Абай мен Шәкәрімнің ойлау пайымына қазір Еуропа да, Шығыс та жете алмай отыр
Бөлісу:
08.08.2015
2739
Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ, филология ғылымының докторы, профессор:
- Жаңа оқу жылынан бастап мектептерге абайтану пәні енгізілгелі жатыр екен, осы мәселе туралы не айтасыз?
- Абайтануды мектеп бағдарламасына пән ретінде енгізу мәселесі 2002 жылы арнайы сөз болған. Бұл бағдарламаны 1-сынып пен 10-сыныпқа дейінгі кезеңдегі бағдарлама ретінде Талғар қазақ мектебінің оқытушысы Нұрғанат Керімбаев ұсынған еді. Бұл ресми түрде бекітілмей қалған болатын. Алайда «Абайтану» пәні мектептерде оқушылардың қалауы бойынша факультативті пән ретінде оқытылып жүрді. Жалпы, бұл бастаманы біз халқымыздың руханиятының алға басуы деп бағалап отырмыз. Дегенмен абайтану пәнінің жаңа оқулығы жазылып, хрестоматиясы даярланып, алдын ала даярлықпен ендірілсе жөн болар еді. Бірақ бұған күмәнім бар. Тіпті, сол оқулық пен бағдарлама бола қалғанның өзінде ескі сарыннан, қасаң көзқарастан құтыла алмаған болар деп шамалаймын. Бұл жақсы бастама болғанымен, Абай дүниетанымының өзекті желісіне айналған Абайдың Шығысқа қатысы туралы мәселе тағы да сөз етілмей, тасада қалатын тәрізді.
- Аталған пән оқушыларға не береді, бойларына қазақы дүниетанымның қалыптасуына сеп бола ала ма?
- Батыстың мінез-құлқындағы кері кеткен мерез біздің жастардың мінез-құлқына әсер етіп жатқаны өтірік емес, шындық. Осы кері құбылыстан құтылудың рухани жолы Абайдың әдеби мұрасы деп тапқандықтан, министрлік абайтану пәнін ұсынып отырған тәрізді. Бұл әрекеті - дұрыс, баянды әрекет. Менің пікірімше, Қазақстанның қоғамдық ғылымдар саласы мен ағартушылық мәселесі де кеңестік дәуірден бастап, біржолата еуропалық қалыпқа түскені - жасырын сыр емес, шындық. Осы себепті барлық оқулықтарымыз бен тәлім-тәрбие жұмыстарының түрлерін де осы еуропалық қалыпқа түсірдік. Ой-санамыз да осы тұрғыдан қалыптасты. 1991 жылдан бастап Тәуелсіздік туын қолға ұстағанымызбен, біздің ақыл, ой-санамыз, дүниетанымымыз бұрынғы қалыптасқан еуропалық модельден ауытқымай келе жатыр. Бұл біздің ұлттық рухани санамызды тәуелсіздік жолына бұруға, сол жолда ұлттық, шығыстық қалыпқа түсуімізге мейлінше кедергі болып, аяғымызды еркін көсілуге жол бермей келеді. Үшінші мыңжылдық адамгершіліктің, гуманизмнің заманы болуға тиіс. Егер біз, шын мәнінде, тәуелсіз мемлекет болатын болсақ, тәуелсіз мемлекеттің тәуелсіз дүниетанымы болмағы керек. Уақыт осыны талап етіп отыр. Сондықтан уақыт талабына орай, біздің ескі шапанымызды шешіп тастап, ұлттық шапанымызды киетін уақыт келді. Ал оқушылардың адамгершілік тәртібін жолға қою үшін мектепте Абайдың «толық адам» ілімін өз алдына пән ретінде ендіріп, адамгершіліктің идеологиясын олардың санасына біртіндеп сіңдіруді мақсат етіп қою керек. Бір сөзбен айтқанда, абайтанудағы сең бұзылуы керек. Ол сеңнің бұзылуының көрінісі қазіргі күнде Абай атындағы университетте. Онда Абайтану ғылыми-зерттеу орталығы құрылып, барлық факультеттерде абайтану пәні арнайы курс ретінде оқытылып отыр. Ол үшін арнайы оқулық жазылып, арнайы бағдарлама жасалып, осыған қоса, хрестоматиясы да беріліп отыр. Жастар арасында мінез-құлықтың бұзылуы, батыстық мерез ауруына ұшыраған мінез-құлықтағы жұқсыз қылықтарының жастарды шырмай бастауы бізді қатты ойландырып отыр. Осыған жол бермеу үшін, жастарымыздың жағымсыз әрекеттен бойын аулақ ұстауы үшін оған қарсы күрестің құралы Абайдың «толық адам» туралы іліміне кең өріс беретін заман туды. Абайтанудағы евроцентристік танымдағы бұрынғы оқулықтардағы ескірген танымның орнына енді ғылымға негізделген, ұлттық және шығыстық бағыттан туындаған Абайдың «толық адам» іліміне негізделген жаңа типтегі оқулықтар ұсынылуы керек. Бірақ қазіргі мектептерге оқуға ұсынылып отырған абайтану пәнінде бұл таным жоқ. Әлі де ескі танымдағы абайтанудың соңынан шыға алмай отырғаны - анық нәрсе. Келелі кеңес құрып, көпшіліктің көзін жеткізіп, дәлелденген жаңа танымдағы оқулықты ғана біз түсінуіміз керек. Егер шын мәнімен, осы мәселені қолға алатын болсақ, абайтану оқулығы ұлттық шығыстық танымдағы жаңа дүниетанымға негізделген жаңа оқулықты ұсынуға даярлықтан өтуі керек. Онсыз бұл салада өзгеріс болмайды, болуға негіз де жоқ.
- Демек, шығыстың төл философиясын қайтадан аршып алатын болсақ, қазіргі кезде басым тұрған Батыс өркениетіне тойтарыс беруге болады ғой?
- Қазір әлемге басымдық көрсетіп тұрған Батыс өркениеті бір күндері өшеді. Өйткені ол өркениет емес. Біз жасанды жолға түсіп тұрмыз. Себебі американдық ұлт деген ұғым - жасанды нәрсе. Ол тарихтың табиғи жүрісінен пайда болған жоқ. Жасанды және жауыздық жолмен пайда болған. Америка Құрама Штаттары 2 миллион үндістің сүйегінің үстіне құрылды. Үндістерді толық қырып тастаған соң, жердің иесі болмай, американдық ұлт құрылды. Ендеше, біз неліктен жасанды америкалық ұлтқа ұқсауға тиіспіз? Рас, бізді де иесіз қалған Америка құрлығы секілді етпекші болды. 1897 жылы қазақтар Ресей империясы құрамындағы түркі тектес халықтардың 52 пайызын құраған біз қазір оның үштен біріне де жете алмай отырмыз. Егер біздің бәріміз қазір мемлекеттік тілде сайрап тұрсақ, онда бұл идеядан бірнәрсе шығады деп дәмеленуге болар еді. Жасанды совет халқын жасау Кеңес өкіметінің де қолынан келмеді ғой. Сондықтан біз ұлттық бағыттағы идеология қалыптастыру мәселесін қолға алуымыз керек. Елімізде ұлттық нақыштағы доктрина болуы керек. Өкінішке орай, біз отарсыздандыру саясатын дұрыс қолға алып жатқан жоқпыз. Оған тіпті көңіл аударып та жатқан жоқпыз. Қазақтарды отарландыру саясаты сан жылдар бойы қалай жүзеге асқандығын қазір айта бастасам, алты ай жырлауға болады. Патша үкіметі де, Кеңес үкіметі де өзінің қарамағындағы халықтардың арасынан қазақтардан ерекше қорықты. Екеуі де «бұларды оқтын-оқтын отап отыру керек» деген саясат ұстанды. Әсіресе Кеңес үкіметінің құраушылары біздің саяси элитаға сескене қарады. Өйткені Ленин, Сталинмен жағаласып, айқасатын сауатты элита тек қазақтардың арасынан шығып отырды. Тарихшы Мәмбет Қойгелдиев: «Орталықтың қазақтан әйтеуір бір қаупі бар, мұны барлық статистика көрсетіп отыр», - дейді. Дәл айтып отыр. Міне, осындай өресі биік халықты «сексен қырлы отарлау саясаты» арқылы мүсәпір күйге түсірді. Ашықтырып өлтірді, атып өлтірді, ақыр аяғы аман қалған азғантай топтың санасын өлтірді. Қазақтарды отарландыру саясатына қанша қаржы, қанша күш, еңбек жұмсалған болса, енді содан арылу үшін де дәл соншалық әрекет керек.
- Жалпы, қазақ руханияты қазір қыл үстінде деп айтады. Орыс пен Батыстың мәдени ықпалынан болатын қауіп қай деңгейде?
- Бұл бізге келген екінші нәубет еді. Бірінші нәубет VІІІ ғасырда басталды. Сол кезде бізді арабтар жаулап алды. Абайдың айтуынша, Бұхарадан басқа ел мен жердің барлығының аттары өзгертілген. Сол кезде біз «қазақ» болып атандық дейді. Бұған дейін «ұлыс» деп атайды екен дейді. Кейін араб халифаты құлап, түрік халықтары тәуелсіздік алғаннан кейін қайтадан түркілік жаңғырды. Екінші кезең осы орыстар келгеннен кейін басталған жаппай ұлтсыздандыру. Қала, елді мекен, жер-су аттарының барлығы қайтадан өзгере бастады. «Туркестанские ведомости» газетінде «Ташкенттің атын өзгертіп, Шымкентті - Черняев, Қызылорданы - Перовский, Алматыны - Верный етіп өзгертудегі мақсат ұрпақ ауысқаннан кейін көне атаулар мәңгіге ұмытылып қалса» деп жазады. Мысалы, қазір Павлодар қаласының бұрынғы атауын білетін адам табылмай отыр. Сол секілді жадыны ауыстырғаннан кейін адам өзгереді. Екінші антропонимдер өзгертіледі. Арабтар баласының атын арабша қойғандарға сыйлық беретін болған. Қызметін де көтерген. Сол секілді Ресейде адам аттарының артына «ов», «ев», «ин» жалғауы жалғана басталды. Қазақтарда малға таңба салады ғой. Әр рудың өзінің таңбасы болады. Сол таңба басылған малға ешкім тиісе алмайды. Себебі ол кімнің малы екендігі таңбаланып қойылған. Сол секілді біздің есімдеріміздің жамбасындағы жалғау да кімнің малы екенімізді көрсетеді. Сондықтан енді балаларымыздың аттарын шамамыз келгенше қазақыландыру керек. Кейіннен араб жазуы бүкіл түркі елдеріне ортақ емле болды. Қазақтың жазған хатын Каспийдің арғы бетіндегі әзірбайжан да оқи алатын еді. Осы бірліктен Патша өкіметін қатты қорқытты. Мұндай тұтастықты бұзу үшін алдымен жазуын екі рет өзгерту керек деген шешімге келді. 1892 жылы Патша үкіметінің тарапынан жасырын хат жазылды. Хатта «Қазақтарды тез арада шоқындыру керек, егер көнбесе, жер бетінен сыпыру керек» делінген. Осы хат жолынан адасып, Абайдың қолына келіп түсіпті.
Мұны естіген жандармерия жанұшырып келіп, Абайдың үйін тінтеді. Орыстың тілін біл деп жүрген орыстың осындай хаты Абай үшін ауыр соққы болды. Осыдан кейін үш күн ешкіммен сөйлеспей жатып, құсадан қайтыс болыпты.
- Қазір біздің қоғамда орыс мәдениетінің ықпалы тек аға буын өкілдері кеткенде ғана әлсірейді. Тіл мәселесі де өздігінен шешімін табады деген пікір айтылып жүр. Бұған сіздің пікіріңіз қалай?
- «Біз кеңестік дәуірде туылдық, сол заманның адамымыз және сол философиямен өмірден өтеміз» деген стереотипті мен керітартпашылдық деп білем. Мысалы, мен де сол кеңестік идеологияның уытына ұшыраған адаммын. Менің мектепке баруым әліпби ауысқан заманға тұспа-тұс келіп, қазақы руханияттан мүлде кенде қалдым. Себебі орыстың оқы дегенін ғана оқыдым. Орхон-Енисейді былай қойғанда, не латынша, не төтеше оқи алмаймыз. Төл дүниелерімізден мүлде айырылып, тарихи жады өшіріле бастады. Өзге әлемнен хабар алатын қазіргі интернет жоқ, газет-журнал, радио толқынындағы әрбір айтылған сөз есептеулі. Сонымен біз темір қоршаудың астында таза мәңгүрт, қып-қызыл коммунист болып өсіп шықтық. Мәскеу не айтса да «дұрыс» деп бас шұлғыдық. Жасым жиырма беске келгенше менің көзқарасымда ешбір өзгеріс болған жоқ. Өзбекстанға барып, райкомда жұмыс істей бастағанымда ғана алғаш ұлт және теңсіздік мәселесі жөнінде ойлана бастадым. Өзбек пен қазақ ұлтшылдар деп жаппай қамауға алынады, ал шовинист орыстың бір де бірі тұтқындалған жоқ. Неліктен бұлай деген ой келе бастады. Кейін аспирантураға түскен кезімде Бауыржан Момышұлының үйінде жатып оқыдым. Міне, осы кезден бастап менің көзқарасым түбегейлі өзгерді. Сол секілді ынта мен ықылас пайда болса, мәдени құндылықтардың қайта орнығуы қиын болмайды.
- Ұлттық идеологиямыздың тірегі не болу керек?
- Кейбір халықтар ұлттық идеологиясын қолдан жасайды, жоқтан жасайды. Ал бізде ұлттық идеологияның негізі бар, Абайдың, Мағжанның, Шәкәрім секілді ақындардың мұраларында ұлттық болмыс жатыр. Соны бүкіл халық болып сіңіре алу қажет. Бізде жауанмәртлік, хал ілімі деген арнайы сопылық ілім бар. Абайда ол - толық адам ілімі, Шәкәрімде - ар ілімі. Осы аталғандардың барлығы идеологияның «әкесі», рухани қазынамыз. Идеология дегеніміз - сананы тәрбиелеу. Ал Батыстың идеалы қандай? Америкалықтардың түсінігінде ұрлайсың ба, ар-намысыңды таптатасың ба, әйтеуір ақша тауып кел. Ақшаң болмаса, сенің құның да жоқ. Протестанттық дінде Құдай ақшасы барды сүйеді дейді. Осыдан барып индивидуализм туындайды. Мұндай түсінік біздің табиғатымызға келмейді. Біздің өркениетімізді ең гуманистік қоғам деп атаса болады. Мысалы, Шыңғысханды алып қарасаңыз, неге ол ешкімнің тіліне тимейді, дініне, салтына шүйлікпейді? Дәл осындай ұстанымда болған патша бар ма?
- Сопылық ілім бізге қаншалықты жақын?
- Қаншалықты жақын деп сұрақ қоюдың өзі қате болуы мүмкін. Себебі ол біздің төл руханиятымызбен етене араласып, дәстүр-болмысымызға сіңісіп кеткен. Сопылықтан қашпау керек. ХІІ ғасырда бүкіл әлемдік деңгейдегі ойлаудың ең биігіне жеткен сопы ақындары болатын. Біз исламды қабылдағанда сопылық ілімі арқылы қабылдадық. Содан жаман болған жоқпыз. Қазір сопылық ілімін - Аллаға серік қосушылардан деп сынайды. Жоқ, олай емес. Абай мен Шәкәрім шығармашылығында базбіреулер айтып жүргендей, сопылық ілімнің кейбір атрибуттары емес, түпкі негіздері жатыр. Сондықтан егер сопылықты терістейтін болсақ, Абай мен Шәкәрімді, бүкіл қазақ мәдениетін терістегеніміз болып шығады. Жан мен тәннің ілімі бар. Оны біздің қазіргі философтар онша түсіне алмай жүр. Мәселен, олар психология ғылымын жантану деп атап жүр. Олай емес қой. Психология - адамның бойындағы психологиялық ойлаудың заңдылықтары туралы ғылым. Абай мен Шәкірімнің ойлау пайымына қазір Еуропа да, Шығыс та жете алмай отыр. Мен ойлаймын, қазіргі кезде сопылық ілімнің жеккөрінішті етіп көрсетілуі өзіміздің тарихымызды жетік білмеуімізден болып отыр.
- Әңгімеңізге рақмет.
Алашқа айтар датым...
Біз ескірген, қасаңданған еуропалық модельден мүлде түбірімен жаңарған ұлттық шығыстық модельге бет алуымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, қоғамдық ғылымдар саласы, тәлім-тәрбие жүйесін беріп отырған педагогикалық ғылым саласы өзінің келешекте жүретін жолын, яғни рельсін ауыстыруы керек. Онсыз біз өзіміздің бағытымыздан, тура жолымыздан таямыз.
Сұхбаттасқан Сәкен Көкенов
Бөлісу: