Ролан Барт. Автордың өлімі

Бөлісу:

29.01.2025 325

Жак Дерриданың 1967 жылғы еңбектері, әсіресе «Грамматология туралы» шығармасы әдебиет жайлы француз ақыл-ойының бағытын өзгертті. Ол Соссюрдің (әдеби шығармалар тәртіп пен құрылымдарды жасыратынын, таңбалардың дискурстарға енгізілгенін, сөздер мен заттардың арасындағы қатынастың тұрақсыздығын пайымдайтын) лингвистикасының мағыналық жағына қарайлайтын еді. 1967 жылдан бастап Ролан Барт сынды әдеби сыншылар Деррида теорияларының мәнісін ашуға бел шеше кірісті. 

Олардың бір айтпағы дәстүрлі француз білім беру жүйесіндегі «ұлы авторлар» жайлы пікір қайта қаралу керек дегенге келіп тіреледі. Дерриданың ұсынған тұжырымы шындыққа саятын болса, автор хақындағы мәтінге қатысты айтсақ, автор мәтінді бастап беруші дәрежесінде ғана қалады. Зерттеуші әдеби шығарма тудыратын мүмкіндіктер ағынын ешкім де тоқтата алмайды деген-ді. Мәтін бірнеше бағытқа қатысты болғандықтан, сондай мүмкіндіктердің бәрінің автордың өміріне қатысты шектелуі не қорытындылануы мүмкін емес. Бұл идеядан кейін оқырман мәтінмен еркінірек жұмыс істей алады, автордың өзі де білмеуі мүмкін мәнді тақырып ұшқындарының сырын ашып, әр түрлі оқу түрлерін белсенді түрде дүниеге әкеледі.

Бальзак өзінің «Саррасин» (Sarrasine) деген новелласында әйел болып киінген әтек жайлы жаза отырып мынадай ой айтады: «Ол нағыз әйел болатын, аяқ асты пайда болатын үрейлері, түсіндіріп болмас әрекеттері, түйсіктен туатын алаңдауы, себепсіз батылдығы, назды қылықтары және сезімдерінің тартымды нәзіктігіне қарасаңыз, оны нағыз әйел дерсің». Бұлай айтатын кім? Мүмкін, әйелдің киімін жамылған әтекті елемеуге тырысқан новелла кейіпкері ме? Әлде әйел жайлы өз тәжірибесіне сүйеніп сөйлеп отырған жеке-адам ретіндегі Бальзак па? Болмаса әйел жайлы «әдеби» түсініктерді насихаттайтын жазушы Бальзак па? Бұл жалпы адамзатқа ортақ даналық па? Бәлкім, романтикалық психологизм болар? 

Мұны біз ешқашан біле алмаймыз, өйткені жазуда дауыс, түпкі бастау жайлы кез келген түсінік жойылады. Жазу – біздің субъективтілігіміздің іздері жоғалатын белгісіздік, әртектілік пен жалтақтық аймағы, ең бастысы жазушының тәндік бірегейлігі жойылатын ақ-қара лабиринт.

Сірә, әрдайым солай болған секілді. Шындыққа тікелей әсер ету үшін емес, жай әңгіменің өзі үшін ғана әлдене жайлы әңгімеленсе, яғни ақырында символдық әрекеттен өзге ешбір функцияны жүзеге асырмаса, дауыс өзінің қайнар көзінен бөлініп, автордың өлімі келеді де осы тұстан жазу басталады. Алайда кей уақытта бұл құбылыс басқаша сезілетін. Алғашқы қауымдық қоғамдарда әңгімелеумен қарапайым адам емес, арнайы медиатор-шаман немесе жыршы айналысқан. Оның «данышпандығына» емес, «қойылымына» (немесе баяндаушы кодты пайдаланудағы шеберлігіне) тамсануға болады. Автор тұлғасы жаңа уақытқа тиесілі; шамасы, оны орта ғасырлар аяқталысымен біздің қоғам (ағылшын эмпиризмі, француз рационализмі мен реформация белгілеген жеке сенім қағидатының арқасында) индивид абыройын әспеттеп айтқанда, «адам тұлғасын» танып біле бастағанда қалыптастырды. Сондықтан әдебиет саласында автор «тұлғасының» мойындалуы капитализм идеологиясын қорытындылап, соңына дейін жеткізетін позитивизммен байланысты деген пікір қисынға келеді.

Автор әлі күнге дейін әдебиет оқулықтарында, жазушылардың өмірбаяндарында, баспасөздегі сұхбаттарда және өз тұлғасы мен шығармашылығын бөле-жармай бірге қарағысы келетін әдебиетшілер санасынан берік орын теуіп келеді. Әдебиетке байланысты мәдениетімізде қалыптасқан ұғым бойынша автор оның тұлғасы, оның өмір тарихы, талғамы мен құмарлықтары қашан да бөле-жармай бірге қаралады. Сыншылар күні бүгінге дейін Бодлердің күллі шығармашылығын оның тұрмыстағы олақтығынан іздесе, Ван Гог шығармашылығы рухани дертінде, Чайковскийдің бүкіл шығармашылығы оның кінәратында деп біледі. Туындының түсіндірмесін қиялдың мөлдір аллегориялығы арқылы бізге әрқашан жалғыз адам сол автор сырын ашып тұрғандай, ылғи да сол шығарманы тудырған автордың өзінен іздейді.

Автордың ықпалы әлі де күшті болғанымен (кейінгі кездегі критицизм көбіне оны шегелей), біраздан бері кейбір жазушылар оны тағынан түсіруге тырысқаны күмәнсіз. Францияда алғаш болып тілдің өзін оның иесі ретінде саналған адамның орнына қою қажеттігін толықтай көріп, болжаған Малларме еді. Оның ойынша, автор емес тілдің өзі сөйлейді, бұл біздің қазіргі пікірімізге сәйкес келеді.

Жазу деген о бастан – «мен» деуге келмейтін дүниеге қол жеткізуге мүмкіндік беретін, тұлғалық сипаттан айырылған шығармашылық түрі (бұл тұлғасыздықты жазушы-реалистің өңменіңнен өтетін объективтілігімен шатастыруға болмайды), ал тілдің өзі әрекет етіп «өзін көрсетеді». Малларменің күллі поэтикасының мәні авторды жазумен алмастырып, оны шетке ығыстыру біз кейінірек көз жеткізетіндей, оқырманның құқығын қалпына келтіруге әкеледі. 

Қол-аяғы психологиядағы «тұлғалық Мен» теориясымен байланған Валери Малларменің идеяларын айтарлықтай жұмсартты. Алайда өзінің классикалық талғамдарына сәйкес риторика дәрістеріне жүгінді. Сондықтан Авторға үнемі күдікпен қарап келемеждеді. Оның қызметінің таза тілдік және «арнайы орайластырылмаған», «кездейсоқ» сипатына басымдық бере отырып, барлық прозалық кітаптарында әдебиеттің мәні – сөзде, ал жазушының рухани өміріне бағытталған кез келген ойлар – жоқтан өзгеге нанушылық екенін мойындауды талап етті. Пруст, тіпті өзінің адам жанының талдауы делінетін психологизміне қарамастан, неғұрлым егжей-тегжейлі баяндау арқылы жазушы мен оның кейіпкерлерінің қарым-қатынасын барынша күрделендіруді ашық түрде негізгі мақсаты санады. Әлденемен бетпе-бет келіп немесе бір жағдайды басынан кешіргенді емес, тіпті жазарманды да емес, бірақ жазуға талпынған адамды (оның романындағы жас жігіт… Тоқтай тұрыңыз, оның жасы нешеде, ол кім өзі?.. Жазғысы келеді, бірақ шығармасын бастай алмайды. Ақыры жазу мүмкін бола бастаған сәтте роман аяқталады) кейіпкер етіп таңдау арқылы Пруст қазіргі заманғы әдебиеттің эпопеясын тудырды. Ол түбегейлі бетбұрысты бастады; романда өз өмірін баяндаудың орнына, ол өз өмірін туындысының үлгісімен әдеби шығармаға айналдырды. Бізге белгілі болғаны Шарлюдің бейнесі Монтескьюдің өзін негізге ала отырып жазылған кейіпкер емес, керісінше, Монтескью өзінің шынайы-тарихи қарекеттерінде Шарлюдің фрагменті, сынығы, яғни содан туындаған бейне. Бұл қатарда алдыңғы өткен толқынның ең соңғысы болып Сюрреализм тұрады; бұл ағым сөзсіз, тілдің дербес құқықтарға ие екенін мойындай алмас еді. Өйткені тіл – жүйе. Ал бұл қозғалыстың мақсаты: романтизм рухында код атаулының бәрін қирату. (мұндай мақсатты «иллюзия» деуге болады, себебі – кодты қирату мүмкін емес, оны тек «жеңіп шығуға» болады); есесіне сюрреализм әрқашан да мағыналық жағынан осылай болады-ау деп топшыланған нәрселерді оқыс бұзуға шақыратын (әйгілі «мағыналық құбылулар»), ол үш ұйықтаса да түсімізге кірмейтінді қол неғұрлым тезірек жазып тастасын деп талап етті (автоматтық жазу). Ол топтық жазуды мақұлдайтын және өзі де жазу практикасында осы әдісті қолданатын. Міне, осылайша айтылғандар арқылы сюрреализм Автор бейнесінің десакрализациялануына үлес қосты. Ақырында әдебиеттің ту сыртына шығып (қазір мұндай шекара бұзушылықтар бұрынғыдай жаңашыл болып көрінбейді), автордың тұлғасын жойып, талдау жасайтын аса маңызды құралды қазіргі заманғы лингвистика жүзеге асырды. Ойды қағазға түсіріп, пікір білдірудің бәрі – мағынасыз процесс және мұның бәрі өздігінен болатын дүние. Бұл сөйлеушілердің тұлғалық мазмұнымен толықтырудың қажеті жоқ дегенге саяды. Лингвистика тұрғысынан автор «тұлғалық Мен» ретінде жазатын адам. Ол «мен» деп қана өзі жайлы айтатын адам. Тіл «тұлғаны» емес, «субъектіні» білетін, сөйлеу әрекетінің аясында айқындалатын, оның тысында ешқандай да мазмұны жоқ бұл субъект тілді барша мүмкіндіктерінен айырып, тұтастай өз қалпына «орналастырып алу» үшін жеткілікті.

Автордың шығармадан аластатылуы (Брехттің ізімен бұл ретте нағыз «жаттану» жайлы айтуға болады; әдеби «сахнаның» түкпіріндегі бейне секілді Автор бәсең тартып қалады) – жай тарихи факті яки жазудың әсері ғана емес. Ол бастан-аяқ заманауи мәтінді қайта қалыптап шығады немесе қазіргі күні мәтін құралып, оқылған шақта (әрбір оқырман шығарманы өзгеше түсініп, қайтадан жазылғандай ұғады деген мағынада) автор оның әрбір сатысында шетке ығыстырылып қалады. Алдымен, уақыт перспективасы өзгерді. Автор біз оған сенген жағдайда кітабына қатысты әрдайым өткен шақта ойға келеді. 

Кітап пен автор өздігінен және дейін мен кейіннің арасында бағдарланған ортақ оське жайғасады. Автор кітапты ылғи да өзімен бірге алып жүретіндей көрінетіндіктен, кітаптың алдын орап, одан бұрын жүреді. Сол кітап үшін ойланады, азаптанады, өмір сүреді, әкесі баласына жөн сілтеген кейіпте ол да шығарманың алдына түсіп алады. 

Модерн жазушыға (скриптор) қатысты айтар болсақ, ол мәтінмен бірге туады, оның жазуға дейін және одан тыс ешқандай болмысы жоқ, ол кітабы өзіне қатысты предикат болатын субъект емес. Бір ғана сөйлеу актісінің уақыты қалады, ал мәтін атаулы әрдайым осы сәтте және осы жерде жазылады. Осы себепті «жазу» етістігінің мағынасы бұдан былай әлденені белгілеп қою, бейнелеу, «суретін салу» (Классиктер суреттегендей) болмауы тиіс. Оксфорд мектебінің философтарының ізімен лингвистер «перформатив» деп атаған баяндау әрекеті сол әрекеттің өзінен басқа ештеңені білдірмейтін, осы шақтың бірінші жағында қолданылатын етістік формасының сирек түрі. Мәселен, патшалардың бұйрығын өз аузынан шыққандай-ақ жариялаймын немесе ежелгі ақынның аузымен жырлатамын деген сынды...

Ендеше, модерн жазушы Автордың шаруасын бітіргеннен соң, бұрынғы жол салушылардың «патетикалық» көзқарастарына сәйкес, қолмен істейтіні ойдың не құмарлықтың жетегіне ілесе алмайды. Демек, ол бұл несібені қабылдап, бұл кешеуілдеуді өзі баса айтып, өз шығармасының формасын қайта-қайта «өңдей» беруге міндетті. Керісінше, оның қолы дауыспен байланыстының бәрінен айырылып, таза сызу (айқын мәнерлі емес) ишарасын білдіреді. Бастапқы шығу тегі белгісіз қандай да бір белгі аймағын сызады. Қалай болғанда да, ол тілдің өзінен шығады, ал ол бастапқы нүктесі жайлы түсінік атаулыға күмәнмен қарайды.

Қазір біз мәтін жалғыз теологиялық мағынаны білдіретін (яғни Автор-Құдайдың «хабарын» білдіретін) бір сызықтың бойындағы сөздер тізбегі емес екенін білеміз. Оның орнына ешбірі бастапқы мәнге ие емес, жазудың әртүрлі түрлері бір-бірімен үйлесіп, тіпті бір-бірімен айтысатын көп өлшемді кеңістікке ие. 

Мәтін – мыңдаған мәдени бастауларға сілтейтін дәйексөздерден түзілген. Жазушы бір мезетте әрі ұлы, әрі күлкілі бола алатын, өнердің көшірме үлгісін жасайтын Бувар мен Пекюшеге ұқсайды. Олардың күлкі шақыруы жазудың ақиқатын дәл танытады; ол бұрын жазылған және талай рет жазылған дүниелерге ғана еліктей алады. Оның қолынан келетіні олардың ешбіріне толықтай сүйенбей-ақ, сол дүниелерді бір-бірімен араластыру; ол өз ойын айқын білдіргісі келсе, ол «жеткізгісі» келген ішкі «дүниесі» дайын сөздік секілді, мұнда сөздер басқа сөздердің көмегімен түсіндіріледі, осылай шексіздікке дейін жалғасып кете береді. 

Бұл жас кезінде Томас де Квинсидің басында болған жағдайды еске түсіреді. Бодлердің айтуынша, оның грек тілін үйренуде табысқа жеткені соншалық, осы өлі тіл арқылы қазіргі заманғы ойлар мен образдарды жеткізу үшін «өзіне арнап жеке сөздік жасап, оны кез келген уақытта пайдалану мақсатында жанында ұстаған. Бұл сөздік әдеттегі ұқыптылықты негіз етіп алатын таза әдеби аудармалардағы сөздіктерден анағұрлым үлкен әрі күрделі еді («Жасанды жұмақ»). Автордың орнына келген жазушы (бұл жерде оқырман да жазушы деген мағынада) құмарлық, көңіл-күй, сезім мен әсерді емес, өзі жазуын теріп алатын, кез келген сәтте қолданысқа дайын тұратын күрделі әрі көлемді сөздікті алып жүреді, өмір тек кітапқа еліктейді, ал кітаптың өзі белгі беретін таңбалардан тоқылған, өзі әлдеқашан ұмытылған нәрсеге еліктейді. Осылай шексіз жалғаса береді.

Автор аластатылған соң, мәтінді «тарқатып беруге» деген ниетіміз де зая кетеді. 

Авторға мәтінді меншіктеу дегеніміз – мәтінді кідірту, оған үзілді-кесілді түрде мызғымайтын мағына беру, жазуды құлыптау, шектеп тастау дегенді білдіреді.

 Бұл көзқарастың негізгі мақсаты шығармадан авторды табу (немесе оның қоғам, тарих, жан-дүние, еркіндік секілді түрлі негіздерін табу) деп білетін сарындағы сынды толықтай қанағаттандырады. Автор табылса, демек, мәтін «түсіндірілген», сыншы жеңіске жетті деген сөз. Сондықтан автордың тарихи тұрғыда билік құруы – сыншының да билік құруы екені таңқаларлық жағдай емес. Сондай-ақ бүгінде автормен бірге сынның да (тіпті жаңа сын болған күннің өзінде) кемесі шайқалып тұрғандай көрінуі де белгілі жайт. Көп өлшемді жазуда бәрін тарқатып, талдауға тура келеді. Бірақ түйінін шешер ештеңе жоқ. Құрылымның қалтарыс-бұлтарыстарын ашып көрсетіп, індетуге, «созуға» (шұлықтың шығып кеткен ілмегін тартқандай) болады. Алайда түбіне жету мүмкін емес. Жазу кеңістігі бізге бұзып жарып басқа кеңістікке шығып кету үшін емес, жүгіртіп оқу үшін берілген. Жазу ұдайы мағына тудырады. Бірақ ол сол мезетте ғайып болатындықтан, мағынаның жүйелі түрде босатылуы жүзеге асады. Әдебиет (бұдан былай «жазу» деп айтқан дұрысырақ болатын секілді) мәтінде (мәтін ретінде қарастырылатын бүкіл әлемде де) қандай да бір «құпия», яғни түпкі мағына барын мойындаудан бас тарта отырып, өзінің контртеологиялық, революциялық әрекетіне еркіндік есігін ашады. Себебі мағынаның ағысын тоқтатпау, түптің түбінде Құдайдың өзін және оның барлық шындығын, рационал тәртіпті, ғылымды, заңды қабыл алмау дегенді білдіреді.

Осылайша жазудың толық мәні ашылады: мәтін әр түрлі мәдениеттерден шығатын және өзара сұхбат, пародия, шарпысу қатынастарына түсетін әр түрлі жазу үлгілерінен түзіледі. Алайда бұл көптік белгілі бір нүктеге топталады. Бұл нүкте бұрын айтылғандай автор емес, оқырман. 

Оқырман – жазуды құрайтын дәйексөздердің бірі қалмай, бәрі сақталатын кеңістік. Мәтін бірлікті өзінің бастауынан емес, тағдырынан табады. Алайда тағдыр жеке адамға сілтеме жасамайды; жеке тұрақ емес. Оқырман деген – тарихы мен өмірбаяны, психологиясы жоқ адам; ол жазбаша мәтінді құрайтын штрихтардың бәрін бір нүктеге жинақтайтын әлдебіреу ғана. Сондықтан өзін адам құқықтарын қорғаушы етіп көрсететін қайсыбір екіжүзді гуманизмнің атымен жаңашыл бағыттағы жазуды кінәраттауға тырысу күлкілі көрінеді. 

Классикалық мәнердегі критицизмнің ешқашан да оқырманмен шаруасы болған жоқ. Ол, әдебиет айдынындағы жазатын адамның шығармашылығын талдаумен ғана айналысты. Бұдан былай бізді осы тектес антифразистер алдай алмайды. Антифразистердің араласуы арқылы мәртебелі қоғам кеудесін керіп, бекзаттық таныта отырып қорғаған дүниесін шын мәнінде тықсырады, ілікке алмайды, жаншиды, жояды. Бұдан былай біз мынаны білеміз. Жазудың келешегін қамтамасыз ету үшін, ол жайлы «оқырманның дүниеге келуі автордың өлімімен өтелуі керек» деген мифтік ұғымды төңкеріп тастауға тиіспіз.

Мақала Джули Ривкин мен Майкл Райан құрастырған «Әдебиет теориясы» антологиясының екінші томынан алынды

Бөлісу:

Көп оқылғандар