Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Әлібек Өмірбекұлы «Турандот» трагикомедиясын сахна...

28.01.2025 339

Әлібек Өмірбекұлы «Турандот» трагикомедиясын сахналады 14+

Әлібек Өмірбекұлы «Турандот» трагикомедиясын сахналады - adebiportal.kz

Ақтөбе облыстық Тахауи Ахтанов атындағы драма театрында италиялық драматург Карло Гоццидің «Турандот ханшайым» пьесасының желісімен «Турандот» трагикомедиясы көрерменге жол тартты. Қойылым режиссері жаңашыл бағыттағы жас режиссер Әлібек Өмірбекұлы. «Турандот ханшайым» – әлемдік театр сахнасында түрлі жанрларда қойылған классикалық туынды. Қазақстанда алғаш рет «Турандотты» актер, режиссер Тұңғышбай Жаманқұлов сахналап, М.Әуезов қазақ Ұлттық академиялық драма театры 1990 жылы тарту еткен болатын. Содан бері жыл өткен сайын тақырып аясы жаңарғандай пьесаға республикалық театрлардың назары қайта түсіп отыр.  

Бір қарағанда «Турандот» комедиясы – ХV ғасырдағы Орта Азия елдерінің тарихи-саяси үлкен өзгерістер кезеңіндегі қос ғашықтың табысуы туралы секілді. Тарихи аласапыран кезеңнің ауыртпалығы айтылып, саяси жүйенің де бір шеті көрінеді. Алайда, Ақтөбе сахнасында қойылған «Турандот» трагикомедиясы түгел түркі жұртының боламыз ба, бордай тозамыз ба деп қайғы шеккен кезеңін баяндайды, түркі елінің ханзадасы Калафтың елін құлдықтан құтқарып, жұртын аман сақтауы туралы айтылады. 

«Турандот ханшайым» – әр режиссердің тапқырлығы мен көзқарасына байланысты құбыла түсетін драматургиялық құрылым кеңістігі кең шығарма. Осы күнге дейін қай «Турандотты» көрсеңіз де – режиссерлар пьеса желісін сақтай отырып, оқиға линиясын бұзбай сахналауға тырысады. Ал, Ақтөбеде қойылған «Турандот» қойылымының бөгенайы бөлек. 

Қойылымда бас аяғы 30-ға тарта сахна тез ауысысып отырады. Әр сахна сайын жарықтың құбылуы, түстердің үйлесімін сақтауы, сахна безендіруі мен сапалы бутафориялық жұмысты айтып өтпеске болмас. Сахна үш тараптап шыны тереземен қапталған. Кейіпкерлер сахна төріндегі қос есіктен кіріп шығады. Қойылымды бетперделі баяндаушы кейіпкерлер арқылы түсіндіруді көздеген режиссер «қойылым ішіндегі қойылым» форматында сахнаны пердемен үш бөлікке бөлген. Алдыңғы сахна пердесінде бетперделі кейіпкерлер – кішкентай адамдар образы арқылы оқиғаны қосымша баяндаса, ортадағы перде Қытай империясының салтанатын паш етеді. Ең соңғы сахна түкпіріндегі перде о дүниемен бұл дүниені бөліп тұрғандай терезе сыртында орналасқан. О дүниеге аттанған кейіпкерлер сол терезе арқылы көрерменге көз салады.

Қойылымда бетперделі кейіпкерлер бірнеше рет баяндаушы әрі халық ретінде, біресе бас кейіпкерлердің өзін сомдайды. Актерлардың бір-бірін түсініп, біріге ойнауы, командалық тандем құрып үндесуі қажырлы дайындықтың нәтижесі деуге болады. 

Ал, заманауи театр бағытында өзіндік ізденісімен, жаңа методикасымен танымал Әлібек Өмірбекұлы пьесаның негізгі түп идеясын сақтай отырып (замысел), драматургиялық формасын бұзып жарады. Яғни, оқиғалар желісінен гөрі кейіпкерлердің ішкі конфликтке барар желісі көрінеді. Режиссер әр кейіпкердің генетикалық тарихына шолу жасайды, оқиғаның басталу кезеңіне қарай шегініс жасайды. Біз пьесадан танитын қатал, жауыз Турандоттың бүгінгі іс-әрекетіне анализ жасайды, қазіргі мақсатын түсіндіреді. Шегініс арқылы негізіг оқиғаны пазл секілді жинақтап, Алтаумның, Калафтың, Турандоттың мінез-болмысы мен мақсатын ашып көрсетеді. 

Жалпы, театр өнеріне кез келген режиссер өзіндік мектебімен, өз бағытымен келеді десек, Әлібек Өмірбекұлының театры – психологиялық және «сомдаушылық» (игровой) театрды біріктірген театр. Рөлді сомдау барысында актерге кейіпкердің күй-хәліне кіру маңызды емес, өзінің реакциясын, сол сәттегі ішкі құбылысын ойнай алу маңызды. Режиссер үшін ситуацияның өзі емес, ситуациядағы актердің ішкі күйін ойнауы алғы планда. Актердің құралы - шынайылық, табиғи болмысын таза сақтай алғаны. Актердің күші – талантында емес, тазалығында, шынайылығында. Актер болмысы – тұлғалығы, бұл әлемге жеке дара мақсатпен келгендегі мұраты қызықтырады. Театрдың басты кейіпкері – актер. Оның ішкі байлығы.  

Актерлер ситуацияны кешіре отырып кейіпкерінің «терісінде» отырса да өзінің нақты сол оқиғаға қатысты мақсатын ойнайды. Өзінің шынайы реакциясын көрсетеді. Өмірдегідей шынайылық режисссер үшін басты назарға шығады. 

Сол үшін режиссер актермен жұмыс барысында сұхбаттасады, сырласады, түрлі диалогтар құрайды, ішкі дүниесін биіктетіп, түрлі комплекстерінің себебін анықтайды. Нәтижесінде актер сахнада қанаттанып еркін ойнайды. Бастысы, кейіпкерінің «терісінде» отырып өзін ойнайды, сондықтан барлық сахналарда ләззат алып, рахаттанады. Көрермен де мұны жақсы түйсінеді, қабылдайды. 

Алды кең Алтаум императорды сомдаған Бағдат Телеуғалиевтің образы сәтті шыққан. Калафтың анасы Әлмаза – Фатима Бердібекованың, Турандот – Ажар Жарденбекқызының, Калаф – Аслан Төлентайдың, Жендет – Бекжан Қайролиннің, Калафтың бауыры әрі бетперделі кейіпкер образында – Рамазан Отарбаев, Калафтың жас кезі әрі бетперделі түсініксіз кейіпкер рөлінде – Ерсін Сәрсенбек, уәзірлер - Әділет Мұқтар, Нұрсұлтан Айтқалиев пен Марс Әбілхасанов, ғашықтың рөлінде әрі бетперделі кейіпкер – Жарқынай Жалғасованың ерекше образдары есте қаларлықтай жарқын көрініс тапқан. 

«Турандот» трагикомедиясы тарихи-саяси фонда «ақсүйек адамдардың» өзара күресін, қос ғашықтың ішкі мақсат-мұратын, «кішкентай» адамдардың ойлай жүйесін, өмір салтын кіріктірген. Қойылымда автор мәтінге жасырынған ситуацияның психологиялық  жүйесін шешіп, көрермен алдына жайып салады. Әлібектің қойылымында әрбір көрермен өзін, өзінің ішкі дүниесіндегі сұхбаттарын тыңдай алады, көре алады. Режиссер сөйтіп әрбір көрерменді дос етіп, сұхбатқа шақырады, қойылымға қатыстырады. Көрерменді қойылымның бір бөлшегіне айналдырады. Ортақ сұрақтарға бірге ізденеді, жауапқа тартады. 

«Турандот» қойылымындағы бір ерекше сахнаны атап өткіміз келеді: бес Энштейннің бейнесіндегі бетперде таққан актерлар «Пьеса қайда? Мынау не? Қытай қайда? Турандот пен Калаф не істеп жүр? Неге қойылымда кіріп шығып жүре беретін сахна көп?» деп қойылым үстінде қойылымды сынайтын ақылсымақтардың сахнасы бар.  Бұл сахнаны режиссердің өз-өзін сынауы деуге де болар, жаңаны жатырқайтын аға буын, театр сыншыларына айтқан даты деуге де болар. Төрт сыншы жаңаны «қоқыс» десе, біреуі «маған ұнайды, мұндай театр керек» дейді. Әлгі төртеуі бөле жарылған біреуді жалма-жан ұстап тапаншамен атып тастайды. Тарихи аңыз атмосферасындағы қойылымды көріп отырған көрермен бірден осы сұраққа жауап беру арқылы – қойылымды да ақтап алуға бекінеді. «Турандот» қойылымы – афишасында айтылғандай «жақсы спектакль!». Бірнеше жанрдың қоспасын жасап, сезімдердің әткеншегін тербетіп, көрермен жүрегін баурап, көркем эстетикалық әсер тұғызады. 

 Сағадат Ордашева

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар