Өткен ғасырдың екінші жартысында қазақ поэзиясына өзіндік жаңалығымен келіп, модернизм бағытында батыл эксперименттерге барған талантты ақын Омарғазы Айтанұлы шығармашылығы жайында жазылған байыпты талдау мақаланы ұсынып отырмыз.
І. ОМАРҒАЗЫ ПОЭЗИЯСЫ ТУРАЛЫ ДАҚПЫРТ
Қытайдағы қазақ поэзиясының да талай саңлақтары болды, біз бәрін жіпке тізбей-ақ, солардың бірегейлерінің бірі – ақын, жазушы, драматург, сыншы Омарғазы Айтанұлы болды дер едік. Қытайдағы қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар көрнекті ақын әрі Омарғазы шығармаларының жанкүйері Сәли Садуақасұлы: «Омыкең поэзияның өскелең биік мәдениетін толық игерген әрі еліміз жаңа заман қазақ поэзиясында өз бетімен жаңалық ашқан ақын» дейді. Расында Омарғазы қиялының көкжиегі кең, шүңеті терең, алымды да, қарымды, ойшыл ақын. Әсіресе, оның «Омарғазы поэзиясы», «Омарғазыша өлең» құрлысын қалыптастыруы үлкен талант пен еңбектің жемісі болуға тиіс.
Омарғазыша өлең тек Қытайдағы қазақ поэзиясында ғана белгі болып қалған жоқ, бүгінде еліміздегі жас ақындарға ықпалын тигізіп, өлең құрлысы жағында ізденуіне де жол ашып берді. Бірақ өткенге көз жіберсек, Омыкең Қазақ еліне тек бүгін емес, жарты ғасыр бұрын да танымал бола бастаған екен.
1957 жылдың күзінде қолына түскен Омарғазының «Менің шығысым» атты дастанының қолжазбасын оқыған көрнекті ақын Мұзафар Әлімбаев былай депті: «Шынымды айтсам, мен лепті поэзияның, өктем дауысты поэзияның ауылынан алыс қонған адаммын ғой. Менің ақындығым майда қоңыр, әндерге көбірек ұқсайтын болар... соның өзінде де соныны сонылаған автордың сөз сілтесі, серпіні мені еліктетті, еліктірді, сол күнгі түйген ойымның өзегі: қазақ поэзиясына төлтума дастандар өзгелерге атымен ұқсамайтын тынысы мен тумысы бөлек ақын келген екен, үйреншікті өлшемге яғни қазақтың қара өлең шеңберіне сыймай бұлқынған, екі иығымен кезек осып-іреп өзіне жол ашқан бір бұла күш көзге елестеді...». Мұзафар Әлімбаев және де: «Омарғазы Айтанұлының «Менің шығысым», «Табиғат философиясы» атты туындылары кезінде ұстаздық рөл атқара дүниеге келген дастандар болды» - дейді.
Бұдан нені түсінуге болады? Біліктілердің мұнан келешек қазақ поэзиясында үлкен адымдар болатынын аңғарғанын көруге болады. Өкінішке орай осыдан кейінгі жылдарда қазақ поэзиясының бір үлкен бұтағы болған Қытайдағы қазақ поэзиясы белгілі себептермен шегара сызығының ар жағында қалып қойды. Омарғазы поэзиясы да сонда тұнып қалды.
Қазақ поэзиясындағы осы бір алыптың (мейлі біреулер мойындасын, не мойындамасын) өзіне немесе өлеңдеріне түбеселі баға беруден аулақпыз. Тек өз әлімізше жорамал айтамыз. Омарғазы поэзиясының сыртынан тамсанушылар да, оны жақатпай сан-саққа жүгіртушілер де жеткілікті. Әсіресе, ақын Қытайдағы қазақ поэзиясында бұл өткелекті басынан кешірді. Әдеби үрдісті түсінетіндер кейде іштей болса да мойындады. Түсінбейтіндер сауатсыздығым білініп қалмасын дегендей күймен сырттай жалқаулау шапалақ соқты. Бірақ, 40 жылдық ізденістерінің нәтижесі Омыкеңді өз биігіне отырғызды.
Омарғазы поэзиясының жеміс бере бастаған, нығайған, толысқан кездерін екі мезгілге тұрақтандыруға болады. Оны өзінің сұхбаттарында да дәлелдей түседі: Бірі – 1950 жылдардың соңын ала; Енді бірі, 1978-1980 жылдардан кейін. Аралығында ақын қаламын тоқтатпаса да, түрлі солақай саясаттың қақпайына ұшырап, 20 жылдай толыққанды шығармашылыққа бара алмады.
Бірінші мезгіл, ақынның түбеселі шетел әдебиетін үйренуге бет бұрған кезі. Ол тілшіге (журналист Ахан Кәрменұлы) берген сұхбатында: «Мен әдеби жасампаздықтағы жемісті жылдарым қай мезгіл болды дегенді ойлап көрмеген екенмін. Бір нәрсені қайталап айтайын. 40 жылдың алдында менің жазған дастандарымның бірі – жаңағы айтқан «Табиғат диалектикасы», енді бірі – «Найзағай», енді бірі – «Менің шығысым». «Менің шығысымды» мен 1956 жылдың соңында жаздым. Бұл:
Шығыс,
дүние шығысы,
менің шығысым!
Мен шығыс шатқалдарының қоңыр аюымын
қызыл тікен үңгірін аралап жеткен.
Есімімді фантазия авторларынан сұра,
фамилям «Бейжің синантроптары» заманында өткен, -
деп басталушы еді..
38 жылдың алдындағы осы шығарманы мен әлі де жақсы көремін, кейбір жағдайда сол өреден мен өстім бе? Оны да кесіп айта алмай қаламын... 1955 жылдан кейін мен бүкілдей шетел әдебиетінен үйрендім... сонда алғашқы жемісті жылдарым 1956, 1957 жылдарға тура келді», - дейді. Қарап отырсақ, Омыкеңнің қаламынан жаңағы аталған дастандардан тыс: «Қыс», «Махаббат», «Египет жыры», «Шығыс романтикасы», «Қызыл бояу» т.б. тамаша өлеңдерді жазған екен.
Екінші мезгіл, тақырып көлемінің кеңейген тұсы. Яғни 1978 жылдардан басталған Қытайдағы әдебиет көркемөнерде болған еркін қоя берсін кездері. Ол өзі де осы тұсты ерекше атап өтеді: «Осы тақырып кеңдігі менің де сәтті туындылар жаратуыма орай болды. Енді жемістіліктің тағы бір жағы бар. Жемісті болудың өзі орайға ғана байланысты емес екен. Орайдан сырт ішкі ізденісің, ішкі мүмкіндігің болу керек», - дейді. Бұл Омарғазы Айтанұлының әдебиет сахнасында өзін сомдаған мезгіл. Шығармашылығының есейген, пісіп-жетілген, толықсыған, қомақты табысқа жеткен кезі. Бұл тұста Омыкең «Құс жолы», «Жайлау сонысындағы жасыл іздер», «Тырналар», «Жасыл көйлек» қатарлы дастандар мен бірге өз стилінде қыруар өлеңдер жазды. Романдар мен драмаларға да қалам тербеді.
Ақын өзінің шығармашылық тарихында өлеңді дәстүрлі әдіспен жазудан бастаған, кейіндеп жаңашылдықты жақтап, еркін өлең түріне бой ұрады, оған шұғыл бет бұрып та кетпеген, біртіндеп бойына тоғытып, көкірегінде пісіріп, жетілдірген. Уақытты белгі етсек 1949-1955 жылдар аралығында таза дәстүрлі ұйқастағы өлеңдермен айналысыпты. 1956 жылдардан бастап өлеңдерінде жаңаша ізденістер байқала бастаған.
Бір қарағанда Омарғазы өлең құрлысына қанықпағандықтан өз сілемі немесе өз ағысымен кеткен ақын спетті сезіледі. Біз 1953 жылдар жазылған «Көктем көркінен», «Таза, мөлдір балбұлақ» өлеңдерін; 1961 жылдар жазылған «Көктегі жазу», «Табиғаттың сөзі» қатарлы өлеңдерге қарайықшы? Бұл өлеңдер ақынның өлең құрлысын жақсы меңгерген, үлкен дәстүрлі өлеңдердің ақыны екендігін білдіреді. Бұл аталған төрт өлеңдегі «Таза, мөлдір балбұлақ»:
Тауды тесіп// тас жарған,
Таза мөлдір// бал бұлақ.
Айна бетін// аспаннан,
Аймалаған// ай құлап.
7 буынды, 2 бунақты шалыс ұйұасты дәстүрлі өлеңдердің құрлысына жатады. Бүкіл өлең ешқандай кідіріссіз бір ырғақпен өріліп аяқтайды. Ал қалған үш өлең өзімізге түсінікті қара өлең ұйқасымен келген.
Омыкең журналист, Қытайдағы Шинжаң телевидениясының тілшісі Ләззат Оразханқызына берген сұхбатында және де: «Мен 1956 жылдың күзінде «Қыс» деген өлең жаздым. Ол былай басталушы еді:
Қыс демінің майда кірпігі
Ақ қоян түгінің мамық ұлпасындай.
Табиғат дастарқанының ақ інжу маржаны
Төгіле түссе екен тағы мың жыл таусылмай!
Бұл өзіміздің бұрынғы қара өлеңге, басқа өлеңге ұқсамайды. Басқаша жол, басқаша ырғақпен түскен өлең», - дейді. Өз аузынан айтқан бұл дерегіне қарағанда, Омыкең жаңаша өлең (еркін өлең) жазуды 1956 жылдың күзінен бастаған болды. Бірақ ақын жаңаша өлең формасына осы бір күні ғана келе қалмағаны да белгілі. Үйткен сұңғыла ақын өлең реформаторы бұндай сынақты бастаудан бұрын іштей дайындықтан өткен болар.
Омарғазы поэзиясының дамуы да, өлең құрлысының кемелденуі де дәстүрлі өлеңдерден дербестене алмайды, қайта оның заңды жалғасы. Ол өзінің жаңаша өлеңге (өлең құрлысына) енуіне халық жырларының, жыраулардың, бұрынғы ақындардың, шетел әдебиетінің ықпалы болғанын мойындайды. Омыкең өзі де: «Мен Қазтуған, Доспанбет жыраулардан да үлгі алдым, жаңа форма жасау үшін Абайдан да үлгі алдым, іздендім. Тұтас қазақ әдебиеті, тұтас әлем әдебиеті менің ұстазым» деген.
Омыкең Ләззат Оразханқызымен болған сұхбатта өзі жаратқан, 40 жылдан бері жалғастырып келе жатқан бұл түрдің, үлгінің қайдан келгені туралы былай дейді: «Мен ең алдымен халық фольклорын көп үйрендім. Әсіресе мына қара өлең, ақындар айтысы, ескі қиссалар, дастандарды көп жаттадым. Кейін Қазақстанның ақын, жазушыларының өлеңдерін де көп оқыдым. Осыдан барып, ең ақыры менің осындай бір түр, осындай формаға көтерілуіме себеп болған нәрсе – шетел ақындары. Мен шетел ақындарын көп үйрендім. Енді бұл жерде бір нәрсені кірістіре кетуге болады: Мырзахан Құрманбайұлы деген сыншы менің өлеңдеріме, дастандарыма бір үлкен кітап жазды деп естимін. Оның ішінара мақалаларын журналдарда жариялады, көрдім. Сонда сол бір жаңа пікірді ортаға қойды. Ол пікір – менің өлең ырғақтарым бұрынғы халық жырларында бар екен. Жаңылмасам, Ақтанберді жыраудан алды ма, бір шумақ өлеңді алып, менің «Шығыс романтикасы» деген өлеңімнен бір шумақ алып салыстырғанда, осы екеуінің ырғақтары да дәлме-дәл, ұйқастары да үйлескен болып шығыпты. Неше ғасыр бұрын жасаған жыраудың өлеңіне менің әзіргі формамның ұқсап қалуына қарағанда, бұл да бір кездейсоқ нәрсе емес екен ғой, - деп мен өзіме бір арқа тірек тапқандай болдым».
Омыкеңнің өлең құрлысы жағында басқалардан үлгі алу мәселесіне келсек, поэзия тарихында ондай жағдайлар болады. Мәселен: «Шексипрдің сонеттері» (он төрт тармақты өлең) италияндық «Петрарка сонеттері» негізінде ағылшынның өзінде бар ерекшеліктерімен біріктіріліп барып барлыққа келген. Сонымен бірге, ол өзі сол дәстүрлі топырақтан өніп шыққандықтан, соның мұрагері болғандықтан, тарихта болған сансыздаған дәстүрлі поэтикалық шығармаларды да жоққа шығармайды. Бұл туралы ақын және әдебиет сыншысы Т.С.Элиот «Дәстүр және дара талант» деген шығармасында: «...Ешбір ақын немесе өнерпаз дәстүрсіз өз мәнін таба алмайды. Оның құндылығы – онымен бұрынғы ақындар және өнерпаздар арасындағы байланыста жатыр» дейді. Мұның мәні дәстүрлі поэзия – қазіргі поэзияның құндылығы мен мәнін тудыратын жер, қазіргі жаңалық жаратуға ұмтылған ақындардың сарқылмас байлығы.
Өлеңдерінің түсініксіздігі туралы
Осы күндері Омарғазы есімі естілсе, жұрт күңгірт, дәстүрлі өлеңге түспейтін, құрлымы күрделі өлең формасын елестететін болды. Омарғазы өлеңдері қарамаққа түсініксіз, ауыр сияқты сезіледі. Іс жүзінде, оның өлеңдерінің «түсініксіз», «ауырлығы»:
Біріншіден, өлеңнің мазмұнында емес, қайта құрлысында. Омыкең өлеңінің құрылысы тұтқиыл келген оқырманға өз бойын оңайшылықпен бере қоймайды. Оқырман бастапта екі ұдай күйге түседі, ырғағына өзін жаттықтыра алмайды. Өлеңнің ұйқасына мән берсе ойынан, ойына мән берсе ұйқасынан адасады. Сіз оның бірнеше өлеңін оқығаннан кейін, өлең құрлысына қанығасыз да ары қарай өлең желісін алып жүріп кетесіз. Екіншіден, Омыкең өлеңдерінің көп қырлылығы. Өлеңдерінде ол сізді ертіп алып қоғамның астарын, табиғатты, құс жолын, өмірдің мәнін, тарихта өткен үлкен тұлғаларды, айтулы аңыздарды, өз өмірінің өткелектерін құлағыңа құйып Азия, Европа, Африканы тіпті ғарыш аралатып жүрген ғұлама сияқты сезіледі. Ақын өзінің Ләззат Оразханқызына берген сұхбатында: «...ақын үшін астрономияны білмесе болмайды. Астрономия қиялыңызды шарықтатады. Екінші, биологияны жақсы білу керек. Жанды организмнің биологиясын білмесе бола ма? Құстарды, аңдарды, адамдарды – бәрін қосып үйрену керек...Ал, тарих туралы мұнда сабақ өтудің тіпті керегі жоқ...» деген еді. Ендеше Омарғазы өлеңдері оқырманның сауатты болуын қалайды әрі оқырманды білімінің толысуына жетелейді.
Өлеңінің ұйқассыздығы туралы
Омыкеңнің өлеңдерінің ұйқасы туралы айтқанда, қарапайым оқырман, тіпті, зерттеушілердің кейбірі «ұйқассыз өлең» деп қарайды. Іс жүзінде Омыкең өлеңдерінің әр шумағынан ұйқас табуға болады. Айта берсең, өлеңдерінің ішкі құрылымының өзі белгілі ырғақ арқылы ден қойған оқырманды ұйқасқа жетелейді. Омыкең өзі де: «Мейлі мені мақтаған сыншылар болсын, мейлі сындағандар болсын, менің өлеңімді «ұйқассыз өлең» деп жүр. Әсілі, менің өлеңдерім ұйқассыз өлең емес, ұйқас бар. Ұйқас болғанда мен мынадай айтайын. Мысалы: Сондай бір сыншы: «Ей, Омарғазы, сенің мына өлеңіңде ұйқас жоқ» деп маған бір өлеңімді тауып берсе, мен ұялар едім. Қысқасы, ұйқассыз жазылған менде бір де өлең жоқ», - дейді.
Дәстүрлі өлеңдерге үйірсектеп алған оқырман бірден Омыкеңнің өлеңдерін оқығанда, не ұйқасын таппай, не ойдың түйініне жете алмай алқынып қалатыны сөзсіз, әсіресе, кейінгі кездегі жазған өлеңдерінде солай. Нақтырақ айтқанда, кейінгі өлеңдерінің құрлымы тіптен күрделеніп, сезім толқыны мен ырғақ қуалап, ойына жете алмай ұйқасты мүлде ұмытып кете жаздайтын. Соңынан, дәстүр есіне түсіп кеткен жандай қайырылып, буын ұйқас болса да, алдыңғы қосарланған тармақтардың біріне іліктіріп қоятын болған. Омыкең және де: «Менше өлеңнің ұйқасы туралы айтсақ, екі түрлі ұйқас бар. Біреуі, дыбыстық ұйқас; Енді бірі, әріптік ұйқас. Әріптік ұйқаста көп жағдайда жасандылық келіп шығады. Енді Абай өлеңдерін қарасаң, Абай өлеңдерінде әріптік ұйқастардан гөрі дыбыстық ұйқас көп кездеседі. Мен де көп шығармамда осы дыбыстық ұйқастарға көп сүйенем. Дыбыстық ұйқастар табиғи болады» дейді. Оның өлеңдері ұйқассыз болған емес, бірақ оқырман ұйқастарға нешелеген тармақ, нешелеген ырғақтар арқылы жете алады. Сондықтан кей оқырман ұйқастан шатасып немесе таба алмай «ұйқассыз» деген қорытындыға келген де болуы мүмкін.
Омыкең: «Ақын болу үшін ылғи поэзиядан үйрену керек пе? .... Менің өлеңдерімнің кейін поэзиядан алшақтап прозаға ұқсап кетіп жүруінің өзі – прозалық шығармаларды көп оқығандығым. Философтардың сондағы ой тереңдіктерін өлеңге алып келдім. Шетел ақындарының өлеңдерінен ғана емес, шетелдің прозалық шығармаларындағы ойларды да өз өлеңдеріме алып келдім», - дейді. Ол жалғасты өз стилі туралы айтқанда: «Мен фантастикадан жақсы пайдаланам, қиялдан пайдаланам, романтикадан пайдаланам, тіпті, әуелі дінни көзқарастардан пайдаланам. Табиғат заңдылықтарынан пайдаланам, жан-жануарлардың қимыл-әрекеттерінен пайдаланам. Осының бәрін бір өлеңге әкеп сыйғызып, жасап шығарам», - дейді. Осы дәйектерге сүйенгенде Омыкең өлеңге ден қойғанда, оның дәстүрлі ақындар сияқты «өлең ұйқасын қайтем?» деп отырмай, қайта оқырманға беретін пайдалы мазмұнға, ойға көбірек мән берген сияқты.
Модернизмге қатысы туралы.
Бүгінгі зерттеушілер мен жастар жағы Омарғазы поэзиясын модернизм, тіпті пост модернизм поэзиясы деп жүр. Үлкендерден ақын әрі сыншы Әбденбай Бажайұлы: «Омарғазы Айтанұлының шығармалары модернистік әдебиеттің саналық ағым стилімен жазылған. Омарғазы шығармаларында психикалық баяндаулар ақылдық таным мен сезімдік таным аралығында жүріп жатады», - дейді. Ол кісі бұнда көбінде Омыкеңнің прозалық шығармаларына қаратып айтқан сияқты.
Енді бір Омарғазы зерттеуші, сыншы, әдебиеттанушы Мырзахан Құрманбайұлы «Екі теке қашан сүзісер екен» деген хикаятын талдағанда: «Ой ағысының буырқануы мен киені әспеттеуі модернизмнің Омарғазыша жаңа өрнегін кестелейді», - дейді. Ол енді ақынның өлеңдеріне келгенде: «Оның поэзиясынан қоғамдық ірі мәселелердің толғанысы табылады... осы жағынан Омарғазы поэзиясы болашаққа барлаушы романтикалық поэзия. Оның кейіпкерлері қарапайым қоғам қайраткерлері. Лириканың нәзіктігі, эпикалық обыраз даралығы мен пайым-парасаттың тоғысуы жағынан Омарғазы поэзиясы лирикалық – философиялық поэзия», - дейді. Омыкеңді басқа да романтик ақын деушілер көп. Теоретиктер бұрыннан романтизмге толыққанды анықтама беріп көрмесе де, ол әр жерде, әр ұлт әдебиетінде ұқсамаған көрніс тауып келген еді. Бірақ, романтизмнің қиялдап көтеріңкі эмоцияға берілу, тарихқа ден қойып өткенге орала беру, ғажайып – құпия фантастикалық дүниелерге құштарлық сияқты белгілері Омыкеңнің өлеңдерінен жиі табалады.
Ал Омарғазы өз шығармаларын сөз еткенде модернизм жөнінде ауыз ашпайды. Десе де біз мына нәрсеге көз жүгіртейік, модернизмнің алғашқы ұшқыны Францияда романтизмді терістеу барысында дүниеге келген. Алайда ол романтизмнің ауылын тас-талқан еткенмен құрылысын жаңалап, сол ауылда тұрып қалды. Бұл модернизм романтизімнің жалғасы деген сөз. Омарғазы да пошымы тұрақты дәстүрлі өлеңге қарама-қарсы еркін өлеңге көшті. Солай бола тұра, өлеңнің ырғағы, музикалылығы, ұйқасы, тармағы, бейнелейтін мазмұны сияқтылардан бас тартқан жоқ. Сол поэзия ауылында қалып қойды. Модернизм дегеннің өзі жай қазақшаласақ «жаңалану», «замандану» деген сөз. Ендеше Омыкең де кешегі классикалық (дәстүрлі) үлгіде қалып қоймай жаңаланды. Қысқасы еркін өлең үлгісі модернизмнің бір ерекшелігі. Бұған еркін өлеңге еріп бойын еркін түзеген символистік өлеңнің музыкалылығын қосыңыз. Модернизмнің кейбір ағымдарының туылуына дүниежүзілік екі реткі соғыс тікелей әсер етті. Бұл мезгілде Еуропадағы әдебиет – көркемөнершілер рухи жақтан тығырыққа тіреліп, жанына жарақат алды. Тұйыққа тап болып, көкірегіндегі шерді төгіп тастағысы келді. Міне дадаизм мен асқын реализм бұның нақты мысалы. Ал, біздің Омыкеңнің өмірінде, мейлі қайсы елде болсын Омыкең қатарлас ақын-жазушылардың өмірінде бұл өткелек, бұл дағдарыс болмады ма? Әрине болды. Ол 1950 жылдардың соңында ұлтшылдар қалпағын киіп ауылға кетті, жер аударылды, Оған жалғас Қытайдағы атышулы «мәдениет төңкерісінің» «асынан» дәм татты. Ауылда адам төзгісіз ауыр еңбектерге жегілді, қараланды. Қарап көріңіз, Омыкеңнің өмірі Еуропа ақындарының өміріне ұқсамай ма екен? Бұл мезгілде Омыкеңде тұйыққа тірелу, төзімділік көрсету, өзін үмітке жетелеу сияқты өмір құбылысы әбден болды. Мына нәрсені баса айтқан жөн сияқты, Омыкең өте сабырлы адам бола тұрса да, бұл зардаптарды шығармаларына ақырындап сіңірді.
Бұндағы «қоғамнан», «дәуірден», «жасаған ортадан», «кітаптан», «шетелден» дегендер бекер айтылған жоқ. 1950 жылдарда Қытайдағы қазақтарға Кеңес Одағынан кітаптар, оқулықтар дендеп кірді. Шинжаңдағы қазақ ақын-жазушылар бұл мүмкіндіктен жақсы пайдаланды. Осы тұста Омыкеңе Маяковскийдің де ықпалы тимеді деуге болмас.
Қысқасы, біз осылардың барлығын жинақтай келе Омарғазы модернизм мен постмодернизмнің ережелерін саналы түрде үйренбесе де, бейсаналы түрде бұл ауқымдардың топырағын басып өтті деп қараймыз.
ІІ. ОМАРҒАЗЫ ӨЛЕҢДЕРІНІҢ ҚҰРЫЛЫМЫ ТУРАЛЫ
Біз Омарғызы өлеңдерінің құрылымы туралы сөз еткенде, алдымен оның өлеңінің қандай түрге жататынын тұрақтандырып алғанымыз жөн сияқты. Поэзияны жіктеудің көптеген жолдары мен әдістері бар. Оны әр түрлі қағидалар мен өлшемдерге сүйене отырып, түрлі категорияларға бөлуге болады. Поэзиялық шығарманы мазмұнды бейнелеу тәсіліне қарай: уақиғалы өлең, лирикалық өлең және философиялық (интеллектуалдық) өлең деп бөлеміз. Тілінің бейнелеуіне, атап айтқанда, ұйқасына, ырғағына, тілдік құрылымына қарай өлең: Метрикалық өлең (өлшемді өлең), еркін өлең, прозалық өлең, ұйқасты өлең (рифмалық өлең) деп бөлінеді. Қазақ өлеңдерінде ұйқастың тармақтарға орналасуына қарай: қара өлең ұйқасы, шұбыртпалы ұйқас, шалыс ұйқас, егіз ұйқас, Абай барлыққа келтірген: Сегіз аяқ, алты аяқ қатарлы түрлер бар. Омыкеңнің өлеңі қандай өлең түріне жатады деген сұраққа алуан түрлі жауаптар айтылады: Біреулер «ақ өлең», біреулер «тоникалық өлең» дейді. «Еркін өлең» деушілер де бар. Бір кездері «шашпа өлең», «ұйқассыз өлең» дегендер де табылды. Іс жүзінде бұның барлығы ұғымның шатастығынан болған жәйттер. Нақтап келгенде, бұндағы «еркін өлең» (жаңаша өлең, жаңаша өлең салыстырмалы түрдегі жіктеу), «ақ өлең» (верлибр) дегендер тек әр тілде әртүрлі аталғанымен, тегі бір атау. Тілдердің құрлысына қарай аздап айырмашылық болатыны да рас. Ал біздің туындатып алған «ұйқассыз өлең», «шашпа өлең», «ақ өлең» деп жүргендеріміз еркін өлеңнің түрлері ғана. Омарғазы өлеңі «еркін өлең» немесе «еркін ұйқасты өлең» санатына жатады. Дәстүрді жаңартуына немесе дәстүрді бұзуына қарай «Жаңаша өлең» деп те аталады.
Әлемдік зерттеушілер еркін өлеңді Еуропа мен Америкада туылып, дамыған поэзияның бір түрі, оның ту ұстаушысы Америкалық ақын Уолт Уитмен (1819-1892) деп қарайды. Біз оны жалпылама түрде айтылған жорамал деп ойлаймыз, өйткені, Қазақтың жыраулар поэзиясында да еркін өлеңдердің элеметтері болды емес пе? Олай болса, еркін өлең деген не? Еркін өлең дегеніміз белгілі тұрақты формасы жоқ, тәбиғи және ішкі ырғақтарға сүйенетін, тармақтары буынның, бунақтың шектеуіне ұшырамайтын, ұйқасы еркін өлең түрі.
Бұл жерде Омыкеңнің «еркін өлеңі» тек өлең құрлысына немесе өлең үлгісіне қаратылған. Еркін өлеңдер дәстүрлі (классикалық) поэзия формасының нормаларын бұзғанмен, кейбіреулер айтқандай поэзияның жасалу жолдарын жеңілдетпейді, қайта қиындата түседі. Дәстүрлі ақындар да белгілі бір мазмұнды білдіру үшін, белгілі бір поэтикалық форманы таңдайды. Мысалы: 7-8 буынды жыраулық үлгі; 11 буынды қара өлең үлгісі; 14-15 буынды ақсақ ұйқасты өлең үлгісі сияқтылар. Құдды сол сияқты еркін өлеңдердің өлшемі әр ақында әр түрлі болады, бір ырғақ, бір форматта мүлде болмайды. Тек форманың өзгерісі немесе еркін форматқа келуі мазмұнның молаюына апарады. Айтпақшы болған ойын еркін, бүкпесіз жеткізумен қатар, ақын өзінің ішкі әлемін де кеңейте түседі.
Біз Омарғазы өлеңдерін оқығанда ұзын-қысқа тармақтарды кезіктіреміз, осыған қарап Омарғазы өлеңдері «еркін өлең», «еркін поэзия» деп қараймыз. Мына нәрсеге де баса назар аудару керек: Омыкеңнің «еркін поэзиясы» тек өлең құрлысында ғана қалып қоймады. Ол «еркін ұйқасты өлең» құрлысынан тыс, еркін идея, еркін ой-қиял, еркін тақырып қатарлыларды да өз ішіне алады. Біз де еркін өлеңнің «еркін рухы» жетіспесе, оның дәстүрлі өлеңдерден ешқандай парқы болмас еді дер едік.
Дәстүрлі формада өлең сезімді, айтатын ойды бейнелей алмайды деген сөз емес, мүмкін ақынның қиыннан жол таба алатын шеберлігін айқындайтыны да рас. Алайда, еркін форматтағы немесе еркін өлеңдер сезім мен ойды, әсіресе қиялды тіпті де еркін, жаттық жеткізе алады деп ойлаймыз. Шеңберлі, шектеулі формадан ада еркін ақындық ой қимылы көп жағдайда ақынға ұтымдылық береді.
Ендеше Омыкеңнің дәстүрлі (классикалық) өлеңдердің аясынан шығып, жаңаша өлең (еркін өлең) формасына көшуінің себебі неде? деген ой келеді. Біз бұны ақынның өз ой қортындысынан да тиянақ тауып жормал жасап көрейік:
Біріншіден, ақынның оянуынан, былайша айтқанда, өлеңге деген көз аясының кеңеюінен болған. Оған Омыкеңнің тілшілерге берген мына сұхбатын дәлел етейік, ол: «Бұл өлеңнің 40 жылдан бері соңына түскем, бұл форма да сол барыста жетіліп келе жатқан форма. Мұны мен өзіміздің фольклорлық әдебиет, жазба әдебиет, классик әдебиет, онан соң шығыс әдебиеті, дүние әдебиеті, басқа ұлттар әдебиетін үйренуден таптым деп ойлаймын. Мен шетел әдебиетін көп үйрендім. Әсіресе бәрін оқи бермей, таңдаулыларын оқыдым. Осы шетел әдебиеті маған көп әсер етті», - дейді. Бұдан ақынның өлең формасы тек дәстүрлі өлең формасымен ғана шектелмейтіндігін аңғарғандығын білуге болады. Атап айтқанда, қазақ өлеңдеріндегі форма, әлем әдебиетіндегі өлеңдердің формасы өзгертуге келмейтін, шегеленген тұрақты үлгі емес екенін, оның да даму басқыштарын басынан кешіріп осы құрылымға келгенін сезінуінен болған.
Екіншіден, қажетсінуден келген. Яғни телегей теңіз ойдың дәстүрлі өлең формаларына сыймауынан ақынға осы бір үлгі керек болды. Немесе ақын қиялды қаумалап, сезімді саумалап тоғытатын еркін форманың қажет екенін сезінді. Омыкең тілшіге (Ақан Кәрменұлы) берген сұхбатында, «Табиғат философиясы» дастанындағы:
Ескі өлең ұйқастарына,
Жаңа өлең сыймайды.
Өлең жолдары күреспен өседі,
Табиғат мазмұны мұнда жиналып,
Ақын қиналып тағы бір формаға көшеді, -
деген шумағын былай тәпсірлейді: «Жаңа өлең ескі өлең ұйқасына сыймайды екен, өлеңнің жолдары да күреспен өседі екен, онан соң табиғаттың мазмұны ақынның алдына келіп жиналады екен дағы, сосын ақын қиналып отырып, әлгі бай мазмұнды бұрынғы ұйқастарға сыйғыза алмай жаңа бір формаға көшеді екен амалсыздан. Бұл диалектика. Бұл заңдылық тек өлеңге емес, барлық құбылыстарға жүреді». Яғни ақын бейсаналы түрде осы бір жолға түсіп кетті.
Гегель өзінің «Эстетика» деген еңбегінде»: «Ең көрнекті көркем шеберлік – қиял» деген еді. Поэзиялық шығармашылық жүріліп жатқанда, ақын шынайы берілсе, аласұрған шабыттың жетегінде, екпіндей-екпіндей бейсаналық күйге өтеді. Былай айтқанда, қиял бейсаналық түрде жұмыс істейді. Әркімнің қиялы өз алдына шарықтауы мүмкін, бірақ қиял талантқа байланысты ерекшеледі. Кей жағдайда сезім күші ерекше болған кезде (таланттыларға қаратып айтқанда) қиял саналық әрекеттің бұғауын бұзады. Осылайша бейсана ырықты жұмыс істеп, сөйлемді күнделікті тілдің өлшемді сызығынан, грамматикалық құрлысынан арылуға қузаушылық етуі мүмкін. Қалай болмасын бейсаналық қиял бәрі бір тілге сүйенеді, ал тілдің дербес бейнелену қабығы бар. Бұл әрине ақынды өз алдына бір сөйлем құрылысына жетектейді. Ендеше Омыкең сияқты дербес қиялдың ақиықтары өз алдына бір поэзиялық құрылымға енетіні сөзсіз.
Үшіншіден, ақынның еркіндікке талпынуынан болған деген дұрыс. Біз жоғарыдағы екі түйінде ояну мен қажетсіну Омыкеңнің басқа өлең құрлысына, жаңашы формаға өтуіне себеп болды деп едік. Ендеше ол өз ойын және бір тұрақты формаға қамауы керек пе? Ол сонымен мазмұнға ерік берді. Омарғазы өлеңінің құрылымы белгілі формаға түспегендіктен, ақын форманы анықтай алмайды. Оның өлеңдерінің формасын: Алдымен, өлең мазмұны белгілеген. Ол туралы Омыкең өзі де: «Мен өзіме келгенде форманы форма үшін демеймін, форманы мазмұн белгілейді... өлеңді осылай жазып, менің осы өреге жетуім тума таланттылығымнан емес... замана рухы мені солай жазуға, солай ізденуге жебеу болған» деп мойындайды. Осылайша ақын мазмұнды (ойды) толық жеткізу үшін өлең тармақтарын да қиял мен сезімнің еркіне қоя берді. Атап айтқанда, өлең формасын ақынның ұшқыр қиял, толассыз төгілген сезімі белгілеген. Оған жол бермегенде, ақынның тарихтың терең қатпарларынан суырған, табиғаттың талшықтарына дейін тарақтаған ұшан-теңіз ой қатпарлары ұзынды-қысқалы тармақтар жасай алмай, дәстүрлі формаға да симай төгіліп-шашылып қалар ма еді?
Осылайша, ақын өзін, ой мен қиялын еркіндікке жібергісі; тілдік бейнелеуді ерікіндікке жібергісі келді; өлең құрлысын еркіндікке жібергісі келді; тақырыпты еркіндікке жібергісі келді.
Біз Омарғазы өлеңдерін өткен ғасырдың 50 жылдарының соңын ала еркіндікке бой ұра бастады дедік. Бірақ, ол кезде аяғын шеңбердің сыртына аздап шығарғанымен, дәстүрлі өлеңдердің қармағынан еркін босай алмады. Жаңашылдыққа келуден бұрын дәстүрге қанығу керек қой? Өйткені, екеуінің бір-біріне етене, әрі бірін-бірі шеттететін қайшылықты жақтары да бар.
Дәстүр сөз болғанда, біздің тіршілігіміздің қайнар көзі мал шаруашылығы болған. Бірақ, оны асырайтын және жандандыратын орта расында табиғаттың тамаша көрінісі, сұлулығы, тосын мінезімен ұштасады. Аздап егін шаруашылығымыз да болды, оны айтпай тұрғанда, Омарғазы өлеңдерінде табиғаттың тілсім сырлары, әдетте біз елей бермейтін нәзік тұстары ерекше орын алады.
Әр бір ұлтқа тән дәстүр келе-келе басқа ұлтқа ықпал етуі де, басқалар жағынан жемірілуі де мүмкін. Дәстүр ұзаққа жалғасса, оған әр дәуірдің таңбасы басылатыны, осылай өңделетіні тағы бар. Бір халықта туылып дәстүрге айналған мәдениет немесе әдебиет енді бір халыққа келгенде тіптен жұғыспай, асқазанына сіңбеген астай оңай қортылмауы да мүмкін. Бір ұлттың көзге ұрып тұрған дәстүрі, сол ұлттың әр адамына әр түрлі әсер ететіні тағы бар: Кәрі-жасы, ері-әйелі дегендей.
Ендеше, біз жаңашылыққа бой ұрғанда дәстүрді қалай өңдейміз? Әрине өңдеудің жолы бар. Оның бірі – ішкі өңдеу, енді бірі – сыртқы өңдеу. Іс жүзінде Омыкеңнің жаңаша өлеңдерінде ішкі-сыртқы өңдеу параллель жүріп отырды. Біз оның өлеңдерінің көбінде мазмұнынын талдауға мән беріп, құрылымын талдауға саяқ болып келдік.
Омыкең өлең құрлысына өзгерістер әкелу арқылы дәстүрлі өлеңдерге қарсы тұрды ма? - дейтін сұрау тағы туады. Меніңше жоқ! Ол өз көзқарастарында дәстүрден үйренгенін айтады, шеттетпеді, қайта өз жасампаздығында дәстүрлі өлеңдермен де шұғылданып отырған.
Жай оқырманға Омарғазы өлеңдеріндегі ой асу бермейді, бағындырам десе көндігу керек. Бұдан оның өлеңдеріндегі ой мен қиялдың кеңістігі қаншалық: ғарыш пен құс жолы ма, немесе табиғат, қоғам, ғылым, адам ба? дейтін сұрауларға және жолығамыз. Ол мүлде басым көп өлеңдерінде сезім мен ойды, қиялды ұштастыра біледі. Ойды ойға ұластырып айтқанда, бір ойының дерегіне жеткенше, енді бір ойының ұшығы шығады, бұл әсіресе дастандарында көбірек көрініс береді. Жалғап талдау жасай алмаған адам аңтарылады. Әсіресе оның өлеңдерінде Қазақы ойлау жүйесінің жоғарғы шыңы бар, ол ұлттық ерекшелікті жоғары тенденцияға көтере білген. Осысына қарап кей зерттеушілердің Омыкеңнің өлеңдерін модернизмнің «ой ағыны» ағымына жатқызатыны да содан. Біз де оны терістесейміз.
Омарғазы Айтанұлы ойы асу бермейтін, жұрттың жетегіне оңайлықпен ермейтін бір мойын, күрделі ақын. Кезінде Абайды белгі еткен қазақ поэзиясы дәстүрлі өлең үлгісіне түбеселі бой ұрды. Содан бері қарай көптеген азулы ақындар өлең құрлысында ішінара еркіндікке барғанменен, қара өлеңді негіз етіп, қатаң формаға жамбастай берді. Тармақтардың буын сандарын асырып не кемітіп шумақтарды бір қалыпта қалтырды. Яғни ішінара болмаса қатаң құрылымды өлең (метрикалық өлең) жолын ұстанды. Ақындар өлең тармақтарындағы буын мен бунақта бірдейлікті сақтауға тырысты. Осылайша жалғасқан бір ғасырлық поэзия сапарында ақындар да, оқырмандар да өлең құрлысындағы тұрақты үлгіге үйреніп қалды. Бұдан соң қазақтың көкірегіне жазылып қалған өлеңдегі дәстүрлі форма, Омарғазы сияқты ақындардың қаламымен бұзыла бастағанда, бүгінгі ақындар мен оқырмандардың көкейіне қона бермегені анық. Бірақ, Омыкең 40 жылдық табандылығының арқасында өзін «Омарғазыша өлең» деген осы орынға отырғызды. Омыкеңнің өлеңдері туралы зерттеулер де аз емес, тіпті кітаптар да жазылды. Десе де, оның өлеңдерінің сүйегін (құрылысын) жіліктеуге көп зерттеушілер бара бермепті. Көбінше тек өлеңдерінің мазмұны, мәні, ойы, қиялы, тілі туралы талдаулар жүргізген. Омыкеңнің өзі де өлеңінің формасының қайдан келгенін айтқанмен, оның ерекшеліктері, құрылымының қандай екені туралы сөз етпейді, жіктеп талдамайды.
Дәстүрлі өлеңдердің құрылымы көбінеки белгілі тұрақты формаға түсетінін білеміз. Ол белгілі тармаққа жіктеледі, мейлі ол шұбыртпалы ұйқас болса да, тармақтардың буын саны да негізінен тұрақты. Бунақтары да, ұйқастары да параллель жүріліп отырады. Алайда Омыкең өлеңдерінің құрылысы бұндайға бағынбайды. Оның күрделілігінің бір себебі де – өлең формасының бір ізде тұрмауында. Бір өлеңінің өзінде бінеше түрлі өлең формасы кезігеді, нақтап айтсақ, бір өлеңінде қанша шумақ болса, сонша түрлі форма кезігеді деуге келеді. Алайда ол дастан болса ше? Ішінара кездейсоқтықтар болып қалмаса, және де солай бола береді. Бұны ақын өлеңінің құрылымы еркіндіктің шыңына шықты деп тұрақтандырған дұрыс шығар? Егер ақын тірі болғанда оның өлеңдерінің формасы және де түрлене берер ме еді деп те ойлайсың.
Белгілі қазақ ақынының өлеңдері тегіннен тегін өзінен басы бүтін қотарылып шыққан емес, оның тамыры және де қазақ өлеңінде жатыр. Омарғазы өлеңдерінен қазақтың өлең құрлысына керекті мүшелердің бәрі табылады. Мысалға: Ұйқас, буын, бунақ, тармақ, шумақ, ырғақ т.б. Бірақ, ондағы бізге бөтен болып тұрған нәрсе – өлең құрлысындағы еркіндік. Бейнелеу тілі сол кәдімгі қазақ тілі, мазмұн сол қазақы тұрмыс немесе өзіміз көріп-біліп жүрген қоғам. Біз ішкі жан дүниемізге ұйып, таңбаланып қалған дәстүрлі өлең формасын өлең деп түсінеміз де, одан ауытқып кетсе, өлең емес деп сезінеміз. Шындығына келгенде, «Омарғазыша өлеңнің» ең басты ерекшелігі – өлең құрлысындағы еркіндік қана. Омыкең осы еркіндік кеңістігінен пайдаланып, батыл қимылға көшіп ойды бүкпесіз, ошарлап жеткізудің тетігін тапты. Былай қарағанда, бұл батылдық оқырман жұртшылығын, мейлі әдебиет танығыш әуескерлерді болсын мынадай екі түрлі ойға әкеледі: Бірі, Омыкеңнің ғасырлар бойы толысып, Абайға келгенде іргесі бекемделген дәстүрлі өлең құрлысына «опасыздық» етуі болса; енді бірі, Омыкең дәстүрлі өлең үлгісімен өлең жаза алмайды, сондықтан осындай оңай жолды таңдап алған деген күмілжу. Іс жүзінде Омыкеңнің таңдай қақтырарлық дәстүрлі өлең үлгісімен жазған шығармалары да жетерлік, оның ішінде дастандар да бар. Бұл жөнінде біз жоғарыда айттық.
Біз ақынның өлеңдерін еркін, тынысты, құрылымы күрделі дегенге келдік, зерттеушілер де солай айтқан. Ендеше «Омарғазыша» өлең қалай қалыптасқан?
(1). Тіл ұстарту. Ақынның ойларының жетегіне тілдік бейнелеу ілесіп отырады немесе ойын, қиялын айшықтап көрсету үшін тілдік материалдан қажетінше таңдап алып іркіліссіз ілгерлейді. Ойын толық қанды жеткіздім ау деген сәтте әлде неше бунақтар тізіліп қалып жатады. Әсіресе, өлеңдерінде ұлттық ғұрып-әдет, салт-сана, наным-сенім, мінез-құлықты айшықтайтын сөздерден; ауылдағы қарапайым малшы-қосшы, жан-жануарлардың түрлері мен қимылдарын көркемдік деңгейде бейлелей алатын сөздерден; табиғаттың тылсым жұмбақтарын, тіршілік иелерін, тарихи дүниелерді, философиялық ойларды анықтай алатын сөздерден еркін пайдаланады. Омарғазы зерттеуші, сыншы, әдебиеттанушы Мырзахан Құрманбайұлы өзінің «Омарғазы» деген зерттеу кітабында: «Халықтың көркем ойлау ерекшеліктеріне әбден сіңіскен: ат, тұлпар, түйе, бота, қозы, аққу, тырна, қаз, киік, жебе, гүл, көк өрім тал шыбық, сұңқар, шынар, ақша қар, жұлдыз, шолпан, бейіш, періште, жын, дию тәріздес балама, тұспал бейнелер ежелден бергі әдебиетімізде орныққан болса, Омарғазы поэзиясындағы көріктеу амалдарында бұлар онан ары күрделеніп, түлей түседі», - дейді. Омыкең қазақ тіліндегі міне осы ен байлықтан пайдаланып теңеу, метофра, эпитет, әсерелеу, шендестіру, кейіптеу, символ сияқты көркемдеу амалдарын жасап, оқырманның ойына обыразды сурет жасап береді. Қоғамдағы, табиғаттағы, тіршілік дүниесіндегі бояулармен біте қайнасқан өлеңдегі айшықты тіл ырғақты буын, бунақ тіпті тармақ қалыптастырып, ақынның ойын орындаған соң байырқалайды. Сөйтіп жаңа бір форма қалыптасады.
Көкшіл жусан езіліп
Насыбай болады ат тұяғында.
Қызыл изен бояуымен
Тынымсыз үйкейді
Ащы тозаңын қыр қияғына.
Қара аю ма қорқытқан
Түн денесінің
Жүндес тонын аударып киіп?
Салақтап тұр ма әлде бір маймыл
Жеңіл салмағымен бұтақтарды иіп! («Жайлау сонысындағы жасыл іздер»)
Өз заманының алып ракетасы
Құрлықтар ара ұшқан,
Атом бомбасын емес, жасаулар артынып.
Көшкен сағымдай
Көз ұшында бұлдырап, алыс дөңдерден асқан,
Европа-Азия үстінде жасыл із қалдырып. («Түйелер»)
Жоғардағы екі шумақ өлеңге үңілсеңіз біздің ойымыздың дәлелін байқай аласыз. Алдыңғы шумақта «көкшіл жусан», «езілген насыбай», «қызыл изен», «ащы тозаң», «қара аю», «жүндес тон», «салақтаған маймыл» сияқты әр бір мәндік бейне табиғат пен тіршілік дүниесін көз алдыңа әкелсе; кейінгі шумақта ақын шарықтап «алып реката», «атом бомбасы», «Европа-Азия үсті» сияқты қазіргі заманның терминдері арқылы түйе жануарының бейнесін тұлғалайды. Қысқасы табиғаттағы ойға көрік беретін жанды-жансыз атаулардан тартып, қазіргі заманның озық дүниелеріне дейін өлең материялы ете білген. Бұл материалдар алдымен ойды бейнелеп берсе, енді бір жағынан өлең құрлысының материялына айналған.
(2). Ырғақ. Омарғазы өлеңдерінде сезімінің толқуларына қарай ырғақ қалыптасып отырады. Ақынның өлеңдерінде ырғақ та, ұйқас та бар, өлеңдерінің тармағы бір бунақтан да, әлде неше бунақтан да тұруы мүмкін. Заңдылыққа салып, ұйқас ырғаққа негіз қалап беретін абстарктілі тиянақ, ал ырғақ ұйқасқа ыңғай жаратып беретін нақтылы әдіс десек, Омыкең өлеңдерінде бұл ереже қарастырылған. Ол ой жетегіне ілесе ырғақты толқын жасап ілгерлей беретін де, мақсат орындалған да барып ұйқасты ескеретін. Арада бунақтар екпінге қарай әр түрлі буындармен қала береді, тіпті, сөйлем болып кетуі де мүмкін.
Көргендерің бар шығар
Ашылаған бір өгізді
Тұрғанында шілдеде
Атан түйенің сортаң тірсегін жалап.
Ұқсайды осыған сол мырзалар
Сілекейін шұбыртқанда қомағайлана қарап. («Осы таулар – менің тауларым»).
Ақынның шумақта айқындамақшы болғаны «мырзалардың ашкөздігі». Бұны «көргендерің бар шығар ашылаған өгізді, ұқсайды осыған сол мырзалар» десе де болар еді. Бірақ автор ойын оқырманның жүрегіне тіпті де әсерлі жеткізу үшін «атан түйенің сортаң тірсегін жалап» деген тармақты қосымшалайды. Дегенмен ақын және де тоқтап қалмайды, бұл тармақтың алдына «тұрғанында шілдеде» деген тармақты үстейді. Енді қарасаңыз қабатталған осы тармақтар ақынның ойын бірінен соң бірі айқындап, көріктендіріп отырған, әрі тармақтар тудыра берген.
Поэзиялық шығармаларда ырғақ туралы түсінік жасау өте ауыр келеді. Өйткені көркем шығарма әсіресе поэзиялық шығарма жасампаздығы тек саналы әрекет деңгейінде ғана жүрілмейді, одан да маңыздысы бейсаналық деңгейде де жүріледі. Бұл жөнінде Австрия психологі Зигмунд Фрейд пен Швейцариялық психолог Карл Густав Юнгтің психоаналитикалық зерттеулерінде адамның психикалық әрекеті саналы және бейсаналы әрекеттен құралатындығын дәлелдеген. Қажет кезінде ақын екпінді күшейтіп, бәсеңдетіп те отырған. Әрі кідірістер арқылы толқын жасап ілгерілеген. Ырғақтық тебіреніс ақынның ішкі жан дүниесінде әрекет ететін эмоцияляқ екпін немесе эмоциялық толқын. Ол ақынның санасында күтпеген жерден белгілі бір ырғақтық формаға ауысады, біртіндеп ішкі дүниесінде қалыптасады.
(3). Күшейтпелі тіркестер жасау. Мүмкін сезімге байланысты болар, ақын ой-қиялын бекемдеу үшін немесе өз ырғағына қайта оралу үшін шумақтарды екпінмен бастайды. Бұл әдеттегі дәстүрлі өлеңдерде тіпті басқа еркін өлеңдерде де көп көріне бермейді. Атап айтқанда ақын риторикалық сұраулар арқылы тармақтардың бастапқы сөздерінің екпінін күшейтеді. Ол үшін «Кім екен ол?», «Кімдер екен?», «Не екен?» деген сияқты сұраулар қойып, оқырманның назарын өлеңнің мазмұнына аударады және өзінің дәстүрлі ырғағына оралып ала қояды. Шашылған ойды жинақтап, жетпей тұрған кем кетікті толықтайды. Осы аралықта түйдектеп келген ойларын бір немесе бірнеше бунақтармен орындап алады.
Үзіліп түскен бе екен күн сезімінен
Көктем – күйеу, жер – қалыңдығын баурына басқанда?! («Қызыл гүл»).
Ғасырлар сүрдегінде жоғалған бір тайлақ
Тұрды екен қайсы жылғада түйе боп үлкейіп?!
Сарбалақ өскен адырларда күйіс қайтарып
Қайсы бұлақтан су ішті екен еңкейіп?! («Түйелер»).
Жартастар бетінің қаяу сызығы ма,
Не екен ол аққан жұлдыз орнында өшкен?
Сол жасыл сызықтар жазуы ма әлде,
Құпия бір тарихтың бастан кешкен? («Жайлау сонысындағы жасыл іздер»).
Кім екен ол –
Тағдыр оны осы атқа мінуге бұйырған?
Бейт пе, жоқ әлде ескі мұнара ма?
Елестейді, әйтеуір, бір белгі алыс қиырдан. («Қосар ат»).
Біз жоғардағы мысалдардағы мына сөздер мен тіркестерге назар аударайқшы? «түске бе екен», «қайсы жылғада», «қайсы бұлақтан», «не екен», «жазу ма әлде» деген сұрау тудырған тіркестерге қарасақ, әр тармақтардағы басыңқы сөйлем құрлысын күшейтіп, ерекшелендіріп жібереді. Екпін түсіп тұрған осы күшейтпелі синтаксистік тіркестер оқырман назарын бірден аударады әрі ақынның өз ойын жинақтап алуына көмектеседі. Бұл риторикалық сұраулардың енді бір ерекшелігі – автордың ойын одан ары қоздатып жалғастыруына, өлең тармақтарын ылайықты орналастырып алуына жол ашады. Ақын өлеңдері мен дастандарында мұндай сұраулы тіркестер өте көп кездеседі. Бұл ақынның «Омарғазыша өлең» құрлысын кемелдендіруіне ерекше түрткі болған бір әдіс десек те болады.
(4). Жинақтау әдісі немесе ой қайыру. Омыкеңнің еркін өлеңдерінен тармақтардың басында не ортасында риторикалық сұраулар арқылы күшейтпелі тіркестер алу әдісін көрдік. Осыған ұқсас айтпақ ойын түйіндеп, қортындылай кететін тағы бір әдісі бар. Ол көбінде «емес пе еді», «еді ғой», «.....еді» деген сияқты формалармен келеді. Әдеби шығармаларда көркем ой қорту амалдары болады. Оны әдеби ақылдық қортынды деуге де келеді. Ол поэзиялық шығармаларда шумақтарға немесе тармақтарға шашырай орналасады.
«Кеп қалды!» деген бір ауыз сөз
Қандай сұсты естілуші еді
Баяғы жортуыл-жорықтарда.
Нысанаға алғанша, құс екеш құс та
Ұшып үлгіреді ғой бір қатерге жолыққанда. («жайлау сонысындағы жасыл іздер»)
Қосылып шулағандай
Барша жануар –
Он сегіз мың ғалам,
Қандай ауыр еді сезімге!
Қайтарып берер ме еді, әттең! - дедім ішімнен –
Сол байырғы мекенін аңдардың өзіне! («Жолбарыс үңгірі»)
Жоғардағы алдыңғы шумақта: «Кеп қалды» деген сұсты сөзді «естілуші еді» деген тіркеспен; нысанаға алынған құсты ұшып «үлгіреді ғой» деген тіркеспен күшейтіп, нықтап көрсетеді. Осы арқылы жаугершілік заманда «кеп қалды!» деген сөздің «сұсты» болып естілетіні, қатерге жолыққан құстың ұшып үлгіру мүмкіндігінің де бар екені сияқты ой қортындысын шығарады. Сонымен бірге, бұл екі тіркес өздеріне күшейте екпін түсіріп, екі түрлі ойды нығарлап, баса дәріптеп көрсетеді. Кейінгі шумақтағы: «ауыр еді», «берер ме еді» деген тіркестердің ролы да осыларға ұқсас деуге болады.
(5). Ұйқас маңызды саналмайды. Бұл жоғарыда айтқанымыздай Омарғазы өлеңдерінде ұйқас болмайды дегенді білдірмейді. Оның жаңаша өлеңдері еркін ұйқасқа, әсіресе, күрделі екі тармақ қатар қанат қағатын егіз ұйқасқа жатады. Ақынның ұйқасты көп жағдайда ойын бейнелеп, сезімін білдіріп болған соң барып ылайығына қарай орналастыратыны да бар.
Омыкең романтиканың, қиялдың, терең ойдың адамы болғандікі ме, өлеңнің ойына көбірек назар аударып, ұйқастарға тұнық бас ұрып кетпеген. Өлеңдерінде бір буынды, екі буынды, үш-төрт буынды ұйқастардың бәрі кезігеді. Өз сөзімен айтқанда «әріптік ұйқас емес, дыбыстық ұйқастарға» біршама мән береді. Дәстүрлі өлеңдердің әр шумақтың екі немесе одан да көп тармақтарының не үш, не одан да көп буынмен, тіркеспен келетін ұйқас жасауын қажет етпейді. Тіпті кей шумақтардың ұйқасы «шамаша» ғана ұйқасып отырған. Біз ақынның «Сағым - мұнар» деген мына өлеңінен бірнеше шумақ оқып көрейік:
Білініп тұр қызуы бойына теуіп.
Дегди қоймаған әлі
Қыраттардағы қара құмақ кеуіп.
Тұмаудан кейінгі бір суық тер
Болушы еді ғой,
Ұқсайды соған дымқыл жер.
Сұйық жасылтым сүзіліп жыртылғалы
Әрең тұр солғын себезгісі сыртындағы.
Кім ол көгілжім көйлегімен
Бұта-бүргендер түбіне тығылып;
Жатқан ұзын етегімен
Жол бойында жығылып?!
Жер иісі –
Кәдімгі бір көктемгі қоңыр леп,
Жүрегіңе дейін,
Миыңа шапшиды, басыңа өрлеп.
Міне осы бір өлеңінің бірнеше шумақтарынан-ақ біздің жоғардағы айтқан пікіріміздің дәлелі табылады. Мысалы: «теуіп» пен «кеуіп»; «тер» мен «жер»; «жыртылғалы» мен «сыртындағы»; «тығылып» пен «жығылып»; «леп» пен «өрлеп». Көріп отырмыз: бір өлеңнің өзінде бір буынды, екі буынды, үш буынды тіпті төрт буынды ұйқастар кезігеді. Бұнымен қоса, «леп» пен «өрлеп» сияқты бір буын мен екі буыннан орайластырып ұйқас жасайды. Дәстүрдегідей бір өлең бастан аяқ бір келкі буынмен ұйқас жасудай қалыптан мүлде алшақтап кеткен. Мүмкін бұны еркін өлеңдерде ұйқастан көрі ырғақтың, ойдың маңызды болатындығымен түсіндіру керек шығар?
Расында, дәстүрлі өлеңдердегі қатаң форма, әдетте, ұйқас үшін қайта құрылған қатаң сөйлем құрлысы, былай қарағанда, қиыннан жол тауып ықшам, тұрақты формаларға сиғызып ойын жеткізуі ақынның шеберлігі сияқты көрінгенмен, жеткізбек болған ойдың толық қанды тармаққа сиюы (ұйқасқа алаңдаушылық та бар болғандықтан) оншалықты еркін болмауы мүмкін. Осы тұрғыдан өзіміз көріп отырғандай ақын өзінің еркін өлеңдерінде өлең құрлысын да, ұйқастарын да еркін ұстап отырған.
Омарғазының еркін өлеңдерінің алғашқы партиялары ұйқас түсетін тармақтың – мейлі ол шумақ қанша тармақтан тұрса да, соңын нүктемен белгілейтін еді. Бірақ кейінгі кездерде, әсіресе, кейінгі кезеңдегі шығармашылығында бұл норма үнемі сақталмайтын болған. Сонымен Омыкең өлеңдерінің ұйқасы оқырман ойын шатастырып «күрделі», «түсініксіз», «ұйқассыз» деген «тұжырымдарға» жетелеген.
(6). Сөйлем немесе тармақ үлгілері. Омыкеңнің өлеңдерінің шумақ үлгілері де, сөйлем түрлері де көп. Оны санап кесім айту да ауырлау. Ал тармақтарына келсек, тармақтар өлеңнің сырқы пошыны ғана болып қалмауы керек, қайта, ішкі құрылымының маңызды бөлігі де болуы керек. Ақын ырғақ пен ойдың ыңғайына қарап тармақтарды бөлшектеп тың жолдан бастап та; Бір қанша бунақтарды үзіліссіз тіркеп бір тармаққа жинақтап та кете береді. Өлең тармақтарында әр деңгейлі аралас бунақтар жасап отырады. Былай қарағанда, Омарғазы өлеңдерінде тармақ бар сияқты көрінгенмен, барлығы өлең тармағы бола беруі екі талай, тіпті ойдың себеп-салдарын көрсететін, мақсатын айқындайтын сөйлем, күрделі сөйлем болып кететін кездері де кезігеді. Омыкең өлеңдеріндегі тармақтардың ұзынды-қысқалы болып келуі, бөлшектеліп тың жолдардан түсуі жайдан-жай болмайды. Өлең жолдарындағы бұл өзгерістер ақын сезімінің ағыстарын, нақтап айтқанда сезімнің шапшып өрлеп қалықтауын, сырғып төмен түйілуін көрсетеді. Сонымен қатар, тармақтардағы өзгерістер өлеңге жаңа мән, мазмұн береді, ой туындатады. Немесе оқырманды тың эстетикалық сезімге әкеліп, жаңа ошарлармен қамдайды. Дауыс толқыны (интонатция), сөздердің орын ауысуы (инверция) арқылы да өлең тармақтарын орналастырады. Үйткені, тармақтарға бөлу өлеңнің басқа жанрлардан ерекшеленетін бір белгісі ғой?
Әдеби тұрғыдан алғанда, дәстүрлі поэзияның қара сөзден бөлініп шығуының ең үлкен мәні жанрлық құрылымда болып табылады. Поэтикалық құрлыссыз поэзия әдеби жанр ретінде орнықпайды. Поэзиядағы образ, тақырып, мазмұн, сезім сияқты құрамдас бөлшектер поэзияның анықтаушы сипаты бола алмайды. Өйткені бұл элементтер басқа жанрларда да өмір сүреді. Поэзия тек поэтикалық форманың, поэзиялық құрылымның көмегімен ғана өзін басқа жанрлардан ажыратып тұра алады. Омарғазы поэзиясында бұл теория қарастырылған.
Формалық құрылым мен мағналық құрылым іс жүзінде бір тұтас, оны талқылау барысында екіге бөлеміз. Өлең жасампаздығы барысында, оларды бөліп отырмаймыз. Оның сыртқы құрылымы мен ішкі құрылымы бірге қалыптасады. Сыртқы тілдік құрылымды баяндау қаблеті әдеттегі барлық адамда болады, бірақ ішкі құрылымдық қуатпен өлең өрнегін салу тек нағыз ақындардың өнері. Кей өлеңдердің жарамсыз болуының себебі назарды сыртқы құрылымға аударғаннан болады. Омыкең бұл тұғырдан түспеген, өзінің ішкі иірімдеріне көбірек бой ұрған ақын.
Автор туралы
Мырзағали Тоқтаубайұлы - 1961 жылы Қытайдың ШУАР Үрімжі толы деген жерінде дүниеге келген. 1983 жылы Үрімжі қаласының Тяньшань фермасының орта мектебін бітірген, 1983-1988 жыл аралығында Шинжаң Университетінің әдебиет факутетінен оқу тауысқан. 1988 жылдан жалғасты сол факультетте аспирантура оқып, 1991 жылы шілдеде «Қытай қазіргі заман әдебиетінен» диссертация қорғаған. 1991 жылдан бастап Шинжаң оқу-ағарту институтының әдебиет факультетінде сабақ берген. 1995 жылы қазанда Атамекенге қоныс аударған.
Сабақ беріп жүргенде бірнеше оқулықтар жазған, мақалалары мен өлеңдері түрлі басылымдарда жарық көрген. Ақын, әдебиеттанушы.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.