне ерекше сезімтал, ойға, сарапшылдыққа бейім жаңа кейіпкер енгізді. Махаббат элегиясының шартты топиктерінің ауқымында олар айналадағы шындыққа өз көзқарасын білдірді. Эллинистік поэзияда болмаған бұл жаңа сапалар рим лирикасын жаңа заман адамына барынша тартымды етті» . Ал Овндийдің шығармаларында белгілі дәрежедегі шартты лирикалық кейіпкер айқынырақ нұсқаланып, ақынның өз басына жақындай түсті.
Ортағасырлық Қайта өрлеу дәуіріне тән бірден бір ойлау тәсілі — дедукция (жалпыдан жалқыға қарай) екені белгілі. Бұл — көркем творчествода өз бедерін қалдырды. Л. М. Баткин Лоренцо Медичидің «Махаббат туралы кейбір сонеттерге түсініктеме» деген трактатын талдай отырып, мынаған назар аударады: «Ең қызығы, жалпылама махаббат, әйтеуір, бір еркектер мен әйелдердің атынан айтылатын әйтеуір бір жалпы қайғы туралы жазған ақын оқырманына әсер ете алмайды деген айқын сенімнің болуы. Сондықтан мұндай сезімді ол өз мұңы, өз қайғысы етіп суреттеуі керек. Яғни, жалпылама қайғы — мазмұнсыз, жалпылама сүйіспеншілік — поэзия предметі болуға жарамайды деген ұғым туады. Ақын өз қиялының ұшқырлығымен әсерсіз жалпылықты—жеке бастық сезім күйі ретінде өрнектеуге тиіс болып шығады. (...) Жеке бастың сезімі жалпылық, анонимдік сезімнен жоғары тұр» .
Ортағасырлық ой иесінің бұл сипатты пайымы европалық поэзия эстетикасында өpic ашқалы тұрған жаңа бір кезеңнің бастауы іспетті. Өйткені, «Жан Поль Рихтердің тілімен айтқанда, лирика — барлық поэзияның өмірі мен жаны; лирика — поэзияның поэзиясы» — десек, жоғарыдағы көзқарас сол лирика дамуындағы ең буынды тұсқа меңзеп тұрғаны ақиқат. Мұнда шынайы лириканың негізгі қасиеті — субъективтігі туралы, және бұл ерекшелік поэзияның эстетикалық әсерін күшейту мақсатынан да туатынын саналы түрде байыптаған айқын пікір бар.
Ортағасырлық араб-парсы, түркі тілді лирикалық поэзия өзінің ұзақ тарихында қалыптасқан қатаң дәстүрлер, поэтикалық канондар, әдеби этикеттер ауқымында дамыды. Тақырып, құрылым, көркемдік бейнелеу құралдарында лириканың негізгі жанры – ғазал, сондай-ақ, туюг, рубаи, қыта, фард сияқты түрлері белгілі бір нормаларды, орныққан жүйені ұстанды. Сезім, көңіл-күй өрнегінде де дәстүрлі образдар пайдаланылды. Бірақ, бұл творчестволық ерікті тұсады деген сөз емес. Шығыс поэзиясы классиктерінің (Рудакиден Навоиге дейін) шығармаларында лириканың сезімдік кернеуі, көңіл сырын бейнелеу мүмкіндіктері әр ақынның дарын ерекшелігіне орай дамып, күрделене, байый түсті. Дегенмен, бұл процесс байырғы үрдіс, дәстүрлі жанрлық-канондық шекара ауқымында болды. Яғни, адамды, оның жан-дүниесін бейнелеуде принципті жаңалық болмағанмен, жанрдың өз ішіндегі потенциалды қуат-мүмкіндіктер барынша дамытылып, көркемдік мазмұнмен толыға түсті. Сондықтан адам сезімін ашуға құрылған дәстүрлі ғашық жігіт пен қол жетпес арман-қыз, шарап пен өзін-өзі ұмыту, сопылық символикалар мен құдайға құлшылық сарындары — қай-қайсысы да шартты, ақынның өз басына, өз сезімі мен көңіл-күйіне көп қатысы жоқ канондық образдар арқылы көрініс тапты. Яғни, мұнда нақты, жеке «мен» жоқ, канондық — дәстүрлі «меннің» күнделікті жай тірліктен, кәнігі ортадан жоғары тұрған болмысқа тіл қатуы (мәселен, ғашық жігіттің абстракты сұлуға үздігуі, үміт үзуі тағдырына налуы т. с. с.), жалпы адамға тән сезімдердің әсіреленген өрнегі бар. Бұл ерекшеліктер «үйреншікті тұрмыстық қалыптан биік тұру туралы ортағасырлық ұғымнан туатын: әдеби шығармашылық уақыттан тыс, дерексіз (отвлеченность) болу керек деген пайыммен ұштасып жатыр. Осы дерексіздену қасиетімен, спецификалық көркемдік шарттылықтарымен ғазал жанры жаңа кезеңнің нақтылануға бет алған өнерінен түбірлі айырмашылық танытады», – деп жазады С. Н. Иванов. Көне түркі әдебиетін зерттеуші ғалым И. В. Стеблева да ежелгі лирика үлгілерін талдай отырып, осыған меңзес пікірлер айтады . Бір айта кететін нәрсе, И. В. Стеблева өз талдауларында көне поэзия үлгілеріндегі бірінші жақта өз атынан сөйлейтін өлең кейіпкерлеріне «лирикалық кейіпкер» терминін қолданады. Бұл, әрине, белгілі дәрежеде, шартты қолданыс; дәстүрлі поэтика ауқымындағы дәстүрлі кейіпкерді бүгінгі терминологиялық жүйеге жақындата атау — қолайлылықты көздеуден туған әдет деп түсінеміз. Канондық, үрдістік шектеу — лирикалық, сана өрісін де сөзсіз тарылтады. Сондықтан лирикалық сананың барынша ашық, барынша толық ауқымын қамтитын лирикалық кейіпкер болмысы бұл кезең поэзиясында да кемел тұрпат түзуден алысырақ еді.
Ортағасырлық Шығыс поэзиясында (Рудаки, Омар Хаям, Низами, Руми, Саади, Хафиз Насими, Жәми, Навои, Физули т. б.) жеке бастың индивидуальдық сезім күйі, құбылысқа баға беруі едәуір көрініс тауып, адам дүние сезімінің гуманистік рухын биіктете түскенмен, «жеке адам идеясы жеріне жетіп дамымады, оның орнына тағдырға мойынсұну, мистицизм бағыты өpic алды». Шығыс поэзиясындағы лирикалық «мен» туралы лирикалық кейіпкер категориясы өресінде сөз қозғау негізсіз екеніне және бір дәлел — осы. Лирикалық кейіпкер өз дәуірінің жеке адам концепциясымен тығыз байланысты ұғым.
Жалпы әлем әдебиетінің тарихында лирикалық көзқарасты бейнелеудің әр алуан форма, тәсілдері қалыптасқанын көреміз. Әрбір мәдени-тарихи орта лириканың өзіне ғана тән бөлекше үлгісін туғызды. Эстетикалық жалпы көзқарас тұрғысынан қарағанда, ортақ сипаттары бар ежелгі Египет лирикасы, антикалық элегия, библиядағы жырлар, көне түрік, араб-парсы поэзиясы, қайта өрлеу дәуірінің сонеттері, жапонның хокку (хайку) мен танкасы өзінің мазмұны мен формасы жөнінен тарихи, қайталанбас құбылыстар. Көңіл-күй, сезім сырларының лирикалық, өрнегін беруде ортақ принциптері бола тұрып, бұлардың әрқайсысы әр халықтың белгілі бір тарихи кезеңдегі дүниетанымына сәйкес лирикалық дүние түйсіну (мировосприятие) тәсілдері тұрғысынан түрлі-түрлі. Лирикада адамның ішкі әлемін бейнелеудің дүниетаным сипатына, содан өрбитін жеке адам концепциясына тікелей тәуелді екені ортағасырлық жапон поэзиясы мысалдарынан айқын көрінеді. XII ғасырдың аяқ шенінен бастап Жапонияда дзен-буддизм ілімі кең таралды. XIII-XV ғасырлар аралығында ол жапон үкіметінің ресми идеологиясына айналды да, мәдениет пен өнерге, жапон тұрмысының барлық саласына үлкен әсер етті. Дзэн ақындарының ең сүйікті тақырыбы — табиғат әлемін, оның сұлулығын жырлау болды. «Жалпы пейзаждық лирика Қиыр Шығыс елдерінің бәріне тән, бірақ, дзэн поэзиясында пейзаждың өзіндік қатаң қызмет аясы бар: ол бәрінен бұрын, буддалық ілімнің белгілі бір қағидаларын, оның ішінде, әсіресе, адамның дүниедегі жанды-жансыз атаулымен, бүкіл әлемнен ажырамас байланыста екендігі туралы дзэндік идеяны бейнелеу үшін алынады. Бұл байланыстағы құрамдас компоненттер — адам мен табиғат, бұл екеуі де табиғат тақырыбындағы бүкіл дзэн өлеңдерінде міндетті түрде егіз-қатар көрініс табады» — деп жазады А. М. Қабанов. Табиғат пен адамның тұтастығы туралы түсініктің тым әріде, жапондардың ежелгі танымында бар екені бұл халықтың ең көнелікті поэзиясынан да көрінетініне В. Н. Горегляд куәлік етеді. Пейзаждық суреттемелерде, автор, бейнелеп отырған көрініске өзінің де қатысы, көзқарасы бар екенін білдіріп отырады, өйткені жапондық түсінікте адамсыз табиғат жоқ, ол тек адам арқылы ғана бейне-тұрпатқа ие болады. Сондықтан да жапон лирикасында ақын өзін құсқа, бұлтқа т. б. жанды-жансыз табиғатқа құр ұқсатып қана қоймайды, сол табиғатқа сіңіп кетуге, оның бір бөлшегіне айналуға ұмтылады. Мұнда жеке мағынасындағы субъект («мен») жоқ, ол әлеммен органикалық бірлік-тұтастықта көрінеді. Табиғат суреті арқылы «мен» және «мен емес»-тің айырмасыз екенін бейнелеу — бұл текті поэзияның басты міндеті. Рюсю Сютакудың (1307-1333) «Түнгі жолда» өлеңі бұған мысал бола алады:
Тұрамын да отырам... Қарағайлар көрінді терезеден...
Ұмыттым мен өз «меңімді»
Шың басында бұлт туады, ай сырғиды аспанда.
Жалпы жапон поэзиясы қай кезде болсын, эстетикалық канондардың қатаң, нормативтерінен ауытқыған емес. «Оның мұндай герметикалық сипатынан (яғни, тұйықтығынан — Т. Ш.), аралығында мың жыл мерзім жатқан екі танканы бір-ақ автор жазғандай болып көрінеді. Уақыт белгілерін, нақты тарихи оқиғаларды бейнелеу дәстүрлі лириканың табиғатына жат». Жапон ақыны үшін барша дүниенің басы мен аяғы — табиғат. Суреткер — әлемнің құпия қозғалыстарын жүрегінен өткеріп, нақты образдармен көрсетіп тұрған медиум (дәнекер) ретінде ғана танылады. Оның табиғаттан бөлек өз сыры, жан-дүниесінің жеке әлемі, нақты өз бейнесі жоқ. Субъект пен объект айырмасыз біртұтас. «Қарағайды суреттеу үшін — қарағай бол,— дейді жапонның ұлы ақыны Басё.— Өзіңді ұмыт, өзіңнен кет. Өз «меніңді» ұмытпай, ақиқатқа жете алмайсың. Предметке сіңіп кет, мәнін аш, оны нақты сезін — өлең сонда ғана туады» . Осыны өсиет еткен Басёнің, кезінде Р. Тагорды таң қалдырған, хайку жанрының тарихында ең үздік деп танылған «Ескі тоған» өлеңі өзі уағыздаған принциптің айқын үлгісі:
Ескі тоған.
Секірген бақа.
Шалп еткен су.
Ортағасырлық жапон ақыны үшін абсолюттік болмысқа, суреттеп отырған объектіге сіңіп «көрінбей» кету— творчествоның басты шарты. Бұған өмірдің эмприкалық табиғи ағысына араласпау, қалыс тұру арқылы ғана қол жетпек. Суреткер өз қиялын қосып, өзгеше образ, «өзге болмыс» жасауға тиісті емес. Міне, осындай дүниетанымдық принцип, эстетикалық, жанрлық канондар тек жапон ғана емес, жалпы Қиыр Шығыс елдері лирикасындағы (Қытай, Корея, Вьетнам т. б.) «меңге» бүгінгі лирикалық, кейіпкер ұғымымен келуге болмайтынын көрсетеді.
Лирикалық кейіпкер эволюциясындағы ең шешуші кезең, осы ұғымды теориялық тұрғыдан нақтылай түсуге, және оны лирикалық сананың белгілі бір типіне жатқызуға негіз болған — европалық және орыс романтиктерінің шығармашылығы (Дж. Байрон, Г. Гейне, В. А. Жуковский, М. Ю. Лермонтов). Өзіндік оқшау тағдырымен, ішкі әлемінің психологиялық айқын өрнегімен, тіпті сыртқы сын-сипатымен де дербес кісілік тұрпатқа ие болған, ашық сыршылдығымен, автордың өз бейнесі туралы концептуалдық шындығымен ақынның өмірдегі болмысына мейлінше жақын тұрған лирикалық кейіпкер дүниеге келді. Аталған романтик ақындардың творчествосын зерттеушілер (Г. Гуковский, Л. Гинзбург, Д. Максимов т. б.) бұл образдың оқырман қабылдауында ақынның өз бейнесі, «ақын туралы аңызға айналған ақиқат болып танылғанын» жазады. Мұндай лирикалық, қаһарманды романтикалық дүниетаным, оның жеке тұлға турасындағы өзгеше концепциясы тудырды. Бұл орайда, ақын да лирикалық қаһарманын тар, интимдік аяда емес, жалпы жұрттың назарына лайық өреде, сөз бен істің, өмір мен өнердің арасына тепе-теңдік белгісін қойған романтикалық көзқарас тұрғысында, оқырманға өз бейнесі ретінде ұсынды. Сол бейненің тұтастығы үшін, автор, бірақ, өз өмірінің лирикалық қаһарман «тағдырына» қатысы жоқ фактілерін көркемдік жинақтау процесінен алып тастады. Сондықтан қазіргі ұғымдағы лирикалық кейіпкерге негізгі теориялық база бола тұрып, бұл бейне авторлық сананың толық ауқымын емес, алдын-ала белгіленіп, кесіп-пішілген шектеулі лирикалық «тағдырдың» шекарасын ғана қамтыды. «Романтикалық тұлға — өзінің метафизикалық болмыс-табиғатының заңдары бойынша әрекет етеді» . Яғни, аталмыш тұлға романтикалық туындыларда әлеуметтік-тарихи контекстен тысқары алынып, имманентті (тұйық, өз ішінен) дамыған бейнеде көрсетіледі. Тіпті, бұл екі фактор (әлеуметтік, интимдік) қатар алынған күнде де, лирикалық қаһарман болмысы олардың бір образдың бойында тұтасқан бүтіндігімен емес, бірге тұрып та бірікпейтін қосындысымен ғана анықталды. Қоғамдық, жеке бастық құбылыстарды тұтас тұлғаның бірегей болмысы етіп сомдау талабы декабристер поэзиясында көрініс бергенін Л. Гинзбург атап көрсетеді.
Жеке адамның жан-дүниесінде бүкіл әлемнің суреті бар, оның ішкі «мені» шексіз деген түсінік-концепция және оны бейнелеудегі әдеби-канондық шарттылықтан тәуелсіздік, ақындық еркіндік, шындықты субъективтік қабылдау мен өрнектеу принципі романтикалық поэзиядағы лирикалық «меңді» жаңа эстетикалық сапаға көтерді.
Кейінгі зерттеулерге бақсақ, лирикалық «Меннің» образдық-конвеитуалдық көкжиегін кеңейткен ендігі бір белес — америка әдебиетінің классигі Уолт Уитменнің поэзиясы. Оның «мені» романтикалық поэзияның, қоғамнан, ортадан орнын таппаған, жақсыдан да, жаманнан да көңілі қайтып, жалғыздық күйін кешкен әдепкі кейіпкерлерінен бөлек бітім танытады. Ақын өз лирикалық кейіпкерін оның «метафизикалық табиғаты» (Л. Гинзбург) мен қоғамдық болмысынан ажыратқысыз тұтастықта сомдайды. («Шөп шашағындағы»: «Өзім туралы жыр», «Үлкен жолдың жыры» «Дауылдың асқақ күйі т.б лирикалық монолог-жырлар). Романтикалық тұлғаның алабөтен тағдыры, ортадан оқшау жаратылысы оған жат: Уитменнің «мені» өзін «адамдар мұхитының» бір тамшысы деп сезінеді, әлеуметтік өмірдің белсенді санаткері деп біледі. Үлкен тарихтың кесек оқиғалары оның рухани өмірінің фактісіне айналған. Ұлттың тағдыры өз тағдырымен біте қайнасқан. Уитмен кейіпкерінің осы сипаты ақын мен сыртқы әлемнің (тарихтың, қоғамның, халықтың) қарым-қатынасы туралы жаңа көзқарастың, жеке тұлға жөніндегі романтикалық концепция мен романтикалық эстетиканың кейбір түбірлі қағидаларын мансұқ еткен көркемдік батыл ой-сананың туғанын айғақтайды.
«Автор тұлғасын кейінгі жаңа кезең ашты; бұл, сірә, орта ғасырлық дәуірлер аяқталған соң, біздің қоғамның бірте-бірте индивидтің, өрнектірек сөзбен айтқанда, жеке адамның қадір-қасиетін танып, мойындай бастағанынан болса керек» .
Реалистік арнада дамыған поэзиядағы кемел тұлғаға айналғанға дейін, осынау лирикалық феноменнің қалыптасу жолында жүріп өткен ізін үстіртін, көктей шолып қарағанда (негізінен европалық, шығыстың поэзия үлгілері негізінде) келер қорытындымыз: 1. лирикалық кейіпкер — белгілі бір лирикалық сана типінің, көркемдік ойдың даму жемісі ретінде кешелі-бүгін ғана пайда болған құбылыс емес, оның тарихы лириканың даму эволюциясымен сипатталады; 2. лирикалық кейіпкер — қоғамдағы жеке адамдық сана-сезімнің (личностное самосознание) оянуынан бастап, әр дәуірдің жеке адам концепциясымен тығыз байланыста дамыған көркемдік-эстетикалық құбылыс; 3. Өзінің даму тарихында лирикалық «мен» автордың тек қарақан басына ғана қатысты жайларды бейнелеуден бастап, дәстүрлі стереотиптер, канондар, ауқымындағы шартты «меңге» ұласып, коллективтік, топтық сананың жаршысы болуды, әртүрлі жалған лирикалық маска қызметін атқаруды, жеке тұлғаның «приваттық» (интимдік — жеке бастық) сырларын әйгілеуді т. с. с. сапалық кезеңдерді бастан кешті. Реалистік поэзия табалдырығында ғана, ол қазіргі түсініктегі толыққанды лирикалық тұлға сипатына негізгі белгілері бойынша барынша жақын келді. Романтикалық поэзияға тән авторлық сана тұтастығы, лирикалық «меннің» образдық ішкі кеңістігінің шексіз ұлғайып, жеке бастық және қоғамдық факторлардың ажырамас бірлік-бүтіндікте тоғысу тенденциясы оны қазіргі мағынадағы дара тұлға (личность) дәрежесіне көтеріп, жеке адам туралы жаңа концепцияның жана эстетикалық деңгейде көрініс табуын айғақтады.
* * *
Көп ғасырлық даму тарихы бар қазақ поэзиясындағы «мен» де өзінің бүгінгі тұрық-тұрпат, сын-сипатына бірден ие болған жоқ. Бұл мүмкін де емес еді. Өйткені, әрбір тірі организмге, жанды дәстүрге даму, өсу тән десек, қазақ лирикасының бүгінгі өресі де сол даму мен жетілудің жемісі болып табылады. Оның лирикалық «мені» де бүгінгі күрделі заман адамының қыртысы мол, қатпары қалың ішкі жан кеңістігін бедерлеген тұлғалы бейне, сындарлы тұтастыққа айналды. Осы ере, қазіргі мағынасындағы лирикалық образ деңгейіне көтерілу сипатында әлемдік поэзияға тән ортақ арнадан жырылып алыс кетпегенмен, қазақ өлеңіндегі «меннің» өзіндік кейбір ерекшеліктері де бар.
Қазақ поэзиясының түп-тамыры жатқан сонау көне түрік дастандарының өзінде («Күлтегін», «Тоныкөк» т. б.) айқын «Мен» бар. Бірақ, бұл «мен» – текст иесінің өз авторлығын айғақтап, бекіту үшін ғана қолданған жалаң есімдік емес. Жалпы құрылысы, поэтикасы жеңінен бұл жырлар эпикалық туындылар болып табылғанмен, жаңағы «меңдерде» аз да болса, лирикалық мазмұн бар. Қараңыз:
...Өзім қайғырдым,
Тағдырдың тәңірі жасар,
Адам баласы бәрі өлгелі туған.
Қайғырғаным соншама.
Көзге ыстық жас келер,
Көңілге ауыр шер келер
Шексіз қайғырдым,
Қатты қайғырдым...
(«Күлтегін» үлкен жазу)1
1М. Жолдасбеков. Асыл арналар. Алматы, 1986, 57 б.
Тасқа қашалған текстің осы бір үзігі-ақ, жырдағы «меннің» жай «мен» емес, өз қайғысын, жан-күйін парақтап, өзге де сездіре білетін парасат иесі екенінен хабардар етеді. Яғни, сол VII ғасыр қойнауында жасаған поэзияның құнарында, кейіннен шындықты бейнелеудің өзгеше бір тәсілі ретіндегі субъективтік бастаулар, индивидуалдық көркем ой нышандары белгі бергенін көреміз.
Жалпы түркілік ортақ арнадан іргесін ажыратып, XV ғасырдан бастап дербес өз атымен аталатын қазақ поэзиясының да алғашқы бетін қуатты ақындық «Мен» ашты.
Айнала бұлақ, басы тең,
Азаулының Стамбұлдан несі кем,
Азаулының Аймадет Ер Доспамбет ағаның
Хан ұлында: несі жоқ,
Би ұлынан несі кем!
Тәңірінің өзі берген күнінде
Хан ұлынан артық еді несібем!
Осынау тәкаппар «Меннің» асқақ бітімі — жыраулар поэзиясының жауынгерлік рухында жатыр. Өйткені, осы типті поэзияның көрнекті тұлғалары Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет, оларға рухы жақын Махамбеттер — асқан ақындық дарын иелері болумен қатар, шетінен ту ұстап, тұлпар мінген, қол бастан, жау қайтарған қас батыр, «сөйлесе қызыл тілдің шешені», ру басы би атанған жандар. Жеке басының қадірін, қоғамдағы жоғары орнын сезіну, ақындық, санаткерлік тұлғасының кесектігін, мәнділігін, жарқындығын түйсіну жыраудың өз атынан сөйлеп, өз биігінен кесіп-пішуіне алғышарт жасаған секілді. Міне дәл осы себептен де Қаз туған өз атына төгілтіп мадақ айтудан еш қымсынбайды («Мұсылман мен кәуірдің — Арасын етіп, бұзып дінді ашқан — Сүйінішұлы Қазтуған» ). Шалкиіз бен Жиембет, Бұқарлар өз әмірші, хандарына ақылшы да болады жұлдыздары жараспай қалған сәттерде қыр көрсетіп ықтырып алудан, өздерінің кім екенін ескертіп қоюдан да тайынбайды. Ал Махамбет ақын болса, хан-сұлтанға ашық жау боп тайсалмай тіл қатады.
Байеке сұлтан, ақсүйек,
Қыларың болса қылып қал —
Күндердің күні болғанда
Бас кесермін, жасырман!
«Толғаудың өміршеңдігі мен тартымдылығы шындықтың биік поэзияға бөленіп берілгендігінде» . М. Мағауин жыраулық поэзияның ең негізгі жанры сол толғау екенін айта отырып, оларды ойға құрылған және сырға құрылған (лирикалық) толғау деп екіге бөледі. Лирикалық толғауларда «негізгі жүкті көтеретін — сезім, эмоция... Мұндай толғаулардан жыраудың өзіндік «мені» де бой көрсетеді» — деп жазады зерттеуші. Лирикалық толғаудың үлгілеріне ол Қазтуған, Доспамбет шығармаларын, Шалкиіздің «Балпаң-балпаң басқан күн», Бұқардың «Кіші қара қалмақ бүлерде» сияқты жырларын, эпоста, мәселен, «Ер тарғындағы» Тарғынның мертігіп жатқанда айтатыны типтес толғауларды жатқызады. Біз, бұған қосымша, жыраулар репертуарындағы арнау жырлардан да ақындық «меннің» айғақты кейбір белгілері танылатынын айтар едік.
Менімен, ханым, ойнаспа,
Менің ерлігімді сұрасаң,
Жолбарыс пенен аюдай,
Өрлігімді сұрасаң
Жылқыдағы асау тайыңдай,
Зорлығымды сұрасаң
Бекіре менен жайындай
Беріктігімді сұрасаң,
Қарағай мен қайыңдай ,—
деп тепсінеді Есім ханға ерегіскен Жиембет жырау. Біріншіден, мұндағы «мен»— жыраудың езі, бірақ, белгілі дәрежеде поэтикалық, бейне деңгейіне көтерілген «мен». Поэзияның сол тұстағы өресіне сай жырау өзінің көркем тұлғасын сомдайды. Қолданар көркемдік тәсілі — әсірелеу (гипербола). Осы арада бір айта кететін нәрсе, сол әсірелеу, бұл жерде, жай көркемдік құрал ғана емес, әлемдік мәдениеттің белгілі бір кезеңіндегі құбылыстың қазақ топырағындағы айғақты мысалы ретінде көрінеді. Орта ғасырлық таным әлемінде жеке тұлғаның жалпы топтан бой асырып, кәміл танылуы — оның өз мүмкіндіктерін асыра бағалап, қадір-қасиетін көтере көрсете білуіне көп байланысты болғанын Л. М. Баткин Лоренцо Медичидің творчестволық, тұлғасына байланыстыра отырып дәлелдейді .
Екіншіден мұнда жыр иесінің өзіне, жеке қарым-қатынастарына байланысты, ханға субъективтік көзқарас – бағасы тікелей, қалтарыс-бүкпесіз ашық көрінген. Индивидуальдық сананың тәуелсіз, бірегей суреті бар. Бұл, кейінгі кемел поэзияның лирикалық «меніне» қарай жасалған үлкен қадам екенінде дау жоқ.
Жыраулық, ақындық толғаулардағы поэтикалық – «меннің», тұтастай алғанда, бүгінгі өреден қарағандағы «біржақтылығы, бүтін құбылысқа, толымды бейнеге айнала қоймаған өзгеше табиғаты, бір жағынан, өз кезеңіндегі көркемдік ойдың даму дәрежесімен түсіндірілсе, екінші жағынан, жоғарыдағы тектес туындылардың жанрлық болмысына байланысты анықталады. Толғаулардың үлкен бір ерекшелігі — кез келген уақытта, кездейсоқ шығарыла бермейтіндігі. Көбінесе, толғаулар «халық тағдырында мәні бар сәттерде, жауынгерлік рухты ояту үшін, үлкен шайқастардың алдында, немесе, мемлекеттік, қоғамдық маңызды мәселелерге, елдікке, ерлікке байланысты толғанған. Мұндай тақырыптық аяда, әлеуметтік сананың осы сипатты өткір тұсында туған шығармаларда, әрине, лирикалық таза «меннің» өріс ашар кеңістігі онша ауқымды бола қоймасы анық.
Толғаудағы тақырыптар, сарындар, ой-идея, көркемдік-бейнелеу құралдары, стилистикалық құрылымдар дәстүрлі болып келетінін, жалпы ақын-импровизатордың поэтикалық ойлау жүйесінің қалыпты үрдіске тәуелді екенін (формульность) зерттеуші Б. Әбілқасымов егжей-тегжейлі жазды. Ал бұл сияқты дәстүрмен аяқ-қолы мықтап шандылған көркемдік «ортада» индивидуальдық «меннің» де көбіне-көп сол дәстүрлі ыңғайда, субъективтік болмысының тек бірер қырымен ғана көрініс табуы заңды. Мұнда, творчестволық тұлғаның өз бейнесінен гөрі, жанрға таңылған «мен» басым. Ақындық «меннің» табиғатын толғау жырларда жеке тұлғаның өз субъективтік мазмұнынан бұрын жанрдың шарттары (идея, сарын, тақырып т. б.) анықтайды. Осы тұста, адам туралы рационалистік конвенция тудырған өнердегі иерархиялық және жанрлық ойлау жүйесіне ұқсас кейбір ерекшеліктер байқалатынын да айта кеткен жөн. Ол ерекшелік: «өмірдің бір-бірімен жапсарлас, қатар жатқан әрқилы аспектілерін әртүрлі жанрлар бейнелейді. Түрлі сападағы стильдердің әрқайсысы болмыстың жасанды түрде оймен саралап бөлінген сфераларына бөлек-бөлек таңылады. Ең алдымен, саяси тұлға мен өзіндік сыр-сезім, оқшау, көңіл-күй иесі — жеке адамның ара-жігі ашылды» ,— дей келіп, Л. Гинзбург, лирикалық жанрлар сол әр сападағы шындық пен әр «таптағы» адамға лайықталып салаланғанын (ода, элегия т. б.), ал әр жанрға творчестволық тұлғаның шын бейнесі емес, алдын-ала берілген, күні-бұрын кесіп-пішіліп қойған «дайын» ақын образы «бекітілетінін» жазады. Толғаудың, халық лирикасының тақырыптық-идеялық, образдық бітіміне қарап, осы белгілердің, белгілі дәрежеде, қазақ жырларына да қатысты екенін айтар едік. Бірақ, тек белгілі дәрежеде. Жыраулар мен ақындардың асқан таланты, эмоциялық өткірлікпен, лирикалық экспрессияның қызғын қуатымен толғаудың өрісі шектеулі жанрлық каноны аясында да айқындығы көз қарықтырған жауынгерлік-рыцарьлық «меннің» едәуір дараланған бейнесін жасай алды деуге болады. Және ол «меңдердің» жыраудың өз тұлғасымен тығыз байланыстылығы дау тудырмайды. Бұл тұрғыда, әсіресе, Махамбет толғауларындағы ақындық «мен» өзінің автобиографиялық, қоғамдық болмысының бүтіндігімен, кейіпкер ретіндегі тұлғасының тұтастығымен көзге түседі. Ал, жалпы «жыраулар адам жан-дүниесін аса терең, жан-жақты суреттеуден гөрі қысқа да шола суреттеуді, сол кездегі оқиғаға байланысты бейнелеуді машық еткен» . Лирикалық толғаулардағы авторлық «меңдерді» зерттеушілердің кей ретте лирикалық кейіпкер деп атауы (М. Мағауин, Б. Әбілқасымов т. б.) қазіргі теориялық түсінік тұрғысынан қарағанда, шартты екені рас. Бірақ, Абай поэзиясындағы бітімі бөлек лирикалық тұлғаға ең жақын келіп тоқтаған да осы «мен». Сондықтан, бұл жерде, шартты түрде лирикалық кейіпкер деудің қисыны мүлде жоқ емес. Әсіресе, өзіміз қазіргі лирика кейіпкерлеріне жараса қоймайды деп, ертерек дәуірлердегі поэзия қойнауына қарай ысырған «лирикалық қаһарман» атауы бұл тұста әжетке әбден жарағалы тұр. Толғау кейіпкерлерінің табиғатына (Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет, Ақтамберді, Махамбет толғауларындағы) олардың асқақ та адуынды, тәкаппар кейпіне, өршіл рухына, қаһарман сөзі лексикалық мәні жөнінен де жақсы орайласады.
Біз фольклор мен индивидуалдық ауыз әдебиеті жанрларының бәріне бірдей тоқтала бермейміз. Өз мақсат, тақырыбымыз орайында толғауға көбірек тоқталған себебіміз —индивидуальдық-авторлық негіздің, субъективтік бастаудың осы жанр туындыларында, оның ішінде, лирикалық, ерлік-батырлық, арнау сипатты кейбір толғауларда неғұрлым айқын арна салғандығынан. Бұл арада ескере кететін және бір жай бар. Толғау дегенде, біз, жоғарыда айттық, тек лирикалық толғауларды (әртүрлі сарындағы), оның ішінде де авторлық «меннің» жеке тұлғасы образ ретінде неғұрлым бедерлірек көрінген нұсқаларын тілге тиек еттік. Ал, жалпы алғанда, толғау — авторы белгілі индивидуальдық поэзия үлгісі бола тура, лирикалық, өлеңнен түбірлі өзгешелік танытатын сипаттары бар жанр. (Бұл жерде, әрине, поэзия, лирика ұғымдары қазіргі әдеби мағынасында қолданылып тұрмағаны түсінікті болса керек).
Сондай-ақ, толғаудағы лиризмнің эпикалық сипатта болатыны, бұл —«адамның жан күйінің оқшау лирикалық, көрініс-бейнесі емес, әлеуметтік-қоғамдық, жайлар төңірегіндегі ақындық толғаныс» екені де шындық. Толғау кейіпкерінің табиғатын айқындауда біз осы пікірлерге де сүйендік.
Толғаудағы «мен», түптегі келгенде, «жеке бастық емес, коллективтік көзқарасты білдіреді. Жырау — өз көңіл-күйі сүзгісінен өткен ой-сезімдердің емес, қоғамдық мүдденің жаршысы. Лирикада жеке бастың сыры алдыңғы орында тұрады» —деп жазды зерттеуші – ғалым А. Исмақова. Бұл пікірге негізінен қол қоя отырып, мына нәрсені айқындай кету керек сияқты. Жырау— қоғамдық мүдденің жаршысы дегенде, ол әлеуметтік мәні бар жағдаяттарды, елдік, ерлік т. б. мәселелерді өзіндік ой көзі, көңіл сарабынан мүлде өткізбейді деген сөз емес. Бірақ соны көркем бейнелеуге келгенде, жанр талабы, дәстүрлі эстетикалық, канондар әсері үстем шығып отырады. Жеке сөзім, ортақсыз оқшау ой жалпы идеяның ортақ мүдденің ыңғайына бағып, дәстүрлі жол, дайын қалыптар арқылы жалпылама өрнек табады. Поэтикалық ойлаудың бұл типі туралы жоғарыда айтқанбыз. Біздің өз көзқарасымызда, бұл тұжырымдар, көбінесе дидактикалық толғауларға тиесілі. Ал, біз субъективтік негізі молдау, лирикалық, «меңге» едәуір кеңістік ашқан лирикалық толғаудың кейбір үлгілерін сөз еттік.
Осы ретте, аз да болса аялдай кетуді қажет ететін бір мәселе — халық лирикасы үлгілеріндегі лирикалық «меннің» жайы. «Тұрмыс-салт өлеңдерінің бір тобы кейіпкердің өз атынан, яғни бірінші жақтан айтылатын өлең түрлерінен тұрады. «Бұлар өзінше бір монолог тектес, лирикалық, герой өз жүрегінің ішкі сырын айтып ақтарылады» — деп жазады Б. Уахатов. Басын ашып айтатын нәрсе, халық жырларындағы «меннің» табиғаты өзінін негізгі сипаты жөнінен бір-бірінен көп ерекшеленбейді. Соның ең бастысы, халық, лирикасындағы «мен» – белгілі авторы жоқтығы тұрғысынан алсақ та, мағынасының жалпылығы жөнінен алсақ та, анонимді субъект. Мәселен, тұрмыс-салт жырларындағы әрбір «меннің» ар жағында нақты, белгілі бір адам (тұлға) емес, сол тұрмыстың қалпын, дәстүр-салттың мазмұнын ұстанған шартты субъект тұр. Сыңсу — жеке бір қыздың жыры емес, жалпы ұзатылған қыз айтар мұң; жоқтау — қаралы жалпының жыры, бесік жыры — жалпы ананың әлдиі т. с. с. Халық лирикасына тон бұл ортақ өзгешелікті қара өлеңдегі «меннің» жаратылыс-пішіміне қарап байыптауға болады.
Қара өлеңде «жеке адамның мұң-сырының, сезім-күйінің тілге тиек болатынын» мақұлдай отырып, осы жанр туралы жеке зерттеу жазған А. Сейдімбеков, қара өлең «көптің мұңын мұңдап, көптің жоғын жоқтайды. Кез келген шумағы ұдайы «мен» деп, жеке адамның атынан айтылып отырғанмен, сол «меннің» аузын ашса, айтар арман-аңсары міндетті түрде көптің талғамымен, көптің мұратымен үндесіп жатады. (...) Ондай өнерді қалаулы өнер, қасиетті өнер десе дегендей ғой» деп тұжырады. Қара өлеңнің зерттеуші айқындаған жоғары- дағы ерекшеліктері қара өлеңнің артықшылығы, «қасиеттілігі» емес — жанрлық мүмкіндігі. Жанрлық өзгешелігі. Шынында, қара өлеңде (сол сияқты, халық лирикасының өзге түрлерінде де) формальды (шартты) «мен» ғана бар. Өйткені бұл «менде» образдық, дербестік, даралық жоқ, жалпылық мән басым. Мұнда, рас, жеке адамның сезім-күйі, көңіл толқыны бар. Бірақ, ол кемел лирикадағыдай жанды процесс, тірі қозғалыс ретінде өрбімейді. Дәлірек айтқанда, сезімдік қалыптың, көңіл-күй сыпатының символдық емеурін, статикалық нобай-нұсқасы ғана бар. Сезімнің суреті емес-констатаңия түрінде берілген белгілі бір бедері бар. Оның өзі, көбінесе, бірден-бірге көшіп, тұрақты «формулалық» (А. Н. Веселовский) қалыпқа түскен сезімдік-образдық мотивтер. «Меннің» дара бітімге көтеріле алмауы да сондықтан. Өз кезегінде, бұл сапа, қасиет — қара өлеңнің кемшілігі емес, өзгермейтін, елеулі әдеби әсерге түсе қоймайтын жанрлық табиғаты деуіміз керек. Оған бір дәлел — тамыры исламға дейінгі дәуірде жатқан, жанрлық болмысы қазақтың қара өлеңіне өте жақын парсы «дойбетиі» осы күні де өзінің сол бастапқы негізінен ауытқымай өмір сүріп келе жатқаны Бастауы ғасырлар қойнауында жатқан қара өлең де күні бүгінге дейін дәстүрдің тірі көзіндей бірге жасасып келеді. Ал, жанрлық табиғаты, түп мәйегі сол өзгермеген қалпында. Лирикалық даму, көркемдік ойдың өресі деген категориямен бұл құбылысты түсіндіре алмасымыз хақ. Біздің де міндетіміз ол емес. Бізді қызықтыратыны — «өзгермейтін» қара өлеңдегі мызғымайтын «мен». Жоғарыда аталған авторлар (Б. Уахатов, А. Сейдімбеков, А. Аминов, А. Шойтов) добейти мен қара өлеңдегі «меңді» кей реттерде «лирикалық кейіпкер» деп атайды. Біздіңше, бұл — негізсіз. Өйткені, жоғарыда айтылды, мұндағы «меңдер» дараланбаған, образ ретінде толықпаған субъектілер. Бұл мен — дара тұлғаның, жеке субъектінің бейнесі емес, жалпылық мәндегі шартты «мен». Өзінің субстанциялдық негізінен ажырамаған, нақтыдан гөрі абстракты, даралықтан гөрі, «әмбебаптығы» басым «мен». Жалпы адамға тән болмыстың, көпшілікке ортақ күйдің жекеге таңылған көрінісі. Лирика дамуындағы «жеке тұлғаның көпшіліктен әлі бөлінбеген, өзін өзі объект етуге, өзін өзі бақылап-зерттеуге жете қоймаған» кезеңінің жемісі. Сондықтан бұл тектес «меңдерді» кейіпкер емес, қаһарман емес, тұлға емес, осылардың әрқайсысына таласы, бой асырам дейтін асылығы (претензия) жоқ, мағынасы жан-жақты, «демократияшыл» лирикалық, «мең» атауымен атасақ, жаңылыс болмайды деп ойлаймыз. Әрине, бұл жердегі «лирика» атауы қазіргі лирика мағынасында емес екені айқын болса керек.
Тамыры терең, дәстүрі берік қазақ поэзиясы Абай көтерілген асқар биікке дейін өзге жұрттық әдеби әсерлерге көп бой алдырмай, негізінен төл үрдісі, өз үлгісімен дамыды. Қазақ ақындарының бұл кезеңге дейінгі көркемдік ең үлкен жетістігі—Абай өрбітіп, классикалық өреге жеткізген реалистік әдебиетке алғышарт жасауы еді. Бұл орайда дәстүрлі ақындар поэзиясының ең көрнекті өкілдері Шал, Дулат, Махамбет, Шортанбай, Сүйімбай сияқты тұлғалардың орны ерекше. Қазақ елінің басына түскен сын-нәубет, күрделі өзгерістер тұсында жыр толғаған олардың қай-қайсысы да замана келбеті, кезең шындығын өнерге өзек, шабытқа тұғыр етті. «Қара қазан, cap баланың» қамы үшін найза ұстаған Махамбеттің өр рухты, асқақ поэзиясы Шортанбай, Дулаттардың тұсында «кер заманның» күйін толғаған, азған адам, бұзылған құлықты сынап-мінеген үмітсіздікке, күйрек саруайымға ұласты. Дәуір қиянатындағы, ел тағдырындағы бұл құбылыстардың объективті себептерін олар қай дәрежеде түсінді — ол өз алдына әңгіме, бірақ қай-қайсысы да әлеуметтік шындықты, көптің мұның, көптің зарын, жұрт көңіліндегі тілек пен мұңды, ыза мен кекті жырлады. Дәстүрлі поэтикадан жырылып шыққан бірді-екілі мысалдар болмаса, сол шындықты, замана мазмұнын бейнелеу жүйесі, негізінен бұрынғы арнада, ақындық поэзияның ауқымында қалды. Аталмыш кезеңдегі қазақ поэзиясы үшін көркемдік. тұрғыдағы кейбір жаңашыл сипаттар, мәселен, Дулат шығармашылығында көрініс тапты. Бұл жаналық ақынның бірен-сараң көңіл-күй, табиғат лирикасына жататын өлеңдеріне қатысты. Дулаттың туған жер, ақындық енер туралы реалистік туындыларында творчестволық тұлға ретіндегі өз бейнесі көрініп, шыншыл өлең жолдарының арасынан қылаңдап, жеке бастың шынайы сезім сырлары өрнек тастайды:
Аққан бұлақ сай-салаң,
Шытырман тоғай айналаң,
Жоның жайлау, кең алаң
Атам қонған кең далам!
Мендей сені қызғанар
Бауырында өскен қай балаң!
Қол қорғаған қызғыштай
Сен десе салам байбалам,
Жайлауыңды көргенде —
Жадыраймын, жайланам.
Өксігіңді ойласам
Ұйқы беріп, қайғы алам!
Мұндағы жеке бастық сезім өрнегі де сол тұстағы қазақ поэзиясы үшін жаңа сапада, реалистік сипатта көрінеді. Дегенмен, Абай шыққан биікке реалистік құнар дайындаған ақынның бұл тараптағы қадамы да дәстүрлі ыңғайдан көп ұзап кете қоймады. Көңіл-күй, сезім өрнегі, табиғат көркі жеке эстетикалық құндылық, көркемдік тұтастыққа айналмай, ақын поэзиясындағы негізгі сарын — әлеуметтік уайымға астар ретінде алынды. Сондықтан, жалпы Абайға дейінгі ақындар поэзиясы үшін, дербес лирика туралы, демек, бүтін тұлғалы лирикалық кейіпкер туралы сөз қозғау әлі ертерек болатын.
Жазба әдебиеттегі сыршыл поэзияның, яғни, әдеби мағынасындағы нағыз лириканың болмыс-табиғаты туралы кемел пікір, толымды түсінікті төл әдебиеттануымызда алғаш негіздеген — Ахмет Байтұрсынов. Лирикаға ол толғау деген балама термин қолдана отырып, «толғау— сөз өнерінің барып тұрған жері», яғни, ең биік шыңы деп баға береді. «Толғау көңілдің көркем сырларын өрнекті сөздермен білдіріп, адамның көрік сезімін күшейтеді. Әдемі толғаудан алатын адамның көрік ләззаты басқа сөздердің бәрінен де артық болады»,— дейді. Айтыс-тартыс (драма) пен толғаудың (лирика) айырмашылығы туралы айта отырып, ғалым, біздің тақырыбымызға қатысты мына бір жайды да тап басып, айқындай кетеді: «Толғау — ақынның ішкі ғаламының, сөзі болғандықтан, мұнда да сөзімен өзін көрсетіп отырады: толғауда ақын қабағын қарс жауып, қайғырып тұрған күйінде де, беті гүл-гүл жайнап қуанып тұрған күйінде де, күйінген күйінде де, тарыққан, зарыққан, жабыққан күйінде де көріп отырмыз. Айтыс-тартыста ол жоқ». Бұл жерде, әңгіме бүгінгі тілмен айтқанда, лирикалық кейіпкер туралы болып отырғаны сөзсіз.
«Әдебиет танытқышта» лирикалық өлеңде шертілетін сырдың шыншыл терең болуы керектігі, сонда ғана ақынның көңіл-күй, ой-сезім әлемі оқырманның жан қазынасына айналатындығы туралы құнды ойлар бар. Лирикада бейнеленетін сезім реңктеріне қарай: сап толғay, марқайыс, налыс, намыстаныс, сұқтаныс, ойламалдау, сөгіс, күліс толғаулар деп неше тапқа бөлуі де шынайы лириканың мазмұндық кеңістігін мейлінше толық сипаттауға деген ұмтылыстың үлгісі.
Міне, адам баласына тән осынау күрделі сезім әлемін, жан-дүниенің тоқсан толғаулы сыры мен шынын замана болмысы, уақыт тынысымен астастыра өріп, оны дара творчестволық тұлғаның өз көзімен парықтаған, өз болмысымен қайнастырып, қайта қорытқан шынайы лирика, қазақ топырағындағы тұрпаты өзгеше алғашқы поэтикалық ғалам — Абай поэзиясы болды.
Бұл поэзияны ақынның ұлы дарыны ғана емес, заманы, уақыты тудырды. Қазақ елінің еңсесін езіп, намысын таптаған ғасырлық отарлаудың объективті бір салдары — төл мәдениетіміздің рухани тұйықтықтан арыла бастауы еді. Өмір талабы, заман ағымы өнерде де бастысы бағдарға алу қажеттігін мойындата бастады. Орыс әдебиеті қазақ, көркем сөзіне өз игілікті әсерін дарыта отырып, батыс мәдениетіне де саңылау ашты. Орыс, Европа әдебиетінің көркемдік кемел сипаттары қазақ , поэзиясының бойына қасиет боп сіңе бастады. Осындай құнарлы өріске бет бұрған қазақ әдебиеті, салыстырмалы түрде аз ғана уақыттың ішінде дүниенің алдыңғы қатарлы әдебиетімен үзеңгі қағысып, бой теңестіріп үлгерді. Осы тектес ерекше құбылыс батыс мәдениетіне бой ұрып, қысқа мерзімде биік өреге жеткен жапон әдебиетінде ғана болды. Және бұл нәтижеге, көзсіз еліктеудің емес, ұлттық дәстүрді сақтай отырып, өзге мәдениет жетістіктерін творчестволықпен игерудің арқасында қол жетті.
Осы феноменальдық құбылыс қазақ әдебиетінде Абайдан басталғаны белгілі. Абай поэзиямыздың бітім-болмысын бүтіндей өзгертіп, дамудың жаңа арнасына салды. Поэзия соны мазмұнға ие болды. Қазақ поэзиясына Абай енгізген жаңалық қыруар. Ол жаңалықтар мынау-мынау еді деп, түстеп, атап, санап алуға болғанмен, Абай поэзиясының қадірі бұл соны сипаттардың жай қосындысымен емес, сол арқылы дүниеге келген поэзияның жаңа сапасымен өлшенбек. Қазақ поэзиясының елгезек құнарына Абай сіңірген дәстүрлер жатырқау көрмей, тамырланып, өсіп, өркен жайды. Тамылжыған табиғат суреттері, аңсарлы сыр мен сезім өрнектері, бұған дейін болмаған тың көркемдік кестелер Абай арқылы кең арна тартып, орыс, европа поэзиясының озық айшықтары қазақ өлеңінің төл қасиетіне айналды. Ұлы ақынның творчестволық қажырының арқасында қазақ лирикасы жаңа болмыс, кемел бітімге ие болды. Қазақ поэзиясына шын мағынасындағы лирикалық тұлға келді.
Абайдың лирикалық Тұлғасы — ақынның дара болмысынан, дербес сана, бүтін дүниетанымынан бөлініп-жарылмаған бірегей-тұтас құбылыс Ол, ең алдымен, «приватты» (интимдік, өзіндік ішкі әлемі шеңберіндегі) субъект, екінші сөзбен айтқанда, метафизикалық бірлік, болмыс. Екіншіден, қоғамдық-әлеуметтік бітім-тұлға, нақты тарихи ортада көрініс тапқан адамдық бейне. Бірақ бұлар лирикалық тұлғаның жеке-жеке сапалары емес, біртұтас болмысы, табиғаты. Өйткені қоғамдық-тарихи жағдаяттар, әлеуметтік мәні бар оқиғалар, ел мұңы, халық тағдыры сияқты үлкен мәселелер ақынның өз тағдырының, өз ғұмыр баянының фактісіне айналған. Қандай келелі мәселені де ақын, сондықтан, өз ойының сарабына салып, өз сезімінің сәулесіне бөлеп, өз көңіл-күйінің ыстық-суық әсерінен өткерін барып бейнелейді. Және сол сарап, сол сәуле, әсер өлеңнің өз мазмұны болып табылуы — хас лириканың ең басты сипаты десек, Абай лирикасының тұлғасы («мені») сол лирикалық мазмұнның сом тұтқасы болып тұрпат түзеді. Жеке адамның басына тән күйініш-сүйініш сезімдері, махаббат, достық, жақсылық-жамандық, өмір мен табиғаттың қилы құбылыстары — бәр-бәрі творчестволық тұлғаның өз жан-дүниесінің сыры болып өріліп, өлеңде лирикалық тұлға бейнесі арқылы көркемдік келісімін табады. Жеке тұлғаның сезімі мен сыры, ой, тілек, арман дүниесі лирикалық «меннің» жан қозғалысы арқылы дара эстетикалық сапа мен құндылыққа ие болуы Абай лирикасынан басталатыны осыдан көрінеді.
Абай лирикасындағы шалқар «меңді» түптеп-түбегейлеп тану — күрделі міндет, арнайы зерттеудің жүгі. Біздің мақсатымыз — бүгінгі поэзиядағы лирикалық, кейіпкердің тек-тамырын тарата отырып, оның өзіндік даму жолындағы оң үлкен белес, бетбұрыс болған Абай поэзиясындағы лирикалық тұлға кескініне көз сала кету ғана. Осы тұста тоқталмай кетуге болмайтын бір жай бар. Қалмақ совет поэзиясындағы лирикалық кейіпкер проблемасын арнайы зерттеген ғалым А. Г. Салдусова «қалмақ совет әдебиетіндегі (20-шы жылдар) ең алғашқы жанрлық формалардың бірі — халық поэзиясы үлгісіндегі жыр (песня) болғанын», және бұл факт «эстетикалық сана дамуындағы қажеттілік, маңызды баспалдақ» екенін айта отырып, бұл құбылыс қазақ , қырғыз, бурят т. б. халықтар әдебиетіне тән еді деп, «жаңа шындықты көркемдік тұрғыда игерудің аталған әдебиеттердегі типологиялық ұқсастығы» туралы пікір түйеді. Ойларын осы арнада өрбіте келіп, зерттеуші бұл жырларда индивидуалдық дербес сана көрінісі бастау алғанын, яғни, аталған әдебиеттердегі лирикалық кейіпкер тарихы солардан, дәл сол кезеңнен басталатынын жазады. Бұл, өзге әдебиеттердің нақты материалына сүйенбей, ой жотамен, әлеуметтік-қоғамдық өресі бір сатыда тұрған халықтардың әдебиеті де дамуы жөнінен деңгейлес, тағдырлас болады деген ұшқары логикамен негізделген жаңсақ пікір. Өте-мөте қазақ әдебиеті үшін бұл тұжырым ат жанаспайтын алыста жатқанын дәлелдеудің де қажеті жоқ. XIX ғасырдағы Абай поэзиясын алға тартсақ та жеткілікті. Ал зерттеуші айтып отырған XX ғасырдың басына келсек (20-шы жылдар), қазақ , әдебиеті бұл кезеңге потенциалдық деңгейі әлемдік өремен шендесер поэзиясымен келді.
Абай негізін салған жаңа типті поэзияның кейінгі ең көрнекті өкілдері Шәкәрім, Сұлтанмахмұт, Мағжан, Беркияз лирикасындағы поэтикалық «мен» өз тұсындағы қоғамдық қалып, замана, дәуір сипатына орай туған әрқилы сарын, көңіл-күй фонында рухани-психологиялық тұрғыда өзгеше бітім, әр ақынның өзіндік дүниетанымы, дарын ерекшеліктеріне сай көркемдік өре танытты. Айталық, Шәкәрім тұлғалаған «мен» субъектінің индивидуалдық, даралығын сақтай отырып, Абай сомдаған тұлғаның рухани тұрғыдағы тікелей жалғасы болып келбет алды. Сұлтанмахмұттың лирикалық кейіпкері әлеуметтік теңсіздікке қарсы батыл үн көтерген, қоғамдағы әділетсіздіктің себебіне үңілген жіті жанарымен, азаматтық темпераментімен ерекшеленсе, сұлулықты, махаббатты тәңірі тұтқан Мағжан кейіпкері — ұлт намысын, елдік дәстүрді, отаршылдық қасіретін бар жанымен сезініп, жеке тағдыры ұлт тағдырымен, өз сыры ұлттық идеямен жіксіз қабысып, бір жаратылыс, бүтін болмыс болып тұтасып кеткен тұлға. Бернияз Күлеевтің сыршыл музасы да сезімге бай, әлеуметшілдігін өз көңіл-күйінің нәзік қозғалыстарымен танытқан өрелі лирикалық, кейіпкердің сындарлы мүсінін алға тартты. Сол тұста әлемдік лирикада тенденция ретінде белең ала бастаған құбылыс — лирикалық, образдың көкжиегін кеңейте түсу әрекеті де қазақ поэзиясында ең алғаш осы аталған классиктеріміздің шығармашылығында көрініс бергенін атап айтуымыз керек. Бұның жарқын мысалы — Сұлтанмахмұттың «Адасқан өмір», «Кедей» лирикалық-философиялық поэмалары дер едік. Бұл поэмалар қазақ жазба әдебиетіндегі лирикалық эпостың ең алғашқы үлгілері деп білеміз. Бұл жанр дүниелік поэзияда — эпикалық материалды лирикалық тәсілмен игеру әрекетінен туған құбылыс. Оның мәнісі — жеке адамды индивидум ретінде эпикалық кеңістікте жан-жақты бейнелеу, қоғамдық күй мен әлеуметтік мұң-мұқтажды сол жеке бастық «меннің» жан драмасы, көңіл сыры арқылы өрнектеу. Сұлтанмахмұт поэмалары, міне, дәл осы тұрпаттағы туындылар. Жоғарыдағы сипаттарына қарап, бұл поэмаларды ұзақ лирикалық «өлең», немесе өлеңдер циклы деп қарастыруға болар еді. «Адасқан өмір» тіпті ақынның өз драмасы, рухани өмірбаянының таңбасы жатқан туынды. Қоғамдық әділетсіздік пен жеке адамның жан қайшылығын ақын өз сырын, рухани өмір тарихын өз аузынан баяндаған лирикалық «меннің» толымды реалистік бейнесі арқылы ашқан. Әлем әдебиетінде У. Уитменнен басталған бұл үрдіс, яғни, лирикалық «меннің» әрекет аясын, жанрлық кеңістігін ұлғайту — Абайдан кейінгі қазақ , поэзиясына енген елеулі жаңалық деп тануымыз дұрыс.
XX ғасырдың күрделі шындығы батыс модернизмінде сан алуан ағымдар, мектептер тудырды. Өнер мен әдебиеттің негізгі предметі — адамды бейнелеу, қоғам, дәуір шындығын адам арқылы көрсету принципі айналасындағы әртүрлі теориялық манифестер, айтыс-тартыстар сол мектептер мен ағымдардың айырмашылығын сипаттайтын күретамыр проблемаға айналды. Бұл тұрғыдағы пікір, көзқарас қамшылығының диапазоны — «Әдебиетті автордың өз «менімен», яғни психологиядан азат етуден» (Ф. Т. Маринетти) бастап ішкі «менге», «жеке адамның шындығына» (Б. Поульсен) ғана бойлауға дейінгі аралықты алып жатты. Италиялық футуризм теоретигі Ф. Т. Маринетти «адам психологиясы түп сарқыла суреттеліп болды, ойын орнына лирикаға жансыз материяның күйі келуі керек» деп металдың, тас пен ағаштың тынысын бағуға шақырса, ультра-мендік манифестер тек өз «Менінің» құпиясына сарсыла үңілген кейіпкерді уағыздады. Батыстағы осынау қым-қиғаш ізденістер фонында біздің бұрынғы Совет Одағы құрамында болған халықтар поэзиясының көркемдік-эстетикалық даму жолы ортақ идеологиялық шеңбер ауқымында бір текті, бір жақты ғана болып көрінуі заңды нәрсе.
Кейінгі қазақ поэзиясында, яғни, өзіміз совет дәуіріндегі әдебиет деп атайтын, жетпіс жылдан астам тарихы бар кезеңде империялық саясат пен коммунистік идеология қыспағында қилы-қилы қияпатқа түскен адам тағдырындай, лирикалық «меннің» де кейіп-пішіні түрлі-түрлі метаморфозаларды бастан кешті. Ол өзінің сыршыл болмысынан ажырап, жалаң ұраншы, үстем идеологияның желғабыз жаршысы, «социалистік Отанның» белсенді патриоты да болды, «коллективен жырын да айтты», «тап жауларын», зиянкестерді әшкереледі, қоғамдағы, ағымдағы әр қилы оқиғаларға үн қосты т. т. Тек үлкен шындықты ғана айтқан жоқ, немесе, айта алмады (20-30 жылдар). Бұл арада шын адасуды, коммунист идеяға шын сеніммен үміт артқан жайларды да жоққа шығаруға болмайды (Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов т. б.). Саясатқа қатыссыз «бейтарап» тақырыптарда ғана шын лириктер ара-тұра аз болмысымен танылып қалып отырды. Сыртқы саяси «қауызын» аршып тастап қарағанда, лириканың таза үлгілері С. Сейфуллин, Б. Майлин, С.Мұқанов, сол тұстағы жас Ә. Тәжібаев, Қ. Аманжолов, Ж. Саин т. б. сияқты ақындарда, әрине болды. Әсіресе, Мағжан поэзиясының әсері күшті болған Тәжібаевтың лирикалық жырларында («Сүйгенім сен», «Толқын, жел» т. б.) болақша тұлғаға айналар «меннің» дидары айқындала бастап еді. Дегенмен, саясатшыл пафосына қарамастан, лирикалық кейіпкері өзіндік сыршыл табиғатын жоғалтпай, тұтас бітім танытқан, аталған кезеңдегі бірден-бір лирик ақын ретінде көзге түсетіні — С. Сейфуллин. Төңкеріске дейінгі лирикасында сол қарсаңдағы әлеуметшіл қазақ жасы бейнесінде көрінген лирикалық «мен», революциядан кейінгі кезеңде бұл төңкерісті — азаттық таңы деп қабылдаған, бұрынғы бұратана елдің бұғауын босатып, кісенін үзген ұлы оқиға деп түсінген, үміті оянып, арманы қанат қаққан жігерлі азаматтың кейпіне еніп, белсенді күрескер, социалистік құрылыс идеясының жаршысы ретінде көрінді. Бірақ, «Сәкеннің лирикалық кейіпкері — жалаң күрестің ғана адамы емес, сонымен бірге адамгершілігі, сыр-сезімі мол ұлы жүрегі бар, адамзатты, өмірді беріле сүйген» жан. Бүгінгі күн тұрғысынан, әрине, бұл кейіпкердің азаматтық тұрғысына, идеялық сеніміне жаңаша баға берілуге тиіс, бірақ, таза эстетикалық таным көзімен қарағанда, жан-дүниесінің дербес тарихымен, өзіндік рухани-саяси келбетімен, жалпы адамзаттық рухани өрістерге ұласар сәттерімен ол, қалай да, лирикалық тұлға санатына көтерілген бейне.
«Лириканың өз парадоксы бар, – деп жазады Л. Гинзбург – Әдебиеттің ең субъективті тегі бола тұрып, жалпылыққа, жан-дүние сырын жалпыға ортақ өреде бейнелеуде оның қай-қай саласынан да артық ұмтылыс танытады». Социализмнің белгілі апологеті Г. Куницынның өзі әдебиеттің таптық, идеологиялық сипаты туралы айта келіп, шынайы лирикалық, кейіпкердің жалпыға бірдейлік, яғни жалпы адамзаттық мән-мағынасы болатынын мойындайды. Сондықтан, жалпы ағымға еріп, айғайға ұран қосқан науқаншыл, «тапшыл» өлеңдердегі «мендердің» бәрін лирикалық кейіпкер санатына қоса бермесек керек. Осы дәуір идеологиясы ұсынған табиғат пен әлемді өзгертер құдірет иесі — жасампаз адам концепциясы, асқақ идеалдарға ұмтылу пафосы қазақ лирикасының да тағдырын талқыға салып, даму қарқынын көп жылдарға бәсеңдетіп кетті.
Қырқыншы-алпысыншы жылдар аралығы қазақ лирикасына Қ. Аманжолов, Ж. Саин, Ә. Тәжібаев, Ғ. Орманов, Ә. Сәрсенбаев, Қ. Шаңғытбаев, С. Мәуленов, Ғ. Қайырбеков, М. Әлімбаев, Т. Бердияров сияқты күрделі дарындарды берді. (Біз бұл арада, негізінен эпикалық; қарымымен қара үзіп шыққан ақындарды тізімге қосқан жоқпыз). Тоталитарлық системаның темір қыспағында лирика қанатын еркін жайып, оның рухани «мені» бар даусымен, жанының күллі жарқылымен толық ашыла алмағанмен, бұл кезеңнің лирикалық даму деңгейі алдыңғы дәуірдегіден өлшеусіз ілгері кетті. Өзінің ішкі әлеміне неғұрлым тереңдей үңілген, сол арқылы дәуір адамының жан-дүниесін, арман-мұратын кеңірек толғай бастаған лирикалық кейіпкер қайта бой көрсетті. Осы құбылысқа қарап-ақ, совет дәуіріндегі қазақ лирикасының даму жолы біркелкі болмағанын, ширек ғасырдан астам уақыттан кейін ғана өзінің сара жолына — жеке адамның ішкі әлеміне үңілген ойшыл, сыршыл қалпына қайта оралғанын көреміз, «Ақын қазір балаша қуанса, көп ұзамай ол күрсініп қалады. Күні ертеңіне сол ақын күйіп-пісіп жатқанын көреміз. (...) Ондай түйсіктермен жазылған жырлардың көбін біз, ғылымша түсіндіргенде, лирикалық геройдың (яғни автордың) өз түйсіктерін ашуы дейміз. Содан соң лирикалық герой түсініктерінің объективтік, субъективтік мағыналары деп философиялық категорияларда сөйлеп кетеміз.
Мұндай «философтар» 1937-1938, 1951-1953 жылдары өте көп шықты. Ондайлар сәл күрсінгеннен пессимизм, өмірге, әлеуметтік құрылысқа наразылық аңғарса, юмор, сатирадан социалистік шындықты мазақтау, соған қарсы әрекет табуға машықтанды» —дегенде, Ә. Тәжібаев қазақ лирикасының тағдырындағы қиын өткелек, қилы кезеңдерді еске алып отыр.
Қазақ поэзиясындағы сапалық күрт өрлеу, жедел кемелдену, негізінен, 60-шы жылдардан басталады. Поэтикалық даму шексіздігінің әр тұсынан бір толқын көтерген қуатты жарылыстар мен дүмпулер кезеңі болып тұратыны белгілі. Алпысыншы жылдар феномені де сол тектес бір «қопарылыс» мезеті еді. Оның тарихи себептері саяси, әлеуметтік-психологиялық дәйекті негіздері бар. Бұл өзі социалистік құрылыс ауқымында демократияның сәл де болса кеңейе түскен, И. Эренбург «жылымық» («оттепель») деп ат қойған кезеңде, жеке адамға, оның жан дүниесі мен рухани ділгірлігіне тереңдей үңілуге шақырған уақыт талабына, қоғамдық сана-сезімнің өрлеуіне тұспа-тұс келген, сонымен тікелей байланысты құбылыс болатын. Жеке бастың қадірі туралы концепцияның қайта жандануы лириканың да кібіртігін жазып, тұсауын шешті.
Р. Нұрғаливтің Ә. Тәжібаев лирикасының қасиеті: «дәстүрлі қазақ өлеңіндегі ішкі ырғақтар, дыбыстық, әуездік, терме кестелерін байыта отырып, Европа лирикасының жақсы үлгілерін нысана ету, қас қағым сәттегі сезім мен мәңгілік шындықты астастыра жырлау, дәуірдің қырағы көзі, заманның лүпілді жүрегі бола білу» — деп түйген пікірін сол тұстағы жалпы қазақ лирикасына да ортақ сипаттама деп тануға болады.
60-шы жылдардағы сапалық серпілісті дайындаған алдыңғы дәуірлер поэзиясының кейінгі өреден жігі ажырайтын ең буынды тұсы — лирикалық кейіпкер метаморфозасында жатыр. Яғни, таза лирикалық даму тұрғысынан қарағанда, осынау сапалық өзгерістер диалектикасы лирикалық кейіпкер тұлғасымен тығыз байланысты дер едік. Екі аралықты жалғап жатқан классиктеріміз бен ірілерімізді, олар салған қуатты көпірлерді көре тұрып, мойындай тұрып, осынау лирикалық феномен рухани білеуліктен дәл сол аталған кезеңде толық арылып, Абай мен Шәкерімнен, Сұлтанмахмұт, Мағжан, Бернияздардан кейін алғаш рет ішін ашты десек, шындықтан алыс кетпейміз. Қ. Мырзалиев: «Кезінде жөнсіз «биіктеп», жосықсыз асқақтап» кеткен қазақ өлеңінің аяғы топырағымызға енді-енді тие бастады» —деп шүкіршілік қылған уақыт осы тұстан басталады. Лирика кенет шешіліп, өз тілімен сөйлей бастады. Дүниеге кәдімгі ет-сүйектен жаралған жанның болмысынан сәулеленген поэзия келді. Ең бастысы — поэзия адамға жақынырақ қоныс теуіп, замандас жүрегіндегі ең аңсарлы пернелерді басып, неғұрлым адамгершіл тілмен сыр айта, шер тарқата, ой толғай келді. Лирикалық, кейіпкер арқылы адам жанының тереңі, қасиет-қуаты пердесіз көрініс тапты. Қазақ лирикасындағы осы жаңа дәуір О. Сүлейменов, Қ. Мырзалиев, Т. Молдағалиев, С. Жиенбаев, М. Мақатаев, Ө. Нұрғалиев, Ж.Нәжімеденов, Т. Айбергенов есімдерімен тығыз байланысты.
Лирикалық кейіпкердің осы аралыққа дейінгі даму кезеңдерінің ең негізгі сипаттары осындай. Біз, әрине, оның әрбір түйінді тұсына тереңдей тоқталып, қазбалай тексерген жоқпыз. Ол — жеке зерттеудің жүгі болмақ.
1993
"Шын жүрек – бір жүрек" кітабынан алынды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.