Айқын Нұрқатов: Өлең — Сөздің Патшасы, Сөз Сарасы
Бөлісу:
08.08.2015
4543
Өткірдің жүзі, Кестенің бізі
Өрнегін сендей сала алмас.
Абай.
1.
Сөз өнері әр халықтың рухани өсуінің, өмірі мен тағдырының көркем шежіресі, жан сыры ретінде танылумен бірге оның мақтанышы, даңқы болып та табылады. Әр халықтың елдік сипаты, жарқын қасиеттері ең алдымен оның әдебиетінде терең елес береді. Поэзия — адам баласының мәдениетін дамытудағы ең қуатты, құдіретті кұралдардың бірі. Ежелден бері поэзия көктеп өсудің, күрес пен жеңістің, жаңғырып жасарудың белгісі болып келеді. Қай халықтың поэзиясы да бұған айқын мысал бола алады. Осынау тамаша қасиет біздің поэзиямызда да мол. Абай поэзиясына және одан кейінгі кезеңде реалистік арнада, жаңашылдық бағытта дамыған поэзиямызға мұның әсіресе жанасымдылығы бар.
Көркем өнердің қай түрін де, соның ішінде ән мен күйді, яғни музыка өнерін Абайдың айрықша бағалағаны жақсы аян. Ал оның сөз өнеріне, яғни поэзияға деген ықыласы мен пейілі тіпті ересен, ерекше бөлек. Оның ұғымынша сөз өнерінің қызметі мен маңызын, мән-мағынасын басқа еш нәрсе де өтей алмақ емес. Шын мәнісіндегі, нағыз қайталанбас көркемдік келісім мен қолдан келмес әсемдік пен сұлулық сонда. Бұл ретте Абай поэзияның эстетикалық сипатын ғана емес, әлеуметтік мәнін де ескерген.
Бүкіл адам баласына хас тақырыптарды Абай әлемдік поэзияның деңгейіне көтеріп жырлады. Өз шығармашылығына қажет мазмұнды ол сол кездегі қазақ шындығынан тапты. Абайдың дәуір көріністерін ғана емес, тұтас халықтың сипаты мен мінезін, адам бейнелерін жан-жақты әрі барынша шыншыл да терең қамтып жырлағаны соншалық, оның шығармаларын қазір оқығанда да көп күйлерді сезініп, көп бейнелерді айнытпай танып отырамыз. Жарқын жайларды көріп қуансақ та, жамандықтан түңіліп жиренсек те, ашу-ызамызды немесе ең абзал сезімдерімізді ана тілімізде білдірмек болсақ та, біз ең алдымен Абайға ден қоямыз, оның бәрін қамтыған поэзиясынан медет тілейміз.
Абай поэзиясы терең мазмұнымен, шалқар кеңдігімен құнды. Сол кездегі қазақ өмірі шындығының Абай шығармаларында көрініс таппаған қыры жоқ. Ол өз халқының тарихи өткеніне де үңілген, өзі айтқандай, ойланып, ойға батып үңілген, жүздеген жылдардың, яғни ғасырлар тереңіне үңілген. Бұл өткенге қарайлау, артқа айналсоқтау емес еді. Абай халқының өткені жайында ойлағанда оның елдік қасиетін танып білуді ғана емес, болашақты бағдарлауды да мақсұт еткен. Ал ол тарих тынысын, оның қан тамырларының соғысын қапысыз сезді, бұлтартпай білді. Бұған оның өмірге, тарихи дамудың барысына және өнерге деген көзқарасы мен ойлары — анық куә. Абай ақындығының жаңашылдық сипаты мен өзекті бағыты жайында сөз қозғағанда бұл жәйт әрдайым есте тұрады. Абай поэзиясы реализмімен кұнды. Реалистік сипаттар мен мезеттер халық поэзиясында да және жекелеген ақындардың шығармашылығында да ұшырасатын. Бірақ реализм көркемдік әдіс ретінде ең алдымен Абай, Ыбырай шығармашылығында қалыптасты.
«Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы». Абайдын ақындық кредосы, поэзиялық және философиялық тезисі осындай. Мұнда Абай тек поэзияны ғана емес, жалпы сөз өнерін, көркем әдебиетті айтып отыр. Барлай қарасақ, Абайдың меңзеп отырғаны — жалпы әдебиет атаулы емес, реалистік әдебиет. «Сөз сарасы» деу арқылы ол поэзиядағы айқындықты, реализмді бәрінен жоғары қоятындығын көрсетеді.
Ақын өз реализмінің принциптерін де бүгіп қалмай, аша кетеді. Бұл оның поэзияның іші алтын, сырты күміс болып келуін талап етуінен байқалады. Міне осындай поэзия ғана — реалистік поэзия, яғни Абайша айтқанда «жақсы сөз». Мұндай реалистік поэзияны, жаңашыл поэзияны Абайға дейін ешкім жасай алған жоқ. «Қазақтың келістірер қай баласы» деуі — Абайдың астамшылығы немесе нигилистігі емес, ащы шындықты мойындауы әрі суреткер ретінде өзіне тарих жүктеген міндетті терең сезінуі еді. Ол қиыннан қиыстыратын, шығармашылық ерен ерлік жасайтын дана-ақынға, классик-ақынға қазақ қоғамы мейлінше ділгір екенін көре білді және өзі сол деңгейге көтеріле алды. Ақындық шабыт пен шығармашылық актысын келістіріп жырлаған, жаңа ақынның типі мен тұлғасын жасаған өлеңдер Абайда мол екені аян. Осы кітаптың бірінші тарауында біз бұл мәселеге біраз тоқталдық та. Бұл — Абай поэзиясының ең бір өзекті тақырыбы. Ең әйгілі, ең үздік шығармаларының бірі — «Сегіз аяқты» ақынның осы тақырыптан бастауы тегін емес. Оқып қаралық:
Алыстан сермеп,
Жүректен тербеп,
Шымырлап бойға жайылған;
Қиуадан шауып,
Қисынын тауып,
Тағыны жетіп қайырған,
Толғауы тоқсан қызыл тіл,
Сөйлеймін десең өзің біл. (1,88).
Бұл өлеңді сансыз рет оқыдық, талай рет өзімізбен өзіміз қалғанда іштей қайталадық. Әлі де қайталап оқи береміз, ойлана оқи береміз. Бұдан тек эстетикалық ләззат қана алып қоймаймыз. Бұл Абайдың ақындық тұлғасын, оның ерен өнерінің қат-қат қырлары мен сырларын, суреткерлік ұлылығын ұғынуымызға да мүмкіндік береді.
Абай поэзияға тереңдік пен шалқар кеңдік («алыстан сермеп») жарасатынын айтумен ғана тынып қалмайды, сонымен бірге ол поэзияның шын шабыттан, шын тебіреністен тууын шарт етіп қояды. Өйткені, сондай поэзия ғана адамның жан-жүрегіне әсер етпек, оның рухани-моральдық жағынан жаңғырып қалыптасуына септігін тигізбек.
Асылы, Абай поэзияның қуат-күшін, мүмкіндіктерін аса жоғары бағалаған. Оның ойынша, шын шамырқанған, толассыз ізденіп, қисынын тапқан ақын қандай кұбылысты болса да суреттей алады, яғни Абайша бейнелеп айтқанда, кандай тағыны да жетіп қайыра алады. Мұның өзі, бір жағынан, шығармашылық процесінде Абайдың стихиялыққа қарсы болғанын, суреткердің саналылығы мен ізденістерін айрықша бағалағанын да көрсетеді. Осыдан кейін барып Абай қызыл тіл тақырыбына ауысады. Қызыл тіл тақырыбы халық поэзиясында ежелден бар. Бірақ Абай оны барынша кең әрі барынша жаңа тұрғыда алады. Мына тұста ол «толғауы тоқсан қызыл тіл» деп айтады. Көркем тілдің, сөз өнерінің құдіретті күші мен ұшан-теңіз мүмкіндігін, оның бар толғауын бұдан артық жеткізіп айту қиын болар. Абай осы тұста шығармашылық еркіндігі туралы ойын да қоса танытады. Оның ойынша шын суреткер өз шабытын қыстамайды, зорламайды. Өйткені, уақыт рухымен бірге тыныстаған, оның талабына сергек құлақ тосқан суреткердің әр нәрсенің аңысын аңдып қана тымырайып тіл қатпауы, үнсіз қалуы мүмкін. емес. Бұл ретте Абай Белинскийдің шығармашылық еркіндігі туралы ойларының аңғарынан табылады. Ұлы сыншының айтуынша шығармашылық еркіндігі суреткердің өз дәуіріне қызмет етуімен үйлесе, орайласа отырады. Бұл үшін суреткердің шабытын, ой-қиялын зорлауы қажет емес. Ол өз қоғамының, өз дәуірінің перзенті болуға және өз бойына соның мұрат-мүдделерін сіңіруге тиіс. Қазақ классигі де өз дәуірінің осындай ұлы перзенті, ұлы ақыны еді.
Абайдың жаңашылдығы оның поэзиясының мазмұны мен түрінің бір-біріне сай, ажырамас тұтастық тапқандығында. Өйткені, сондай терең де бай мазмұнды сондай әсем түрге бөлеп бермесе, Абай классиктік дәрежеге көтеріле алмаған да болар еді. Проф. Құдайберген Жұбанов айтқандай: «Абай ойшыл ақын. Өлеңін пікір кернеп тұр. Оның сезімі — ойшыл сезім. Бірақ оның ойы да сезімшіл ой. Сондықтан Абай өлеңінің мазмұны түрін көрсетіп тұрады да, түрі мазмұнын көрсетіп тұрады. Абайдың тілінің сөздігі (лексикасы), грамматикасы, Абай өлеңінің өлшеуі, ырғағы, ұйқасымы, Абай суретінің бейнесі — бәрі бірге қосылып та, жеке тұрып та, негізгі тақырыптың күйіне билеп тұрады. Оның сөздері тек бермек ұғымын жеткізерлік амал болып, поэтикасы өлең қалыбына сиярлық қана болып қоймайды: бірі олай, бірі бұлай кетпейді, солардың әрқайсысы, үлкен симфония оркестріндегі жеке музыка аспаптары сияқты, өздері бір-бір күй тартып тұрады да, бәрі қосылып негізгі күйді шығарады. Тақырып соның бәріне дирижер болып тұрады»[1].
Сөйтіп, Абайдың мазмұнға қоса формаға айрықша көңіл бөлуі заңды еді. Со кездегі қазақ әдебиеті үшін көркемдік форма проблемасының аса зор маңызы болды. Өйткені, дәуір шындығын, халықтың ұлттық өмірінің мазмұнын барынша мол қамтып суреттеу, барынша терең суреттеу міндетін жаңа әдеби форма жасау міндетімен тұтастықта алып қарау шарт. Абай өз шығармашылығының мән-мағынасын, мақсұтын осылай ұғынды және соны орындап шыға алды да.
Абай шығармаларының көркемдік ерекшеліктері жайында недәуір жазылды. Бұған М.Әуезов пен М.С.Сильченконың, X.Жұмалиев пен 3. Ахметовтың зерттеулері, Т.Нұртазиннің, Е.Ысмайылов пен 3.Шашкиннің мақалалары мысал бола алады. Академик-жазушы С.Мұқанов Абай жайындағы еңбегінің үлкен бір тарауын осы мәселеге арнапты[2]. Бірақ бұдан Абайдың ақындық шеберлігі туралы мәселе тұтас қамтылды, сарқа зерттелді деген ұғым әсте тумайды. Қайта бұл Абайтанудың, ұлы ақын жайындағы ғылымның ең бір жас саласы болып табылады. Қазіргі орыс кеңес әдебиетшілерінің Пушкин мен Некрасовтың ақындық шеберлігі жайындағы түбегейлі зерттеулері — қазақ әдебиетшілері үшін де үлгі. Біз Абайды, оның асқан ақындық өнерін сондай биіктен көруге, оған дәл сондай сезімталдықпен терең үңілуге ұмтылуға тиіспіз. Сондықтан болашақта бұл салада әлі де көп еңбек етуге, өлшеусіз ізденуге тура келетіндігі даусыз. Абайдың көркемдік форма саласындағы жаңашылдық ізденістері жайында сөз болғанда әрдайым есте ұстайтын бір ақиқат жай бар. Ол—Абайдың форма үшін форма іздемегендігі. Жалпы поэзияны еріккеннің ермегі деп білуге жан-тәнімен қарсы болған Абай көркемдік формаға байланысты ізденістерге де қажет болғандықтан, саналы түрде ден қойды. Сөйтіп, Абайдың «өңкей келісімге» толы, «теп-тегіс, жұмыр», яғни мінсіз форма үшін күресі оның реалистік жаңа әдебиет жасау жолындағы күресінің бөлінбес, ажырамас бір саласы болды.
Ұлы ақынның жаңашылдығы ең алдымен оның бұрынғы поэзиялық дәстүрлерге, ауыз әдебиеті мен ақындардың шығармашылық тәжірибесіне деген қатынасынан анық көрінді.
Барлай қарасақ, Абайдың халық поэзиясымен байланысы біз ойлап жүргеннен әлдеқайда терең, әлдеқайда күрделі екенін байқауға болар еді. Өйткені, ондай белгілер мен мұндалап, көзге шыққан сүйелдей болып тұрған жоқ, тереңде жатыр. Абайда эпигондықтың ұшқыны да жоқ. Халық поэзиясынан алған образдар мен суреттерді, бейнелі сөз айшықтарын Абай жалаң күйде ұсына салмайды, өзінің шығармашылық көрігінен өткізеді, шыңдап шығарады, кемел көркемдік дәрежеге жеткізеді. Бірсыпыра өлеңін Абай халық поэзиясында бұрыннан бар жыр үлгісінде жазған. Сондай шығармаларының бірі — атақты «Жаз». Бірақ соның өзінде де Абай мейлінше жаңашыл ақын болып көрінеді. Немесе «Күлембайға» деген өлеңін алып қаралық:
Болыс болдым мінеки,
Бар малымды шығындап.
Түйеде қом, атта жал
Қалмады елге тығындап.
Сүйтсе-дағы елімді
Ұстай алмадым мығымдап.
Күштілерім сөз айтса,
Бас изеймін шыбындап.
Әлсіздің сөзін салғыртсып,
Шала ұғамын қырындап.
Сыяз бар десе, жүрегім
Орнықпайды суылдап.
Сыртқыларға сыр бермей,
Құр күлемін жымыңдап. (1,79)
Былай қарағанда құйылып, төгіліп тұрған кәдімгі жырдан айырмасы жоқ сияқты. Бірақ осында орынсыз тұрған, басы артық бірде-бір сөз жоқ. Болыстың ішкі монологы іспетті өлең болғандықтан, Абай сол кейіпкерінің интеллектуалдық дәрежесіне сәйкес, сыйымды осынау қарапайым, көне форманы әдейі таңдап алған. Асқан шеберлігінің арқасында Абай сол формаға мол жүк көтерткен. Өлеңнен болыстың бүкіл болмысы мен бітімі, психологиялық және портреттік сипаты, қимыл-қозғалысы, мінезі тұтас көрінеді. Өлеңнің әр сөзінде атқан оқтай дөп тиетін дәлдік пен қорғасындай салмақтылық бар.
Сонда Абай осынау көне формадан не тапты, оған нендей қасиет бітірді? Біздіңше, мұнда ешқандай сиқыр, тылсым жәйт жоқ. Бәрі де Абайдың сөз қолданысындағы шеберлігі мен тапқырлығында жатыр, шығарма мазмұнының тереңдігінде жатыр. Мұнда әр сөз терең мағына танытады, әр сөз көз алдыңа жанды сурет әкеледі, қатпар-қатпар сыр мен мінез ашады.
Халық поэзиясында сөз көптен-көп тура мағынасында қолданылады. Онда күрделі ассоциация мол ұшыраса бермейді. Ал Абай болса, сөздің бойындағы бейнелілік куат пен мүмкіндікті тереңдеп ашып, барынша сарқып алады. Тағы да бір мысал келтіріп қаралық:
Шырқап, қалқып, сорғалап, тамылжиды,
Жүрек тербеп, оятар баста миды.
Бұл дүниенің ләззаты бәрі сонда,
Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды (I, 202)
Осында «ойсыз құлақ» деген тіркестен басқа сөздердің қай-қайсысы да Абайдан бұрын, әлімсақтан бері қолданылып келген. Бірақ Абай қаламынан шыққанда солар қандай терең мазмұнға, қандай әсерлі қуатқа ие болған. Абай әр сөзді әр қырынан көрсетіп, бар күйінде ойнатумен, құбылтып түрлендірумен бірге соларды байланыстыра, тұтастықта алғанда тіпті басқа сипат, ғажайып сипат танытады. Шығармашылық актысын суреттеген атақты өлеңінде Абайдың мынадай бір жолдары бары бәрімізге аян.
Қуатты ойдан бас құрап,
Еркеленiп шығар сөз (I, 204)
Осында айрықша терең мағына бар. Абай өзінің ақындық сарайын, ақындық лабораториясын тағы да асқан нәзіктікпен ашып тастайды. Сөздің жай шықпай, еркеленіп шығуы ақынның еркін, шалқар шабытын ғана емес, «тілдің тоқсан толғауын» да сездіреді. Сонымен бірге Абай жеке-жеке сөзге ғана емес, солардың тіркесіп, байланысып келуіне, оның өзінше айтқанда «бас құрауына» айрықша мән берген. Сонымен бірге сөз қуатты ойдан тууға тиіс және қуатты ой мен әсер тудыруға тиіс.
Абай үшін ең бастысы осы. Сөйтіп, Абай шығармашылық принциптері мен өз ақындығының ерекшеліктерін, дәлірек айтқанда сөзге деген қатынасы мен сөз қолданудағы шеберлігін қоса танытады.
Халық поэзиясында бар образдар мен суретті тіркестерді өсіре, дамыта қолдану сияқты көркемдік тәсілдерді Абай аудармаларында да алғырлықпен пайдаланған. Татьянаның Онегинге жазған хатының Абай аударған бір шумағы мынадай:
Шеш көңілімнің жұмбағын,
Әлде бәрі — алданыс.
Жас жүрек жайып саусағын
Талпынған шығар айға алыс. (II, 75)
Осындағы «көңілдің жұмбағы» мейлінше сәтімен табылған. Мұнда түйткіл де, сыр да, үміт пен күдік те, тіпті наз да бар. Қөңіл жұмбағы болғандықтан да сырлы жұмбақ, терең астары бар жұмбақ. «Әлде бәрі — алданыс» та жас қыздың аузынан шыққандықтан қаншалықты нәзік әрі аянышты естіледі. Ал «жас жүректің саусағын жайып, алыс айға талпынуы» бұдан да өтімді, бұдан да шебер. М.Әуезов пен Қ.Жұбанов осы соңғы образды Абайдың халық мәтелінен алғанын айтады. Мысалы, проф. Қ.Жұбанов былай деп жазады: «Міне, мұнда «алыс айға саусағын жайып талпынған жас жүрек» бейнесі қазақтың: «арыстан айға шауып мерт болған» дейтін мәтелінен алынған. Сондай таныс нәрсе екені білініп тұр. Бірақ ол кейіптен еш нәрсе қалып жарыған жоқ. Бәрі де Абайдың өз қолымен жаңартылған. Мұнда арыстанның жыртқыштығы, тәкаппарлығынан, сол «бейілінен тапқандығынан» мерт болған артқы-аяғы екендігінен ырым да жоқ. Мұнда жүрегі таза жас сәби айды алмақ болып балдыр саусағын шолтаңдатқан күнәз қылық қана бар. Сонымен бірге жай қалмай, мерт болып қалатыны да көрініп тұр»[3]. Абай халық әдебиетінің образдарын, оның сөз өрнектерін осылайша дамытып, өлшеусіз өсіріп, кейде тіпті танығысыз дәрежеге жеткізіп алады.
Абай қарама-қарсы ассоциациялар арқылы да небір ғажайып көркемдіктер тудырады. Соның бірін көз алдымызға елестетіп көрелік:
Қараңғы түнде тау қалғып,
Ұйқыға кетер балбырап.
Даланы жым-жырт, дел-сал ғып,
Түн басады салбырап. (11,93)
Үстірт қарасақ, доғалдау түрде ұғынсақ, тау қалғи ма екен, ол неге балбырайды?—деп таңырқауға әбден болады. Бірақ Абай поэзиясы — үстірттікті сүймейтін тереңдік пен ойлылық тілейтін поэзия. Осы шумақты оқып шығып, сәл ғана, аз да болса ойланайықшы. Қөлбеп, манаурап жатқан, батыр тұлғалы мол, ұлы тау, жым-жырт дала, барған сайын қараңғылығы қоюлана түсіп, бар дүниені қымтап, жасырып келе жатқан түн бейнесі келеді көз алдымызға. «Түн» мен «Салбырау» жеке-жеке алғанда бір-біріне тіпті жуитын, маңайлайтын ұғымдар емес. Бірақ Абайдың адам айтқысыз тапқырлықпен тауып қолдануында сол ұғымдар керемет үйлесіп, ғаламат күшті сурет жасап тұр. Осындай түннің ен даланың еңсесін езіп, жым-жырт күйге бөлеп, дел-сал ғып жібергеніне сенбеске, соны сезінбеске шараң жоқ. Абай түнді қойып, тіпті ұйқының өзін көз алдыңа әкеп елестететін сияқты.
Жалпы, осылайша дерексіз ұғымдарға тіл бітіру, жан беру, абстракциядан образға ауысу — Абайдың ақындық стихиясы. Оның каламынан шыққан сөздер сурет боп көрініп, үн боп естіліп жүре береді. Құмарлы қос асықтың жолығысуын Абай былай суреттейді:
Дем алыс ісініп,
Саусағы суынып,
Белгісіз қысылып,
Пішіні құбылып.
Иығы тиісіп,
Тұмандап көздері,
Үндемей сүйісіп,
Мас болып өздері…
Өзге ойдан тыйылып,
Бірімен бірі әуре,
Жүрекке құйылып,
Жан рахат бір сәуле. (I, 135—136)
Абай сүйіскен жастардың жан толқындарын, елжіреген көңіл-күйлерін, тіл жетпес терең сезімдерге бөленгенін ғана суреттеп қоймайды, абзал да ыстық махаббат адамды рухани жағынан өсіріп, мейірімді де ізгі ететінін көрсетеді. Осының бәрі асқан шеберлікпен берілген. Өзгесін былай қойғанда «Дем алыс ісініп» деген бір жолда қаншама қуат, қаншама тапқырлық бар. Бұдан артық айту қиын сияқты. Бірақ айтуға болады екен. Оны айта алған да — Абайдың өзі. Ақынның тағы да осы тақырыпқа арналған басқа өлеңінің бір шумағын оқып қаралық:
Егер де қолың тисе білегіне,
Лүпілдеп қан соғады жүрегіңе.
Бетінді таяп барсаң тамағына,
Шымырлап бу енеді сүйегіңе. (I, 107)
«Сүйекке шымырлап бу ену»— бұрын-соңды ақындарымыздың ішінде мұны тек Абай ғана айта алды. Бұған ешқандай комментарийдің керегі жоқ. Өйткені, талдай бастасаң, өлеңді бар әсемдігінен, бар нәзіктігінен айырып аласың. Белинский айтқандай, тілсіз түйсіктерге тіл беретін, жан бітіретін шын мәнісіндегі лириканың, шын шеберліктің үздік үлгісі осы болса керек. Абай шындықты, құбылысты, олардың ішкі мәнін мейлінше жіті көре білді, сезіне білді әрі жеткізіп суреттей алды. Ал оның көркем тілдің стихиясын, сөз сырын сезінуі тіпті айрықша күшті. Абайдың асқан ақындық шеберлігінің, данышпандығының терең бір тамыры осында.
Ұлы ақынның поэзиясы айқын да ашық образдарга бай. Абай өлеңдерін оқығанда аттары аталмаса да, талай-талай жандардың кескін-кейіптерін, адам бейнелерін анық көріп, танып біліп отырамыз. Оның шығармаларында жекелеген типтер емес, заманның сипатын танытатын типтер бар, ұмытылмас образдар бар. Ақынның осы образ жасаудағы шеберлігінің кей үлгілерін алып қаралық. Сол үшін баллада іспетті мынау атақты өлеңнің екі шумағын оқып өтелік:
Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында,
Хан да жанын қияды қыз жолында.
Алтын, күміс кигені қамқа, торғын,
Күтуші қыз-келіншек жүр соңында.
Деген сөз: «Бұқа буға, азбан дуға»,
Хан қарық боп түсіп жүр айғай-шуға.
Етімді шал сипаған құрт жесін деп,
Жартастан қыз құлапты терең суға. (I, 199)
Осы қос шумақта тұтас дәуір шындығы, екі бірдей адамның бүкіл тағдыры, айта берсеңіз толыққанды, жанды образдары бар.
Көркем шығармада адам образын жасау үшін оның бар өмірінің бұралаңын жіпке тізгендей шұбатып суреттей беру шарт емес. Мұндай суреттеу тәсілін поэзия, оның ішінде баллада жанры әсіресе көтермейді. Белинскийдің тұжырымдауынша тіпті поэма да өмір шындығының ең шешуші, асқақ мезеттерін ғана қамтып бейнелейді.
Абай өз кейіпкерлерін жан-жақты, толық суреттеп жатпайды. Екі қаһарманының да тағдыры, тіршілік-болмысы үшін ең шешуші, типтік қасиеттерді ғана алады. Ақын хан қолында тұрған сұлу қыз жайын айтудан бастайды. Бірақ оны сипаттап жатпай-ақ хан бейнесіне ауысады. Өйткені, сол арқылы ол екі кейіпкерін бірдей сипаттайды. Хан қыз жолында жанын қиюға бар. Бұл — оның жас қызды алдарқатпақ болуы әрі кәрілігінен туған дәрменсіздігі. Ханның қызды қамқа мен торғынға бөлеп, алтын мен күміске «малып» қоюы да оның көңілін ауламақ болған, бәйек болған тілегінен туған. Күтуші қыз-келіншектер жайы да осы шындықты аша түседі.
Енді екінші шумаққа ауысалық. Абай халық мәтелін әдейі алған. Өйткені, бұл мәтел ақынның негізгі ойына соншалықты тура келіп тұр әрі ирониялық қуаты, сайқымазақтық уыты да барынша күшті. Ал «Хан қарық боп түсіп жүр айғай-шуға» деген жалғыз жол арқылы ақын оның бейнесін, бар болмысын түгел мүсіндеп шыққан. Ол өзіне өзі мәз. Әбден еліріп, есіріп алған. Бірақ келесі жол арқылы ол тып-типыл болады. Қыз оның суық құшағынан құртқа жем болуды артық көреді. Ақын қыздың аузына жайшылықта айтыла беретін «сүймеймін!» деген сөзді салса, оның әсері дәл мұндай болмас еді. «Етімді шал сипаған» деген сөздер қыздың қайнаған ызасын, құрсанған ашу-кегі мен жиренішін, бұл өмірдің қызығынан суынып безінуін қапысыз жеткізіп тұр. Ол осыған әбден бекіген. Қыздың жартастан құлауы бізді дір еткізеді. Бірақ біз осылай боларын, осымен тынарын сезгеміз. Басқаша болуы мүмкін емес. Ақын бізді осындай шешімге даярлаған. Сонымен бірге бұл шешім кейіпкерлер тағдырынан, олардың характерінің шындығынан келіп туады, орайласа кетеді. Шығармада екі кейіпкер образдарының қатар түсіп, қарама-қарсы күйде алынып берілуі де оның әсер күшін өлшеусіз өсіріп тұр. Ақын хан образын ирония түрінде, сатиралық қалыпта бейнелесе, ал қыз образын трагедиялық әрі романтикалық асқақ сазға көтерген.
Сөйтіп, екі ғана шумақ. Бірақ сонда екі бірдей адамның образы, дәуір шындығы бар, ақынның негізгі идеясы мен түбегейлі ойы, суреткерлік позициясы бар. Сондықтан да Ілияс Жансүгіров: «Осы екі ауыз өлең тұтас бір романның мазмұны сияқты»,[4]—деп әдемі айтқан, әділ айтқан. Ақынның образ жасаудағы шеберлігі оның «Асқа, тойға баратұғын» атты балладасынан да анық көрінеді. Мұны батыр бейнесіне де, қалыңдық бейнесіне де байланысты айтуға болады. Абай көптеген өлеңдерінде адам бейнелерін аттарын атамай, жалпылама түрде жасайды. Мысалы, жақсы мен жаманның, дос пен қастың, білімді мен наданның, кәрі мен жастың, бай мен кедейдің, тағы басқа көптеген жандардың бейнелері осындай. Ондай бейнелерді ақын шығармашылығының қай кезеңінде де мол тудырып отырған. Абай солардың түр-түсі мен қимыл-қозғалысын, мінезі мен пейілін, басқа сипаттарын да береді. Сондықтан ондай бейнелер жинақты қасиет танытады.
Абай поэзиясындағы ең тұтас, ең жарқын, барынша толық образ — ақынның лирикалық қаһарманының бейнесі. Бұл образ өз бойына бүкіл дәуір сипатын, халық тағдырын, соның арманы мен талабын сыйғызған. Оның жүрегін заманның бүкіл дерті мен ауыртпалығы аяусыз жаралаған. Бірақ соның өзінде Абайда түңілуден үміт сарыны күшті. Өйткені, алға көз тіккен ақын кімнен және неге түңілетінін, кімнен және неге үміт ететінін терең түсінген. Сондықтан ақынның лирикалық қаһарманының образы мейлінше күрделі, барынша тұтас.
Оның бойында трагедиялық күйлер де, оптимистік халдер де мол. Сонымен қатар трагизм мен пессимизм бір емес екендігін де ескеру шарт. Абай ғибратшы боп та, үкімші боп та, ең жақын сырласың мен қимас досың боп та, зұлмат атаулыны, кесепат атаулыны айыптап, заман мен қоғамды, адамды айықтырушы, сауықтырушы боп та сөйлейді. Бірақ ол қашан да шын ақын боп тебіренеді, шын суреткер боп жырлайды. Осының бәрі ақынның лирикалық кейіпкерінің образын қырландыра, түрлендіре түседі, өлшеусіз биіктете түседі. Осындай күрделі образдың жасалу тәсілдерінде, ақын қолданған суреттеу құралдарының алуандығы мен ерекшеліктерінде тіпті шек жоқ, түп жоқ. Бірақ ол өзіне, ақындық өнерінің мәні мен табиғатына қашан да адал, айнымас қалыпта. Ол әрдайым шыншыл да күрескер жан. Абайдың лирикалық қаһарманының образы — эстетикалық әсері мен өмір танытқыштық қасиеті мол, шын мәнісіндегі реалистік образ.
Жалпы, Абайдың образ жасаудағы шеберлігі мен суреттеу кұралдары туралы мәселе арнайы зерттеуді қажет етеді. Онда тіпті қазіргі ақындарымыз үйренетін, үңілетін жәйттер көп. Абайдың үздік шеберлігі оның поэзиясының бейнелілігінен әсіресе анық көрінеді. Жоғарыда келтірілген «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында» атты өлеңінде ақын кәрі шал мен жас қызды былай суреттейді:
Біреуі — көк балдырған, бірі — қурай,
Бір жерге қосыла ма қыс пенен жаз? (I, 200)
Көк балдырған мен қурай — біріне бірі қарама-қарсы, кереғар образдар. Бірі солған, қураған, құруға айналған, ал екіншісі жастық қуатына, өмір нұрына толы. Абай мұнымен де тынып қалмайды. Ол антитеза тәсілін шебер қолдана отырып, енді біріне-бірі қарама-қарсы қыс пен жаз образдарын келтіреді. Сөйтіп, ол өлмелі шалдың жас қызға ықтиярсыз үйленуі адамгершілік, ар-ұят, гуманизм тұрғысынан ғана сорақы, ерсі емес, тіпті жаратылыс пен табиғаттың өзіне де жат екенін аңдатады. Немесе осы өлеңдегі: «Екі көңіл арасы — жылшылық жер»— деген жолды алайық. Абай айтқанға дейін қазақ баласы естімеген сөз. Бірақ оның құлағы тосаңсымайды, қайта ақынның бейнелеп айтқан ойына түсіне кетеді, барынша терең сезінеді.
Осындай жаңа бейнелер, жаңа суреттер Абай поэзиясында тіпті мол. Бірақ солар зәредей де жалғаншылық, жасандылық сездірмейді. «Дүтбайға» деген өлеңде мынадай бір шумақ бар:
Мұңды, жылмаң пішінін
Кезек киіп, ел жиып.
Болыс болса, түсінің
Түксігін салар тырсиып. (I, 233)
Әдетте киімді киеді. Ал Абай кейіпкеріне пішінді кигізеді және қайта-қайта ауыстырып кигізеді. Аяр, құбыл, арам адамның, екіжүзді адамның қылығын, шындығы мен сұмдығын осы тәсіл арқылы ақын керемет жеткізіп берген. Оның кейіпкерінде тұрақтылық, дәлірек айтқанда баяндылық пен адалдық жоқ. Ол небір зұлматтыққа киім ауыстырып кигендей оп-оңай, қиналмай-ақ барады. Мұнда ақын портреттік сипаттау мен психологиялық сипаттауды өте шебер ұластырған.
Абай поэзиясының бейнелілігі оның пейзаждық лирикасынан өте-мөте күшті көрінеді. Оның көктем мен жазды жырлаған өлеңдерінен жаныңды жадыратарлықтай, жайма-шуақ леп еседі. Ал күз туралы өлеңдерінде сұр көріністер, сұрғылт суреттер басым. Қыс жайындағы өлең де тек өзіне ғана хас сипаттармен безенген. Осы өлеңдердің бәрінде де суреттің ашықтығы мен жандылығы, бояудың қанықтығы мен алуандығы қайран калдырады. Бұған мысал келтіріп жатудың қажеті де болмас.
Осы ерекшелік Абайдың басқа тақырыптардағы өлеңдерінде, тіпті аудармаларында да барынша мол белгі берген. Абайдың «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» деп басталатын әйгілі өлеңін кім білмейді. Зерттеушілер осыны — В.А.Крыловтың «Разбитое сердце» атты өлеңінің аудармасы деп жүр. Рас, Абай негізгі образдар мен тақырыпты содан алған. Бірақ бұл әншейін ғана аударма емес. Абай образдарды да, тақырыпты да мүлдем тереңдетіп, өз идеясына жақындатып алған. Оның үстіне аударманың бейнелілік қуаты тіпті орасан, оқшау. Өлеңнің алғашқы үш шумағында мынадай суреттер бар:
Мен көрдім ұзын қайың құлағанын,
Бас ұрып қара жерге сұлағанын.
Жапырағы сарғайып, өлімсіреп,
Байғұстың кім тыңдайды жылағанын?
Мен көрдім ойнап жүрген қызыл киік.
Кеудесіне мылтықтың оғы тиіп,
Қалжырап, қансыраған, қабақ түскен —
Кімге батар ол байғұс тартқан күйік?
Мен көрдім сынық қанат көбелекті
О да білер өмірді іздемекті.
Күн шуаққа жылынар қалт-қалт етіп,
Одан ғибрат алар жан бір бөлек-ті. (II, 114)
Өлеңнің тақырыбына, идеясына талдау жасап жатпай-ақ, оның әсер күшінің мүлт кетпей даритынын айтпасқа, таңдана айтпасқа болмайды. Көз алдыңа ғажайып көріністер келеді. Есіңнен кетпейді, ұмыта алмайсың. Сол сияқты, «Теректің сыйындағы» суреттер қандай. Осылардың қай-қайсысы да шебер суретшінің қыл қаламынан туған полотнолар тәрізді әсер қалдырады. Психологиялық шындық пен сырлы сезімдерге, жанды бояулар мен сиқырлы үндерге толы суреттер. Тіпті бұларды былай қойып, «Сегіз аяқтың»: «Жартасқа бардым, күнде айғай салдым — одан да шықты жаңғырық» деп келетін жолдарындағы символ түсінде берілген философиялық топшылаудың өзінде қаншама бейнелілік қуат бар.
Абай поэзиясы өзінің бейнелілігімен ғана емес, сонымен бірге музыкалық үйлесімімен, әуезділігімен де ерекшеленеді. Бұл ретте біз ассонанстар мен аллитерацияларды ғана айтып отырған жоқпыз. Өйткені, мұның үлгісі өте көп. Мысалы, солардың бірі мынадай:
Жалын мен оттан жаралып,
Жарқылдап Рағит жайды айдар.
Жаңбыры жерге таралып,
Жасарып шығып гүл жайнар. (I, 248)
Мұнда Абай «ж» дыбысынан басталатын сөздерді әдейі іріктеп алған деп тұжырым жасауға болмайды. Өйткені, мұндағы жалын атқан жасын мен жай, жаңбыр, жасарып, жайнау — бірінен-бірі туындап жатқан құбылыстар. Шабытты ақын сол құбылыстар мен көріністерді тұтастықта, байланыста көрген және осындай құйылып тұрған, төгіліп тұрған жыр тудырған.
Осы орайда Е.Ысмайылов пен 3.Шашкиннің «Абайдың поэтикасы» атты мақаласындағы ақынның шеберлігін оның әр өлеңіндегі дыбыстардың санына қарап анықтамақ болған талабы күмәнді, даулы екенін, жеміссіз екенін айтпасқа болмайды. Мысалы, олар былай деп жазады: «Абайдың «Өзгеге көңілім тоярсың» деген өлеңі — өте жабығып, зарланып, тарығып, қысылып жазылған өлең. Күңіреніп, жүрегі толып, сарнаған дауысты «н», «м», «ң» дыбыстары берген. Бұл өлеңнің аяғы бірыңғай «ң»— мен тынып, сарнап, ыңылдап отырған күйді толық естіртіп отыр»[5]. Осыған мысал ретінде өлеңнің мынадай соңғы шумағы келтірілген:
Жүрегіңмен тыңдамай,
Қулағыңмен қармарсың.
Соны көріп, соларға
Қайтіп қана сарнарсың?.. (I, 120)
Мұндай байлауда көп үстірттік, көп түсінбестік бар. Ең алдымен, өлең арнау түрінде айтылып, екінші жақтағы етістіктер қолданылып тұрғандықтан ақынның «ң» дыбысына соқпай өтуге тіпті мұршасы, әддісі жоқ. Екіншіден, ақын сол сөздерді ішінде «ң» дыбысы болғандықтан емес, айтпақ ойын барынша толық, әсерлі, анық етіп жеткізуге жарағандықтан, қажет болғандықтан алып отыр. Ал тіпті дыбыс санай бастасақ та, бұл өлеңдегі музыкалық үйлесімді белгілеп тұрған — аталған дыбыстар емес.
Абайдың ақындық шеберлігін сөз еткенде оның реалистік поэзиясына тұнық мөлдірлік пен айқындық қана хас екенін, ал формализм атымен жат екенін әрдайым есте тұтуға, ұмытпауға тиіспіз. Сондықтан да біз Абай поэзиясына музыкалық үйлесім, әуезділік хас дегенде оның саф тазалығын, ішкі гармониясын айтамыз, тұтқырлық пен тұтығу жоқтығын, татаусыздығын айтамыз. Мұның бәрі — Абайдың суреткерлік зор мәдениетінің де, қуатты ақындық шабытының да жемісі, анық белгісі.
Біз Абайдың сөз қолданысындағы және образ жасаудағы кейбір ерекшеліктеріне тоқталдық. Әрине, бұл екі проблема өзара байланысты және бірінен бірінің айырмашылығы да бар. Ең алдымен көркем образды тек сөзге ғана саюға, сонымен ғана шектеуге болмайды. Рас, көркем әдебиетте образ сөз арқылы жасалады, бірақ соның аясына түгел сыйып, жұтылып та кетпейді. Өйткені, образдың ішкі мәні, мазмұны шындықтан туады, өмірден алынады. Өмірге терең үңілген, шындықты шалқар күйінде танып, жіті ұғынған суреткердің сол аңдағаны мен байқағанын шынайы түрде, образды түрде бейнелеуге мүмкіндігі де мол. Ал сол мүмкіндік сөз арқылы ғана көркем образ тіліне түседі. Абай өмір құбылыстарын, шындықты образ арқылы танытуда да және соны сөз арқылы безендіруде де шын шеберліктің небір тамаша үлгілерін көрсетті. Ол ешқандай «өткірдің жүзі, кестенің бізі» сала алмайтын өрнектер, өшпейтін, ескірмейтін өрнектер салды, өзгеге ұқсатпай салды.
Абайдың жаңашылдығы, көркемдік форма саласындағы ізденістерінің жемісі өлеңнің ұйқас, ырғақ, өлшемі, құрылысы тәрізді өрнектерінен әсіресе анық көрінеді. Оның бұл саладағы тапқаны мен қосқаны немесе шыңдап, ұштап жетілдіргені ұшан-теңіз. Біз Абай шығармаларының өлеңдік формасына тоқталып жатпаймыз. Бүл мәселе С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, 3.Ахметов және басқа да авторлардың жұртшылыққа мәлім еңбектерінде түбегейлі зерттелген. Солардың ішінде Абай поэзиясы тілінің молдығы және өзіндік ерекшеліктері Қ.Жұмалиев еңбегінде[6] арнайы әрі жан-жақты талданып ашылған. Әрине, Абайдың өлең өлшемдері мен құрылысына байланысты жаңашылдық ізденістерін оның реалистік поэзия жолындағы талабымен, түбегейлі мақсатымен ұштастыра қарау шарт.
Халық поэзиясындағы өлең өрнектері мен өлшемдерін Абай мансұқ етпеді. Ол ауыз әдебиетінде мол тараған жыр үлгісін де, он бір буынды қара өлең өлшемін де сыртқа тепкен жоқ. Бірақ ол соларға терең мазмұн мен керемет көркемдік келісім берді, солардың бойынан суреттеушілік ғажайып қуат тапты және өлшеусіз өсіріп дамытты. Абай орыс классиктерінен реалистік әдебиеттің эстетикалық принциптерін ғана қабылдап қойған жоқ, сонымен бірге көркемдік форма, өлең өрнектері, ұйқас пен ырғақ саласында да мейлінше жемісті үйренді. Академик М.Әуезов осы жайында былай деп жазады: «Қазақтың ауыз әдебиеті мейлінше жетік білген Абай өз шығармашылығында қазақ тілінің бар байлығын мол пайдаланды. Бірақ ол халық поэзиясының қатып қалған канондық формаларынан мүлдем бас тартты. Ол поэзияда жаңашыл болды. Абай қазақтарды поэзияның бұрын-соңды көрмеген жаңа формаларымен таныстырды. Ақын оны орыстың классикалық әдебиетінен алды»[7].
Абай қазақ поэзиясының лексикасын өлшеусіз байытты, поэзиялық фразеологияға да аса зор жаңалықтар енгізді. Ол өз шығармаларында халық поэзиясына хас шартты түрде келетін әрі дәстүрлі орам-айшықтармен байланысты поэтикалық бейнеліліктің шеңберінде қалып қойған жоқ. Ол сөзді, оның алуан түрлі тіркестері мен сөздік образдарын барынша жаңғыртып қолданды. Жаңа ақындық стиль қалыптастырудағы Абай еңбегі ересен зор[8].
Белинский Пушкиннің форма саласындағы жаңашылдығын терең аша келіп, былай деп көрсетеді: «Пушкиннің поэзияда, әдебиетте орыс тілінде жасаған реформасының ұлылығын жалпылама жәйттермен сипаттау қиын… Пушкин өлеңінің қасиеті тек жеңілдігінде ғана емес. Жеңілдік — оның екінші қатардағы сапаларының бірі ғана; жоқ, оның өлеңінің қасиеті көркемдігінде, мазмұн мен форма арасындағы табиғи жанды сәйкестікте[9].
Абайдың ақындық жаңашылдығы жайында сөз еткенде де осы қағида негізге алынуға тиіс. Қазақ классигі шалқар да бай мазмұнға қай жағынан да сайма-сай кемел көркемдік форма тапты. Ол үшін көркемдік форма тек поэзияны әсемдеп безендірудің құралы болған жоқ. Ақын өлеңдік форманы өмір кұбылыстарын, шындықты реалистік калыпта бейнелеудің, соның ішкі мәнін ақтарып ашудың міндеті мен мұратына бағындырды.
Ұлы ақынның қазақ поэзиясына форма саласында енгізген жаңалықтары туралы мәселе зерттеушілер назарын әрдайым аударып отырды. Бұл жайымдағы пікірлер де әртүрлі. Мысалы, Е.Ысмайылов пен 3.Шашкин Абайдың өлең өлшеулерінде 16 түрлі жаңалық бар деген қорытынды жасайды[10]. Ал академик С.Мұқанов осы санды жиырмаға жеткізеді[11]. Проф. Б.Кенжебаев мақаласында[12] да бірталай салыстырмалы деректер келтірілген, ақын өлеңдерінің буын, ұйқас, тармақтарының схемасы берілген.
Әрине, ақын поэзиясының жаңашылдық үлгілерін ашуда зерттеудің осындай тәсілдерін де колданудың еш әбестігі жоқ. Қайта қажет, пайдалы. Сонымен бірге Абайдың көркем форма саласындағы жаңашылдығы ешбір есептеудің, жіпке тізгендей санап шығудың, үзілді-кесілді айтудың шеңберіне симайтындығы да хақ. Ал жалпы ақындық шеберлік туралы мәселенің аумағы бұдан да кең, бұдан да терең екендігі тіпті де дау туғызбаса керек.
Әдетте, Абайдың лирикалық поэзиясының көркемдік ерекшеліктері жайында сөз болады да, ал оның поэмаларының әралуан қырлары қағас қала береді. Шындап келгенде Абайдың поэмаларында, әсіресе «Ескендір» поэмасында тереңірек үңілуге, көңіл бөліп, көз тоқтатуға тұрарлық мезеттер мен көркемдік компоненттер аз емес. Ал Абай өлеңдерінің композициялық құрылысындағы ерекшеліктер мен шеберлік үлгілері жайында әлі күнге дейін қалам тартылмады десе де болғандай.
Абай шығармаларын оқи отырып, біз оның ақындық ойының түпсіз тұңғиықтығына, ақындық сезімдерінің әсерлілігі мен шексіз байлығына, тазалығы мен мөлдірлігіне таң-тамаша каламыз. Ол өмірге, шындыққа қыранша шырқау биіктен қарады. Бірақ оның көреген көзі ешнәрсені мүлт жіберген жоқ, оның үлкен жүрегі бәріне де сергек үн қатты, дәуір дүбіріне қоса жаңғырықты. Ол ұлы ойлар мен ілгерішіл идеяларға, ғажайып көркемдікке толы тұтас бір әлем тудырды. Әдебиет пен көркем өнерде гуманизм мен демократизмді, халықтық бағытты көксеген суреткерлерге уақыт сол әлемнің есігін айқара ашты.
[1] Жұбанұлы Кұдайберген. Абай — қазақ әдебиетінің классигі. «Әдебиет майданы». 1934, 11—12, 33-бет.
[2] С. Мұқанов. Жарқын жұлдыздар. Алматы. «Мектеп» баспасы, 1964.
[3] Жүбанұлы Құдайберген. Абай —қазақ әдебиетінің классигі. «Әдебиет майданы». 1934. 11—12. 41-бет.
[4] Жансүгірұлы Ілияс. Абайдың сөз өрнегі. Әдебиет майданы. 1934. 11 — 12. 48-бет.
[5] «Әдебиет майданы». 1934. 11—12. 112-бет.
[6] Проф. Қ. Жұмалиев. Казақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі. 2 том. Алматы. 1960.
[7] М.Ауэзов. Традиции русского реализма и казахская литература. «Дружба народов» 1949. № 2. стр. 126—127.
[8] 3.А.Ахметов. Казахскос стихосложение. Издательство «Наука». 1964. Алма-Ата. стр. 308. [9] В.Г.Белинский. Собр. соч. в трех томах. I, II. Москва. 194Я стр. 149.
[10] Ысмайылұлы Е. Шашкин.3. Абайдын поэтикасы. «Әдебиет майданы». 1934. 11 — 12. 97—105-беттер.
[11] С.Мұқанов. Жарқын жұлдыздар. Алматы. «Мектеп» баспасы. 1964. 338—343-беттер.
[12] Б.Кенжебаев. Казақ реалистік әдебиетінің негізін салушы. Кітапта: Абайдың өмірі мсп творчествосы. Алматы, 1954.
Бөлісу: