Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Темірлан Еркінұлы: Ай қарайды теректен......

22.05.2018 5133

Темірлан Еркінұлы: Ай қарайды теректен...

Темірлан Еркінұлы: Ай қарайды теректен... - adebiportal.kz

«Әдебиет порталы» поэзия әлеміне қадам басқан жас қаламгерлерді әрқашан қолдайды. Олар қалың оқырманға танылып жатса, нұр үстіне нұр болары белгілі. Сондықтан Алматы, Астана қалаларынан өзге, шалғайда жүрген шайырларды насихаттауды қолға алған болатынбыз. Бүгін сіздердің назарларыңызға Үржар ауданы, Көкөзек ауылының тумасы, Республикалық «Абай оқуларының» бас жүлдегері, облыстық жыр-мүшәйралардың жеңімпазы, жас ақын Темірлан Еркінұлының өлеңдерін ұсынамыз.

Қыр мойнынан бұлт аймалап,

Шегіртке әнін шырқайды алап.

Ажарланып қасын қаққан,

Күн көзінен нұр тайғанап.

Сылдыр қағып бұлақтарың,

Қайшылайды құлақтарын,

Кілең құлын тамсандырып,

Сар даланың шұнақтарын.

Аспан астын әнге бөлеп,

Би билейді бар көбелек.

Сырнай тартып кербез самал,

Кірді-ау маңға сән керемет!

Жаңа келіп қаз хабары,

Тал-теректер назданады.

Шөп көзіне нұр-шық тұнып,

Көк көзінен жас тамады...

Тас жайқалтып қына-шашын,

Табиғатқа сыр ашасың.

Саумал ауа алқымыңды,

Қытықтайды жұпар шашып.

Желіктірер самалды алға,

Гүлдей сұлу жамал бар ма?

Періштедей нәресте мұң,

Қалықтайды жанарларда!..

***

Ақша бұлт жүзген аспан жақ,

Өзіңде менің назарым.

Қара да қоңыр қасқалдақ,

Шырқап жүргендей Жаз әнін...

Желегін желпіп жас қайың,

Көгімде Күн тұр қалықтап.

Өзгеше бір жыр бастайын,

Шағала – көңіл шалықтап!

Аққұба қыздың көзіндей,

Қарақат, неткен көркем ең!

Ақ армандардың өзіндей,

Аққулар ұшты өлкеден.

Қара торғайлар ән салып,

Жеткендей құстар шалғайдан.

Жібек жал шыңдар тамсанып,

Ақ нұрын түзге таң жайған.

Көркейтіп көктің ажарын,

Ошаған оттай лаулаған.

Тарқамайтындай базарың,

Жаныңды бір күй баураған.

Қиядан келіп ертерек,

Кетпесін көңіл күз қармап.

Бұлалау әнге жел бөлеп,

Бұрала билер қызғалдақ!

***

Қыс па келген мынау өзі, құс па келген жаны аппақ?

Арбалдым ба елеске?..

Сүйрік саусақ ақ қайыңдар ақша санын шапақтап,

Күледі ғой... жел ессе!

Күз бе кеткен қайырылмай, қыз ба кеткен назалы?

Көкдөнен тұр таң асқан.

Әзірейіл боп кеп қалғандай керең құлақ ажалы,

Қабарады қара аспан.

Ақ қар ма екен саулап жатқан, хаттар ма екен... мұң сіңген?

Көзден ұшар... тұрмайық!..

Ақ сағымның арасында біреу жүр ғой күрсінген,

Кім?... Ғайып!..

Жел ме соққан әлсін-әлсін... Ел ме дедім... күбірге,

Елең етіп кенеттен.

Ақшақардың әнін тыңдап құшақ жайдым іңірге,

Ай қарайды... теректен!..

***

Ақ жүзіне нұр құйып ап,

Көз қадайды бақта Айым.

Ақ балтыры бұлтиып ап,

Ырғалады ақ қайың.

Балауса гүл, балғын құрақ,

Бір байыпты саз құшып.

Көше бойы жалбыр құлақ,

Әупілдейді таз күшік.

Гүл бетінен кенет ыршып,

Шықтар қонып құраққа.

Тоқылдақтар шеге тұмсық,

Тық-тық етіп жырақта.

Аспан – үнсіз, тау-дағы – үнсіз,

Тек самал жел ән айтып.

Тарқатады таң дамылсыз,

Ақ жібегін молайтып.

Қысқы күн

Бұлттар түлеп, арындап ұлып боран,

Өзен жүзін кілең мұз құлыптаған.

Ақ өзекті қайыңның иығына,

Қауырсыны бұлттардың тұрыпты орам.

Меңіреу құз телміріп айналаға,

Тыныштықтың әуенін қайталаған...

Ару-сағым билеген ақ аспанда,

Ақ шапаны желбіреп сай-салаға.

Көңілімді тербеген, алып-ұшқан,

Сан ойларым санамда сабылысқан.

Пыр-пыр еткен көк мысық көкшіл үйде,

Жылылықтың қойнына жаны құштар.

Қара күшік қыңсылап, тегеш сүйреп,

Бозаң тартқан барлығы, көмескі үйлер...

Темекісін үрлеген сары ошақтың,

Көк түтіні әуеде елес күймен...

Ызғар есіп боранның ақ жалынан,

Тіршілікке салғандай қаңтар ылаң.

Күн-патша да бұлттарға еніп кеткен,

Сырғып түсіп саф алтын сар тағынан.

***

Пері ме еді мына қыс, мыстан ба еді?

Сызы шарпып жаныңды, қысқан желі.

Көптен бері көрмедім құс дейтінді,

Көптен бері көрмеді құстар мені!

Әй, осылай мейірімсіз қыс өтпек-ті,

Қыз-көктемнің қойнына түзеп бетті.

Ауладағы бұталар жалаңаш тұр,

Долы жел кеп әп-сәтте күзеп кетті!

Көзден ұшып қаншалық қысқарды күн?

Хабар жоқтай алдыңғы құстан бүгін...

Сиқыршыдай дуалап маң даланы,

Танытты-ау қыс тағы да мыстандығын.

Құлақ шалар аулақтан боран үнін,

Сұр төбет жүр күзетіп қораны күн.

Көктем күліп санада, далада – қыс,

Көңілімнің көк көлін орады мұң...

Көгімде де түнеріп қасқа бас Күн,

Бұл Қыспенен бұл күнде басты аразбын.

Алдаспайдан тырнағын жалаңдатып,

Үрей-мұңға билетті-ау аспан астын.

Қара кеште құлазып құла шың да,

Құзғын өрген беткейдің ұрасында.

Кәрі Қыстың қабағы түскендей ме?

Тағы да бір тақапты-ау жыл асуға...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар