Жүкел Хамай. Мен неге 10 ақын таңдадым?!

Бөлісу:

25.04.2015 3700

10492278_667359060021338_4545992519431830286_n.jpg


«Не ексең соны орасың» немесе поэзия жөніндегі жеке ұстанымым


Қасымнан кейінгі 10 ақынды таңдау қажет бола қалса, міндетті түрде сол ақындарды машықтарына қарай топтастырып, сол топты онға бөліп, он топтың басында тұрған он ақынды таңдауға тура келеді. Мұнда да, әр ақын әр қалай таңдалады.


Көпшілік ұнатпайтын, тіптен ұмытылып кеткен ақындар да «қайта тіріліп» келуі мүмкін. Өйткені, мұндай таңдау көп бола бермейді. Мысалы: Қасым мен Мұқағалиды бөліп қарауға болмайды, екеуі де қазақтың қара өлеңіне «шекпен» жапты. Қасымнан кейін дегендіктен, бас ақынға – Мұқағали Мақатаевты атаймыз. Ал, Жұмекен дараланып тұрады. Оның өлеңі тек қана Жұмекен айтатын сөздерден, Жұмекен көре алатын суреттерден, түйсіктерден, философиялардан құралған. Оны қанша мәрте қайталап оқысаң, сонша мәрте жаңалық ашасың. Таусылмас қазына. Енді, осы үш ақынның біреуін ғана таңдау керек, онда қазақ поэзиясына «реформа» жасағаны үшін, Бірінші ақын – Жұмекен Нәжімеденов болады.


Бұдан кейін «Реалистік қазақ поэзиясының» негізін құрған ақындарымыз келеді. Бұл машықтағы ақындар бізде өте көп, оларды «ұраншыл» және «лирикалық» деп бөлеміз. Ұраншыл топтың ішінде де эпостық ақындар бар, олардың «партия», «отан» деген атауларын өзгертіп, «халық», «қазақ» деп оқысаң, нелер бір от ауызды, орақ тілді (Хамит Ерғалиев «тобы»!), жалынды ақындарға тап боласың, Бұлардың соңы Қадыр Мырзалиевпен аяқталады. Және Қадыр ағамыз «ұраншыл принціпті» қазақ поэзиясына өте шебер ұштастырып, ұтымды пайдалана білді. Қыздардан Фариза Оңғарсынова батырлар поэзиясын заманауй үлгіде қолданды. Сонымен, бұл топтан: Қадыр Мырзалиев пен Фариза Оңғарсынова көтеріледі де Тоқаш Бердияров ысырылып қалады. «Лирикалық» ақындарды Сырбай Мәуленов бастап тұр. Бұның аяғын Тұманбай Молдағалиевке тіреп қоюға болады. Бұл топта қазақ поэзиясына реформа жасағаны тым аз. Көптеген ақындардың өлеңіндегі есімдерін алып тастасаң, оларды айыру да қиын. Сол қиындардың арасынан жол тапқан ақындар – Төлеген Айбергенов пен Мұхтар Шаханов. Ерекше машықпен қосылған ақын Өтежан Нұрғали болып қала береді. Әрине, топтың басына Төлеген Айбергеновты шығарамыз. Мұхтар алдыңғы буындағы Ғафу ағасы сияқты әндерімен қалады. Және, Ғафудан көп оқылады. Әсіресе, алғашқы кітаптары. Аралықта Темірхан Медетбек бастаған дара бір буын бар. Топ деуге де, даралық деуге де келмейді. Темірханның Ерте түрік бітігіне еліктеген өлеңдері бар, оқуға болады. Бірақ, түп нұсқалармен салыстыруға және поэзия машығы деуге келмейді. Бұлардан кейін, Ұлықбек Есдәулет, Есенғали Раушанов, Кеңшілік Мырзабеков, Жәркен Бөдеш, Серік Ақсұңқарұлы, Мейірхан Ақдәулет, Светқали Нұржан, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы Байбота Қощымға дейінгі Жұматай Жақыпбаевтан бастау алып, Нұрлан Мәукенге дейін созылып жатқан үлкен шоғыр бар. Бұлар туралы айту, өте қиын, әлі «ерте». Сөзсіз, Жұматай Жақыпбаев топ бастайды. Одан кейінгі ақындар түгелдей оқылады. Және осы топта Гүлнар Салықбай бастаған қарымды, жаңашыл қыздар бар. Осы топқа жатқызып отырған ақындардың дені қазақ поэзиясына жаңа машықпен келгендер және кейінгі жастардың көбісі осыларға еліктеп есейіп келеді. Бұл топта дара машық қалыптастырған ақын – Тыныштықбек пен Серік Ақсұңқар. Бұлардан кейін Маралтай бастаған. Әмірхан Балқыбек, Жарас Сәрсек, Қазыбек, Әлібек Шегебай, Ақеділ, Танагөз, Ақсұңқар Ақынбаба ...т.т. тағы бір үлкен топ, Ақберен Елгезек, Бауыржан Қарағызұлы бастаған өте екпінді, жаңашыл жас буын өкілдері бар. Бұлардың түгел өлеңдері оқылады. Ерекше дараланатын ақын – Ақберен бола ма деген үміт басым. Әнтек, соңғы топтар туралы айту, баға беру – қиын, әлі ерте, олар әлі жас!... Егер, маған салса, осы аталған буын, топқа енетін барлық қазақ ақындарын оқыса, оларға қоса шет елдердегі қазақ әдебиетін түгел оқыса дегенді айтар едім. Жүз ақыннан кімнің ондықта қалатынын алдағы жүз жылдықтар көрсетеді. Әрине, таңдау қажет. Оны бірер адамдардың жеке пікірімен таңдауға болмайды. Әркімің жеке қызығушылығы, түйсігі, жан дүиесінің қалауы бар. Менің бойтұмарым – Абай, Мағжан, Жұмекен, Тыныштықбек қалғаны шетелдік ақындар.


Ал Қасым Аманжоловтан бері қарай ұсынатын - 10 үздік ақыным мыналар



Жүкел ХАМАЙ, ақын, аудармашы

Бөлісу:

Көп оқылғандар