Гүлжамал Майлина. Аяулы жолдас, адал жар
Бөлісу:
Осы 15 қараша қазақтың айтулы қаламгері, әңгіме жанрының хас шебері Бейімбет Майлиннің туған күні әрі 130 жылдық мерейтойы. Осыған байланысты жазушының асыл жары Гүлжамал Майлиннің ілгеріде жарық көрген естелігін жариялап отырмыз.
БІРІГІП ТҮТІН ТҮТЕТКЕНДЕ ТҰРМЫСЫМЫЗ ӨТЕ АУЫР БОЛДЫ
Бейімбетке мен 1919 жылы келдім. Бейімбет жалшының баласы да, мен кедейдің қызы едім. Біз бірігіп түтін түтеткенде тұрмысымыз ете ауыр болды. Бейімбет ауылда мұғалім. Тапқаны ішіп-жемнен артпайтын. Сонда да қынжылысын сыртқа шығармай, жарқын кейпімен бәрімізді жадырататын. 1921 жылы ғой деймін. Бейімбеттің балаша қуанғанын алғаш көрдім. «Совнаркомның төрағасы Сәкен Орынборға шақыртыпты», - деді ол менің жүзіме шаттана қарап, бір кеңес сұрап тұрған адамдай. Ол кезде мен қара танымайтын сауатсыз едім. Не айта алам, үндемедім. Мұңайып қалсам керек, Бейімбет әдеттегі мейірімді сөзімен жұбата бастады: «Айналайын, сен ренжіме! Жұмыс деген жұмыс. Орналасып қалсам, көшеміз». Ол балаша еркелетіп, егжей-тегжейін түсіндіріп жатыр. Рас, қыс та тақау еді. «Жылы орыннан қозғалып, бұдан да қиынға тап боламыз ба?» деп қорықтым. Ақылына көніп, бой үйренген ауылда қала бердім. Бейімбет жүріп кетті. Екі-үш айға дейін хабар болмады. Ақыры, қыс ортасына таман бір хат келді-ау, әйтеуір. Ауылдағы хат танитын бір баланы оңаша шығарып алып, оқыттым. Мені жұбатып, небір жылы сөздер жазыпты. Жұмысқа тұрып қалғанын айтып, «жаз шыға келем» депті... Біздің тұрмысымыз ауырлап кетіп еді. Бейімбеттің әке-шешесі Мұқамжар деген байға жалшылықта жүріп өмірлерін өткізген, амалсыздан мен де соған жалға тұрдым. Келесі жазда Бейімбет келді. Әдепкіде оған көрінуге ұялдым. Киімім өрім-өрім, үсті-басым сауыс-сауыс. Бейімбет тығылып отырған жерімнен іздеп тауып алды. «Ойпырмай, не боп кеткенсің?!» деп шошып кетті. Мен ұялғаннан ба, еңіреп жылай бердім. Ол қолымнан жетелеп үйге кіргізді де, алдыма неше түрлі киімдерді үйіп тастады. «Мына жаңа киімдерді ки», - деді. Мен киініп болғаннан кейін ескі шоқпыттың бәрін қазандыққа тығып өртеп жіберді. «Міне, біздің алқымымыздан алған қырсық күл боп жанып кетті. Енді бақытты өмір сүреміз», - деді толқи тұрып. Расында да, бізді тұралатқан қырсық сол күні-ақ күлге айналған еді. Бейімбетке «Ауыл» газетін шығару тапсырылып, Қостанайға келдік. Менің жаңа өмірім басталды. Бейімбет маған тәрбие беріп, өзі оқытты.
КӨБІНЕ ТҮНДЕ ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН
Бейімбет көп сөйлемейтін, көп күлмейтін жан еді. Ал бір күлсе, көзінен жас аққанша күлетін. Өзі аз сөйлейтін Бейімбеттің жұрттың не сөйлеп, не қойғанымен де жұмысы болмайтын еді. Оның бұл әдеті жазу жазып отырған кезінде көп байқалатын. Балалар шулап кеткен кезінде мен «Әкелерің жұмыс істесін» деп ұрысып, қуалап жүрсем (үйде 8 бала бар еді, бесеуі – өзіміздікі, үшеуін асырап алғанбыз), «Қоя берші, жүре берсін, ештеңе етпейді» деп тигіздіртпейтін.
Бейімбет өзі жұмыс істеген кезінде тау құлап жатса да көңіл бөлмейтін. Үйде отырған кісілермен әңгімелесіп отырып та, ойына өлең не әңгіме түсіп кетсе, орнынан тұрып кетіп, оңаша барып жаза қоятын.
Кейде жазар алдында - алдында тұрған үстелге екі шынтағын тірей төне отырып, жауар бұлттай түнеріп алатын. Ол кезде оның екі қолы тыным таппайды: қалың біткен қара шашын ширатумен болады. Ширатыла- ширатыла күш алған қуатты шаштары бір кезде күдірейіп тік тұрып кететін. Дәл осы тұста барып әуреге түсіп жатқан екі қолдың біреуін босатып алып, жазып кететін де, қалған сол қолымен шаш ширатуын әрі қарай соза беретін.
Бейімбет алғашқы кезінде уақыт таңдамайтын, кейінгі кезде, әлде уақыты болмағасын ба, көбіне түнде жұмыс істейтін. Бір күні, түн ортасы ауған шақ болуы керек, әйтеуір, қатты ұйықтап жатыр екенмін. «Күлжамал, Күлжамал, тұршы»,- деген дауыстан ояндым. Әлде шошып кеттім бе, әлде кейіп ояндым ба, білмеймін, даусым қаттырақ шығып кеткен екен. «Ештеңе емес, ештеңе емес» деп сасқалақтап тұрған Бейімбетке көзім түсті. Әбден өзіме-өзім келген соң, «ал не дейсің?» десем, «осы татарлар күрішті не дейтін еді?» дегені ғой. Ашуланған мен «дүгі дейді» дедім де, жатып қалдым. Мұның бәрін еркеліктен жасайтындығымды кейін ұқтым ғой. Ашуды да, еркелікті де көтеретін адамың болса жасайды екенсің...
Бейімбет өзінің жазған-сызғандарына ұқыпты еді. Мені де сол ұқыптылыққа үйретті. Бетіне бір сөз жазылған қағаз болса, «тастама, алып қой» дейтін. Өмірінің соңғы жылдары Бейімбет өте көп жазды. Тіпті белгілі тәртіп бойынша жұмыс істеп жүргендей. Әлі күнге көз алдымнан кетпейді: ол таңертеңгі онда тұрады. Тамақтанып алады да, жұмысына кетеді. Сағат төртте қайтып оралады. Аз тынығып тамақтанады (Бейімбет тамақтан етті, сусыннан шайды аса жақтырушы еді). Шай ішкенде аузына не қант, не кәмпит салмайтын. Ара-арасында шылымын бір сорып қойып, шайды әбден қанғанша ішетін. Бұл екі ортада жазуын да жаза отыратын. Біз ұйқыға жатқанда ол жазуына отыратын. Содан таң атқанша жұмыс істейді. Ерте жатып, ерте оянған біз, шаршап жатқан оны оятып алмайық деп аяғымыздың ұшымен басып жүреміз. Балаларды да солай тәрбиеледім.
ДҮНИЕМЕН, ҮЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫМЕН ОНША ІСІ БОЛМАУШЫ ЕДІ
Бейімбет көпшіл еді. Қонақ келгенді жақтыратын. Бірақ қонақты қалай күтудің есебін таппай, ауыз үйге шығып, менен көмек сұрайтын: «Сен менен гөрі ашық-жарқындаусың ғой. Қонақтарға барып әзіл айтып, сөйлеп, күлдіріп, ішкіліктерін алдырып қойшы» деп жалынатын.
Ол кімнің қандай адам екенін бір көргеннен тани кететін. Өзіміз оңаша қалған соң, «мынау мынадай, анау анадай» деп айтып отыратын. Мен: «Қойшы, әулиесінбей, мүмкін ондай емес шығар. Бір көргеннен кім сырын білдіре қояды?» десем, дауласпай, «Көресің ғой әлі» дей салатын. Шынында да, кейін Бейімбеттің айтқаны рас болып шығатын.
Бейімбеттің дүниемен, үй шаруашылығымен онша ісі болмаушы еді. Үйде ақша таусылып қалса да, «ей, ертең-ақ ақша аламыз ғой» деп мені жұбатып жүретін. Ренжу дегенді білмеуші еді. Пәтер іздеу, базар бару менің еншім болатын. Бір күні соғым сатып алайын деп базарға барсам, Сәкен Сейфуллин де сонда жүр екен. Сәкен бір тай сатып алды да, мен жылқы алдым. Сонда Сәкеннің: «Неге базарға Бейімбетті жібермейсің? Шаршап қалады деп жүрсің бе? Үйінде еркегі жоқ адам құсап», - деп ұрыспасы бар ма? Үйге келген соң Бейімбетке тиістім. Әншейінде тіл қатпайтын Бейімбет ұрыссын-ай келіп менімен. Ұрыс әбден қызған кезінде «болды-болды, енді қалғанының керегі жоқ» деп жазуға отырды. Мен аң-таңмын. Түк болмағандай, түк көрмегендей болып ол отыр. Сөйтсем, жазып жатқан шығармасының бір жеріне ұрысқан әйелдің сөзі керек болған екен. Не жазарын білмей, сансырап отырған Бейімбет менің базардан әкелген ашуымды соған пайдаланыпты. Сөйлей түссін деген оймен маған теріс айыптар тағып, босқа кінәлап, біраз қыздырмалатып алған түрі екен. Жазықсыз күйген мен біраз қызып алсам керек, ішек-сілесі қатқан Бейімбет артынан жұбатып алып жатыр-ау. Мұндай бақытты күндер де өтті ғой басымыздан.
Әйелін қызғану, не болса соған ұрысып-тырысу сияқты ұсақ-түйектер Бейімбеттің басында болмайтын.
Қонаққа, демалыс үйлеріне барған кездерімізде біз әзіл-қалжың айтып, ойнап-күліп жатсақ (ол кезде бәріміз жаспыз ғой), ол көбіне биллиард ойнайтын. Екеуара жүз жыртысу, түс шайысу деген болған емес бізде...
БЕЙІМБЕТ ҰСТАЛЫП, БАСЫМЫЗҒА ҚАРА КҮН ТУДЫ
Елдің есін шығарған ауыр жылдар келді. Бейімбет ұсталып, басымызға қара күн туды. Сондағы қолыма бірінші алған жұмысым: Бейімбеттің кітап, қағаздарын жинастыру болды. Ондағы ойым: ертең Бейімбет қайтып келіп, «анауым қайда, мынауым қайда?» деп сұрай қалса, ұялып қалмайын деп жүрмін.
1938 жылдың алғашқы айлары. Көп сұранып жүріп, Бейімбетпен жолығысуға рұқсат алдым. Сондағы маған айтқаны: «Қолжазбаны шашау шығарма. Реттеп, шкафқа сал да, кілтін өзің ал. Түбінде саған керек болады», - деді. Айтқанын істеуін істеп едім-ау, қайтейін, кейін айырылып қалдым. Осы күні ойлап отырсам, Бейімбеттің «түбінде саған керек болады» деген сөзінде көп мән жатыр екен ғой. «Істің бұлай кете беруі мүмкін емес, ерте ме, кеш пе, жазықсыз кеткен біздердің атымыз ардақталып аталатын күн туады. Не жазып, не қойғанымызды жұрт сұрайды әлі. Қолжазбалар сонда саған керек болады» дегені екен ғой. Бірақ ол кезде мұның бәрін кім білген?!
Міне, Бейімбет айтқан сол күн туды.
“Аңыз адам” журналынан
Бөлісу: