Қазақстанға Испан ақыны Хусто Хорхе Падрон келді
Бөлісу:
Астана қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында сәуірдің 29 күні сағат 10-да Испанияның ұлы ақыны Хусто Хорке Падронның тұңғыш рет испан-қазақ тілінде шыққан «Тозақ шеңберлері» атты поэзия кітабының тұсаукесер рәсімі өтеді.
Тұсаукесер рәсіміне Испан Пен клубының бас хатшысы, Неополитан және Малларме Париж академиясының корреспондент-мүшесі, Еуропа ақындары фестивалінің негізгі құрылтайшысы Хусто Хорке Падронның өзі, Испанияның Қазақстандағы елшісі Мануэль Ларротча, Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов және осы кітапты аударған ақын, «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Поэзия әлемі» бағдарламасының продюсері Танакөз Толқынқызы мен астаналық ақындар қатысады деп күтілуде.
Бұл туынды – кезінде Испанияда ғана емес, тұтас Еуропада бес жыл қатарынан үлкен резонанс тудырған шығарма. Латын Америкасының жаңа прозасының негізін қалаушы Хорке Луис Борхестің өзі Хусто Падроның бұл кітабына: «Хоркенің «Тозақ шеңберлері» туындысы ұзақ жылдардан кейін мені қатты қобалжытып, қайғыртып, еңкілдеп жылатқан бірден-бір кітап болды» деп баға бергені тегіннен-тегін болмаса керек. Хусто Хорке Падрон –Испан тілі Король академиясының «Фастенрат» сыйлығын Федерико Гарсиа Лоркадан кейін алған тарихтағы екінші ақын. Содан болар Эдмонд Вандеркамен «Хусто Хорке Падрон – ұлы ақын. Ол Федерико Гарсиа Лорканың орнын басуға әбден лайық», – деді өз кітабында.
Бүгінгі күнге дейін әлемнің отыз тоғыз тіліне аударылған аталмыш туындыны француз тілінен қазақ тіліне 40-шы болып тәржімалануына Испанияның Қазақстандағы елшілігі демеуші болды.
«Әдебиет порталы» ақын Танагөз Толқынқызының тәржімасындағы Хусто Хорке Падронның өлеңдерін ұсынады. Оқыңыз.
Бөлісу: