«Тозақ шеңберлері» кітабының тұсаукесері өтті
Бөлісу:
30.04.2015
2839
Бүгін Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде Испания ақыны Хусто Хорхе Падронның тұңғыш рет испан-қазақ тілдерінде жарық көрген «Тозақ шеңберлері» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Отыздан астам тілге аударылған «Тозақ шеңберлерінің» испан, қазақ тілдеріндегі басылымы қазақ тіліне аударылған тұңғыш испан жыр кітабы болып табылады. Тұсаукесер рәсімі және кітап баспасы Қазақстандағы Испания Елшілігінің қолдауымен жүргізілді.
Тұсаукесер рәсіміне Испан Пен клубының бас хатшысы, Неополитан және Малларме Париж академиясының корреспондент-мүшесі, Еуропа ақындары фестивалінің негізгі құрылтайшысы Хусто Хорхе Падрон, Испанияның Қазақстандағы елшісі Мануэль Ларротча, Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов және Астана қаласының зиялы қауымы мен ұлттық білім ордасының студенттері және осы кітапты қазақшаға аударған ақын, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасындағы «Поэзия әлемі» бағдарламасының продюсері Танакөз Толқынқызы қатысты. Хусто Хорхе Падрон 1943 жылы Испанияның Лас-Пальмас провинциясында дүниеге келген. Барселона, Париж, Стокгольм, Осло қалаларында білім алған. Испан тілі Король академиясының «Фастенрат» сыйлығымен, Швед академиясының жүлдесімен марапатталған. Тұсаукесер рәсімінің соңында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлы испан ақынына Лев Гумилев атындағы төсбелгіні табыстады.
adebiportal.kz
Бөлісу: