Айгүл Кемелбаева. Ақ өлең жаратылысты Бақытжан Раисова

Бөлісу:

12.05.2015 5096


 

Айгүл Кемелбаева


 

Бақытжан Раисова – алтын Алтайда туып өскен, Қатынқарағайдың дарынды ақын қызы. Студент кезінде Ғафу Қайырбеков, Хамит Ерғалиев сияқты үлкен ақындарды жалт қаратқан ақын. Оралхан Бөкеев Бақытжанды әу баста ауылының бір қызы деп қараған, «Қазақ әдебиеті» газетіне апарып берген өлеңдерін Ғафу Қайырбековке оқуға берген соң, «Ғафу аға сені жер-көкке сыйғызбай мақтады, бұл қыздан үлкен ақын шығады деп айтты», – деп қатты қуанып кеткен.


 

Күйеуге шыққан соң отбасылық өмірге өнерге тым құштарлықтың салқыны тиіп кетерін әсіре сезінетін ер-азаматы Бақытжанды Алматыдан дедектетіп елге ала жөнелген ғой.


 

Елде тұрудың шығармашылыққа берер олжасы мол. Өр Алтайдың бұл ақынының шығармашылығы тұма бұлақтай саф таза екені содан болар. Бұқтырманың тылсымы, көкше теңіз жер мен көкті жалғап, кеңістікті шалқып орап жатады; қара жер биікке тырмысып, қылқан жапырақты орманын өсіріп, Алтай тауға бас сауғалап аман қалғандай сезілетін алапат су жағасында аунап-қунап өсу Бақытжан үшін текке кетпегені анық.


 

2007 жылы Бұқтырманы алғаш көргенімде мынау құрылықтың суы емес, көк дариясы, сабаншының жолындай ұлы теңіз ғой деп есім кеткені ойымда.


 

Бақытжан жырлары Бұқтырма сияқты. Ешкімге еліктеу, солықтау жоқ. Әдебиетте, өлең не қара сөз болсын, көшірмешілікпен ат шығарып жүргендер Бақытжан Раисова сияқты құдай берген табиғи дарындардың тылсымын айқын сезсе, етегі толып, еңіреп тұрып жылар ма еді.


 

Михаил Гаспаров, орыс өлеңінің табиғатына ғылыми классификация жасаған теория зерттеушісі, антикалық әдебиет маманы, аса ірі лингвист ғалым орыс әдебиеті күміс ғасыры ақыны Вячеслав Ивановты антика және Ренессанстық өрлеу формаларын керемет меңгерген ақын деп санайды.


 

Бақытжан Раисова ақ өлеңмен жазады. Ұйқас қуу қайда, ол техникалық қулықтан ада – қазақтың қара өлеңі мен жыраулар жыры, фольклорлық сарын мирасқоры. Бақытжан Мұхтарханқызының қазақы болмысы маған өткен ғасыр қаймағы бұзылмаған елдік дәстүр жұрнағындай сезіледі. Заманмен бірге өзгерген ұлттық мінезге жат құбылулардың теріс тұсы бұл ақында атымен жоқ. Нағыз қазақтықтан айрылмаған, жаны таза ақын.


 

Ең талғампаз, кірпияз зерттеуші қазақ поэзиясында Бақытжан Раисованың орнын дереу танып қояр еді. Әйелден ақын шықпайды деп ойлайтын, құдай әуелден биік жаратқан мықты ер ақындар даусыз мойындайтын ақын бұл Бақытжан. Олар Бақытжан Раисова жырларын оқыса, «Әйелден мықты ақын шығады, бірақ таңдаулысы бірен-саран» деріне еш шүбәм жоқ. Алтайда қарды тесіп бәйшешек өседі ғой. Бақытжан Раисова маған сол бәйшешек сияқтанады.


 

Мені ерен қайран қалдыратыны, аймақтарда тұратын мықты ақындарды айтқанда Бақытжан Раисова қалыс қалатыны. Ендеше, біздің әдеби дәстүрдегі тізімге салып айтудың стеоритипін бұзар сәт туғанын мәлімдеу артық болмас.


 

Ақынның «Табиғатым» атты өлеңінде есте жоқ ескі пантеизм ұшқындары шашырап, көкейінде балбал тасқа құс қонғандай түркілік жад тұрған жоқ па. Көшпелі қазақ Айды Күннен артық көретіні, таулардың армандай асқақтығы, ақынның өмірдің меңіреу көрінетін кездерін жатсынғаны, сүюді жомарт жаратылыстан алғаны тұр. Лирикалық «менін» ақын айқын сезініп, сәуегейлік жасаса, сүйіспеншілік нұры шалқуынан. «Былдыр бұлақ» – жүрек пен пейіл, көңіл-күйдің нәресте былдырындай саф таза кездің тұнығы. Мұндай теңеуді өлеңде бұрын кездестірмеген сияқтымын. Ақын даланың тал бесігінде тербеліп өскені айқын.


 

Болысар маған табиғат,

Гүл жарып жауқазындары.

Қол созып сүйеу болып-ақ,

Даланың ай сағымдары.

 

Мелшиіп таулар қарайды,

Мерт болса асыл мұраттар.

Ақ жүзін тосар арайлы

Алдымнан шыққан қыраттар.

 

Табиғат тылсым. Аятсыз

Жаныма жақын қосқаным.

Қиястау кезде қанатсыз –

Қиялап ұшқан аспаным.

 

Арда төліңнің кебінде

«Адамға табын» дегенбіз.

Былдыр бұлақтың тегінде

Басына қайтып келерміз.

 

Шабыттың шырқау төрінде

Жұлдыздай жанып сөнерміз.

Өнердің қалар өрінде

Өзіңнен туған өлең қыз.

 

Тобығым тайып тастарға,

Толқыннан маржан тізгенім.

Көміліп күміс бастауға

Табиғатымды іздедім...


 

Бақытжан ақынмен 30 тамыз 2012 жылы Өскеменде, «Шығыс шынары» жыр мүшәйрасына қонақ болып барғанда, қонақасы банкетте таныстым. Әдебиет мерекесін ұйымдастырушылар мұндайда айдай әлемге ақ қанат періштелерін ұшыртып, таратып жіберетінін біле ме екен?!


 

Бақытжан бойынан бір көргеннен әйел затының есейген шағы болса да тым сирек сақталып қалатын қасиет – қыз балаға тән табиғи ұяңдық, қарапайымдылық, мейірім мен тектілікті танып қайран қалдым. Кеуделеп, кісімси шалқақтап тұру ырымға жоқ. Әдебиетке шын мәнінде бес бересі, алты аласы жоқ әлдебіреулер өзін қарадай зор тұтып, табиғи таланттардың жұмбақ табиғатын танымай қор болатыны содан ғой.


 

Бақытжан Раисованың жырларын оқып отырсам, көкейіме қиянда қалған Ер Төстігім, сорқұдықта көрген сойқаным, дүр сілкінетін жылқы мінезім, бәйгеге қобызмен қоса ұшқан бақсылық жүрегім, жарық дүниеге қазақ болып жаралғаным, түбі бір құдайға құлшылыққа мойынсұнғаным – небір ұлы сарын жаныма Кетбұға, Қорқыт, Құрманғазы, Дәулеткерей, Сүгірдің күйлеріндей тасып-шалқып оралады.


 

Бақытжан шашына ақ бантик байлаған оқушы қыз кезінде Төлеген Айбергеновты ерекше сүйіп оқып, пір тұтқан екен. Значок ішіне Төлеген ақын суретін салып, бойтұмар қылып, Алматыға, КазГУ-дың филфагіне алып-ұшып келген бетте оқуға түсіп кеткен ғой. Ақындар бір-бірін қастерлеуі табиғи нәрсе.


 

Бақытжан Раисова жырларын оқыса, жас буын бұл ақынды пір тұтарына мен кәміл сенемін.


 

 

 

 

 

 

 

2.05.2015.

         Айгүл Кемелбаева, жазушы, «Дарын» Мемлекеттік сыйлығының лауреаты


 


 

Бақытжан Раисованың өлеңдері


 

Бақытжан Райсова 
 


 


 

«ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТОПЫРАҒЫ БҰЙЫРСЫН»


 

(Халық тілеуі)


 


 

 

Ай куә еді,

Сол күні көкте ол дағы қалтырап еді.

Ақ селеу сыңсып,

Қара жел қаңғырып еді.

Өзінен туған ұлды жоқтап,

Алтай тау жаңғырып еді.

Ақ селеу саусағын көкке жайып,

«Қара жер» дұға оқып күбірлеп еді.

Қаралы хабарды жон арқасымен сезіп,

Дірілдеп еді.

 

«Жаралған топырағыма қайта сіңсем» -

Ұлы арман еді.

Өзінен туған ұлды құша алмай,

Қара мекен жыларман еді.

 

Кешегі - от, бүгінгі топырақ дене

Бәрінен бейхабар еді.

Жылап келіп, ел – жұртын жылатып кеткен

Жайсаңның жаны апырм – ай,

Қайткенде жай табар еді?!


 

 

 

 

***


 

 

Сен бір жалғыз ұшқан ебелек,

Жарға соққан қанатын.

Көлеңке дос, күпті жолдас не керек,

Бір бұрышта жасырынып қалатын.

 

Сен бір - жалғыз жортқан жолбарыс,

Қолымен басқан жарасын,

Тобыңмен шығып, шұғылалы жолға алыс,

Түбінде жалғыз қаласың.

 

Сен бір шет жайлаған көк бөрі,

Тірлік үшін алысқан.

Сенің де қатал боп кеткенің,-

Жаяу із, жалғыз шыққан дауыстан.

 

Сен бір – қыран, жалғыз ноқат көктегі,

Биікке сіңген дарасың.

Қиқулап өткен жастық көктемін

Сағынып еске аласың...


 


 

 

ЖАЛҒАН – АЙ


 

 

«Жалған – ай...»,- деп күбірледі жан ана,

Ғұмырының соңғы сәті соғарда.

Күллі өмірдің қуаныш пен қайғысын

Жалғыз сөзге сыйғызуға бола ма?!

 

Жалған дүние жанды алып қала алмас,

Жалын атқан жан айқайға қарамас.

«Жалған – ай!»- деп кәрі қыран шаңқ етті,

Кеудесіне қадаларда қара тас.

 

Қасиет бар бұл қазақтың сөзінде,

Түйіп айтқан пөлсапасы өзінде.

«Жалған – ай»,- деп шыр айналды артқы жас

Қапы кеткен Құлагердің көзінде.

 

«Жалған – айда» арман –айдың сазы бар,

Аһ ұрғандай Төлегендер, Қозылар.

Жалғанайдың жалғанатын соңынан

Адамзаттың аяқталмас сөзі бар.


 


 

 

 

***


 

Домбыраның шанағында,

Көз жасы бар қамыққан.

Домбыраның шанағында,

Жазылмаған тарих бар.

 

Домбыраның пернесінде,

Жұмыр қылыш ойнайды.

Махамбеттің ашу-кегі,

Шар болаттай қайнайды.

 

Домбыраға қол созады,

Қарға бойлы Қазтуған.

Сәби сырын іңгәлатып,

Жырын қаз-қазын бастырған.

 

Домбыраның боздауына,

Аруана боп иеді ...

Сөз шіркінге ерімеген,

Қазақтардың жүрегі.


 


 

 

 

ӨЗІҢДІ ЖОҒАЛТПА СЕН!


 

 

Өзіңді жоғалтпа сен!

Арпалысып жатқанда заманалар,

Баққан малы қазақтың ара болар.

Өз бейнеңді сақтап қал, шақ туғанда,

Бірді бірге жалғайтын пара болар.

 

Өзіңді жоғалтпа сен!

Өтірік пен шындықтың арасында,

Қаптай соққан қалыңда борасын бар.

Сонда ... сонда кәдімгі адасулар,

Тартар сені түбіне қара сулар.

 

Өзіңді жоғалтпа сен!

Не де болса ...

Құм ішінде қап қойған ине болсаң.

Тоғыз балдық алапат дауыл тұрып,

Ащы суға арқырап кемең толса.

 

Күл-қоқысқа итерер біреу сені,

Қара албасты басады құр еңсені.

Кекке қайрап соғылған алмас қылыш

Басын қайта көтерер үйрен соны.

 

Жарға соққан тағдырдың толқындары

Болған жайға қаратпас артындағы.

Жерге тығып көмсе де саф ойлардың

Жарқырап тұрса деймін алтындары...


 


 

 

 

Мұң

 

(Экспромт)


 

 

Бiлем,сезем,осы бiр мұңның тек емесiн,-

Бiреу ғайып боп, қалдырғандай тек елесiн.

Әйтпесе бәрiне биіктен қарайтын

Әлемге аян ғой Құдай емесiм.

 

Бұл, бәлкiм, қырғыздар айтқан жыр ырғағы,

Өзбектiң аллаға арнаған құрбаны.

Бұл, бәлкiм, бұршақтап қара бұлт қанаты

Қазақты жылатқан Мұқаңның жырлары.

 

Қаңбақтар көшкіні. Ауғанның даласы,

Адаспай тұрмайтын адамзат баласы.

Бұл, бәлкiм, мәңгiлiк ғашығын iздеген

Абайдың нұр тұнған көзiнiң қарасы.

 

Бұл деген сұмдық қой-ақылға қарай ма,

Қайғысыз қара су жұбатпас қалайда.

Ақындар ерте өлсе шетiнен дарынды

Осы мұң ғарышқа әкеттi деп ойла.


 


 

 

 

***


 

 

Адамсыз домбыра үндемей тұрады,

Қоңыр үн төкпейдi желкiлдеп құрағы.

Домбыра-жанымды самсоз бiр күй бөлеп,

Қозғайды, тербейдi шабыттың шуағы.

 

Домбыра шын жетiм-бұрышқа сүйенген,

Жарасым таппайды төрдегi кiлеммен.

Екi iшек сорғалап,қос өзен-көз жасы

Кеудесi шерленiп тұрады-бiлем мен.

 

Сиқырлы саусақтар құрысын жазады,

Адами домбыра-адамсыз жазалы.

Жұптарын жазбайтын қос аққу сияқты

Қос iшек заулайды тарқамай базары.


 


 

 

 

 

Елес


 

 

Жер Абай боп оянды!

Ай қабақ ақырын дiрiлдеп,

Ерiндер не айтты күбiрлеп,

Даналық мың өлiп,тiрiлмек.

Сөзден де ауырлық бiлiнбек.

Абай боп қозғалды!

Алып жер кiндiгi...

Қалай деп жориды кiм бұны,

Абайдың аруағын аунатқан

Қазақтың не болар тiрлiгi?!

 

Алып жүз-Абайдың елесi,

Жер түстес қоңыр өң-

Санамнан бiр сурет көрiп ем,

Жан сөзiн жүрекпен ұқсам деп,

Қараңғы түнекке телмiрем…


 


 

 

 

 

Болмыс


 

 

Найзағайлардың жарқылы

Түбiне түскен толайым

Ақ қардың тиген салқыны

Таудың-ақ қызы болайын

 

Ақ мәрмәр әлем серiсi,

Бiр саған қарап ойландым.

Шағала түннiң перiсi,

Перiште қызға айналдың.

 

Болмыстың шаңқан жұлдызы

Арманның жақтың алауын.

Тiлеймiн мыңның нұр жүзi

Елжiреп саған қарауын.

 

Шақырған шыңға даланы

Тебiренген таулар толқыны.

Мен туған аймақ баяғы-

Түркiнiң сұлу төркiнi.

 

Қарықса көзiң ақ қардан-

Болмыстың сыры бiле бер.

Көшкi боп құлап шатқалдан

Алақанда еріп жүре бер!..


 


 

 

 

***


 

Өмiрде мән бар ма?

Керексiң жақын жандарға,

Қарызсың жаңа атқан таңдарға,

Жүрегiң айниды жеткенде арманға,

Бақыттан басың айналғанда?!

Аспан-сенсiз де көгiлдiр,

Тап қазiр өлсең де,-

Өзгермес

Өмiр бұл!

Өмiрде мән бар ма?!

Түсiнбей қараймын-

Ас та төк тойларға,

Тоймай бiр топырақ сорғанға

Арыстың рухын есiңе ап,

Жылап ал,қорғанба!

Өкпелеп, өксiме, тарылма,

Басына ой жимай,

Май жиған қарынға.

Жай болып күркiреп, күй болып күмбiрлеп,

Түсiп ал мәңгiлiк сарынға

Өмiрде мән бар ма?!

Керексiң аяулы жандарға,

Қарызсың алаулы таңдарға,

Асылың-менмiн деп қарғанба,

Көлеңкем-алып деп зарланба,

Суда да ай бар деп сандалма

Күн жаққа бет алар …соңғы арба.

Төбелер томпаяр тау барда

Асылық айтатын жөн барма?!

ӨМІРДЕ МӘН БАР МА?!

Жүрегiң жарылмас биiкке самғарда

Көңiлiң көкке ұшар байланып,

Көзге көрiнбес шарларға

Осы сәт,осы сәт-ғұмырлық қоңырау соғылар,

Батпақтан шығатын жол бар ма?!

Сан жұлдыз жарқырап жанғанда,

Толқындар соғылып жарларға.

Сүйiнсең сүйiн тек,-

Қол созып алданба!

Өмiрде мән бар ма?!


 

 

 

 

Алтай тау-сансыз аңыздар мен ертегi, қиялдардың көзi.


 


 

 

***


 

 

Шағылға біткен шынармын,

Айыбым- ағаш шығармын.

Бейуақта ескен самалмен

Санаңда шулап тұрармын.

 

Қанат та болсам сыңармын,

Биіктен ғана құлармын.

Алысып мыңмен көрмедім,

Табысып мұңмен тынармын.

 

Тас жарып шыққан желегім,

Жап-жасыл жарық төгемін.

Жабысып жартас өтінде

Жұлдыздай бір күні сөнемін.

 

Ботагөз бұлақ – сырласым,

Ақ қайың ару тыңдасын.

Ән салар арша ғұрлымын,

Шуаққа бөлер шың басын.


 


 

 

ШЕКСІЗ ҮЙЛЕСІМ


 

 

Дүние дел-сал ...

Жиылмаған көкпеңбек шатыры әлі,

Құс жолы ақиқатқа шақырады.

Көз нұрым шашырады

Ай кезбеге.

Сөздерім шашылады,

Қай кезде де

Түпсізге сіңіп аптығы басылады.

Құпиясы қат-қабат қырғын дүние

Пендесінен бір керемет жасырады ...

Адам болды ақыры бар ғаламның

Өзіне - өзі көр қазған ақымағы.

Тайға таңба басқандай жазылғаны-

Әшкере боп маңдайдың жазулары ...

Ми құтысын аударып-төңкереді,

Өмір мәнін іздеген аз ұлдары.

 

Жапыраққа қараймыз жазу іздеп,

Тағдырға өкпеліміз, назымыз көп.

Кім біледі, қай күні қайтарады

Келген жаққа қайтадан барыңыз деп.

 

Өмір солай ... өз-өзінен үйлеседі,

Кей сәтте ақ пен қара бірлеседі?!

О дүниенің де керегін толтырмаса,

Адамзат алшаң басып жүрмес еді ...


 


 

 

 

Рух даусы


 

 

Қанаты таудың бар менде,

Аспан ем жерге түспеген.

Түйсігім неден шерменде,-

Қайғының суын ішпеген?!

 

Боталап айдың жанары,

Боздады неден жүрегім?

Маңдайым - ардың табаны,

Бойында- жаны білемін.

 

Баяғы жылау- қай жылау?

Керуен салған Күнтауым.

Шөліркеп іште зар жүр- ау-

Бұршақ қақ ішпес тұлпарым.

 

Күн өлген сайын бір өліп,

Еліме елдік тіледім.

Төбем бір көкке тіреліп,

Шағылып айға білегім.


 


 

 

 

Қар мен қарғалар


 

 

Қарға еске түсірді қаралығын көктегі,

Қанаттарын қомданып, бір- біріне беттеді.

Мың жыл жасап сандалған бір топ қара құзғынды

Өзің дағы көресің, тұрсаң біраз шеткері...

 

Қарға малып қанатын, күркілдеді кәрі емен,

Қарғаларды дәл соның төбесінен көрер ең.

Аппақ кебін жамылып, сұлық жатқан көшеге

Ақыл айтты қарғалар қайта-қайта шегелеп.

 

Ақ қарда мін жоқ еді- күліп жатты жарқырап,

Кіршік түспей қылауға, күн тамшысы жалтырап.

Аппақ әлем ішінде қара қанат суылдап,

Түршігеді бар денем, тұла бойым қалтырап...


 


 

 

УАҚЫТША ӨЛУ


 

 

Жан сан рет көтерілді

тәнді тастап, аспанға.

Сонда оның көргендерін

айналдырдым дастанға.

 

Қыран біткен қартаймай-ақ,

айырылды күшінен.

Қауырсынын бұрқыратып,

жалмап отыр күшіген.

 

Өңі қашып бозарады-

ақ пен қара соғысы,

Тамырынан суалады

мықтының да зор ісі.

 

Қызғаныштан жарылғандар

асырады айласын.

Мағжандарға у жасаған

көріп ақыл «пайдасын».

 

Жұматайды жоқ санайды

аттанғанша ғарышқа.

Тастан тұғыр орнатады

өлтіріп –ап арысқа...

 

Шындық сөзге ашылмайды

Жақтарының кірісі.

Жорғалардың айнымайды

жылтыр, жылмаң күлісі.

 

Мына базар жан саудалап,

арды арзанға береді.

Ана базар алты алаштың

абыройын төгеді.

 

Аңқау елде арамзалық

Тамыр басып көреді.

Қазақ жері... қайсар ғой деп,

Қабырғасын сөгеді...

 

Тіл дегенім тіліп түсер

Садақбайдың* таспасы.

Жонарқаңыз осылады,-

Отырардың қақпасы.

 

Айдаһарға айналды да,

қарашының қақ басы

Өзендерді жұтып қойды

әмірші мен датқасы.

 

Дала кетті, қала кетті,-

алды бәрі іштеніп.

Кебін киді кемел ақыл,-

кемеңгер ой іште өліп.

 

Ойда жоқта көктен түсіп,

жерге Жеті Қарақшы,

Сыбайластық жатып алды

сахарада түстеніп.

 

Өзін- өзі мақтағанда,-

«Өліммен тең» демеді

Сор батпақтың иісін сезіп,

Бірін-бірі демеді.

 

Өлексеге анталаған

қарға шуға шыдамай,

Жерді тастап аспанға ұшты

ақындардың өлеңі.

 

Құлагердің қасіретін

бәрі ұмытып қалған тез.

Қаламгерді қаралады

Қазтуғаннан қалған сөз.

 

Жалықтырды көбік езу

бәрін айт та, бірін айт.

Көз алдында Қодар самғап,

Халық естен танған КЕЗ.


 


 

 

Садақбай – О. Бөкейдің кейіпкері


 

 

 

***


 

 

Көп жылайтын

біздің ауыл бұлттары

Тау басына қара аспанды төндіріп,

Жаңбыр жасты менің бала кездерім

Тау түнерсе,

қалатұғын қайғырып.

Шыңға шаншып шашының бір өрімін,

Кемпірқосақ нұр өрмегін құратын.

Қара суға қатты езілген жүрегім

Көпке дейін жұбана алмай тұратын.

 

Көк нөсермен бірге жылап, бірге еріп,

Естен кетпес шалғын кешкен күндерім.

Тастан-тасқа секіретін

Күн көріп,

Болмысым ғой бұл менің...


 


 

 

***


 

 

Қоқыстардан тазартып ем әлемді,

Таулар құлап шаң борады ал енді.

Өтіріктің даусы шығып шынайы,

Жоқтау айтты бар өнердің Құдайы.

 

Жан саудасы қызып кетіп өртенді,

Ар пайданың тозағында өртелді.

Бір Галилей еді жердің құрбаны,

Жермен-жексен болды таным шыңдары.

 

Жалғ-а-а-а-н еді мәңгі өмірдің алдында,

Жалғ-а-а-а-н еді көрген рахат, қайғың да.

Ақша алдында ақылың мен айбының

Аласарды не керемет бар мұнда?!

 

Көлден шығып қамалды Аққу шөлге кеп,

Еңлік үшін өлмейді енді ер Кебек.

Құсық жуған күйін кештің жабының,-

Қайғы басқа, шер бөлек.

 

Жаттанды әрі жасанды еді айнала,

Шыр айналып шықты алаңды ой-дода.

Менің жаным ой- кебінге ораулы

Жусан иісін аңсаған бір боз дала...


 


 

 

Арша тау


 

 

Көк сағым көз алдымда дірілдеген,

Нұр төгіп көк кірпігі ілінбеген.

Армысың, алтын қанат туған жерім,

Тасының ауырлығы білінбеген.

 

Бастаудан бас ала алмас мөлдір сезім

Кәусардан қандыратын келді кезің.

Жауһарын сұлу жердің көріп тұрып,

Гауһарын күнге ойнаған берді сөзім.

 

Көк тіліп қыран ұшқан шағылдарың,

Арша тау, шырша белең, қайыңдарың.

Өзіңе деген ұлы махаббатпен

Тереңге тартады екен тамырларың...

 

Сіңіріп шексіз әлем сағымдарын,

Ай ілген маңдайына ауылдарым.

Шанақтың * сырнайында шалықтаған

Көне күй, күмбірлеген сарындарың.

 

Долы өзен сарнап аққан сай- саладан,

Кер Бұғы тас қиядан тайсамаған.

Мойыл мең, қарақат көз табиғатым,

Жанымды жамандықтан аршалаған.

 

Болмысыңды танимын сені ұғумен,

Қайсарлығың таласқан көрігіңмен.

Періште пәктігіңе жол беруші ем,

Кезігіп тауда ойнаған елігіңмен...

------------------------------------------------


 


 

Шанақ Ауғанбаев – Катон – Қарағай ауданынан шыққан белгілі сыбызғышы, күйші, ел басқарған адам.


 


 

 

Адам іздеу


 

 

Өзіңсіз өтті әр таңым,

Шырынын ойдың сарқамын.

Күмбір де күмбір даланың

Сарқынды күйін тартамын.

 

Төбесі көкке шаншылған,

Тұлымы жерде жаншылған

Төрт көзі түгел түмен жұрт

Тобымен тіктеп қараса,

Адам аз ба деп қорқамын...

 

Айнасыл жүздер шошытты,

Аспанға шындық көшіпті.

Көп күткен арман елшісі

Керуенімен кешікті.

 

Жасампаз емес, жасампоз

Сақалын бояған көп жылпос

Айшың боп асқақ тұратын

Адам боп қалса, қалсын дос.

 

Алтай да болып аңырдым,

Алдына келіп Тәңірдің.

Құсығын жудым кәуірдің,

Адам таба алмай ауырдым.

 

Өзеннен қалған шөлдеймін,

Өзімді көмген көрдеймін.

Бәйтерек түптен суалды

Дегенге ғана сенбеймін.

 

Төзімнен сауға сұрағам,

Тәбәрік жырым – тірі адам,

Көп ішінде бір жалғыз...

Азамат жүр деп жұбанам.


 


 

 

Адасу


 

 

Қалталы байды таңдасаң,

Қапалы жанды алдасаң,

Ауыр жүк артып ардың да,

Мойнына тас байласаң,-

Су түбіне кете ме?!

 

Қорлыққа зорлық жалғасаң,

Өзіңді зор деп ойласаң,-

Бәйге алғандай – далбасаң

Қырына алып көзінің

Өлең елең ете ме?!

 

Ойнақшытып көзіңді,

Жүз мәрте сатып өзіңді,

Бейнелеп берсең уақытша

Бас кейіпкер – Сезімді,-

Шырқырап шындық өше ме?!

 

Айнасыл кеппен айнысаң,

Күн шыққанда - қалғысаң,

Жалпылдақ жеңді түбі деп,

Жаңалық ашып қарғысаң,-

Жақсылық - жердің кіндігі

Көмем деп біреу кесе ме?!

 

Адамдық – аспан реңдес,

Құлпырар жүзі гүл өңдес.

Адамның бағы бармақтай,

Ақиқат тағы төр жақта – ай,

Сен адасқан екен деп,

Жел аударған қаңбақтай,

Жосылып бір күн көше ме?!


 


 

 

Отанға


 

 

Күрсінісім - күйзелісім емес еді күнәдан

Қарапайым өлең жаздым,

Жайымды жоқ ешкім менің сұраған

Адамға адал,

Іңкәр болдым,

Бас идім тек Отанға.

Жағалауда ой кештім мен

Алып күн суға батарда...

Алмағайып күйге түссе ізгі елім

Күмбір күйден,

Жырау жырдан –

Өле алмаған өз рухымды іздедім

Рас сені батырларша

жаудан қорғай алмадым

Әр уыста қан боп кеткен

тіліңді айтып зарладым .

Көне түркі әуенімен жан ағысым үйлесті

Бір ғасырда толастамас

теңіздердей күй кештім...


 


 

 

Бақытым – ертең


 

 

Бақытсыздық басыма орнағандай өкіндім,

Гүл өрсе де алдымнан дүние – қызық не түрлі

Қарызы бар жанымның ілініп тұр жарығы

Бабам бүгін күңіреніп жылап жатқан секілді...

 

Шегіндіріп шешен тұр кері бұрып уақытты,

Мадақ жырын тудырған жырау тілім жақұт – ты

Өз тілінде сайраған бозша торғай тағдыры-

Бізден басқа халықтың бәрі- бәрі бақытты.

 

Сарнауық үн басыма қайдан келді сар желіп,

Аруана емес пе ек жібек созған арда еміп.

Құл саудасы секілді базар қызып тұрғанда,

Аман қалған не болсын жаның үшін ар беріп.

 

Күйді менің өзегім, өртенді ішім не керек,

Шұбар тілмен ұрпағым үкім айтты шегелеп.

Ғасыр бойы қазылған Сорқұдықтың түбінен

Желмаядай будан тіл жортып шықты керемет?!

 

Ай туады аспанда - әділетті ақ нұрым

Адалдықтың әйгілеп құлан – таза пәктігін.

Кеңістіктің жүзіне қараймын да сыр бағам ,-

Алып ақын алты ауыз ақ уызбен жырлаған...

 

Тереземнен төгіліп, алақанға сыймаған,

Шыдай тұр деп әлі де ақыл айтты нұр маған.

Шыдай тұршы әлі де, жусан иіс жарығым,

Жырау желге шалқытып, шексіз дала сағымын.

Мен дегенің - алаштың пәрша- пәрша тілінің

Құзар шыңның басында шырқыраған жанымын...


 


 

 

***


 

 

Жылай берсем,

Бізге бақыт бере ме,-

Боз жусандар, төбелер...

Жылай берсем, дауыл ұйтқып,

Көңілімнен қаңбақ ұшып жөнелер.

Жылай берсем,

Тіл тағдыры оңалар ма жетімек,

Ақын біткен жадау тілдің жанынан

Жоқтау айтып, ақтық байлап өтіп ек...

Жылай берсем,

Сүт бергендей анамыз,

Күн сүйгендей қуана ма даламыз?

Жылай берсем...

Жыламаңыз,

Мен де тыйдым жасымды,

Сезім селі өксіп – өксіп басылды.

Қоңыр мұңмен күйге толды көкірек

Тұрдым үнсіз...

Сабыр сақтап шетірек...

Жайлап, зарлап

тағдырыма айта берсем өкпені,

Жаратқаным жарылқар деп

ойламаймын тек мені

Қарап тұрып қара басқа

не болды екен бай – байлап,

Сыңғыр – сыңғыр толқын туған

су түбінде қайғы ойлап

Тау мен дала тебіреніп,

тоқтау айтса бір ауық

Намысыңды келтіреді

Күздің бұлты жылауық.


 


 

 

Шындық қайда?


 

 

Шындық бір күн оралады, қарағым,

Шөпілдетіп сүйерсің сен табанын.

Шындық, тіпті, өле алмайды ешқашан

Түкпірінде дамылдайды сананың.

 

Шынның өзін Құдай деген Шәкәрім

Періште боп құстай ұшып жет, арым.

Қызыл арай ақиқаттың алдында

Адам деген әлсіз қызылшақамын...

 

Ысырамын терезенің пердесін,

Мұң басқанда домбырамның пернесін.

Көз қарығар шымылдығын желпіген

Жарықтықты көңлі соқыр көрмесін.

 

Дәл осылай ашылды алдан бір арай

Қара батпақ қараулыққа қарамай.

Жоқ етем деп шашты маған топырақ

Мен жарқырап шыға бердім бұ қалай?

 

Мағжандардың бағын енді түсіндім,

Ұлы өлеңнің алдына кеп кішірдім.

Найзағайы ойнап қайғы – бұлттардың

Алла атымен аспаннан жыр түсірдім.


 


 

 

***


 

Күмбір де, күмбір далада,

Күңкілдеп тұрсаң бола ма?

Көсіліп шапқан тұлпардай,

Еркін бір өскен ер салмай.

Ұшумен өткен сұңқардай,

Қанатын қаққан қисаймай,

Бір өлең жазсам деп едім.

 

Күмбір де, күмбір домбыра,

Аялап алып алдыма.

Саусағым қалса майысып,

Күмбіріне шыдамай.

Атылса сөзім құралай,

Кінәсіз, мінсіз әніммен.

Күбірлеп тұрып жаныммен,

Бір өлең жазсам деп едім.

 

Еңіреп өткен ерлердің,

Еліме қайтқан жерлердің,

Садағасы болатын.

Еске алып қоңырау қағатын -

Бір өлең жазсам деп едім.


 


 

 

ДАРАБОЗ


 

(Батыр Баянды еске алу)


 

 

Дала, дала, көшпендінің ең соңы,

Күн астында Күнікейім дер сені.

Қанатымен құстардың сәлем жолдап, кең сері,

Сүйіп едім мен сені.

 

Қас тұлпардың жер тарпыған дауысы,

Қас батырдың қабырғаны қайыстырған намысы.

Ақ пердені қақ жарып келе жатты дарабоз,

Ай астында қалады аунап дала боз.

 

Дарабоздың соңынан шұбырғандай қалың ел,

Кісінеген даусына қосады екен зарын ел.

Дәл осы жол, жо-жоқ, жесір дауы еместі,

Жоқтап еді туған жердің дауын ол.

 

Енді ешқандай бөгетке, тоқтамасы сезілер,

Қызыл шоққа қариды, оттай жанған көзін ер.

Мұны көрген дұшпан да, жыға қашар шатырын,

Әз жанынан түңіліп, кәлласынан безінер.

 

Дауыл күнгі теңіздей шалқып, тасып айнала,

Көтеріліп қалды дейсің, жасыл шөп те жайлана.

Жан баспаған түкпіріңді шайқап кеткен сұмдық сөз,

Жас сұлудың ернінде күбірлейді жай ғана.

 

Қалқып ұшқан қаралы оққа, қарсы шапқан дарабоз,

Жан бауырың бір күйдірсе, мың күйдірді қарагөз.

Намыс буған, жан ышқынған, жойқын шабыс еді бұл,

Көтере алмай талып жатты дала боз...


 


 

 

 

БҮТІНДІК


 

 

Бала кезден бал ұяға құйылып,

Бір бүтіндік кеудемде

Тұрар еді жиылып.

Аспан- бүтін, асқар бүтін шыңдары,

Еленбейтін бір-ер ағаш сынғаны.

Естен кетпес нұр төгіліп өңінен,

Дүниенің тұтастықта тұрғаны.

 

Тоғай төніп,

Су ағатын көгілдір-

Ертегідей өңір бұл.

Бір-бірімен үйлескен сол бүтіндік

Менің мөлдір көңіліммен тегі бір.

 

Быт-шыт болып шашыраған ойларым,

Қайта оралып, бір қазанда қайнадың.

Тамшыдай ғып шашып алған сезімім

Бастауында бас қосатын өзінің...

 

Бүтіндікке ұмтылдым,

Бүтін тұрып, әсемдікке үлгі болған алмадай.

Сыңар қанат қыран да қалар еді самғамай.

Бүтін тұрып, жарылғанның жалғыз әні - «арман-ай!»

 

Бүтін еді бар маңай.

Бүтін тұрған бір халықты,

Үшке бөліп еріккен.

Қып-қызыл боп әрең шықты,

Дау-дамайлы көріктен.

Қанмен біткен дертке қарап,

«Бөрі жемес...» - деп тұрдым,

Сол баяғы бүтіндікке сеніп мен.

 

...Алып ұшқан жүректің мейірі бір қанатын,

Сыртқы әлемнен төгілген нұрға шомып толатын.

Бәріміздің ең соңғы маңдай тірер иеміз-

Құдайдың да сөзі бүтін, өзі жалғыз болатын...


 


 

 

БҰЛТТАР, БҰЛТТАР...


 

 

Бұлттар, бұлттар, қусыңдар,

Өзіңе тартып тұрсыңдар.

Жаңбыры болып жанымның,

Тау менен тасты ыршыңдар.

 

Жаңбырлардың жылысы,

Көктеменің ырысы.

Жаңбыр емес әуелден,

Жаратқанның нұрысың.

 

Көктің жүзін қоршаған,

Сенде қалды ой-санам.

Қанша қарауытсаң да

Ашуың тез тарқаған.

 

Күркіреуің жарасқан,

Көрісіп кеп, тарасқан.

Қанша қабақ түйсең де,

Арғы жағың- көк аспан.

 

Көңіл көкке назданар,

Бикке қарап мәз болар.

Жылы жаңбыр, төге бер,

Бір қайырлы жаз болар.


 


 

 

АЙ


 

 

Түркілердің ханшасы Айша үлбіреп тұратын,

Қарап тұрып жұлдызға әлдилеген мұратын.

Ай мойнында асылып, дірілдейтін кішкене ай,

Боз аспанда-падиша-сары табақ піскен Ай.

 

Түркілердің жұртында ай қалатын белгі боп,

Құлға салар ай-таңба айтылмайды енді көп.

Ай орнатып басына әкесінің күрсінген,

Айға бата оқыды Ол. Ай маңдайлы ұлды боп.


 


 

 

***


 

 

Білмедім,

Көбейсе қайғы көнере берерін,

Бір мысқал шуақпен теңеле берерін.

Қара құлып сап, қайғылы есікке,

Күле беремін, күле беремін.

 

Көңіл қуанбас шынайы бірақ,

Кірпіші сынып, тұрады құлап.

Күмісін шашпай, сыңғыры өшіп,

Күлкінің өзі тұрады жылап.


 


 

 

 

***


 

Аспанның бұттарымен егіз деймін,

Жаудырап қарай берем, нені іздеймін?

Көгілдір дүниедей көшіп жүрген,

Көк аспан ақша бұлтқа - теңіз деймін.

 

Бір сыр бар қара бұлттың қабағында,

Алтын күн дөңгелейді табағында.

Көңілмен көкті шарлап кете барам,

Қанатсыз құсқа айналып барамын ба...

 

Бір батып, бір шығады аққу бұлттар,

Осының өзінде бір пәк қылық бар.

Көз жасын жиып-теріп көк-тәңірдің,

Теңізден тамшы болып ақты бұлттар.

 

Аспанға қаратады өзгеше мұң ,

Бейкүнә мөлдірлікті сезбес едім.

Тұрғанда барша дүние қарауытып,

Көгілдір дүниемен кездесемін.

 

Күлесің ару аспан миығыңнан,

Келеді ар жағыңнан құйылып ән.

Көрінген киіз үйдің төбесінен,

Айналдым аппақ дүние қиығыңнан.


 


 

 

ОЙЛАР, ОЙЛАР


 

 

Аспан шексіз көсіледі, адам ойы секілді,

Қатпар мида қалың ойлар ұя салар не түрлі.

Бір ойлар бар сені әлемдік биктікке шығарар,

Бір ойлар бар жұрт түгілі, өзіңе айтпай ұялар.

 

Көп ойлар бар өліп кеткен мәңгі жұмбақ күйінде,

Өзге ұқпас, ұқтыра алмас ғайыптығы білінген.

Халық дана , тот баспайтын бір-бір ойдан құралған,

Ұлылығы ақыл кешкен тереңдікпен сыналған.

 

Соның бәрі шағын басқа қалай сиып тұра алар.

Оны мына төңкерілген аспан ғана ұға алар...


 


 

 

НҰРЛЫ ДҮНИЕ


 

 

Нұрлы дүние, сабылып сені іздедік.

Таба алмасақ біз сені неге іздедік.

Кел енді боз боран боп егілейік,

Берейік енді біздер қобызға ерік.

 

Қап-қара түн ұйқымды ұрлап еді

Бір ғажайып толқын боп туған еді.

Сені мен мен аңсаған нұрлы дүние,

Тереземнің түбінде шулап еді,

Шулап еді сонан соң тынған еді...


 


 

 

Алтайдан кейін...


 

 

Алтайдан кейін тау қайда,

Айналған- ертек арманға

Алтайдан кейін... не болсын

Төбеге тау деп барғанда.

 

Не болсын тау деп ойласам,

Өзімді өзім алдасам.

Шыңыраудан аққан шым бұлақ,

Шынарлы жартас болмаса.

 

Айнала аспан тіреген,

Ай батып, аунап түнеген.

Айбарын төкен шыңдарың,

Есіңе түссе білер ем.

 

Мөлдіреп тұнған қарақат,

Сағынған жанға жарақат.

Сағынтқан таудың самалы,

Дауыл боп көшсе алапат.

 

Алтайдың дейсің маралы,

Жаудырап неге қарады,

Тәкаппар, ерке ,сұлудың,

Қалмайды басқа амалы.

 

Алтайға өрле ақ маңдай,

Жұмаққа бара жатқандай.

Еркін бір соққан ескерткіш,

Мұзтауды көріп тоқтай қал.

 

Бұлт шалмай тұрса, ақ шыңым,

Сәлдесін орап бақсының.

Бақытты болдың жолаушым,

Ырымы солай жақсының.

 

Адасып аңшы өлген жер,

Үмітін қарға көмген жер.

Ақ қардай ұлпа дүниенің,

Пәктігіне сенген жер...

 

Алтайдың жұртын арала,

Бал сөзін айтар бала да,

Жан сырын айтар аға да,

Шыңдыда туған ұлдардың,

Шындығы биік бола ма?

 

Тірлігі жоқ деп ойлама,

Келді ғой кезге жанбағар.

Тісіне ерге «төртеудің»,

Жетеді қазақ онда да.

 

Түпсізін тілдің ұғарсың,

Шалдармен кеңес құрарсың.

Таңдайдан тамса түгел сөз,

Түп атасын сұрарсың.

 

Көшкідей кетті-ау тазалап,

Ауғаны жұрттың азап-ақ.

Тағы бір тау ғой дей салғын,

Ауылда қалған азамат.

 

Алтайдай қайда іргелі ел,

Табиғатымен күн көрер.

Жолаушымды атқа мінгізіп,

Қиялмен кеттім бірге мен.


 


 

 

 

КҮЗГІ КЕШ


 

 

Жапырағы сарғайған күзгі ауылға

Кеш түсіп келе жатыр күрең белден.

Батыста бұлт қызарып жүзді ауырлап,

Күннің күре тамырындай білеуленген

 

Күз сорған қуқыл шөптің тамырында

Бара жатыр бір шумақ өлең кетіп.

Мен тұрмын биік таудың бауырында

Қайғының кара суын тереңдетіп...


 


 

 

ҚАЙРАН УАҚЫТ


 

 

Талай көрдім,

Уақыттың бос өлгенін.

Қанша күнді қадірсіз

Өз қолымнан жерледім.

 

Патша ақылым құл болғанда тірлікке,

Ханша сезім күң болғанда тірлікке,

Ие болу қайда маған шексіз билікке.

 

Ақ қанатым қара жерді сабалап,

Ұша алмасам күлмей – ақ қой табалап.

Атар таң мен батар күннің арасы –

Белгісі жоқ өткен күнге обал – ақ.


 


 

 

***


 

 

Айдаһардың аузын берді,

Алмадым.

Қара киім киіп ал деп,

Зарлады.

Тілін алмадым.

Төбе көрдім,

Тауға шығып,

Ай бардым,

Сызып қойған бір сызықтан таймадым.

Жанды ұсақтап,

Алақанды жаймадым.

Рас, мені сынап бақты тағдырым,

Тас төбемнен құя салды,

Мұздай суын қайғының.

Қара албасты жол көрсетті

Қайырсыз.

Бұл ғаламда бақытты деп

 

Уайымсыз.


 

Бақытжан Райысова  

Бөлісу:

Көп оқылғандар