Бақытжан Майтанов: М.О.Әуезов Пушкин Мен Абай Шығармашылығының Сабақтастығы Туралы

Бөлісу:

08.08.2015 4953


Мұхтар Әуезовтің Жидебай өңіріндегі бала күнінен таныс А.С.Пушкин есімімен бетпе-бет кездескендей тым жақын ұшырасатын шағы Ленинград университетінде оқыған жылдары болса керек (1923-1928 жж.). Соңғы кездері «М.Әуезов үйінің» қолжазба қорындағы 238-бумадан бұрын еш жерде жарияланбаған «Экспозиция и завязка символической драмы (пьесы Метерлинка, Ибсена, Гауптмана и Л.Андреева)», «Поэзия чистого искусства 60-х годов» және «Особенности драматургических приемов Пушкина» атты шағын зерттеулер табылып, жазушының 50 томдық академиялық басылымында жарияланды (1.19-22). Осы қатарда «Драмы Чехова» деген мақала да бар. Тәрізі, бұл еңбектер ғылыми жиындарда жасаған баяндамалар болса керек. Аталған дүниелер теориялық негізінің тереңдігімен, М. Әуезовтің орыс тілді туындыларына тән айшықты, оралымды стилімен ерекшеленеді. Соншалық ересек, зерделі жанар, мол жинақтаушылық карым А.С. Пушкин жайлы зерттеуге де етене тән. Талдау нысанына «Борис Годунов» пен «Пир во время чумы» трагедиялары алынады. Жас М.Әуезов сол кездегі Козьмин, Яковлев, Баранов, Сиповский сиякты оқымыстылардың ұстанымдарына көңілі толмай, А.Пушкинді әлемдік әдебиет көлеміндегі көркемдік-эстетикалык жетістіктермен сабақтас қарастыруға мән береді. Ол таза орыстық үлгіде жазылган «Борис Годуновта» әйгілі үш бірлік тирадасының өзгеріске түсуін үлкен жаңалыққа балайды. Драманың композициялық құрылымын саралай келіп, А.Пушкин шығармасындағы орталық тұлғаның тасада тұруын, халық бейнесінің антикалық театрдагы хор міндетімен ұштасып жатуын да тың шешімдердің қатарына жатқызады. Бұл ретте диуана тұлғасының қаламгерге хас сайқымазақ сарынын жүзеге асыруға үлес қосқаны аталып өтеді. Ал Пушкин монологтарындағы лирикадан кейіпкерлер еркінің бетперделену көріністерін байқап, таразы басына тарту – білім мен интуиция кұдіретіне айғақ деректер. М.Әуезов А.Пушкин трагедияларының басты жетістігі кереғарлык ұстанымын меңгеру және мінездердің психологиялык иінін келістіру шеберлігімен байланысты екеніне айрыкша мән береді. А.С. Пушкиннің кайтыс болуына 100 жыл толуы карсаңында 1936 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Пушкинді қазақшаға аудару тәжірибелері туралы» жазған М.Әуезов 1937 жылы кантарда «Социалды Қазақстан» газетінде «Евгений Онегиннің» қазақшасы туралы» (2.6-16) мақала жариялайды. Алғашқы мақаладағы келелі ой кейінгі макалада Ілияс Жансүгіров тәржімасы төңірегінен асып, жалпы көркем аударма теориясы мен практикасына катысты терең бағдарламалық тұжырымдамаларға ұласады. Туған әдебиетінің өрісін жайып, құлашын кенге салуы үшін әлем әдебиетінің үздік үлгілерімен танысудың маңызы зор екенін жетік түсінетін каламгер бұл орайда көркем аударма өнеріне артылар жүктің ауырлығын әбден түсінеді. Өзі «сөзбе сөз аударма», «жаман көпір» дейтін «подстрочниктің» роліне көнілі толмайды. Одактық әдебиет көлеміндегі тәржіма ісінде орын алған озық дағдыларды меже тұта келіп, кейбір жас ақындардың түпнұсқадан ауытқу мезеттерін, өз жанынан сөз қосу, сөз алу әдеттерін дұрысқа санамаған. Автор Еуропа тіршілігінен, ақсүйектер өмірінен алынған дүниенің кыр қазағы үшін жұмбақ қасиеттері мол екенін әрдайым есте ұстайды. Сан алуан өзге өркениет жемістері, топонимикалық, тарихи атаулар, баска жұртка ғана түсінікті есімдер, әрекет, тұспал, ишаралар баламасын таптырмай, ой сенделісіне салары анық. Классиканы аудару ісіндегі екі қиындық баса айтылған. Бірі — түпнұсқаны дәл беремін деп, өзге жүйедегі өлшемге катып калып, не ол жағада калмау, не бергі жағаға шыға алмау. Бұл шығармашылық даралыққа жетелемейді, тақтадагы жазуға телмірткендей көз алдындағы үлгінің құлақ кесті құлына айналу. Екіншісі — нысанаға сырттай көз сап, көңілге жаққанын назарға ұстап, қалғанын киялмен әшекейлеу. Бұл – түпнұсқа ерекшелігін жоққа шығару, жаңа жапсырмалардың ұлттык сипаттан әрі шынайылықтан ада болуы. 1954 жылы жарық көрген «Қазақ халкының ұлы ақыны» атты зерттеуінде М.Әуезов: «Абайдың Пушкинге көзқарасында бүтіндей бір өзгешелік бар. «Евгений Онегин» ұзінділері аудармадан гөрі, Пушкин романын шабыттана әңгімелеуге ұксайды. Бұл ретте Абай Шығыс поэзиясында ертеден калыптаскан «нәзира» үлгісін қолданып, өзінен бұрынғы ақындардың тақырыбы мен сюжетін жаңаша баяндайды» (3.54) — деп жазады. Абай Науаи тәжірибесін негізге алып, «Ескендірді» жырлагандай тәсілін «Евгений Онегинге» де пайдаланады. Зерттеуші А.Пушкин сомдаған орбраздардың поэтикалық асқақтығы мен мейлінше шынайылығына қазақ шайырының таң қалу үстінде осы бағасы бөлек асқақ көріністерді ұлттық өмір салтына жақын жырлауға ден қойғанын кадап айтады. Ғалым Пушкиннің қыр халқына орасан зор эсерін аңғарту мақсатымен нақты мысалдар келтіреді. Ол Абайдың А.С.Пушкинді салыстырмалы түрде көп аудармағанын ескерте келіп, ұлы акындардың рухани тамырластығы осымен шектелмейтінін атап өтеді де, мынандай факторларды түстеп танытуға ұмтылады: «Оның лирикалық ойға шомуларында, табиғат суретін реалистікпен беруінде, махаббат иесі әйелдің жүрегін терең түсінуінде, әлеуметтік сарындардың адамгершілік ұнінде Пушкиннің көптеген сипат белгілері бар» (3.54). М.Әуезовтің «Пушкин мен Абай» атты арнайы мақаласы 1950 жылы Абайдың туғанына 105 жыл толуына арналған. Бұл еңбектің «Абай жолы» романындағы халықтар достығына қатысты эпизодтарды көрсететін тұстарға қажеттілік мәні де болғанын білеміз. М.Әуезов үшін Пушкин мен Лермонтов Абайға қоғамдық мерезді шенеу тұрғысынан Некрасов пен Салтыков-Щедриннен артық әсер етпеген. Ал махаббат, көңіл-күй лирикаларындағы әсемдік сымбат ыңғайымен қарағанда Абай ұлы ұстаздарына көзсіз еліктеуші емес, иықтас, теңдес дәрежеде жарыса ой түзуші, сыр жаюшы есебінде кабылданады. Абайдың 1887 жылдан бастап тәржіма туындыларға ықылас бергенінен құлағдар ететін оқымысты күн сайын саны арта түскен бұл дүниелердің ақын шығармашылығына тікелей және сол арқылы қазақ тілді жазба әдебиетке тигізген мәдени ыкпалының ара-жігін ажырата сөйлейді. А.