Серік Ақсұңқарұлы. Құдайдың құбылысы
Бөлісу:
...Зал Мэтрін күтіп отырған. Алаштың адамзаттан асып туған Ару Ақыны осында кіріп келгенде бәрі орнынан тік тұрды.
- Бауырым-ау, біздің соңымыздан қандай тегеурінді, талантты толқын келе жатыр?! деп сүйсінген еді Ол. Осылардың қолжазбасын оқып шыққандағы ақынның алғашқы лебізі еді бұл. Жас буын оны әлі ести қойған жоқ... Ақынның аузына қарап тұр. Бұл жолы ХІІІ-ші Халықаралық Шығармашылық жастар Шабыт фестивалінің үздік әдеби номенациясына жүз шақты үміткер қатысқан екен.
- Шетінен керемет!, - дейді Мэтр мағмұрланып – бір-ақ жүлде аз...
Қазақ жырындағы жас өскін Ресейдің түкпірінен Блогтың алдына келген Есениндей, Фаризаға аузын ашып қарайды. Осы сәттегі оның бір ауыз жылы лебізі оларды Алаштың аспанына қанақ қақтырғалы тұр. Тарихи, сындарлы сәт.
Менің есіме сол сәтте алтыншы сынып оқушысы Андрей Вознесенскийді алғашқы қолжазбасынан ақын деп танып, өзіне шақырып алған Борис Пастернак түсті. Орыс поэзиясының ХХ-шы – ХХІ –ші ғасырлардағы ұлы құбылысы болған Вознесенский соны өле-өлгенше аңыз ғып айтып кетіп еді. «Өзім ғана білетін, өзге ешкімге айтып, жеткізе алмайтын құпиям - Борис Пастернак» - деп жазды ол өткен ғасырдың 80-шы жылдары. Фариза апасының ақ батасын алған Бауыржан Қарағызұлы, өскемендік Азамат Тасқараұлы, өзінің ерекше қолтаңбасымен елді өзіне жалт қаратқан қарағандылық Мирас Асандардан бастап, тырнақалды туындысымен Мэтрдің көзіне түскен Ақерке Асанға дейінгі мына жас өрендер де ертең оның атын алты Алашқа аңыз қылып айтатын болады.
Адамзаттың иесі – Алла. Киесі – Поэзия. Тәңірі сол адамзаттың арасынан басқасынан гөрі тілін қасиеттеп, дінін қадірлеп, ділін әспеттеп отырған ұлттарды өзіне етене жақын тартып, ерекше сүйетінін бүгінгі адамзаттың даму тарихы тайға таңба басқандай дәлелдеп отыр. Руға бөленген ұлыс пен ұлтқа айнала алмаған тайпалардың ұлы көшке ілесе алмай, тоз-тоз болатыны содан. Ұлт атаулының маңдайға біткен бағы – Ана Тілі. Дін мен діл де сол Ана Тілімен ажарланып, ұлттық болмыстың өзі содан сомдалады. Ана тілінің ажары мен базары, ғажабының бәрі Ұлттық Әдебиет дейтін ұлы құбылысқа айналып, адамзаттың руханият арнасына асау теңіздей алқана жеткенде, соның Поэзия дейтін асау толқыны жұрттың көзіне анадайдан айқұлақтана шалынады. Түркіден төрт құбыласын түгендеп, Һас Сақ атанған қазақ халқы құлдық психиологиядан құлашын жаза алмай қайрандап қалған кезде Алаш аспанынан Фариза Оңғарсынова жырларының жарқ етіп көрінуі тарихи қажеттілік һәм рухани зәрулік еді. Өзі – Алаш Ана, Өзі – Қыз Жібек Ару, Өзі – Абай һәкім, Өзі - Махамбет Батыр, Өзі – Мағжан Ақын болған қазақтың қайталанбас образы жатыр оның жырларында. Оның ақындық болмыс бітімі Ахматоваға да, Ахмадуллинаға да, мүлде, ұқсамайды. Көк Тәңірге тәу етіп, Көк Бөріні пір тұтқан елге Құдайтағала бір мәрте июі керек еді. Тарих өткелегінде неше түрлі көресінді көрген қазақ жұртынан Фариза сынды ару ақын тууы керек еді. Туды! Тәңірден басқаға бас имеген музарттың мұз балағы Мұқағали Мақатаевтың: «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз» – деп, соған мұң шағуы тектен текке емес еді.
– Бәріңнің жырларыңды «Тұмар» журналына жариялаймыз! – дейді ақын, әділқазылар алқасының мүшесі Оңайгүл Тұржанова.
– Ұлы орыс әдебиеті қандай ғажап! Орыс поэзиясы қандай асқақ! Бірақ, орыс тілді қазақстандық ақындардың қарымы қалайша төмен?!» – дейді Фариза апай «Нива» журналының бас редакторы, ақын Владимир Гундаревке. Ол төмен қарап, күле береді.
...Биыл республика жұртшылығы «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Фариза Оңғарсынованың шығармаларын оқып жатыр. Егер Қазақстан халқының «түрі басқа – тілегі бір, жүзі басқа – жүрегі бір» екендігі рас болса; Фаризаны құныға оқып, құнарына бойласа, қазақтың қара өлеңінің өзіне жол сілтеп тұрған отыз елдің поэзиясын баяғыда-ақ қара үздіріп, ғарышқа самғап кеткеніне көзі жеткен болар еді.
Жетпісінші жылдары қазақ руханиятына Фариза Оңғарсынова келгенде қараша үйде еңсесі түсіп, қалғып-мүлгіп отырған біздің үстімізге көне түркі дүниесінен үсті-басы алтынмен апталып, күміспен күптелген Томарис ханша кіріп келгендей болып еді. Қазақ жырының өңіне қан жүгіріп, орта ғасырдағы жыраулық дәстүр, жауынгерлік-рыцарлық поэзия төркін жұртына қайтып келді. Бұл – «адасқан ұлдың ата-жұртына қайтып оралуына» пара-пар құбылыс болды! Қазақтың баяғада көзден бір ұшқан көне ұлттық мақамы еуропалық-классикалық өлең мәдениетімен жасанып, жаңғырып, арада бес ғасыр өткенде өзінің қаһарына қайта мінді. Ежелгі қазақ поэзиясының күллі әлем жырында, мүлдем, кездеспейтін ыршыған ырғақтарымен қауыша табысқан тұста арқамызға аруақ қонғандай болғаны әлі есімде. Ұлы Мұқағалидың: «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз, Өмірде ақындардың бәрі жалғыз» дейтіні осы кез: «Сенің от құшағыңда дүниені ұмытып талықсыдым. Жүрегімді өртеді жан ыстығың. Мынау байтақ әлемде тек екеуіміз жүргендейміз айналып ғарышты мың. Көзімді ашсам, шырын сәт көзден ұшып кететіндей жанарды тарс жұмдым. Сен аймалап алқындың, одан сайын есімді шығардың да, мен балқыдым көміліп қылаң нұрға. Жақсы сөздің барлығын саған айттым, ішімнен бе, әлде үн шығардым ба... Сен жанымда жүрдің де, жанарымды толтырдың жылылыққа (жан жылуын балар ем ұлылыққа). Тәттілігін сезіндім бұл өмірдің, әр күніне тоймадым құнығып та. Қайырымды да боп кеттім. Қатыгез жан дірілдеген жүрекпен сыр ұғып па?! Бірақ өзің айныдың. Ұмыттың да жастықтың жұмақ күнін, сен мысқылдап, мен болсам жылап тұрдым. Өмір деген бұрқанған дарияға бұрымымнан ұстап ап лақтырдың. Сонда ғана есейіп, бұл жалғанда бәрі алдамшы екенін бір-ақ білдім. Сенің от құшағыңда ардан аттап, қалдырдым пәктігімді, ләззатқа батырған ақ түнімді. Айырдым мен аяусыз енді кимес ақ көйлекті тігілген сәтті күнгі.. .Мен күнәһар емеспін ар алдында, Құдайың да кешеді тап мұңымды».
Фариза дүниеге келгенге дейін қазақ қызы қабырғасы қырық жерден сөгіліп, елжіреп егіліп, дәл осылайша сөйлеп көрмеген-ді. Ойы озық орыс ақындары Анна Ахматова мен Марина Цветаеваның махаббат лирикасынан да бой көрсетпеген әйелзатының әлемде жоқ образы Фариза жырларынан жарқ етіп көрінді. Поэзия, Маяковский айтқандай, - адам баласының аяғы тимеген аралдарда сапар шегу деген сөз! Мұндай жырды адам баласы Алла алқап, аруақ жебегенде ғана жаза алады!
Фариза көктен түскен жоқ. Қазақ халқының тереңінен қайнап шықты да, дүниежүзілік поэзияның інжу-маржанын тұла бойына сіңіріп алып, кір жуып, кіндік кескен ата жұртына қайта оралды. Мәселе осы – қайта оралуда жатыр. Әлемдік руханият – түпсіз мұхит; ол адам баласын бауырына алтын басқан айдаһар сынды алдап, арбап тарта береді. Құнары мол, топырағы текті елдің тегеурінді тұлғасы ғана осынау ұлы мұхиттың тереңінен жүзіп ішіп, жағалаудағы ұлтарақтай жер – ұлтына қайтып оралады. Абайға қараңыз: Еуропаның есігін айқара ашып, алар қазынасын олжалап, Сахарасына қайтып келді. Пушкин мен Лермонтовтың, Гете мен Мицкеевичтердің көлеңкесінда қалып қойған жоқ. Қара үзіп шықты! Батысы – Шығысына, Шығысы – Батысына айналды! Туған ел, шыққан шаңырағына қайта орала алмай, із-түссіз жоғалып кеткендер, зым-зия құрып кетіп жатқандар қаншама?!
Қазақ Ибраһим Пушкиндердің алтын бекетіне біраз ат шалдырып, Алашына Абай болып қайтып келген. Абайдың Пушкинінің Алаштың Пушкиніне айналуы содан! Виссарион Белинский он сегізінші ғасырдағы орыс өмірінің энциклопедиясы деп атаған Пушкиннің «Евгений Онегин» романның ортасынан ойып алғандай Абайдың бес-алты өлеңінің аудармасынан осы жырдың күллі жұлын- жүйесі көзі қарақты қазаққа алақанға салғандай ап- анық көрінеді. Неге? Абай Еуропаға Пушкин мен Гетені іздеп барған жоқ. .. Алашын іздеп барды! Ұлы ақын атаулының бәрі де өз ұлтының перзенті! Мына ақзер дүниеде өз ұлтына ақыннан өткен етжақын, етене тұлға жоқ!. Ақтаудың белінде, Алғадайдың шөлінде туған Фариза да ХХ-шы ғасырдың екінші жартысында Латын Америкасына қазағын іздеп барып, Пабло Нерудаға кез болды. Төбедегі совет өкіметі мен төрдегі қызыл көз цензураны асау ақындық алымына шалдырмай, қанды балақ совет империясының үстінен атой салып өте шықты!. Оның ақындығының аласапыран қуатын осыдан-ақ көруге болады. «Отаным, саған ант етем:от жанарыңа қан тұнған,күл-талқан мынау калпыңнан арылар бір күн туады, туады нұр Күн шуағы. Аштықтан өзек үзілген, бүгінгі жадау жүзіңнен кетеді қайғы тұманы, далаңда бидай тұнады. Әйтеуір сол күн келеді, жүрегім соған сенеді. Ал бүгін қолға балта алып, ізінен басқан кан тамып тынышын бұзған жан-жақтан, жексұрындарды қарғаймын!Шұбырып келіп жат елден нан мен бақыт орнына көз жас пен қайғы әкелген көр соқырларға мың қарғыс!...Келер-ау бір күн құртар күш...».
Мұндай сөзді адамның аузына Алла ғана салады!
Поэзия – қалыптасқан қасаң қағидаларды тас-талқан қылып талқандау деген сөз!. Совет өкіметі кезінде аузымен құс тістеген орыстың арқалы ақындары Евгений Евтушенко, Андрей Вознесенскийлермен қатарласа, қапталдаса қазақ ақыны Фариза Оңғарсынова да социалистік реализмнің қалыбына сыймайтын анти-советтік өлеңдер жазған! Бірақ, оны ойы озық, санаулы сұңғыла адамдардан басқа ешкім де аңғармай қалды...
«Қарғыс» поэмасындағы Анджэла Дэвис образы – Фаризаның өзі! Латын Америкасындағы азаттық идеясының азапкері Анджела Дэвис қандай тұлға болса, сол кездегі қазақ қоғамындағы Фариза Оңғарсынова да соған жетеқабыл күрескер тұлға болды! Поэзия – ұлт азаттығының атойлы үні! Ұлты боздап жатқан елдің өлең- жыры «Әзірет Әлі алтын иек, сарала қыз» (Абай) секілді абстракциялық идилияның гөй-гөйіне айналса, ондай елдің күні қараң, болашағы бұлыңғыр болады!
Ақынның алтын айдары тек қана азаматтық лирикасынан айқұлақтана көрініп тұрады. Абай мен Махамбеттің бүкіл өлең-жыры қазақ қашан еңселі ел болып, өрдегі өркениетті жұрттардың қатарына қосылады, алыс көкжиекке бет алған адамзат көш керуенінен қалып қоймай ма деген сара уайым ғой. Бар ғұмыры Петербор мен Мәскеу кабактарында өткен орыстың сері жыршысы Сергей Есениннің өлеңдерінің өзі қалың ормандай орыстың қасірет-шеріне сықап тұр! Халық – қасиетті. Оның қасиетін ұстанып, қасіретіне ерше егілу көшедегі көрінген пенденің пешенесіне бұйырмаған. Басы жұмыр пендеден алтын айдар азаматқа айналатын санаулы қаракөктің қаракеті - бұл! Бүгінде халықтың антиподы қара тобырдың мәдениеті өңмеңдеп төрге ұмтылып келеді! Мағжан «халық жауы» болып, Қасымның қарасы көрінгенге дейін қазақ өлеңі сол қара тобырдың боданында болып еді. «Ленин ата біз ұлан, сенен туған шат көңіл, Сенің нұрлы шұғылаң, бізге әперген жақсы өмір» деген тақпақтар соның куәсі. Халық кәріне мінген кезінде Алла тағала үнсіз қалып, Поэзия сөйлейді. Құдайдың құбылысы деген – осы!
Ұлттың миындағы код біреу ғана – Поэзия! Өзегінде өлеңі жоқ жұрт қара тобырға айналады. Халық көресінін көріп, көркем ойлау жүйесінен көз жазып қалған тұста таңдайы тақылдап, тақпақ айта бастайды. Халық Ананың ақиқатқа жерік болып, Қасымдарға босанар тұсы – осы. Қазақ өзінің қара тобырға айналмай, дүниежүзілік поэзиямен қанжығаласып, өркениетті елдермен қаз қатар келе жатқаны үшін қара өлеңіне қарыздар!
Бүгінде ұлттық уызына жарымай жатып, Еуропадан келе жатқан елеске көзі арбалған, қазақ жырының арғы-бергісін жоққа шығарып, «модернистік жаңа әдебиет» жасап шығарғысы келетін ессіз топ төбе көрсете бастады. Олар қазақтың қан тамырынан қайнап шыққан Махамбеттің жыры мен замана дауылының эксперименті деңгейінен аса алмай қалған Маяковскийдің арасы жер мен көктей екенін, мүлдем, сезбей жүр. ХХ-шы ғасырдың саяси ойынының көздір картасына айналып, Нобель сыйлығымен марапатталған Иосиф Бродский, қалай дегенмен де, Евгений Евтушенко сықылды орыстың ұлттық ақыны деңгейіне көтеріле алған жоқ қой!
Шаһқар (шедевр) өнер туындысының жарық дүниеге келуі өте күрделі процесс. Бұл кезде екі аяқты, басы жұмыр пенде баласына Алла тағала мен аруақ көмекке келеді. Бұл – құдайдың құбылысы. Адам баласы Алланың аузына түсетін сөзді айтқан кезде Ақынға айналады. Жапон жазушысы Ясунари Кавабатаның Нобель сыйлығын алып тұрып: «Адамзат баласының бүкіл тіршілігі Шарль Бодлердің бір шумақ өлеңіне татымайды» дегені осындайда еске түседі. Мұхаммед ғ.с. Пайғамбар: «Менен кейін енді пайғамбар келмейді. Ақындар келеді» дегенде осы Құдайдың құбылысы туралы айтқан болуы керек...
Адамзат тоғыз ай толғатып, дүниеге адам әкелетін Һауа ананың үмбеті әйелзатына қалай салғырт һәм тәкәппар өзімшілікпен қараса, Халық Ананың құрсағынан анда-санда бір туатын Ақын атаулыға да қалай болса солай қарауды дағдыға айналдырғаны қашан?! Достоевскийдің бір романындағы: «Осы ақын деген кім өздері?! Олардың адамзат тіршілігіне қажеттілігі қанша?!! Адам баласы ұйқаспен ойланып, ұйқаспен сөйлей ме екен?!» - деген мағынада ой толғайтын көр соқыр пенденің көктен тілегені бүгінде жерден шығып отыр. Алла тағала «Інжілде»: «Дүниеде ең алғаш пайда болған – Сөз!» - дегені қайда?! Қазір мына дүниенің біріншісі де, соңғысы да – ішіп-жем, көзді арбаған Батыстың көк қағазы болып тұр! Міне, нағыз Ақынның шыр етіп жарық дүниеге келетін тұсы -осы. ХІХ-шы ғасырда Семейдің шынжыр балақ шұбар төс тобықтылары: «Құдайға тәубә, біздің тұқымда ақын жоқ!» деген кезде, Алла оларға Абайды жіберген! Қазан төңкерісінен дүние басынана аяғына төңкеріліп, исі қазақ өз алдына, күллі түркі дүниесі төбесінен жәй түскендей болғанда Тәңірі Алаша Ананың құрсағынан ұлы Мағжанды жарық дүниеге әкелді! Әлихан, Ахмет, Міржақып, Әлімхан бастаған Алаш арыстарының тұқымынан тігерге тұяқ қалмай, қазақ рухының демі бітіп, өзегі үзілер кезде сол Тәңірі тағы біздің топырақтан Қасымды жарытқан-ды. Совет өкіметінің қанды шеңгелі қазақты қыл тамағынан қылқындырып, тұншықтыра бергенде Тұманбай, Жұмекен, Қадыр, Өтежан, Мұқағали, Фариза, Кеңшіліктер бірінен кейін бірі дүние есігін айқара ашып, Алаш жұртының адамзатқа айтар сөзін айтып кетті. Егер оны естір құлақ болса...Енді міне, жабайы капитализм жан-жүйемізді жаныштап, мына жарық дүниеде қазақ дейтін халық қала ма, жоқ, әлде, қалмай ма деген өліара кезеңде ұлттық жырымыздың тағы бір тегеурінді толқыны өз сөзін айтқалы жатыр. Төрде – қазақ жырының ханшасы Фариза, төменде – соңынан қаз-қатар келе жатқан нөкері- біз, Ақтанберді айтпақшы, «Жақсылар кеңес құрғанда, мұртымыз көкке шаншылып, бұрында сөйлер ме екеміз?!».
Қазақтың жыры орыстың жырынан тым бөлек,
Нұр да көп онда, самал жел, жамал — гүл де көп.
Есінен танып түнекте жүрген Есенин,
Мағымұрланғанда Мағжан көкем —
Күнге кеп!
Қазақтың жыры — Қаражорғамен желем деу,
Блоктан — Сырбай,
Тихоновтан — Темірхан тереңдеу;
Кеңшілік сынды керемет ақын жоқ онда,
Ө. Нұрғалиев —
Ю. Кузнецовтан кемелдеу...
Алашқа-дағы Анна Ахматова керек бір,-
Деген — кім, тілін кенеп бұл?
Әлемде — күллі әйел ақынның ішінде
Фариза әпкем бәрінен де асқақ,
Бөлек тұр!
Ғаламда ерек Қазтуған сынды данада — ой.
Көз тоқтар, шіркін, қара ғой,
Дана,
Дара ғой:
Абайды ешкім қазақша оқи алмайды,
Оқитын оны —
Алла мен Алаш қана ғой...
Серік Ақсұңқарұлы
Бөлісу: