"Асыл мұра" аудиошығармаларының тұсаукесері өтті
Бөлісу:
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы мамандарының бір жарым жылдық табанды еңбегінің арқасында, қазақ халқының соңғы жүз жылдан бергі жинақталып, «Алтын қорда» сақталған 400 күйі, 300 жыр-термесі, 400 халық және халық композиторларының әндері, 100 ертегісі, 50 бесік жыры, 250 ретро әндері енгізілілген аудиожинақ тыңдарман жұртшылыққа ұсынылды. Аудиожинақтың ерекшелігі – мұндағы 1500 шығарманың көбі аутентикалық форматта, яғни, алғашқы орындаушылары жеткізген түпнұсқа күйінде берілгендігінде.
Бұдан бөлек аталған аудиошығарманың басты ерекшелігі - қазіргі заман цифрлану талабына бейімделіп Spotify, Yandex Music, Apple Music сияқты 100-ден астам әлемдік платформалар мен Altynqor.com сайтына жүктелгендігі еді. Енді кез-келген адам осы аудиошығарманы дүниенің қиыр шетінде отырып әр ән мен күйді емін-еркін тыңдай алады. Бұрын-соңды қазақ сазы мен өнеріне мұндай қолжетімділік болмағанын ескерсек, енді мұндай қолжетімділік әлемге қазақ музыка өнерінің қуатын паш етері сөзсіз.

Идея авторы, ҚР Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин:
«Ұлттық бірегейлік, тәуелсіздік, төл құндылықтар үшін күрес енді цифрлық кеңістікте жүзеге асатын болады. Кім сол цифрлық кеңістікке өзінің өнерін, мәдениетін, төл құндылықтарын, тарихын жеткізіп, жүйелей алады - сол елдің, ұлттың, халықтың мәдениеті, өнері тағы бір заманға бел асып, ғұмыры ұзарады. Сондықтан ендігі кезекте бәріміздің алдымызда тұрған міндет - осы ұлттық мұрамызды мүмкіндігінше цифрландырып, әлемдік түрлі деректер базасына енгізіп отыруымыз керек.

Бүгінгі іс-шараға өзіммен бірге үш затты арнаулы ала келдім. Бірінші, Затаевичтің «Қазақ халқының мың әні» атты кітабы. Яғни жүз жыл бұрын Затаевичтің еңбегінің арқасында қазақтың музыкалық өнері алғаш рет нота болып қағазға түсті. Қазіргі тілмен айтқанда сол заманның музыка сақтау құралымен қазақтың музыкалық мұрасы хатталды. Екінші ала келген затым, мың тоғыз жүз жетпіс-сексенінші жылдары қазақтың аспаптық музыкалық антологиялық күйлері, дәстүрлі өнері жинақ ретінде күйтабақ болып жарыққа шыққан еді. Үшіншісі, екі мың оныншы жылдары Ғалым Доскен ағамыздың еңбегінің арқасында «Қазақтың мың күйі» дискі болып жарыққа шықты. Яғни бір ғасырдың ішінде қазақтың музыкалық өнер мұрасы, алғашында нотамен, кейін күйтабақпен, сосын дискіге сақталса, енді міне замана талабына сай онлайн платформалық модельмен тыңдарман қауымға ұсынылып отыр. Яғни бұл біздің төл өнерімізді зерттеу мен ән-күйлерімізді насихаттау, жеткізу жағынан тоқырап қалмай, сапалық басқыштарға кезең-кезеңімен өтіп келе жатқанымыздың нақты көрсеткіші еді. Осылайша біз өзіміздің рухани мұраларымызды сақтап ғана қоймай, оның таратылу бағытында да жаңаша формаға көшіп, үздіксіз насихаттау мүмкіндігіне қол жеткізіп отырмыз», - деген Мемлекеттік кеңесші бүгінгі аудио жинақтың маңыздылығы мен мәні туралы баса айтты.

Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Қайрат Байбосын былай деп пікір білдірді:
«Біз қара радионың арқасында ән өнеріне келдік. Қара радионы жата-жастана тыңдап өстік. Сол қара радионың арқасында халыққа кеңінен танылдық. Ол кез - радионың заманы болса, қазір міне - жаңа ғасырда, көз алдымызда тарихқа айналған қаншама дүниелер, тарихи мұралар жаңаша бейнеге еніп, басқаша таралудың жолына түсті. Бұл өте үлкен ұлттық деңгейдегі қуаныш. «Алтын қордағы» алтын дауыстардың түпнұсқада қолжетімді болуы, жас буынға баға жетпес ашық мектеп болатыны сөзсіз. Қазіргі өнер қуған жастарға ұстаз ретінде айтқым келетіні: құр нотадан үйренген бір басқа да, ұстаздың алдында отырып ауызша үйренген бір басқа. Ал, мына аудиошығарма керемет ұлылардың дауысын жас жеткіншектерге сол қалыпы жеткізуге мүмкіндік беріп отыр», - деп сөзін түйіндеді.

Күйші, Қазақстанның халық артисі Айгүл Үлкенбаева:
«Бұл жинақты қазақ руханиятының энциклопедиясы деп айтуға толық негіз бар. Өйткені іздеген адам бұл жерден бәрін тауып алады. Ән де, күй де, жыр да, терме де, ертегі де, бәрі де өз ретімен топтастырылған екен. Оның үстіне аудиошығармаға әр шығарманың жеткізушісі, орындаушысы туралы, оның қай кезде таспаға түскені жайлы да қосымша мәліметтерді осы жерден тауып алуға болады. Өзім күйші ретінде айтар болсам: жинаққа төрт жүзге жуық күй енген екен. Ол жерде жалғыз домбыра күйлері ғана емес, сыбызғы, қобызға арналған күйлер де кірген. Сонымен қатар сонау Дина әжемізден бастап бүгінгі күнгі жас орындаушыларға дейін қамтылған екен. Бұл - үлкен еңбек. Шынымен де осы жинаққа қызмет жасаған шығармашылық топтарға шын ризашылығымды білдіргім келеді», - деп пікірін білдірді.

Осынау жаңалығы көп, ұсынар рухани құндылығы ұшан-теңіз, жаңа заманға бейімделген қазақтың ән-күйі мен жыр-ертегілерінің цифрландырылуы қалың тыңдарман мен ізденімпаз жастарға жасалынып жатқан үлкен қамқорлық екенінін біз де айырықша айта кеткіміз келеді.







Бөлісу: