Шығыс шайырына арналған конференция
Бөлісу:
Бүгін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Түркі академиясының бастамасымен «Мақтымқұлы және дәстүрлі түркі поэзиясы» атты халықаралық конференция болды. Тағлымды шараны Түркі академиясы Түрікменстанның Қазақстандағы елшілігі және Түрікменстан Ғылым академиясымен бірлесіп өткізді.
Конференция мақсаты – екі халықтың рухани байланысын арттыра отырып, түгел түркінің мақтанышының мұраларын жалпы бұқараға, әсіресе жас буынға кеңінен насихаттау.
Халықаралық конференцияға екі елдің көрнекті ғалымдары мен қоғам қайраткерлері, депутаттары мен дипломаттары қатысты.
Түрікмен ойшылының әдеби мұраларына арналған көрме ұйымдастырылып, жиын арасында екі ел өнерпаздары Мақтымқұлының шығармаларын орындады.
Шығыс поэзиясының жарық жұлдызы – Махтымқұлы Пырағы тек түрікмен халқының ғана мақтаны емес, түгел түркінің тегеурінді ақыны һәм ортақ жауһары. Биыл ұлы шайырдың туғанына 290 жыл толып отыр. Осыған орай ТҮРКСОЙ халықаралық Түрік мәдениеті ұйымы 2014 жылды түрікмен классик ақыны – Мақтұмқұлы Пырағы мен қырғыздың бірегей жырауы – Тоқтағұл Сатылғановтың жылы ретінде жариялаған болатын.
ТҮРКСОЙдың ұйытқы болуымен Мақтымқұлының мерейтойы жыл басында Түркияның астанасы Анкарада ресми түрде басталған болатын. Одан кейін Қазақстан, Қытай, Жапония, Әзірбайжан, Түрікменстан, Өзбекстан сынды мемлекеттерде аталып өтілді. Алып ақын Мақтұмқұлы Пырағына арналған іс-шаралар жыл соңына дейін жалғасады. Мерейтой шеңберінде әлемнің 30-дан астам елінде түрлі мәдени іс-шаралар, конференциялар, ақын шығармаларының тұсаукесері мен таныстырылымдарын өткізу жоспарланған.
Бөлісу: