Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Тоғыз кітаптың тұсауы кесілді...

24.01.2025 140

Тоғыз кітаптың тұсауы кесілді 12+

Тоғыз кітаптың тұсауы кесілді - adebiportal.kz

22 қаңтар күні Астана қаласында ҚР Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (КеАҚ) жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырып келе жатқан «Ұлы дала» жобасының кезекті тұсаукесер рәсімі өтті.

Шетелдегі қазақ қаламгерлерінің туындыларын жинақтап, бастырып, Атажұрттағы және сырттағы қалың оқырманға ұсынуды мақсұт еткен бұл ілкімді жобаны «Отандастар қоры» КеАҚ-ы ҚР Жазушылар одағының кәсіби тұрғыдағы қолдауымен өткізіп келе жатыр.

Ұлы Дала» – әлемнің қырықтан астам елінде тұрып жатқан қазақтардың мәдени және әдеби мұраларын зерттеу, жинақтау, оларды басып шығару  және көпшілікке таратуды мақсат ететін бірегей жоба. Шетелдерде тұратын немесе бүгіндері арамызда жоқ қазақ қаламгерлерінің шығармашылық еңбектерін Атажұрт Қазақстанда кеңінен танытыполардың тудырған мәдени мұрасын насихаттау – жобаның басты мақсаты.

Биыл үшінші рет өткізіліп отырған жоба бойынша жарық көрген кітаптардың Астана қаласындағы тұсаукесер рәсіміне «Отандастар қоры» КеАҚ басшылығы мен жауапты өкілдері, ҚР Жазушылар одағының хатшысы, әрі Астана филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы, ҚР Парламент сенатының депутаты Ғалисақар Сарыбаев және кітабы жарық көрген ақындар мен жазушылардың ұрпақтары, туыстары, қаламдастары қатысты. «Отандастар қоры» КеАҚ президентінің кеңесшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қалыбек Қобландин мырза іс-шара тізгінін ұстап, жүргізіп отырды. 

Алғашқы болып сөз алған «Отандастар қоры» КеАҚ президенті, «Отандастар қоры» КЕАҚ Директорлар кеңесінің мүшесі Данияр Қадыров бүгінгі іс-шараның маңызы туралы кеңінен тоқталып өтті:

– Құрметті ағайын! Ең әуелі «Отандастар қоры» КеАҚ тарапынан ұйымдастырылып отырған бүгінгі іс-шарамызға уақыт тауып келгендеріңіз үшін рақмет! Шетелде тұратын қандастарды рухани қолдау тұрғысында жүзеге асырылып жатқан «Ұлы дала» сериясы бойынша кітаптар шығару ісі 2023 жылы бастап бастау алған еді. Міне содан бері жиырма шақты кітап толымды тиражбен жарық көріп, еліміздің кітапханаларына және қандастарымыз өмір сүріп жатқан шетелдерге таратылды. Бұл игі үрдіс биыл да өз жалғасын тапты. Сол игілікті істің нәтижесі – бүгінгі өздеріңізбен бірге өткізгелі отырған тұсаукесер рәсімі болып отыр.

Осы бір маңызды да игілікті істі сапалы да лайықты атқару тұрғысында өткен жылы ҚР Жазушылар одағымен бірлесе отырып комиссия құрған болатынбыз. Биылғы жылы осы комиссияның сараптамасына шетелдегі қандастар шығармашылығы бойынша жүзге жуық жұмыс келіп түсті. Мұнда Ресейден, Монғолиядан, Тәжікстаннан, Өзбекстаннан, Қытайдан, Еуропа елдерінен авторлар көптеп қатысқанын атап өткен жөн. Жолданған еңбектердің арасынан жүзден жүйрік дегендей сараптап, іріктеудің нәтижесінде лайықты деп танылған тоғыз кітап баспаға жіберілген болатын. Еңбегі лайықты деп танылған тоғыз автордың туындылары өзіндік мазмұн өрнегімен ерекше. Бүгін қаламгерлердің туыстары мен ұрпақтары келіп отыр. Атап айтқанда Ресей Федерациясындағы Қосағаш қазақтары өмірінен сырт шертетін «Ұрпағың үзілмесін» деректі хикаятының авторы Пионер Мұхтасыров ақсақалдың қызы мен немересі, Монғолияда туып-өскен қаламгер Елеусіз Мұхамәдиұлының ұлы, қарындасы келіп қатысып отыр. Сондай-ақ Өзбекстанда тұратын қандасымыз Жарасқан Мырзамұратов бауырымыздың «Ақиқаттың ащы дәмі» атты жыр жинағының да тұсауы кесілмек. Осында келген өзге де барлық авторлар мен олардың туыстарына қуаныштарыңыз құтты болсын деймін.

Жалпы осы кітаптарды, әдеби шығармаларды шығарудың негізгі мақсаты: Қазақстандағы және сырт елдердегі қазақ қауымының, әсіресе ондағы жас ұрпақтың, қазақ балаларының ұлттық болмысын, бірегейлігін сақтауға, олардың тілінің бұзылмауына, сөздік қорының арта түсуіне бағытталып негізделген. Бұл тұрғыда олардың қолданыс, тұтынысын қамтамасыз ететін ғаламтор, әлеуметтік желілер бар ғой дегенімізбен, шұрайлы де құнарлы тілмен, мол сөз байлығымен жазылған, қолмен ұстап, көзбен көріп әсерленетін кітаптардың орны әрқашан биік. Біздің бұл кітаптарымыз бірден-ақ өз оқырманын табады, руханият жолында игілікті болады деп сенеміз. Кітаптар ҚР Ұлттық кітапханасынан бастап, еліміздегі кітапханаларға, мекемелерге таратылатын болады. Сонымен бірге шетелдегі қандастар шоғырланған өлкелерге де жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Бұл жоба алда жалғасын табады деп сенеміз. Өйткені сұраныстар көптеп түсіп жатыр. Біз шетелдегі қандастарға «Ұлы Дала» сериясымен жарық көрген кітаптарды ғана апармаймыз. Мәдениет министрлігінің көмегімен шыққан басқа да кітаптарымыз бар. Солардың барлығын ұлттық руханиятқа сусап отырған алыстағы ағайындарға жеткізуге бар күшімізді салатын боламыз. Рақмет, сіздерге! Құтты болсын!

Дәулеткерей Кәпұлы, ҚР Жазушылар одағының хатшысы, ҚР Жазушылар одағы Астана филиалының директоры:

– Армысыздар, орта толсын! «Ұлы дала» жобасының өткен жылғы тұсаукесерінде бір топ қаламгерлеріміз болған еді. Сол қаламгерлер қатарынан бүгін ортамызда Қаржаубай ағамыздың жоғы өкінішті. Бұл жоба бойынша әрине біршама талқылаулар, сараптаулар болды. «Ұлы дала» – алда жалғасын табуы тиіс өте дұрыс, жақсы жоба. Өйткені Рамазанұлы айтқан шекараның сыртында қалып қойған қазақтардың қаншама тарихы бар, әдебиеті бар. Олар – ортақ ұлы қазақ әдебиетіне қосылатын қайнар бұлақтар ғой. Қосағаштық Пионер ағамыздың кітабы дегенде мына бір мәлімет еске түседі. Яғни мынау Катонқарағайдан ары қарай Аршатыдан Жазатырға дейін салт атпен желдіртіп кеткенде жетпіс-ақ шақырым жер – қазақтың жері болған күні кеше ғана. Мұндай дүниелердің маңызы зор. Сондықтан қазақ кешегі тарихын да ұмытпай, өткенін бүгінімен астастыра, әрдайым ұрпағының санасына сіңіре отыруы тиіс. Осы тұрғыда да бұл – өте қажетті жоба. Өйткені тағдыр болған жерде тарих болады. Бұл жобаны сол тарихымызды түгендеп отыруға мүмкіндік жасап жатқан «Отандастар қорының» бұл ісін қандастар жасаған тарихқа деген үлкен қамқорлық деп білемін. Конкурс ретінде Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесе жасалып отырған жобаға былтыр да өзіміздің ойымызды айттық. Конкурс болғаннан кейін үміткерлер өте көп. Көп шығарма келіп түседі. Бұл жерде оларды кәсіби тұрғыда сараптайтын адамдар бар. Сондықтан күдік-күмән тумаса керек.

Қытайдағы қазақтардың сол жерде жасаған әдебиеттің өкілдерінің, мәдениет қайраткерлерінің, болмаса Монғолиядағы қазақ әдебиеті өкілдерінің, тәуелсіздікке ғұмыры жетпей кеткен үлкен қаламгерлердің сол жақта қалып қойған сүбелі шығармалары бар. Бұл – Ресейдегі, Өзбекстандағы қазақтар әдебиетіне де, Еуропаны аралап тарыдай шашырап кеткен қандастарымызға да ортақ жағдай. Сондықтан да бүгінгі жаһандану заманында осының барлығы ұмыт болып қалып қоймай тұрғанда жинақтап, жарыққа шығару – дұрыс қадам. Себебі, біз – тарихи, мәдени, әдеби тұтастықты көксеген уақытта бүгінімізді де, ертеңімізді де ойлап отыратын елміз. «Ұлы дала» – осы мақсатты орындаудағы аса қажетті жоба. Конкурсқа келіп түсіп жатқан дүниелерге қойылатын талаптар тұрғысында айтқанда, біртұтас қазақты бөлшектемей бүтіндеуге үндейтін, мазмұны терең, жазылған тарихы шынайы болуы керек, оны қарайтын комиссия мүшелері де осыған баса мән береді. Көркемдік деңгейі тұрғысында бұл жолы да Қазақстан Жазушылар одағынан енген және «Отандастар» қоры тарапынан ұсынылған комиссия мүшелері туындыларды іріктеу барысын әділ, дәл анықтап жүргізді деп ойламын. Сондықтан жоба құтты болсын! Бұл жыл сайын жасала беретін және қазақтың руханиятына қуат қоса беретін жоба болсын! Баршаңызды құттықтаймын!

Қазақ мәдениетінің жанашыры ретінде танылып жүрген ҚР Парламент Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев мырза тұсаукесер рәсіміне келген қауым алдында болашақта да осы бағытта бірлесе жұмыс істейтіндігін айтып өтті:

– Құрметті бауырлар, құрметті Данияр Рамазанұлы! Біріншіден, бүгінгі «Ұлы дала» сериалы бойынша шығарылған кітаптардың тұсаукесерімен барлықтарыңызды шын жүректен құттықтаймын! Жаһандану кезінде кез келген мемлекет өзінің тілін, ділін, дінін таза ұстауға тырысады. Жаһандану дәуірінде өзінің бірегейлігін сақтап қала алмаған мемлекет жер бетінен жойылып кетеді. Ол – өмірдің ащы шындығы. Сол себепті мемлекет, ұлт әрекет жасауы керек. Мына шығарылып жатқан кітаптарды – осы тұрғыда жерге түскен дән деп түсінуіміз керек. Егер ол біреудің жүрегінен шықса, дән дұрыс түссе, биік те мәуелі ағаш болып өседі. Ұлт руханиятына сая болады. Сондай-ақ шетелдегі қандастарымыздың шығарып жатқан кітаптарында біздің ана тіліміздің сөздік қорында сирек кездесетін сөздер молынан ұшырасады. 

Яғни осы тұрғыдан да шетелдегі қазақтар жасаған әдебиет бізге керек. Сондықтан да әрбір орайлы сәтте осындай елге, руханиятқа пайдалы нәрселерді ойластырып жүруіміз керек. Мен жазушы емеспін. Жай ғана халық қалаулысымын. Ұлт руханиятының жоғын жоқтасам деген азаматтардың бірімін. Осы тұрғыда «Отандастар қорымен» бірге жұмыс жасап жүрген жайымыз бар. Қандастарымыздың жүрекжарды сөздерін, барып кездесіп жүргендегі олардың айтатын мәселелерін заң шығару үдерісінде ескере отырып, оларға көмектесіп, кішкене болса да қолғабыс тигізсек дұрыс болады деген ойда жүреміз. Бүгінгі жарық көріп, тұсауы кесіліп жатқан шығармаларыңыз біздің болашақ үшін, тарыдай шашырап кеткен халқымыз үшін қажет. Сол шетелдердегі азаматтардың біреуі көңіл қоя оқыса, қаншама адамның жүрегіне жетеді, рухын көтереді. Біздің қазақ елінің қонақжайлығын, көңіліміздің дарқандығын түсінері сөзсіз. Мен әрқашан «Отандастар қорына» тілектес болып келемін. Өзімнің білімімді, тәжірибемді қазақтың саяси бірлігінің тұтастығына, жетістікке жетуіне арнауды парыз деп білемін. Сырт дұшпаннан аман болу, шаңырағымыз биік, іргелі ел болу тұрғысында біз әлі де бірігіп көптеген жұмыстар жасаймыз деп білемін. Сол себептен сіздердің еңбектеріңіз бізге керек. Құтты болсын! Әрқашан аман болыңыздар!

Ақын, айтыскер, Егеухан Мұхамәдиқызы сөз алып, өз атынан, кітабы жарық көріп жатқан ағасы Елеусіз Мұхамәдиұлының отбасы, туыстары атынан алғысын білдірді:

– Баршаңызды қош көрдік, халайық! Қасиетті сөз өнерінің арқасында бүгін о жақтағы, бұ жақтағы қазақтарымыз мұнда жиналып отыр. «Өнерде шекара жоқ» деген – рас. «Үлкен үй ұрпағы үшін алаңдап отырады» дегендей, шетте жүрген шерменде қазақтар арасынан шыққан қаламгерлердің жазған-сызған дүниелерін қарашаңырақ Қазақстан әрқашан алаңдап, елеп-ескеріп отыратыны белгілі. Қай жерде қандай қазақ бар, олардың арасында қандай өнер адамы жүр дегенге көңіл аударып отырғанының нақты бір айғағы – бүгінгі «Отандастар қоры» тарапынан ұйымдастырылып отырған іс-шара деп білемін. Өте қуаныштымыз. Өйткені мынау өмірде бір елеулі бақыт бар. Ол – өзгелер үшін еңбек ету. Шетте жүрген қазақтар үшін, басқа қаламгерлер үшін, андағы-мындағы ұрпағымыз үшін еңбек етіп, олардың шығармашылығын жинастырып, кітап болдырып басып ұсынып отырған «Отандастар қорына» мың да бір рақмет! 

Қорды бастап отырған азаматтарға кітаптары жарық көрген авторлардың туыс-туғандары атынан көптен-көп рақмет айтамыз. Қай жерде жүрсе де қазағым аман болсын! Бүгін біздің жүрегіміз жарыла қуанып, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай күй кешіп отырмыз. Менен екі жас үлкен ағам Елеусіз Мұхамәдиұлы – романист жазушы еді. 

Қалмаушы едің үлкендерді жағалап, 

Қалмаушы едім мен де: «Екей ағалап», 

Көл бетінде көкжал толқын бұрқанса, 

Қолтығыңа тығылушы ем паналап, - 

деп алдымда пана тұтқан ағамның «Өрікті көл» кітабы жарық көріп отыр. Өмірде елгезек, еңбекқор адам еді. Шығарма жазып отырғанда айналасындағы адамдар не айтып отыр, не істеп отыр – онда шаруасы жоқ, өзі бір терең әлемге сүңгіп кетіп, қаламын серік еткен адам болатын. Бүгін сол ағам қайта тіріліп келгендей болып, қатты қуанып тұрмын. Барлықтарыңыз аман-есен болыңыздар! Ұрпақтар сабақтастығы жалғаса берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Сұраған Рахметұлы да өзінің жүрекжарды лебізін білдірді:

– Қадірлі ағайындар! Отанға оралған екі жылдың көлеміне өзім куә болғандай, «Отандастар қоры» өзінің бүгінгідей мақсатты іс-әрекеттері арқылы шетелдегі қазақтар жасаған әдебиетті насихаттауда үлкен белеске көтерілді деп есептеймін. Және де бір айтарым: қазақ әдебиетінің белсенді де, ынталы оқырмандары, қазақ руханиятын осы заманда сақтаушыларының үлкен шоғыры шетелдерде өмір сүріп жатыр. Осыған орай шетелдегі қазақ әдебиеті туындыларын жинақтап, жарыққа шығаруға көңіл бөлу – Атажұрттан сол елдерге барып қызмет істеп, ол елдердегі қазақтардың өмірі мен салт-дәстүр, әдебиеті жағдайын тікелей сезініп келген азаматтарға тікелей қатысты ма деп ойлаймын. Себебі, «Отандастар» қорының басшысы Данияр Рамазанұлы мырза мен кеңесшісі Қалыбек Қобландин мырза екеуі де кезінде Қазақстанның Монғолиядағы елшілігінде басшылық қызмет атқарды. Бұл азаматтар сол қызмет істеп жүрген кездерінде Монғолиядағы қазақтардың рухани тыныс-тіршілігін етене сезінді. Мінеки, сол сезінудің арқасы да болар: осы сериямен шыққан кітаптар арасында өткен жылы да, биылғы жылы да Монғолиядағы қазақ қаламгерлерінің туындылары көбірек болды. Бұған біз де ризамыз, азаматтарға көптен көп рақмет! 

Осы ретте айтарымыз: Монғолияда туып-өскен қаламгерлердің осы жолы жарық көріп жатқан бес кітабының арасында сүбелісі – Елеусіз Мұхамәдиұлының «Өрікті көл» туындысы. 1912 жылы Монғолиядағы қазақтардың басынан өткен Жалама қырғыны немесе Дамбийжанцан атты қалмақтан шыққан баскесердің Қобда бет қазақтарынан бас көтеріп қарсы келген азаматтарды тірідей сойып, тері тұлыбын өзгелерін қорқытып-үркіту үшін алып жүрген оқиға жайында бірнеше туынды жазылды. Сол қанды көште болған, барлық оқиғаларды көзімен көрген Таңқай Нәжікешұлының «Ел айдалған» атты поэмасы болған. Бертінде жазылған және осы тақырыптағы туындылардың ең елеулісі – ұлы жазушы Мұхтар Мағауиннің «Кесік бас, тері тұлып» хикаяты. Осында отырған зерттеуші, жазушы Бекен Қайратұлының «Жалама айдаған жылдар» атты кітабы да шыққан болатын. Мен де осы тақырыпқа біраз атсалысқан едім. Жалпы Жалама қырғынына қатысты әрі ең алғашқы көркем әдеби туынды – Елеусіз Мұхамәдиұлының «Өрікті көлі». Өте тамаша туынды. Бұл кітаптың жарық көруіне себепкер болып отырған «Отандастар» қорына көптен көп рақметімді айтамын!

Монғолия қазақтары әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Құрманхан Мұхамәдиұлының баласы, талантты жазушы, ақын, журналист Баман Құрманханұлы деген азамат болды. Ол кісі де өмірден ерте озды. Қаламгердің соңында аяқтап үлгермеген романы қалған болатын. Жазушының сол еңбегі, «Ай тағалы арғымақ» кітабы шығып жатыр екен. Қуаныштымыз.

Шынын айтқанда Монғолияда тұратын қазақтардың шығармашылығынан екі жылда он бір-он екі кітабын әдеби айналымға енгізу – бұл аз олжа емес. Әлі де үміттіміз. Монғолия қазақтары әдебиетінде үлкен орны бар Имашхан Байбатырұлы деген өте талантты ақын болған. Ол кісінің де туындылары келесі жылдары жарық көрсе игі еді дегене үмітіміз бар. Жалпы қара шаңыраққа, өздеріңізге, текті оқырмандарға, шеттегі қазақтардың руханияты өлмеуіне алаңдап отырған азаматтар атынан алғыс айтамыз. Аман-сау болыңыздар, ортақ қуанышымыз құтты болсын!

 Бүгінгі тұсауы кесілетін туындыгерлер арасынан «Ақиқаттың дәмі ащы» кітаптың авторы Жарасқан Мырзамұратов сөз алды:

Мен Жарасқан Ишанұлы Мырзамұратов, Өзбекстан Республикасы, Науаи облысы, Кенимех ауданында тұрамын. Бала күнімнен шығармашылықпен айналысамын. Оқуымды Атажұртта жалғастырып, Шымкент қаласындағы Халықтар достығы университетінде қазақ тілі және әдебиеті мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Еңбек жолымды туып-өскен ауылымдағы мектепте қазақ тілі және әдебиеті мұғалімі болып бастадым. Бұдан соң журналистік қызметке ауысып, 2013 жылдан бастап аудандық «Кенимех таңы» газетінде тілші болып жұмыс істеймін. Осыған дейін авторлық бірнеше кітабым Өзбекстанда жарық көрді. Атажұртымызбен әрдайым тығыз байланыстамыз. Қазақстанда өткен бірнеше рет жыр мүшәйраларына қатысып, жүлделі орындарды иеленген болатынмын. 2024 жылы «Ұлы дала» халықаралық байқауына қатысып, өз бағымды сынап көрдім. Таңдап алынған тоғыз кітаптың ішіне менің де еңбегім еніп, кітап болып шығып жатқанына қуаныштымын. Жобаның ұйымдастырушылары «Отандастар қоры» мен Қазақстан Жазушылар одағына айтар алғысым шексіз. Байқау жалғасын тауып, шетелдегі қазақ ақын-жазушыларының еңбектерін атажұртпен байланысуына себепкер бола берсін!

Бұдан соң кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті. «Отандастар қоры» КеАҚ-ның «Ұлы дала» жобасы бойынша 2024 жыл бойынша мына кітаптар жарық көрді:

1. «Қобданың қоңыр желі» – Рысбек Зұрғанбайұлы (Монғолия).

2. «Үркер ауып барады» – Зүлкәпіл Мәулітұлы (Монғолия).

3. «Тәжікстандағы қазақтар» – Абдусаттар Нуралиев (Тәжікстан).

4. «Ақиқаттың дәмі ащы» – Жарасқан Мырзамұратов (Өзбекстан).

5. «Кімді кінәларсың...» – Ербақыт Нүсіпұлы (Монғолия).

6. «Ұрпағың үзілмесін» – Мұхтасыров Пионер Солтанович (Ресей).

7. «Қарасу жырлары» – Лала Жүнісқызы Жұманова (Өзбекстан).

8. «Өрікті көл» – Елеусіз Мұқамәдиұлы (Монғолия).

9. «Айтағалы салт атты» – Баман Құрманханұлы (Монғолия).

Іс-шараның қорытындысында ҚР Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қоры» КЕАҚ басшылығы мен Қазақстан Жазушылар одағы өкілі «Ұлы дала» жобасының биыл да жалғасатынын мәлімдеді. «Ұлы дала-2025» халықаралық байқауына өтінім қабылдау басталды. Ендеше осынау игілікті жобадан сіз де қалыс қалмаңыз, шетелде тұратын қандас қаламгер! 

 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар