Көкбай Жанатайұлы: АБАЙ ШЫН МАҒЫНАСЫНДАҒЫ МҰСЫЛМАН ЕДІ

Бөлісу:

08.08.2015 3021
...Өзі біреуге ұзақ әңгіме, ұзақ жыр сияқты нәрселерді айтқызғанда еш уақытта басқа бөтен нәрселерге аумай, таза көңілмен, үлкен ықыласпен тыңдайтын және әрқашан сондайды тыңдап болған соң, мағынасы мен мәнін ұғындырып, сын айтатын. ...Абай ақындық туралы сөйлегенде: «Ол – қуат, табиғат сыйы, Құдай сыйы», – деп құрметпен сөйлейтін. «Ақындық шабыты шын келгенде адамды қайта тудырып жібереді. Ол келгенде жай, жабайы адам болмайды», – дейтін.
Өтірік айтпай, шынын айтатын болса, мал ұрлайтын ұры болса да сүюші еді. Ұры­дан алатын парасы – шынын айтқаны. Абай шындыққа, дұрыстыққа құмарлығы жолындағы елден ерекше мінезінің барлы­ғын билікте анық көрсетіп жүрді. Билікке келгенде Абайдай әділ, таза, дұрыстығы күшті биді тобықты іші бұрынды-соңды заманның қайсысында болса да көрген жоқ деп айта аламын. Билікте әділдікпен қатар, осымен егіз сияқты бір мінезі: Абай­дың ерекше мырзалығы, жомарттығы, дүние­қор еместігі болатын. Жақын маңай­дағы елде өз атағын есіткен атышулы жүй­рік ат, қыран құс, алғыр ит сияқты сауық аспап­тары болса, Абай қалап та алады. Қы­зыққаны кедейдікі болса, сатып та ала­ды. Бір жазда бес түйе беріп, бір бәйге ат алып, бес құлынды бие беріп, екінші бәйге ат алғанын көрдім. Солардың екеуін де сұраған екі кісіге өзі қызықтамастан беріп жіберді. Осы күнге шейін тобықты іші «бір досыңнан қызығып қалап, бұлдап алған жақсыңды, үйіңе жеткізбей, бір жақсы көр­ген адамың алып кетсе, содан қызық не бар деп, Абайды айтпап па еді?» деп аңыз қылысады.
Өзі шаруа басқарып, қырда малдың са­нын, қалада пұлдың санын ескерген емес. Қыр шаруасында ескерсе, жылқыны ғана ескеріп, жақсыдан айғыр салып, тесе міні­ліп, ер батып кеткен арығы болса, сол жа­ғын ғана ескеретін. Жалпы, малына еңбе­кақысын толық қылып беріп, мықты малшы салуды ескеретін, осыдан басқа ауыл ша­руа­сында істейтін қамы болмаушы еді. Қа­ла­да болған уақытта ақшасының барлығын қасындағы атқосшы жігіт ұстайды. Одан «қанша қалды, не ұстадың?» деп сұрамай­тын. Жалғыз-ақ «бітіп қалды» дегенде ға­на, тыңнан ақша тауып, тағы қалтасына са­лып береді де отырады.
Ауылы қысы-жазы қонақшыл, әрда­йым күндіз-түні басып жатқан неше алуан кісі болады. Солардың ішінде «Абайдың түсті­гінен жейміз» деп, ас аңдып келетін кедей-кепшікпен бірге, ел-елдің басты адамдары, ертекші, құсбегі, домбырашы, әнші не бол­маса тоғызқұмалақ, дойбы ойнағыш ойын­шылары да жатады.
Абай қыстыгүні бос уақыттарының бірталайында өзі оқып алған романдарды кейде ертек қылып маңындағы жұртпен бірге, әсіресе өзінің ұдайы қасында бола­тын ертекшісі Баймағамбетке айтып бере­тін. ...Абай қырдың тоғызқұмалақ, дойбы сияқты ойындарына көп уақыт бөлетін. Әсі­ресе көп салынып ойнайтыны тоғызқұ­малақ болушы еді. ...Аңшылықты жасында істеген. Ол кезде Шыңғыстың қыс бойы елсіз қалатын сыртында бұғы, арқар, киік, түлкі болады. Абай жақсы құсбегі, мер­ген­дермен, аңшылармен қостап шығып, бір­не­ше үймен, көп соғым, сойыспен барып, бір ай, екі ай жүріп қайтады. Берірек кел­ген­де аңшылықты қойып, жоғарыда санал­ған өзге түрлі сауықтарға көбірек ауысты. Бірақ бұл істерінің қайсысы болса да, Абайдың жалпы тыңдаушыға айтып отыра­тын өсиет-үгітіне, келелі мәжілісіне, кітап оқып, білім табуына көп бөгеті болған жоқ. Осы айтылғандардың барлығына бө­гет болатын нәрсе болса, ол ел сөзі, ел тартысы болды.
Абай шын мағынасындағы мұсылман еді. Бірақ мұсылманшылығы молда, қожа айтып жүрген сыртқы сопы, мұсылмандық емес, үлкен сынмен қарап, діннің негізін, мақсат-бағытын ғана алып, соны ақиқат діні етіп қолданған. Абайдың діні мұсыл­ман­шылықтың ішінде осындай жолмен, үлкен сынмен табылған таза ақыл дін еді. Онан соң жалпы мұсылманшылық жо­лын­дағы үлкен ғұламалар жазған ірі сөздердің барлығын да білетін. Өз тұ­сын­дағы молда­лардың қайсысымен бол­са да қатар түсер­лік мағлұматы бар-ды. ...Семей қаласын­дағы қазақ, татар мол­да­ларының барлығы да Абайдың дін мәселесіне әбден жетік еке­ніне көзі жеткен соң, бұл кісіні өз зама­нының ғұламасы сияқты көрген. Бір жыл­дары Семейге миссионер деген кісі келіп, мұсылман дінін қорғаушы молда имамдар­мен сөйлесемін деп іздегенде, Семей қа­ласындағы мұсылман оқымыстыларының барлығы бір ауыздан Абайды сайлап шығарады. Бірақ Сергейдің не мақсатпен сөйлесемін дегенін қала молдалары шала ұғынып, алыпқаштымен ұлғайтып жіберіп, елді де үркітіп, өздері де босқа үріккен ғой. Абай барғанда Сергей дін жайында талас жасамай, бірер нәрселерді сұрап және ар­тынан жай әңгімеге кетсе керек. Бұл мәжі­лісте Абай дін жайынан қаншалық сөйлесіп, қанша таласты – ол арасын мен толық біл­меймін. Бірақ артынан Абайдың өзінен сұрағанда азын-аулақ айтқаны: «Сергейдің «Мұсылман дінінше, Құдай күш иесі, қор­қы­тушы, сондықтан құдай жолындағы құл­шылық, тазалық, ақтық барлығы да қорқу­дан туатын сияқты» дегеніне, Абай: «Біздің құдай, «Рақыман, рақим» қуат қана иесі емес, рақым да қылушы. Қуаты қара күш бастаған қуат емес. Мапақаты бар қуат; әке мен баланың арасы сияқты әкеше сүюші ие», – деген екен. Содан кейін Абай хрис­тиан дінінің нанымы бойынша «үш жүзді құдай» деген ұғымға қарсы дау айтады. «Бірлігіне үш жүзді болу сыя ма, сол үш сипат бір жүзінде болса, құдайлығына көп бола ма?» десе керек. Бұл мәжіліс туралы тағы да бір есімде қалған нәрсе: Сергейдің қасында Семейдің көп поптары бар екен. Солардың кейбіреулері бір әредікте мұ­сыл­­ман дінінің ұсақ мәселелері туралы Абай­­мен дауласқысы келсе керек. Сонда Сер­гей: «Сендер қойыңдар, Ыбырайым Құнанбаев сендердің тісің бататын кісі емес», – деген екен...

Негізі, Абайдың көп насихатының түп қазығы: адамшылық, ақтық әділет бола­тын...
(Көкбай Жанатайұлының естелігінен ықшамдалып алынды)
 

Бөлісу:

Көп оқылғандар