Жүсіпбек Аймауытовтың жерленген орны табылды...

Бөлісу:

16.07.2014 3894
190710_aimauytuly.jpgРесей Федерациясының Федеральдық қызметінің орталық мұрағаты павлодарлық мұрағат қызметкерлерінің сұрауы бойынша сталиндік зұламаттың құрбаны болған қазақ жазушысы Жүсіпбек Аймауытовтың жерленген орны жайлы мәліметті тапқанын хабарлады. Бұл туралы Павлодар облысы әкімінің баспасөз хатшысы Асқар Жалдинов әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. 
«Ресейдің Федеральдық қызметінен жауап келді. Жүсіпбек Аймауытов атылғаннан кейін өзге де қуғындалып атылғандармен бірге Ваганьково бауырластар зиратына жерленген екен. Таяу арада бұл жерге барып ескерткіш қоюды жоспарлап отырмыз», - дейді А.Жалдинов. 
Сондай-ақ, федеральдық қызмет аталған зиратқа 1994 жылы барлық саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнап ескерткіш қойғанын да жеткізген.
Айта өтейік, Жүсіпбек Аймауытов 1889 жылы қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Қазақ әдебиетінде «Қартқожа», «Ақбілек» романдары, «Күнікейдің жазығы» хикаяты мен «Әнші» секілді бірқатар көркем әңгімелері, «Рәбиға», «Мансапқорлар», «Қанапия мен Шәрбану», «Ел қорғаны», «Шернияз» пьесалары, «Нұр күйі» поэмасы ерекше орын алады. Жаңаша білім беру мақсатын көздеген «Тәрбиеге жетекші» (1924), «Психология» (1926), «Жан жүйесі және өнер таңдау» (1926) атты елеулі кітаптары мен оқу құралдары кезінде халық тағдыры үшін ерекше рөл атқарған еңбектер болды. Жазушы 1930 жылдары саяси жалаға ұшырады. «Басмашылармен байланысы бар, астыртын контреволюциялық «Алқа» ұйымында болған» деген жаламен 1929 жылы абақтыға қамалып, 1931 жылы атылған болатын.

adebiportal.kz

Бөлісу:

Көп оқылғандар