(Әңгіме)
Жанат күйеуі әкеліп, қолына ұстатқан ақшаны санауға кірісті. Қырына қолың оқыс тисе, осып түсетіндей су жаңа купюралар. Санаған сайын сықыр-сықыр, сытыр-сытыр етіп, құлаққа жағымды дыбыс шығарады. Бояуының ащылау, дегенмен жағымды иісі де мұрнына келді. Кеше ғана басылып шыққан сияқты. Ішінен: «Бірақ осы ақшаға да сатып ала алмайтын дүние бар-ау бұл жалғанда..» - деп күрсінді.
Кенет, біреуінің бүтін емес екенін сезді. Санауын тоқтатып, әлгіні қолымен сипап, бір шетінен әрең ілініп тұрғанын, бұл күйде айырбастай алмайтынын түсініп, қызын шақырды.
- Аружан, бері келші...
Қызы тез келді.
- Не, мам?..
- Мынаны қарашы... Жыртылып қалған ба?
- Иә, ортасынан қақ бөлініпті.
- Қап-ай, әкең не ғып байқамады екен?
- Білмеймін.
- Ертең сен сабақтан келген соң банкке барып, ауыстырып көрейік.
Қызы келісті.
Аружан сабақтан келіп, түскі асын ішкен соң екеуі жиналып, сыртқа шығып, банкті бетке алып, жүріп келе жатты.
Өздері қаланың шетіндегі таулы қыраттағы шағын ауданда тұрады. Базар, сауда орталықтары мен банк, аурухана, мектеп, кинотеатр, сән салоны, ақша айырбастау пункті сияқты маңызды инфрақұрылымның дені төменде орналасқан. Үйдің маңында азық-түлік, көгөніс сататын шағын дүкендер ғана бар. Осындай қажеттілік пайда болған кезде қоғамдық көлікке отырмай, екеулеп көбінесе жаяу тартады.
Сұңғақ бойлы, аққұба өңді қырықтан асқан әйелді мектептің бастауыш сыныбында оқитын қызы Аружан қолтықтап, таудан төмен түсіп келеді. Асфальт төселген жүргіншілердің жолына жеткенше қиыршық тас кейде аяқ киімге кіріп, табанға батып, жүрісті баяулатады. Қызы да әбден сыралғы болып алған. Алдыда баспалдақ, үлкен тас, төмен салбырап өскен ағаштың бұтағы кездесетін кезде, тіпті ит, мысық келе жатса да анасына ертерек ескерте қояды. Жанат ондайда аяғын аңдап басып, барынша мұқият жүруге тырысады. Арагідік жол тарылып, бір кісілік соқпаққа айналғанда қызы алдыға түсіп, сол қолымен анасының қолынан ұстайды.
Әдетте кең жолмен жүріп келе жатқанда қимылы ширақ, қадамы нық әйелдің бойындағы кінәратты жұрт бірден байқай қоймайды. Күннен қорғайтын, әйнегі сарғыш көзілдіріктен жанарындағы өзгеріс те сырт көзге білінбейді. Көрмейтінін білген біреудің аяп, мүсіркегенін өзі де қаламайды. Алайда сауда жасаған кезде әрине, көрмей тұрғанын қарсыдағы сатушы түсініп, қасындағы қызымен мәмілеге келеді. Алған заттың ақшасын қызы тез төлей қояды. Каспи төлемнің енді шыққан кезі еді. Кішкентай қыз осы банктің төлемге қатысты барлық қызметін ілезде үйреніп алды. Ақша аудару, кьюар кодпен төлем жасау, бөліп төлеуді, тіпті, несие рәсімдеу қызметтерін де анасына тез жасап беретін болды.
Үйінің ұңғыл-шұңғылын бес саусағындай білемін дегеннің өзінде алғашында есік пен қабырғаға талай соғылып, бет-ауызы мен көзінің асты көгеріп жүрді. Бірте-бірте бойы үйреніп, үйдің ішінде біршама еркін қозғалатын күйге жетті.
Адам көнбіс жаратылыс. Әйтпесе, зағип адам тағдырдың басына салғанына мойынсұнып, үйдің бар тіршілігін сау кезіндегідей өзі атқаруы керек, тіпті оның қолынан іс келеді деп кім ойлаған? Сипалап жүріп үйді жинап жуу, тамақ әзірлеу, күйеуі мен балаларына шәй беру деген міндеттері де мойнынан түспеді.
Дені сау, көкірек сайрап тұр. Жоғары білімді маман. Балаларын өсіріп, алған білімін кәдеге жарату үшін енді жұмысын жалғастырғысы келіп жүргенде осындай жағдайға кіріптар болды. Сәтсіз жасалған отадан бері он жылдан асып барады. Көзінің алдында бір күні аппақ, кейбір күндері қап-қара перде тұрады. Бұл екі түс еркінен тыс, ырқына бағынбайды, күнде ақ реңк болса екен деген ойын жүзеге асыра алатындай оларды басқару қолынан келмейді. Аппақ күндері көңіл күйі көтеріңкі, өзін жақсы сезінеді. Сондайда бала кезі есіне жиі түседі. Ауылда үлкендер бақшадағы көгөністерді суық сумен суарғаннан гөрі жылы сумен суарса, жемістер тезірек пісіп, олардың дәмі де тәтті болады дейтін. Жаз күндері таңертең үйдің тете үш қызы бақшадағы темір құдықтан мұздай суды басып шығарып, сол жердегі бос ыдысты тегіс толтыратын. Ағаш астауға, қалайы піләктар мен кәритәларға, легендерге, шелектерге, бөшкелерге, тобатайлар мен ескі самаурындарға, тіпті шәугімдерге дейін аузы-мұрындарын шығарып, су құятын. Түстен кейін әлгі ыдыстардағы су жылып, қатты ыстық күндері қайнау температурасына жетуге сәл-ақ қалғандай сезілетін. Сол кезде қыздар бақшаны суғарып жүріп, бір-біріне су шашып ойнайтын. Бетке шашылған су тамшылары күн сәулесін бойларынан өткізіп, шағылысқанда пайда болған аппақ нұрдан қыздар көздерін аша алмай, сығырайып, сықылықтап күлетін.
Қазір ойласа, бақыт деген сондай сәттерден тұрады екен ғой. Көз алдында пайда болатын мына ақ түсті соған ұқсатқандықтан ба екен, әр күнді осылай қарсы алуды тілейді. Қара күндері көңілі түсіп, жабырқау күй кешеді. Дәрігерлерден сұрағанда ешбірі себебін айта алмаған.
Ұлдары мен қызының бет-бейнелері бала кейіпте есінде сақталып қалған. Бүгінде екі ұлы бойшаң, тепсе темір үзетін зіңгіттей азаматтар. Екеуі де ерте үйленіп алды. Келіндері мен немерелерінің түрлерін өздері мен қасындағылардың сипаттауларынан көз алдына елестеткен болады. Алайда мың рет естігеннен бір рет көргенге не жетсін... Кішкентай шақалақтарды қолына еппен алып, бет-әлпеттерін, мұрындары мен көздерін, еріндерін сипап, сезген болады. Айтпақшы, елестетудің өзі қиынға соққан. Бұрынғы таныс бейнелер болмаса, бейтаныс адамды немесе жаңадан шыққан, пайда болған бір нәрсені қанша бейнелеп, тәптіштеп айтқандарымен, тап басып, түсіну қиын.
Әлі есінде. Өзі жетіге толып, мектепке баратын жылы ата-анасы аудан орталығына апарып, денсаулығын тексерткенде, дәрігер алыстан жақсы көрмейтіндерге арналған көзілдірікке нұсқа жазып берген. Қазіргі «буллинг» дегеннің көкесі мектепте сол кезде болған. Ең алғаш көзілдірікпен барғанда сыныптағы қыздар түсіністік, бәлкім, жанашырлық танытып, үндемегендерімен, ұлдар ұлардай шулап, «очкарик» деп ат қойып, айдар таға бастаған соң ендігәрі ешқашан шығармастай етіп, көзілдірігін қорапқа ұқыптап салып қойған. Қазір ойласа, балалықпен қателік жасаған екен.
Мектепте озат оқушы болды. Әдебиет пәнінен әр түрлі деңгейдегі олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды иемденетін. Жоғары оқу орнына түсіп, облыс, республика бойынша атағы дүркіреп тұрған ұстазының болашағынан үміт күткен сүйікті шәкіртіне айналды. Институтты өте жақсы аяқтады. Қолына диплом тие салысымен тұрмысқа шығып, бірінші баласына аяғы ауыр болғанда дәрігерлер дабыл қаға бастады. Олардың «Енді бала таппаңыз» деген кеңестеріне аса мән бермеді. Әр жүктілік сайын жанарының нұры кеми түсті. Екінші ұлын босанғаннан кейін алғашқы ота жасалды. Нәтижесі көңіл тұшытпады. Қызын босанғаннан кейінгі ота мүлдем тұралатып кетті. Ота бөлмесіне енер алдында айқын болмағанымен, жарық дүниенің сәулесін, күйеуі мен балаларының түрін, қолындағы телефондағы жазуларды, әмиянында неше теңге бар екенін бұлыңғыр, көмескі көріп кіргенімен, оларды қайта көруді Алласы бұған нәсіп етпепті. Кейін ота барысында көзіне қан құйылғанын, қанның ұйып қалғанын естігенде дүние дөңгеленіп, төсектен құлап бара жатқандай күй кешті. Алайда жанарынан біржолата айырылғанын түсінсе де сыртқа сыр бермеді. Үмітін үзбеді. Алу керек емнің барлығын ыждаһатпен алды. Жасау керектің бәрін әлі жасап келеді. Балалары мен апайлары да әлемдегі офтальмология саласындағы бір жаңалықты ести қалса, қуантқылары келіп, бірден айтады. Көбінесе ғылым жағынан дамыған елдердің ғалымдары жаңалық ашып жатады. Сол елдердің кейбір емханаларына апайы барлық диагнозын көрсетіп, хат жазып жіберген. Дәрігерлер қолдарынан келмейтінін айтып, қабылдамапты.
- Мама, банкке таяп қалдық.
Қызының дауысын естігінде ойы үзіліп кетті.
Банкке кірген соң Аружан анасын бір орынға отырғызды да, өзі жақын тұрған электронды құрылғыны жып-жып басып, кезектің талонын алып, қасына келіп отырды. Жанат банкте адам көп екенін дабыр-дұбырдан сезіп отыр.
Қозының еті пісетіндей уақыттан соң кезектері жетіп, Аружан анасын жетектеп, кассаға барды. Жыртық жүз долларды кассирге ұсынып, ауыстырып беруін өтінді.
Кассир қыз ақшаны аударып-төңкеріп қараған соң, қолма-қол ауыстыра алмайтынын, алдымен өтініш толтыру керек екенін, өтілуі тиіс үдеріс бар екенін айтып, бланк ұсынды. Бланкке үлгіні қосып берді.
Машақат осы жерде басталды. Бастауыш сыныптың оқушысы ресми құжат толтырумен алғаш рет бетпе-бет келді. Бұл бұрын телефондағы қосымша арқылы жасап жүрген істен анағұрлым қиын екен. Аружанның мектепте озат оқушы болғаны бұл жерде іске жарамады. Жас бала сасқалақтап, қайта-қайта шатасып, бір сөзді немесе санды бірнеше рет түзетіп, әбден әуреге түсті. Түзетілгенді банк қызметкері қабылдамай, жаңа бланк беруден танбады. Ол «Шимайсыз жазыңыздар» деп баяу айтқанымен, әр сөз Аружанның құлағына түрпідей тиді. Сынақтан өте алмай немесе емтихан тапсыра алмай жатқандай күй кешіп, әсем жүзінен алаңдаушылық белгісі сезіліп, пісте мұрыны қусырылып, қағазды толтыруға қатысты сенімсіздік пайда болған соң көзі жәудіреп, анасына қарай берді.
Жанат көрмесе де бәрін сезіп отыр. Қызына жаны ашып, доллар құрғырды өткізбей, үйге қайта берсек деп ойлағанымен, жүріп келген жолы мен кезек күткен уақытты және ақшаны бәрібір бір күні өткізу керек екенін ескеріп, бастаған істі соңына жеткізуге бел байлады. Алдымен кассадағы қыздың өзінен толтырып беруді өтініп: «Бойжеткен, айналайын... кішкентай қызды қинамай, осыны өзіңіз толтыра салыңызшы...» деп еді, ол қызметкерлерге рұқсат етілмейтінін сыпайы жеткізді.
Жанат ол қыздың да жағдайын түсінді. Мұндай мекемелердің ішінде айнала бейнебақылау камералары тұрғанын да біледі. Тағы берген таза бланкті ұстап, біраз ойланып тұрды. Көзі көретін кезде мұндайдың талайын толтырғаны есіне түсіп, тосын шешім қабылдады. Қызын шынтағынан тартып: «Жүр, арырақ бір үстелге барайық. Сен оқып, айтып тұр. Мен өзім жазып көрейін», - деді. Қаламды қолына алып, барынша ықтият сақтап, көрмесе де қызы қолындағы қаламын қойып берген кестенің бағанынан доллардағы ағылшын әріптері мен сандарды шығармай жазуға күш салды. Азын-аулақ білетін ағылшыншасы осы жолы кәдесіне жарады.
Өзі дұрыс, қатесіз жаздым деп ойлады. Қызы әбден мезі болғандықтан, анасы толтырған жазбаға бұл жолы тіпті мойнын бұрып, қарағысы да келмеді. Екеулеп кассаға барып, қағазды шыны тартпа арқылы қызметкер қызға немкетті түрде өткізе салды. Әйнектің арғы бетінде отырған қыз бұл жолы құжатты тексерген, тексермегені белгісіз, ләм-мим деместен қабылдап: «Телефон арқылы хабарлама күтіңіздер», - деді.
Анасы мен қызы сенер-сенбестерін білмей, банктен тез шығып кетті. Қызының айтуы бойынша сыртта қас қарая бастапты. Шаршап, қарындарының ашқанын сезген екеуі үйге жетуге асықты.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.