Абайдың Өмірі, Өскен Ортасы, Алған Тәрбиесі
Бөлісу:
08.08.2015
7355
Абайдың өмір баяны Мұхтар мақаласында өзгелердікіне қарағанда, толығырақ жазылған. Мұхтар Абайдың арғы атасы Ырғызбай, онан бергі Өскенбай, өз әкесі-Құанабай — осылардың өмірінен де едәуір мағлұмат береді. Абайдың өмірін осылай әріден бастап, ата заманымен байланыстыра, бергі балалық, жігіттік, онан соңғы ел адамы -Тобықтының биі болған заманынан да көп мағлұмат береді. Абай өмірі туралы ілгрі-соңды жазылған мақалалардың ішіндегі көлемдісі, тарихи мағлұмат, фактілердің көбі де осы Мұхтар мақаласы. Мұхтар мақаласы, әсіресе, Абайдың ата тегін, өскен ортасын, алған тәрбиесін, Абайдың ел ісінде билік құрып, ел ақсақалы, болыс, би болған жөнінде тарихшылдарға көп қызықты, керекті материал береді. Қазақстан баспасынан Мұхтар мақаласын қысқартпай, түгел басуының да үлкен бір себебі осы болуы керек.
Алайда, осы толық жазылды деген Мұхтар мақаласында да Абайдың өмір баяны әлі толық емес. Әсіресе, өз қолынан қалған, өз жазбасы сақталған документттер, тарихи материалдар жоқ. Абай — өз өмірінде, өз әлінше көп жазған кісі. Соларынан әлі күнге еш бір нұсқа жоқ. Абайдың өлеңдерінен де ешбір қол жазбасы қалмауы Абай өлеңінің дұрыстығына, түгелдігіне де үлкен дақ салуы мүмкін. Абай өмірін жазушылардың айтуына қарағанда, Абай кез келген жағдайда өлеңін жазып тастай берген. Жинаушысы, көшірушісі, басқалар болған. Абайдың осылай түрлі жылдарда жазылған өлеңдері әркімнің қолында, аузында бытырап жүрген. Абай өлеңдерінің бірінші жинағы, 1909-жылда ғана басылды. 20-25 жылдай Абай өлеңдері қолдан қолға көшіріліп, ауызша айтылып қана жүрген. Осы жылдардың ішінде Абай жазғаны түгел сақталды, түгел жазылды деп ойлау қиын-ақ. Бірден бірге көшіріліп жүргенде, ауызша айтылып жүргенде, азды көпті өзгермеді, өзгертілмеді деу де қиын. Мұхтар әдейілеп Абай жазғандарын жинағанда, осы жағын да ескеруі керек еді. Абай жазғандарының осы жағына тиісті мағлұматтарды да жинап, оқушыларға таныстыруы керек еді. Онан соң, Мұхтар мақаласындағы тағы бір кемшілік — Абайдың басқаға жазғандары, не Абайға жазған хаттар жайында түк мағлұмат жоқ. Әлихан мақаласында да, Мұхтардың өз мақаласында да (басқалардыкінен де) Абайдың орыстың халықшылдарымен (народниктерімен) таныс болғанын, хат жазып тұрғанын, Абайға келіп үш-төрт айлап қонақ болып жатқандарын көп айтады. Бірақ, осы жайында да түк дерек жоқ. Не хат нұсқаларынан дәнеме жоқ, не көрген-білген адамдардың сөздері жоқ. Абаймен жақындасқан орыс халықшылдарының Абай туралы не өлген соң, не тірі күнінде жазған естеңелері жоқ па екен? Не хат есебінде, не мақала-әңгіме есебінде Абай жөнінде жазғандары бар шығар! Бізге Абайдың өмір баянында әлі күнге дейін осы жағы да қараңғы жатыр. Үшінші, Мұхтардың Семейдегі Абай туралы бар архиптарды (губернатор, начальник, съзъд материалдарын) қарамауы да Абайдың өмірін толық білуге кемдік қылмай қоймады. Зерттеген кісіге бұл жағынан да Абай өмірбаянын толықтыруға материал табылар еді.
Абай өміріне тиісті материалдарды түгел жинау жөнінде Мұхтар мақаласында да осы сықылды кемшіліктері бар. Абайдың өмірбаянымен бұдан былай шұғылданған әдебиетшілеріміз осы кемшіліктерді ескерулері керек . Мүмкін болса, осы жағын да толықтыруға тырысу керек. Ал, Мұхтардың Абайға берген сынына келсек, бұл жағында Мұхтар сыны – шала сын, дұрыстығынан бұрыстығы көп сын. Ілияс Мұхтардың негізді қателерін өз мақаласында ашып айтқан. Шынында, Мұхтардың Абайға берген бағасы марксшілдар сынына қабыспайды. Мұхтар Абайды ұлтшылдар, басшылдар көзімен көреді. Сынағандағы қолданатын әдісі — идеалистердің әдісі. Мұхтар ойынша, ақынды заманы мен өскен ортасы, шыққан табымен байланыстыра отырып сынағанда, Абайды ұғуға болмайтын сықылды. Мұндай пікірде отырған кісі, әрине, Абайды сынай алмайды, Абайдың қазақ әдебиетіндегі тарихи маңызын, орнын да біле алмайды. Кейін реті келген жерде Мұхтардың жаңа, басқа қазақ ұлтшылдарының Абай жөніндегі теріс пікірлеріне тоқталмақпыз, әзірге біз тек Абайдың өмірбаянын өзгеден толық жазған Мұхтардың негізді пікірі, әдісінің қателігін ғана ескертіп отырмыз.
Жоғарыда мұхтар мақаласында Абайдың арғы атасы, ата тегі жайында көп мағлұмат бар дедік. Бірақ, Мұхтар сол өзінің жазып отырған пәктілерін де дұрыс пайдалана алмаған. Толық пәктілерден сұйық қорытынды шығарады, кейде тіпті өзіне өзі қарсы шығады. Мәселен, Мұхтар мақаласында Өскенбай, Құнанбайларға баға береді, сонда Өскенбайды «ел ортасына қадірлі, сыйлы болуы, мінез қасиетінің тәуірлігінен болса керек. Мінезі кекшіл емес, көп тілегін тілегіш кең болғанға ұқсайды… Өскенбайдың елге мәлім мінезі жоғарыдағы айтылғандай адал, әділ, кең болғандықтан, Өскенбай жалғыз өз еліне ғана қадірлі болмай, маңайдағы көрші елдерге де қадірлі болғанға ұқсайды» (332-333-беттерде). Қысқасы, Мұхтардың дәттеуінше Өскенбай би адал, әділ, көп тілегін тілегіш болған?! Жаңа, осы мақаласында Мұхтар Өскенбайдың Мәмбетай деген кісінің қызының мұрнын кесіп алғанын, Кеңгірбайдан бата алып, Тобықтының дуанға білікті биі болғанын айтады. Мұхтардың қай сөзін ұстаймыз? Өскенбайды адал, әділ, кең, көпшіл болды дейміз бе, жоқ, не Тобықтының ел жеген жуан биінің бірі болды дейміз бе?
Мұхтар Өскенбайды мақтайды, адалдығын көп айтады.
Бірақ, Өскенбайдың әділдігіне, адалдығына біздің шәгіміз бар. Ауылға келген қонақтың мұрнын бейкүнә кесіп жүрген Өскенбайдан артықша адалдықты күтуге болмаса керек. Өскенбай — кәдімгі ел ісіндегі мықты рудың мықты биі. Елді адалдығымен қаратқан жоқ, байлығымен, жұдырығымен қаратты. Мәмбеттің мұрнын кескені Өскенбайдың қандай би екенін анық көрсетеді. Мұхтарға мұнысын ақтаймын деп әлектенудің тіпті еш бір орны жоқ. Мұхтар Құнанбайға да ауылдың байларынша баға береді. Құнанбай бір мінезді, асқан ақынды, сопы-діндар, кедейге тегін ат-киім үлестіріпті?! Осы да сын болып па? Құнанбайды білмейтін қазақ аз. Қазақ даласы Құнанбайдың мықтылығын, жуандылығын біледі. Құнанбайдың зорлық-зомбылығын біледі. Мұхтардың өзі де жазады — Құнанбай «жігітектер ішіне көп кісімен аттанып келіп, Бөжейді бастық қылып, барлық ірі кісілерін ұстатып, байлатып алып тегіс дүре салғызады» (338-бет) . «Құнанбай насыбай атқан кісілердің танауын тілдіруші еді… Сыбан ішінде Барақ деген төреге бір жиында насбайды тастасайшы дегенде, ол «менің насыбайымды көргенше, еліңдегі келінімен жүрген Қодарды көрсейші» депті. Сонымен Құнанбай еліне қайтқанда, Тобықтының басшысы кісілерін жинап алып, борсақ ішіндегі Қодырды келінімен алғызып, «шариғат жөнімен үкім қыламын» деп мойындарынан қосақтап түйеге асып өлтіріпті» (337-бет). Осындай араны ашылған үкімі шектен тыс болған феодал Құнанбайдың кедейшіл, «сопы» болғанына да біз шектенеміз?! Құнанбай сықылды елді бір шыбықпен айдаған, ұнамаған адамын тірілей жалмаған, жуандығы аюандыққа айналған қазақтың феодалы кедейлерге тегін ат, киім үлестірді деу — бұл әншейін ертегі әңгіме. Ешбір шындығы жоқ әңгіме. Мұхтардың Абай жайында жазған мақаласында айырықша бір көзге түсетін мінезі — “ертегілерге” көп көңіл бөледі. Көп қортындыларын «ертегі сөздерге» сүйеніп жасайды… Абайдың ата-тегін, өскен ортасын анықтағанда бізге -тобықтының билері, байлары жайындағы өздерінің қолдан жасаған ертегі әңгімелері, өтірік, мақтандындалары керек емес, мұндай мағлұматтармен тарих жасауға, тарихи адамдарды ұғуға болмайды. Бізге керегі солардың шаруасы, шаруасындағы өндіріс қатынасы, ел билеудегі істеген істері, таптық тілектері, алған тәрбиесі, білігі – міне, осы сықылды әлеуметтік, таптық бетін көрсететін мағлұматтар керек. Бізге белгілі мағлұматтарға қарағанда, Абайдың арғы аталары Ырғызбай, Өскенбай, бергі өз әкесі Құнанбай — бәрі де аты шулы, өз заманында тобықтының ішінде алдына адам салмаған, мықтылығы, жуандығы тобықтыдан асып дуанға жайылған феолдар еді. Қуанышбайдың: Малды алды, жеріңді, кісіңді алды Құнекем билемеген не ісің қалды?
Сасқан соң ұл да бердің, құл да бердің,
Қай жерден қарсыласар күшің қалды?
Тартуға талай найман берді қызды,
Көгендеп теңтегіңді қойдай тізді, - дегені Құнанбайға жапқан жала емес еді, Құанбайдың осындай істегеніне мастанған Құнабайшыл ақынның шыны еді. Барды жырлағаны еді. Абайдың ата тегін, өскен ортасын, алған тәрбиесін білеміз дегенде, Өскенбай, Құанабайлардың алдымен феодалдығына байланысты сипаттарын ашуды керек қылады. Бұларды өз тұсындағы қазақ еліне сіңірген еңбегінің пайда, зиянын айыруды керек қылады. Міне, бұл жағы Мұхтар мақаласында тым аз, не екі ұшты болып, жұқалап қана айтылады.
Абайдың әкесі Құнанбай, Құнанбай әкесі Өскенбайлар қазақтың қандай байлары еді?
Бұлардың екеуі де қазақтың қарадан қандыққа таласқан, орыс патшасының қазақ даласын отарлауда ең сенімді сүйеніші болған байлар. Құнанбайдың қарадан аға сұлтан болуы, шапқан елінің «ұлын да, құлын да» айдап алуы, өзіне қарсыласқан тентектерді қойдай тізіп, көгендеуі тегіндіктен біткен мықтылық емес. Осының бәрі, бір жағынан, Құнанбайдың бұрынғы Кеңгірбай, Ырғызбай, Өскембайлардан бері үзілмей келе жатқан ата жуандығынан болса, екінші жақтан, бұған патша үкіметінің жуандығы қосылып еді. Патша үкіметі қазақ даласын тезірек меңгеріп алуы үшін, Құнанбай сықылды ру басындағы аталы жуандарды өзіне жақын тартты. Шен, шекпен берді. Бұрынғы ақсүйектермен теңеді. Қазақ тұсында ру жуандары бұрын хандыққа сайлана алмаса, сұлтан бола алмаса, енді орыс патшасы Құнанбай, Мұса сықылды жуандарды сұлтан қылды, «қарадан қан» жасады. Қазақ халқының орыс патшасымен күресінде мұндай байлар қазақ арасында орыс патшасының қол шоқпары болды. Орыс әскеріне қосылып алып елді «тыюшы»-қырушы болды.
Ілияс мақаласының бір жерінде — Абай тұсында «қазақтың төресі де, төбесі де өзгерді» дейді. Бұл сөзді Ілияс қазақтың ескі, аталы байының орнына ақшалы, жаңа бай келді, осылар ел билігін қолына алды деген мағынада айтқысы келеді. Бұл дұрыс емес әсересе, Абай тұқымы жайында дұрыс емес. Абай тұқымы — уызы арылмаған «жеті атасыан бері» қазақ даласында ел билеп келе жатқан аталы жуандар. Кеңгірбай орта, ұлы жүзге орыс патшасының әмірі толық тарай қоймаған кезде, елде ескі бай болып қана тобықтыны билесе, бертін орыс патшасы қазақ даласын түгел бағындырғанда да сол ескі байдың тұқымы Өскенбай, Құананбайлар тағы биледі. Кеңгірбайлар аталығына, жуандығына, малдылығына сүйеніп елге би болса, бертінгі Құнанбайлар да соған сүйенеді. Құнанбай да аталығына, ежелден біткен жуандығына, малдылығына сенді. Бұл жағынан қарағанда, Құнанбайдың Кеңгірбайдан түк айырмасы жоқ. Кеңгірбай қандай аталы феодал болса Құнанбай да сондай болды. Бар айырма — бұрын Кеңгірбайдың аталары ру феолдары ханға бағынса, сонын сүйеніші болса, енді Құнанбайлар орыс патшасына бағынды, соынын сүйеніші болды. Тап көзімен қарағанда, ондай айырмашылықтың еш бір маңызы жоқ. Қазақтың ру ішіндегі бұрынғы билеп-төстеп келген ескі байлары патша тұсында да биліктен түскен жоқ. Қайта елге үкімін, әмірін бұрынғыдан да күшейтті. Құнанбай қазақ арасында осындай бай еді. Жаңа, ана-мынау бай емес. Байлығымен зорлық-зомбылығымен жұрт аузына іліккен, даңқы жер жарған, аты шулы Құнанбай еді. Құнанбайдың істемегені жоқ. Қазақ феодалдығының нағыз жексұрын, айуандық жағын іздесең, бәрін де осы Құнанбайдан табасың. Мұхтар Құнанбайдың ақылдылығын көп айта береді. Әрине, Құананбай ақылды болған. Ақылсыз болса, бай да болмас еді. Әсересе, ел билей алмас еді. Әңгіме мұнда емес қой. Бізге бүгін Құнанбайдың ақылдылығын зерттеп білу керек емес, бұған зерттеудің де керегі жоқ. Бізге керегі — Құнанбайдың таптық беті, қандай жағдайда қандай жұмыс істеді, қандай із қалдырды, міне, осы жағы керек. Бұл жағынан қарағанда, Құнанбайлар қазақ жұртшылығының жауы еді, қазақты орыс патшасынан құтылуға емес, тұтылуға, орыс патшасының құлдығына, талан-таражына түсіруге себепші, көмекші болғандар еді. Құнанбайлар шен, шекпенге, параға ауызданып, патшаның мықтылығына ежелгіден келе жатқан өзінің ата жуандылығын, ескі феодалдығын қосты. Мұны олар бақыт, жақсылық деп ұғындырды. Осылар бастаған қазақтың байшыл жұртшылығы да осылай ұқты. Қуанышбай сықылды тілі өткір барды көргіш, сөз тапқыш ақындар Құнанбайдың жыршысы — “агитпропы” болды.
1845 жылы Абай (Ыбрай) туды. Абайдың ұяда көргені Құнанбай болды. «Ұша» көргені жаңа Құнанбай болды. Абайды бала жасынан Құнанбай қасына алды, жанына ертіп жүріп, өз үлесін берді. Баланы жасынан арамдыққа, зорлыққа, қулыққа баулыды. Құнанбайдың басқа үлгісі жоқ. Басқаны одан күтуге де болмайды. Абай ұяда нені көрсе, ұшқанда соны ілді. Жұрт аузында жүрген әкесі оған арман болды, қайта, мықтылығымды, жуандығымды әкемнен де асырам деген талапта болды. Абайдың 35-40 жасына дейін өлеңмен шұғылданбай, қалса Тобықтының, асса бір дуанның жуаны болып, ата жолын қуғанының түп тамыры Абайдың осы өскен ортасында, шыққан тегінде жатыр. Мұнадай ортадан шыққан байдан, туғанынан бар өмірін (бала кезіндегі бір-екі жылы болмаса) қазақтың қараңғы ауылында, аюандығы асқан Құнанбайдың бауырында өскен Абайдан басқаны күту де қиын. Абайдың балалық, жігіттік кезіндегі үлгісі Құнанбай болғандықтан, оның болыстыққа, билікке ұмтылғаны табиғи нәрсе. Анадан ешкім де данышпан болып тумайды. Жүре, көре, өсе біледі. Абайдың көрген, білген тұрмысы болыстыққа, билікке тартты. Абайдың тұсындағы үстем жұртшылықтың Абайдан күткені өзі мен тұстас «жақсылардан», билерден мықтылығы, ақылды, білімді, шешендігі артса, орыс төресіне жақын болса, оның тіліне, заңына өзгеден жақсы түсінесе, қысқасы, осылай ата жуандығына орыстың законшілдігін қосса –міне, Құнанбай жұртшылдығының Абайдан тілегені осы ғана еді. Абай осы жұртшылықтың тілегінде өсті. Көпке дейін осы жұртшылыққа «құл» болды -айтқанына ерді, ата жолын қуды.
Жоғарыда Абайдың заманын сөз қылғанда, біз XIX ғасырдың аяғында қазақтың феодал байлары капиталшылыққа бет бұрды, жаңа заман ыңғайына түсе бастады деп едік. Сол байдың бірі — Абай. Абай, бір жағынан, елдің партиясына араласып, інілері болыстыққа ие болып, өзі билікте жүрсе, екінші жағынан, бұлар орыс қаласымен араласты. Өзгеден бұрын орыстың мәдениетін, базарын, төресін, білікті адамдарын көрді. Қазақ даласына «жаңалықты» да осылар бастап кіргізе бастады. Құнанбайдың балаларын медреседе оқытуы Қарқаралыда мешіт салдыруы қазақ даласындағы «жаңалықтың» белгілері еді. Бертін, Абай заманында бұл «жаңалықтар» елге тіпті көбірек тарай бастады. Абай Құнанбайдан да озды. Құнанбай көбінесе аталығына, жұдырығына, ежелдегі байлық-мықтылығына сенсе, Абай бұлардың үстіне законшілдігін, білімділігін қосты. Құнанбай көбінесе ескі заманның ғана жол-жорасын білсе, Абай жаңа заманнның да законін білді. Сондықтан Абай ат үстінде жүрген, билік құрған кезінде-ақ Құнанбай сықылды ескі байдың салтымен ғана болмай, заман ыңғайына түсіп, жаңара-өзгере бастады. Абайдың ақындыққа көшкен кездегі өзгерісі жаңалығы осы би болып жүрген кезде-ақ басталып еді. Абай тұсында законге өзге байлар да (бай, болыстық) қол созды, жаңарғысы келді. Бірақ солардың ішінде үздік шыққаны, артық білгені Абай еді. Абай, бір жағынан, естіп, тоқып білсе, екінші жақтан, (жас күніндегі екі-үш жыл оқығаны бар) оқып, ізденіп білді. Абайдың отыздың ішінен бастап Еуропа оқымыстыларының көп кітаптарын оқып, қырыққа таман келген уақытта бұрынғы дүниенің асты-үстіне шығып өзгеріп. «Күн шығысым күн батыс, күн батысым күн шығыс болып кетті» дегені жаны бар сөз. Шынында Абайдың пікір өзгерісі, кейінгі жаңалықтары бір күнде болған жоқ. Абайдың өз айтуына қарағанда да 10 жылға созылған. Біз онан да әрі, ертеректе басталды дейміз. Абай әкесі Құнанбайға жігіт күнінде: «Заман орыстікі, ол жеңген, біз жеңілген елміз. Ендігі күнде алысатын дұшпанның айласы мен әдісін білмесең, алысқа шығудан мағына жоқ. Мен орыстың өзін сүймесем де, өнері мен елінен үлгі алу керек», — деді. Міне, Абай осы кезде-ақ орыс орыс заңына қол соза бастап еді. Қысқасы, Абайдың болыс, би күнінде-ақ «жаңара» бастағаны көзге көрінген еді.
Бертін келе Абай парсы, араб, орыс әдебиетін оқуды көбейтеді. Бұран анда-санда бір оқысыа, енді жиі оқи бастайды. Абай өстіп жүргенде орыс халықшылдарымен танысады. Қаламен байланысы, қатынасы бұрынғыдан да күшейеді. Абайдың бұрынғыдан білімі толысады. Бұрын да ел адамының алды-басы болып жүрген Абай енді тіпті үздік, жеке дара болып шығады. Қазақтың надан байлары, болыс, билері Абай кезінде тіпті кішірейеді. Осылардан дара шыққан Абай түрлі ойға түседі, заманын талғап-талғауға, жырлауға кіріседі. Тоғжанов Ғ. Абай. – Казан, 1935. - 29-38-беттер.
abai-inst.kz
Бөлісу: