Павлодарда Жүсіпбек Аймауытовқа ескерткіш ашылды
Бөлісу:
Павлодар қаласында қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, Абайдан кейінгі қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, педагог-ғалым Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына 125 жыл толу айтулы датаға орай ескерткіш ашылды.
Алаш зиялысының құрметіне арналған ескерткіш Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрының алдында орнатылды.
- Мүсіннің биіктігі 3,6 метрді құрайды. Ал тұғымен бірге биіктігі - 7,6 метр. Жүсіпбек Аймауытовтың ескерткіші қоладан құйылған, тұғыры қою қара түсті жылтыр граниттен соғылған. Ескерткіштің авторы - астаналық мүсінші Ермек Тоқтаров.
Қала тұрғындары мүсінді көріп, Алаш ардақтысының алып тұлғасын, даралығын көзге елестетеді. Себебі, мүсіншілер бірінші кезекте жазушының бейнесіне мән берген, - деп хабарлады мәдениет басқармасынан.
Қаламгер ескерткіші «Керемет-ПВ» ЖШС-тың, жергілікті іскер кәсіпкерлердің демеушілік көмегі арқасында бой көтерді.
Ескерткіштің салтанатты ашылуынан кейін С.Торайғыров атындағы ПМУ-де республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Сонымен қатар, бүгін сағат 18.00-де қаламгер есімі берілген облыстық қазақ театры 25-ші өнер маусымын Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытов бейнесі сомдалатын «Ар алдаспаны - Аймауытов» қойылымымен ашылады. Бұл біртуар тұлға - Жүсіпбек Аймауытовтың сахналық бейнесін паш еткен алғашқы пьеса. Қойылым авторы – ҚР Халық әртісі, режиссер-драматург Ерсайын Төлеубай. Пьеса сюжетінде атақты жерлесіміздің Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Жұмат Шанин, Мұхтар Әуезов пен Әміре Қашаубаевтармен кездескен сәттері де паш етіледі.
«Ар алдаспаны - Аймауытов» спектаклі Жүсіпбек Аймауытовтың 125 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық театрлар фестивалінде көрерменге жол тартқан болатын.
Жазушы мерейтойы туған жері - Баянауыл ауданында да жалғасын табады. 20 қыркүйек күні «Ардақты Алаш азаматы» атты музыкалы-әдеби кеш және ұлттық ат спорт түрлерінен жарыстар Баянауыл ауданы Мойылды алқабында өтеді деп жоспарланған.
Айтулы мерейтойға арнайы келген қонақтар: Ғалым Жайлыбай, Әкім Тарази, Ғарифолла Есім, Әшірбек Сығай, қаламгердің немересі Рима Аймауытова мен Василий Аймауытов және жазушының аталас туған-туыстары, Павлодар облысының зиялы қауым өкілдері.
Бөлісу: