Дәуір дарабозының туғанына 90 жыл

Бөлісу:

20.09.2025 104

Батыс Қазақстан облысында Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлінің туғанына 90 жыл толуына арналған мерейтойлық іс-шаралар бастау алды.

Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда өткен салтанатты шараға Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, Қадыр Мырза Әлінің жары Салтанат, ұлы Ғазиз, немерелері, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев бастаған жергілікті басшылар, белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, облыс жұртшылығы қатысты.

Жиында арнайы сөз сөйлеген Басқарма төрағасы Қадыр ақынның тойы – халықтың тойы екендігін атап өтті:
⁠Қазақтың еңбектеген баласы жаттайтын тақпақтан бастап, еңкейген қариясы айтатын бата, нақыл сөзге дейін Қадыр ағамыздың қаламынан тыс қалған жоқ. Биыл қазақтың үш ақынының 90 жылдығы. Олар – Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әлі және Жұмекен Нәжімеденов. Осы үшеуі – қазақ поэзиясының, қазақ әдебиетінің алтын шегелері, - деді Мереке Құлкенов.

Шара барысында ақын шығармашылығы жайында жазылған «Қадырдың қанатты сөздері» және «Жүрегіме жеткен жыр» атты кітаптардың тұсауы кесілді.

Айта кетейік, мерейтойлық бағдарлама шеңберінде Қадыр Мырза Әлінің шығармашылығына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Ертең ақынның туған топырағында Қадыр Мырза Әлі атындағы руханият залы, ақын рухына арналған мурал ашылмақ.

Суреттер: Қазақстан Жазушылар одағы

Бөлісу:

Көп оқылғандар