"Қайғы Шығар Ілімнен..."
Бөлісу:
08.08.2015
3753
(Ой қайрағы)
Жарық дүниеге, Абайдың пайымдауынша айтсақ, "кейіс дүниеге" келген адамның түбінде жалғанның жалғандығына бір көзі жететіні анық. "Жылап туып, кейіп өлгенше "маңдайыңа жазылғанды басыңнан кешіріп барып, "әурешілікті көре-көре" тіршілік етесің. Қуаныш-ренішін, жұбаныш-жалғандығын, рахат-азабын сезініп, өкініш-үмітпен өміріңді өткізесің. Түптеп келгенде, мәселе онда емес, мәселе: ғұмырыңның қиюы қалай келсе, соған ыңғайланып өзіңше қам-қаракет жасауыңда. "Алыстың, жұлыстың, айтыстың, тартыстың" (Абай). Бәрі де көрген түстей боп кейін қалды. Енді өкін мейлі, өкінбе мейлі, бәрібір қайыра қалпына келмейді. Енді ақылыңа азық боларлық жалғыз-ақ жол бар, ол - сол "кейіс дүниеден" мағына іздеу.
Бұл неғып көсемсіп кетті дей көрмеңіз. Мен Абайдың көңіл күйінің құлақ бұрауымен сөзімді үндестіріп отырмын. Абайдың сөзінің астарын ұғу үшін ең алдымен сол Абайдың жан дүниесіндегі запыранды, сезімнің буырқасынын өз жүрегіңнен өткізе білуің керек. Жетеміз жетер, не жетпес, тіпті ол біздің мақсатымыз да емес. Мұрат – Абайды түсіну. Сондықтан да Сіз өзіңізге өзіңіз:
"Жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық, қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтып, не қылып өткіземіз?" – деп Абай қойған сұрақты қойыңыз.
Және сол ұлы Абай:
Қайғыны қартаң біздей шал,
Қарай берсең қайда жоқ?
Есер, есірік болмасаң,
Тіршіліктен пайда жоқ, -
деп мына жалғаннан соншама неге түңіліп кетті?
"Жүрегін қырық жамау еткен" тіршіліктің мұқтаждығы ма, жоқ "етек бастылықты көп көргендігінен" бе? "Жүрегім, ойбай, соқпа енді" деп күйінуінің сыры не?
Күйінсе – Абай күйінді, ал сенің соған нең күйіп кетті - дерсіз. Оның мәнісі: XIX ғасырда орыс қоғамын еркін ойымен, тентек мінезімен тітіркенткен П.Я.Чаадаевтің:
"Мен өз отанымның басына әңгір таяқ орнатуға дайынмын, оны түңілдіруге де дайынмын, тіпті қорлауға да дайынмын, тек оны алдап көрмесем екен деп жанталасам " – деген сөзінің астарында жатыр.
Дәл осы "жасынан түсін билеп, сыр бермеген " – Чаадаевті "Евгений Онегин" романының әдеби кейіпкері етіп алғанда Пушкиннің ойын Абай терең түсініп, шерлі серіні жанына жақын санаған. Жоғарыдағы: "Есер, есірік болмасаң, тіршіліктен пайда жоқ," – деуінің бір жаңғырығы осы Чаадаевтің тағдырымен сабақтасады. Онегин образы арқылы Абай Чаадаевті сүйген. Оны сүйіндіріп отырған қасиеті – ыстық отаншылдығы, турашыл, жанып-күйген мінезі. Сондықтан да Абайды да жаның күймей, ысынып-суынып отырмай, онымен бірге назаланбай "суық ақылмен" оқу мүмкін емес.
Себебі: Абай да "жүрегіне кір жасырмаған" ақын.
Ашығын айтайық, егерде ертеңгі күнімізді қайтып өткізетініңізді білсеңіз, не қалай өтері "пайғамбардың хатына жазылғандай" анық болса, онда құдай тілеуіңізді берсін, өтінемін, көз отыңызды бұдан әрі қарықтырмай, оқуды осы арадан үзіп тастаңыз. Болашағыңызды біліп тұрып, оған бүгін талдау жасау:
"Елім туралы сөз қозғағанда мен сіздердің жүректеріңізге тілімнің тікенін қадауға мәжбүр болдым: бірақ та мен тек қана шындықты айттым, алайда соның өзі толық шындық емес болатын", - деп орыстың ерекше ойшылы П.Я. Чаадаев айтқандай, өзіңіздің жаныңызды көру үшін өз тәніңізді өзіңіз мүшелеумен бірдей.
Ал, Абай шындық үшін ешкімді де аямайтын өте қатал сыншы.
Тәңірім ондай азаптың бетін аулақ қылсын сізден. Тек іздегеніңізді таппасаңыз, мұратыңызға жетпесеңіз, жалғаннан жалықсаңыз, мәңгіліктің де, бақилықтың да баянсыздығына көзіңіз жетіп, көңіліңіз сенсе ғана іштегі шеріңіз еріп, ойыңызға өт құйылса ғана Абайдың "іші толған у мен дерт" жан дүниесін түсіну сапарына аттаныңыз. Ол Сіздің өзіңіздің таным сапарыңыз болады.
Абай арқылы өзіңізді танысаңыз – мұратқа жеткеніңіз.
Өйткені: "Еркін ой дегеніміздің өзі ойлау жүйесінің бір түрі болып табылады. Еркіндігінің шегі бар деп немесе шетсіз-шексіз әлем деп ойлайсың ба, бәрібір, әйтеуір, түйсігіңді қозғалысқа келтіретін бір себептің бар екенін мойындайсың: сондықтанда сен мұны бостандықтың басы деп емес, шарттылықтың бастамасы деп қарауың керек", - деп Спиноза айтқандай, бұл да өзіңіздің ойлау жүйеңізді сынайтын бір себеп деп қараңыз.
Біз ешкімнің санасына салмақ салмаймыз. Пікірімізді мойындауды міндет те етпейміз. Дұрыс-бұрыс, ақиқат-жалған, бұрын айтты, кейін айтты демейміз. Керісінше салыстырмайтын нәрсені салыстырамыз. Түзу жолмен әркім жүреді. Жүрсін. Біз ілгері аттау үшін теріс бағытты таңдалық. Өйткені, Жер – Жұмыр, Жалған – Жалғыз, Шындық – біреу. Бетіңді құбылаға беріп жүрсең де, не тура соған теріс бағытпен жүрсең де – Меккеге барасың. Басқа барар жерің жоқ. "Дүние шыр айналып қазығын табады" дегеннің мағынасы сол. Әрине, біздің жолымыз – таным жолы болуы керек. Танымға таптаурын із жараспайды. Әлеуметтік зерттеу, даналардың ойын жарыстыру әдебиет тануда келмеске кеткен тәсіл дегенді естіп жүрміз. Бірақ ол әдісті қай қазақ жазушысы пайдаланды? Ешкім. Ендеше бізде де бір із қалуы керек қой. Ол да таным жолы емес пе! Тарихи ойлау жүйесінің тамыршысы В.О.Ключевский:
"Адамның ығына жығылмайтын кісілердің екі түрі бар: 1) Өзгенің сөзінен өзінің пікірін табатындар. 2) Өзінің сөзінде өзгенің пікірін қайталап алатындар" – деп ой еңбегімен айналысатындарды екіге бөлген екен.
Тура осы сөзді оқыңыздар да бізді көз алдыңызға келтіріңіздер. Жатқа да, жақынға да жек көрінішті көрінейін деген ниет жоқ. Бірақ Абайды өзгелермен салыстыра, жарыстыра отырып, оның танымының өзгеше қырын таныстырғым келеді. Таптауырыннан бас тарттық. Оның үстіне заманымыз да соған мүмкіндік беріп тұр. Кім біледі... Ендеше, сіз бен бізге өзгелер таныған Абайдың керегі жоқ, өзіміз тапқан Абайымыз қымбат.
Сонымен қалған өмірді қайтіп өткіземіз?
Қайтіп өткіземіз?
Бұл сауалды Сіздерге қою арқылы өздеріңізбен де сырласқалы отырмын. Себебі: дәл осы басылымның оқырмандарының ішінде ақыл тоқтатпаған бойжеткен мен бозбала жоқ. Және барлықтарыңыз да сөздің астарын, ойдың емеурінін түсінетін зиялы қауымнансыздар. Ендеше еркін пікірлесудің айып-шамы болмас және мұны жазушының әдеби тәсілі деп түсініңіздер. Қызына жазған хаты арқылы бүкіл Индияның саяси-әлеуметтік, даму тарихын баяндап берген қайраткердің бар екенін еске алсақ та жеткілікті ғой. Ал, Абайдың жан дүниесіне бойлап кіру үшін Сіздерді ортақтастыруға тырысуымның мәні – адассақ бірге адасайық. Өйткені:
"Дүниеде жалғыз қалған адам – адамның өлгені. Қапашылдықтың бәрі – соның басында" – деп Абай айтқандай жалғыздықтан бой тартқым келіп отыр.
Сіздерді көз алдыма елестете отырып П.Я. Чаадаевтің:
"Еркін ойлы адамдар Францияда қайтеді? Ойын ашық айтады. Англияда ше? Оны тәжірибе арқылы сынап көреді. Германияда ше? Оны бойына сіңіреді. Ал бізде не істейді дейсіздер ме? Тіс жармайды: мұның себебін білесіздерме?" – деген пікіріне сүйеніп, әңгіме өрбітейін.
Сонымен, біздің әлі бір нәрседен үмітіміз бар. Ақылымыз суып, жүрегіміздің от қызуы басылып, тіршіліктен алар дәмелі сыбағамыз таусылып үлгерген жоқ. Бұл, әрине, сөзімізге жан бітіреді. Біз – беріліп қайғырмайтын, түбегейлеп түңілмейтін, құр қиялға ермейтін; адамдарды – күнім түсетін және күнім түспейтін; дүниені – қажетті, қажетсіз; кәсіпті – керегіме жарайды, жарамайды деп тіршіліше тұтыну тұрғысынан қарайтын, тіршілігімізді таным арқылы танудан гөрі тұрмыс тәжірибесіне бейімдейтін замана ұрпақтарымыз. Сондықтан Абайдың дүниеден түңілуі бізге түсініксіз. Бірақ:
"Барлық неміс ақындарының ішінен мен тек Гетеге ғана қарыздармын: ол менің мұқым ықылас-ниетімді өзіне аударып алды да, кейде түңілдірді, кейде жұбатып шабыттандырды, кейде өзінің соңынан ертіп әкетеді, кейде тура өзімен пікір таластыруға шақырады", - деп Нобель сыйлығының иесі Герман Гессе айтқандай, осы бізді қазақ ретінде түңілдіретін, қуат беретін, немесе шапалақпен тартып жіберетін Абайдан басқа кіміміз бар ?
Ендеше, есептен есесін жібермейтін ептілердің дәуірінің төлі емеспіз бе, біз мұны Зерде мен Зейіннің "ойыны" деп қарайық. Абай: "Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда " – деп неге түңіледі? Бұрынғы, Кешегі, Бүгінгі дүниені салыстырайық та Абайдың бетін бері қаратуға тырысайық. Табатын пайдамыз – Шындық болсын. Таным Шындығы. Біз ара ағайын ретінде үшінші жақтан сөйлейік. Және жас мөлшеріміз алпыс төрттің бер жағында, қырықтың ар жағында деп шамалайық. Себебі тіршіліктің көкпарынан қайтпаған, дүние додасында жүрген жас қайраттың бетінен қақпайық. Онсыз да үміті көлеңкелене бастаған, жалғанның жазығынан өтіп жарына тақаған жандардың үрейін алмайық. Көңілдеріне де келмесін, ондай күн бізді де күтіп тұрғаны хақ.
Бұған келістік делік. Ал, жалғанның жалғандығы туралы, яғни, Абайдың түңіліп өтуінің себебін ашатын әңгімені неден бастаймыз? Дүниенің баянсыздығынан ба? Жоқ, бұған көз жеткізу үшін адам қалған қызықтың бәрінен жалығып үлгеруі керек қой. Адамның қызығы бала емес пе? Бала адамды жарық дүниемен жалғап тұрған тамыр. Тамырды ерте кеспейік. Және Абай бала тәрбиесін – ел тәрбиесі деп қараған. Оған жету үшін де біраз жол қажет. О, таптық! Бала мен Дананың жанын бірдей арбайтын билік бар емес пе! Абайдың өзі де: "Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық" – дегенде сол билікті мегзеп отыр ғой.
Абайды – Абай еткен де, ұлылардың ойына тамыздық болатын да сол билік емес пе. Дананың өз заманына деген көзқарасын анықтайтын тез – өзі өмір сүрген қоғамы. Жаратылыс тану ғылымын кім білсін, ал қоғамдык сана іліміндегі ұлылардың ұлылығын өз дәуірі туғызады. В.О.Ключевскийдің:
"Егер мен Петр I мен Екатерина ІІ арасындағы екі дәуірдің табанды түрде дайындауының нәтижесінде Пушкиннің ақындық таланты дүниеге келді десем – асырып айтқандыққа жатпайды. Біздің тарихымыздың бүкіл бір ғасыры орыс көркем опының (?) осындай данасын өмірге әкелу үшін орыс өмірін мәпелеп-ақ бақты " – деуі сондықтан.
Ал, Абайды тудыру үшін қазақ халқы Абайға дейінгі барлық тағдырын тарих таразысына салды. Абайды өзінің «соқтықпалы соқпақсыз» заманы тудырды. Заманының тізгіні Билікте болды.
Биліктің тізгіні қолына бір тимеген адам Өмірден қалай жалыға қойсын. Сенбесеңіз, иманыңызды аузыңызға алып тұрып, Ақ Орданың ішіне кіріп, төріне шыққым келмейді немесе шыққым келмеп еді деңізші! Пиғылыңыздың соғуы – соққан, ниетіңіз болған, тоқтатса ақылыңыз тоқтатты. Ал Абайға ақылды тоқтау айта алмаған. Себебі:
Өзім де басқа шауып, төске өрледім,
Қазақта қара сөзге дес бермедім! –
деп тегін айтып отырған жоқ және "Өзім деген қазақтың бәрін көрген".
Кезінде "екі тізгін, бір шылбырды" қатар ұстаған. Бірақ Биліктің де мағынасыздығына көзі жеткен соң, жерініп шыға келген. Жүрегі запы болған Абай үшін билік: ақылы – албырт, жүрегі – шайлықпаған, қайратты, күшті кезінде аңдамай уыстап алған шоқ, "емдеусіз дерттің" бірі болды. Сондықтан да: "Ел бағу? Жоқ. Елге бағым жоқ. Бағусыз дертке ұшырайын деген кісі бақпаса, не албырттықтан көңілі басылмаған жастар бағамын демесе, бізді құдай сақтасын!" – деп зәрезеп болып, бетін басады. Құдай бізді де ондай дерттен сақтасын дейік. "Бағусыз дертке ұшырап" неміз бар?!
Шындығында да біз Ұлы Биліктің дәмін татқамыз жоқ, соның өзі де жақсы-ау. Абайдың айтуынша Билік пен Байлық құмарыңды – құнығуға айналдырып, құныққанның үстіне құнықтыра беретін апиын сияқты пәле көрінеді. Баға – анау, жалақы – мынау, бізге енді сол байлығы құрғыр да қонбас, білем. Сырымды сезіп, барымды біліп қалады дейтін түгіміз жоқ. Ендеше ниет – таза, сезім – ақ. Абайша айтқанда, "пиғылымыз қалыс". Дүниеде бір шындықтың бар екеніне "иланып сенеміз" (Абай).
Жә, бәрі дұрыс, бірақ осыншама азапты өз басымызға сатып алудың мақсаты не? Не үшін? Бізсіз де Абайды жұрт біледі және одан асырып ештеңе айта алмайсың. Абай сияқты біздің миқабымыз – Ақылдың қоры емес. Иә, дәл осылай бірімізді-біріміз қайрап біраз уақыт қаржасуға болар еді. Бірақ... бұл түңілу де, шүйлігу де емес. Сіздерді Абайдың "құлақ күйіне" түсіру, сәл де болса үйреншікті қалыпта ойлап тақыстанып қалған түсінігімізді "жібіту " еді.
Біз үшін Биліктің Әлеуметтік астары және бар. Өйткені Билік тәуелділік пен тәуелсіздікті тудырады. Ол бір адамның екінші адамға, бір ұлттың екінші ұлтқа деген қарым-қатынасынан туып жатыр ма, бәрі бір. Еркіндікті сүйіп, ен даланы кезген қазақ ұлты, әрбір қазақ үшін рухани тәуелсіздіктің құны – өмір мен өлім арасындағы айырмашылықпен пара-пар өлшенеді. Осы соңғы 250 жыл ішінде тәуелсіздіктің осы бір түрі қазақ ұлтының жанын жегідей жеп, іштен кеміріп бітті. Өмірі түрме тұрғызып көрмеген ұлт үшін рухани тәуелділік оның рухын жансебіл күйге ұшыратты. Соның бірі және рухани тәуелділікті қатты сезінген тұлға – Абай. Дәл осы айтылған көңіл күйі мен философиялық ойлар Абайдың жанын жеген, жүрегін шымшыған жайлар. П.Я. Чаадаевтың:
"Құлдыққа құлдық ұрған ұлт – қасіретті ұлт. Ол халық құл болу үшін жаратылған" деген пікірінің қазақ еліне қаратылмағаны және оның тарихи шындыққа жатпайтыны аян.
Бірақ, тәуелділік психологиясы ұлтымыздың бойына сіңбеді деп ешкім де жалған намыс ете қоймас. Мұны Абай да жанға батыра айтқан. Мүмкін біздің әдейі еліктіре баяндаған сөзіміздің желісін шыжымдап отырып аңғармай қалуыңыз ықтимал. Онда қайтадан бір саралаңызшы. Өмірдің мәні, Мәңгілік Ұғым, Мықты Билік, Ұлттық Мақтаныш, Ұлттық Сана, Таза Пиғыл, Әділ Заң, Толық Адам, Жан Бостандығы, Рухани Тәуелсіздік, Тәуелсіз Ой, Қайырымды Байлық, Ел Тәрбиесі іспетті ұғымдардың елесін байқарсыз. Және сол ұғымдарды біз Абайдың түсінігімен жүлгелей жаздық. Тек сөз бен сөйлем басқа, ой мен пікір Абайдың өзінікі. Ал, Абайдың ойы тұңғиық. Оның әр сөзіне арнайы зерттеу жазса да асылық етпейді.
Өйткені, ол біздің Ұлтымыздың Дүниеге атын таратқан қайталанбайтын Данамыз. Біз сол Абай арқылы Әлем халқының алдында өзіміздің Ұлт ретінде өмір сүруге қақымыз бар екендігін дәлелдедік. Рабиндранат Тагордың:
"Әр халық өзінің тағдыр -тауқыметін әлем алдында айта алатын болуы керек. Егер ол халық төрткүл дүние үшін рухани ештеңе бере алмаса, онда мұны ұлттық, қасіретті қылмыс деп бағалау қажет, бұл өлімнен де сорақы жай және оны исі адамзат ешқашанда кешірмейді. Әр ұлт өзінің ең асыл қасиеттерін адамзаттың ортақ, қазынаға айналдыруы тиіс... Өзінің ғана жеке мүддесін жеңіп, оны сыртқа шығару арқылы бұл халық, өзінің рухани мәдениетінің салтанатына бүкіл адамзатты шақыра алады». – деп жазғаны дүние жүзіне кеңінен тарап кетіп еді.
Біз мұндай әлемдік Сананың салтанатына Абай арқылы қатысып отырмыз. Яғни, қазақ ұлтының дүниежүзілік Парасат майданына шығарған ұлы Тұлғасы - Абай. Өзгелерге таныту арқылы өз мәдениетіміздің үлгісін өзгелерге ұсынамыз. Сол Абайдың асыл ойын өзге түгіл өзіміз терең түсіне алдық деп айта аламыз ба? Әлі де Абайды бір жақты, қасаң тартқан қағидалар арқылы танып келеміз. Ондай жеңіл-желпі тәсілге Абай көне қоймайды. Тек қана "толық адам" деген ұғымның әзін таратып беру үшін Шығыс пен Батыс философтарының барлық еңбектерін қопарып шығып барып ой түюге тура келеді. Абайды түсініп оқу үшін сыдыра көз жүгірту не жалаң жаттап алу жеткіліксіз, оның "жүрегінің түбіне терең бойлау " шарт.
Абай – ұлттық ар-ожданымыз. Әрбір қазақтың жүрегінде өзінің Абайының бейнесі сақталуы тиіс. Сондықтан да Сізді білмеймін, өз басым – кәсібім – "ой сауып", "сөз қуу "болғандықтан да, дүние ойшылдарының ойы мен пікірлерінің Абайдың ойымен тоғысып жатқан тұстарын көшіріп алып, екеуін қатар қойып салыстыруды біраз жылдан бері машық етіп ем. Салыстырмайтын нәрсені салыстырамыз дегеннің астарындағы емеурін осы еді. Мүмкін бұл пікірді қабылдамассыздар. Бірақ тентек ойшыл П.Я. Чаадаевтің:
"Сіз идеяның өкілі ретіндегі уәкілдіктен дәметесіз бе: оданша өзіңізге төл идея тауып алуға тырысыңыз, бәрінен дұрысы сол", деген пікірін сізге де қарата айтамыз.
Ал біздің идеямыз – рухани тәуелсіздік. Сол үшін әр ойшылдың пікірін еркімізше пайдаландық, әрі еркін қолдандық. Кейде сенің түсіндіруіңнен гөрі дәл айтылған дананың пікірі әлдеқайда тиімдірек және жеке талдауды сол саланың мамандарына қалдырдық. Сондай-ақ Абайдың көзқарастары кейде жаңсақ түсіндіріліп келеді. Соның бірі – рухани тәуелсіздік, жан бостандығы, бодандық деген ұғымдар. Міне, осы бағытта ой сабақтасақ, деп едік. Абайдың өзі:
"Кімде-кім ішінен керекті сөз тапса – жазып алсын, я оқысын; керегі жоқ, десе – өз сөзім өзімдікі" демей ме?
Сол сияқты, сөз – бізден, зейін – сіздерден.
Сонымен, Абайды: "Мен өзім тірі болсам да анық тірі емеспін " – деп айтуға мәжбүр еткен қандай жағдай?
Тұрсын Жұртбай
"Күйесің, жүрек... сүйесің..." кітабынан
Бөлісу: