1939 жылы жасалған бір-біріне шабуылдамауға қатысты орыс-герман келісімі үзіліп, немістер Ресеймен арадағы шекараға әскерін, танктері мен қаруларын шоғырландырды. Енді Балқандағы елдерді біріктіру, Греция мен Югославияны жаулау мақсаты айқын болды. 1941 жылы 22-нші маусымда таңғы сағат 4:00-де шамамен 150 неміс дивизиясы Ресейдің аумағының Қара теңізден Солтүстік Поляр шеңберінің 1250 миль солтүстік линиясына қарай бет түзеді. Черчиллдің ойынша, енді Британия жалғыз өзі соғыспайтын болды. Егер Кеңес Одағы жеңілген жағдайда (Черчилль оны жеңіледі деп жорамалдады) бұл Гитлерге Германияның бүкіл әскери қуатын Британияны басып алуға жұмылдыруға мүмкіндік берген болар еді.
Жаппай қырғын соғыс
1941 жылы Британиямен екі бірдей ел одақтасты: оның бірі – 1941 жылы маусымда немістер басып алған Кеңестік Ресей болса, екіншісі – АҚШ болатын. АҚШ жапондар Перл-Харборды шабуылдағаннан кейін 7 желтоқсаннан бастап қарсы соғыс жариялады.
Нацистердің Ресейге басып кіруі Черчиллді соңғы уақыттары әбден мазасын алған ойынан бас тартуға мәжбүр етті. Ол өзінің коммунизмге деген жеккөрінішін ұмыта тұрып, гитлер өшпенділігінің құрбаны болған Кеңестік Одаққа қолдан келген бар көмегін жасау керектігін түсінді. 1941 жылы 22-нші маусымдағы радиохабарда Черчилль: «Өткеннің бәрі өзінің қылмысымен, өзінің трагедиясымен, өзінің есалаңдығымен артта қалмақ... Біз Ресейге және орыс халқына қолымыздан келген бар көмегімізді жасауымыз керек, Ресейге төніп тұрған қауіп-қатер ол бізге де төнуі мүмкін ауыртпалық ...», - деді.
Черчилль нацистер шабуылынан он күн бұрын Иосиф Сталинге неміс радиограммасының арнайы дыбыстық жазбасын жіберді. Сонымен бірге ол өте сақ қимылдап, құпия мәліметтің көзі – Блетчли-парктегі шифрлы орталықты құпия ұстады. Шабуыл басталғаннан бес күн өткеннен кейін Блетчли-паркте немістердің Ресейде қолданған «Энигма» шифры оқылды да, қайтадан Сталинге жіберілді, бұл Қызыл Әскер пәрменіне жау қимылдарын ескертуге мүмкіндік туғызды.
6 шілдеде Корольдік авиация ұшқыштары Солтүстік Францияға 400 әскери ұшу жасап, сол түні Германия 250 бомбалаушы ұшақтың қуатты шабуылына ұшырады. 12 шілдеде Британия мен Кеңестік Одақтың соғыста бір-біріне көмектесу туралы ұстанған мақсаты өзара келісім түрінде рәсімделіп, Мәскеуде қол қойылды. «Біз сіздерге көмектесу үшін жағрапиялық жағдайымыз бен ресурстарымыздың мүмкіндігіне қарай қолымыздан келгеннің барлығын жасаймыз, – деді телеграф арқылы Черчилль Сталинге 7 шілдеде. – Біз қалай болғанда да осы жауыздыққа қарсы күресті жалғастыра беруіміз керек».
Премьер-министр Сталинге және бүкіл дүние жүзіне өзін сенімді көрсетті, бірақ бұл бояма сенімділіктің аржағында “Кеңестік Одақ жеңіліп қала ма” деген қауіп жатты. Оның алдын-ала ескертпесіне қарамастан, кеңестің көшбасшысы немістерден өзіне шабуылды күтпеді, нәтижесінде қызыл Әскер соғысқа дайын болмады. Шамамен 600 000-дай кеңес әскері тұтқынға түсіп, қалғаны неміс жақ шабуыл бастаған кезде тез арада артқа шегінді. Немістер соғыстың төртінші аптасында Мәскеуге дейін 224 миль жер жақындап, айтарлықтай жетістікке қол жеткізді.
Кеңестің бұл соғыста табысқа жетуіне күмән келтірген тек Черчилль ғана емес еді. Черчиллдің сыртқы істер министрі Энтони Иден, сонымен бірге Үлыбританияның Мәскеудегі елшісі, сэр Стаффорд Криппс және генералдық штаб бастығы, сэр Джон Дилл де кеңестік әскердің қарсылығы ұзаққа созылмайтынына күмән келтірмеді. Ұлыбританиядағы АҚШ елшісі Джон Гилберт Вайнант Кеңестердің неміс-фашистік әскердің тегеурініне шыдамай, қанды шеңгеліне түсуіне алты аптадай ғана уақыт қалды дегенді айтты.
Алты апта өтті, ал Кеңестік Одақ әлі де ұстасып тұрды, бірақ Черчиллдің Ресейді керек-жарақпен қамсыздандыруы Британияның өз қорын жүдете берді, ең бастысы британ әскери-әуе күштерінің қарауындағы ұшқыштар санын қысқара берді.
Үміт
Немістер Мәскеуге жақындай берді. Олар солтүстікте Ленинградты қоршауға алып, оңтүстігінде Украинадағы Киевті басып алды. Кавказ бен оның бағалы мұнай ұңғымалары олар үшін қол жетерлік болып қалды. Сталин одан сайын абыржи бастады. Черчилль кеңес басшысының үрейін жомарттық танытқан көмекпен жайландыруға барынша тырысты. Ол Ресейге ұшақтар мен танктердің жартысын жөнелтуге уәде берді, Сталин америкалықтарды басқа керек-жарақтан жәрдем беруге шақырды.
Британ-кеңестік бірлескен әскер Ресейге мұнай тасымалын ұйымдастыру үшін Ирандағы мұнайдың мол қорына қол жеткізді. Ресей Сібіріндегі Мурманск арқылы өтетін келесі жалғыз порт қыркүйекте ашылды. Судың мұз болып қатқанына, немістердің су асты қайықтары мен әуе күштерінің өршеленген шабуылына қарамастан, Ұлыбритания Мурманск арқылы 4 000 000 тонна әскери техника мен басқа да керек-жарақтарды жөнелтті. Черчилл Сталинге: «Біз Германияға әуе арқылы қатты соққы береміз, осылайша өзімізді қорғап, теңізді өзімізге қаратып аламыз» деп мәлім етті.
***
Сенімсіздік Вотумы қарапайым дауысқа салумен алмастырылды, оған «ия» деушілер 25, ал «жоқ» деушілер 475 болды. Бірақ, шілденің ортасында Черчилль үлкен сауда кемелерін қорғап жүретін PQ17 деген кодтық атаумен белгілі үлкен күзетші кеменің Мурманск маңында немістердің су асты қайықтары мен торпедолық бомбалаушылар шабуылынан күл-талқаны шыққандығы туралы жаманат хабар алды. Олар 35 кеменің 24-ін су түбіне жіберіпті. 1942 жылы шабуылдың ақырына дейін жалпы саны 60 кеме суға батып, шығын болды. Қаза болғандар саны да көп еді. Тамыз бен қыркүйекте үлкен жүк кемесі тоқтады. Бұл жағдай Солтүстік Еуропада «екінші майдан» ашу үшін ағылшын-американдық десант түсіру мүмкіндігін болдырмады. Мұны естіген Сталин қатты ашуға мінді. Немістер бұл кезде Ресейдің оңтүстігіндегі Кавказдың қорғанысын бұзып, бағалы мұнай ұңғымаларына қарай беттеген болатын.
Черчилль 12 тамызда Сталинмен бетпе-бет кездесу үшін Каирдан Мәскеуге америкалық бомбалаушы «либерейтор» ұшағының кабинасында оның шылым тартуына ыңғайланып жасалған оттегі маскасын киіп, он сағаттан астам уақыт отырып ұшып келді. Черчилль Мәскеуге келгенде Сталиннің біресе уайым-қайғыға батып, біресе ызаға булығып отырғанын көрді. Черчилль сабыр сақтап, берік ұстанымда отырып, Сталиннің жауға деген өшпенділігін қоздыру үшін сақ қимылдады. Кеңес басшысын премьер-министрдің «әуе шабуылы немістің барлық қаласындағы әрбір баспананы қирататыны» жайында берген уәдесі көңілін көтеріп, қайраттандырды.
Черчиллдің бес күндік сапары Сталин ұйымдастырған банкетпен аяқталды. Нәтижесі неғайбілдеу болса да, кездесу айтарлықтай пайдалы болды: Сталин қыркүйекте Мурманскідегі кемелер қозғалысын қалпына келтіруді қамтамасыз етуге келісті.
«Мен ешқашан төгілген қан, сорғалаған көз жасы, ауыр еңбек пен аққан терден басқа ештеңе уәде еткен емеспін. Дей тұрғанмен, бізде қазір жаңа тәжірибе бар. Біздің жетістігімізде бұл керемет батыл жеңіс».
«Оверлорд» екінші майданы немістерді Ресейдегі соғыстан алаңдатуда өте қажет еді, бұл жерде Сталиннің де өз мақсаты болды. 1943 жылы қарашада екінші майдан ашу туралы шешім Черчилль, Рувельт пен Сталиннің, газеттерде аталғандай «Үлкен үштіктің» Ирандағы Тегеран конференциясында алғаш рет бірге кездескен кезінде қабылданды.
Бір жағынан екінші майдан қажеттілігі туралы мәселеде келісімге келудің сәті түсті, екінші жағынан – одақтастардың Еуропаға басып кіруінің уақыты, аумағы, орны турасында әрқайсысының көзқарасы әртүрлі болды. Черчиллдің Югославия арқылы басып кіруі туралы жоспарын Сталин оның алдын орап Британияның Австрия мен Югославия астаналары Вена мен Белградты тартып алуды жүзеге асыратын әрекет деп түсінді. Сталин Черчиллдің жоспарына үзілді-кесілді қарсы болды, оған Рузвельт те қосылды. Рузвельт одақтастар үшін Францияның солтүстік-батысына шабуыл жасаудың тиімділігін айтып сөз сөйледі. Сталин Германияға төте соққы беру үшін батыс ыңғайлы деп есептесе де, Рузвельттің бұл айтқанын мақұлдап, шабуыл бастау мерзімін 1944 жылдың мамыр айына келіседі. Черчилль бір өзі азшылық болып қалды. Мұндай нәтиже белгілі бір дәрежеде болуы мүмкін еді. Сталин конференцияға дейін Америка президентінің назарын өзіне аударып, оны болуы мүмкін қастандықтан сақтап қалу үшін анау Тегерандағы британ дипломатиялық қызметіне емес, КСРО-ға тоқтау керектігін айтып, өзара тәуір қарым-қатынас орнатып үлгерген болатын. Нәтижесінде Черчилль мен Рузвельт арасындағы қарым-қатынас аясы бұрынғыдан да тарылып, кейін конференция барысында Сталин мен Рузвельттің Черчилль жоқ жерде тағы да келісіп алуға мүмкіндіктері болды. Сонымен бірге Рузвельт Сталин оларды өзіне қарсы бірігуді көздейді деп ойламасын деп Черчилль түскі асқа шақырғанда оған барудан бас тартты. Сол күні Рузвельт пен Сталин Черчиллсіз тағы бір кездесу өткізді.
Сталинмен келіссөз
Черчилль 1944 жылдың 2 қыркүйегінде Гриноктан «Queen Mary» кемесімен жүзіп, үйіне оралды. Он бір күн өткенде ол Сталинге Оңтүстік Еуропа мен Балқандағы коммунистік ықпалды азайтудан үміттеніп, осы ұсынысты айту үшін Мәскеуге аттанды. Кеңес Әскері Румыния, Болгария мен Югославияны және Венгрияны түгелімен босатты. Билікті алуға талпынған Коммунистік азшылық бұл елдерде де өз ықпалын жүргізе бастады. Грецияда роялистік үкімет пен коммунистік партизандар арасында азамат соғысы немістердің басып алған кезі 1944 жылдың қарашасында аяқталғанша қызып тұрды. Черчиллдің жоспары Ұлыбритания мен Ресейдің бес елдегі «қызығушылықтар пайызын» анықтады. Ресейліктер Румынияға үлестің 90 пайызын, ал британдар 10 пайызын алды. Грецияда мөлшер керісінше болды. Венгрия, Болгария мен Югославияда үлес тең бөлінді. Сонымен бірге, Черчилль мәселені келесі жақтың пайдасына шешуге көне отырып, Түркияны Ресейге Жерорта теңізіне Дарданелла арқылы жүріп-тұруға мүмкіндік беруге көндіруді ұсынды. Черчилль оның орнына Сталиннен Греция мен Италияда коммунизмді ілгері бастырмауға сөз беруін сұрады.
Черчилль осындай сөйлемдері бар құжатты Сталинге беріп жібергенде, ол оған үлкен қанат белгісін қойып кері қайтарды. Черчилль осынау ұсынысының өзі «қара құжат» деп атағандай империалистік сипаты барын түсініп, көңілі күпті болған күйі Сталиннен: «миллиондаған адамның тағдырына қатысты мәселені біздің осылай немқұрайлы шеше салғанымыз арсыздық болып көрінбей ме? Одан да құжатты өртейік», – деп қағаздың көзін құртуды сұрады. Сталин оған келіспеді.
«Жоқ, – деп жауап берді ол. – Сіз оны өзіңізде сақтаңыз».
Немістер Варшавада қарсылығын тойтарып, әбден жасытқан Польша мәселесіне келгенде талқылау оңайға түскен жоқ. Қуғын-сүргінге ұшыраған поляк үкіметі Лондонда Черчилльге олардың тек толық еркіндік алуға келісетіндіктері туралы мәлімдеген еді. Сталиннің соғыстан кейінгі Польшаны басқаруды өз қолына алуға даяр үміті болды. Екі жақ та бұл мәселеде бір-біріне жол бергісі келмеді. Өзін Қауымдастар палатасында «бір ауладан бір аулаға баяғы бір әнді айтып өте беретін кезбе» ретінде суреттеген Черчилльдің бұл мәселеде ешқандай мәміле жасамайтынын мойындады.
Рузвельт
Сталиннің экспансиялық яки өктемдік кеудемсоқтығы Черчилге ұнамады. 1945 жылы 29 қаңтарда ол Рузвельтпен және Сталинмен өткізілетін конференцияға ушығып бара жатқан мәселені шешу үшін Лондоннан шығып, Ялтаға барды.
Оның алдында Черчилль Ялтадағы келіссөздер тәсілін Энтони Иденмен және штаб басшыларымен алдын-ала талқылау мақсатында Мальтаға аттанған болатын. Черчилль орыстардың Еуропаға ұзап баруын және өздері жаулап алған аумақтарда коммунистік үкіметтің орнатуына жол бергісі келмеді. Бұл жерде оның басты шаруасы Австрия болды. «Біздің Австрия аумағының көбірек бөлігін иеленуіміз өте маңызды», – деді ол штаб бастықтары комитетінде. Сондай-ақ орыстардың Батыс Еуропадан көп ел иеленбегені дұрыс».
Көп ұзамай Ялтада Черчилльге барлық ауыр жұмыстардың көп бөлігін өзіне алуға тура келді. Президент Рузвельт 2 ақпанда Мальтада болған кезінде басқалар секілді қатал саяси сауда жүргізу жағдайында болмады. Черчилль оның сол кездегі түрін көріп, іштей шошыған еді. Әдетте ширақ жетекшілігімен ерекшеленетін Рузвельт бозарыңқы, арыған, сұп-сұр, сырқат көрінді. Бір жыл бұрын дәрігерлер оның жүрек-қан тамырлары ауруын анықтаған болса, осы жолы оның денсаулығы тым нашарлап кеткен еді. Президент Мальтада бірнеше кездесулерге барғанымен, көбіне көп үнсіз отырды.
Черчилль, Рузвельт және олардың штабы 3 ақпанда Ялтаға аттанды. Конференция бір кезде Ресейдің соңғы патшасы II Николайдың резиденциясы болған Ливадийск сарайында өтті.
Бұзылған уәде
Ялтада талқыланған бірнеше мәселе бойынша келісімге келу оңайға түсті. Үш көсем 1943 жылы алғаш Касабланкада Черчилль мен Рузвельт жариялаған «Германияны тізе бүктіру» саясатына келісті. Сталин Американың Германия жеңілген бойда Жапонияға қарсы соғыс жариялау туралы талабына келісімін берді. Тараптар Германияны жеңіліске ұшыратқан соғыстан кейінгі елдер мәселесі турасында да өзара келісімге келісті: Британия, Құрама Штаттар, Кеңестік Одақ және Франция өздерінің жеке аумақтарын басқаратын болады, ал Берлин ортақ бақылауда болмақ.
Ұзақмерзімді жоспардағы “Германияны бөлшектеу” бәрінен де даулы мәселе болып шықты. Талқылау ұзаққа созылғанымен, елді шағын бес мемлекетке бөлу немесе немістер төлеуге тиіс өтемақы деңгейіне қарай бөлу, болмаса соғыс қылмыскерлерінің ісін сотқа тарту арқылы не сотсыз қарау шараларына қатысты пікір-көзқарастар бір-біріне кереғар шығып, өзара ынтымақтастық таныта алмады. «Жеңімпаздарды байланыстырып тұрған жалғыз нәрсе – олардың жалпы жеккөрініші», – деді Черчилль Энтони Иденге, ол осынау кекке шөлдеу кейін Еуропаның соғыстан кейінгі саясатына үстемдік етпесе екен деп қауіптенді.
Польша мәселесіне қатысты келісімге келу үміті де ақталмады. Сол кезде Ялта конференциясы болып жатқанда Қеңес Әскері Польшаны және Шығыс Еуропаның көптеген бөлігін басып алар болса, Сталин бұл жаулап алынған жерлерді өз қалауынша билеп-төстей алатын. Сталин Черчилльге поляктардың бір ай ішінде әділетті және еркін түрде таңдау жасауына мүмкіндігі барын айтып сөз берсе де, өзі айтқан сөзінде тұра алмады. Сталиннің Ялтада Польшаға қатысты берген уәделерінің қай-қайсысы да артынша бұзылды. Соғыс соңына қарай тез аяқталды. АҚШ әскері 20 сәуірде Нюрнбергті алды. Орыстар 23 сәуірде Берлинге басып кірді. Сәуірдің 30 күні Гитлер Берлин канцеляриясындағы өзінің жерасты бункерінде өзіне-өзі қол жұмсап тынды. Одан қол созым жерде аяусыз қиратылып, тастар шашылған көшеде бір аптадан соң айтарлықтай оқиға болып, бүкіл неміс әскері тізе бүкті. Гитлердің өзі айтатын тағы мың жыл үстемдік етіп тұруы тиіс үшінші рейхі осылайша қансырай құлап, түгі қалмай өртеніп кетті.
(Бренда Ральф Льюистің «Черчилль. Жизнь в иллюстрациях» кітабынан үзінді)
Орысшадан аударған Жадыра Шамұратова
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.