М. Мырзахметұлы: ар түзейтін бір ғылым табылмаса

Бөлісу:

08.08.2015 2932


Шәкәрімнің танымдық әлеміне Абай мұрасы арқылы кіру - ұтымды боларына айрықша ден қою керек, өйткені бұл жол жантану ілімін танып білуде адастырмас темірқазығымыз.
Екі ой алыбы өз туындыларында қазақтың қоғамдық ой санасындағы шешуші әрі күрделі философиялық тақырыпты көтеріп, оның өзегіне айналған жантану ілімін танып білу жолында толассыз ізденіске түскен.
Алдымен, Абай өз поэзиясында 1889 жылдан өмірінің соңына дейін түп иені танып білу жолында жүрек культін көтере жырлау арқылы толық адам ілімінің негізін салуға батыл қадам жасауға ұмтылды. Бұл ұмтылысты Шәкәрім дәстүрлі жалғастыра дамыту арқылы XІX ғасыр аяғы мен XX ғасыр басындағы әдебиетте философиялық лириканы классикалық биік деңгейге көтере білді.
Ұстазы хакім Абай мен шәкірті Шәкәрім түп иені (хақиқатты) танып білуге жантану ілімі арқылы бару жолын ұстанды. Әсіресе, бұл өте күрделі, шешуі қиын, салмағы зіл батпан мәселені Шәкәрім XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің ояну дәуірінде мүлде тереңдей зерттеп, соны таным, тың ойлар желісін тартты. Әрі оны философиялық лирика табиғатына сай молынан қамтып, зерлеп, зерттеп терең мән бере қарады.
Қазіргі философтар мен психолог ғалымдар психология ғылымын жантану деп атап, бөгде бағыт алып адасуда. Өйткені, шындығына келсек, мысалы логика ғылымы ойлаудың заңдылықтары туралы ғылым болса, психология адамдағы пси­хикалық құбылыстарды танып білудің ғылымы емес пе?!
Ал жанды танып білу ғарыштан келетін, яғни жанның тылсым құбылыс болуы себепті, ол жантану іліміне жатады. Абай мен Шәкәрімнің зерттеу, іздену ны­санасына алып отырғаны да осы ғарыш, яғни түп иеден келетін жанды тану ілімі. Психология мен бұл айтылып отырған түп болмысы ғарыштан келетін шын мәніндегі жантану ілімінің арасында жер мен көктей айырма бар. Осы себепті Шәкәрім: "Жанның бастан барын байқамапты, психолог ғылымын шашқан адам", - деп мәселенің төркінін дәл басып, психолог ғалымдардың адасу себебін ескертіп отыр.
Анығына келсек, Абай мен Шәкәрімдегі философиялық лириканың өзекті тақырыбына айналып отырған аса күрделі де ұғынуы қиын ғарыштық танымдағы жантану ілімі туралы мәселе таза ақыл қуатымен танып жырланған өзіндік қайталанбас терең сыры бар тылсым құбылысқа айналды.
XІX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында ағайынды ой алыбы Абай мен Шәкәрімнің ғарыштық тылсым сырға толы жантану ілімін философиялық лирика жанрының өзекті тақырыбына айналдырып, соны ой, тың таныммен жырлау деңгейіне сол тұстағы батыс пен шығыс ақындарының қолы жете бермеуі де көп нәрсенің сырын аңғартса керек-ті. Қазақ поэзиясындағы философиялық лириканың сапалық деңгейі мен идеялық өрісінің шарықтау шегін танытатын осы бірегей рухани құбылыстың тетігі жантану ілімімен ұштасуында жатса керек-ті.
Менің пайымдауымша, Шәкәрімнің тіршілік пен жанның пайда болуы жайындағы танымында қос сатылы ұғымның қатарласып жатуы байқалады:
а) Күн планетасы мен жер планетасы арасында, яғни Күн-ата, Жер-ана сипатындағы қарым-қатынасынан әуелі өсімдік әлемі пайда болғанға ұқсайды. Өсімдіктен жан-жануар әлемі пайда болған да, одан адамзат жаралған деген танымды ұсынады. Бұл таным негізі Шәкәрім өлеңінде былай суреттеледі:
Бас қозғалыс қой жанның атасы...
Сол жаннан талай жан өскен,
Жанына қарай тән өскен.
Өсімдік жаны нашар боп,
Олардан жәндік және өскен,
Жәндіктен адам жаралған.
Бұлардың бәрі күннің жерге түскен жылы нұрынан жаралуы себепті, бұл құбылысты жаралыстың төменгі сатысы деп қараймыз.
ә) Ал енді күн жүйесіндегі жер планетасында тіршілік атаулыға жан қайдан келді деген ұлы сұраққа Шәкәрім: "Бас қозғалыс қой - жанның атасы" деп көрсетеді де, бүкіл әлемдік жоғары қабаттағы құбылыстың мән мағынасына ой жүгіртіп:
Жанымыз күннен келген  нұрдан,
Тәніміз топырақ пен судан  жаралған,
- деп ой қорытып алып, "Жарық нұрдан жаралған күн жоғалмас", - деп күннің өзін жаратқан күш қуаты жоғары әлем қабатында жатқан түп ие құдіретін меңзейді.
Жаралыс басы қозғалыс,
Қозғауға керек қолғабыс.
Жан де мейлі бір мән де,
Сол қуатпен бол таныс.
Әлемді сол мән жаратқан,
- деп жаралыстың жоғары сатысына қарай сілтейді. Түп иені "жан", "мән" деген балама сөзбен береді де, бүкіл ғарыштық әлемді сол "мән" ("жан") жаратқан деп ой түйеді. Мұны әлемнің жоғары қабатында болып жатқан шешуші құбылыс ретінде қарайды. Осы ой қорытындысына келген Шәкәрім:
Шынды білмек ойласаң сен
Алдымен жанды біл, -
деп жанға мән беру арқылы түп иені таза ақылмен танып білу керектігін деп ескертеді. Шәкәрімнің жантану ілімінде жанға айрықша мән бере қарауында мәселенің шешілер түйіні жатқаны байқалады. Оның философиялық лирикасында жантану ілімінің ерекше назар аудара жырлауына ой көзімен қарай алмай келеміз.
Шәкәрімнің "Жоғала ма жан өлген соң?" деген сұраққа жауап беруі ұстазы Абай пікірімен сабақтасып жатуында да мән бар.
Абай:
Өлді деуге бола ма  айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артында сөз қалдырған, - деп ой толғаса,
Шәкәрім:
Ғибрат қылар артыңа із  қалдырсаң,
Шын бақыт, осыны ұқ мәңгілік өлмейсің,
- дейді. Біз бұл жерде қос алыптың рухани тамыр соғуы бір ырғақпен үйлесім тауып жатқанын байқаймыз.
Екі ой алыбының адамшылық немесе іштей рухани жағынан толысып жан тазалығымен тазару, толығу жолындағы жантану ілімінің негізін салуы - біздерді іргелі ғылыми ізденістер жасауға міндеттейді.
Шәкәрім қойған сұрақтың бірі - "Не қылған жөн?" мәселесі адамзат баласының мына жалған фәни өткінші дүниеде "боқтың қабы" болып тоғышар қалыпта қалу ма, әлде рухани қазына көзін ізденіп, Абай негізін салған толық адам ілімінің тертесін ұстап, адам болудың жолына біржолата түсуі ме деген сұрақтарға жауап іздейді. Екі ой алыбының мақсаты - тілге көнсе қазағын һәм жалпы адамзат баласын осы жолға салу, ізгілікке бастау. Өйткені, бүгінгі күнгі адамзаттың алдына ең өзекті мәселе ретінде Шәкәрімнің:
Ар түзейтін бір ғылым  табылмаса,
Зұлымдықты жалғанда әділ  жеңбес, -
деген моральдық тезист қойылып отырғанын мойындауымыз керек. Әрине, ол ар түзететін ғылым - Абай негізін қалаған толық адам ілімі. Осы ілім толық зерттеліп, ғылыми тұрғыдан жүйеленіп жолға қойылса, қоғам үшін теңдесі жоқ рухани қазына көзіне айналары хақ.
Толық адам ілімі Жүсіп Баласағұнидің жәуәнмәртілік ілімі мен Ясауидегі хал ілімінен (кемел адам) нәр алып, XX ғасыр соңында Абай арқылы дүниеге келді. Ғажап зор рухани құбылысқа айналды. Басы XІ ғасырдағы жәуенмәртлік ілімінен бастау алып, XX ғасыр соңында Абай негізін салған толық адам ілімінің мән-мағынасы ашылып, ғылыми тұрғыдан жүйеленсе, бүгінгі тоғышарлық пиғылға тойтарыс берер рухани қуат күшіне айналар еді. Әрі түркі халықтарының ортақ моральдық кодексінің іргетасына да негіз болып қаланары анық нәрсе. Яғни, Шәкә­рім армандаған "Ар ғылымы оқылса", адамзат баласы адамшылық жолына бағыт алмақ. Өйткені, Шәкәрім армандағандай:
Хақиқатты жырлаған келешекте
Мерзім болып шығуы ғажап емес, -
дейтін заман келді деп білеміз. Бүгінгі қазақ қоғамының даму қарқыны осы ұлы арманның жүзеге асуының кепілі ретінде арқау болып өрілуі бізді күтіп тұрғандай.

Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ

Бөлісу:

Көп оқылғандар