Сара Күзембаева. Абайдың музыкалық шығармашылығы
Бөлісу:
08.08.2015
12292
XIX ғасырдың екінші жартысында ұлтымыздың рухани қазынасына шексіз дария болып қосылған Абайдың философиялық даналық, көсемдік, ақындық және музыкалық мұрасы — халқымыздың баға жетпес асыл қазынасы. Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай «Қазақтың бас ақыны Абай» музыка өнерінің де бас классик-композиторы ретінде биік тұрғыдан бағаланып, жаңа дәуірдегі жаңа музыка мәдениетін негізін салды. «Өлеңді ермек үшін жазбаған, оны айтқанда толғанып, іштегі дертін жойған» Абай 60-қа жуық (нұсқаларын қосқанда) ән шығарыпты. XX ғасырдың ұрпақтарына Абайдың өлеңдері мен әндері ана сүтімен жүрегімізде тұрақты қоныстанып, өсе-келе адамдыққа, инабаттылыққа уағыздап («Әсемпаз болма әрнеге»), надандықпен, жалқаулықтан жирендіріп («Бойы бұлғаң»), ал жасымыз кемелденгенде («Қартайып… арман ұлғайғанда») рухани тазалыққа, имандылыққа жол көрсетеді («Алланың өзі де рас, сөз де рас»). Заманымыздың кемеңгер жазушысы Мүхтар Әуезов айтқандай: «Абай — халқының шын ұлы. Ол өмір бойы халқының қайғы-шерін жазып, мерейін көтеру жолында қызмет етті. Абай халқына тек өз тұсында ғана қызмет етіп қойған жоқ, ол өзінің жарқын бейнесімен, асыл сөздерімен бүгін де қызмет етіп отыр» [1, 44].
Халқымыздың дәстүрлі өнерінде Абай өзіндік музыкалық шеберлігімен, ерекше әуен сұлулығымен, оның нәзік сезімталдығымен, әндерінің тақырыптық, жанрлық байлығымен, ырғақтық және өлшемдік орамдылығымен жаңашыл композитор болып кеңінен танылды.
Абайдың ақындық және музыкалық қабілеті ерте оянып, жан-жақты біртұтас қалыптасты. Ол жастайынан туған халқының ежелгі мұрасы — ертегі, әңгіме, эпос, қисса, ән-күй сияқты фольклор үлгілерін үлкен ықыласпен тыңдап, көкірегіне тоқып өсті. Болашақ ақын-композиторға ерекше ықпалын тигізген дана әжесі, ескінің көзі Зере ана болатын. Абайдың шығармашылық талабының өсіп-дамуының тағы бір өзегі — ол сол кездегі рухани мәдениеттің ордасы болған — әкесі Құнанбай ауылы. Мұнда кең-байтақ қазақ даласының жүлдыздары — атақты ақын жыраулар мен жыршылар, айтыскерлер, әнші-күйшілер айлап құрметті қонақ болып, өз өнерлерін ортаға салатын, той-думандар, ойын-сауық, жарыс-күрес, айтыстар әрдайым өткізілетін. Өнер саңлақтарының ішінде атақты Дулат жырау, Біржан-сал, Әсет, Байкөкше, Қуандық, Кемпірбай, ақын-қыз Ажар, шертпе күйдің шебері Тәттімбет… Осы әулеттің сыйлы қонақтары болған. Ауыл кештері шалқыған әнге, күмбірлеген күйге, әзіл-күлкі, айтыстарға, алтыбақан және басқа да көптеген жастар ойындарымен нәрлі және нұрлы көріністерімен рухтанғаны мәлім.
Бұдан екі жарым мың жыл бұрын Конфуций: «Егер қандай да бір елдің билік ісі сәтті екендігін және көңіл-күйі дұрыстығын білгің келсе, музыкасын тыңда»24 деп тәмсіл айтқан екен. Сол ғұлама ойшыл айтқандай, егер біз Абайдың рухани ортасына зер салсақ, оның әндерін замана үні ретінде қабылдасақ, сол заманда ұлттық мәдениетіміздің аса бір биіктікке өрлегенін айқын сеземіз. Бұл кезеңді қазақ өнерінің Ренессансы — Алтын ғасыры деуге толық болады. Дәл сол дәуір Құрманғазы, Дәулеткерей, Ақансері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырайдың шығармашылық, орындаушылық дарындарының гүлденген шағы еді.
Абайдың ән туындыларының ерекше сыры — олардың поэтикалық сөзбен тікелей байланыста болуында. Өлең мен ән бірін-бірі толықтырып, аса шеберлікпен құрастырылып, тек ұлы талантқа тән әдістермен сипатталады. Поэтикалық және музыкалық дарын мен шабыт біртұтасып, жаңашыл тәсілдермен үндеседі. Мұндай шығармашылық үрдістің биік көркемділікке жеткізу шарттары туралы ұлы ғалым-ойшыл Әбунасыр Әл-Фараби өзінің «музыка өлеңмен сәйкестендіргенде ол ерекше күшті әсер береді, ал сөздер өз кезегінде анағүрлым мәнерлі бола түседі. Сонымен, ең заманауи, ең әдемі де ең әсерлі музыка — бұл жоғары аталған барлық ерекшеліктерді бойына сіңірген музыка» [2, 328]. Ал Мүхтар Әуезовтің романдарында Абайдың өлең-ән шығару сәттерін бейнелейтін көркемдік тілмен шебер жазылған көптеген қызықты эпизодтар бар. Бұл тұрғыдан жазушының «Абай жолы» роман-эпопеясынан үзіндіні келтірейік.
«Мынау салқын лебі айықпай ескен күншуақты көктем күнінде Абай жүрегі өзгеші бір еміреніп келеді. Кеудеде талай ыстық толқын сезімдер сыя алмай сығылысқандай… Өлең әнге оралып, еркеленіп келеді… Үзіле алмай ырғалады. Абай байқамапты. Бұның бар өлеңін Мәкіш тыңдап отыр екен. Бөтен біреудің өлеңі емес, інісінің өз өлеңі екенін де біліп отырыпты» [3, 296], — деп, Абайдың шығармашылық үрдісін поэтикалық жолдармен суреттейді. Абай әндері ұлтымыздың рухани мұрасы ретінде өзіндік музыкалық тілімен, эстетикалық мәнімен, көркемдік сәнімен, әрбір сөзі маржандай әсем әуенмен өрнектеліп, тақырыптық, образдық шеберлігімен, жаңашыл тенденцияларымен ерекшеленген мәдениетіміздің биік шыңына айналды. Кемеңгер өз әндерінде жүрекке тартымды-интонацияларды, жаңа ырғақ, жаңа өлең өлшемдерін өлең буындарына икемді келтірген. Ұлы композитор дәстүрлі музыкалық фольклордың барлық жанрларын қамти келе, жаңа жанрлар мен әдіс-тәсілдерді өмірге келтірді.
Абай шығармалары негізгі екі жүйеге топталады. Бірінші жүйеге — шалқымалы, әсем сазды, кең үнді, нәзік сезімталдылығымен өрнектелген лирикалық: «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, қаламқас», «Сен мені не етесің?», «Өзгеге көңлім тоярсың» және тағы басқа әндері жатады. Олар өздерінің кестелі музыкалық тілімен, образдық сипатымен, сезімтал эмоциялық әсерімен ән мәдениетінде, оның ішінде лирикалық-ғашықтық әндердің классикалық үлгілеріне айналды. Мысалы, халық поэзиясында, эпикалық жырларда жиі кездесетін шағын үлгіде жазылған «Жігіт сөзі» — «Айттым сәлем, қаламқас» және оған жауап ретінде келтірілген «Қыз сөзі» — «Қиыстырып мақтайсыз» деген екі бөлімнен тұратын әндерді келтірейік. Мұнда мелос өрісі нәзік лирикалық толғаныспен, қанатты үнмен шырқалады. Мақамның бастапқы сезімтал желісі жайлы түрде басталып, икемді интонациялардан құрастырылып, бірте-бірте өрістене, шарықтау шегіне жетеді. Атап айтқанда, «Саған құрбым, мал мен бас» деген өлең жолдарына дәлме-дәл үйлеседі.
Абайдың лирикалық әндерін сөз еткенде, ескере кететін бір проблеманы еске салған жөн. Ол Қазақстан музыкатану ғылымында осы күнге дейін қалыптасып келе жатқан орынсыз ой-пікір. Бұл қате тұжырым бойынша, Абайдың нағыз үлттық нақышпен безендірілген, нағыз қазақи туындылары «Айттым сәлем, қаламқас» пен «Желсіз түнде жарық ай» әндерін орыстың «Карие глазки» романсы мен орыстың халық әні «Коробейникиге» еліктетіп шығарылған, тіпті бұл әндерді Абай жазбаған да шығардеген күмәнді сөздер айтылып келеді [4, 120]. Біздің ойымызша, бүл теріс ұғым кеңес заманы идеологиясының салдарынан шыққан тұжырым. Соншама әндер шығарған Абай тек осы екі әнге келгенде, қалайша олардың авторы болмайды?! Рас, Абай кезінде өз ортасында әртүрлі халықтардың музыкасын естіп, табиғи дарынының арқасында оны қабылдап, өз шығармашылық лабораториясынан өткізгені мәлім, соның нәтижесінде, біз Абай тек өз мәнеріне тән әндер жазған деп толық айта аламыз. Бұл тұрғыда М.Әуезов ойлары да дәл жауап бергендей. «Абайдың, — дейді ұлы академик жазушы, — композиторлық еңбектерінде де, ақындық еңбегі сияқты, өзіне тиісті үлкен жаңа өзгешеліктер бар. Бұрынғы ауызша әдебиетке Абай көп еліктемей, жалпы сөз қорын пайдалана отырып, «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деп, өзінше жаңа мазмұн, жаңа түрлі өлеңдер жаза бастағаны сияқты, әнде де бұрынғы әннен гөрі өзгерек түрлерін шығарады. Бұрынғы әнді өзі бұрынғы әдебиеттен сонағүрлым артық бағалағанмен де, ендігі өз әнін жақсы жазған болса да, жаңаша үлгімен айтпақ болады. Шырқауы, айғайы аз, көбінесе құлақ күйіне ұқсаған қоңыр, баяу әндер. Және, әсіресе не бәйіт не орыс пен Еуропаның камерный әніне, романстарына ұқсаңқырап келеді. Бұрынғы қазақ әнінен мүлдем басқаша әндер болады. Бұл да өзінше жаңа жол табам деп, нық ізденудің нәтижесі. Абайдан қалған мәдени мұраның бұ да бір күрделі, үлкен саласы болып саналады» [1,209].
Абай әндерінің ішінде жастардың ең бір сүйіп айтатыны -«Желсіз түнде жарық ай» әні (1888). Бұл әнде нәзік ғашықтық сезім табиғаттың таңғажайып тербелісімен үндесіп, жүрекке жылы әуенмен әсерленген. Шексіз кеңістік, нәзік акварельді бояумен суреттелген ауыл кеші, шаттыққа толы жастық лебіз сүйкімді сазбен тербеліп тұрғандай. М.Әуезов тілімен айтсақ: «мұнда бәрі нақты, айқын да бұлтсыз, сабырлық пен қуанышты сезімдерге бөлейді».
«Желсіз түнде» әнінің айрықша стилистикалық белгілері ретінде натуралды минордан параллельді мажорға жұмсақ ауысу, әуендегі трихордтық мотивтер кездеседі.
Желсіз түнде жарық ай,
Сәулесі суда дірілдеп,
Ауылдың жаны терең сай,
Тасыған өзен гүрілдеп.
Қалың ағаш жапырағы
Сыбырласып өзді-өзі,
Көрінбей жердің топырағы,
Құлпырған жасыл жер жүзі!
Абай әндерінің екінші топтамасына тақпақ сазды, ақындық сарындарымен үндес, речитативтік әндер кіреді. Бұларда мазмұндық жағы жетекші орын алып, шағын диапазонды мақамдарда күрделі қоғамдық, әлеуметтік проблемалар көтеріледі, әзіл-сықақ, өсиет-нақыл, насихаттау, сынау тақырыптары басым келеді («Бойы бұлғаң», «Ата-анаға көз қуаныш», «Біреуден біреу артылса» және тағы басқа әндер).
Аталмыш әндердің арасынан «Ата-анағы көз қуанышын» алатын болсақ, бұл туынды өсіп келе жатқан жастарды адал еңбекке, білімділік пен адамгершілікке баулиды.
Абайдың бұл шығармасында тәрбиелік мән басым болса, ал сатиралық «Бойы бұлғаңда» автор өзін терең жэне нәзік психолог ретінде көрсетіп, өмірде кейбір адамның жағымсыз мінез-құлқын ашып әшкерелейді. Бұл әннің әр поэтикалық буыны бір дыбысқа сәйкес синхронды, яғни интонациялық тұрғыдан иірілгіш. Өлшемі ауыспалы болып, «кімді көрсем» деген өлең шумақтары кульминациялық биіктікте шырқалады. Бұл Абайдың асқан шеберлік мәнерінің айнасы.
Абай. «Бойы бұлғаң»
№ I
Жылдам, шалкыта
Бойы бұлғаң,
Сөзі жылмаң
Кімді көрсем мен сонан
Бетті бастым,
Қатты састым,
Тұра қаштым жалма-жан.
Өз ойында,
Тұл бойында,
Бір міні жоқ пендесіп.
Түзде мырзаң,
Үйде сырдаң,
Сөзі қылжаң еркесіп…
Речитативтік-декламациялық түрде жазылған әндердің ішінде «Сегіз аяқтың» орны ерекше. Әлеуметтік-өнегелі тақырыптың аясында оның атақты «Сегіз аяқ» әні әлеуметтік мағыналылығымен, көркемдік жетілгендігімен, форманың жаңашылдығымен сипатталатын шығарма. Бұл әнде Абай халықтың суырып салма ақындарының дәстүрлерін жалғастырып, одан әрі дамытады, адамгершілік туралы батыл және озық ойларын келтіріп, туған халқын рухани жетілуге жетелейді, адал да қажырлы еңбекті дәріптеп, таза рухты арман-мұрат пен имандылыққа талпынуды мадақтайды.
Абай. «Сегіз аяқ»
Сабырлы
А — льн: — тан сер — мсп. қү — лақ — тан тер — беп
Алыстан сермеп,
Жүректен тербеп,
Шымырлап бойға жайылған;
Қиуадан шауып,
Қисынын тауып,
Тағыны жетіп қайырған –
Толғауы тоқсан қызыл тіл,
Сөйлеймін десең өзің біл.
Өткірдің жүзі,
Кестенің бізі
Өрнегін сендей сала алмас.
Білгенге маржан,
Білмеске арзан,
Надандар бэһра ала алмас.
Қиналма бекер, тіл мен жақ,
Көңілсіз құлақ — ойға олақ.
Әнде Абайға тән поэтикалық жолдар әуендік өрнектермен біртұтас шығады — бір музыкалық дыбысқа көбінесе өлеңнің әрбір буыны сәйкес келіп нақтыланады. Әннің ішкі құрылысы мен композициясы тығыз байланыста болып, қазақ поэзиясында және ән дәстүрінде бұрын-соңды кездеспейтін жаңа шығармашылық әдістер қолданылады. Абайдың бұл әнінің стильдік сипаттамасын академик Зэки Ахметов ашып көрсетіпті. Ғалым пікірінше: «бұл өзінің жаңашыл түрі, ерекше икемділігі мен ырғақтық-интонациялық дыбысталуы… поэтикалық тілінің еркін де табиғилығымен ырғақтылығы мен дыбыстық үйлесімділігі ұштасқан сәйкестігі жағынан Абайға ерекше тән шығарма» [5, 338-339].
Абайдың музыкалық мұрасында терең философиялық толғаныс, қайғылы-драмалық, жалғыздық тақырыбы «Қараңғы түнде», «Ішім өлген сыртым сау», «Сен мені не етесің?», «Қарашада өмірі түр», «Қор болды жаным», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» әндерінде көрініс тапқан.
Абай. «Қараңғы түнде…» Баяу, терең сезіммен JL
Әуен қозғалысы толқынды, октава маңайында, негізгі тұрақты дыбыс пен минорлық терция аралығынан басталады. Әуен төменнен, тереңнен бой алғандай басталып, баяу, ауыр, бірте-бірте күш жинағандай көтеріледі.
Мелостың қалыптасуында трихордтық элементтердің маңызы зор. Екінші шарықтау кезеңіндегі сөйлемде субдоминанталық өріс басым келеді. «Қараңғы түнде тау қалғып» әні И. Гетенің «Песня ночного странника» өлеңінің М. Лермонтовтың орыс тіліндегі өлеңі арқылы еркін көркемдік аудармасы екені мәлім. Абай оны өзінің ішкі дүниесіне үндес үлттық дүниетанымына сүйеніп жеткізеді. Гете өлеңінің философиялық сарындарын атақты жазушы М. Шагинянның пайымдаулары дәл сипаттайды: «Ұйқыдағы табиғатпен әсерленген ол (И. Гете) кенет төніп келе жатқан бейтарап түннен де құтыла алмайтынын сезді, өлім табиғат сияқты адамға тән де қажетті демалыс, өмірден кейінгі өзінше бір «тыныс алу» болып көрінді»» [6, 12].
Қазақ халқының рухани өмірінде кең орын алған Абай әндерінің бірі «Татьянаның әні». Бұл туындыда Абай әйел дүниесінің сезімтал ішкі сырын, оның нәзік көңіл-күйін әсерлі музыкалық тіл арқылы көркемдік биік деңгейде бейнелейді. «Татьянаның хаты» туралы, оның сипаттамасын, музыкатану ғылымының маманы ретінде айтқан терең ой-пікірлерін М. Әуезов еңбектерінен табамыз. Ғалым-жазушы «Татьянаның әніне» талдау жасап, оның мақамы, ырғағымен өлшемі туралы маңызды пікір айтып, былай дейді: «Сол тәрізді Пушкиннен аударған Татьяна, Онегин хаттарына да арнаулы әндер шығарады. Қазақ көпшілігіне әншейінде ұғымсыз, тосаң көрінерлік орыс жастарының аттарын, өмірін, сезімдерін мынау өлеңдер арқылы аса түсінікті, әсерлі және даңқты етіп жібереді. 1890 жылдардан бастап Онгегин, Татьяна аттары қазақ сахарасында халықтың өзі тудырған жырлардағы адамдардың атындай белгілі, сүйікті аттардың бірі болды» [7, 131-132]. Абай өз аудармаларына роман сарыны бойынша 13 өлең (нұсқаларын қосқанда) шығарыпты. Бұл музыкалық үлгілер циклдық формамен жүйеленіп, европа опера жанрының композициялық, драматургиялық, сюжеттік (либретто) заңдылықтарына ұқсастығын байқатады. Бұл топтамаларда опера өнеріндегідей бас кейіпкер Онегиннің сипаттамасы (экспозиция), одан кейін «Татьянаның хаты» («Амал жоқ»), циклдың сюжеттік шиеленісуі мен оның трагедиялық жолмен дамуы («Ленскийдің сөзі») және операның финалы — оқиға желісінің қортындысы — («Онегиннің өлердегі сөзі») мазмұны мен коллизиясы динамикалық түрде дамып, өзінің одан әрі өрісін жалғастырып, операның эпилогы сияқты қорытындысын табады.
«Евгений Онегинге» жазған Абай әндері образдық айқындығымен, жанрлық байлығымен опера өнеріндегідей дамытылған речитативтер, ария, ариозоға ұқсас үйлесімді келтірілген, олар сахна көріністерін айқын елестетеді. Әндер опера формаларына сәйкес болып, ал «Татьянаның хаты» негізгі музыкалық сарын ретінде (лейтмотив) сюжеттің өзара байланысын үдетіп, жетекші функция атқарады.
Абай. «Татьянаның хаты»
№6 Баяу, әндете
А-мал жоқ қайт-тым біл-дір – мей, я-пыр(ы)-мау қай-тіп ай-та — мын?
Қой – ма – ды дер – тің күй – дір – мей, не сал-саң – да тар – та – мын
Ойымызды тұжырымдай келе айтатынымыз — Абай даналығының тағы бір қыры — ол ұлттық опера өнерінің негізін салушы деп санамаймыз. Бұл пікірімізге дәлел ретінде музыкатанушы — ғалым Ғ.Бисенованың ойлары да үндес келеді. Ол Абай туралы зерттеуінде Абайдың әндеріндегі операға типтес «речитативті-ариозалық стильді» көрсеткен — еді [9, 18].
Ал «Татьянаның әні» сол кезде көптеген ақын, әншілердің репертуарына кіріп, қазақ даласында кеңінен шырқалды. Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтқанда: «Татьяна мен Онегиннің сүйіспеншілік хаттарына мелодиялар шығарып, оларды ақындардың репертуарына енгізген, сөйтіп бұл есімдердің ел арасында кеңінен белгілі болтаны соншалық — дала жастарының сүйіспеншілік хаттары солардың сөздерінен басталып отырған» [8, 17-18]. Осы пікірді одан әрі жалғастыру мақсатымен тағы бір мысалды келтірейік. Торғай өңірінде болған орыс саяхатшысы-журналисі Дмитрий Львовичтың очеркінде қонаққа сый-құрмет көрсеткен үй иесі Нұрпейіс қазақ ән-күй өнерімен таныстыру үшін сол ауылдың кәрі ақыны Абылай Қарабатыровты шақырыпты. Бірнеше өлең айтылғаннан кейін, ақын «Татьянаның әнін» шырқайды. Сонда Дм.Львович: «Шынымды айтайын — мен қүлағыма сенбедім. Қарт қазақтың Татьянаның Онегинге хатын ән етіп айтқанын елестетіңізші. Хат кереметтей табысты болды, оның үстіне біз күткендей оған Нұрпейістің әйелі ерекше құрметпен қарады» деп тамсана жазған болатын [10, 376].
Абайдың ән мүрасы өзінің эстетикалық және көркемдік құндылығымен заманауи ұлттық өнердің қайнар-бұлағына айналды. Абай мелосын, өлеңдерін арқау етіп, Қазақстан композиторлары әр жанрда көптеген туындылар жазды. Мысалы: бұл Евгений Брусиловскийдің «Жалғыз қайың» атты симфониялық поэмасы, Еркеғали Рахмадиевтің Абай өлеңдеріне шығарған вокальді циклы, Ғазиза Жұбанованың «Татьянаның хаты» атты кантатасы, Сыдық Мұхамеджановтың «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» деген романсы және тағыда басқа музыкалық шығармалар. Абай тақырыбына арналған туындылардың ішінде Мұхтар Әуезовтың либреттосына жазылған «Абай» операсының орны ерекше. Мұнда Абай әндерін опера жанрының заңдылықтарына үйлестіріп, оларды түрлі модификацияға салған, вокальдық, хорлық, оркестрлік бай тәсілдермен тереңдетіп, асқан кәсібилікпен игерген түңғыш ұлттық композиторлар Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди.
Опера 1944 жылы 24 желтоқсанда айында тұңғыш рет сахнада көрсетілді. Абайдың туғанына 100 жыл толуына арналған бұл шығармада классик-композиторлар А.Жұбанов пен Л.Хамиди халық данасы Абайдың әндерін лайықты түрде пайдаланды.
Абай ұрпақтары — Мәкен Мүхамеджанова мен Әрхам Ысқақовтан жазып алған өлеңдер бірнеше нұсқаларымен келтіріліп, сюжеттік желіс заңдылығы арқылы, кәсіби әдістерімен безендіріліп, жан-жақты шығармашылық үрдістермен байытылады. Мұнда негізгі кейіпкер — Абай образы жоғарыда айтылған тәсілдермен шынайы көркемдік деңгейде суреттеледі. Опера авторлары көптеген ұлттық бояумен сахна көріністерін реңдеп, фольклордың музыкалық-поэтикалық жанрларын кеңінен келтірді — олар, тойбастар, беташар, жар-жар, жоқтау, шешендік сөз, толғау, терме, ойын-сауық түрлері және т.б.
Абайдың музыкалық мұрасы әрқашанда өзінің көркемдік сипатымен, терең ой, мағыналы мазмұнымен және бекзаттылығымен көптеген оқымысты-ғалымдарды, фольклортанушыларды қызықтырып, олардың зерттеу нысанына айналды. Олар — С.Рыбаков, А.Бимбоэс, А.Затаевич, А.Жұбанов, Б.Ерзакович, Г.Чумбалова, В.Дернова, Г.Бисенова және тағы басқалар. Ұлы кемеңгердің өміршіл дәстүрі қазіргі кезеңдегі өнердің барлық түрлерінде — музыкалық, драмалық, бейнелеу-қолөнер және кино өнерінде өзінің жалғасын табуда. Ал ұлттық музыканың классикалық туындысы — М.Әуезовтің либреттосына жазылған А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсының жаңа қойылымының түсаукесері 2012 жылдың 21қыркүйегінде Майнингенде (Германия) болды.
Ахмет Жұбановтың шөбересі, әлемге танымал дирижер Алан Бөрібаевтің жетекшілігімен қойылған операда (неміс тіліне аударған Альвина Майсснер) Абай бейнесін Дон Хес Шин, Айдарды — Родриго Поррас Гаруло, Ажарды — Камила Риберо-Суза сомдап, басқа өнер шеберлерімен бірге өздерінің вокалдық және орындаушылық дарындарын биік дәрежеде көрсетті. Бұл халқымыздың мақтанышына тұрарлық тарихи оқиға арқылы ұлы Абай бейнесі сонау Еуропаның сахна трагедиялық төріне шықты. Қойылымнан Еуропа жұртшылығы Абайдың трагедиялық тағдыры мен гуманистік, прогрессивтік болмысы туралы терең толғандырған мағлұматтар алды.
Абай әндері — музыкалық өнердің інжумаржаны, асып мұрасы.
Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған, — деген.
Абай жаңа мыңжылдықта сәулелі бейнесімен, әсем әндерімен әрдайым өз ұрпақтарымен бірге. Оған тағы бір дәлел — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Мәдени мүра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген көп томдық «Қазақ музыкасының антологиясында» Абай әндері лайықты орнын алды.
Классик композитор Абай Құнанбайұлының музыкалық мұрасы қазақ мәдениетінің даму жолында жаңашыл көркемдік бағыт әкелді. Мәнерлі интонациялық тілімен, поэтикалық үндестігімен, ұлттық сипатымен, құрылымдық және стильдік ерекшеліктерімен, эстетикалық жэне мазмұндық құндылығымен кемеңгер қаламгердің әндері мәңгілік рухани болмысымен сарқылмас ғасырлар қазынасы болып қала береді.
ӘДЕБИЕТ
1. Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. — Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі, 2007. Т.27. — 448 б.
2. Аль-Фараби. Трактаты о музыке и поэзии. — Алма-Ата: Ғылым, 1993.- 456 с.
3. Әуезов М. Абай жолы роман-эпопея, l-кітап. — Алматы: Жазушы, 1989.- 608 б.
4. Музыкальная культура Казахстана. — Алма-Ата: Казгосиздат, 1955.- 176 с.
5. Ахметов 3. Казахское стихосложение. — Алма-Ата: Наука, 1964.- 458 с.
6. Шагинян М. Гете. — М.-Л., 1950. — 360 с.
7. Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. — Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі, 2007. Т.30. — 452 б.
8. Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. — Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі, 2007. Т.32. — 456 б.
9. Бисенова Г.Н. Песенное творчество Абая Кунанбаева. — Алматы: Дайк-Пресс, 1995. — 168 с.
10. Ерзакович Б.Г Песенная культура казахского народа. — Алма-Ата Наука, 1966. — 340 с.
Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы / Жалпы редакциясын басқарған У.Қ. Қалижанов, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті. – Алматы: Әдебиет әлемі, 2013. – 461-473 — беттер.
Дайындағандар: 1 курс магистранттары Дайрабекова Г., Кребаева А., Нурашева Г., Хабибулина А.
Бөлісу: