"Өңкей Жалған Мақтанмен, Шынның Бетін Бояды": (Абай және жалған намыс, орынсыз мақтан мәселесі)

Бөлісу:

08.08.2015 6496


(Абай және жалған намыс, орынсыз мақтан мәселесі)
Осы ұлттық мінезді кім қалыптастырады? Таным ба, тағдыр ма, жоқ сол ұлттың тіршілігі ме? Әлде жазымыштың маңдайға жазғаны сол ма? Қалайда ұлттық ерекшелік деген ұғымның астарын толық түсіндіріп берген ғұлама жоқ. Әркім өз ұлтының бар-жоғын саралап барып түйген ойы сол халықтың өз өкіліне түсінікті болғанымен, жат жұрттың өкіліне тереңдеп бағамдау және сол пікірді пайдалану өте байыптылықты қажет етеді. Қандай бауырмал қазақ болса да Чаадаевтің:
"... Ресейдегі ерікті адамдарға қараңызшы! Олармен басыбайлы шаруалардың араларында пәлендей айырма жоқтың қасы. Менің ойымша, мүләйімсіген, мүттәйімсіген алғашқылардың алаңға толы жанарынан гөрі соңғысының басыбайлы бағыныштылығының өзінен өрлік мінез сезіліп тұрады... Ресейдегінің барлығынан – адамгершілік талғамынан, мақсатынан, білім жүйесінен, тіпті қыл аяғы бостандықтың өзінен құлдықтың таңбасы байқалады, тіпті осы ортада құлдық таңбасы басылған бостандықтың өмір сүре алатынына да күмәнім бар -  деген өз ұлты туралы ащы сөздерін еркін пайдалана алмайды.
Алайда ғұламалардың түсінігіне сүйеніп пікір білдіруге құқымыз бар. Әңгіме рухани тәуелділік қалыптастырған ұлттық мінез хақында болмақ.
Арлы-берлі замандағы орыс пен қазақ халқының танымы мен тағдыры, ұлттық мінезі, тіршілік философиясы мен өмір сүру түзілімі жөніндегі ойшылдардың тұжырымдарын сараласақ, осы көрші қоныстанған және ғасырлар бойы бірін-бірі кезек-кезек билеп келген екі ұлттың бойындағы кемшіліктері де ұқсас екен. Ол шетсіз-шексіз кеңістікке ұмтылу. Ұлы кеңістікке құлшыну орыстардың түйсігіне сіңіп кеткені сондай, ол ұлттың ұюына мүмкіндік бермеген. Ресейдің өз ішін игермей жатып, жаңа қонысты жаулап ала берген. Мұны сол П.Я.Чаадаевтің өзі:
"Сөйте тұрып халықтардың қазіргі тарихына көз салсақ, мемлекеттердің шекарасының ғана кеңейіп, жағырапиялық тұрғыдан қосылғанын ғана байқаймыз, ал қоғам мен халықтар сол қалпында қалды. Испаниядан маврларды қуып шығару, америкалық тайпаларды қырып салу, Ресейдегі татар ордасын (Алтын орда –  Т.Ж.) құлату іспетті оқиғалар мұндай зорлықтың дәстүрлі заңға айналып бара жатқанын көрсетеді. Бұдан кейін біздің ықпалымыздан қашығырақ орналасқан іргелес, христиан дініне кірмеген халықтардың кезегі келеді" – деп түсіндіріп береді.
Империяның жерді жаулап алуға деген дәл осындай ашылған араны ұлттық экономиканың қалыптасуына кесірін тигізген. Өзге халықтардың есесінен үстемелеген олжа ғана олардың табыс көзі болып табылған. Сондықтан да "қанағатты түзден іздеген" (Абай).
Ал керісінше, қазақ халқы осыншама кеңістікке ие болып, оны емін-еркін жайлап, жаз жайлау, күз күздеу, қыс қыстау, жазғытұрым көктеу ретінде пайдаланған, бірақ та, араларына сына кірместей етіп орнатқан тұрақты бекеті мен түрмесі болмаған. Сондықтан да дүниені де жалған деп ұғып, жалпағынан басқан. Мәңгілік қозғалысқа ие бола отырып бір сәт сабыр тауып, жердің тамырын ембеген. "Жерді емуді" жаттың есесіне қалдырған. Оны игерген жат жұртка әуелде күле қарап, ақыры күңіреніп тынған.
Сөйтіп, шексіз кеңістікке ұмтылған екі халық та рухани тәуелділікке тап болған.
Сырттай жеңіл пікір көрінгенімен, екі халықтың тартқан тауқыметінің тамыры осында жатыр. Ділі тастүйін боп жиналмаған ұлттың мінезінде әмәндә әлдекімге арқа сүйегісі келіп тұратын, соған жығынды болып тұрғысы келетін тәуелділік түйсігі қалыптасады. Бұл – дерт. Бұл дәстүр де, кең пейілділік те, бауырмалдық та, көңілдің кеңдігі де емес, жағымсыз ғадет. "Дәніккенннен кәніккен жаман" дегеннің кері. Бұл түйсік – ұлтты масылдыққа машықтандырады. Ұлттың ұлттық психологиясына талақ боп жабысқан жабысқақ мінезді жапсырады. Тарихи билік жағынан қарама-қарсы дамыған орыс пен қазақ елінің арасындағы осы бір қарама-қайшы мінездің қалыптасуына не әсер етті? Оны орыс психологиясын жете зерттеген Александр Герценнің пікірімен жеткізер болсақ, онда:
"Славяндардың әсершіл мінезі, әйелге тән жұмсақтығы, өз бетінше қайрат көрсете алмауы және өзгенің іс-әрекетін бойына тез сіңіре білу қабілеті мен солқылдақтығы оны үнемі өзге халықтардың араласуына мұқтаж халық ретінде қалыптастырады. Олар өздерін өздері толық меңгере алмайды. Оларды өздерімен өздері болатындай жағдайда қалдырсаң-ақ болды, өзінің әніне өзі маужырап, византиялық бір жылнамашы айтқандай, қалғып сала береді. Ал жат жұрт шабына түртсе бітті, онда есі кеткенше аласұрып шыға келеді. Өзімен-өзі бола тұрып өзге жұрттың ойын бойына терең және мықтап сіңіріп алған мұндай халықты таппайсың. Осы бір әдемі, тез сіңіріп алатын және еліктегіш елдің тамырында өзгеге мырзалық пен желіккіштікке деген тәуелді қажеттілік жатыр" –  делінген. Бұл пікірді орыстардың барлық ойшылдары қостайды.
Демек, астары тереңде жатқан дерт. Еліктеудің ар жағында – есерлік, желігудің желісінде –  жөнсіздік, қызығудың қасында –  көрсеқызарлық, жатсынбаудың жабығында – бәрін бойына сіңіретін жылым жатыр. Бұл пиғылдық ұғымдарға ешқашан тоқтау жоқ. П.Я.Чаадаев та, А.Герцен де, Н.А.Бердяев та жетіскендіктен айтып отырған жоқ, дерттің тамырын дәл басып, ыза боп талдап тұр.
Жаттың жарытына өзінің үйінің шырағын айырбастайтын дәл осындай мінез, Абай айтқан, "жалған желік пен жалған намыс, жалған мақтаныш" қазақ ұлтында да бар. Бұл қасиеттердің барлығы ұлттық бірлікке жұмсалса, Абай күйініп жазбас еді, сүйінер еді. Ұлы ғұламаны ызаландырып отырған нәрсе – осы ұлттық намыстың, ортақ ұлттық мақтаныштың, ортақ ұлттық мақсаттың болмауы. Мұндай нәзік әрі кұдіретті сезімдерді күйкі тіршілікке жеңдіріп, болмашыға бола шабылып, оны өз жұртының берекесіне емес, ерегесіне айналдырғанына назаланады.
Жеңілтектік, еліктеушілік, сәл нәрсеге күйіп-пісіп, сәл нәрсеге болып-толу, "бір атым насыбайға өкпелеп", кісінің құнын бір ауыз сөз үшін кеше салу, әруақ шақырса ру намысы деп топырласа қалып, олжа бөлісуге келгенде тышқақ лақ үшін өкпелесу сияқты тағы да басқа ұшқалақ мінездер қазақтың да бойында Герцен айтқан "әйелдік кірпияздықтың" барлығын көрсетеді. Абай:
 Алашқа іші жау боп, сырты күлмек,
 Жақынын тіріде аңдып, өлсе өкірмек.
 Бір-екі жолы болған кісі көрсе,
 Құдай сүйіп жаратқан осы демек, -     
дейтіндерді өз шығармасында барынша әшкерелеген.
Ол еркек, әйел деп бөлмеген. Ұлттық мінезге айналып бара жатқан кесапатты жалпылама көрсеткен. Соның ішінде "әйелдік кірпияздыққа" келсек, расында да: қызықпайтын, қызғанбайтын, құрбысының қызылды-жасыл үлдесі мен бүлдесіне көз салып, сәл өшекей үшін өкпесін ұмытпайтын әйел заты кем де кем. Тез елігеді. Абайдың:
  Атаңды анаң азғырып,
 Тұрғызбаған бейішке.
 Алласы оны жазғырып,
 Әкелді бастап кейіске, - 
деп отырғаны да сол.
Бұндағы кейіс –  мына жалған дүние.
Ал осындай мінез халықтың бойына ұлттық психология ретінде қалыптасса қалай болады? Хауа анамыз жұмақтағы жеміске қызыққаны сондай, қатаң тыйым салынғанына қарамастан Адам Атаға жегізді ғой. Сондай еліккіш, көрсеқызарлық ғадет ұлттық мінезге айналса қайтеді?
Онда ол халық өзінің ұлттық мүддесін ұмытып, бар ақыл, қайратын бойындағы дүлей, соқыр сезімге жеңдіріп, Абай айтқан "көрсеқызар жалмауызға" айналмай ма? Оны Абайдың өзі:
 Сырттансынбақ, қусынбақ, өршілденбек,
 Сыбырменен топ жасап бөлек-бөлек.
 Арамдықпен бар ма екен жаннан аспақ,
Өзі мен өзі бір күн болмай ма әлек? –  
деп баяндап та береді.
Бұл пиғыл барлық ұлтқа ортақ. Ұлттық жалған шамкөстік –  ең қауіпті әрі тез тұтанғыш ессіз сезімнің жиынтығы. Орыс ойының патриоттарының өзі Ресейді "әйелдік кірпияздығы" арылмаған ел деп бағалауы: оны түртіп отырсаң бітті, ұрғашы арыстан сияқты шабынып, долы әйелдей ызаланып, қашанда қалғымайды деуі сондықтан. Бұл біздің терминіміз емес, орыс ғалымдарының арасында қалыптасып қалған пікір. Әрине теңеумен айтылған. Н.А.Бердяевтің "Орыс рухы" атты зерттеуі соны дәлелдеуге, тегін тексеруге арналуы тегін емес. П.Я.Чаадаевтің:
"Әсте қателесе көрмеңіз, бибім! Көне дүниені күйреткен тағылар емес: ол дүниеңіз ішінен үгітіле шіріп біткен еді, тағылар тек соның күлін желге ұшырды" – дегенде, осы "кірпияздықты" мегзеп отыр.
Қазақ та мұндай "кірпияздықтан" ада емес. Өзінің бойындағы жалған сезімді жеңіп, ұлттық мүддеге бағындыра алмаған ұлттың бойына тән мінез бұл. Дәстүрге айналған жалған намыс, мақтаныш, қызығу –  ұлттық қасірет. Абай мұны жете аңғарып, жеріне жеткізе мансұқтаған. Ол:
"Біздің қазақта қосқан аты алдында келсе, түсірген балуаны жықса, салған құсы алса, қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса, есі шығып бір қуанады. Білмеймін, содан артық қуаныш бар ма екен? Әй, жоқта шығар! Осы қуаныш бәрі де қазақ қарындастың ортасында, бір хайуанның өнерінің артылғанына, иә бір бөтен адамның жыққанына мақтанарлық не орны бар? Ол озған, алған, жыққан өзі емес, болмаса баласы емес. Мұның бәрі –  қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ, биттей нәрсені бір үлкен іс қылған кісідей қуанған болып, ана өзгелерді ызаландырсам екен демек. Біреуді ызаландырмақ –  шариғатта һарам, шаруаға залал, ақылға теріс. Әншейін біреуді ыза қылмақтың несін дәулет деп біліп, қуанады екен? Жә болмаса, ана ыза болушы соншалық неге жер болып қалады екен?" –  дейді "Жиырма алтыншы сөзінде".
Біз "әйелдік кірпияздық" дегенді белгілі бір ойшылдардың ортасында қалыптасып қалғандықтан да қолданып отырмыз. Ал соның шын мағынасына үңіліп көрейікші.
Осы жоғарыдағы Абай айтқан "ызаландырмақ" мінез қазақ ұлтының бойында жоқ деп кім айта алады? Рушылдық намысты былай қойғанда, "Аталастың аты озғанша, ауылдастың тайы озсын" дегендегі жалған намысшылдықты қайда қоямыз? Осы да ұлттық намыс па?
Бұл күнде өзге атаның қасында жүріп, дәмдес болуды нағыз ұлттық бауырмалдық деп түсініп, кәдімгідей қоқырайып қаламыз. Ірі қайраткерлер өзінің ұлтжанды екенін сырт жұртқа көрсету үшін өзге рудың не жүздің адамын маңына жияды.
Ал ол жағампаздың өз руластарының ішіндегі жағымпаздан екі есе артық тырысып, ұлықтың көңілін тауып бағатынын:
 Атаны бала аңдиды, ағаны іні,
 Ит қорлықпен немене сүйткен күні?
 Арын сатқан мал үшін антұрғанның,
 Айтқан сөзі құрысын, шыққан үні.
 Алыс, жақын қазақтың бәрі қаңғып,
 Аямай бірін-бірі жүр ғой аңдып, -
деп Абай аңғарғанда, өзге жұрт аңғармай ма?
Тіпті ана ұлық өзге жүзден сарбаз жиыпты, өзі ел қамын ойлайтын жігіт екен деп мардымситынымыз тағы бар.
Ұлттың мүддесін өзіңмен бірдей ойлайтын аталасыңды өкпеден теп те, тіліңді алатын алыс ағайыныңды жаныңа тарт деген кім?
Осы әділдік пе?
Адамды мақсат, мүдде, идея біріктіру қажет емес пе?
Демек, ондай әкімнің өз басында дербес билік болмағаны.
Абай мұндайларға:
 Мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ,
 Иттей қор боп өзіне сөз келтірмек, —
деп баға береді.
Пәрменсіздің қасында дәрменсіздің жүретіні заңды.
Білмегенді білгенсіп, түсінбегенді түсінгенсіп, жеңілгенді жеңгенсіп, бетпе-бет келгенде тайқып кетіп, сырт айнала бере күңкілдегенін батылдыққа санайтын, көлгірдің көлеңкесі болғанына мақтанатын "өнерсіздердің" (Абай) жалған мақтаны мен жалған намысы қорлықпен, құлдықпен пара-пар.
"Мемлекеттің саясатын билеуші емес оның сарайындағы дәбірлері жасайды" – 123  деген В.О.Ключевскийдің пікірі Абайдың:
Мал мен бақтың кеселін ұя бұзар,
Пәруәрдигер жаратқан несін жан ғып, -
деп жазған жолдарымен дәл келеді. Себебі ол "өнерсіз":
 Тура сөзін айта алмай,
 Қит етуге бата алмай,
 Қорлықпенен шіруге,
 Аз ақшаға жалданып,
 Өнбес іске малданып,
 Жол таба алмай жүріп ", -  
 кімге тұлға болмақ?
Мемлекетке ме, еліне ме, қожайынына ма, жоқ, өзіне ме?
Ешқайсысына. Ол өзінің пасық кеудесіндегі жалған желік пен мақтан арқылы көкірек көзін көміп, қарынның қамын қамдап, ішін мидың нәрімен емес, қидың зәрімен нығыздап тастаған, "Нан таппаймын демейді, бүлінсе елдің арасы" дейтін тоғышарлыққа жеткен пенде. "Кіреді. Тығады. Шығады" (Абай) "Бір-ақ секіріп шығам деп, бір-ақ қарғып түсем деп, мертігіп жататынның" (Абай) нағыз өзі.
Жалған намыс пен мақтанның мемлекеттік үлгісінің бірі және ең қауіптісі осы.
Мұндай "сыбағадан" орыс империясы да құр қалмаған. С.М.Соловьев "ұлы" деп, В.О.Ключевский: "Ол орыс империясының тағына отырған желөкпе цыған диуанасы еді" –  деп бағалаған Екатерина II сондай тұлға еді. Желігіп, жерініп, жерік боп, ерігіп жүріп-ақ қазақ еліне қайыс ноқтаны мықтап салған ағзамымыз, қазақтар айтатын "қатын патша" осы болатын. Себебі Анна Иоановнаға тапсырылған дәргейде одақтастық сипат басым болатын. Ал оны күшейтіп, нақтылаған, алашты темір жүгенмен ауыздықтаған осы "цыған диуанасы" еді. Абайдың:
Көрсеқызар келеді, байлауы жоқ,
Бір күн тыртың етеді, бір күн бұртың, -
дейтін "пәруәрдигердің" нақ өзі.
Мәселе, Екатерина "қатын патшаның" "тыртыңы мен бұртыңында" емес, оның әйелдік "көрсеқызарлығы мен байлауы жоқ" көңілінің мемлекеттік саясатқа айналуы. Ал мемлекеттік саясат қандай болса оның қарамағындағылардың да мінезі сондай болмақ.
Қазақ елі Ресейдің "әйел кірпияздығы" үстем алып тұрғанда бодандықка түсті. Демек, Ұлы даланың отарлануында да жаһангерлік күшпен қоса әйелдік аярлық, жымысқылық, қылымсу мінезі жатты. Бұл сол отарлаушы елдің де мінез-құлқына, пиғылына әсер етті. "Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық көрінеді" –   дегендей бағынған жұрттың ырқында "қорлықпен шіруге, аз ақшаға малданып, өнбес іске" жалданды. П.Я.Чаадаевтің:
"Халықтар да жеке тұлға сияқты, ол өзінің қадір-қасиетін өзі толық сезінбесе бір адым да алға баса алмайды: тіпті оны былай қойғанда ондай сезімсіз өмір сүре алмайды; міне дәл осы жағдайдың өзі сіздердің қателіктеріңізді көрсетеді, өйткені өзінің ұлттық сезімін жоғалтқан халық болған емес, ол үшін өзін-өзі сыйлау қасиетінен айырылуы қажет, ал біз дәл қазір сондай жансебіл күй кешіп жатқан сияқтымыз-ау" –  деген сөзін сол тұстағы қазақ қауымына қарата айтуға да болатын.
Империя өзінің астамшылдығына сенгені сондай, боданға алған ұлтты дұрыс заңдастырып, құжат толтыруға да мән бермеді. Әлихан Бөкейхановтың Дума алдында дәлелдеп бергеніндей Анна Иоановнаға жолданған дәргей тек одақтастықты ғана білдіретін. Өйткені, бодандықтың шарттары көпестердің өзара сауда келісімдерінің дәрежесінде ғана жасалып еді. "Жансебіл күй кешкен" ұлттың мойынсұнуы ғана ол. Әйтпесе ол дәргейде ұлт азаттық күресі мен отаршылдыққа қарсы қозғалыс тұсында бодан ұлттың бостандық нысанасы мен мақсаты, бағыт-бағдары, рухани тәуелсіздігінің шешуші түйіндері, ықтисаттық (экономикалық) дамуы, ортақ ұлттық мүдде анық ажыратылуы тиіс еді.
Бұл –  тарихи заңдылық.
Қазақ елі тәуелсіздік алған кезінде оның нақты тұжырымы болмады. Мұның себебі: Әуел баста Тевкелевтің Анна Иоановнадан әкелген дәргейін Әбілхайыр хан түн ішінде жасырып оқып, Бөкенбай мен Жәнібек батырға жағалы ішік жауып, ордадағы бүлік пен қарсылықты сыйға сатып алғандығында.
Егерде мемлекет пен мемлекет, ел мен ел, патша мен патша аралығындағы мәміле ашық майданда жүргізілсе, онда жаңағыдай "жымысқылықтар" ешқашанда өтпес еді. Әрі ел-жұрт өзінің бодандығының себебін және оған мәжбүр еткен тарихи жағдайларды өмір бойы көкірегінде ұстар еді. Бұл ұлттың ұлттық сезімін оятуға, ортақ мүддеге және келешектегі күрес жолдарының тарауларын анықтауға негіз қалар еді.
"Бұлғын ішікпен" беті бүркемеленген бостандық ұлттың бойындағы табиғи қарсылық сезімін жойды. "Қатын патша" таққан күміс тұмар мен жалған атаққа, "жәдігөй қағазға" (В.О.Ключевский) малданып қалды. Абай айтпақшы:
 Өңкей жалған мақтанмен,
 Шынның бетін бояйды.
 Бұл сөзімде жалған жоқ.
 Айтылмай сөзім қалған жоқ.
 Абайлаңыз, байқаңыз,
Елдің жайы солай-ды, - дегеннің кері келді.
Әйтпесе нақ сол заманда бодандықтың құрыығы қазақ жұртынан алыс еді. Құрып кеткенде ұрланып келген елшіге еміне қоятындай күйкі күйден аулақ еді. Тең дәрежеде тұрып, мемлекеттік қызметкерлердің лауазымды адамдарымен мемлекетаралық пәтуа жасауға болатын. Шоқынған башқұрт аудармашысы бүкіл қазақ жұртының мойнына жасырынып келіп басыбайлылықтың қамытын кигізіп кетті. Яғни тең дәрежедегі келісім емес еді. Әйтпесе осыдан үш ғасыр бұрын Алтын Орданың құрығынан құтылған Ресей жұрты мұншалық мардамсуға жете қойған жоқ болатын. Алайда:
"Қазақтың ұлы қозғаушы күші атаққұмарлық, барлық бостандықты құрбандыққа шалды" (Ш.Уәлиханов).
Бодандықтағы осы бір анықталмаған, ажыратылмаған екіжүзділік қазақ елінің ортақ ұлттық тәуелсіздік сезімін қалыптастыруға үлкен кесірін тигізді.
"Жымысқы, қылымсуға" құрылған мәмілені әуелі кіші жүз қазақтарының өзі кәдімгі "қалжың" қатарында сезінді. Тіпті бұл хандықтың тең жартысы Ресей бодандығын XIX ғасырдың ортасына дейін мойындамады. Тек Әбілқайырдың бір өзіне қатысты "сыбаға" тәрізді көрінді. Абылайдың қарауындағылар да мұны өздеріне кесірі жоқтай көріп, мән бермеді. Ұлы жүз хаңдығының тіпті кәперіне де кірген жоқ. Ол XIX ғасырдың екінші жартысында ғана Ресей дәргейіне мойынсұнды. Шындап келгенде, "қатын патшаның" салған тұзағы осы үшеуіне де ортақ болатын.
Ресейге тәуелділікті мұқым қазақ елі бірден сезген жоқ.
Қайта бірін-бірі мұқатумен, өзінің бір күнгі бостандығына мақтанып, сестеніп, соны артықшылық, жүздік ерлік ретінде масаттанумен болды.
Ол – 123 жалған және сатқындық намыс еді.
Қайта "бұлғын жағалы" шапанды жамылғандарға:
 Пайданы көрсең бас ұрып,
 Мақтанды іздеп қайғы алма, -     
деп тоқтау салып, ортақ ұлттық тәуелсіздіктің күрес амалын қарастыруы қажет еді.
Сонда намыс та, мақтан да, мүдде де ортақ арнаға тоғысып, елдіктің іргесі бұзылмас еді. Өкінішке орай, "бұлғын жағалы ішікке" "қайғы сатып алды", "қайғы" дегеніміз – басыбайлылық.
Неге елдің басы бірікпеді? Бұл көшпелі жұртқа жат сезім бе? Ол үшін С.Соловьев айтқандай қайратты әрі қатыгез тұлға керек пе еді? Әлде осы тарихшының көшпелілер туралы:
"... Халықтық құрылым мен мінез құлық дегеніміз – сол халықтың өткен өмірінің көрінісі. Мысал үшін, дамудың бастапқы сатысындағы бір халықты, Орта Азиядағы көшпелі бір халықты, қайдағы бір монғолдарды алайық. Мұндай халықтар, әсіресе өзінің тұрмысына байланысты, сыртқы кездейсоқ құбылыстарға, аса қайратты жеке адамдарға тәуелді келеді. Бұл халықтардың ішінен анда-санда аса қуатты, даңқ құмар хандардың шығатынын білеміз, олар ерте ме, кеш пе, әйтеуір өзге халықты жойып, осы уақыттқа дейін ұсақ-ұсақ хандыққа бөлінген ордалардың басын қосып жекелеген елдерді тонап, жаулап алды, соның нәтижесінде аса кең әкімшілік аймаққа ие болды. Бұдан бұл халықтардың өзінің ірі тұлғаларына, Шыңғыс хандары мен Темірландарына бойұсынатынын байқаймыз. Шыңғыс хан мен Темірлан дүниеге келгенше ол халықтың аты естілмеп еді; олар тарих үшін тылсымнан келген, заты өшкен ел еді, атақты бір ханның арқасында тылсымнан шығып, аты әйгіленіп, қуатты, билеп-төстеуші жұртқа айналды. Содан да даланың осы адамдары, Шыңғыстар мен Темірландар өз халқының өкілі болмағандықтан да, сол елдің тұрмыс-тіршілігіне, оның өмірлік күнкөрісіне, жалпы дәстүріне ешқандай өзгеріс енгізе алмады. Бұл халық соларға дейін де жыртқыш, соларға дейін де өзінің күнін таза тағылық күш, тонау, қырып-жою арқылы көріп жүрген, тек ол кездегі олжалардың мөлшері аз еді, қайратты да қабілетті адамның соңына ерген соң олардың олжасы көбейді, бар айырма сол ғана. Ұлы адам өлген соң – олардың ие болған шексіз жері бөлшектеніп, әлгі сілкінген халық өзінің баяғы қалпына түседі де тарихтың тылсымына қайта түсіп кетеді. Бұған ұлы адам не істей алсын? Халқы неге қабілетті болса, нені машық етсе соны ғана бере алады: бір адамның қажыр-қайраты, еркі арқылы сырттай жай ғана бірігуі мүмкін, жаңағы біріктіруші тұлға кеткен соң қайтадан пышырайды, ұлы адамның өзі де олардың құлқына өзгеріс әкеле алмайды, оған тырысса да етекбастылықпен өліп тынар еді", - деген пікірі шындыққа сая ма?
Мұндай ұлы тұлғалар сол заманда да болды. Егер Абылайдың ақ туының астынан табылғанда исі қазақ "қатын патшаның" тырнағына ілінбес еді. "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның" тұсындағы алауыздықты ақтап, әр тарихшы мен жазушы өзінің жүзінің ханын жақтап, оның саясатын қорғап, екіншісін мінеу ағымы әлі де қылаң беріп отыр. Демек, С.Соловьевтің "қайдағы бір көшпенділердің бойында ұлттық ортақ мүдде болуы мүмкін емес" деген тұжырымы жанға батса да шындық. Абай мұны:
Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,
Сыпырылды байлығың, баққан жылқың.
Баста – ми, қолда –  малға талас қылған,
Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын.
Оңалмай бойда жүрсе осы қыртың,
Әр жерде-ақ жазылмай ма, жаным, тырқың?
... Ұғындырар кісіге кез келгенде,
Пыш-пыш демей қала ма ол да астыртын, - деп үстемелей түседі.
Өкінішке орай, мұндай харекеттерді істеп отырған тәуелсіз қазақ мемлекетінің өзекті саясатын жасауға бірден-бір мүдделі боп жүрген зиялы қауым өкілдері. Оның ішінде ұлтжандылары. Қай жүздің ханы мен батыры мықты? Біздің батырымыз ана батырдан кем болған жоқ? Нағыз жеңісті біздің  ана батырымыз әкеліп еді? Оның қасында Абылай мен Қабанбай кім?
Міне, біздің ұлттық мақтанышымыздың түрі. Елу жыл нақты қан майданға айналған даланы қорғаған ең бірінші ұлттық рух емес пе?
Жауды бірігіп жеңгеннен соңғы мақтанды бөлісе алмай қазақ елі бөлшектенуге ұшырады! Әуелі мақтанды бөліспей тұрып ортақ ұлттық мақтанышты орнықтыру қажет еді. Қазақтың бұл мақтанын Абай "Екінші сөзінде" өте дәл әрі асқан ызамен әшкерелейді. Онда өзге ұлттың барлығын мазаққа айналдырып, тәжікті – сарт, ноғайды –  ноқай, орысты – сасыр бас деп келеке қылған қазақтың сөздерін айта келіп:
"Сонда мен ойлаушы едім: "Ей, құдай, бізден басқа халықтың бәрін антұрған екен, ең тәуір халық біз екенбіз" –  деп. Әлгі айтылмыш сөзді үлкен бір қызық көріп, қуанып күлуші едім. Енді қарап тұрсам: сарттың екпеген егіні жоқ, шығармаған жемісі жоқ, саудагерінің жүрмеген жері жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ ... Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлгенінің ахиреттігін, тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды. Әке балаға қимайтұғын малыңды да кірлеп (өлшеп –  Т.Ж.), сол айдап кетіп тұрды ғой... Ноғайға қарасам: солдаттыққа да шыдайды, кедейлікке де шыдайды, қазаға да шыдайды, молда, медресе сақтап, дін күтуге де шыдайды... Оның малдыларына құзғын тамағымыз үшін біріміз жалшы, біріміз қол алушымыз. Орысқа айтар сөз де жоқ: біз құлы, күңі құрлы да жоқпыз. Бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз қайда?" –  дейді.
Шынында да, әлгі мақтанымыз қайда?
Хандарымыз бен батырларымыздың теңдесі жоқ. Бәрі мықты. Бірақ сол мықтылардың елі басыбайлылыққа неге түсті? Тәуелдіміз. Тәуелді бола тұрып мақтануымызды қоймаймыз.
Жыраудың орнын тілемсек өлеңші алмастырғанда:
 Қобыз бен домбыра алып топқа сарнап,
 Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап.
Әр елден өлеңменен қайыр тілеп,
Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап, -
деп Абайдың күйінсе күйінетіндей жөні бар.
Елдің рухын өсіретін батырлық дастанның дәуірі өтіп, бергеннің жыртысын жыртып, сөзін сөйлейтін ақындар шықты. Елдің еңсесі еңкейді. Абайдың өлеңшілерден гөрі "Қобыланды" жырлаған Марабайды "қазақ ақындарының зоры" деп бағалауы сондықтан. Ал Марабай мақтаса ерлікті, елдікті мақтады. "Күрмеуге келмеген қысқа жіптің ұшына кендір байлап жіберген" өлеңшіден гөрі ерлік дастанын жырлаған ақынды жоғары қоюы заңды да. Монтеньнің:
"Біз сондай бір тәкаппарлықпен: "Цицерон былай депті" немесе "Платонның адамгершілік туралы ілімі мынадай", сондай-ақ "Аристотельдің өзі сөзбе-сөз айтқаны мынау" деп айтуға шеберміз. Ал солай-ақ болсын, бірақ біздің өзіміз өз атымыздан не айттық? Біздің жеке пікіріміз қандай? Біздің әрекетіміз қандай? Әйтпесе жаңағы сөздерді тоты да қайталап береді", - деген сөзі соны аңғартады.
Мақтаныш пен мақтанның мағынасы екеу. Пендешілік Абайда да болған. Құс салған. Тазы қосқан. Бәйге ат ұстаған. Палуан күрестірген. Бірақ та оның соңына түспеген. Тіршілік ретінде қараған. Құмарлықты жүрекке түсірмеген. Оны Абайдың өзі де:
Ойшылдың мен де санды бірімін деп,
Талап, ойсыз, мақтанды қалдым күтіп, - 
дейді.
Абай өзгені міней отырып, өзін де тыс қалдырмайды. Бірақ өмірдің әр құбылысынан өзіндік пікір түйе білген. Соңғы тұжырым:
 Біріңді қазақ, бірің дос,
 көрмесең істің бәрі бос, -
дегенге келіп тіреледі.
Бұл –  ортақ ұлттық идеология. Ұлттық ортақ идеологияны таба білгендіктен де орыс қоғамы дүр сілкініп шыға келді.
Әр халық өзінің өткен өміріндегі жақсылық пен жамандықтан, жеңіс пен жеңілістен сабақ алып, оны саралай білсе ғана ілгері дамиды. Өзгеге жем болмайды. С.М.Соловьев мұны "ақыл үстемдігі" деп атайды. Халықтың санасына ой түсіп, өзін-өзі тәрбиелеуі шарт. Өзін тәрбиелемеген халық ертеңін болжай алмайды. Өткенін талдап, бүгінін саралап, болашағын анықтаған халықтың есесі ешкімге кетпейді. В.О.Ключевский:
"Халықтың басынан кешкен тарихы –  жеке адамның бойындағы табиғи мінез сияқты, өйткені біздің бойымыздағы қасиеттердің барлығы да ата тегімізден келе жатқан түсініктердің жиынтығы. Демек, қайрат дегеніміз – 1 адамның өз жағдайына байланысты сыртқа шығаратын түйсіксіз (бессознательный) құбылыстың жиынтығы, ал қоғамдық билеу түзілімі дегеніміз – қоғамдық  пікірге тәуелсіз, бірақ та қоғамдағы шектелген бостандықтан туындайтын жағдайға байланысты қалыптасқан халықтық мінез. Халықтың қоғамдық пікірі дегеніміз –  әрбір адамның санасындағы жеке пікірі. Демек, қажыр-қайрат (қоғамды өзгертетін –  Т.Ж.) санаға байланысты емес, сондай-ақ билеу түзімі де қоғамдық пікірге тәуелді емес. Алғашқысын тәрбие арқылы өзгертуге болады, екіншісі халықтың сауаттылығымен анықталады", - дейді.
Демек, мақтан да саналы болуға тиісті.
Ал жалпы ұлттық мақтаныш дәрежесіне жету үшін ұлттық сана керек. Оның сара жолы –ұлттық тәрбие. Орыс ұлты өзін-өзі тәрбиеледі. Петр сияқты ақылды, қайратты билік иесіне жолықты.
Абылайдың тұсында басы бірікпеген қазақ ақыры:
Сабырсыз, арсыз, еріншек,
Көрсеқызар жалмауыз.
Сорлы қазақ сол үшін,
 Алты бақан, Ала ауыз, -
болды. Сөйтіп жүріп біз:
"Орысқа айтар сөз де жоқ, біз құлы, күңі  құрлы да жоқпыз" – деген күйге түстік.
Міне, жалған намыс пен жалған мақтаныштың бізге берген "сыйы" осы. Сонда біз шынымен намыссыз халық боп шықтық па? Намысымыз баяғыдан мақтанға айналып кетіп пе еді? Жоқ, мемлекет болып көрмеп пе едік? Қандай тұрғыда баға алса да Монтеньнің өзі де:
"Қазір бізге белгілі әлемдегі ең күшті мемлекет түріктердің империясы. Бұл халық қару-жарақты құрмет тұтып, ғылымға қырын қарайды. Менің ойымша, Рим империясы ғылымға бой алдырғанша аса құдіретті күшке ие болды. Біздің заманымызда да ең жауынгер әрі тағы және оңбаған халықтар үстемдік құрып отыр. Оған скифтер, парсылар және Темірлан дәлел бола алады", - деп мойындаған мемлекеттік жүйе мен тәртіп, сарбаздық намыс, әскери мақтаныш ұлтымыздың есінен қалай шығып кетті?
Естен тандырарлықтай тарихи тақсіретті оқиғалардың астында қалған ұлы дала ұрпақтарының бір сәтке С.М.Соловьев айтқандай "тарихтың тылсымына" сіңіп кеткені рас. Қанағат, Ұлыс, Орда атанған бірлестіктерден соң ұсақ хандықтардың қырғыны басталды. Тек пен тамыр қиылды. Орданың үшке бөлінуі, Тоқтамыс, Едіге, Мамай, Темір, Шайбани тұқымдары қырық бөлшекке салған елдің есі кіресілі - шығасылы күйде қалды. Әйтпесе, намыс та, ұлттық мақтаныш та, ортақ мақсатқа бағындыратын ұлы тұлғалар да болған. Абай өзінің "Отыз тоғызыншы сөзінде" мұны былай еске алады:
"Рас біздің ата-бабамыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған. Бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен... Сол аталарымыздың екі ғана мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік. Сол екі мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, сайтандыққа тартып барады. Жұрттан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол көрінеді. Ол екі мінез қайсы десең, әуелі: ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көші-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы, топ басылар қалай қылса, қалай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден-бірге жүгірмек болмайды екен... Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шынымен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді? Екінші –  намысқор келеді екен. Аты аталып, әруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен... Кәніки, енді осы екі мінез қайда? Бұлар да арлылық, намыстық, табандылықтан келеді. Бұлардан айрылдық. Ендігілердің достығы – бейіл емес, алдау, дұшпандығы – кейіс емес, не тыныш отыра алмағандық", - дейді.
Демек, көшпелі халықтың ортақ мүддесі, ортақ намыс, ортақ ұлттық мінезі болған. Абайдың айтып отырғаны да, іздеп отырғаны да сол ұлттық нысана. Жеке бастың мақтанынан аулақ, оған мүлде кереғар ұғым.
Ұлттық намыс, мемлекеттік ортақ билік кеткен соң аза бастадық. Соның кесірінен арылсақ "біз де ел қатарына кірер едік" дейді. "Сол екі мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің барлығы адамшылыққа ұқсамайды, сайтандыққа тартып барады" дейді.
Бұл дегеніміз рухани тәуелділік.
Ел емессің тағысың. Жабайысың деп тұқыртып алып, хандықты құрту – осындай рухани мүгедектікке алып келді.
Оның орнын "орынсыз мақтан", "жалған намыс" алмастырды. Сол мінез халыққа жұқпалы дерт болып жабысты.
Замананың талқысынан өткен шақта халықты ақыл билеу керек еді. Ал қазақ жұрты мінезіне жеңдіріп алды.
Өзінің даму сатысының ең қуатты кезеңін ХІІ-ХІҮ ғасырдың тұсында басынан кешірген көшпелі қауым Алтын Орда ыдыраған соң кемелділікке қадам басуы тиіс болатын. Ұлттық тұтастықтан айрылып қалған соң ұсақ хандықтардың шолақ қырғыны оған мүмкіндік бермеді. Ағалы-інілі екі адамның бірі – Тоқтамыстың, бірі Темірдің әскеріне қолбасылық еткеннен кейін ортақ ұлттық намысты тауып алудың өзі де қиын іс.
Тағдырдың тезіне орай біздің тарихымыз осындай ащы шындық пен қасірет, тағдырдың тәлкегі арқылы қалыптасты. Көшпелілердің бағы Алтын Орданың ыдырауымен бірге қайтты. Осындай аса зауалды тарихи кезеңде "ақылдың билігі" қажет-ақ еді.
Өйткені:
"Халық өмірінің екі сатысы бірден оңай ажыратылады: алғашқы сатысында халық өзінің мінезіне сүйеніп өмір сүреді: бұл жастық кезеңі, саяси түйсікке билеткен күшті құштарлықтың, зор қозғалыстың жетегінде жүрген үмітті дәуірі. Бұл тұста халықтың көкірек отының күшімен әр салада өшпейтін із қалады немесе сол ескерткіштің негізі қаланады. Халықтың дамуының екінші сатысында –  халық есейеді, осы уақытқа дейін мінезіне жеңдіріп келген әдеті бірте-бірте ұмытылып, ақылына ерік береді. Ойлану, бұрын қалтқысыз сенетін нәрсеге күдікпен қарау, істеген харекеті ақылға сыйымды ма, жоқ па деп саралау, бұрын ешқандай да өзгертуге болмайтын мәселелердің басқа қырынан келіп, орнын ауыстырып, әр қырынан қарау – халықтың екінші сатыға, яғни ақылға билік берген есею дәуіріне қадам басқанын көрсетеді", -  дейді С.М.Соловьев.
Көшпелі қауымның тарихы дәл осындай "ақылға билік беретін" дәуірде өзінің табиғи мінезіне жеңдіріп алды. Адамзат мүлдем басқа сатыға көтерілгенде "көшпенділердің көші" жұртта қалды.
Озған елдің шоқтығы биік, көзі қырағы, ойы алысты болжайды. Петрдің арқасында Ресей сондай деңгейге көтерілді де түзден олжа іздеді. С.М.Соловьевтің: даму сатысының биік деңгейіне жеткен, ақылға билеткен ел өзінен төмен тұрған елге өктемдігін жүргізеді және бағындырады, онда тұрған түк те жоқ, бұл әділетті заңдылық деген пікірдің жаны бар. Әрине, Ресейдің отарлау саясатын, оның ішінде көшпелі жұртты отарлауын: « орыс халқының кеңдікке, мұхитқа ұмтылуы, ол қорғаныстық сыпат алды" деп бағалауын теріс тұжырым десек те, халық санасының тарихи даму кезіндегі мінез-құлықты дәл ажыратып отырғаны анық.
"Жеңгенді жазғырмайды". "Ақылды билікті" Абай мойындап:
Мен мақтанның құлы емес,
Шын ақылға зорлық жоқ –
деп лажсыздық танытады.
Шындыққа қарсы тұра алмайсың.
Өкінішке орай көшпелі елдің тарихы өзінің мінезімен жасалды.
Бірігетін тұста – бөліндік, ақылға салатын кезде – араздастық. Мамайдың, Тоқтамыстың, Едігенің, Ақсақ Темірдің қол астында 250-300 мыңнан әскер болды. Олар өзара екі-үш рет майданда кескілескен ұрысқа шықты. Әр ұрыстан кейін жасағын қайта жасақтады. Сонда өзара қырғынға түскендердің саны миллионнан асып жығылады. Сол елу жылдың ішіндегі еркек кіндіктінің аласапыраны халықтың да мінезіне әсер етті. Әкесіне қарсы баласы жорыққа аттанды. Бір-бірін танымады. Қылыштасты. Қырқысты. Екеуі екі ханның ұранын шақырды.
Бұл арада қайдан ұлттық мүдде, ұлттық ортақ намыс бола қойсын.
Биліктің басына тұлға емес "тұқымдар" таласты. Ал халықта оның еркінен шығатындай жігер табылмады. Себебі: есею дәуірінен өтпеді. Ел басында "бір кемел болса", онда "ақылды" артынан еріп", Монтень айтпақшы:
"Егерде дәл осындай жүгенсіз және парықсыз көсемнің артынан ілесе қалсақ, онда қандай да болмасын айламен де, сұңғыла ақылмен де бізді оның соңынан еруге көндіре алмас еді: мұндай өсек пен дақпырттың, жеңіл-желпі пікірдің арасынан иненің жасуындай сәулелі жолды таба алмайсың. Мұндай аумалы-төкпелі, жалтақ мақсаттың керегі жоқ: оданда бәріміз де ақылдың дегеніне көніп, соның жолынан таймайық, егерде көпшілік қауым мақұл көріп, қолдаса біздің соңымыздан ерсін" – дер еді.
Өкінішке орай ондай кемел ол заманда тумады. Көшпелі жұрт атадан қалған "екі жақсы қасиетті" – елдік пен намысты ұмытып, басы бірікпеген күйі рушыл күндестіктің көлеңкесінде қалып қойды. Бұрын түздегі жауға қарсы аруақ шақыратын ел, енді өзінің ағайынына аттанғанда әруақ шақырып, атой салатын болды. Рушылдықтың "қаны басына шапқан ел", Абай айтқандай:
 Татулықты бұрынғы
 Не қылып ол ойласын:
 Ашып берер жауыңа,
Өзі көрген қоймасын.
 Желіккен жауың кез болса,
Араздығы сөз болса:
"Бәрекелді, батыр!" –  деп,
"Мықты боп бара жатыр!" –  деп,
Мақтап-мақтап қоздырар, -
күлкілі күйге жетті.
Бәйгенің дауы, палуанның күші, құстың тұяғы, тазының азуы "әруақтаудың" күшімен шешілді.
Ал отаршыл жаһангер Ресей болысты – болысқа, ауылды – ауылға қарсы қойып, өштікті бұрынғыдан да өршітіп жіберді. Олар үшін елдік деген ұғымды қалайда өшіру керек. Ол мақсатына тез жетті. Жалпы, Абай өз халқын жек көрген нигилист емес. Оның ызалы сөзінің астарында халқына деген ұлы махаббат жатты.
Бірақ өзге елдің өрісіне қарап отырьш кейде түңіле сөйлеп:
"Жер жүзінде екі мың миллионнан артық адам бар, екі миллиондай қазақ бар. Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұртты тануы ешбір халыққа ұқсамайды. Бірімізді-біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз. Үш миллионнан халқы артық дүниеде қала да бар, дүниенің бас-аяғын үш айналып көрген кісі толып жатыр. Өстіп жер жүзіндегі жұрттың қоры болып, бірімізді-біріміз аңдып өтеміз бе? Жоқ, қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қалып, өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен іздеп, өрістерлік күн бар ма екен? Әй, не болсын! Жүз қараға екі жүз кісі сұғын қадап жүр ғой, бірін-бірі құртпай, құрымай тыныш таба ма?" -  деп теріс қарап кететін кезі де бар.
Осы айтылғанның бәрі де шындық. Әлі де ұлттық мүддеміз бір мақсатқа жұмылды, аңду, алдау, арбау, арыз қойылды деп айта аламыз ба?
Сыртқа ұмтылмай, түзден қанағат іздемей, ақылға билік бермей, ортақ ұлттық мүдде мен мінез таппай, рухани тәуелділіктен құтылмай, жалған мақтан мен намысты доғармай басыбайлылық психологиясынан, тәуелді мінез-құлықтан арылу мүмкін емес.
Ал одан арылмасақ, Абай айтқандай, "жер жүзіндегі жұрттың қоры болып, бірімізді біріміз андып өтеріміз" анық.
Қазақтан жомарт, қазақтан дарқан кең, қазақтан қонақжай, қазақтан сауықшыл, қазақтан батыр, қазақтан бауырмашыл, қазақтан құшағы кең, қазақтан ақ көңіл халық жоқ деген мақтанды енді ойланып айтатын кез жетті. Кімге жомарттық жасадық, неге жомарттық жасадық, бауырмалдығымыз қайда көрінді, қалай қабылданды, нендей қайырымы болды, батырлығымыз қайда көрінді, кімді қонақ қылдық, кімге құшақ аштық, кімге не бердік және неге бердік? – деп ақылға салмақ салатын кез жетті.
Намыстансақ "Біз кетіп, қазақтар өздері ғана қалатын болса, онда бірігіп өмір сүре алмайды. Біз –  олардың татулығының кепіліміз", -  деген сөзге намыстанайық.
Жоғарыдағы "орынсыз мақтанға" жол бергенше орнын тауып, ой айтайық. "Есепті достың, есесі кетпес" дегенді еске алатын кез келді. "Берекеге қас болып, айтаққа желігетін, ел тыныш болса – ерігіп өле жаздайтын" (Абай) заман өтті. Енді жалған мақтан мен жалған намысты күйттеп, мәселені мінезбен шешудің жөні жоқ. "Досқа күлкі, дұшпанға таба қылмай":
Ағайын жоқ нәрседен етер бұртың,
Оның да алған жоқ па құдай құлқын! –
дегізбейік.
Абайдың арманы да, көңіл қалауы да осы. "Орынсыз мақтаннан" арылайық ағайын. Жат мақтасын.


Тұрсын Жұртбай
"Күйесің, жүрек... Сүйесің" кітабынан

Бөлісу:

Көп оқылғандар