С.Пушкиннің тұтас бітімді романын дала шайыры бөліп-бөліп, жеке үзінділер түрінде қотарады. «Онегиннің сыпаты», «Татьянаның хаты», «Онегиннің ойы», «Онегиннің сөзі», «Онегиннің хаты», «Татьянаның сөзі», «Ленскийдің сөзі» деген дара туындылар қазақ үшін толық таныс емес мотивтерден оқшаулап алынған таза махаббат әлеміне катысты куатты сезім драматизмін әлдеқайда қызықты, ғажайып романтикаға орап, ұлғайта, шерлендіре жеткізеді. Абайдың Пушкинді дәлме-дәл кайталамайтынын еске салған М.Әуезов қазак шайырының түпнұсқамен салыстырғанда көп еркіндігіне, сонымен катар қайсыбір тіл оралымдарын, троп, фигура түрлерін де шебер жеткізетін поэтикалық тыңғылықтыгына да көңіл аударады. Ал А.Құнанбаевтың Онегин өмірін тығырыққа тірейтін жаңа қадам ойлап қосуы – характерлер логикасына сай шешімдердің тың баламасын ұсыну әрі оқиға сорабын, тартыс табиғатын ұлттық қабылдау ерекшелігі. Капиталистік қоғамдағы орыс тіршілігінде реализм басымдық танытса, шығыс дәстүріндегі дала перзенттері үшін асыл махаббаттың шұғыл, өзгеше соқталы көріністері неғұрлым әсерлі. Абай Онегинге соңғы сөз береді, ол өмір мен өлу мәселесін дилемма қалпында ұстана бастайды. М.Әуезов осы көркемдік-эстетикалық ұйғарымдардың астарында жатқан эмоционалдық жағдайдың арасында зерделену мүмкіндіктері аясындағы «кұту көкжиегін» терең сезініп, Абай әрекетінің суггестивті мұқтаждықтар талабынан туындағанын жаңашыл бастама ретінде ұғындырады. Әрі ол — шайырдың интуитивті тапқырлығы, әрі ол — ерікті күйдегі сол сәттік шабыт пен ер-тұрманы берік таланттың сәтті қосындысы. М.Әуезов үшін сахара ғұламасының Онегинді романдағы сұлбасындай жеңілтек, сырдаң танытпай, қазақ тыңдаушысының талғам-тілегіне сай өз ісі ұшін қамығатын мұңды, қапалы жан етіп бейнелеудегі тағлым-танымдық, ақындық көрегендік айрықша бағалы. Ол бұл ыңғайда Абайдың Онегин турасында неғұрлым халықшыл аңсардан табылуына В.Г.Белинский еңбектерінің рөлі мол болғанын жоққа шығармайды. Баска бір себеп дала жастары үшін сыбай-салтаң, паң-кердең, суық жүректі Онегиннен гөрі турашыл, сыншыл, әділетті Онегин кадірлі болганын түсінумен тамырлас. Өлең кұрылымы жағынан келгенде зерттеуші айқын аңғарымпаздықпен ой түйеді: «1889 жылға дейін Абайдың өзі жазған өлеңдерінде Татьянаның хатындай немесе соңғы жауабындай және де Онегиннің «Құп білемін сізге жақпас» деген хатындай олеңді ұшырата алмаймыз. Бұл өлеңдерде Абай бұрын қолданбаған тың тұр табады. Онысы – шалыс ұйқасты қолдану. Ырғақ жағынан да Абай Пушкиннің қысқа жолдарына жақын отыруға тырысады» (4.10). Демек, өлең ырғағы мен ұйкас болмысындағы жаңа өрнек әдеттегі кара өлең не жыр ұрдісіндегі ой-сезім үдерісіне де өзгешелік әкеледі. Эмоционалды-экспрессивті сөз ағымында коңілге тән бұрылыс, иірім сокпактары эдемі накыш шекиді. Абай орыс әріптесіндегі дәлдікке оралма жолмен, бірақ қайтарма карым, әдіс-тәсілдермен бару арқылы жалпыхалықтык құндылықтардың дара этнопсихологиялық айшықтарын әсем көмкере білгені анық. Автор орыс пен қазақ арасындағы ментальдық ерекшеліктерді теңдес дәрежеде жеткізуде христиан діні мен мұсылман діні аясындағы терминология мүмкіндіктерін игеруді ұлы Абайдың табысына санай отырып, «михраб», «ғұзір» іспетті сөздердің ақын поэзиясында ұлттық бояумен канығу мезеттерін ұтымды факторға жатқызады. М.Әуезов «Народность и реализм Абая» деген мақаласында Пушкин, Лермонтов, Крыловтың қазақ акынына көркемдік шеберліктің ғана емес, әдеп-салт, өнеге тұрғысынан да ұстаз болғанын атап айтады. Ал М.Әуезов «Пушкин и братские литсратуры советского востока» атты еңбегінде казақтың акын-жазушылары Пушкиннен идеялық-эстетикалық биік тұғыр ғана емес, эстетикалық ажар, стилистикалық амал-айшықтар, табиғатты суреттеу, махаббатты жырлауда қызу жандылык пен әшкере-кекесін үрдістсрін үйренгенін тілге тиек кылады. Пушкин тақырыбы «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы» атты арнайы монографияда да, ұлттық поэзия мен қазақтың ұлы ақынына қатысты ой-толғамдардың бәрінде дерлік лайыкты ілтипат, ізетпен көрініс табады. М.Әуезов орыс ақынының шығармашылығы қазақ тұрмысына өресі жоғары мәдениет, ізгіліктілік сипат дарытканына жиі тоқталады. Ол Абай поэзиясының ішкі мазмұнындагы өзгеше тыныска байланысты «мәдениет» сөзін мол пайдаланады. Сол аркылы казақ ақынының өнеріндегі дәстүрлі сарыннан аулақ, өткенге қарағанда келешекке көбірек көз тастайтын, жігерлі, ер мінезді әрі нәзік пернелі, медитативтік сапасы басым шығармаларды меңзесе керек. «Мәдениеттілік» дегенде Мұхтар Әуезов әдебиеттегі жалпылама суреттеуден гөрі нактылап адам жанына үңілушіліктің айқын жемісін ұсынады. «Мәдениеттілік» аясына М.Әуезов автордың орта мен лирикалық каһарманына саналы әрекет, күрделі қақтығыс сыйлау жолымен терең психологизм арнасына бет алуын жобалайды. Осы атау ауқымында әр ұлттарға тән өмір орамдарындағы ортақ рухани жарасым, философиялық мұғдар, этикалық араласым, эстетикалық тұтыну тамырластығын қаперде ұстайды. Бұл ыңғайда өлең пішініндегі жаңалықтар мен ой шатқалдарындағы қия-қалтарыс шектеулі назар емес, кең аукымды көзқарасқа, акустика мен мағына үйлесіміне арқа сүйейтіні әбден ескеріледі. М.Әуезов пайымдауында А.Пушкин қазақ санасының төрінен орын алып, әлемдік руханияттың даладағы сұлулық мұнарасына айналады.

Бақытжан Майтанов
ӘДЕБИЕТ
1. Әуезов М. Особенности драматурі ических приемов Пушкина // Әуезов М. Шығармаларының 50 томдық толык жинағы. 20-т. — Алматы: Жібек жолы, 2005. 19-29-бб.
2. Әуезов М. «Евгений Онегиннің қазақшасы туралы» II Әуезов М. Шығармаларының елу томдык толық жинағы. 12-т. — Алматы: Жібек жолы, 2005. 6-16-бб.
3. Әуезов М. Қазақ халкының ұлы акыны // Әуезов М. Жиырма томдык шыгармалар жинагы. 18-т. — Алматы: Жазушы, 1985. — 54-6б.
4. Әуезов М. Пушкин мен Абай // Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. 19-т. — Алматы: Жазушы, 1985. — 10-б.
5. Пушкин – Абай және қазақ әдебиеті: Халықаралық ғылыми конференцияның материалдары. – Алматы: Unique Service, 2006. – C. 120-125.

Бөлісу:

Көп оқылғандар