Ахмет Жұбанов: Абайдың Музыкалық Мұрасы

Бөлісу:

08.08.2015 5474


Ұлы ақын, ағартушы Абай музыка саласында да айта қалғандай мұра қалдырды. Жазба әдебиетіміздің негізін салған Абай өзінің асыл өлеңдерін, қарасөздерін қағазға түсіріп, кейінгі ұрпаққа қалдырса, музыка жөнінде оның мұндай мүмкіншілігі болмады. Өйткені Абай өмір сүрген кезеңде қазақта музыканың жазба мәдениеті жоқ еді, халықтық музыка ауыздәстүрлік қалыпта еді. Сондықтан Абай әндері де қазақтың басқа халықтық ән-күйлері сияқты ауыздан-ауызға, заманнан-заманға ауыса отырып жетті.
Музыка саласында жазба мәдениеттің болмауына қарамастан, Абай әндерінің бізге толық жеткен себебі олардың халықтың жүрегінде сақталуға сапасы сай келетін шығармалар болғандығында, халық санасынан өшпес орын алғандығында. Абай әндерінің өзгешелігі — мелодиялық, ырғақтың жақтарындағы жаңалықтарында, идеялық мазмұнының ашықтығында. Бұл өзгешелік алғашқы кезде тыңдағандардың бәріне бірдей түсінікті бола қоймады, болмақшы да емес еді. Мәдениеттің дамуына кедергі болған феодалдық жағдайда кейбіреулер үшін ол әндердің жаңа тілдері қазақтың халықтық ән дәстүрінен шығып кеткендік болып көрінуі де мүмкін еді. Бірақ жаңа, прогресшіл мәдениет күрескері болған Абай өз бетінен қайтқан жоқ. Сөйтіп, Абай әндері алғашында оның өз айналасына, ауыл-аймағына, кейін жалпы қазақ арасына тарай бастады.
Абай әндері, халықтық негізден нәр алғандықтан, халық әндерімен тамырласып жатқандықтан нотаның жоқ кезінде-ақ, ауыздан ауызға көше отырып, қалың бұқараның игілігіне айналды. Бұған бұрын-соңды қазақтың халықтық музыка салтында болмаған жаңа музыкалық өткір тіл мен жаңашыл өлең текстіне кұрылуы да себеп болды. Абай  әндері  бізге,  автордың өз нұсқасындай өзгеріссіз, қосымшасыз жетті деп айта алмаймыз. Ауыз дәстүрі әрқашанда да бұл жағына өз әсерін тигізіп отырады. Орындаушылардың неше алуан ерекшеліктеріне қарай Абай әндерінің өзгеріп отырғандығы да даусыз. Бір ауылдан бір ауылға, бір елден бір елге жеткен сайын түрленіп, құбылып, алғашқы түбірінен алыстай беретін лақаптар сияқты ауыз дәстүрлік қалыптағы әндер де бастағы кейпін өзгерте береді. Абай әндері де, осы айтқандай, бізге көптеген варианттармен жетті. Әрбір сөйлемі мен әрпі сөз мәдениетінен анағұрлым нәзік келетін ән мен күй, сол ауыздан ауызға көшіп жүргенінде, қаншама үн жаттағыштық зердесі күшті өнерпаз болса да, үйренген жерінен үйрететін жеріне жеткенше сөзсіз өзгерістерге ұшырайды. Қазақстандағы музыкатану өнері майданында, бүл мәселе әлі осы айтылып отырған тұрғыдан қаралып, зерттелген жоқ, ғылыми жолға қойылған жоқ. Абайдың музыкалық мұрасы әлі күнге әдейілеп жиылған да жоқ. Біздің Абай әндерін білуіміз — әр композитордың өзінше нотаға түсіріп, әр орындаушының өзінше айтып, әр «өңдеушінің» өз білгенінше сүйемел жасап жүргендерін естуімізден әрі аспайды. Әрине, Абайдың композиторлық творчествосы, Абай әндерінің өзіне ғана тән ерекшеліктері, оның үлгісінде ән шығарудың негіздері, Абайдың ән-күйге деген көзқарастары — осылардың бәрі терең тексеруді, үңіле зерттеуді тілейтін нәрселер.  
Баршаға белгілі, Абай ұлы орыс мәдениетінен нәр алып, орыс халқының демократ ақын-жазушыларының шығармаларын оқи, зерттей отырып, қазақ әдебиетінде өзіне дейін болмаған жаңалықтар тудырды. Ол Пушкин, Лермонтов, Крылов шығармаларын қазақшаға аударып, соларды қазақ арасына жаюшы, насихаттаушы болды. Осылай оқи, зерттей, аудара отырып, Абай өз өлеңдеріне жаңа ырғақ, жаңа өлшем енгізді. Өткір ойлы қалам қайраткері ұлы орыс мәдениетінің прогресшілдік ықпалы мен заманының жаңа ырғақ-ритмін сезді. Мұның өзі оның музыкалық творчествосына да әсер етті.
Жаңа ырғақ — өлшеу, жаңа кейіпті мелодия жолы, жаңа үнсөздіктері -осы үшеуі Абай музыкасының жаңалығы болды. Бұрынғы он бір және жеті-сегіз буынды өлеңдермен айтылатын әндерге Абай әндері ұқсамады. Абай тудырған жаңа поэзия лебі оның әндеріне де жаңа лебіз берді. Орыстың ұлы ақындарын үлгі тұтқан Абай музыка дүниесінде де мұсылмандық  шығыстың құран оқу әуезінен үн сөздіктерін іздемегені былай тұрсын, өзіне дейінгі болып келген қазақтың халықтық әндерінің бір қалыптас тілдерін де місе тұтпады. Ол орыстың әдет-ғұрып музыкасы, қалароманстарын ести, тыңдай отырып, солардан творчестволық үлгі алды. Оның үстіне Абайдың «Евгений Онегинді» аударып, «Татьяна хатына» өзінің ән шығаруы, Дельвиг пен Глинканың «Сұрғылт тұманын», Рубинштейннің «Мен көрдімін», Лермонтовтың «Қараңғы түнде тау қалғыбын» аударып, оларға ән шығарғаны Абайдың музыка сөздігін байытуға әсер етті. Тағы бір айта кететін нәрсе — Абай әндері, сөзі, музыкасы біте қайнасып жатқандықтан, өзіне дейінгі қазақтың халық әндерінше, орындаушының көрінген өлеңге жегіп алып, жүре беруіне келмеді. Мысалы, «Қараторғай», «Екі жирен»,«Жиырма бес», «Аққұм» сияқты әндерді бірінің сөзімен бірін айта бересің де, Абайдың «Сегіз аяқ», «Қор болды жаным», «Көзімнің қарасы», «Бойы бұлғаң» сияқты әндерін бірінің сөзімен бірін айта алмайсың. Қазақтың халықтық ән дәстүрінде бұл да бұрын-соңды кездеспеген жағдай деп айта аламыз.
Абайдың композиторлыққа басқалардан өзгеше жолмен келуі, оның творчествосында заманының алдын ораған жаңалықтарының болуы. Абай әндерінің ырғақтық, үндік, мелодиялык, жақтарының өзіне дейінгі қазақтың халық әндерінде болмаған қасиеттерге ие болуының тағы бір себебі — Абай ерекше бір музыкалық ортада болды, бір жағынан, өзінің асқан музыкалық қабілетінің, музыканы жан-тәнімен сүюінің арқасында қазақтың халық музыкасын жақсы біліп, Семей қаласына гастрольге келген артистердің концерттерін тыңдап көру арқылы орыс музыкасымен тікелей танысып отырса, екінші жағынан, айналасына топталған өнерпаздардың кейбіреулері орыс халқының музыкалық үлгілерімен таныс адамдар болды (өз баласы Әбдірахман, скрипкашы Мұқа). Олар Абай шығарған әндерді тыңдаушы ғана емес, бабына келтіріп орындаушы, дос бейілді кеңесшілер еді.
Абайда Мұхит, Біржан сияқты күшті дауыс болмаса керек. Ол тек өз даусының жеткенінше ғана әнді айтып шығарды. Ол — ақын, композитор, орындаушы арасында жетілген еңбек бөлісі жоқ кездегі жағдай еді. Шығарманы бірінші рет орындаушы да, кейін оны халық арасына таратушы да шығарушының өзі болады.
Абай әндері жаңа лебізді болғандықтан да өз тұсында көп түсінбеушілікке кездесті. 7-8, 11 буын ырғағымен ғасырлар бойы тәрбиеленіп келген адамдарға Абайдың жаңалықты ән тілі түсінікті болып кету үшін феодализмнің кертартпа дәстүрі қолайлы жағдай болмады. Абайдың:
Адам аз мұны біліп ән саларлық,
Тыңдаушы да аз ол әннен бэһра аларлық, -
 
дегені осы бір жағдаймен байланысты болу керек. Әннің мәнін түсіне айтатын орындаушы мен оны бағалай білетін, жаңа үнді жаны түсінетін тыңдаушыны арман еткен, бұрынғы қара дүрсіндікпен күресіп келген Абай, жаңа әндерінің көпке баяу тарағанына қын жылады. Алайда идеялық көзқарасында еңбекші халықтың мұңын жоқтауға көшкен Абай өзінің өлеңдерінде де, қарасөздерінде де, әндерінде де осы идеяны қолдап отырды. Поэзияның тілі жетпеген жерде Абай өлеңге ән қосты.
«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген Абай музыканың да адам өміріндегі өзгеше орнын басқадан ерекше сезген. Абай әнді ермек үшін де, қосымша кәсіп болсын деп те шығармаған. Ол жан сырын халыққа тек поэзия тілі арқылы ғана жеткізуді місе тұтпай, сонымен бірге халқымен музыка арқылы да тілдесуді жөн көрген.
Абай әндері қазір бүкіл елімізге кең тарап кетті, олар көптеген тілдерде айтылады. Абай арман еткендей, айтушы мен тыңдаушы қазір бір-біріне сай. Абай әндерін концерт сахналарынан, радиодан, опера, драма кейіпкерлерінің, көркем өнерпаздар үйірмелерінің орындауынан естиміз. Абай әндері сауық-кештерде, дастархан үстінде шырқалады. Қысқасы, Абай әндері біздің мәдени-өмірімізге тығыз араласты деп айта аламыз.
Абайдың музыкалық мұрасы тек совет өкіметі тұсында ғана жиналып, нотаға түсіріле бастады. Қазақтың халық музыкасын жинаушы А. Затаевич 1925 жылы Абайдың бірнеше әнін нотаға түсіріп жариялады. 30 жылдарда композиторлар Б. Ерзакович және Л. Хамиди Абайдың 20-дан аса әнін нотаға түсірді. Бұл әндердің бірқатары Абайдың екі томдық өлеңдер жинағында да басылды. 1939 жылы Қазақстанды зерттеу қоғамы Мәкен Мұхаметжанованың орындауымен Абайдың 16 әнін нотаға жаздырды. Бірқатар білімпаздардың ұйғаруынша, Мұхаметжанованың орындауындағы Абай әндері автордың оригиналына жақын болуы керек. Алдымыздағы жылы Абайдың әндер жинағы ғылыми түсініктермен басылып шықпақ. Қазақтың халықтық музыка үлгілерін жинаушы кейбір мекемелерде, жеке адамдардың архивтерінде сақталып жатқан Абай әндерін шамамен есептегенде, түрлі варианттарын қосқанда, жалпы саны қырыққа жуық болады.
Абай әндері нотаға түскен күннен бастап фортепианолық сүйемелдермен, жеке дауысқа арналып, хорға түсіріліп орындала бастады. Бертін келе Қазақстан композиторлары Абай әндерін өздерінің шығармаларына тақырып, арқау етіп енгізді. Абай әндері негізінде жеке аспаптарға (ұлт аспаптарына, симфониялық оркестр аспаптарына), шағын ансамбльдерге (трио, квартет, квинтет) және үлкен оркестрге арнап шығармалар жазды. Абай әндері «Абай» операсына молынан кірді. Онда Абай әндері өзінің алғашқы қалпында да, творчестволық дамулы, өзгерісті түрінде де енді (оркестрде, хорда, ансамбльдерде). Операдағы бір өзгешелік: бірқатар кейіпкерлер үшін Абай стилінде ән, ариялар жазылды. Мысалы, бірінші актідегі Айдар-Ажар дуэті, төртінші актідегі «Ей, халайық, барым ең сен» деп басталатын Абайдың ариясы. Соңғы кездерде Қазақстан композиторлары Абайдың өлеңдеріне өздері көптеген ән жазып жүр. Абай поэзиясының жан түкпіріне жететін асыл қасиеттерін музыка тілімен жалғастыру ісіне композиторлар қызу ат салысуда.
Абай тек ән шығарушы ғана емес, ән-күйдің әділ сыншысы да. Ол ән-күй жөнінде көптеген терең, үлгілі пікірлер айтты.
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең…
 
Бұл арада өлең деген сөз ән мәнісінде айтылып тұр. Ол музыканың адам өміріне туғаннан бастап қайтыс болғанға дейін ілесе жүретінін аңғартады.
Абай музыканы талдауға материалистік тұрғыдан келіп, оны сыртқы дүниенің сәулесі деп топшылайды.
Жақсы әнді тыңдасаң ой көзіңмен,
 Өмір сәуле көрсетер судай тынық, -
 
деп Абай әннің сыртқы дүниенің сәулесі, бейнесі екенін көрсетеді. Ол сыртқы шындық біздің сезім мүшелеріміз арқылы бастағы миға жетеді деген пікір айтады.
Құлақтан кіріп бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй.
 
немесе:
 
Жүрек тербеп оятар баста миды, -
 
дейді.
Композитор шебер суреттей, образ жасай білсе, әнде өмір сәулесі тынық су түбіндегі заттай анық көрінеді, ән мен күйдің санамызда бейнеленуі, «бойымызды алып, жүрегімізді тербеп, бастағы миымызды оятуы» құлақ (есту) арқылы келеді, дейді Абай. Ән-күйдің сана-сезімге, көңілге әсер ететінін айта келіп, Абай:
Салған ән көлеңкесі сол көңілдің, -
десе, екінші бір жерінде:
Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,
Оның тәтті оралған мәні оятар.
Кейі зауық, кейі мұң дертін қозғап,
Жас балаша көңілді жақсы уатар, —
 
дейді. Әнде көңіл күйі сан түрлі болатынын (музыка тілімен айтқанда мажор, минор) Абай шебер түсіндіреді.
Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын кесері бар.
 
немесе:
Құр айғай бақырған.
Құлаққа ән бе екен, -
 
деген өлең жолдарында Абай музыканың жан қылын шерту орнына, жаныңды түршіктіретіні де болатынын айтады.
Данышпан Абай күй жөнінде де өте өткір пікірлер айтты. Күйдің текстсіз айтылатын ән екенін сезген Абай:
Мұңмен шыққан, оралған тәтті күйге,
Жылы жүрек қайда бар қозғаларлық,
 
немесе:
Ақылдының сөзіндей ойлы күйді,
Тыңдағанда көңілдің өсері бар, -
 
 дейді.
Бұл жолдардан Абайдың күйді жете түсінгендігі көрініп тұр.
Осындай ән-күй туралы айтылған аса бағалы пікірлерімен қатар Абай әнді орындау шеберлігіне де көп көңіл аударады.
Көбінесе ән басы келер ащы,
«Кел, тыңда!» деп өзгеге болар басшы, -
 
деген өлеңінде қазіргідей концерт залы, клубы бар жерлердегі тыңдаушы көпшілікті қоңырау беру, немесе жарықты сөндіру, жағу арқылы тәртіпке шақырып, тыныштандырып әнді содан кейін бастайтын жағдай жоқта, шуласып, алқақотан отырған көпшілікті әншінің алғашқы «айқайымен» ескертіп алатынын айтады.
Күйлердің басындағы кейде созылып кететін бос қағыстардың мәні де бұрын осы негізде болған. Тыңдаушылар әбден басылған кезде ғана күйші күйдің өзіне түседі. Екіншіден, бұл алғашқы «айқай» дауыс жетер жердегілерді шақыру, жариялау рөлін де атқарған. Әнші-күйші алғашқы айқай мен құлақ күйі арқылы шабыт шақырып, өзін іштен әзірлепте алатын.
Саңқылдап біреу ән салса,
Біріне бірі жуықтап.
Тебінісіп қамалар,
Тоқтатып болмас сырықтап, -
 
деп, Абай әнші дауысымен жиналатын халықты суреттейді. Абай орындаушылыққа үлкен мән берген адам. Жақсы шығарылған ән-күй жаман орындаушының қолына түскенде «ауыздан шыққанда өңі қашатын көңілдегі көрікті ойдың» кебін киетінін де Абай білді. Шығарушылықпен орындаушылықтың екі түрлі қабілет екенін де ол жақсы түсінді.
Сондықтан жоғарыда айтылгандай, Абай алғашында өз әндерінің шығарушысы да, оларды бабына келтіріп, орындаудың нұсқаушысы да, ән-күйдің, әншіліктің сыншысы да өзі болды. Әрине, Абайдың «әніңді сатып ақша алма» деуі — сол кездегі ән қадірін түсіріп, біреулерді өтірік мақтап, мал табушыларды мінеп-шенегендік еді.
Қорытып айтқанда, Абай дарынды композитор болды, өзінің нота сауатынан хабарсыздығына қарамастан, ән шығару ісінде айта қалғандай жаңалықтар тудырды. Оның басты себебі — Абай, поэзиядағысы сияқты, музыкалық творчествосында да ұлы орыс халқының прогресшіл искусствосының артықшылығына түсініп, оны меңгеруге тырысты. Сөйтіп, қазақтың халықтық музыка дәстүрінде ол өзіне дейін болмаған жаңа үнді, жаңа ырғақты ән шығарды. Сонымен қатар ақын, композитор, орындаушы — үшеуі бір кісі болған тұста ол, қолынан келгенінше, олардың арасында еңбек бөлісінің керектігін сезіп, өз аулында, айналасында болса да, сол жұмыстың басын бастап кетті. Өзінің баяу даусымен шығарған үлкен сырлы әндерін халық көпшілігіне жеткізудің бар шарасын қолданды. Оның ән, күй орындаушылық жөнінде қысқаша айтып кеткендерінің әлі күнге дейін үлкен мәні бар. Композиция жағынан Абайдың музыкасы көп жанрлы деуге болады. Онда драма, сатира, трагедия, әдет-ғұрыптың, жаратылыс суретін бейнелейтін, тағы басқа сан түрлі музыка бар. Ал оның музыкалық сыншылығында жан-жақты, терең философиялық пікірлер жатады.
Алдағы мақсат — Абай әндерін өте ұқыптылықпен жинау, нотаға жазу, пленкаға, граммофон пластинкасына түсіру. Абай әндерін халықтық негізде орындаушылар — Жүсіпбек Елебеков, Қали Байжанов, Қуан Лекеров, Манарбек Ержанов және нотаға түскеннен кейінгісін шебер орындаушылар Ришат Абдуллин, Байғали Досымжанов, Кәукен Кенжетаев сияқты әншілердің орындау өзгешеліктерін ескере отырып, жазып алуды ұйымдастыру керек. Семейдегі Абай музейінде Абайдың музыкалық мұрасына арналган тиісті бөлім болуы керек. Онда Абай әндерінің неше алуан, жоғарыда саналғандай әншілердің орындауында жазылган, белгілі варианттарының бәрі қамтылған пластинкалар, пленкалар болып, музейге келушілерді солармен таныстырып отыруды көздеу керек.
Соңғы жылдарда Абайдың музыкалық мұрасы жөнінде бірең-сараң ғылыми-зерттеу жүмыстары жүргізіле бастады.
Алматы мемлекеттік консерваториясының студенттері, педагогтері өздерінің дипломдық және басқа музыка зерттеу жұмыстарында Абай әндерін тақырып етіп алып жүр. Абайдың қайтыс болуының 50 жылдығын атап өту кезінде Алматыдагы ғылыми оқу орындарында өткізілетін ғылыми сессияларда Абайдың музыкалық мұрасы жөнінде де бірқатар мәселе қаралмақ.
Абайдың музыкалық мұрасы Советтік Қазақстанда қайта туды. Абай әндері халқымызға рухани азық болуда. Республикамыздың өнер-білім арқаланған еңбекшілері Абай әндерін шырқай жүріп, коммунизмнің ұлы сарайының кірпішін қалауда.

Ахмет Жұбанов
Жұбанов А. Ән-күй сапары. — Алматы: Ғылым, 1976. – 213-221-беттер. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар