Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» шығармасы поэтикалық, тіпті миф пен романтиканың тоғысындағы дүние болғанымен, осы көркем форма арқылы автор әкесіз өскен ұрпақтың жан күйзелісін, соғыстан кейінгі буынның психологиялық жарақаты жайлы өте нәзік, терең қозғайды. Соғыс салдарынан жетім қалған балалардың тағдыры кеңес әдебиетінде көбіне реалистік, кейде пафосқа толы сипатта жазылып келді. Ал Оралхан Бөкей сол ұрпақтың ер адамның мейіріміне, әкелік қамқорлыққа зәрулігін, рухани жалғыздығын символдар арқылы жеткізген. Шығармадағы бастан-аяқ бітпейтін қыс, көз тоқтатып қарайтын ештеңесі жоқ тегіс аппақ дүние, ұйытқып соғып тұратын қаһарлы бораны – кейіпкерлердің ішкі күйзелісінің метафорасы сияқты. Бұл шығарманы ерекше атмосферасы үшін де оқисың.
«Алғаш ауылдан шыққанда ептеп желік қысқандай болған, жастық шақтың көп-көп алаңсыздығы тағы да бір ессіздікке, мұңсыз-қамсыз жазира тірліктің жалғыз аяқ соқпағына жетелегендей еді. Енді міне қар жамылған жұп-жұмыр таулардың тұтқынына түскен сайын сол жылымық көңіл, сол жылымық көңілдің шуақтары аязда үсіп өлгендей өгей өмірге тап болды; оты жоқ, пеші жоқ жел кеулеп, ызғар буған иесіз үйдің қонағындай шарасыздықтың шырмауында қалды».
«Әкелеріміз соғысқа аттанған соңғы үш-төрт жылда қайда жүрдік?»
Соғыстан соң туған көптеген бала әкесін көрмей, тек оның соғыста өлгені туралы естіп өсті. Бірақ уақыт өте келе олардың көбі күмәндана бастады: «Соғыс қашан бітті? Ал мен қашан тудым? Егер әкем соғыста өлсе, мен қалай өмірге келдім?» Бұл сұрақтар олардың жанын жаралады. Ия, оларды мазақтады, өз қоғамында толыққанды азамат ретінде қабылдамау жағдайлары да болды. Мысалы, Аманжан – кімге тартып туғаны белгісіз, өзін «соғыс құрбаны» деп санайды. Бақытжан – әкесінің кім екенін бала кезінен естіген өсектерден ғана біледі. Нұржан – өзінің де, қарындасының да кімнен туғанын білмейді. Әдетте жауабы табылмаған сұрақтан қиын не бар, бұл жігіттердің де әрқайсысының өмірінде «әкелерінің кім екені» туралы сұрақ маңызды орын алады. «Нұржанның шешесі – жастай жесір қалған адам. Бір ұл, бір қызы бар. Екеуі бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Нұржан қара торы бұйра шаш та, қарындасы көгілдір көзді шикілі сары. Оның сырын осы ауылдағы сыпсыңқайлар сан-саққа жүгіртеді. Бала кезінде Нұржан талай мазаққа ұшырап ашуланды да. Бірде «Айғай апасынан» (жұрт осылай атайтын): «Менің әкем қайда?» – деп сұрады.
- Соғыста өлген, – деп айғайды сала жауап берді. Мың да тоғыз жүз қырық алтыншы жылы дүниеге келген Нұржан «соғыста шейіт» болған қайран «әкесін» содан қайтып іздегенді қойған. Бәріне де соғыста өлгендер емес, соғыстан аман келгендер «кінәлі» екенін кейінірек сезді ғой. Ал Бақытжанның майданнан қара қағаз келген әкесі осы ауылда тірі жүр деген лақап сөз бар. Кім білсін? Бәріне де қу соғыс кінәлі...»
Оралхан Бөкей осы тақырыпты көтеру арқылы соғыстың тек майдан даласында ғана емес, одан кейінгі ұрпақтың өмірінде де терең жара қалдырғанын көрсеткісі келеді.
« – Айтыңдаршы, – деді ана екеуіне кезек қарап,– Айтыңдаршы, әкеміз соғысқа қай жылы кетті?
Екеуі бірдей жарыса: – 1942 жылдың күзінде – деді.
Нұржан: – Өте жақсы. Ал қара қағаз қашан келді?
Екеуі бірдей жарыса: – 1943 жылдың қысында... Сталинград түбінде ерлікпен қаза тауыпты.
Нұржан: – Өте жақсы. Ал енді біздер дүниеге қашан келдік?
Аманжан шалдың нарын сықырлата қозғап, маңдайын уқалады. Бақытжан өп-өтірік жөтелді. Бәлкім ұялғандығы болар. Неменеге ұялады екен?..
Нұржан: – Ә-ә, үндемейсіңдер ме? Олай болса ащы шындықты мен айтайын сендерге... Анау екеуі бірдей селк етіп, салбыраңқырап кеткен басын кегжең еткізіп көтеріп алды.
Нұржан: – мың да тоғыз жүз қырық алтыншы жылдың күзінде... келіппіз осынау б-а-қы-т-ты өмірге... Түн жамылып отырмыз ғой, ағымыздан жарылайықшы, жігіттер, сонда біз әкелеріміз соғысқа аттанған соңғы үш-төрт жылда қайда жүрдік?
– Сендерді білмеймін, – деді Бақытжан желкесін қасып, – өзім әкемді майданға алып кеткенде іште қалыппын... Шешем солай деген...
Аманжан қарқ етіп күліп жіберді.
-Ляуқи неме, төрт жыл бойы шешеңнің ішінде жатқан екенсің ғой, ха... ха...
Нұржан: – Ал енді осыған, осы трагедияға айыптымыз ба? Жоқ болмаса, қандай да бір жолмен бізді жарық дүниеге әкелген анамызды кінәлар ма едік?
Өңі сұп-сұр болып, дірілдеп кетті. Достары аға трактористің ашуланғанын тұңғыш рет көруі еді, таңырқай қарады.
– Жоқ, жарқыным, соғыс кезінде немесе соғыстан соң туғандар бір-біріне ұқсап жатса оған балалар әсте де кінәлі емес. Ендеше, оған ешбір қорланудың да, ұялудың да қажеті жоқ. Конечно в этом мире нам трудно будет жить, но за то мы получили жизнь. Мы – дети войны. Мы – законное дитя эпохи.
– Ұрлықтан тапқан ұрпақтармыз, – деді Аманжан күрсініп».
Анасының «іште қалдың» дегеніне сенгісі келген Бақытжанның сөзі – бала кезінен өз шындығынан қашып жүрген адамның әрекеті.
Аманжанның күлуі – шындықтың ауырлығына төзе алмаудың белгісі.
Қазақ әдебиетінде соғыс тақсіреті, жесір әйел, жетім бала тағдыры сөз болған шығармалар жетерлік. Соғыс тек майдандағы қантөгіс емес, сонымен қатар, оның тылдағы адамдарға қалдырған ауыр зардабы, моральдық құндылықтарды шайқалтып, отбасы шырқын бұзған кесірі қаншама? Соғыстың адам тағдырына әсері жайлы әлем әдебиетіндегі шығармаларды әркім-ақ оқыған шығар. Мысалы, Мария Ремарктің «Три товарища», Халед Хоссейнидің «Жарқыраған мың күн», Уильям Фолкнердің «Звук и ярость» романдарында некесіз балалар соғыстың ең елеусіз құрбаны ретінде көрінеді. Олар қай заманда қоғамның екіжүзділігі сияқты қабылданған. Өйткені ол жерде жалған өмірбаян, шындықты жасыру қоса жүреді.
Бұл жайды Оралхан да осы шығармада жақсы жеткізіп отыр.
«Тізесіне көлденең тастаған мылтықтың стволын сипап отырған Аманжан анықтап қараған адамға, шынында да, Қоңқай шалға қатты ұқсайтын еді. Бақытжан: – ...Жас кезінде осындай-ақ болған шығар...– Басын шайқап, таңырқағанын қоймаған соң Аманжан бұлқан-талқан ашуланды. Алғашында қалжыңдайтын шығар деп өзі де ыржалаңдай бастап еді, ана екеуі шындап жатқан соң: – Оттапсыңдар! – деп ақырып қолындағы Қоңқайдың мылтығын енді екеуіне кезеді.
– Егер ондай ұсақ-түйек ұқсастықтың бәрін жіпке тізе берсек, онда сен... онда сен... (айтсам ба, айтпасам ба дегендей тұтығып қалды).
– Немене... «онда сен» – деп шаңқ етті Бақытжан. Оның не айтқалы отырғанын өзі де іштей сезіп, осына бала жасынан бері итше сүмеңдеп соңынан қалмай еріп келе жатқан қаңқу сөзді тағы да естірін біліп, іштей дайындала бастап еді...
– Онда сен... Упрайға ұқсайсың! Яғни бөлімше басқарушысының аузынан түсе қалғандайсың! – деп тісін егеді. Бақытжанның көзінен жас ыршып кетіп еді. Осы өмірінің жазылмас жарасы секілді індет-сөзді басқа-басқа, дәл Аманжанның аузынан естимін деп ойлады ма. Жоқ, ешқашанда... Үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Тамам бала... «шата-шата», бастықтың баласы» – деп тілін шығарып, санын шапалақтап мазақтағанда осы екі досы – Нұржан мен Аманжан ара түспеуші ме еді... Иә, сөйтетін... Құдай-ау, тіпті айтқысы келіп, тілі қышығанның өзінде мынау қиын-қыстау сәтте, ұлы сапарда шыдай тұруы, аузын буа тұруы керек еді ғой.
- Тапқан екенсің мені таптырған адамды! – деп соншалық бір көз ілеспес шапшаңдықпен Аманжанға тұра ұмтылды. Бірақ істің насырға шабарын сезген Нұржан, аяғынан қағып шалып жықты да, жібермей ұстап қалды. Ал ашуға булыққан Аманжанның шүріппені басып қалуы әбден мүмкін еді...».
***
Қоғамның «шата» деп таңба басуы жан жарасына тұз сепкен Бақытжанның ең үлкен қорқынышы – оның әкесі туралы өсек. Бұл өсекке досы араша түседі деп сенген, бірақ сол адамның өзі ауыр сөз айтқанда, оның жан дүниесі төңкеріліп кетеді. Аманжанның да, Бақытжанның да шектен тыс реакциясы – екеуінің де бұл тақырыпқа қаншалықты жан ауыртатынын көрсетеді.
Ашудың ақылға бағынбауынан да – соғыс ұрпақтарының ішкі күйзелісі байқалады. Бақытжан Аманжанның келбетінен Қоңқайға ұқсастықты байқаған кезде Аманжан ашуға ерік беріп, мылтық кезейді. Егер Нұржан ара түспегенде не боларын кім білсін. Достық деген де бұл жерде шартты ұғым болып қалады. Бұл оның ішкі күйзелісінің тым терең екенін білдіреді. Ол түсінікті де. Егер Қоңқай шынымен осы жігіттердің бірінің әкесі болса, бұл – шығармадағы ең үлкен трагедиялардың бірі болмақ. Себебі жігіттер өмір бойы «әкеміз соғыста қаза тапты» деген сеніммен өссе, ал шын мәнінде, әкелері оларды білсе де, ашық түрде мойындай алмаса, осылай тағдырдың тәлкегінде қалып қойған болса, бұл трагедия емес пе…
Автор кейіпкер қылып алған үш жігіт 23-24 жастағы жігіттер, демек, бұл жетпісінші жылдар. Бұл – соғыс зардабы әлі өшпеген, халықтың жадында қасіреті жаңғырып тұрған уақыт. Сол тұста әкесіз өсу – трагедия еді. Өйткені бала үшін әкенің бейнесі – тәртіп пен қорған, тұлғалық бағдар, өмірлік ұстанымдардың бастауы есепті. Ал соғыс, содан кейінгі өмірдің ауыртпалығы бұл ұрпақтың көбін рухани жартыкеш етіп өсірді. Бұл – Оралхан айтқандай, көзге көрінбейтін, бірақ ең ауыр жара болатын. Ал қазіргі қоғам басқа кезеңде. Арада елу-алпыс жыл өткенде некесіз бала табу қалыпты жағдайға айналды. Оны тағдыр немесе таңдау ретінде қабылдайтын ұрпақ қалыптасты. Бұл үшін ешкімді айыптауға да болмайтын түсінік келді. Мұның өзі - қоғамдық сана эволюциясының бір көрінісі деуге тура келетін шығар. Әкесіздік трагедия емес, жай ғана өмір шындығының бір түрі ретінде қабылданып, бұрынғыдай айыптау емес, түсіну мен бейімделу алдыңғы орынға шықты. Бұл жақсы ма, жаман ба дегенге де жауап беру қиын.
Әр дәуірдің өз майданы бар
«Упрай бұдан соң күлкісін тыя алмай отырған Нұржанға ақыл үйрете бастады. – Давай, сен, шырақ, күлкіні доғар, әкри. Зато, мен шаруашылықты білемін, соғысқа барып сендей саудайыларды қорғағанымды білемін, қысқасы – сенің Айыртауға аттанып, күзден қалған шөпті алып келеріңді білемін!
- Соғыста мен де болғанмын, аға,— деді Нұржан.
- Кепкеніңнің басы.
- Иә, рас айтамын. Шекарада служит еттім. Соғыстан айырмашылығы – атыспағанымыз, атысуға жібермегеніміз ғана... Отанды оқ атпай күзету, анау-мынау соғыстан әлдеқайда қиын. Өйткені жау көзге көрініп тұрған жоқ. Сіздер секілді «уралап», тисе терекке, тимесе бұтаққа деп, теріс қарап, көзді жұмып оқ жаудыра берген жоқпыз...»
Бұл жерде автор Упрай мен Нұржанның диалогы арқылы соғысқа деген екі түрлі көзқарасты көрсетіп, философиялық ой тастайды. Упрай – соғыс көрген, өзін нағыз жауынгер санайтын адам. Ол майданға қатыспағандарды «саудайылар» деп менсінбейді, өзін олардан артық санайды. Оның ойынша, соғысқа қатысу – нағыз ерліктің белгісі. Нұржан – жаңа заманның жасы, шекара қызметін атқарған жігіт. Ол Отанды соғыссыз-ақ қорғауға болатынын, тіпті көзге көрінбейтін жаумен күресу әлдеқайда қиын екенін айтады. Упрай үшін соғыста «уралап» алға ұмтылу, оқ жаудыру – нағыз ерлік болса, Нұржанның: «Отанды оқ атпай күзету, анау-мынау соғыстан әлдеқайда қиын. Өйткені жау көзге көрініп тұрған жоқ…» дегені бұл жерде тек шекара күзету емес, бүгінгі бізге таныс идеологиялық, ақпараттық соғыстарды да меңзеп тұрған болуы мүмкін. Оралхан Бөкей әр дәуірдің өз «майданы» бар екенін айта отырып, адамдар бірін-бірі танымай-білмей, көрмей-ақ қыра беретін соғыс қашанда әділетсіз, кейде мағынасыз екенін де ұқтырғысы келеді.
Сиыршы мен Қоңқайдың күресі
Мысалы, осы шығармадағы Қоңқай мен сиыршының қарама-қарсы әрекетінен де күресті, майданды көреміз. Мысалы:
« – Мен, шырағым, Қоңқай үшін отырмын,– деді сиыршы.
- Түсінбедім ғой.
- Түсінбейтін не бар. Ол адастырады, мен тауып аламын. Монданақтай жердің бетін бір жақсы, бір жамандық жайлаған. Ал егер мен осы Айыртаудан көшіп кетсем, Қоңқай зәлімнің жеңгені гой. Осылайша андысып өмір жалғасады. Тегінде, сенің де өз Қоңқайың бар. Басқалардың да...»
Иә, сиыршының бұл әрекеті – соғыс даласындағы бетпе-бет шайқас немесе батырлар жырындағы классикалық ерлік емес, бұл жерде оның әрекеті ішкі рухтың беріктігі, өз ұстанымына адалдық, тағдырға қарсы күрес ретінде көрінеді. Біз, әрине, Қоңқай – тек елдің бәрін адастырып, жамандық істеуші адам емес, оның символ екенін түсініп отырамыз.
Сиыршы мен Қоңқайдың арасындағы аңдысу – жақсылық пен жамандықтың, әділет пен әділетсіздіктің арасындағы күрестің бір көрінісі. Қоңқай өзіне ешуақытта жеңістік бермесін сиыршы да біледі. Бұл күресте жеңу мүмкін емес, бірақ берілмеу – жеңіліп қалмаудың бір жолы. Сиыршы айтатын: «Әр адамның өз Қоңқайы бар» деген шын мәнінде ғажап сөз. Шын мәнінде Қоңқай тек осы таудағы жөн сұрағанды қасақана адастыратын адам емес, әр адамның өмірінде болатын қиындықтың, әділетсіздіктің, тағдырдың қаталдығының да символы.
«Қасаттана бастаған аппақ қарды жарып, бағдар-бағытсыз арындап келе жатқан ДТ-57-нің қазіргі мінсіз жүрісі ғана ендігі медет, ендігі қуат, үміт теңізін кешкен үш жігіттің – астындағы арғымағы-тын. Елден шыққандарына екінші түн, кеше Фадиха деген ауылға түнеп шықты да, елең-алаңнан сапарға қайта аттанған. Алда – Қоңқай асуы».
Жігіттердің бір қара ноқатсыз әппақ дүниені трактормен шиырлап жүріп, дәл сол табиғаты қатал, аңызға толы мекен – Қоңқай асуына тап болуы, адасуы кездейсоқ емес. Бұл – олардың өмір бойы өздерін қоршаған белгісіздікпен, қоғамның көзқарасымен, тіпті өз тағдырларымен күресіп келе жатқанының белгісі де болуы мүмкін дейді бір ойымыз. Қараңызшы, мұндағы боран – жай боран, табиғат құбылысы емес, үш жігіттің ішкі жан-дүниесіндегі арпалыстың көрінісі. Олар соғыстан кейінгі әкесіз өскен ұрпақтың өкініші мен жалғыздығын арқалап, белгісіздікке қарай жүріп келеді.
«Ұлы Қоңқай жаққан от ешқашанда сөнбейді»
Автор Қоңқай образын өте сәтті, жарқыратып алып шыққан.
«Жоқ! Ұлы Қоңқай жаққан от ешқашанда сөнбек емес! – деді жанары ұшқындап. Пышақпен тіле салғандай жалғыз сызықтанған қысық көздің осыншама аясы кеңіп үлкейгеніне жігіттер аң-таң аңырайып қарап қалған. Ол – жалқы да болса жақсылар жаққан от. Егер шын білгілерің келсе айтайын: Қоңқай орталарыңда, Қоңқай жер шарының түкпір-түкпірінде, Қоңқай... әркімнің қарақан басында, лүпілдеп соққан жүрегінде, өз шыққан тауым биік болсын дер тілегінде. Тек қана бір-бірінен жасқана жасырады», – дейді Қоңқай.
Бұл үзіндіден Қоңқай образы арқылы мәңгілік күрес идеясы көрінеді , ол тек бір тұлғаның немесе бір заманның емес, ол адамзат болмысындағы мәңгілік қарама-қайшылықтың, ішкі және сыртқы тартыстың көрінісі. Бір қарасаң Қоңқай бір адам емес, ұжымдық сана да болуы мүмкін. Автор «Қоңқай орталарыңда», «Қоңқай жер шарының түкпір-түкпірінде» дегенде, оның әрбір адамның жүрегінде, санасында, қоғамда өмір сүретінін меңзейді ғой. Яғни бұл жердегі Қоңқай тек зұлымдықтың бейнесі емес, ол адамның өз болмысымен күресуі, өз ішінде жасырынған әлсіздікпен, қара ниетпен арпалысуы да. Қоңқай оты өшпейді дегені – бұл күрестің ешқашан тоқтамайтынын, адамзат өркениеті осы тартыспен ілгері жылжитынын айтады.
«Қоңқайлар барда ақ пен қараның, жақсылық пен жамандықтың күресі тоқтамайды» деген ой – дуализм қағидасына (материалдық және рухани мәдениетті екі қарама-қарсы, бірақ негізі мәдени элементте бір-бірімен тығыз байланыста болады деп қарастыратын ілім) сүйенеді. Шынымен де жарық пен түнек, әділдік пен қиянат, махаббат пен өшпенділік үнемі қатар жүреді, бірінсіз бірі өмір сүре алмайды ғой. Адам-байғұстың өмірі осы екі күштің арасындағы тепе-теңдікті іздеумен өтеді. Демек, Қоңқай – жамандықтың өзі емес, ол – өмірдің динамикасын, қозғалысын қамтамасыз етуші де.
«Қоңқай әркімнің қарақан басында, лүпілдеп соққан жүрегінде, өз шыққан тауым биік болсын дер тілегінде» деген жолдар ше? Бұған қарасақ, Қоңқай – адамның амбициясы мен арманы, адам бойындағы үлкен мақсаттарға, билікке, танымалдыққа, үстемдікке деген ұмтылысы. Әр адам өмірдегі өз шыңын бағындырғысы келеді, бірақ ол шыңға қалай жететіні – оның өз ішіндегі, жан түкпіріндегі Қоңқайдың әрекетіне, қай бағытқа жүретініне байланысты…
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.