Оқырманға ескерте кетейік, бұл сұхбат жазушы, «Аспанқора», «Қызыл қар» атты повестерімен оқырман ілтипатына бөленген, қазақ әдеби журналистикасының дамуына үлкен үлес қосқан, журналист, публицист Жұмабай Шаштайұлынан 2008 жылы Оралға туған тілдің келешегіне қатысты үлкен жиынға келген сапарында алынған еді. Жазушының кейбір ой-пікірлері әлі күнге дейін маңызын жоғалтпағандықтан, порталға жариялағанды жөн көрдік. Ол кезде Жұмабай ағамыз «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы еді, сұхбат осы бағытта өрбіді.
-Тіл туралы том-том әңгіме айттық, десек те бүгінгі әңгімеден кейін келешекке үмітпен қарауға болатындай, сізше қалай?
-Қазақ тілінің шаруасы жүрмей жатыр, оған кім кінәлі деп жатамыз, соған кінәліні іздейміз. Ауызды қу шөппен сүрту басым. Спортта ең жақсы қорғаныс - шабуыл дейді, біз солай әрекет жасай алмай жатырмыз. Бүгінгі жиыннан тілді дамыту бағытындағы әрекеттің тактикасы мен стратегиясын белгілеп жатқан жағдай байқалады. Жалпы біраз жұмыс істелген екен. Тілді өлетін тіл деген түңілістерден арылу керектігіне көзіміз жетіп отыр. Халықтың ішіне барып, биліктің осындай-осындай шаруалары бар екенін көргеннен кейін серпілетінің бар.
- Байқаймыз, соңғы кезде «Қазақ әдебиетінде» ояну, серпіліс бар. Қарагөз Сімәділованың, Аягүл Мантаеваның, Ерлан Жүністің жазғандары көңілге соншалық қонымды. Газетті шығару өз алдына, жастарды тәрбиелеумен де қоса-қабат айналысып жүрсіздер. Журналистика мектебі деген тақырыпта әңгіме сабақтасақ.
- Кезінде «Лениншіл жаста» істеп жүрген кезде Бағдат деген суретші: «Сендер газет шығарып жатырмыз деп шіренбеңдер, көк базардағы өзбектерді әкеліп те шығаруға болады» дейтін. Сол кісі «Лениншіл жастан» «Жас алашқа» ауысқан кезде газет бір шықпай қалғанда қатты күйзелді. Мен ол кісінің газетті соншалықты жақсы көретінін соңда білдім. Бізде осы газет- ті жақсы көру жағы деген аз.
Бізде Шерхан мектебі, Сейдахмет Бердіқұлов мектебі дегенді айтады. Шерхан Мұртаза дегенде көз алдыңа үлкен тұлға елестейді ғой, мен Сейдахмет Бердіқұловпен бірге екі-ақ жыл жұмыс істедім, егер 5-6 жыл жұмыс істегенде көп нәрсе алатын едім деп ойлаймын. Ол кісі әлемдік ойдың қозғалысын бақылап отыратын, әр сөзден мағына іздейтін, Марк Твеннің Нобель сыйлығын алған кездегі сөзін жиі қайталайтыны есімде. Сол кезде соны тыңдайтын, көкейге түйетін адам болса, ол да өзінше үлкен сабақ еді. Сейдахмет Бердіқұлов бірге жүргенде өте қарапайым, қарадүрсін көрінетін, сол кезде қайсыбір мінездеріне қарап қазымыр деп ойлайтынмын. Ол кісі дүниеден өткеннен кейін мен және талай азамат оның қадірін білді. Меніңше, газет шығару мықтылықтан емес, үлкен адамгершіліктен туатын сияқты. Адамды, оның жанындағы адамды жақсы көрсең, алаламасаң, бюрократ болмасаң ғана газет болады. Кез келген адамнан үміт күтіп отырамын. Адам іздеймін, қазақ журналистикасына жаңа бір ой алып келсем деген ой тұрады. Бірде маған өзі бұзық сияқты жігіт келді, «ертең мынаны жазып әкелші» дедім, ол жылқы туралы жазып әкелді, сол кейін Қасым Аманжол деген журналист болып қалыптасып шықты. Қазір Қасым Аманжол қазақ журналистикасының мәдениетіне еңбек сіңірген деп айтуға болады. Болат Мүрсәлім, Нәзира Жоямергенқызы, Күлпара Жұмағали…бір таңғалатының солардың кейбіреуі бір шығады да артынша із-түзсіз жоғалып кетеді, соған қарағанда ол деген бау-бақша баптаған сияқты нәрсе болып тұр ғой.
- «Қазақ әдебиеті» бетінде жасы үлкен жазушылар бұрынғыдай емес, жиі тоқайласатын болды, әдебиеттің келешегіне қатысты әр қилы пікірлерін білдіреді. Өткенді аңсау сарыны да байқалады. Бұл әдебиеттің дамуына өз әсерін тигізбей ме?
-Достоевский бір жас қаламгерге «Сіздер бізден озсаңыздар екен» депті. Адамның табиғаты сондай, өте өзімшіл, бұл жерде өткенді аңсау деген мәселені бірінші анықтап алу керек. Кез келген қаламгер Толстойға ұқсап не Абай болып жаза алмайды, оның үстінде қазіргі таңда одан оңайырақ жазуға болады. Мысалы, Қасым Аманжолов «Шағанның бойы көк шалғын, шалқалап жаттым шаңқай түс» дейді. Махамбет: «Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім» дейді. Бұл жерде Қасым Махамбеттің конструкциясын ала отырып, өте жаңаша келтіреді. Кез келген нәрсенің үлгісі бар, сол модельді өзгеше жаңартасың, бірақ Толстой, Абай құсап бәрібір жаза алмайсың. Қазір ең қорқынышты нәрсе - оңай жазу. Әуезов «Абай жолына» қанша өмірін арнады, бізде ешкім сондай батылдыққа бара алмайды. Тәуекелге бару жоқ. Сен мықты жазушы болсаң, мықты шығарма жазып өлесің, жаза алмасаң, онда сен жазушы емес, жай адам болып қаласың. Өткенді аңсау дұрыс емес, жастарға біз жасамаған нәрсені сендер жасаңдар десе дұрыс.
- Сіз «Қазақстан-Заманды» басқарып отырған кезде ең бір батыл, оқылымды басылым ретінде білдік. Сол кезде белгілі өнертанушы Т.Әсемқұловтың мақалаларың, Тынымбай ағамыздың «Кене» әңгімесін, «Мырқымбай Иван бола алмайды» деген Танакөздің мақаласын оқығанымыз есте. Одан кейін сізді Fалым Доскен басқарған «Қазақстан» ұлттық арнасының «Үзеңгі жолдас» хабарынан көрдік. Кейін тіпті көрінбей кеттіңіз.
- Сол кеткеннен екі жыл жарым үйде жаттым, «Үзеңгі жолдас» демекші, бірде-бір жерде Қажығали Мұқамбетқалиевтің жалпы жұртқа айтып салғаны бар: «Үзеңгі жолдас дей бересіндер, бұл әжептәуір повестер жазған адам емес пе» деп. Меніңше, адам өзін насихаттай, қорғай білу керек, мен әжептәуір редактор болдым, бірақ өзімді қорғай алмағаннан кейін 2-3 жерден кетіп қалдым, ол дұрыс емес. «Үзеңгі жолдастан» кетіп қалғанда бір адамдар маған «сен оңбаған адамсың, халыққа қызмет істеп отырып, неге постыдан кетіп қаласың» деді, олар өте дұрыс айтады! Қазақта қорғауға келгенде түкке тұрмайтын ит намыс бар.
- Кеше елеулі деген екі ақын ұсынылғанымен, мемлекеттік сыйлық берілмей қалды. Осыдан трагедия жасап жатқандар да бар сияқты. Сіздіңше бұл соншалықты роль ойнай ма?
-Мемлекеттік сыйлық деген нәрсе қазақ әдебиетін құлдыратқаннан басқа пайдасы жоқ, өте кезеңдік нәрсе. Сыйлықтан гөрі баяғы Төле, Әйтеке билердің рөлін атқаратын институт болса, солар «Мына адам мынадай шығарма жазыпты, сол арқылы әдебиетке үлес қосты. Сол мына сыйлыққа лайық екен» десе өз басым қуанар едім. Бізде қалай, кейде адамның ажарын солғындататын адамгершілікке нұқсан келетін нәрселерді көргенде мемлекеттік сыйлықты артық дау-дамай туғызатын нәрсе деп ойлаймын. Біреулер сыйлықтың берілмеуі қазақ әдебиетін басынғандық дейді. Кейде бұл, бәлки, керек шығар деп те ойлайсың. Зейнолла Қабдоловтың әңгімесі есте, «Әуезов лекция оқып жатқанда біреу «Мынау ұлы жазушы» деп мақтап қалып еді, мен «Тап өйтіп аспандатпасандаршы» деп едім, Мұқаң оңашада «Мен 25 жыл күттім ғой осы сөзді, сен соны қызғанғандай болдың ғой» деді». Біз бүгінде кім көрінгенді ұлы дейміз, тексіздік жайлап кетті. Одан кейін мемлекеттік сыйлықты айту артық сияқты.
-Интеллектуалдық тақырыбын көбірек қозғай бастадыңыздар. Әдетте біз мұны білім, ақыл-ой деңгейінің синонимі ретінде қолданамыз. Қазақшаласақ, бұл жоғары деңгейдегі ақыл-ой гана емес, парасат-пайым болады. Интеллектуал туралы өңгіме айтамыз, қоғам оған дайын ба, сыбайлас жемқорлықпен күресеміз деп науқанға айналдырып жібердік.
-Интеллектуал. Жасың ұлғайған сайын өмірдің арты үңірейіп тұрған сияқты болып тұрады. Сол кезде ең бірінші ата-анаң есіңе түседі, ішкі жан дүниеңде болып жатқан көңілсіз құбылыстарды әке-шешең оқып қоятын, сол кезде бұлар калай біліп қояды дейсің, Иә, рас, интеллект дегенде оқу еске түседі, бірақ оқудың да оқуы бар. Кейде сол ұшан-теңіз оқудың ішінен титтей нәрсені ала алмайсың, адамның жанын түсінбегеннен кейін ол неге керек, негізгі тетікті әлі күнге дейін тапқан жоқпыз. Өйткені бұл сөздің мағынасын толық түсінген жоқпыз. Интеллектуал деген аумақты нәрседен адасып кетіп, қуа береміз. Қарапайым сезімталдық пен ұғымталдықтан басталатын нәрсені тым үлкейтіп жібереміз де ары қарай кетіп аламыз, өзімізді сұмдық білімді санаймыз, ең үлкен қателік осы. «Алла шексіз, адам өлшеулі» деген нәрсені Абай айтады. Менің таңғалғаным - Толстой да осыны жазған екен, екеуінің үндестігі қайда жатыр? Міне, интеллектуал деген осы.
(жалғасы бар)
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.