Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Қостанайда Міржақып ескерткіші ашылды...

20.09.2025 129

Қостанайда Міржақып ескерткіші ашылды 12+

Қостанайда Міржақып ескерткіші ашылды - adebiportal.kz

Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл толуына орай іс-шаралар өз жалғасын табуда.

Тобыл-Торғай өңірінің кіндік қаласы Қостанайда Міржақып Дулатұлының еңселі ескерткіші ашылды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің тапсырмасымен ҚР Парламентінің Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошанов Міржақып Дулатұлының ескерткішін ашуға қатысты. Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары да Міржақып Дулатұлы ескерткішінің ашылу рәсіміне куә болды.

Биік тұғыр үстінде тұла бойымен бейнеленген еңселі ескерткіштің ашылуымен салтанатты рәсімге жиналған қауымды құттықтаған Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов: «Құрметті ағайын, құрметті қауым! Бүгін рухани өміріміздегі айрықша күн! Қасиетті Тобыл-Торғай өңірінде Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған кең көлемдегі іс-шаралар басталғалы жатыр. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің арнайы құттықтауын жолдады. Сол құттықтауды оқуға рұқсат етіңіздер!» - дей отырып ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді: «Төл тарихымызда азаттық үшін аянбай күрескен, ұлттың рухын көтеруге өлшеусіз үлес қосқан тұғырлы тұлғалар аз емес. Соның бірі әрі бірегейі – Міржақып Дулатұлы. Ол қазақтың асқақ арманы мен мұң-мұқтажын терең түсініп, ел мүддесіне қалтқысыз қызмет етті. Жұрттың сана-сезімін жаңғырту жолында еңбек етіп, жасампаз рухтың жаршысы болды. Адамзатқа ортақ құндылықтарды кеңінен дәріптеп, жастарды өнер-білімге үндеді. Міржақып Дулатұлы әдебиетімізді жаңа деңгейге көтеруге зор еңбек сіңірді. Халқымыздың біртуар перзентінің қайраткерлік қасиеті мен азаматтық ұстанымдары өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге болары сөзсіз

Мәжіліс спикері өзінің сөзінде кешегі арпалыспен арманда өткен Алаш арыстарының аңсар-мақсаттары бүгінгі күннің мұраттарымен тоғысып жатқандығын атап өтті: «Біз қазір де тарихи, тағдырлы шақта өмір сүріп жатырмыз. Алаш арыстары аңсаған тәуелсіздікке қолымыз жетті. Еңселі ел болдық. Соңғы жылдары Президенттің жүйелі, кешенді реформалары халқымыздың жан жақты қолдауын тауып отыр. Елдегі оң өзгерістер қоғамның болашаққа деген сенімін нығайтып келеді. Біздің бүгінгі мақсатымыз – Әділетті, Қуатты, Таза және Қауіпсіз Қазақстанды құру. Айналып келгенде, кешегі Алаш арыстарының да, бүгінгі біздің де арман-аңсарымыз осы.»

Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойына орай бой көтерген ескерткіштің ашылу рәсіміне ұлы тұлғаның жиені Ерлан Сатыбалдиев те арнайы келіп қатысты. 

Осылайша Тобыл-Торғай өңіріндегі Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орайласырылған іс-шаралар одан әрі жалғасуда. Мерейтой салтанатының түйінді  іс-шаралары қыркүйектің 20-21-і күндері Жангелдин ауданы, Торғай кентінде өтпек. Мұнда «Ұлы Дала жорығы» аламан бәйгесі басталып, әр өңірден тоқайласқан жүйріктер бес жүз шақырымдық қашықтықты еңсермек. Мерейтойда өнер мен сспорттық сайыстардан өзге міржақыптануға арналған ғылыми конференция да өтіп, «Алаш» ардақтысының сан қырлы тұлғасын, ұлт мұратын жолында атқарған еселі еңбегін жан жақты ашып көрсететін болады. Аламан айтыстарда  оза шауып бәйге алып дүлдүл ақындар да қалың көпшіліктің алдында Міржақып тұлғасын барынша терең таныта жырлау жолында бақ сынап, айтыс көрігін қыздырмақ. Осылайша Тобыл бойындағы көрікті қаланың сәні тағы бір еңселі ескерткішпен айшықтала түсті.


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар