Рымғали Нұрғалиұлы: "Өлең жолы кесілмейді" (Ақын Төлеужан Исмайылов хақында)

Бөлісу:

10.11.2015 3667


 Ақын Төлеужан Исмайылов екеуіміз бір ауданда туған адамдар болғанымызбен, дәм-тұзымыз араласып көргеніміз жоқ, тіпті дәлірек айтқанда, қол ұстасып амандасып, шүйіркелесіп сөйлескен де кісілер емеспіз. Біздер ауылдан Алматыға келген кезде, ол атағы дүрілдеген ақын, ал біздер қолға қалам ұстауға жарай бастаған кезде, ол ауыр дертке ұшырап, азапқа түсіп кетті. Әйтеуір жүздесуге жазбапты. Осы азаматқа обал болды-ау  деген бір өкініш іште жүретін. Бірақ оның әдеби мұрасын іздестіріп, жинап кітабын шығарайын деген ой менде болған емес.


Төлеужан Исмайылов


Ядролық сынауларды тоқтату үшін басталған халықтық қозалыстың бітірген үлкен бір шаруасы 1955 жылы зорлықпен жойылып, тоз-тоз болып, ел-жұрты жан-жаққа шашырап, естеңдіктен айрылған, ата-қоныстары полигон табанында қалған, қазақтың ежелгі құт мекенінің бірі Абыралы ауданының қайтадан 1990 жылы қалпына келтірілуі еді. Уланған су, жаралы тау, дертті топырақ – соған қарамастан, елдің басы қайтадан құрылып, шаңырақ көтере бастады. Халық жоғалғанын іздеді. Арғы замандардағы ұлы бабалары Қаздауысты Қазыбек би, Жанақ ақын, Тәттімбет күйші, кешегі Әміре әнші, Сапарғали жазушы өнерпаздығының бір жалғасы – ақын Төлеужан Исмайылов екенін ұққан жерлестері оның әдеби мұрасын жарыққа шығару қажеттілігін айтып, ынта-пейіл көрсетіп, таршылық, жоқшылыққа қарамастан, кітап шығынын көтеруді өз мойындарына алып, “Жазушы» баспасына тілек білдіріп, бізге де қолқа салды. Сөйтіп ақынның артында не қалды деген сұраққа жауап іздей бастадық.


Ақынның әдеби мұрасы, архивы, қолжазбалары, дүние-мүліктері, кітаптары – бұларды іздестіре бастағанда, әуелде тартымды ешнәрсені қолға іліктіре алмай қиналуға тура келді. Ауыз екі сөз, алып-қашпа қауесет қана сақталған. Оның өзі жүйелі, нақты, дәл емес. Ұстарлық, сенерлік дерек жоқ. Анау айтты. Былай деген секілді, солай сияқты еді деген шығарып салма сөздер. Дегенмен Төлеужан абыройы, атақ-даңқы, әсіресе, қаламдастар, аға-дос арасында ұмытылмаған екен, оны білген, араласқан қаламгерлер сыр іріккен жоқ, ойларын қолма-қол айтып тастады, естеліктерін жазып берді.


Тахауи АХТАНОВ:

“Баспада бірге істедік. Мен – соғыс көрген офицер, ол – университетті енді бітірген қылшылдаған жігіт. Мен көрген ақындардың ішіндегі кесек талант Төлеужан Исмайылов еді. Табиғат берген дарыны өз алдына – мол эрудициясы, терең білімі бар еді. Жанып тұрған от секілді еді, лап етіп көрінді. Бәріміз жалт қарадық. Журналда редактор болып тұрғанымда өлеңдерін бастым, қолдадым. Көп көмектестім. Тапсырмамен талай өлең жаздырдым. Бірақ ауыр тағдырына араша тұрдым деп айта алмаймын. Қазір сөздерін ұмыттым, «Қойлар» деген ұлттық әділетсіздікке қарсы жазылған ғаламат өлеңі бар еді. Өзі жатқа оқитын. Өзгесін айтпағанда, сол бір шығармамен-ақ әдебиет тарихына кіруге қақысы бар деп айта алам. Көз тиді ме, тіл тиді ме, әйтеуір есіл ақын арманда кетті ғой, опат болды ғой”.


Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ:

«Төлеужан бізден үш-төрт жас үлкен болғанымен, әдебиетке тіпті ерте келді. Бірдан өз дауысын танытты. Қуатты талант еді, берерін толық бере алмай кетті. Алыс ауылда туып өссе де орыс тілін керемет білетініне таң қалушы едік. Аударма жасаған кезімізде, білмейтін сөзімізді Төлеужаннан сұрап білуші едік. Төлеужан қазақшалаған Лермонтовтың “Мцыри” поэмасы – аудармадағы классика”.


Балғабек ҚЫДЫРБЕКҰЛЫ: 

“Бір жолы Төлеужан редакцияға келіп, құдай екеуімізге сатирик бол деп өнер беріп еді, сен ұстап қалдың, мен ұстай алмай қалдым ғой деп мұңайғаны есімде”. Төлеужан Исмайылов Семей облысы Абыралы ауданында 1932 жылы /кейбір деректер бойынша 1931 жылы/ туған. Әкесі Мұхаметжан колхозға бастық болған, ел ішінде сыйлы, көрнекті азамат, фашистермен шайқасқан ұрыс майданында қаза тапқан. Шешесі Қадиша күні кешеге дейін ұлы Серіктің қолында тұрған. Домбыра тартатын, әншілігі бар кісі. Бұл тұқымда үзілмей келе жатқан өнер бар, түбі ұлы Жанақтан бастау алатын ақындықтың көзі жатыр. Төлеужан талантының табиғатын сол арнадан іздеген дұрыс.


Бұрын жақсы үлгеретін балаларды аттата оқыту, бір жылда екі класс бітіру тәртібі де болған. Қайнар орта мектебін сондай жолмен 14-15 жасында аяқтаған зерек, қабілетті, ұшқыр шәкірт – Төлеужан бала күнінен кітапқа құмарлық дағдысын Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөлімінде өзгермес мінезге, айнымас қасиетке  айналдырып, ғылымның әр саласынан, әдебиеттен, эстетикадан, тарихтан көп білім алып, тез өсіп, ерте марқайған, қатарластарынан көш бойы озып кеткен. Мұның үстіне, ең бастысы, сүйегіне туа біткен ақындық таланты бар. Өкінішке орай, ол әдебиет үшін он шақты-ақ жыл еңбек етіп, тіршілігінің қалған он жылында ауыр дертпен, өкпе ауруымен арпалысты. Анасы Қадиша да, інісі Серік те, жары Раушан да, ағайын-туыстары да, дос-жарандары да –  ешкім де оны қасірет тырнағынан құтқарып, арашалай алмады.


Ақын көзі тірісінде үш-ақ кітабы жарық көрген: «Әлдекімге бір шапалақ» /1958/, «Есіл» /1959/, «Америка трагедиясы» /1962/ – бәрі де отыз жасқа дейін жарияланған дүниелер. Одан кейінгі он жылда, Семей ауруханасында көз жұмған 1972 жылға дейін бірде-бір туындысы басылған жоқ. Азапты дертпен арпалысып, жанын қоярға жер таппай, басын тауға, тасқа соққан, астанаға да, облыс, аудан орталығына да симаған жаралы ақынның соңғы мекені – ауыл, шопан інісі Серіктің, анасы Қадишаның қасы. “Повесть бітіріп, роман бастап еді, көптеген поэзиялық  шығармалары бар еді” деген сөздердің аяғында дерек, нақты материал, қолжазба жоқ. Тіпті ел аузында кезінде айтылып жүретін отаршылдыққа қарсы жазылған әйгілі “Қойлар” өлеңінің толық мәтінін таба  алмай қойдық.


Әділін айтқанда, Төлеужан Исмайылов мұрасын жинастыруға көптеген азаматтар еңбек етті. 1984 жылы жазушы Медеу Сәрсекеев ақынның «Сырымды айтам» жинағын құрастырып шығарды. Бүркіт Ысқақов алғысөз жазды. Өз қолында сақталған бірен-саран материалды бізге берді. Әр түрлі газет-журнал беттерінде бұрын-соңды жарияланған өлеңдерді жинауға Дүйсен Қошқарбеков, Ғаббас Смағұлов, Мұрат Ерденбеков, Төлеуқадыр Нысанов мұрындық болды. Ақын өміріне қатысты жаңа деректер Қалихан Алтынбаев, Боранбай Мауқаев мақалаларында бар. Ақын тағдырының көп шындығы замандас, қаламдас аға-достары Әзілхан Нұршайықов, Жаппар Өмірбеков, Мұзаффар Әлімбаев, Ғафу Қайырбеков естеліктерінде ағынан жарылып, адал айтылған. Ақынның шығармашылық сапарын сатирадан бастауында талант мінезі, қабілет ерекшелігі бар. Өлеңші атаулы жапа-тармағай, жарыса-жабылып, мадақ, марапат жырларын ат-көпір төгіп жатқан  кезде, уақытқа, заманға сес көрсеткендей, ащы кекесін, өткір сынға толы туындылар беру поэзиядағы жаңалық еді. Қазақ әдебиетінде терең арна тауып кете алмай жүрген салаға соны тақырып, тың мазмұн, өзгеше түр әкелген ақын шығармаларына қауым назары бірден ауды. Сталиндік тасқұрсау кезеңде әлеуметтік теңсіздіктерді, отарлық езгіні, адамды қорлауды ашып көрсететін шығармалар беру оңай әрекет емес еді.


Лирика жанрларында ақын азаматтық, әлеуметтік, саяси, философиялық ойларға меңзейтін тосын өлшемі, соны мазмұнды өлеңге ерекше ден қойды. Дәстүрлі қазақ жырына орыс, Европа поэзиясындағы өрнектерді, ырғақ, ұйқастың жаңа уәзіндерін енгізу талабына күш салды. Мадақ, терме сарындарына бой алдырмай, мәдениетті поэзияға лайық эстетикалық мұраттарға ерекше көңіл бөлді. Бір сәттік, бір күндік айғақтар емес, ұзақ, ғұмырлық, мәңгілік шындықтар, қайшылықтар туралы толғаныстарға барды. Социалистік, коммунистік идеалдарды бірден-бір  ақиқат деп ұққандықтан, партияны, оның жеке қайраткерлерін, Ленинді мадақтап жазған өлеңдері де бар.


Мазмұндық, формалық тәжірибе ізденістерге орасан көп қайрат, жігер жұмсаған ақынның жаңа көркемдік құнарларының айқын көрінісі, зор суреткерлік шабыттан бір-ақ құйыла салған, алтын жүзік іспеттес жұп-жұмыр туындысы – әйгілі “Есіл» поэмасы. Қазақ әдебиетінде бұрын да сюжетсіз дастандардың талай тамаша үлгілері бар болса, Төлеужан сол дәстүрді дамыта отырып, мүлде соны, жаңашыл шығарма берді.


Ақындық мен планетарлық биікке көтеріліп, ғасырлар, мыңжылдықтарды көз алдынан өткізіп, жүрекжарды сырлар төгеді, толқынды ойлар тербейді, көркемдік уақыт пен кеңістікті игерудегі жаңа поэтикалық бағдарды аңғарамыз. Шабыт үстіндегі ақын ұшаққа мініп, ғарышқа самғап, жер шарын айналып, қазақ даласын шолып, арғы-бергі тағдырлар, тарихтар туралы толғанады. Есіл даласына сүйсіне тебіренеді, ғашық болған татар қызына мұңын шағады. “Бұлтқа маңдайын ұрғылаған болат құс”, “шала үйітілген жыр”, “жастықтың қоңыраулы күймесі”, “өлеңмен құрыш құраған”, “қанатын аққу боп қағатын ән-жыр”, “қыранның қанаты секілді теп-тегіс, Есілдің даласы көлбеген” – осы алуандас жаңа көркемдік жаңалықтар поэма бойында тұнып тұр. Ақын палитрасы сан-алуан бояуға бай, көз қызықтырар неше түрлі сурет салады. “Есіл” – тебіреністі ойларға толы, мың сан әуез, сарынды, зор ақындық шабыттан жаратылған, көкейкесті күй іспеттес, қазақ әдебиетінде мәңгі жасайтын жауһар туынды. Ал «Дала министрі» (“Жылқышы”) поэмасында ақ қар, көк мұзда қайрат етіп жүрген жылқышы қыздың романтикалық тұлғасы сомдалған.


Төлеужанның эстетикалық талғамы оның әр кезде, әр тақырыпта жазған әдеби-сын мақалаларынан айқын көрініп жатыр. Елуінші жылдардың басында тағы да қуғын-сүргін күшейіп, зиялыларды, ғалымдарды, жазушыларды жазықсыз қаралап, ұлтшылдық деген кесапат жүйе, жала жабылып, қудалау асқынған, түрмеге тығу бел алған. Дәл осындай кезеңде сатира, сын жазу дегеніңіз қара басыңа пәле тілеп алумен пара-пар еді. Төлеужан әр түрлі рецензия, мақалаларында, негізінен, шығарманың көркемдік кестесіне, тіл-стиліне, мазмұн жаңалығына назар аударады. Дәлді байлам, тиянақты пікірлер бар. Әсіресе Тоқаш  Бердияров, Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Тұманбай Молдағалиев туралы кезінде тұжырымдалған ойлардың уақыт өткен соң көмескі тартпай, маңызын жоймай, дәл қазір айтылғандай естілуі Төлеужанның терең білімін, биік талғамын, зор сыншылдық қабілетін көрсетсе керек. Бір тұста Садықбек Адамбековтың тұңғыш кітабына пікір айтса, бір тұста Нұрлыбек Баймұратов ақындығына қорытынды баға береді, бір тұста Сейітжан Омаров шығармалары талданады, бір тұста жаңа кинофильмге пікір айтылады – мұның бәрінде эстетикалық көркемдік ойлардың жарқ-жұрқ еткен ұшқыны жатыр.


Ақынның әдеби мұрасының тамаша бір саласы – аударма. Үлкен, күрделі, еңбек – американ әдебиетінің классигі Теодор Драйзердің “Америка трагедиясы” романының екінші кітабы.  Эпопеялық романның қазақша реалистік үлгіде көркем тілмен аударылуына ерекше көңіл бөлінген. Бұл еңбек қазақ аударма өнеріндегі әдеби тілімізді байыта түскен, проза да реалистік стилдің қалыптасуына ықпал жасаған шоқтығы биік туындылардың бірі.


Көптеген елдердің әр түрлі ақындарын қазақша шебер сөйлете білген Төлеужанның аудармашы ретіндегі құдіретін көрсететін екі күрделі еңбегі бар: бірі – А.С.Пушкиннің “Батыс славян жырлары” шоғыры, екіншісі – М.Ю.Лермонтовтың  “Мцыри” поэмасы. Түпнұсқадағы аса қиын оралымдарға ана тілінде балама таба отырып, дәстүрлі бейнелі ойлау жүйесін күшейту, классикалық шығарманың стильдік-көркемдік кестесіне лайық бояудан жаңылмай, жаңа, соны тіркестер, суреттер жарату, ырғақ, ұйқас, шумақ тыныстарының ерекше кеңдігі мен сонылығы арқылы биік поэзиялық деңгейге көтерілу – осы алуандас қасиеттерімен Төлеужан аудармалары ұлттық ақындық құнар, көркемдік игіліктер қатарына қосылады.


Қойын дәптерде қалған соңғы өлеңдерде туған елге сағынып жеткен ақын махаббатының көз жасы мөлдіреп тұр. Тербеле жөнелген қазақы жорға жырға қарық боласың да қаласың. Тебіренген, толқыған жүрек лүпілі анық естіліп тұр. Тарихқа шолу, саясат әуені, сатиралық кекесін сарындарынан тазарған бұлшық еті бұлт-бұлт еткен жүйрік жыр жосып кетеді. Туған жердің суреті, ата-баба рухы тіріліп қоя береді. Ақын осы өлең шоғырында өзінің трагедиялық тағдырын, ауыр дерт қиған қыршын ғұмырын жан-жүйені босатар әсермен, мұңлы да шерлі күймен шертіп береді.


Мен сені туған елге берем дедім,

Бір соның жас шағына сенем дедім.

Аузынан табыл іні, қарындастың

Мәңгілік жас рухым – өлеңдерім, –

деп болашақпен бір тілдесіп алған ақын:

Көзімнен жаңбыр жауғанын

Сездің бе, туған тауларым.

Баурыңа жетіп лауладым.

Қызарып күндей батқалы

Өзіңе келдім жатқалы, – деп соңғы сөзін айтып тынады.

Дегелең тауының ішінде 1949 жылы тамыз айында тұңғыш рет атом бомбасын жарғанда, Қазақ университетінің үшінші курс студенті Төлеужан Исмайылов ауылда демалыста жатқан болатын. Әскери адамдар бұрын қымыздан басқа ащыны татып көрмеген жас жігітті зорлағандай етіп араққа ауыздандырды, “спирт жүрген жерде сәуле ауруы жүрмейді, алкоголь радиацияны айдап шығады” деген. Сол он жеті жаста өзегін күйдірген жынды су алғашқы он жылда жас қайратты жеңе алмай жүріп-жүріп, артынан күтімсіздіктен тапқан өкпе ауруына қосылып, оны әбден азапқа салып, талантын құртып, әдеби ортадан бездіріп, отбасынан айырып, дос-жараныан бездіріп, қаңғыртып, аздыртып, ақыры 1972 жылы көрге тығып тынған.


Қазақтың талантты ақыны Төлеужан Исмайылов атом сынағының, ядролық жарылыстың аянышты құрбаны екеніне қазір ғана көзіміз жетіп отыр. Бұрын ғайбаттаушылар: “Өзі кінәлі. Құдай берген сыйды бағаламады. Ұстай алмады. Ақыры қор болып өлді”, – дейтін. Көп көмбенің бетін ашқан ендігі шындық мынау: полигон қасіретіне шалдықпаймын, ұзақ жасаймын, өмірімді сақтап қалам, шабытпен жазылған мәңгілік жырлар тудырам деп қиялдап, шарап буынан медет таппақ болған, ем деп қолданғаны зәһарға айналғанын қайран ақын кеш, өте кеш сезді. Ол кезде қайтар жол кесіліп қалған. Бірақ нағыз өлеңнің жолын еш кесепат қия алмайды ғой.


 


1992 жыл

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар