Бүгін ұлы жазушы Мұхтар Мағауиннің туғанына 85 жыл толып отыр. Осыған орай әдебиет зерттеуші Жұпар Жақанның суреткер тұлға шығармашылығы жайындағы мақаласын арнайы ұсынып отырмыз.
Кейіпкер портретін беруде түр-түс, сыртқы пішін, көзге көрініп тұрған нақты ерекшеліктермен қоса ым-ишараның атқаратын қызметі зор. Көркем образ сомдаудағы портреттің атқаратын қызметін жан-жақты зерттеген Б.Галанов бұл мәселеге қатысты былай дейді: «А сколько выразительных возможностей открывает для портретиста поза человека, его жест – исступленный или равнодушный, энергичный или расслабленный, любящий или презирающий» [1,56].
Қазақ прозасында өзіндік орны бар, белгілі жазушы Мұхтар Мағауиннің «Көк мұнар» романында біз сөз етіп отырған мәселе өзіндік шешімін тапқан. Роман – ертеректе жазылғанымен, көтерген мәселесі, айтылмақ ойы жағынан жазушының қаламгерлік қарымын танытатындай, қомақты дүние. Шығарма – автордың тоқырау кезеңінің ащы шындығын ашып көрсеткен, жаңа тұрпатты кейіпкер бейнесін сомдауға ұмтылған көркемдік ізденісінің жемісі.
«Қазіргі қазақ әдебиетіндегі үлгілі образдар жүйесі негізінен үш саладан туындайды. Оның бірі – қарапайым еңбек адамдарының бейнесі, екіншісі – батырлар тұлғасы, үшіншісі – әйелдер образы» - дейді М.Атымов [2, 248]. Уақыт жағынан алғанда, бұл пікірдің «Көк мұнар» романы жарық көрген кезеңнен алшақтығы жоқ. Дегенмен алпысыншы-сексенінші жылдар прозасындағы образдар қатары мұнымен шектелмегені аян. Дулат Исабековтің «Жасыны», Қабдеш Жұмаділовтің «Көкейкестісі» тәрізді бірқатар қазақ романы ғалымдар бейнесімен толықты. Әрине, «Жасындағы» Сәргел, «Көкейкестідегі» Сәрсен Нұрбаевич тәрізді өлермендердің ғалым деген үлкен құрметке лайық емесі белгілі, әйтсе де әдебиетке тың бейне әкеліп, тың ізденістерге барған жазушы еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Аталған романдарда ғалымдар бейнесі сөз арасында көп кейіпкердің бірі ретінде көрініс табатын болса, «Көк мұнарға» бастан-аяқ ғалымдар өмірі арқау болған.
Роман арқылы Мұхтар Мағауин өзіне дейін ешкім түбегейлі қозғамаған тақырыпты қозғап, өмір шындығын көркемдік шындық арқылы көрсетуді мақсат тұтқан. Бас-аяғы жиырма шақты кейіпкер қатысатын шығармаға профессор Әзімхан Бекмұхамедов және доцент Бәкен Тәңірбергенов; сондай-ақ Едіге, Кенжек, Халел, Бәтия, Әнуар, Мұхамед-Шәріп, Бердібек сынды аспиранттар өмірі арқау болған. Орталық қаһарманы – Едіге. Кейіпкерлерді орталық қаһарманның түсінігі, түйсігі бойынша беру тәсілін тұңғыш М.Әуезов тереңдеткен болса, осы тәсіл біз сөз етіп отырған романға да тән. Барлық кейіпкерлер Едігенің сүзгісінен өтеді. Оның субъективтік көзқарасы тұрғысынан бағаланады. Образды ашу мақсатында жазушының қолданған ұтымды тәсілдің бірі – кейіпкерге портрет беру. Автор сыртқы түр-тұлғаны санамалап беруді қажетсінбеген, толық таныстырып, ішкі әлеміне бойлау үшін кейіпкерінің психологиялық портретін алға тартады. Ғалым Г.Пірәлиева «Көркем прозадағы психологизмнің кейбір мәселелері (түс көру, бейвербалды ишараттар, заттық әлем) еңбегінде көркем прозадағы психологиялық талдау түрлерін жан-жақты саралай келе, оның сыртқы көрінісі ретінде бейвербалды ишараттардың (көзқарас, дауыс ырғағы, психологиялық орта мен аура, тұрмыстық заттық детальдар т.б.) кейіпкер психологиясын ашудағы көркемдік қызметіне тоқталады [3].
Мұхтар Мағауиннің «Көк мұнарында» кейіпкер портреті ым мен ишара көріністері арқылы өріс табады. Сыртқы әсерге, өзгеріске қатысты бет пішіндегі, денедегі кез келген реакцияны назардан тыс қалдырмаған. Кейіпкердің жан дүниесіндегі толқынды қалтқысыз бағып, оны бет-жүздегі, қимыл-қозғалыстағы, дауыс ырғағындағы өзгерістер арқылы береді. Роман оқиғасы профессор Әзімхан Бекмұхамедовті таныстырудан басталады. «Иығына желбегей жамылған шапанының етегі көлеңдеп, кең кабинет ішінде тымпың қағып, ерсілі-қарсылы кезіп жүр. Қимыл-қозғалысы атан түйедей кеуделі, зор денесіне мүлдем үйлеспейді. Бет-аузы ғана емес, маңдайдан басталып, қарақұсқа барып тірелетін қасқасына дейін қып-қызыл болып кетіпті. Қос шекесі мен самайындағы сәл бұйралана біткен, қайратты боз селеу шашы ұйпа-тұйпа. Ұзын көкбурыл қасы салбырай түксиіп, көзіне құлай жаздап тұр, профессор еңкеңдей аяқ басқан сайын дір-дір етеді: қабағы көтерілсе-ақ ұшқын атып кететіндей» [4,6].
Әр сөйлем сайын бірінен-бірі асып түсіп, буырқанып, жарылуға шақ тұрған, градациялық жолмен дамытыла көрсетілген психологиялық күйдің дәлелдемесі де жоқ емес. Жасы келіп қалған салмақты адамды осындай мазасыз күйге түсіруге себепкер – Бәкен Тәңірбергенов. Профессордың көмегімен амалдап докторлығын қорғамақ болып жүрген доцент бейнесі оның портреті арқылы ашылады. «Төрде, абажадай жұмыс столының жанында, орындықтың арқалығына сүйеніп, ары қарап біреу тұр. Бойға қонымды тігілген, ине-жіптен жаңа шыққан қоңыр костюм ауада өзінен-өзі ілініп қалғандай. Пиджактан ақ көйлектің қатырма жағасы көрініп тұрған мойын тұсындағы бір уыс үрпиген шаш қана сол шамада бас барын, ол бастың салбырап төмен түсіп кеткенін, ғайыптың күшімен ғана үзілмей, сабағына ілініп әзер тұрғанын аңғартады» [4,6]. Берілген мысалдан жазушы қолтаңбасына күлкінің қосар үлесі танылады. Кейіпкердің жағымсыз қырын таныту үшін күлкіні шымшыма мысқылға ұластырып, портреттерінде ұтымды қолданады. Екі кейіпкерді осы күйлерінде таныстырушы – Едіге. Оның жіті көзі бөлмеге кірген бетте салқындау ахуалды аңғарып қалады. Доценттің жазып жатқан ғылыми жұмысын тексеру үстінде жұмыстың шалалығына, шикілігіне, асығыс жазылғанына ренжіген профессор осындай ренішті күйде, Бәкен Тәңірбергеновке көңілі толмаған күйде танылса, біршама уақыт өткен соң мүлдем басқа қырынан көрінеді. Едігені таңғалдырған, бәлки ғылымнан бас тартуына себеп болған жағдай – осы. Басты кейіпкер тарапынан профессордың бет-әлпеті, жүріс-тұрысындағы әр құбылыс романның соңына дейін басты назарда болады. Профессор сөзге сараң. Жақтырғанын да, жақтырмағанында көбіне ишарамен білдіреді. «Көк мұнарда» ишара диалогтардан айқын көрінеді. «Шығыстанушы ғалымдардың халықаралық симпозиумына барасыз ба?» - деп сауал қойған Бәкен екеуінің арасындағы диалогқа назар аударалық:
«- Жоқ, - деді профессор. – Симпозиум жаңа жылдан соң. Оған дейін екі айдай Қазан мен Ленинград архивтерінде отырмақпын. Бүгін кешке ұшам.
- Аэропорттан шығарып саламыз, - деді Бәкен.
Профессор қолын сілтеді. «Қайтесіңдер әуре боп, қойыңдар», - деп ұқты Едіге.
Манадан бері көріп отыр ма, әлде сол сәтте ғана аңдады ма, әйтеуір профессор Едігеге қарап басын изеді де, терезені нұсқады. «Желдеткішті аш» деп ұқты Едіге. «Мынау жер астынан шықты ма» дегендей, өзіне үдірейе қараған Бәкенге назар да аудармастан төрге шығып, желдеткішті ашты [4,10]. Тағы бір-екі мысал келтіре кетейік: «Сол қолымен жағын таянып, оң қолының арық, боп-боз саусақтарымен столдың үстін тықылдатып, үнсіз ұзақ отырды» [4,12]. «Профессор қолын болмашы сілтеп, айтпағыңды түсінем дегендей ишарат білдірді» [4,13].
Келтірілген диалог пен үзінділерден профессордың өзіне қойылған сауалға жауап ретінде ішкі ойын қол сілтеумен, бас изеумен, үстелді тықылдатумен жеткізетіні, қатты ренжігенде иегі мен маңдайына дейін қып-қызыл болып кететіні көрінеді. Б.Галанов Алексей Толстой прозасын зерттей келіп, ишараның қызметін түсіндіріп кетеді: «Ведь жест для Толстого не только примета внешнего облика, не только возможность более четко, более выпукло обрисовать своего героя. Слово «жест» писатель трактовал гораздо шире, как сумму внешних и внутренних движений, всегда связывая воедино портретную характеристику с психологической» [1,133].
Екеуара әңгіменің үстінен түскен Едіге көп жайды аңғарады. Профессордың әр ишарасын өзінше ұғып, өзінше толықтырып, түсініктеме жасап отырады. Бәкеннің білімсіздігіне, жайдақтығына, ал профессордың осыған көз жұма қарайтынына қайран қалады.
Автор доценттің портретін бергенде қарама-қайшы суреттің көмегімен оның пенделік болмысын ашады. Профессор алдында «басы салбырап төмен түсіп кетсе», Едігемен тіл қатысқанда «басын кекжитеді», «жалын күдірейтеді». Соңғы екі тіркестің бояуы қанықтығы сондай – доцентке қосымша мінездеме бермей-ақ кейіпкердің рухани мешеулігі, жан дүниесінің жұтаңдығынан хабар береді. Шекпені үлкендердің алдында бір басқа, бағыныштыларының алдында мүлдем басқа қырынан танылатын Абай сипаттаған болыс бейнесін есімізге түсіргендей. Романда Бәкенге тура мінездеме берілмегенімен, оған қатысты аздаған эпизодтағы сыртқы пішіні – ишарадан ішкі құлқы сезіледі. «Өз құнын білетін тәкаппар жас доцент қажып, шаршап отырған профессорға болмашы ғана бас изеп, ал бала аспирантқа мүлде назар аудармастан ыздиып, тық-тық басып шығып кетті» [4,12]. Болмаса мына бір үзіндіге үңілейік: «Кафедрада жалғыз Бәкен ғана отыр екен. Профессордың қиғаштай, төр жақ бұрышқа қойылған үлкен столына - алдында қағаз, қолында алты қырлы жуан қызыл қарындаш - қанатын жая жайғасыпты. И.О. – кафедра меңгерушісінің міндетін уақытша атқарушы. Екі-үш ай ішінде шоқтығы биіктеп, қоңданып қалыпты.
- А-а, бала... – деді ыңырана сыздап. – Біз сені мүлде жоғалтып қойып ек... Қайда жүрсің?
- Осы төңіректе, - деді Едіге [4,127]. Бір қарағанда, Бәкен көзге көрсетіп ешкімге жамандық жасап, я болмаса сөзбен ілігісіп дау-дамайға баратын кейіпкер емес. Бірақ жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзінен, қолдан жасалған жалған дауыс мәнерінен үнемі жасандылық, кісімсушілік аңғарылып тұрады. Осы бір оқымыстысымақтың бейнесін сомдағанда, іс-әрекетіне талдау жасап, портретін бергенде мысқылдың мүмкіндігі барынша пайдаланылған.
Көркем образдың құрамдас бөлігі ретінде портрет қаһарманның типтік немесе даралық сипатын екшейді. Портрет арқылы жазушының өзі сөз етіп отырған кейіпкерге деген көзқарасы танылады. Үстелге «қанатын жая жайғасуы», «ыңырана сыздап» сөйлеуі – жасанды мінез-құлқымен танылған көркем бейнені қалыптасқан характер ретінде көз алдыңа елестететіндей.
Романның барлық кейіпкері Едігенің маңайына топтастырылған. Автор бейнесі мен кейіпкер бейнесі тұтаса келе, авторлық баяндау кейіпкер тілімен астасады. «Көк мұнарда» басты кейіпкердің арнайы берілген портреті кездеспейді. Тек бір эпизодта, онда да екінші бір кейіпкердің болмысын ашу үшін ғана, өз-өзін сипаттап кететін жері бар: «Едігенің көзіне сары қыздың қасындағыдан бөтен бос орын шалынбады. Бірақ ол өзінің денесінің сәл еңкіш біткенін, мойнының қысқа екенін, түр-тұлғасында тағы басқа да толып жатқан кемшіліктер барын білетін, сондықтан сары қыздың қасындағы орынның «бос емесін» ойлап іштей күлді де қойды» [4,42]. Едіге романға арқау болған кейіпкерлерді бақылап, әрқайсысы туралы қорытынды жасап отырады. Мәселен, Әзімхан Бекмұхамедов туралы былай дейді: «Қызық шал... Көргені көп, қорытқаны аз, білетіні көп, жазғаны аз. Аз емес, әжептәуір, бірақ мен алпысқа дейін жасасам, одан үш-төрт есе көп еңбек қалдырар ем... Академик, профессор, доктор... бар атақты алған... тек бойындағы барын түгел бере алған жоқ» [4,15]. Романның басында профессорға берілген портреттерден оқымыстының шынайы бейнесін елестете алмасақ, енді ол ойымызды басты кейіпкердің жоғарыдағы мінездемесі толықтырғандай.
Романға бір топ аспиранттың өмірі арқау болған, солардың ішінде көбірек сөз болатыны – Кенжек. Ешкімге жамандық ойламайтын, аузын ашса жүрегі көрінетін адал жігітке автор тарапынан бірнеше портрет берілген. Портреттің өзгеше түрі – қимыл-қозғалыс және ішкі сезімнің сыртқы күйі – емурін, ишараның көмегімен кейіпкердің ерекшелігін көрсетеді. Қатты ойға берілгенде, бірдемеден қысылғанда ол оң қолының сұқ саусағымен кекілін тарамыштай береді. Оның осындай әдеті бары бірнеше эпизодта дәлелденеді. Сол сияқты Мұхамед-Шәріптің сөз сөйлемес бұрын көзілдірігінің шынысын мұқият сүртіп алатыны, Едігенің сүйген қызы Гүлшаттың астыңғы ернін қырши болмаса жымқыра тістеп, қасын керетіні кейіпкер әлемін ашуда аса маңызды.
Қаламгер ретінде Мұхтар Мағауин – сонау жетпісінші жылдардағы түрі ұлттық, мазмұны советтік әдебиеттің ықпалынан шығып, тың ізденістерге барып, әдебиетке өзіндік сүрлеуін салған, санаға сілкініс жасаған жазушы. Тап осы «Көк мұнар» жөнінде санаулы ғана болмаса, көп пікір айтылмайды. Осы романында автор өзі алғашқы болып қалам тартқаннан кейін тың, жалпы, қоғам үшін типтік деңгейдегі мәселені алға көлденең тартады. Қалыптасқан дәстүр бойынша ғылым жолындағы адамдар табандылықпен еңбек етіп, діттеген мақсатына жетуге тиісті. Ғалым дегенде көпшіліктің көз алдына осындай бейне елестеуі заңды. Ал романда ше? Ғылымның қадірін түсінгеннен гөрі ретін тауып қорғап алсам дейтін пысықайлықты, рухани жұтаңдықты көресіз. Романды бастан-аяқ оқып шыққан оқырманға басты қаһарман екінші біреудің рөлін ойнап жүргендей әсер қалдырады. Таңдаған рөлі – қиянатқа, жолсыздыққа қарсы тұрғысы келетін жанның рөлі. Әу баста ғалым боламын деп әдебиет пен арғы-бергі тарихты қатар қаузап, роман жазып, рухани әлеуетінің молдығымен көзге түскен Едігенің кейін ғылымнан бас тартуының себебі неде? Ғылымдағы бақталастық, қолынан келмесе де атын шығарғысы келген өлермендік – осының бәрі оның жанын жаралайды. Мәселен, доцент Бәкен Тәңірбергенов Едігенің еңбегін ұрлап мақала жазса, тарихты жақсы білемін деп өзеурейтін Бердібек аспиранттың қазақтың өткен тарихынан хабары жоқ. Керемет математик, ғылымның еңбекторысы бола тұра, бір кездегі аспирант атаулы кандидаттығын қорғағанда Кенжек әлі күнге дейін қорғай алмайды. Өйткені білімі болса да, кісінің көңілін жықпас ынжықтығынан, мінезсіздігінен аспирантурада оқыған жылдары бар уақыты жетекшісінің докторлығын жазуға кетеді. Міне, ғылыми ортаның Едігені жеріткен шындығы осындай.
Тоқырау жылдарының әдебиетінде батыл көтерілген мәселе өзекті дер едік. Кейбір ойдың астарында өткен дәуірдің шындығын айтқан авторлық батыл көзқарас байқалып қалады. Мәселен, аспиранттар арасында қазақтың революцияға дейін қаншалықты сауатты болғаны төңірегінде дау туады. Халел дейтін аспирант былай дейді: «Ал енді, революцияға дейін қазақтан өзге халықтарды сауаттылығы қанша процент болды екен? Орел мен Курскі губернияларындағы мұжықтар жаппай сауатты еді дегенді мен Тургеновтен де, Толстойдан да оқығам жоқ» [4,59].
Қорыта келе, М.Мағауин көркем образ, адам концепциясы төңірегінде жаңаша көзқарас қалыптастырып, тың ізденістерімен «Көк мұнардай» роман тудырды. Романында жаңаша тұрпатты Едіге және басқа да кейіпкерлер бейнесін сомдап, қазақ әдебиетінің дамуына үлес қосты демекпіз.
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
1. Галанов Б. Живопись словом. – Москва: «Советский писатель», 1974. 344 бет
2. Атымов М. Қазақ романдарының поэтикасы. – Алматы: «Ғылым», 1975. – 312 бет.
3. Пірәлиева Г. Көркем прозадағы психологизмнің кейбір мәселелері (түс көру, бейвербалды ишараттар, заттық әлем). – Алматы: Алаш, 2002. – 328 бет
4. Мағауин М. Көк мұнар. – Алматы: Раритет, 2004. – 224 бет
Жұпар Жақан,
Қарағанды қаласы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.