Айым Алтайқызы. Бір миллион теңге (әңгіме)
Бөлісу:
Қаланың кіре бересінен келістіріп тұрып қос қабатты үй салып еді. Бала-шағасы бұрқылдап шыға келді. «Мектепке алыс, маңайында қызық ештеңе жоқ, қаланың ортасына қыдырғымыз келеді» деп қиғылық салды. Әйелі де балаларды бақшаға тасуға қиналып, «көлік керек, онда да бас-басымызға бір-бір көліксіз болмайды» дегенді шығарды. Оған да ренжи алмайсың. Бала-шағаның қамы… Сәнденіп кіріп-шыға қоятын салтанатты жер айналада жоқ. Әйел болған соң баяғы бұлаңдап өскен қаласын, қыз-қыз қайнаған тіршілігін сағынатын сияқты. Әйтеуір, жарқыратып үй салып бергеніне қуанған кейіп танытқанымен, жұбайының да қабағынан кірбің кетпей қойды.
Ақылбай аң-таң. “Апыр-ау! Мұндай да болады екен”. Өзіміз сылағы түсіп қалған сабан үйде өссек те, бір жағыңда көмір, бір жағыңда қиды қойып, жер ошақтың түбінде жатсақ та бұлай бұлданбаппыз. Әкетай әдемі үй салып бергеніңе рахмет дейтін біреуі жоқ!” деп іштей құлазып қалатыны бар.
Ақыры, әупірімдеп жүріп көлік алудың қамына кірісті. Кредит беретін банктердің есігін қаға бастады. Үй салуға алған несиесі мойнында қыл арқандай әлі тұр. Бірақ, бір үңгірге кіріп алып, бұқпантайлап жата беретін заман емес. Ары-бері қатынау керек. Көлік керек. Өтелмеген қарызы көп болған соң кредит алудың шаруасы шешіле қоймады. Сөйтіп, енді не болар екен деп жүргенде, автобус аялдамасының қаңылтыр қабырғасынан бір хабарландыруды көзі шалды.
«Қой бағатын адам іздейміз. Жалақысы - 1 000 000»
Ақылбайдың жанары жарқ ете қалды. Миллион деген санды көргенде «бес ай істесем тәуір машина алатын ақша ғой» деп есепке жүйрік санасы суырыла сөйледі. «Адамдар жаппай білім-дүние қуып қалаға қашқанда, менің далаға қашқаным қай сасқаным? Үйді қайтем? Балалардың сабағы ше? Айзат та көне қоймайды-ау мұндайға. Шаһардан шеттеп қалдық деп шытынап шаққа жүр емес пе? Қой, қой баққан не теңім?» - деді тағы іле шала.
Бір қазанда сыйыспаған екі қошқардың қос басындай тағы бір ой ойран салды:
«Қой баққанға намыстанатын сенікі не көкірек? Қарызың болса анау. Қара жаяусың. Балаларды ертең оқуға түсіру керек дегендей. Қаланың кептелісін, артынып-тартынған тіршілігін, түтінге тұншыққан көшесін қимай тұрсың ба? Бүкіл ата-бабаң қой бағып күнін көрген. Керек десең пайғамбардың өзі қой баққан. Содан Құдайдың алдындағы дәрежесі кеміп қалды дейсің бе? Кері тартпа. Қолдан келсе, қонышынан бас. Әйел, бала-шағаны бір жақты қылуға болады».
Осы екі ой кезек-кезек суырылып шығып, санасында біраз бүлік салды. Ақылбайды сынайын дегендей хабарламаның аялдамада ілініп тұрғанына бүгін тұп-тұра жетінші күн. Сол жеті күнде де ол дөңбекшіп дұрыс ұйықтай алмады. Бір жағы бала күннен қыр-сырына қанық болған соң, қой бағуды қолайлы кәсіп көріп тұр. Екінші жағынан, қаланың қым-қуыт тіршілігінен шалғайға барып, шаршағанын баспақшы. Оны да аз олжа десеңіз, еңбекақысын ойлай беріңіз. Ақылбайдың қазір істеп жүрген зауыты ондай ақшаны өңінде бермек түгіл, түсінде де көрсетпейді. Сварка жасаймын деп көру қабілеті нашарлап бара жатқаны тағы бар. Сондықтан, таза ауа, кең дала керек болып жүрген көңіліне – қой бағу деген хабарландыру жағып барады.
Таразының екі басында текетіресіп тұрған ойлардан осы соңғысы жеңіп шықты.
Әйелі жұмыстан, балалар сабақтан келіп, абыр-сабыр дастархан басына жиналған уақытта Ақылбай сөз бастады.
- Мен сендерге бір жаңалық айтайын деп тұрмын!
- Машина алуға кредит берді ме? - деді Айзат шәйнегін қоя салып.
- Қалаға көшеміз бе? - деді үлкен қызы жалт бұрылып.
- Мегаға апарасыз ба? - деді кенже ұлы сұраулы жүзбен.
- Жоқ! Одан да күшті. Мен жақсы бір жұмыс таптым. Айлығы қанша десеңдерші. Бір миллион!
Балалар сол миллионды тап қазір біреу аспаннан жаудыратындай мәз-мейрам. Тек Айзат қана аң-таң.
- Ол не жұмыс сонда? Вахта ма?
- Солай десе де болады. Барып жарты жылдай істеп келеміз.
- Істеп келеміз деген несі? Бәріміз баратын жер ме немене? - деп Айзат бірдеңеден секем алғандай тесіле қарап қапты. Қасы-көзі қап-қара келіншегінің мұндай көзқарасы жақсылықтың нышаны емес екенін білген Ақылбай айтайын деп тұрған сөзінен жаңылды да қалды.
- Ой бір. Ожыраймай тыңдасаңшы әуелі. Әнеукүні бір хабарландыру көріп қалдым. Көрші ауылда бір байдың малын бағатын қойшы керек екен. Айлығын жаңа айттым. Жаңалығым - сол. Құйшы шәйіңді…
Айзат шай құятын кеселерді салдыратып сөреден алды да айтар сөзін бастап кетті. Қиғаш қара қастары жиырылып, екі ұрты томпайып, аса кейісті үнмен бірдеңелер айтып жатыр. «Қатарымыздың бәрі шет елге көшіп, қос-қостан квартира алып, балаларын жақсы жерге оқытып, алға озып жатқанда малшы болам дегенің қай сасқаның» - дейді. «Әзілің шығар!» - дейді. Ел-жұрт естісе не дейді, төркінімнің құлағына жетпесін. Қайдағыны айтпа, қой бағу бізге қол емес. Ақ қар, көк мұзда, аптап ыстықта маңыраған мақұлыққа қарап жүруді жақсы жаңалық деп тұрсың ба? Ойланбай айта салғаның шығар. Шайымызды ішейікші, құрсын» - деп барып тоқтады.
Ақылбай енді түсін жылытып:
- Мен де көре салып жетіп келгенім жоқ. Көп күн ойланып-толғанып осындай шешімге келдім. Өмір бойы қой баққалы тұрғам жоқ. Бірнеше ай барып істеп көреміз. Қол емес болса қайтып келерміз. Үйіміз бар. Одан да, кім барып, кім қалатынын ақылдасайық та.
- Қой баққанның несіне қызығып тұрсың, папасы? Өзің-ақ бара берші. Бізді жылы орнымыздан қозғамай.
- Осы үйді жатсынып, жақтырмай жүр едің. Қаладан жырақ дедің. Енді жылы орның бола қалды ма? Менің қасыма қолдап бірінші сен баруың керек қой.
- Мен бе? Менің салоным ше? Қой ауылда текенің тұяғын бояп, жүн қырқамын ба?
Балалар әке-шешесінің арасында үлкен кикілжің басталғанын біліп, қолдарына бір-бір тәттісін ұстап кетіп қалуға ыңғайланып еді, Ақылбай:
- Бастарыңды ала қашпай отырыңдар, түге! Жалғыз менің қамым емес. Сендер көлікпен қатынасын, сендер аш болмасын, осылар қатарынан қалмасын деп қойшы болғалы отырған жоқпын ба? Барға қанағат, жоққа сабыр қылған емессіңдер. Анау жоқ, мынадан кембіз, осыларға жете алмай қалдық деп айтасыңдар да отырасыңдар. Ал енді соған жеткізейін деп отырмын. Неге кері тартасыңдар?
Бәрі тегіс үндемей қалды. Айзат қана қабағын төмен салып, бірдеңелерді білдіртпей күңкілдеп айтып отыр.
Бұл жанжал ұзаққа созылды. Әр шыныда суыған шаймен бірге, осы үйдің берекесі бірге суып бара жатқандай еді. Ақылбай ақыл тапты:
- Қызым, сен қалада немесе басқа елде оқығың келеді ғой?
- Иә, папа.
- Грандқа түскен күннің өзінде жақсы киініп, жаңа жатақханада тұрып, ақша жаратып жүріп оқығанға не жетсін?
Қызы басын изеді.
- Ал, Айзат сен айтшы. Көлік керек деп жүрген өзің емес пе? Менің де, сенің де айлығың ішіп-жемнен, қарыздан артылмай жатыр. Жақсы машина арзан тұрмайды. Білесің. Енді жоғымызды түгендеп алғанша ауылға барып, қой қарағанда тұрған не бар? Біздің не тірлік істеп жүргенімізді өздерің интернетке салмасаңдар ешкім де білмейді. Арланатын алаяқтық емес. Жасырынатын жемқор да емеспіз. Менің айтарым осы, - деп дастарханнан тұрып кетті.
Осы сөзден соң үрпиісіп қалған үй іші “қой бағу” дегенді енді түсінгендей бас изеп қала берді.
Бұдан соң үлкен қызы қаладағы интернаты бар мектепке ауыса алатынын айтты. Кенже ұлдарын өздерімен бірге қой ауылға алып кетулеріне болады деп шешті. Айзат салонына ие бола тұратын қыздар табам деді. Ақылбай ертең зауыт басшылығымен сөйлесіп, басқа жұмыс тапқанын айтпақшы. Осылайша, бір кеште бұл отбасының жоспары жедел өзгеріп шыға келді.
Ертесі Ақылбай автобус аялдамасында тұрған хабарландыруда көрсетілген номерге қоңырау шалды. Өзімен жасы шамалас ер адам әлі қойшы таппағанын, отбасымен келсе тіпті жақсы екенін, үй-жайды көруге ертең көруге болатынын айтты. Ақылбай көңілденіп жазуын жел өшіріп, әр жері ұмар-жұмар болған хабарландыру қағазын қалтасына сүңгітіп жіберді. Жұмысқа барып, бастықпен сөйлесуді де ұмытқан жоқ. Айзат болса салонға қарай тұратын лайықты адам іздеп көп құрбысына қоңырау шалды. Үлкен қызы сынып жетекшісімен сөйлесіп, интернатқа ауысатынын айтты. Кешкісін бұл шаңырақта тағы жиналыс болды. Әркім бүгін бітірген шаруаларын жіпке тізе бастады. Енді осы қос қабатты шағын үйге кім қарауыл болады деген сауал тұрды.
- Әмина, қалтамда телефоным тұр. Бері әкелші, қызым. Ағайындардың біреуіне өтініш жасайын.
Қызы столдан ұшып түрегеліп, әкесіне зауыт эмблемасы бейнеленген сырт киімін алып келді. Кімнің болса да қалтасына қол салмайтын әдеті.
- Ой ашып ала бермейсің бе? - деп Ақылбай күртенің қалтасын ақтарып, телефон мен оған ілесе шыққан хабарландыру қағазын үстелге қойды.
- Ал, көзің көрсе мына контактының ішінен «Жүке» дегенді тауып берші - деді қасындағы куртка көтеріп тұрған қызына.
- Ужас! - деді қыз қолындағысын орындық арқалығына қоя салып. «Мынаны қараңыздар!»
Қыз үстел үстінде жатқан хабарландыру қағазын қолына алды. Бәрі не сұмдық болғанын түсінбей Әминаға таңданып қарайды.
- Не болды, нені қараймыз? - деп Айзат қызының қасына жетіп барды.
- Папа, мына жерде «Қой бағатын адам іздейміз. Айлығы - 100 000» деп тұр ғой.
-Масқара! Миллион дегенің қайда? - деп Айзат қағазды қолына алып қайта көрді.
Артынша Ақылбай да қарады. Миллион емес. Жүз мың деп тұр екен
- Мүмкін емес!
Әмина тырқылдап тұрып күліп алды. Айзаттың ашудан екі көзі шытынап кеткелі тұр. Бір сөз айтса жылап қалатын сияқты. Ақылбайдың өңі қуарып кеткен. Бала-шағасынан ұялып жерге кірердей болып отыр.
- Әй, менің көзім жөнді көрмейді ғой. Білесіңдер. Сваркіден ғой бәрі. Бұйырмаған шығар, жә. Шайымызды ішейік - деп жуып-шайған болды.
Бәрі үн-түнсіз тамақтарын ішті. Айзат сыртқа білдермесе де, күйеуінің алаңғасырлығына іштей бұлданып отырғаны байқалады. Тек балабақшаға баратын Әли ғана ештеңеден хабарсыз. Қасығын жалап жайбырақат отыр.
Осыдан соң Ақылбай қой бағам деген сөзді аузына да алған жоқ. Кешегі номер қайта хабарласып еді, тұтқаны көтермеді. Айзат күйеуін келемеждеудің реті келсе де, басын шайқап үнсіз қалатын болды. Оның осы үнсіздігінің өзі Ақылбайды табалап, жас баладай аңғалдығын жазғырып тұрғандай ауыр тиетін. Балалар бұл жағдай болмағандай жүре берді. Есесіне, «анау жоқ, мынау жоқ, бәлен-түген алып бер» деулері азайды.
Автобус аялдамасының қаңылтыр қабырғасырда Ақылбай жұлып алған хабарландырудың кішкентай қиығы әлі жабысып тұр. Сол қиындыда бір миллионның түсіп қалған бір нөлі бар екенін ешкім білмеген еді.
Автор туралы қысқаша мәлімет
Махаева Айым Алтайқызы – Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде білім алған. Педагогика ғылымдарының магистрі. Балаларға арнап заманауи ертегілер жазумен, поэзия және проза жазумен айналысады. 2024 жылы қазақ қызының бүгінгі келбетін кестелеген «Ақзер» атты тұңғыш кітабы жарық көрді.
Бөлісу: