М. Әуезов: «Абай» Романының Жазылу Жайынан
Бөлісу:
08.08.2015
5962
Мен бұл мақалада Абай жөніндегі (қазір төрт томы түгел жазылып біткен) романдарымның алғашқы eкi кітабын сөз етемін. «Абай жолының» екінші кітабымен оқушы жұртшылық күні бүгін толық танысып болған жоқ. Сондықтан оған кейінірек бip оралып соғуды жөн көрдім. Ал, менің ұлы ақынды, ақын өмip сүрген дәуірдің тарихи шындығын көрсету мақсатындағы творчестволық icімнің бірқатар сырын «Абай» романының маңында айтар пікipiмнeн де aңғaруға болады.
Алдымен, мынаны ескерген жөн: «Абай» да, «Абай жолы» да — тарихи романдар. Бipaқ, жұртқа мәлім «Петр Бipiншi», «Емелыян Пугачев» немесе «Степан Разин» сияқты романдардан менің, романдарымның өзіне тән кейбір өзгешеліктері бар.
Аталған романдардың геройлары — қайсібіpi ipi қоғамдық қайраткер болуымен бipre, көбіне төтенше ер, бұрқанған күштің, қолма-қол қимылдың адамдары болып келеді, олар бұқараны өздерінің epкін іс-әрекеттерімен бастайды; ал, менің романдарым батыр емес, ақын туралы, менің геройым — творчестволық тұлға; демек, қоғамдық құбылыс есебінде керінетін оның қолма-қол қимыл әрекетінің нәтижесі емес, творчестволық еңбегінің туындысы ғана. Әрине, өз искусствосында өз кезегідегі қоғам мен халық өмірінің тарихи қалыптасқан әлеуметтік-әкономикалық жағдайларын шыншылдықпен, дұрыс сәулелендіре отырып, бұл да өзін күрескер есебінде танытады, бipaқ, өзінше танытады. Бұл бұқаралық қозғалысты бастамайды, халықпен бipгe жүреді, жалпы күеске өз үлесін қимыл-күшпен емес, творчестволық icпeн қосады. Міне, бұл тақырыпқа келгенде, мен осы ерекшеліктерді қатты ecкepдiм. Геройымның сыртқы әрекетін ғана емес, iшкi творчестволық бұралаңдарын, творчестволық психологиясын, оның өмipдi тікелей түйсінулерінің, сезіну-толқынуларының нәтижесінде керінген шындық құбылыстың сырларын, тiптi ақын шығармаларының тамыр тартқан тереңін аша көрсетуге көп күш жұмсадым.
Көpiп отырсыздар, геройымыз творчествоның адамы болса, ақын болса, осындай қосымша жүгіңіз болады. Бipaқ, оның өмірін, күpeciн, өскен ортасын, өз басынан кешкен өмip тipшiлігінің нақтылы деректер: арқылы тарихи жағынан дәл, дұрыс суреттеп көрсету керек. Ондай деректердің ішінде қоғамдық мәні бар ipiлерi де, жеке басқа, семыяға ғана тән ұсақтары да болуы мүмкін, бipaқ, соның бәpi геройдың жан дүниесіне жиналып, оның ой-сезімінен, ақыл сарабынан eтyi шарт. Одан әpi соның бәpi ақынның шығармасында сәулеленіп, оның дәуірін бейнелеуге тиіс... Қысқасы, менің ақын жөнідегі төрт кiтaбымa түгел ортақ нeriзri ерекшеліктердің бipi осындай.
Мен творчествоның адамы жөнінде жазылған романдарды көп оқып, көп зерттедім; олардың iшiндe өзіміздің совет жазушыларының да, қaзipгi Батыс жазушыларының да шығармалары бар. Мұны айтқанда мынаны ескерткім келеді мені оқығандарымның бәpi бірдей қанағаттандырған жоқ, бipiн ұнатсам, бipiн ұнатпадым. Бipaқ, екеуінің де пайдасы болды, екеуінен де үйрендім: бipiнeн қалай жазу керектігін үйрендім, бipiнeн қалай жазбау керектігін үйрендім. Айталық, Батыс жазушысы Моруанын, Байрон өмipiн суреттеуі әcipece ақынның өз қарындасы Августамен қарым-қатынасын көрсетуі мені түңілдірді, мен мұндай кітапқа сырт айналдым. Бұлай жазбау керек деген байлауға келдім. Өйткенi, біздің совет оқушылары өткен дәуірдің данышпанын бұлайша суреттеп көрсетуді тілемейді.
Оларға ақын басынан өткен кез-келген кездейсоқ биографиялық ұсақ-түйектерді жиып-теріп керсетудің кeperi аз, оларға ақын өмipiнiң еңбip есте қаларлық, тәрбие берерлік бағалы құбылыстарын, адам баласының прогресшіл тарихы үшін аса маңызды жайларын саралап, талғап суреттеп беру керек.
Мен өз жұмысымда, сөз жоқ өзіміздің совет жазушыларының тәжірибесін пайдаландым. Оқушылар пікipiн ескере отырдым, әртүрлі романдарға берілген жұртшылық бағасын байқап қарадым. Одақ көлеміндегі және республикалардағы алдыңғы қатарлы сыннан үйрендім. Күpeci, тағдыры халық өмipiмeн, халықтың тарихи тағдырымен, нұрлы келешегімен сабақтас, тамырлас жатқан ұлы ақын туралы жазатындығымды мен жақсы түсіндім. Бұл ретте мен Ю. Тыняновтың «Уәзір Мұхтардың өлімi» деген романы жөніндегі сын пікірдерді әcipece ондағы Грибоедовтың өмipi мен қызметі ха¬лық тарихынан бөлініп алынғаны басты кемшілік боп табылғанын қатты ескердім. Абайдың өмipi мен күpeci арқылы сол дәуірдегі халық өмірін айқын суреттеп көрсетуім керектігін терең ұқтым.
Абайдың барлық еңбегімен, творчестволық ерекшеліктерімен түгел қамтудағы менің мақсатым — осы тұлғаға заманының барлық жарқын, алдыңғы қатарлы, прогресшіл құбылыстарын жинақтай көрсетуді және оның сахра өмірінде, халық өмірінде бірден бола қалмай, бірте-бірте қалыптасқан, күреспен дамыған зор тарихи процесс екенін көрсету еді. Бұл ретте мен қоғамдағы ескі мен жаңаның күресі туралы айтқан И. В. Сталин пікірлеріне барымша зер салдым.
Абай кезіндегі қазақ даласында күні өтіп бара жатқан, бірақ тамыры әлі де тереңдегі ескіні мен Құнанбай образына жинақтадым. Ал, оның, баласы Абай бойында енді туып келе жатқан жаңа бар. Сондықтан, ақын Абайдың қалыптасуын көрсету арқылы мен үлкен қоғамдық шындықты — ескі мен жаңаның диалектикалық қарама-қарсылығын, күрес нәтижесінде ескіні жаңаның жеңуін ашуға тиіс болдым. Демек, Құнанбай образы идеялық жағынан алып қарағанда, сол дәуірде қазақ даласына орыс халқының әдебиеті арқылы еніп келе жатқан, келешегі зор жаңаньң жолындағы кедергіні — ескіні көрсету нәтижесінде туды...
Абай туралы романдардың бәріне тән бір ерекшелік — менің шығарма үшін материал пайдалануымдағы ерекшелік. Бұл арада мен сіздерге Абай жөнінде, әсіресе оның өмірінің күресінің, ақындық қалыптасуының алғашқы кезеңдері жөнінде бізге жазба түрінде жеткен дерек жоқтың қасы екенін айтқым келеді. Рас, ол кезде кейбір жеке жазушылар болды, жазу-сызу Абайдан көп бұрын туды, бірақ, Абай орта жасқа келіп, нағыз жұртқа танылған ақын болғанға дейін оның көптеген шығармалары қағазға түспей, ақынның өз аузында айтылып, немесе оған жақын адамдардың жадында ғана сақталып жүрген. Ал, Абайдың өз басын, оның өмірінін, жекелеген фактілерін алатын болсақ, бұлар жөнінде ешқандай мемуар да, күнделік те, не сол кезде жарияланған деректі еңбек те жоқ. Мен роман жазбақ болғаннан кейін, керекті материалды әртүрлі жолмен өзім жинай бастадым. Абайдың жасы қазір жүз онға жуықтады,— өзі маған кездескен жоқ. Сондықтан, мен оның балалық, жастық шағын, жігіт кезін көрсету үшін, Абайды көзбен көрген адамдардың аздаған естеліктеріне сүйенуге мәжбүр болдым. Рас, өзімнің сол Абай шыққан жердін, қазағы болғандығымнық біраз пайдасы тиді: жасаңдау кезімде Абайды жақсы білетін адамдармен—кемпір-шалдармен кездескенім бар. Олардың кейбіреулері тіпті Абайдан бірнеше жас үлкен де адамдар еді...
Өзім материал алған адамдардың ішінен мен Абайдың бірінші әйелі — Ділдәні атай аламын. Ол 1924 жылы өлді. Содан соң, мен Абайдың сүйікті жары — Айгерімді жақсы білемін. Ол кісі 1918 жылы алпыс жасында қайтыс болды. Абайды бертінде көріп, оның өмірінің естелігін өз аузынан тыңдаған жасырақ адамдардың да бірқатарымен кездесіп, әңгімелестім. Бірақ, олардың айтқандарының көбін мен фольклорлық сипатта қабылдадым: алыс өткенді аңыздай әсірелеп, сырлаңқырап, өзгерте өсіріп айтатын. Кейде тіпті бір нәрсе туралы бірінің айтқаны екіншісінің сөзіне қайшы келіп те жататын. Мұндайда шындықты табу мені тағы да көп ізденуге салатын.
Абай шығармаларын мен жастайымнан біліп өстім. Атам Әуез Абайдың досы еді; ол кісі біз сияқты немерелеріне ақынның өз өлеңдерін де, аудармаларын да көп оқытатын. Әсіресе, Абай аударған Татьяна жанының нәзік сырын, оған Онегиннің жауабын жаттататын. Біз болсақ, Татьяна кім, Онегин кім — онда жұмысымыз жоқ, атамыздың айтқанын істеп, жаттай бердім. Абайға ықыласым ерте түсуге осы жайлар себеп болды. Бірақ, орта мектепте оқып жүрген кезімде де, Ленинград университетіндегі студенттік жылдарымда да Абай жөнінде алдыма қойған пәлендей мақсатым болған жоқ.
1930 жылдан кейін Абай туралы роман жазбақ боп саналы түрде материал іздегенімде бірақ өкіндім: көп нәрсені аңдамай өткізіп алыппын. Абайды білетін кемпір-шалдар әр жерде ғана қалған, олардың жадынан көп нәрселер шығып кеткен. Бұл тұста мен Абай өмірін биограф ретінде де зерттеп жүр едім: көп адамның аузынан Абай өлеңдерін жазып ап, бұрын баспа бетін көрмеген шығармаларынын, 40 проценттейін қалпына келтірдім.
Алдақашан бел асып кеткен көштің айдаладағы жұртына кешігіп жеткен жүргінші сеніп қалған от орнынан болмашы жылтыраған бір қызғылт шоқ тауып ап, оны демімен үрлеп тұтатпақ болды десек, романға материал жинаған менің халім де дәл сол әрекет сияқты еді. Мен қарт адамдардың көмескі жадында ұмыт болған көп нәрселерді қайта ойлатып, айтқызып алдым. Алпыстағы Айгерімнін, әжімді бетіне қарап, оның бір кезде Абайды тұтқындаған жас шырайлы ғажап сұлу жүзін «қалпына келтіруім» де әлгідей еді.
Мен мұндай қиындықтардан Абай өмірінің соңғы кезеңін зерттегенде ғана аздап арыла бастадым. 1896 жылы әркімдер Абайға өлеңдерін жинақ етіп топтастыруға кеңес берген-ді. Сөйтіп, Абай қайтыс боларынан сегіз-ақ жыл бұрын достарына өз өлеңдерін жинастыруды тапсырыпты. Сол жылдан бастап, оның көптеген өлеңдерінің дәл туған датасы белгіленген екен. Бұл тұстың материалын жыюда, әсіресе «Абай жолының» екі кітабын жазуда маған творчествосы арқылы Абайдың өзі көмекке келді.
Сонымен, Абай шығармаларын өз алдына қойғанда, менің романдарымдағы нағыз тарихи нәрселер қандай? Бірен-сараны болмаса, романдардағы кейіпкерлердің бәрі түгел дерлік өмірде болған адамдар; әрине, олардың бәрі бірдей белгілі тарихи роль атқарып жатқан жоқ, бірақ Абай айналасында өмір сүріп, тіршілік еткендер. Сондықтан, азамат ақынды, оның дәуірінін, шындығын көрсетуде бұларды елеусіз қалдыруға болмайды. Олардың шыққан тегі, істеген істері шындыққа дәл. Романдардағы географиялық атаулар, пейзаж — бәрі де шындық. Әсіресе, пейзаж — Абай туған даланың жай, жалаң көріністері ғана емес, тірі табиғаттың сырлы суреттері. Түрліше оқиғаларға куә жайлау, қыстау, қоныс аттары өз күйінде алынды. Абайдың жеке басына, жанұясына тән, немесе бүкіл халық тағдырына қатысы бар көптеген оқиғалардың негізінде деректі шындық бар. Сөз жоқ, тарихи романшының правосы бойынша менде ой, жоба, топшылау, елестету, өзімше қорыту дегендер болды, бірақ сонын, бәрінің негізінде нағыз болған шындық жатыр.
Тіл жөнінде. Сөздік жағынан менің романдарымның, Абай өмір сүрген тарихи дәуірге сәйкес ерекшеліктері мол. Оның үстіне мен Абайдың өз шығармаларының сөздік қорынан да мейлінше пайдаландым. Бұл ретте, Абайдың өз творчествосындағы эволюцияға, ақыл-ой жағынан, жалпы мәдени өсуіне сәйкес тіл жөнінен де үлкен эволюциясы бар екенін естен шығармау керек.
«Абай» романының, басында менің геройым медреседен жақа қайтқан, өзін қоршаған шындыққа романтикалық көзқарастағы, көп нәрсені шығыс поэзиясының кітаптарынан ғана оқып, сол кітапша ұғынған кінәсіз сәби бала қалпында көрінеді. Ол шәкіртше ойлап, шәкіртше сөйлейтін; келе-келе тілі ұстарып, ойы да тереңдеп, қазақтың халық поэзиясынан мол сусындағаны байқалады. Романның басындағы бала Абай өз халқының ойшыл азаматы дәрежесіне дейінгі өсу жолынан өтеді, сондықтан оның тілінің, ойынын, кітаптан кітапқа өзгере өсіп отыруы да табиғи нәрсе; соңғы кітаптарда ол тіпті қазақша емес, орысша толғанып, ақыл-ойдың үлкен өрісіне шыққандығын аңғартады. Сөйтіп романдағы Абай образын жасауда оның тіліндегі эволюцияны да көрсете отыру автордың міндеті болды.
Абайдың жастық шағы жөніндегі деректер некен-саяқ. Ол өзінің әжесі мен туған анасының қолында тәрбиеленген-ді. Басқаша жағдай болуы да мүмкін еді: төрт әйелді Құнанбай күндес қатындарды өзара қырғи қабақтан арылту үшін, бірінің баласын бірінде тәрбиелеттіруге орайы бар еді. Бірақ Абай өзінің кіші інісі Оспанмен бірге, өзі туған бір ғана семьяның ортасында өседі. Абайдың әжесі Зере жөніндегі материалдарды мен оның өз естелігінен алдым: оған қарағанда Зере мінезге бай, таза жанды, жылы шырайлы, байсалды адам болған; бір жағынан, ол кісі өзін семья ішінде өктем, артықша адам санапты. Оның жөні де бар: Зере бір кезде бес әйелдің бірі болғандықтан, өз баласының төрт әйелінің бірі Ұлжанның жайын жақсы ұғып, келінінің көп реттерде шарасыз, мүскін қалпын ақылды, табиғатында адамгершілігі мол сезімтал әже аянышпен қабылдапты. Бұл әйелдердің, басқа байдың өздері сияқты көп әйелдерінен өзгеше жағдайда тұруына себеп — олардың ауыр азап пен қиянат астындағы момын шаруалардың мүддесіне жақын тұрғандығы еді. Бай малының күзетшісінің, бақташысының сауышысының — бәрінің ызасы мен ренішін, мұңы мен мұқтажын бұл әйелдер де терең ұққан, сондықтан бұларда хал(зіқ-тық гуманизмнің көп элементтері жатқан.
Абай медреседе оқыған үш-төрт жыл ішінде жақсылық пен жамандық жөніндегі ұғымды өзі оқыған кітаптарынан алған. Бұл ретте менің Абайды оқудан қайтқан беттегі он үш жасар кезінен бастап алуымда үлкен себеп бар: оның дүние тануындағы, адамдық, ақындық қалыптасуындағы өзгерістерді көрсетпек едім. Үлкен жүректің өршіл таланттық тұлғасын суреттеп беру үшін бұл жай өте керек. Абай ауылына келе жатқан бетте онық көзіне іліккеннің бәрі: дала желі де, даланың жусан шөбі де, оның жұпар иісі де бала жанын өзгеше бір жылылыққа бөлеп, бұл даланы өзінше ұғынып, сүйіп келе жатады. Міне, жас баланың осындай кінәсіз, тек жақсылыққа ғана бейім адал да ашық жанын алғашқы көрген сұмдық көрінісі — Қодардың қолдан өлтірілуі қатты түршіктіреді. Оның жан дүниесіндегі бір-біріне қарама-қарсы екі сезім — жақсылық пен жауыздықтан туған сезімдер: туған даласына махаббат, сол туған далада болып жатқан сұмдықтан жирену оны шытырманға салады. Осы сәт, менің ойымша, оның өміріндегі үлкен бетбұрыс болып табылады. Ол бұрын Құнанбайды әке десе, енді сол әкенің қолындағы қанды кергенде не дерге білмей дағдарады. Бұл сұмдық жаза Құнанбайдың Қодар жерін өзі иемденбек болған мансабынан туған зұлымдық әрекет еді.
Менің материал жинаған кезімде кейбір білем деушілер Құнанбай Қодарды күнәсі үшін жазалады дегенді айтты. Бір жолы қысты күні мен Шыңғыс асып келе жатып, кездейсоқ, Құнанбай ұрпақтарының ауылына келіп тоқтағаным бар. Бұл ауылда Абайдың өткенінен бірқатар деректерді анық білетін бір шал бар екен. Мен Қодар өлімі жайын содан сұрадым. Ол өзіме сұрақ қойып:
- Сен Қодардың қай жерде асылғанын білесің бе? - деді де, қыстау түбіндегі биіктеу бір деңді көрсетті. Өлі Қодардың денесі осы деқ үстінен лақтырылған екен. Шындық осы арада басталды. Бұл жерде К,ұнанбайдың үлкен әйелі Күқкеден тараған немерелерінің аулы отырған-ды. Бұл жер бір кезде Қодарға, оның туған-туысқандарына қарайтын жер екен, бірақ оның руы өзі-өзін «қорлапты» да, жерді Құнанбай тартып апты.
Құнанбай даланың сұм, қу әміршісі, сондықтан ол қойшы-қолаңдары арқылы Қодардың күнәсі жөнінде алдымен қаққу сөз таратыпты, содан соң оны асып өлтіріп, қанды қолының ізін жасыру үшін қырық рудың басшыларына қырық кесек лақтыртып, тағы бір айла жасапты. Сонда өз қолдарымен өзі Қодарға кесек атқан ру басылары оны Құнанбай өлтірді деген сөзге дәлел таппапты. Осы шындықты білгеннен кейін ғана мен бүл жайлаудағы Қодарға байланысты өткен оқиғаның шындығына жеттім. Бұл жазушыға өзгерген қалпында жететін көптеген аңыздың оның шығармасында өңделген қалпында жарық көретінінің бір айғағы еді.
Тарихи романдардан оқушы көбіне көрсетілген шындықтардың өмірлік дерегін, типтердің прототиптерін, искусство шындығының арқауы болған өмір шындығын іздейтіні бар.
Бұл тұрғыдан келгенде, өзі әртүрлі жасанды қылықтармен жақсы адам ретінде керсетпек болған дала феодалы Құнанбай жөнінде нағыз шындықты табуым қиындау болды, басқаша айтқанда оның жеке әрекеттері арқылы өз бейнесін дәл елестету қиын еді. Мен Құнанбай жөнінде оның өлерінен он жыл бұрын Меккеге барған қажы екенін, соңғы он жыл ішінде дүние әрекетінен бойын аулақ салған, ұрпақтарына өзін күнәдан пәк, дін адамы ретінде танытқан біреу екенін білемін. Ертеректе ол хан тұқымдарымен байлық бәсекесіне де түсіпті. Бір кезде Қарқаралы округінің аға сұлтаны болыпты. Қарқаралы қаласында мешіт салдырып, далаға ислам дінін таратушының бірі болған және балаларын мұсылманша оқытқан. Меккеде ол тәубеге келуші қазақтарға арнап үй де салдырыпты. Бірақ, осының бәрі оның өз қаржысынан емес, халық есебінен екен. Дегенмен, Ислам діні басын айналдырған, молдалар арбаған адамдар арасында, қараңғы қазақ даласында Құнанбайдың әлгі әрекеттерінін, бәрі оның атын әйгілеп, дабырайтып көрсетіп, жыртқыш феодалдың жұртқа істер қиянат-қорлығына, зорлық-зомбылығына жағдай туғызыпты. Ол билікті өз қолына алып, үлкен приказдық басында болғанда, бүкіл уезд халқын өз аузына қаратқан. Аға сұлтан өз округінде қолынан келгенше заңсыздық жасап баққан: көптеген рулардың жерін тартып алған, Бөжей сияқты өзіне қарсы адамдарды жазықсыз жазалаған, қырық-отыздаған адамын сойылмен атқа мінгізіп, толып жатқан ауылдардың адамын сабап, жерін талаған. Осынен, бәріне далада өткен өктемдіктің көп сыры бар.
Мен халық арасынан, ақын-жыраулар аузынан көптеген эпиграммалар, сатиралық өлеңдер естідім. Солардың бәрі Құнанбайды мысқылдай, оның билігінің, әмірінің әділетсіздігін әшкерелеп, тіпті Құнанбай алған параны паш етіп жатады. Сонымен Құнанбай бір жағынан мешіт салдырған құдай адамы ретінде көрінеді де, екінші жағынан парақор жауыз есебінде танылады. Мысал ретінде айтайын, бір жолы екі адам жерге таласып, Құнанбайға төрелікке келіпті. Құнанбай өзінің бір адамын шақырып ап: «Атқа мін де, мыналарды бітістір, жерін бөліп бер» деп әмір етіпті. Дауласқан екі кісінің бірі бай, бірі кедей екен. Құнанбай жұмсаған адам кедейге іш тартады да, жерді екеуіне бірдей бөліп, жүріп отырады. Сонда Құнанбай: «Әй, төбет, ат басын қайда бұрып барасың?» депгі. Сонда анау: «Мен қой салған жол емес, құдай салған жолмен жүремін» депті. Бұл Құнанбайдың әлгі байдан параға қой алғанын көрсететін нәрсе.
Менің естуімше, Абай әкесінің көп әрекеттеріне әуелден рыза болмайды екен. Мысал, мына жайға қарсы болыпты: Құнанбай ру ішінде бедел, бел алу үшін, өзімен жауыққан араз рулардың біріне өзінің қызын (Абайдың туған қарындасын) құрбан етіп, кепілге беріпті. Бұл — өзара жауласқан ру басылардың қан төгісін тоқтатып, ымыраға келу үшін істейтін ең бір тағылық қылығы. Олар осылайша сүйек-шатыс боп бітісетін-ді. Сол ретпен, жау руға әлгі Құнанбай берген кінәсіз де қорғансыз сәби бала ақыры тірі жетім күйінде өліпті. Әкесінің бұл тағылық ісі Абай жанын қатты күйзеліске ұшыратқан.
Кейбір кедей адамдардың айтуынша Құнанбай соншалық қатыгез, мейрімсіз адам болыпты. Оның жауыздығы өзі жек көрген ауылдың қаралы көшін шауып, ойран салуға дейін барған.
Сонымен, жоғарыдағы жайлардың бәрі бірте-бірте Құнанбайдың өмірлік прототипін, бойына тарихи қайшылықтарды түгел жиған, даладағы жаңа атаулының бәріне қарсы жауыз феодалдың типін белгілеуіме негіз болды. Ол — діндар адам сондықтан, әрине, Россиядан келген жаңалық пен жақсылықты қабылдай алмайды; тек өз мансабы үшін ғана патша заңына сырттай табынады, бірақ, іштей ол Россиянын, дұшпаны еді.
Абай осының бәрін көре, сезе түра, көп уақытқа дейін әкесіне қарсы күреске ашық шығуға батпайды. Бұлай көрсету шындыққа сыйымды да: Абай өз ортасының сол кездегі жағдайларына байланысты баяу өсті.
Абайдың жеке басындағы мұндай баяу өсу, жай қалыптасу бірінші кітапта керсетіледі. Бірінші кітаптық аяғында Абай әкесімен шешімді сөзге келеді; екеуінің өмірлік мақсат, көзқарас жөнінен біржола ажырауы дәл осы ара еді.
Абай өзінің көңіл күйін, жабығуын бірінші кітаптың алғашқы беттерінде көз жасымен танытады, әкесінің сұмдық ісіне түңілуін жабырқау жан толқынымен, қабақ шытуымен аңғартады. Әке маңында, әке сыбайластарының ішінде жүріп, Абай әрқашан әке тізесі батқандардын, арызы орынды, әділ екенін ұға береді. Ол байтақ даланың өз әкесіне наразылығын, қарт жыраудың оны қара қарғаға теңеп айтқан ащы сатиралық өлеңін естиді. Өз әкесі салдырған мешіттің парадан тұрғызылғанын, тіпті өзіне әкесі әперген Ділданың да жұрттан алынған параға келген тұтқын екенін біледі. Осылайша, Абай өз әкесіне деген балалық сезімнен айрыла береді, бір ретте ол жыласа, енді бір жолы терең ойға қалады, тебіренеді, ана сөзін тыңдайды, кедей қауымның пікірлеріне құлақ түреді. Ол сатылап өседі. Ал, болашақ ақын үшін балалық, жастық шағында мұндай сезінулер, әсерлер керек-ақ. Абай шығармаларын білетіндердің есінде болар: ақын әйел тағдырына, кедей халіне аянышын арнап, зор назар аударған, ескілік дүниесін қатал сынаған, дала әміршілерінің зорлығына қарсы болған ғой; осы жайлардың бәрін мен романда мүмкіндігі болғанша Абай басынан кешкен өмір құбылыстарынан, нақты оқиғалардан туғызып отыру жағын көздедім.
Бірінші кітап ақын ретінде қалыптасуына арналған. Абай өлеңдерінің бірқатары осы кітаптардағы өзі көріп-біліп, бастан кешірген өмірден қорытқан шыншыл жанның, сыншыл ой-санасының нәтижесі болып табылады. Үшінші, төртінші кітаптар «Абай жолы» деп аталады. Жалпы алғанда төрт кітаптың да өн бойында азамат ақынның өмір жолы жатыр, сондықтан төртеуін де «Абай жолы» деп атауға болар еді. Бірақ, менің ойымша, Абайдың адамдық, ақындық қалыптасу жолынан басқа, ерекше бір жолы және бар; ол — өз табынан біржола бөлініп шығып, еңбекші шаруаға келген күрескер ақынның жолы, өз қоғамының, өз халқының алдыңғы қатарлы қайраткерінің жаңашыл, өршіл де ойшыл азаматының жолы; осындай ұлы ақынның жолы! Абайды Қазіргі күнде бізге танылғандай зор биікке жеткізген де осы жол. Маған Абай осы жағынан қымбат. Сондықтан да мен оның өмірі мен творчествосына байланысты көп фактілердің ішінбн ең қажеттілерін ғана таңдап алдым.Романда Абайдың өз қалыңдығы Ділдәмен тұңғыш кездесуі суреттеледі. Бұл жерде Абайға Ділдә осы кездесуге дейін де бір түрлі жат көрінгендігі аңғарылады. Оның себебі: біріншіден Абай Ділдәні өзінің сүйген жары есебінде танымайды, ол бұған өзінің еркінен тыс, әке өмірімен қалың малға сатып алынған әлде не нәрседей көрінеді; екіншіден, Абайдың бүкіл ой-арманын, ықлас-ниетін өзіне аударған аяулы, ыстық махаббаты — Тоғжан бар... және ол қандай махаббат! Кінәсіз, бала кезінің дүниедегінің бәрін кітапша ұғып-сезініп жүрген кезінің ғажап романтикасы ғой! Тоғжанға деген отты сезімдерін оның өзі де өсіріңкіреп ұғынатын-ды. Бірақ алғашқы бетте әке ықпалынан шыға алмаған Абай оның ырқына көніп, битаныс Ділдәға амалсыз келеді. Сырттай қарағанда мұнда да сән, салтанат, қызық бар сияқты. Әсіресе, жас жұбайларға ата-ана пейілдері өзгеше, тамаша!.. Бірақ, бұл сыртқы жылтырақтардың бәрі Ділдәмен оңаша кездескен түні бір-ақ өзгеріп кетеді. Абай мұншалық бос ермектен тез түңіліп шығады, тіпті қалыңдығының өзін де енді тек жат емес, жек көре бастайды. Бұл да өзінің жас өмірін мезгілсіз қуан, тартқызар әке ісі, зорлық ісі екенін соншалық бір күйінішпен ауыр түйсінгендей болады. Одан да тереңірек байыптап қараса, бар қиянаттың түбі сол өз әкесінде жатыр: кірбіңі көп кіріптар ана, қорғансыздықтан жетімсіреп өлген кішкене сәби бөбек, тіпті әлдекімге еріксіз үйленгелі отырған Абайдың өз халі...— бәрі сол әке лаңы. Мұнымен де бітпейді, әділетсіздік шеңбері бірте-бірте ұлғая береді: семьядағы жеке адамдардың көз жасы осынау қараңғы далада кедейлік азабын шеккен мың — сан адамның қасірет теңізіне барып қосылып жатқандай. Міне, дала әміршісі Құнанбайға қарсы Абайды ашық тартысқа, бітімсіз күреске әкелген осы жайлар еді. Бұл — әке мен бала арасындағы әлдеқалай араздық емес, бұл — таптық сипаттағы ірі тартыс, дүниеге екіұдай көзқарастық, ескі мен жаңанын, тартысы.
Дегенмен, бірінші кітапта тап тартыстары жете ашылмайды, оның орнына ру басылардың өзара дау-жанжалдары, рулық қанау сырлары көбірек көрсетіледі. Ал, екінші кітаптағы, онан соңғы кітаптардағы тартыс шеңбері бұдан әлдеқайда кең. Мұнда да себеп бар: халық өміріндегі тарихи құбылыстардың бәрін Абай бірден ап-анық түсіне қойған жоқ, бірте-бірте, өсе, ұлғая келе ұқты. Сондықтан мен де романдағы шындықты әркездегі Абай сезімінің, санасының, іс-әрекетінің өріс дәрежесіне лайық суреттеп көрсетуге тиіс болдым.
Екінші кітаптағы Абай — ақын, күрескер. Бұл кезде оның дүниетану дәрежесі де биіктей түскен. Енді ол көшпелі ауыл көріністеріне — көктемгі жайлауға, жайлауға қонған көп үйлерге, қотандағы кешкі азан-қазан мал үніне, түнгі әлпеншекке, тағы басқаларға бұрынғыдай талғаусыз романтикалық түрде қарамайды. Соңғы кітаптарда дала сал-тынық құбылмалы бояуы Абайдың көз алдында (есейген сайын) оңа береді. Жаздың айлы да жайлы түні енді үскірік боранды түнмен ауысқандай: байтақ дала бұдырсыз екен, тек сағымын ойнатып, сұлық жатыр. Сонда өзі кеше бұл даланың несіне тамсана таңданып жүрген? Сағым оның ойын да әртарапқа толқытып әкетеді—бұл далада жұрт мекендер қала, жұрт еңсесін көтерер мәдениет жоқ, мәдениетті халыққа лайық кәсіп те шамалы. Бақса, бұл дала құлазыған қу мекен екен... Міне, Абай ойын осылай сатылап өрістету тарихи жағынан да дұрыс болады, шындыққа да дәл келеді. Енді ол өзін қоршаған шындыққа сыншыл көзбен қарайды.
Бірінші кітаптың аяғында өз әкесімен идеялық айқасқа түсіп, одан қара үзіп, өз қалауымен кеткен Абайдың екінші кітапта ақындық қалыптасуы басталады. Бірінші кітаптағы Абай мен Құнанбай образының қарама-қарсылығындағы параллель де кездейсоқ нәрсе емес, мұнда композициялық бүтіндік, авторлық замыселдың бірлігі жатыр. Ал, екінші кітапта ұнамды кейіпкер одан әрі өсу үстінде көп өзгерістерге ұшырайды. Мұндағы параллель де басқа; ол бір адамнын, Абайдың басындағы екі түрлі — әрі азаматтық, әрі ақындық даму процесін көрсетуге байланысты туған. Менің әр тарауды «Жайлауда», «Өрде», «Асуда», «Қияда»... деп атауым да әлгі процесті өзімше образды түрде анықтап, сипаттағаным еді.
Мен романдардың өнбойында ақын шығармаларының тууына негіз, себепші болған шындық құбылыстарды эмоциялы түрде ашып отыруды мақсат еттім. Әрине, кез-келген романшы сияқты мен де Абай өмірінің нақтылы биографиялық деректерімен қанағаттанып қана қоймай, оларға қосымша өз ойымнан да талай нәрселер ойлап шығарып отырдым. Бұлардың бәрін шындық шеңберінде, Абайдың тағдырын, күресін, еңбегін, қатесін, шабытты ойын, сәтсіздігін, жеңісін толық көрсету мақсатымен алдым.
Абай өмірінің маған белгілі жеке фактілері шынында да әр тарап, әртүрлі, шашыраңқы жатқан нәрсе. Ал, романда олар сол шашыранды күйінде емес, белгілі бір үлкен арнаға топтастырыла, нағыз өмірлік шиеленіс түрінде, тартыс үстінде көрінеді. Бұл — жалғыз менің романдарымда ғана емес, кез-келген реалистік шығармада болып отыратын құбылыс. Мысалы, екінші кітаптың бірінші тарауында қандай оқиға болады? Бірінші тараудың оқиғасы бізді Семей қаласына апарады. Үзақ түнде ұйқы көрмей, өзіне түсінікті тілдерде жазылған әртүрлі кітаптарды ашып, оқып отырған Абайды көреміз. Одан әрі Құнанбай мекеге жүрер алдында Дәркембаймен кездесіп, екеуінің арасында қақтығыс боп қалады. Дәркембай баяғы Құнанбай асып өлтірген Қодардың немересін жетектеп келіп, соның атынан дау айтады. Мұның бәрінде де дұрыс мотивировка бар. Дәркембайдың ойынша Құнанбай өзін «күнәдан арылтатын жерге» кетер алдында мынау жетім баланың қарызын өтеп кетуі керек: оның атасынан тартып алған жерді қайтып беруге тиіс. Бұл тұста Абай өз әкесін іштей қатты кіналап, Қыясбайға рақым сөзін айтады. Мұны жай құбылыс деуге болмайды. Мұнда терең сыр бар: Абай тек бір жетім баланың ғана емес, бүкіл халықтың алдындағы өз қарызын мойындайды.
Кітаптың әр жерінде сюжеттік-идеялық жағынан алып қарағанда әрбір оқиғаның шарықтап көтерілер биігі бар; бұлар кітаптан кітапқа кеше тоғысып жатады. Қодар дарға асылған кезде Абай өз әкесін қылмысгы адам деп танып, өзін жауапкер санаған, бірақ бұл кезде ол жас еді, қолынан келе қоятын қайрат жоқ еді. Енді мынау Қодар немересінің атынан Құнанбайға дау айтып Дәркембай келгенде Абай өзін халық қайраткері ретінде қарыздар деп таниды. Одан әрі бұл арқау бүкіл кітап бойына үзілмей дамып отырады, Абай өзін Құнанбай зәбірлеген семьялар мен рулар алдында қарыздар санайды. Енді ол өзінің ақындық творчествосын да, қоғамдық қызметін де Құнанбай зәбірлеген халыққа түгелдей арнайды. Міне, жеке бастың шындығы қоғамдық шындыққа солай ауысып мұндай сан алуан жеке құбылыстар оның болашақ шығармаларына негіз болатыны да осы арадан шығады. Мысалы, бірінші тарауда біз күйме ішінде Мәкішпен бірге келе жатқан Абайды, оның бір нәзік сезіммен іштей толқуын көреміз. Ол — махаббат сезімі. Өзінің жас өмірін ойлайды, өзі сүймей қосылған Ділдәні еске алады, одан соң Тоғжан жайын арман етеді, онымен енді табыса алмайтын өз халіне мүңаяды. Бұл тек бүгін емес, оның өмірлік жырға айналган таусылмас терең сыры болатын.
Жарқ етпес қара көңлім неғылса да,
Аспанда ай менен күн шағылса да
Дүниеде сірә сендей маған жар жоқ,
Саған жар менен артық табылса да
Әрине, бұл өлең тек әлгідей жағдайда, тек Тоғжан атымен ғана байланысты туған. Мен осылай ойлаймын.
Сөйтіп, Абайдың жеке басының махаббат құпиясы бірінші рет өз аузынан өлеңмен шығады. Бұл өлеңде оның жан тынысы, жүрек лүпілі, ыстық сезімі бар; бұл бір жағынан оның семьялық өмірдегі азабы болса, екінші жағынан шындық жолындағы күреспен өтіп келе жатқан өзінің бүкіл өмірінің зор сыры. Бұл өлең қысқа, тартымды, көркем; бұған Абай ән шығарған. Бұл өлеңге Абай романда сан рет қайтып орала береді. Үш күнгі боранда адасудан кейінгі қатты ауру халде де Абай аузына іліккен осы өлең... Абайдың махаббат жырлары көп, бұлардың бәрі тек жеке бастың көңіл күйіне ғана тән емес, оның дүние тануын, махаббатқа эстетикалық көзқарасын аңғартатын асыл мұра.
Дәл осы тарауда Абайдың Айгеріммен кездейсоқ, біраң ғажап кездесуі көрсетіледі. Мен бұл тұста Абайдың өзгеше психологиялық жайларын бермек болдым. Жүз отыз шақырым жерді салт жүріп, жолдағы бір ауылға түсіп, от жанында ұйықтаған Абайдың түсіне ән салған Тоғжан енеді. Бұл әнді бірінші кітапта Тоғжан әлпеншек үстінде айтқан; бұл екеуінің таза махаббатының сырлы куәсіндей ғажап сұлу ән... Абай түсін өңімен шатастыра, кенет тебіреніп оянады; бақса, түсінде естіген әні әлі үзілмепті Тіпті көрші үйдің бірінде айтылып жатыр. Абай қайран қалады. Досын оятады. Көрші үйде Тоғжанның өзі отырғандай сезінеді. Бұл арада ешқандай мистика жоқ, мұндай ғажап жағдай шындықта болатын құбылыс. Бір жағынан өзіне таныс сұлу әнге жаны тебіренген Абай, екінші жағынан ұзақ жол үстінде шаршаған. Абай түсін өңімен шатастырса, ол ерсі емес... Абай біржола шешімге келеді: Айгерімге үйленбек болады. Дәл осы толқын үстінде Абайдың және бір махаббат жыры туады. Бұл — сөз жоқ, Айгерімге арналған.
Көзімнің қарасы ..
Абай бұл өлеңнің бірнеше шумағын оп-оңай төгілтіп, суырып салып айтады. Әдемі жыр тамылжып, өзі құйылып тұрғандай... Мен бұл көрініс арқылы Абайдың творчестволық ерекшелігін, Абайдың тарихи мұрасының табиғатындағы өзгеше сипаттарды танытпақ едім. Ақынның көптеген жеке өлеңдері дәл осындай жағдайларда туған.
Романның екінші тарауының тақырыбы өзгеше. Бұған дейін даланың әнші жастарын, ақын жастарын мен толық көрсетпеген едім. Абай ауылына Біржанның келуі үлкен оқиға болады, оның маңына жастар жиналады; талай әдемі кештер әнмен өтеді. Жастар өз халқының әнін, музыкасын жанымен сүйеді. Олар өлең де шығара алады, жаңаны, құнды мұраны тамаша қабылдай да алады. Бір кеште Абайдың жар-серігі Айгерім ән салады. Бұл картина кең баяндалады. Әнге романның әдемі беттері арналған. Осындағы көріністердің бәрі маған бір түрлі сол кездегі сауықшыл адамдар басындағы жалған бостандықтай, жанның жалған еркіндігіндей көрінеді. Бұл жастар талантты жастар, зор қабілеттің адамдары, бірақ олар өз мүмкіндіктерін іске жарата алмай жүргендер. Бұл арада Абай да, Біржан да жастарды сүйіп, әсіресе Оралбай мен Керімбалаға жылы мейрімдерін төгіп қалады. Осы әдемі көрініс үстінде сол кездінң қатал салты, зорлық заңы — махаббатқа тыйым, әйел басындағы еріксіздік көрінеді. Ру мен ру арасы жауласу үстінде. Ал, мынау сияқты жақсылықтың өзін жау рулар өз амалдарына асырып, өшіккен үстіне ешіге түседі. Сөйтіп әнмен басталған көңілді тарау үлкен қасіретпен аяқталады. Адам тағдырының бір жағы осы тұста ашыла түседі. Бұл трагедия кейін Әмір мен Үмітей сияқты талантты жастар басында да болады. Біз осындай жастар бойындағы мүмкіндіктер өрбімей, қалай жойылып отырғанын, жаңа шешек ата бастаған нәзік гүлдің солып отырғанын көріп, сол ғасырдың қатал сырын ұғамыз. Бұлар да Абай өмірін көрсететін, оның өлеңіне арқау болатын, дала салтына үкім айтқан ұлы ақынды санқилы ойға салатын жайлар.
Одан арғы тарауда кедей жатақтардың байға тәуелді, ауыр азап астындағы қоңыр өмірі суреттеледі. Жатақтардық бас құрауы — жай рулық белгілерге қарай емес, әлеуметтік тұрмысқа байланысты бірігу, топтасу. Бұл тараудан бір жағынан ат төбеліндей бай-феодалдар тобы кәрінсе, екінші жағынан оларға қарсы түйілген даладағы халықтық-демократтық күш көрінеді. Абай назары сол жатақтар үстінде болады. Абай жол-жөнекей таланған, дала әкімдері мен патша чиновниктерінің тепкісін көрген жұртқа кездеседі. Бұл тарауда Абайдың, ірі қимылға, әлеуметтік саяси күреске психологиялық дайындығы беріледі. Бұрын өзімен-өзі сырласқандай, өмір жайын жеке толғап келген Абай енді өзінің алдында тұрған күрес жолын кең де анық көреді. Оның патша чиновниктеріне қарсы ашық күреске шығып Ералы халқының наразылығын бастауы әлгінің дәлелі. Бұл жайлар Абай шығармаларына да өз ізін тастаған. Абай өлеңдеріндегі жаңа идеяның бір ұшы сонда жатыр. Бұл бір сөзбен айтқанда, Абайдың сол кездегі қоғамдық құрылысқа, қазак, кедейлерінің тарихи тағдырына, оның жарқын келешегіне өз қарым-қатынасын айқындауы болып табылады.
Бұдан кейінгі тарауда бірінші кітаптағы бір оқиғаға қайтып оралғандай боламыз. Құнанбай Меккеден келген соң дүние әрекетінен бойын аулақ салып, жәніне жатқан сияқтанады. Бірақ ол қарап жатпайды. Ілгері басқанды өрмекшідей шырмап, керек кезінде алыс-жұлысқа қайта шығады. Енді ол мораль сақтағансып, Әмірді, оны сүйген Үмітейді сол ниетіне құрбан етпек болады. Абай оның бұл әрекетіне ызамен күйіп келіп, «дәуірің өтті, тек жат» дегендей қатал байлауын ескертеді. Бұл арадағы әке мен бала тартысы — ірі қоғамдық сипаттағы әлеуметтік тарихи күрес. Абай өзі шыққан ортадан, өз табынан біржола іргесін аулақ әкетеді. Абайдың ендігі күрес жолы да,творчестволық жолы да биік бел үстінде жатыр еді. Абайдың молданы сықақтаған, шариғатты сынаған, әйел теңдігін жақтаған өлеңдері осы сырлардан туады. Тараудың аяғында Абай бүркітпен аң аулауға шығады. Абайдың табиғат лирикасы мол, оның бірі бүркітшілікке арналған аса көркем, шебер жазылған, қысқы табиғат көріністерін тамаша суреттеген реалистік шығарма. Бұлардан Абайға орыс классикалық әдебиетінің, әсіресе Пушкиннің әсері айқын байқалады. Өлеңдегі табиғат көріністерінен Абайдың қысқы даланы қаншалық терең сезінетінін білеміз. Романда осы өлеңнің негізі ретінде ақшылықтың кең суреттері беріледі. Абай ат үстінде бүркіт түскен аңға шабады, оның көз алдында ақ қар, қызыл түлкі, қара бүркіт қылаң ұрып, қызық қимылды сурет жайылады. Абайдың өлеңіндегі образды параллель, әрине, осындай суреттен туған.
Қар аппақ, бүркіт қара, түлкі қызыл,
Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға...
Қандай тамаша образ! Мен осы жолды романда әдейі келтірдім. Оқушыларға мәлім, Абай аң аулаудан кейін ойда жоқта Тоғжан ауылына тап болады. Мен бұл тосын кездесуді психологиялық түрде бермек болдым: Бұл кездесуге Абай дайындықсыз келді. Онық үстіне қатты ауырып, әлсіз қалпында, бірнеше күнгі боранда адасып келді. Боран суретін мейлінше жанды түрде, жетімді бергім келген. Бұрынғы кітаптағы әдемі жазғы дала, дәл сол өзіне таныс жер енді Абайға өгей анадай сезіледі... Абай денесі күйіп-жанып, әлсіреп жатады. Қасында асыл махаббаты Тоғжан отыр. Абай көзінде жас, Абай жаны жаралы. Ол өлім құшағына бара жатқандай Тоғжан қолын талша қармап, толқына береді; Тоғжан одан өзіне арналған әнін айтуды әтінеді. Абай сандырақтап жатып, сол бір әнін еске түсірмек болады... Міне, бұл кездесу, аяулы Тоғжан Абайдың махаббат лирикасының қайнар көзі, таусылмас бұлағы еді. Екі-үш поэмасын есептемегенде, Абай творчествосының дені лирикалык, өлеңдер. Ал, әрбір лирикалық өлеңнің нақтылы туу себептері бар. Мен осыны ашқым келді. Мынау психологиялық момент сол үшін керек болды.
Келер тарау «Асуда» деп аталады. Бұл тарау — Абай сүйген орыс халқының мәдениеті туралы. Абай Михайловпен достасады. Бұл достық ертерек басталған. Бірақ мына жерде Абай Михайловпен өз басындағы хал, өз халқының тағдыры жөнінде сыр ашып сөйлесіп, одан күрес жолын ұғып, қаруланып қайтады. Михайлов оған Чернышевский жөнінде, Россиянын, езілген шаруалары туралы, Россиядағы күрес жөнінде көп ой айтады.
Абай өз балаларын орыс мектебіне оқуға береді. Михайловпен кеңестен кейін Абай жатақтардың мүддесін қорғау үшін, ру аралық «төтенше съезге» барады. Әңгіме былай: ол кезде патша чиновниктері, облыстық басқарманың губернаторлары, немесе округтік мировой судьялар даладағы болыстардың, рулардың арасындағы дау-жанжалды өздігінен шеше алмай, әр кезде «төтенше съезд» шақырып тұрған: съезге патша чиновниктері, уезд начальниктері, облыстық правительдер, тағы басқа дала атқамінерлері мен әкімдері қатысқан. Абай Балқыбек жайлауында өткізілген осындай съезге келеді. Мұнда Абай жатақтардың, егінін талап, малын ұрлаған дала жыртқыштарына қарсы даумен келеді. Бұрын Абай бір Құнанбаймен күресіп келген болса, енді оның балалары, немере-шөберелері сияқты бірнеше құнанбайшықтармен күреседі. Осы съезд үстінде Абай болыстарды, уезд начальниктерін, тағы басқа қанаушыларды ащы да ызалы күлкімен шенеген сатиралық елеңдерін шығарады. Дау Салиха қыздың тағдырынан басталады. Бұл ол кезге тән құбылыс. Қыздың сүйген жігіті үйлену тойына дейін өлген. Ескі салт бойынша қызды әмеңгері өзіне үшінші әйел етіп алмақ. Қасіретті қыз Абайға шағынып келеді. Міне, дәл осы арадағы жағдайдан Абайдың атақты өлеңіндегі:
Етімді шал сипаған қүрт жесін деп,
Жартастан қыз қүлапты терең суға, -
деген жолдардың шындығы көрінеді. Абайға Салиха сырын айтады. Ол Балқыбек өзенінің жағасынан өткен шалға тигенше балыққа жем болайын деп, суға құлап өлгісі келгенін айтады. Бұл да өлең туғызар сыр. Романдағы кедей халін, теңсіздік әйел жайын, байлардың қылмысты әрекеттерін — бәрін де мен Абай өлеңдеріне негіз болғандай дәрежеде бедерлі көрсетуге күш салғанмын.
Абайдың Пушкин мұрасына баруы тағы да қазақтын, классик ақынының творчестволық сырын ашу үшін алынды. Соңғы «Шыңда» деген тарауда Абайдың ұлы Пушкинмен рухани жақындығы суреттеледі. Ол «Евгений Онегинді» оқи отырып, дала өмірінің өзіне таныс түрлі жағдайын, қазақ әйелінің көзіндегі жас пен көңіліндегі мұңды елестетіп, Татьяна образынан тек Татьяна Ларинаны ғана емес, одан адам бойындағы жаңа да жас, таза да терең адамгершілікті, махаббатты ұғады. Татьяна сыры Абайдың өзі керіп білген қыздардың — Тоғжан, Айгерім, Салиха, Салтанат, тағы басқалардың жан толқыны, тағдыр шындығындай көрінеді. Ол мұны қабылдап қана қоймайды, аударады, терең сезімді дәл жеткізіп береді. Бұған арнап ән шығарады. Ол ән Семей маңынан ғана емес, байтақ далаға тарайды. Абайдың Пушкин мұрасына келуі даладағы өзгеше тың, тамаша құбылыс еді. Роман осылай аяқталады.
«Абай» романының екі кітабы арқылы менің геройымның азаматтық ақындық қалыптасуы көрсетіліп, оның жұрт таныған ойшыл, ағартушы-демократ, классик ақын екендігі көрінеді. Бұл жолда оның қандай қат-қабаттан, шытырманнан, бел-белестен, еңістен, өрден, асудан, қиядан... өткендігі көрінеді. Одан бергі өмірге «Абай жолы» романының екі кітабы арналады.
Менің бұл мақалада айтқандарым «Абай» романын жазудағы, немесе романның өзіндегі кейбір, жеке моменттер ғана. Осыған қоса мынаны айта кетуді орынды көрдім: «Абай» романын жазу үстінде бірінші кітапқа айтылған әділ сындар көп көмек болды. Мен қаламдас жолдастар мен оқушы-жұртшылықтың бірінші кітапта таптық күрес аз көрінеді, ал рулар арасындағы дау-жанжалдар дала кедейлерінің таптық ояну процесіндегі терең сырларды аз аңғартады деген пікірін толық қабылдадым. Абай айналасында таптық тартыстың, әлеуметтік күрестің мол көрінуі керек екені сөзсіз. Осы әділ пікірлер менің екінші кітапта жатақтар арқылы таптар тартысын, Абайдың дүниеге кезқарастарының дұрыс қалыптасуын көрсетуіме көп көмектесті.
Екінші кітапта Абайдың жатақтармен, әсіресе Дәркембаймен достығы суреттеледі. Мұндағы мақсат — даладағы қоғамдық күрестің тарихи-әлеуметтік сырын ашу, сөйтіп ауылдағы таптық жіктелуді көрсету. Таптық жіктелуді, халық бұқарасын, әсіресе кедейлердің бітімсіз күреске топтаса бастауын көрсету - втордың екінші кітапта алға қойған мақсаттарының бірі.
Орысшадан қысқартылып аударылды.
Бөлісу: