Әлия Бөпежанова: Жаңа идеялар мен өзгерістер заманы
Бөлісу:
Қоғамды құндылықтар билейді. Қандай құндылықты негізгі орынға қойсаңыз, оны ақпарат арқылы үздіксіз дәріптеп, трендтен түсірмесеңіз, тұтас қоғам сол құндылықтардың жетегінде кетеді. Жаңа идеялар мен тың көзқарастар, тосын ойлар мен мәдени мәйекті өзек еткен жобалар жалпы қоғамға өтімді құндылықтардың тасасында қалады. Нені көп дәріптесеңіз, қоғамыңыз да соның тұтқынына айналады. Біз белгілі сыншы, мәдени сарапшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежановамен қоғамдағы мәдени сұхбаттастықтың маңызы туралы әңгімелескен едік.
Мені «Өнердің жаңа философиясы» қызықтырды
– 2000-жылдардың басында «Қазақ әдебиеті» газетінде ақын, философ, эстет қаламгер, марқұм Әуезхан Қодармен өзара диалогыңыз, бүгінгі заман әдебиеті, оның ішінде постмодернистік мәтін туралы кең көлемді пікір алмасуларыңыз жарияланғанын білемін. Мен оны кейін, студент кезімде оқыдым. Бір қызығы, сол сұхбаттарыңыз резонанс тудырыпты. Сол газетте көп өтпей қарсы мақала, пікір топтамасы басылыпты. Постмодернистік әдебиеттің бағыт-бағдарын, оның әлемге ықпалын және қазақ әдебиетінің де одан қалыс қала алмайтынын, керісінше көркемдік тәжірибе тұрғысынан пайдалы екенін пайымдаған ой-толғамдарыңыз (жай сұхбат емес деп ойлаймын) ол қаламгерлерге неге ұнамады?
– Кеңестік кезеңде біздер негізінен бәрі реттелген моноқоғамда өмір кештік. Бұл сырттай қарағанда қоғамға саяси-идеологиялық тұрғыдан әлдебір тұрақтылық, ал адамдарға ментальдық тұрғыдан әлдебір жайлылық беретін, ал шын мәнісінде ұлттық тарихи сана теңдік алу жолында небір перипетияларды бастан кеше отырып, тәуелсіздік келгенде қоғамда шын мәнісіндегі саналы да бейсаналы трансформация басталды – ұлттық мақсат-мұраттар ашық түрде алдыңғы планға шықты. Сонымен қатар сол 90-жылдардан бастап идеологиялық, эстетикалық парадигмалардағы өзгерістер аясында гуманитарлық салаларда пәнаралық зерттеулердің маңызы артып, рухани салаларда да небір ізденістер жүрді. Бұл тұста атап айтарлығы – мәдениеттанудың жеке ғылым ретіндегі маңызы артты. С.Темірбековтің, Т.Ғабитовтың, Б.Нұржановтың, В.Тимошиновтың оқулықтары, өзге де мәдениеттанушылық кітаптар, сөздіктер жарық көрді. Бұрын негізінен орыс тілділеу философия, оның ішінде мәдениеттің заңдылықтары мен құрылымын зерттейтін мәдениеттану жеке ғылым ретінде қалыптасып, қазақ әдебиетіне мойын бұра бастауы әдеби ортаның да қызығушылығын тудырды. 90-жылдардың орта шенінде ашық та еркін, сондықтан да қызғылықты да беделді мінбер болған «Заман-Қазақстан» апталық газетінде Жақан Молдабеков, Тұрсын Ғабитов, Қанат Нұрланова, Бекет Нұржанов, Әлмира Наурызбаева, тағы басқа ғалымдардың қоғамның мәдени-рухани сұранысына жауап беретін мақала, сұхбаттары жарияланып тұрды. «Заман-Қазақстаннан» кейін бірер жыл «Ана тілі» мен «Жас Алаш», одан кейін жеті-сегіз жылдай тәуелсіз апталық «Алтын Орда», «Жас қазақ» газеттері еркін ой мінбері болды. Ал ақын, аудармашы, мәдениеттанушы Әуезхан Қодардың әдеби-мәдени дамуды белгілі бір заңдылықтар жүйесі ретінде қарастырып, әлем әдебиетімен салыстыра еркін де қызғылықты талдауларын негізінен тәуелсіз басылымдардан оқуға болар еді. Ол кезде «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет ететін мен ақын, мәдениеттанушымен жалпы қоғамдық-рухани ситуацияны әдебиет жазықтығында қарастыру мақсатында «Біз қайда барамыз?» деген тақырыпта сұхбаттасқанмын. Өкінішке орай, сұхбатымызды әдеби апталық жарияламаған соң, сол кезде қызметтес болған марқұм Жұмабай (Шаштайұлы) оқып шығып, жақсы пікірін білдіріп, «Парасат» журналына ұсынған, көп ұзамай жарық көріп (№4, 1996), едәуір резонанс тудырды.
Көркем мәдениет, өмiрдiң өзi сияқты, үнемi дамып отыратын процесс екенiн қашанда назарда ұстар болсақ, ғасыр тоғысындағы қазақ әдебиетiнде, жалпы өнерде көркемдiк-эстетикалық iзденiстер қарқынды жүрді, өзгеше жазу дағдысы белең ала бастады. Сондықтан да мәдени-философиялық кеңiстiкте ой таратып көрудің маңыздылығы туды. Әуезхан екеуміздің келесі, өзің айтып отырған «Өнер – өмір, өнер – көркем текст немесе таным тайталастары» сұхбатымыз осы бағытта өрбіді («Қазақ әдебиеті» 21.07.2000). Онда ХХ ғасыр гуманитарлық мәдениетiндегi шешушi ұғымдардың бiрi – өнердің жаңа философиясы, яғни көркем шығарманы көркем мәтін орайында қарастыру; батыс әдебиеті әлдеқашан өткен, орыс әдебиетінде ғасырлар тоғысында апогейіне жеткен постмодернизм; әлемдiк мәдениет, әдебиеттiң даму жолынан ешкiм шет қала алмайтындықтан, қазақ әдебиетінің де заманауи жазу, яғни жаңаша стратегияларды қабылдау немесе жатсыну мәселелері сөз болған еді. Сұхбат үлкен резонанс тудырды. Қызыға ой-пікір қосып, хабарласқандар көп болды, сонымен қатар сұхбаттағы ой-тұжырымдарға, әсіресе, постмодернизмге байланысты ойларға қарсылар да аз емес екен. Өйткені тез арада, апталықтың келесі санында бір ақын, екі сыншының мақалалары «жарқ ете қалды».
Жалпы, әр кезеңнің бір қызғылықты идеялары болады. Сол кезеңде мен үшін «өнердің жаңа философиясы» өте қызық тақырып еді. Бұрындары да бір айтқан едім: мұндай әңгіме қазіргі қазақ әдебиетінде және «Қазақ әдебиетінде» көтерілуі, зерделенуі аса қажет деп білдім. Әңгімені көрнекті мәдениетанушы-философ Мұрат Әуезовпен сұхбаттан бастамақ едім, ол кісі жұмыс бабымен шетелге іссапарларға жиі шығып, орайы бір келмей-ақ қойған, сонсоң өзімді толғантатын мәселелер төңірегінде Әуезханмен ой бөліскен едім. Мүмкін артық-кем кей тұстары бар шығар, дей тұрғанда рухани кеңістігіміз үшін жаңа әңгімелер айтылған көкейкесті сұхбат болды, әдеби ортада қатты резонанс тудырды. Бірақ өзің айтпақшы, өкінішке орай, жалғасын таппады. Өйткені Әуезхан екеуміздің ой-пікірлерімізге, тақырыпқа бұрып айтқанда «жаңа өнер философиясына» «оппонент» болған әріптестеріміз әңгіменің предметіне ден қоймады.
Біздің сұхбаттың тақырыбы айқындап тұрғандай, танымдағы тайталастар заңды болғандықтан, олардың өнер туралы этникалық дискурсты танымдарына, әрине, құрмет, алайда ол азаматтардың постмодернизммен барынша «жауласуы», тіпті кеңестік идеологиялық сынның 60-жылдарындағы кертартпа тұжырымдарын қалқан етуі, сыпайылап айтқанда, таңданыс тудырды... Жалпы, бұрынғы идеологиялық тіреуіштері сынған қоғам тәуелсіздік эйфориясында жүрген сол кезеңде көзқарастар, кейде мүдделер қақтығыстары да қатты жүрді және бұл, әсіресе, республикалық мерзімді баспасөзде әртүрлі формада көрінді, өздерін ұлттық мүдделердің, біздің жағдайда әдебиеттің қорғаушысы сезінетіндердің оппонентінің жеке басына, азаматтық намысына тиісу жағдайлары да жиі кездесетін...
Бағамдап қарағанда, кейіндері бір мақалаларда жазылғандай, дәстүрлі әдебиеттің (біздің ұғымымызда таза реалистік әдебиеттің) күні өтті деген сөзді сол кезде аға буыннан да, әдебиетке еркін кезде еркін енген жас буыннан да айтқан ешкім жоқ-ты, өйткені дәстүрлі әдебиет – «Өнер – Өмір» (өмірдің көркем бейнесі – мимесис) және заманауи әдебиет – «Өнер – Өнер (жаңа шындықтар жасайтын Көркем Текст) конструкциясында қатар, бір-бірін байыта күн кешу заңдылығын ешкім жоққа шығара алмас. Мәселе көркем текст дәстүрлі әдебиеттану ұғымындағыдан өзгеше сипат алатын жаңа болмыс, болмыстар екені туралы ғана еді.
1929 жылы Мұхтар Әуезов Мағжанды өз заманынан озық туған, ілгерілеп кеткен, сөзі келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын ақын деп жоғары бағалай келіп, «Әдебиет әдебиет үшін» деген таңба айқын болмай, нәрлі әдебиет болуға жол жоқ» деп жазды. Яғни, жас Әуезовше, нәрлі әдебиет «Өнер өнер үшін» танымында орнығуы тиіс. Меніңше, қазақ әдебиеті үшін де «Өнер – көркем текст» танымының бастау көзі, бәлкім, ХХ ғасырдың басындағы «Өнер – Өнер үшін» постулатында. Ал бұл постулат өнердің қай кезде де ішкі өз заңдылықтарымен дамуының кепіліндей...
Озық идеяларға ашық адам мақсатына жетеді
– Біз зияткер тұлғалардың қадірін кеш білетін халық секілдіміз. Айталық, осы Әуезхан Қодар ағамыздың потенциалын дұрыс бағытта пайдалана алмағандаймыз. Асқар Сүлейменов, Едіге Тұрсынов, Таласбек Әсемқұлов, Әмірхан Балқыбек күні кеше өмірден өткен Мұрат Әуезов секілді танымы мен білімі терең зерделі тұлғаларды әдеби-мәдени орта жатсына, кейде жақтырмай қарағандай көрінеді. Зиялы қауым аталатын ортада «өзгеше ойлайтындарға» қарсы психологиялық синдром қайдан келген?
– Зияткер тұлғалардың қоғамдағы орны қашан да жоғары. Өйткені олардың саяси-әлеуметтік, мәдени-тарихи тұрғылардан қоғамдық құбылыстарды терең талдайтын қабілеттері маңызды. Философтардың пікірінше, зияткер қауымның идеялары, зерттеулері кең талқылауларға және әдетте, көпшілік арасына кең тарайтын һәм идеологиялық жобалардың қалыптасуына әсер ететін жаңа танымдар мен мағыналарға негіз бола алады. Өзің атап өткен тұлғалардың ішінде аға буынның жазу, ізденіс, зерттеу аялары ауқымды болғаны белгілі. Идеялары мен еңбектері ой қозғалысына, рухани ізденістердің жандануына әсер еткен олардың айтып-жазғандары әдеттегі дискурстан бөлектеу еді.
Асқар Сүлейменов әдеби ортада өткір ойлары, ерекше шешендігімен және көркем шығарма қандай болуы керектігі туралы небір дискуссия тудырған мақалаларымен көзге түсіп жүріп, атақты «Бесатарын» жазады. 1970 жылы жарық көрісімен Ғабит Мүсірепов повесті жоғары бағалаған мақаласы шығады. Оқырман жұртшылық бұл бір ерекше шығарма екенін түйсінген, алайда қазақ прозасына көркемдік-эстетикалық жаңалықтар әкелген, ұлттың қасіреті сана ағымы, кейіпкер Сәруардың болмысының екіге емес, үшке жарылуы, оқиғалардың бір тәулік ішінде өтуі, т.б. көркемдік тәсілдерге құндақталып берілген повестегі түпидея мен мән-мағына арада отыз-қырық жыл өткен соң ғана тәуелсіз елдегі тәуелсіз сананың (сыншылар, тарихшылар, мәдениеттанушылар, әлеуметтанушылар) шынайы таным-талдауларынан өтті. (Жалпы, Асқар Сүлейменов шығармашылығы тұтастай қарастыра зерделеу сәтін күтулі).
Мұрат Әуезовтің сонау 70-жылдары жарық көрген «Времен, связующая нить» атты алғашқы кітабында Ясперстің адамзат дамуының екі жарым мың жылдық тарихын қамтитын «Осьтік уақыт» тұжырымдамасында орын табылмаған көшпелілердің түп тамырын іздеуі, Гильгемаш пен Энкиду достығына, отырықшы мен көшпелілер өркениетінің байланыстарына; әлемдік діндердің пайда болуына барлау жасауы үлкен жаңалық болатын. Сондай-ақ дала ілімін ауыз әдебиетін, эпостары мен аңыздарын, салт-дәстүрлерін зерттеу арқылы танытқан көрнекті фольклортанушы ғалым, этнограф Едіге Тұрсынов еңбектерінің ұлттық және әлемдік ғылыми кеңістіктегі тарихи-мәдени маңызы үлкен еді. Жаңа парадигмалы бұл идеялар, зерттеулер сол кездегі әдеби-мәдени орта үшін соншалықты маңызды бола қоймаған сыңайлы. Көрнекті ақын Олжас Сүлейменовтің кезінде үлкен идеологиялық шу тудырған «АЗ и Я», кейінгі «Атамзаманғы түркілер», «Жазу тілі» және «Мың бір сөз» атты іргелі еңбектері де қазақы ортада елеусіз қалды. Мұндай әңгімелерге орта дайын болмады ма, әлде бұл еңбектердің орыс тілінде жазылғандығына қазақы ортаның бейсаналы түрде әлдебір қарсылығы ма – тап басып айту қиын. Кейде тіпті О.Сүлейменовті «қазақтың ақыны емес» деген сыңайда айтылатын желсөздер де осы бейсана да соқыр қарсылықтың көрінісі...
Ә.Қодар, Т.Әсемқұлов пен Ә.Балқыбек тәуелсіздік кезең әдебиетінің өкілдері. Шартты түрде алғанда Әуезхан шығыс – батыс мәдениеттанушылық, Таласбек қазақтану, Әмірхан түркілік бастаулар дискурстарында тыныстағанымен ізденіс аялары кең, оқырманына жаңа білім ұсынған санаткерлер еді. Әуезхан – әдебиетіміздің, қазақ мәдениеттануының аясын кеңейткен, жаңа идеяларды генерациялаған және өте қарекетшіл тұлға болатын. Жырлары мен мақала-эсселерін орысша жазды, кейін қазақша да жазатын болды. Көшпелілер поэзиясын, Абайды, Мағжанды орыс тіліне, ал «Мәдени мұра» бағдарламасында постмодернистер томын, өзге де философтар еңбектерін ана тілімізге аударды. Орыс мектептері үшін қазақ әдебиеті оқулығын жазды. Денсаулығына қарамастан рухани қажыры мықты азамат қазақ және орыс тілдерінде «Тамыр» атты журнал шығарып, философия мен мәдениеттанудағы жаңа көзқарастарды пайымдау, ұлттық материалды саралау жағын өркениеттiк деңгейге көтеру, аударма өнерi арқылы әлемдiк мәдениеттегi жаңа талпыныстарды қазақ топырағына сiңiру мақсатында көп еңбектенді (жалпы, ғасырлар тоғысында басқа да екі тілді қызғылықты журналдар шығып тұрды.) Қазақ әдебиетінің тарихы мен бүгінін жақсы білетін оның әлем әдебиетімен тең дәрежеде талдайтын эсселері мен мақалалары, жаңаны тани білуі, сергектігі, ұлтына қарамастан айналасына ізгі білімді жастарды топтастырып, жолдарын ашу таланты тәнті ететін. Әуезхан еңбектерінің кейінгі жас буынға берер рухани азығы мол.
Біздің мысалдарда байқалып отырғандай, негізгі мәселе – тілге тірелген жағдайлар аз емес. Бірақ орыс тілінде жазғанымен жаны қазақ, ұлтқа қызмет етумен қатар әлемдік өркениеттер сұхбаттастығында тең түскен, түсе алатын басқа да замандастарымыз болды, қазір де баршылық. Ал бұл тұлғаларға қайта оралып отыруымыздың себебі – әрқайсысы өз деңгейінде жаңа идея, жаңа мазмұн, формаларды генерациялағанында. Күні кеше дүние кешкен Мұрат аға Әуезов көптің ортасында қарапайым қалпында жүріп-ақ тындырған еңбегі қаншалықты мол десеңізші! Оның зиялы мемлекетшілігі, ұлтжандылығы, нұрлы білімі мен кіршіксіз адамгершілігі, ұлы гуманистігі қай-қайсымыздың да ұмтылар биігіміз.
Т.Әсемқұлов пен Ә.Балқыбекті әдеби-мәдени орта жатсынды деп айта алмаймын. Керісінше, Таласбек те, Әмірхан да әдеби-мәдени үдерістің бел ортасында болды. Таласбектің тынысы тәуелсіздік жылдарында ашылды. Оның көлемді мақалалары «Алтын Орда» апталығында, кейініректе «Алматы ақшамы» газетінде үзбей жарияланып, кейде тым субъективті пікірлер кездесетін мақалаларына дейін резонанс тудырып отырды. Оның баламалы тарих туралы мақалалары өз алдына, көркем шығарма талдауда өзіндік әдістемелері болды. Үлкен білім иесі, данаға да, балаға да түсінікті етіп жазатын Таласбек ойламаған тұстан жаңа мағыналар тудыратын таланты бар еді. Прозашы, сыншы, күй, ән өнерінің, салт-дәстүрдің білгірі, керемет өнертанушылығы өз алдына, өмірінің соңғы кезеңінде киносценаршылықпен айналысты. «Біржан сал», «Құнанбай» фильмдерінің халық көңілінен шығуында сценаршы Таласбектің де үлкен үлесі бар.
Әмірхан да жан-жақты тұлға, өз буынының көшбастары, өзінің жастығына қарамай жастарға ұстаз болды. Оның рухты жырлары, аңыздық сана, түркілік болмыс бағытындағы ізденістері жинақталған «Қасқыр Құдай болған кез» жинағы поэзия мен сынның ғана емес, қазақ мәдениеттануын да құнарландырып, көкжиегін кеңейтті. Әмірхан өзі республикалық баспасөзде қызмет етті, жаңашыл идеяларымен танымал, жастардың арасындағы дуалы ауыздардың бірі болды. Кейде, өзің айтпақшы, қоғамда «өзгеше ойлайтындарға» іштей бір қарсылық, кейде жақтыртпаушылық синдромы болатыны жасырын емес. Адам баласы бейкемел ғой. Бұл түптеп келгенде – өзгеше ойға, идеяға, керек десеңіз, жаңаға деген қарсылық, өзіне деген сенімсіздік болса керек. Өз тіліне оралғандар саны жылдан-жылға көбейе береді. Олармен еркін араласу, сұхбаттастық керек. Жақсыны рухани айналымға түсіруде зиялы орта, дәстүрлі және заманауи ақпарат құралдары елеулі рөл атқара алар еді. Қазақ айтады ғой, «жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше...». Өзгенің озық идеялары мен көзқарастарына ашық болған адам жаңа, игі мақсаттарына қол жеткізе алады.
Қоғам мәдени сұхбаттастық арқылы дамиды
– Қоғам мәдени сұхбаттар арқылы дамиды. Қоғамның барлық жүйесінде, әртүрлі әлеуметтік топтарда мәдени сұхбаттар жүрмесе, тұлғаның қалыптасуы, интеллектуал ортаның пайда болуы мүмкін емес. Өнерде оқшаулану, тұйықталу, өзгеше таным иелерін «маргиналдар» деп қарастыру қоғамдық жүйені іштен ірітеді. Өз басым, әдебиет мәдени сұхбат құратын ең жақсы алаң деп ойлаймын. Қазақ әдебиеті немесе қазақтілді әдебиет күллі қазақстандық, барлық ұлыс өкілдеріне ортақ мәдени сұхбат құратын деңгейге неге көтеріле алмай отыр? Басқаша айтсақ, еліміздегі өзге ұлттарға бүгінгі әдебиетіміздің мәдени ықпалы немесе мәдени сұхбаты неге жетпей жатыр?
– Өте орынды айтып отырсың – қоғам мәдени сұхбаттастық арқылы дамиды. Ұлтты сүю – асыл қасиет. Сонымен қатар үлкен жауапкершілік; оның дүние-әлем құрылымынан өз орнын алуы үшін дүниежүзілік рухани игіліктерді өз үлесімен қордаландыра түсу; өзгелермен иық тірестіре отырып саралау, ой қорыту. Ал біздің жағдайда стратегия бір болғанмен, тактикалары бөлек зияткерлік алаңдарды байқамау мүмкін емес. Бәлкім, біздің санада ғасырлар бойғы отарланудан қалған қорқыныш бар, өзін-өзі қорғау синдромы шамалы өзге ойлыны шеттету немесе іштей жау көруі осыдан болар. Тарихты, өткеніңді кең аяда, әлемдік кең контексте қарастыру – қандай да әсірешілдерді кембағалдық, кінәліні іздеу синдромынан арылтады деген ойдамын.
Сұхбаттастық – қоғамды өсіру, ортақ мақсат, ортақ құндылықтар төңірегінде біріктірудің бір жақсы жолы. Мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақтарға, демек, қазақ БАҚ, электронды БАҚ-тарына, сайттарына үлкен жауапкершілік алу керек болады. Жаңа мағыналар тудыру, қоғамдағы процестер ашық та салиқалы түрде талқылануы керек. Өткенде «Абай» сайтында Дәурен Қуат жаңалықтар проблемасы туралы жақсы айтты – қай басылым, қай арна, қай сайтты ашып қалсаңыз да бір-бірінен аумайтын пресс-релиздік, фейсбуктық жаңалықтар. Кейде тіпті елімізде негізінен шоу-бизнес өмірінен, қылмыс пен жол апатынан өзге ештеңе жоқ сияқты.
«Қазақтың тойы таусылмасын» деп әнші біткен, қыз ұзатып, тұсау кесіп, бет ашып дегендей, бір-біріне қымбат сыйлық жасау жарысы да қызып тұр... Психолог, нумеролог, коучтар, небір бизнес-жаттықтырушылар қалай жақсы өмір сүруді, тез арада баюдың түр-түрін насихаттаудан жалықпайды. Шетелдік өнімдерді сататын желілі маркетингпен байыған ханымдардың да, әйелдер қауымын күшті болуға үндейтін лекцияларынан небір желілер жарылайын деп тұр. Мұның бәрі белгілі бір сараптау, талдаудан өткізу, бұл ретте, зияткер қауымның дауысы естілуі керек емес пе?.. Әлеуметтанушылардың зерттеулеріне қарағанда: бүгінде өз ойларынша өзекті деген идеяларды алға тартатындардың әлеуметтік желілердегі беделдері әлеуметтік капиталдың бір түрі және оларға деген сұраныс саяси элита мен билік институттарына деген сенім азайғанда арта түседі екен. Тағы қайталасам, артық емес; беделді БАҚ, электронды БАҚ-тарда, олардың сайттары мен YouTube-арналарында да – философтар, мәдениеттанушылар, саясаттанушылар, кәсіби тұлғалар зияткер қауымның өзге де өкілдерімен қоғамдағы өзекті мәселелер кәсіби түрде қозғалып, зерделеуден өткізілетін материалдар, сұхбаттар аса қажет.
Қазақ әдебиетіне де іштей бір еркіндік, жаңа стратегияларға қол созатын кез келді. Жаңа идеялар, жаңа кейіпкерлерге зәрулік те қатты сезіледі...
– Сұрақты әу баста постмодернистік әдебиеттен бастап едік. Соған қайта оралуға тура келіп тұр. Қазір екінің бірі постмодернистік әдебиет, жалпы постмодернизм туралы айтуға құштар ғой. Жылт еткен жаңалық көрсек, «постмодернизм» деген анықтама беріп жатамыз. Дәуір айнасын өзіне бұрған жаңашыл мектеп қазақ әдебиетінде бар ма? Оның басты өкілдері кімдер деп ойлайсыз?
– Осыдан ширек ғасыр бұрынғы таным тайталастары бүгінде тыншығандай. Сол кездері қалың бір топ өре түрегеліп, қарсыласып баққан заманауи әдебиет және оның өкілдері рухани кеңістіктен өз орнын ойып алды. Оны айтасыз, шындығында да, тіпті бүгінде реалистік аңғардан сәл шыға жазған қаламгер атаулыны постмодернистер қатарына жатқызу сән болып та жүрген сияқты. Жеке пікірімде – ептеген элементтері болғанымен, нағыз постмодернизм қазақ әдебиетін айналып өтті, өйткені біздің қоғам мүлдем басқа... Сондықтан да тіпті ертегілер мен батырлар жырларынан, Ә.Кекілбаев пен Т.Әбдіков, О.Бөкей шығармаларынан постмодернизм тауып талдау немесе, айталық, заманауи әдебиеттен Дидар Амантайды постмодернист, постструктуралист етіп шығару, ал постмодернизм туралы мақалалар мен зерттеулерде шетелдік теоретиктердің еңбектерін тұтастай аударып беру дағдылары мен үшін де түсініксіз...
Жаңашылдық дәстүр мықты жерде туындайды. Бізде дәстүрлі әдебиеттің де, заманауи әдебиеттің де жақсы үлгілері бар. Екеуінде де әлемнің картинасы жасалады. Қазіргі әлем постмодернизм кезеңін артта қалдырып та үлгерді және әдебиеттегі жаңа дәуір әр қилы аталып жүр, солардың ішінде постреализмге және бұрын пост-постмодернизм аталып келген метамодернизмге басымдық берілгендей. Метамодернизм анықтамасын бүгінде жас әдебиеттанушылар қолданып жүрген жайы бар, дегенмен де, айталық, бүгінгі прозаның даму бағыт-бағдарын анықтайтын әдебиеттанушылық терминдер тұрақталып үлгермегендіктен, метамодернизмнің біздегі мән-мазмұны теоретиктердің жан-жақты, салыстырмалы зерделемелерінен өтуі керек болар. Жаңашыл мектеп өкілдері аз емес, олардың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын.
– Бүгінгі жастар әдебиетін үнемі бақылап, барлап жүретініңізді білемін. Жастардың жаңалыққа құмар келетіні шындық. Бірақ құштарлықтары формалық ізденістен ұзамай қалатындай көрінеді. Мазмұн мен форма ұштаспағанда, олқы тұсы көрініп тұрады ғой. Жастар әдебиетінде білім мен практика (жазу машығын қалыптасты) кемшін түсіп тұрғандай. Бүгінгі жастар әдебиеті көңіліңізден шыға ма? Соңғы кезде жастардың қандай шығармаларын оқи алдыңыз?
– Бүгінде жазу, жариялану қиындығы жоқ. Тіпті болмаса өзіңнің әлеуметтік желіңе жариялайсың. Жазу, бір есептен, кім-кімнің де өзін репрезентациялауы...
Әдеби шығармалармен қатар гуманитарлық пәнаралық әдебиетті көбірек оқимын. Жастарды да мүмкіндігінше оқып отыруға ұмтыламын. Саналы формалық ізденістерге баратындар мен дәстүрлі әдебиет, менің танымымда, реалистік әдебиет аңғарында жазатындар тепе-тең бе деймін. Аға буында, әсіресе, ақындарда өткен мен бүгіннің тайталасында бірде ностальгия, ал көбіне жаны шырқырай екіге жарылу болса, жастар прозасының жақсы үлгілерінде – бүгінгі уақыт тынысы, құндылықтары демей-ақ қояйын, өмір салты өзгеріп жатқан қоғам, ұрпақтар арасындағы уақытты сезіну, қабылдаудағы қайшылықтар, әке, аға ұрпақтың рәсуа уақытына, альтруизміне деген өзіндік сыни көзқарас басымдау. Мұның бәрі еңсені басатындай ауыр емес, жеңіл фиксация, кейде еш бояусыз, кейде музыкадағы этюд, суреттегі акварельдей. Әрине, үлкен тәжірибе жазу барысында қалыптасады. Соңғы оқығандарым – М.Мәліктің «Абыл мен Қабыл», Ә.Байболдың «Мұтылған» романдары,
М.Әлқожаның «Беймаза сезім» пьесасы мен Ж.Шамұратованың «Жеңеше» әңгімесі.
– Толғамды әңгімеңізге көп рахмет.
Тоқтарәлі Таңжарық
«Түркістан» газеті
Бөлісу: