Дәурен Берікқажыұлы: "Сенен ғана арай көргім келеді!"

Бөлісу:

15.05.2015 3495
дб.jpg



Сізді көрдім...


Сізді көрдім тағы да...
Сізді көрдім.
Жүз жылармын мен енді,
Жүз күлермін!
Мен сияқты Сізді іздеп ғаламтордан,
Мен сияқты Сізді ойлап, үздігер кім?


Жан жуытпас едіңіз жасыңызда,
Кім болды екен мына жан қасыңызда?
Қыз-қыз қайнап...
Әйтеуір қарай бердім
Қол тимеген қап-қара шашыңызға.
 

Мұң тұнғандай мына жерде көзіңізге...
(Тым құлпырып кетіпсіз өзіңіз де!)
Не боп кетті, расында,  тағдырыңыз
Сізді маған қоспаған, мені сізге?


Дедіңіз бе бастайды сезім бүлік,
Тағып апсыз тағы да көзілдірік.
Мына жерде...
жып-жылы жымиясыз
Жаныңыздың шаттығын сезіндіріп.


Көкірегіңді жазатын
Шерге толған –
Ой, Алла-ай,
Мына жерде мен де болғам.
...мониторға тесіліп қатып қаппын
Періштені көргендей жерге қонған!


Сізді көрдім тағы да,
Сізді көрдім.
Күзгі желдей мен де енді үздігермін.
Қарашада қайғымды қалыңдатып,
Кім жіберген үстіне
Сізді жердің?



Сізді сүю


Сізді сүю –
Сізді көрмей тамсану
Өтіп кеткен жалқы сәтке шегініп.
Сізді сүю –
Сағынышты қарсы алу,
Естен танып,
Егіліп…


Сізді сүю –
Сізді көрмей сананы
Сансырату, сеніңіз.
Сізді сүю –
Көзбен өбу қаланы
Сіңіп қалған деміңіз.


Cізді сүю –
Сізді көрмей тағдырлы
Сөзге айналу, тіркеске.
Сізді сүю –
Азап шегіп сан түрлі,
Жанып кету бір кеште!


Сізді сүю –
Сізді көрмей тамсану
Өтіп кеткен жалқы сәтке шегініп.
Содан кейін
Сүйемін деп жар салу,
Үнсіздікке көміліп…



* * *

Ар бардай, арман бардай, тағдыр бардай,
Шіркін-ай, шілдедегі жаңбыр қандай!
Телміріп терезеге қарай берем
Біреулер өлең жазып қалдырғандай…


Ән бардай, әлем бардай, аңқыр бардай,
Шіркін-ай, шілдедегі жаңбыр қандай!
Көңіліммен көше бойлап шауып барам
Бейкүнә ат ойнаған балдырғандай…


Бал бардай, балалық пен балдыр бардай,
Шіркін-ай, шілдедегі жаңбыр қандай!
Жатырмын шатырдағы шах сияқты
Шөлін бір шарап ішіп қандырғандай…


Ар бардай, арман бардай, тағдыр бардай,
Шіркін-ай, шілдедегі жаңбыр қандай!
Бір демде қауырсындай жеңілейткен
Тылсымат тамшысында жан, нұр бардай,
Шіркін-ай, шілдедегі жаңбыр қаңдай!



* * *

Көздеріңнің бір ойланып, бір күлген
Өзекті өртер дерт боларын кім білген?!
Бір-ақ рет билеймін деп өзіңмен
Біраз уақыт есеңгіреп жүрдім мен.


Біраз уақыт өз-өзіме келе алмай,
Біраз уақыт ақылыма ере алмай,
Жынды болдым көз алдымнан біраз күн
Сенен басқа жан адамды көре алмай.


Арбап және әдеттенген жиі алдап
Саусағыма сарқылмаған сиямды ап
Біразырақ ақын да боп үлгердім
Біраз уақыт оны-мұны қиялдап.

Сүйемін деп, айтпасаң да сенем деп,
Тосын хабар алатындай сенен бек
Ханзададай асыл затын жоғалтқан
Біраз уақыт жүрдім әйтеу елеңдеп.


Біраз уақыт арқыратып, бірер күн…
Біраз уақыт өзің болып күлер түн?!
Біраз дейтін бірақ осы бір сөзде
Тұтас өмір тұрғандығын білер кім?



* * *

Сен – ақсың ғой...
ақ болғасын жылайсың!
Ақ болғасын,
пәк болғасын ұнайсың.
Құдайақы,
сен сияқты ешкімді
Жылатпағам,
ұнатпағам бұлай шын.


Әр сөзіме
болғаныммен қырағы,
Жоқ дей қалсаң
жылатқым кеп тұрады.
Қысқа күнде
қырық мәрте құлпырып,
Есімді алған
ерке еліктің лағы!


Дүн-дүние...
дір етер сәт дүр ғалам.
Жоқ дей көрме!
Жоқ дей қалсаң жынданам.
Қараөткелде
қалсын десең бір шайыр,
Махаббатты
махаббатпен жырлаған.


Сен – ақсың ғой...
ақ болғасын жылайсың!
Ақ болғасын,
пәк болғасын ұнайсың.
Құдайақы,
сен сияқты ешкімді
Жылатпағам,
ұнатпағам бұлай шын.



* * *

Саған неге қарай бергім келеді...
Сенен неге арай көргім келеді?
Бұл ғасырдың әлі күнге жазылып
Үлгермеген ең әдемі өлеңі!


Қарай берер не тылсым бар өзіңде,
Арай көрер не тылсым бар көзіңде?
Жан-дүниемді селк еткізер соншалық,
Ештеңеге селт етпейтін кезімде!


Әнтек күліп, әнтек қана жымиып,
Небір ойға батырдың-ау тұңғиық.
Тәңірімдей табиғаты тым жұмбақ,
Әмірімдей дәрежесі тым биік!


Қаса сұлу сен боларсың мен көрген,
Қаса сұлу сен боларсың ел көрген -
Сау ақындар көрген мезет жынданып,
Жыды ақындар көрген мезет сенделген!


Саған ғана қарай бергім келеді...
Сенен ғана арай көргім келеді!
Бұл ғасырдың әлі күнге жазылып
Үлгермеген ең әдемі өлеңі!



* * *

Мәжнүн қылған бұл жалғанда бір бес күн,
Сені бір рет көрсем деумен күн кештім!
Сені бір рет көрсем деумен мұң кешкен,
Мен сияқты бола қоймас жынды ешкім?!


Одан өзге тілек жоқтай...
Құдірет!
Сені бір рет көрсем дедім, бір рет.
Сонау күннен сызылмай һәм  сүртілмей,
Көз алдымда қалып қойған сүгірет.


Құдайақы, нарқы бөлек нұр едің!
Сені ойласам болды – құстай түледім.
Сен кімді жолықтырғаныңды білмессің,
Бірақ, кімді сүйгенімді мен білемін.
 

Содан болар, қадір білмес, білмес құн,
Жұрт ішінде сен бар деп тек күн кештім.
Одан артық азап бар деп білмеспін,
Одан артық ғажап бар деп білмеспін!


Басқа арман, тілек жоқтай...
Құдірет!
Сені бір рет көрсем дедім, бір рет.
Көрген түстей ардақты һәм аяулы –
Көз алдымда қалып қойған сүгірет.

Бөлісу:

Көп оқылғандар