Жүкел Хамайдың өлеңдер топтамасы
Бөлісу:
ЕЛЕС
Елең-алаңда
Ауылдың сыртына
Әппақ елік келетін сияқты.
Мөп-мөлдір тұяғын
Таңғы шыққа малып қойып,
Тәтті әуенге елтіп тұратын сияқты.
Түн ұйқыда ауылдың сыртына
Бір құс келіп қонатын сияқты.
Әсем әуенді естіген сол құс
Ағаш басында ақырын
Қалғып отыратын сияқты.
Елең-алаңда
Әлде не болатын сияқты.
Әдемі түс пен тәтті күй
Төгілетін сияқты.
Сол күйге елтіген тұста
Менің саусағым
Омырауыңның түймесіне
Ақырын тиіп кететін сияқты.
Ел ұйқыда жер кіндігі
Сөгілетін сияқты.
Алыс жолда бір жолаушы
Біздің әнге егілетін сияқты.
Сонан тау басынан
Сарғылт шапақ төгілген тұста
Ауылдың сыртына келіп,
Жарау құла атынан
Ақырын түсетін сияқты...
ЕСТЕЛІК
Айлы түнде,
Ауылдың сыртында,
Жартаста отырған тұста
Ай сәулесінде әппақ боза ұрттау
Бір тамаша суреттей боп сезілген!..
Қыраулы жартасқа шыны кесені қойса,
Сыңғыр еткен дауысы естіліп,
Сәл теңбілдеу боз жорға ат
Бұлғынның суына
Тізгін малып тұрғандай боп көрінген...
Түнде әйнек құмыраға
Айдың сәулесі түскенде,
Әлгі жартасқа шырақ жағып қойғандай,
Тасасындағы шөптің басы
Күн шуағын шашқандай боп білінген...
Алакөлеңкеде
Бөрте шұбар шилерден
Бөдененің дауысы естілгенде,
Ақ көрпені қымтанғандай
Бірдеңе сырп етіп...
Әйел адамның жұпар исі
Жабықтан
Енгендей болған!..
* * *
Күзгі сары құрақтан
Жетігеннің сазы естіліп.
Жер бауырлаған ақ самал
Көңіл қылын
Жеті түрлі әнге келтіріп...
Сен келген жақтың аспанынан
Бір аққу ұшып келіп,
Сары даланы сәнге бөлегендей
Тұнық кеште
Мен мәңгілікке айналғандаймын!..
Сол кештің салқын самалы
Сәнді көркіңді шалғандай,
Сәулем сен неге қамықтың?..
Қайтадан сең қалқып,
Өзен-сулар сылдырай ағып.
Қайтадан құстар келіп,
Сен құс қанатында
Шашыңды тарап,
Қайта түрленген
Дүниемен бірге,
Жасармайтын ба едің!..
СЕН...
Белес асып кеткеніңде
Көзіме тамшы жас іркіліп,
Атыңның жалын сипап
Қимай қалғанымды аңдамадың.
Көрінеу, бейнең алыстай-алыстай
Көкжиекке қарашықтай сіңіп кеткенінше
Тұрар деп ойламадың.
Киген киімімді де
Ауыстыруға мұрсам жоқ.
Шөптің басы тербелген белден асып
Ат жалына тамған жасты
Қалай көргенімді білмедің...
Жұбатар деп,
Әке шешемнен ұялдым.
Өсектер деп,
Көрші-қолаңнан ұялдым!..
Бесіктей иілген
Мына көк аспанның
Қай тұсында сен
Жүр екенсің?..
Ақ бұлттай орамалыңмен
Көзімді сүртсем,
Алып ұшқан жүрегімнің
Аптығы басылар ма екен?..
* * *
Шамның сәулесінен
Сәлделі имам жүзі көрініп
Шаңқ еткен құс дауысы
Жүрекке әндей төгіледі.
Күміс елік құла түзде
Жалғыз қалғандай сезіліп
Ескі әуен ырғағы
Көңілге желдей өріледі.
Күзгі бақта үзілген
Жапырақтың сыбдырын
Киіз жөргекте жатқан
Нәресте естіп үлгеріпті.
Дұға үйірген имам мен
Шамның әппақ сәулесі –
Ақ қанатты бір құстың
Жер бауырлап өткеніндей...
****
Қамшының сабындай қысқа
қысқа ғана тыныс алып,
Күлік кісінегендей көңілді
көңілді түс көріп
Бұлақ ағып келгендей
біреуге жол беріп
Жауған жаңбырды жақын сезіп
маңдайдан шыққан терді сүртіп
Шеңбердің түйінін таппай
Күннің көлеңкесімен ойнап,
Тәңірді ойлап,..!..,
Қамшының сабындай қысқа
қысқа ғана қадам аттап
Қамшының сабындай қысқа
қысқа ғана күрсініп
қартайған көйлекті
сандыққа тығып
"Қамшының сабындай.." беу!, деп...
СЕНІ КӨРІП...
Маңдайымның ізі бар
Сенің сүйір саусағың
Тағы қанша дәмді ұстар
Тағы қанша гүлді сыйпар?!
Туған жердің исі бар
Сәнді алты бұтағың
Тағы қанша көктем бүрлер
Тағы қанша тозаң себер?!.
Күлген күлкі, жүрісің
Аумай қалған өзімнен
Таң нұрында сені көріп
Ойға шомып қалғаным!..
***
Көздері жәудіреген
Сүйкімді қос елік,
Таудан түсіп келгендей.
Етектен жеңіл ақ мұнар көтеріліп,
Кәрі шыңның терін сүрткендей.
Бүгінгі таңның атысы да бір түрлі.
Сүйкімді сол елікті
Тамашалап көргендей,
Сенің күлкің жүрегімді қытықтап,
Көңілді әлде не тербегендей,
Бұлақтың сыңғыры да естіледі бір түрлі
Бүгінгі күн шаттық алып келе жатқан секілді!..
***
Күміс табыттағы
Көк көйлекті ару
Көл бетінен
Көк жиекке сағымы түсіп
Басқан ізімді
толқын шаяды.
Бес ғасырлық ескі жыр
жүрекке төгіліп
Көленкем жерге қарап
Ештеңе болмастай,
Ештеңе қалмастай
Құдайым білмес
Күндіз жұлдыз көрініп.
***
Қолы ұзын көлеңкелер
өздеріне ұмсынып,
Кейінгіге қалар сөзді
бүгін теріп, жерлейді...
Ғарыштағы сәбилер
Күн әніне тербеліп
Қыбырлаған құмырсқа
Әлде нені көздейді...
Күрең тасқа әнеу тұрған
Сен де барып күрсініп пе ең?
Уақыттың өткені -
ара тыныс алғандай!..
ҚҰЛПЫТАСТАР
Бұл даланы мыңдаған жылдар тұрақ қып,
Бұл далада мыңдаған жылдар
Мекен еткен екенмін.
Күлтегіннен де мың жыл бұрын қонақ боп,
Күн шығар жаққа
Жорық құрып кеткен екенмін.
Мына бір ойға бөккен құлпытас,
Кешегі өткен атамның дәл өзіндей.
Бүркіт тектес қыран көздің ұшқыны -
Сол атамнан қалып қойған сесіндей,
Жүрегіме сонша жылы сезіледі,
Туған анам көзіндей боп көрінеді.
Кеңес құрған құлпытастың жанында
Ұзақ тұрдым кетейін десем, кете алмай.
Күреңгіт төбенің жылы етегін жастана,
Жаттым солай ескі Күннен көз алмай.
Қобда суына қайта шомылып,
Балалық шағыммен қауышқандай,
Қиял құштым, жүрек лүпілін баса алмай.
Жақсылық болжап шықылық атқан сауысқандай!..
/Дүниеде мен білетін, Қобда деп аталатын үш өзен бар. Үшеуі де қазақтың тарихына, қазақтың тағдырына қатысты. Әуелгісі – қазақтың батыр қызы Әлияны дүниеге келтірген Қобда өзені. Екіншісі – Әуелде атамыз Ақыт қажы Үлімжіұлына, кейіннен Моңғолия қазақтарына қоныс болған Қобда өзені – Алтай тауының сілемі, /Қобда беті/. Үшіншісі – бабамыз Күлтегіннің құлпытасы тұрған ежелгі Ғұндар мен Түріктер қонысы, қазіргі Өвөрхангай (Ішкі арқа) аймағының жеріндегі Қобда өзені. Үш Қобданың да әуелгі тұнығын бабаларым татқан, жағасына биесін байлаған.../
Бабалардан қалған үш Қобданың суы да,
Ішуіме жарайды екен.
Өн бойыма күш беріп,
Тамырыма тарайды екен.
Үш Қобданы осылай егіз еміп,
Үш Қиянды осылай тегіс түнесем,
Үзеңгімнің сылдыры да түзеліп,
Үркерге естіліп тұрмай ма екен?!..
Бөлісу: